Әр шаңырақта «Абай» мен «Балапан» телеарнасы қосулы тұрса дейсің. Екеуі де қазақ тілінде ең сапалы өнім беретін арналар. Әсіресе «Абай» арнасының мәні мен маңызы бөлек. Үнемі тың идеялар мен жаңа мазмұндағы бағдарламалар арқылы ел көңілінен шығып, ұлт мерейін асырып келеді. «Сана», «Үркер», «Соңғы муза», «Сарасөз», «Ұмытпаймыз», «Құдіретті қылқалам», «Бір туынды», «Мазмұндама» сынды толып жатқан хабарлар шын мәнінде ел руханиятының қажеттілігін өтейтіп туындылар. Алдағы уақытта мұндай сапалы жобалардың саны арта түсері сөзсіз. «Абай» телеарнасы «Қазақстан» РТРК құрамындағы арна екені белгілі. Теле арнаның нығайып, өсіп-өркендеуінде Басқарма төрайымы Ләззат Мұратқызы Танысбайдың рөлі ерекше. Мықты медиаменеджер ретінде Ләззат Мұратқызы арнаның жұмысын, бағыт-бағдарын уақытылы қадағалап, бағамдап отырады. «Абай» арнасына ұжымдасқан мамандардың біліктілігі де ерекше, бірегей. Осыдан үш жыл бұрын хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына қарасты құрылған арна, бұл күнде салиқалы жолдың үстінде. Бағдары анық, міндеті айқын, болашағы нұрлы. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай, «Абай» телеарнасының ұжымын аталған меркелерімен шын құттықтай отырып, арна директоры Азамат Кеңесұлымен аза-кем әңгіме өрбіткен едік. Енді сол сұхбатты өздеріңізге ұсынып отырмыз. Ұлы Абай есімімен аталған арнаға шын жүректен шығармашылық табыс тілей отырып, «Әдебиет порталы» ұжымының атынан мереке мерейлі болсын дейміз!
- Ардақты Азамат Кеңесұлы, әңгіме әлхамын «Abai» телеарнасының дүниеге келуінен бастасақ деймін?
- «Abai tv» телеарнасының таныстырылымы 2020 жылы 30 маусымда ресми өтті. Сол күннен бастап мәдени-танымдық телеарнаның тарих парақтары жазыла бастады. Бұл біз үшін жай дата болған жоқ. Мәңгілік есте қалатын сәт еді. Себебі, осы жылы әлемге covid-19 пандемиясы тарап тұрған кез еді. Телеарна ашпақ түгілі адамдардың қауіпсіздігі қыл үстінде тұрды. Індеттен көз жұмып жатқан жандар көп болды. Сол сәтте қаншама арыстарымыздан айырылып қалдық. Бірақ телеарнаны ашу, оны жүргізу міндеті тұрды. Себебі «Abai tv» арнасы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылған еді. Телеарнаның ашылуы тек символикалық маңызы бар оқиға ғана емес, ұлт үшін маңызды жоба еді. Олай дейтінім, халық ойлы дүниеге, рухани азыққа зәру. Әлеуметтік желі, жеңіл контенттің жетегінде кеткен жұртқа жөн сілтейтін ақпарат қажет болды. Оны қалың бұқара өзі сезініп отырды. Сондықтан мүмкіндікті барынша пайдалану керек болды. Сөйтіп, аз адамнан жасақталған ұжым бар жауапкершілікті түсініп, күніне 17 сағат эфирге шығатын телеарна жұмысына кірісіп кетті. Әрине, жұмысымызға әлемде қалыптасқан эпидемиялық ахуал көп кедергі келтірді. Бірақ, өз мамандығын шын сүйетін әріптестер бар қатер-қауіпке қарсы тұрып, арна жұмысын аз уақытта реттеп алды. Өзіңіз білесіз, арнаның басты мақсаты – мәдени-танымдық қызмет, Абай мұрасын, отандық және әлемдік мәдениеттің озық үлгілерін насихаттау арқылы көрерменнің көкжиегін кеңейту. Этникалық келісім мен халық бірлігін нығайтуға атсалысу. Түрлі объективті себептерге байланысты электронды ақпарат құралдарында мәдениет пен әдебиеттің, өнер мен руханияттың насихаты кеміп қалды. Осы салада жүрген қайраткерлер, тұлғаларды танудан қалдық. Телеарна осы олқылықтың орнын толтырды. Түсірілім топтары алғашқы күннен бастап тек ірі қалаларды ғана емес ауыл-аймақтардағы өнер ордаларын аралады. Тыныс-тіршілігін, жетістіктерін насихаттады. Телеарна эфирінде қамтылмаған өнер түрі қалмады. Оның ішінде көне және жаңа заман тарихы бар. Мәдениет пен өнер адамдары насихатының кеміп қалғаны соншалық кей өнер ұжымдары біздің түсірілім топтары барғанда «шынымен бізді түсіруге келдіңіздер ме?» деп, қатты таңырқағаны бар.
- Әңгімеңізден түсінгенім,телеарнаның ең басты шарты руханиятқа қызмет ету дейсіз ғой?
- Әрине. Мынау жалт-жұлт еткен өмірдің арасында өнердің орны айрықша екені анық. Расында телеарнаны жұрт бірден біле қоймайды. Бірақ қазір Құдайға шүкір ел бетін руханиятқа бұрдық. Телеарна көрермені артып келеді. Оған әлеужеліде, редакцияға жазылып жатқан хаттар куә. Үш жылда 4212 эпизодтан тұратын 165 жоба эфирге шықты. 86 концерт, 41 спектакль (опера), балет түсірілді. Бұл жай статистика емес. Мұның артында әріптестердің қыруар еңбегімен өнердің үлкен насихаты тұр. Әлбетте бұл да ауыз толтырып айтар негізгі көрсеткіш емес. Алар асу әлі де алда дейміз. Журналистканың қазіргі үлкен проблемаларының бірі – салаға мамандану. Осы үш жыл ішінде тұрақты істеп келе жатқан 20-ға жуық адам телеарна насихаттап отырған басты салаларды әбден зерттеп алды. Қазір олар мәдениет пен өнердің кез-келген саласы бойынша мамандармен пікір алмасып, ой таластыра алады. Бұл өте маңызды фактор. Нақты сала бойынша жинақталған білім мен дағды телеарнада сапалы өнім шығаруға өз септігін тигізеді. Бүгінде біздің режиссерлер спектакль, опера, балет, концертті түсірудің кәсіби биігіне көтеріліп келеді. Себебі, олар түсіріліп жатқан контенттің мазмұнынан біледі. Партитура оқиды, пьесаны зерттейді. Мәдени бағдарламалар телевизиядағы стандартты тәсілдермен түсіруге келмейді. Бағдарлама мазмұнын анық жеткізу үшін оркестрде қай кезде қандай аспап ойналатынын немесе спектакль кезінде актердің қандай эмоциямен шығатынын біліп отыру керек. Сол кезде ғана біз экраннның ар жағында отырған көрерменге әсер ете аламыз, өнерді сол күйінде жеткізе аламыз.
- Бүгінге дейін қандай жобаларды жүзеге асырып үлгердіңіздер?
-Телеарнада әр маусым сайын жаңа жобалар жүзеге асып жатады. Мәселе көктемде эфирге белгілі этнограф-ғалым Зира Наурызбай жүргізетін «Ұмай» тележобасы эфирге шықты. Бұл қазақтың салт-санасы, дәстүрінің тереңдігін, күллі филососфиясын терең талдап беретін авторлық жоба. Одан бөлек танымал ақын Толқын Қабылша дайындаған «Тағдырлы туынды» хабары көрсетіле бастады. Бұл хабарда жазылуының өзінде үлкен тарих ахуалды басынан кешіріп, түрлі адамдардың тағдырына әсер еткен шығармалардың жолымен жүріп өтеді. Бағдарламада суреттелетін жерлер, оқиға болған орындар көрсетіледі. Жоба аясында автор көршілес елдер, қазақтың қасиетті жерлеріне, қалаларына барады. Мақсат – шығарманың мәнін ашу, беймілім тұстарын көрсету. Белгілі тележүргізуші Қымбат Досжанның «Сырлы әуен» хабары да эфирге шықты. Мұнда автормен бірге әлемге танымал музыкалық шығармалардың қыр-сырына қанық боласыз. Жоғарыда атап өткенімдей, мәдениет пен өнердің барлық саласын қамтитын 40-тың үстінде тележоба бар. Әр хабардың өз көрермені қалыптасқан. Тағы бір айта кететіні, телеарна тәжірибесінде сарапшыларды кеңінен тарту қолға алынды. Яғни, ауқымды жобаларды дайындау кезінде міндетті түрде сарапшы тақырыпты жан-жақты зерттейді, өзектісін сұрақ етіп ортаға алып шығады. Сондай ірі жоба – “Сана” хабары. Осы арқылы біздің талай білімді жастарымыз көпшілікке танылды. “Санаға” шыққан спикерлер бұқараға танылып, медиа тұлғаларға айналып үлгергендері бар. «Музыка великой степи» хабары қазақтың музыкалық мұрасын орыс тілді ортаға таныстырып жатқан ірі жобаның бірегейі. Осы хабарды жүргізу арқылы танымал тележүргізуші Светлана Коковинец Юрий Аравин сынды музыкатанушылардың лайықты ізбасарына айналып келеді. Өнер ортасында Флюра Мусинаны білмейтіні кемде-кем. Оның жүргізетін «Премьеры» хабарын еліміздегі сахналардың барлық үлкен премьераларын көрерменге жеткізіп отырады. Одан бөлек, «Сарасөз» хабары циклында Елена Әбдіхалықова, Нәзира Бердалы, Мейрамбек Төлепберген, Қаракөз Сүлейменова сынды танымал әдебиет пен өнер қайраткерлері жүргізушілік міндетін атқарып жүр. Бұл жобалар да көрерменнің күнделікті рухани сұранысын өтеп отыр. Телеарнаның бас продюсері Жаңылхан Асылбекова жүргізетін «Ұмытпаймыз» хабары да көрерменнің ыстық ықыласына ие. Себебі, өмірден өткен өнер қайраткерлеріне тағзым әр адамның міндеті. Оларды еске алып отыру – ұлттың тарихына көрсетілген құрмет.
Енді күзгі маусымға да құр қол келмейміз деген ойдамыз. Оны телеарнаның сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап отырсаңыздар нақты білесіздер деген пікірдемін. Телеарна Хәкім Абай атымен аталғасын оның мұрасын насихаттау басты мұратымыз. Абай шығармашылығы біздің барлық хабарларымызда тұрақты насихатталады. Абайға қатысты ел сахналарында болып жатқан оқиғалардың бірінен қалыс қалмаймыз. Одан бөлек, телеарнада «Абайдың жолы» атты тұрақты жоба бар. Апта сайын эфирге шығатын хабарда елімізге танымал абайтанушылар өз ғылыми жаңалықтарын, тұжырымдарын ортаға салады. Абай түпсіз терең тұңғиық оны қанша зерттеп, жырласақ та сарқылмайды. Сондықтан бұл жоба тұрақты эфирімізде.
- Алдағы жоба-жоспарларыңыз жайлы да айта отырсаңыз?
-Әлеуметтік желіде жүргізілген мониторинг нәтижесі телеарнаның барлық хабарлары көрермен көңілінен шығатынын көрсетіп отыр. Кейде таза кәсіби тақырыптар көпшілікке ұсынылып жатады. Оның өзін мамандар талқыға салып, өз бағаларын беріп жатады. Жасыратын ештеңесі жоқ. Әлемдік мәдениет біздің көрермендер үшін әлі де қалыптасқан жоқ. Опера, балет, драма театрдың қазақ қоғамына енгеніне бір ғасырға жуықтап қалса да насихаттау жолында әлі атқарар шаруа көп. Ол бағыт бойынша да жұмысымыз өте өзекті. Мәселен, концерт, спектакль, операнының толық нұсқасын эфирге бермес бұрын біз міндетті түрде көрерменге ол туралы 5-10 минуттық ақпарат береміз. Онда қойылым мақсаты, режиссер шешімі, мазмұны туралы айтылады. Ал алдағы жоспарымызға келсек, телеарна контентін барынша кеңейту. Қазаққа әлемді, әлемге қазақты танытатын жобалар санын, сапасын арттыру. Ол біз үшін өте маңызды. Себебі, қазақ халқы түрлі тарихи себептерге байланысты оқшауланып қалды. Бізді ұлт ретінде әлемнің тануы қазір аса маңызды. Қазақтың мәдени-рухани құндылығы әлемге танылуға лайықты. Өйткені, ол үлкен өркениет, бай мұраның мұрагері. Ол да оңай шаруа емес. Ғылыми зерттеулерді телевизиялық тәсілдермен әдемі ұштастыра білуіміз қажет. Міне, осындай дүниелердің бәрі алдағы жоспарымыздың еншісінде тұр...
- Әңгімеңізге рақмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.