Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ДРАМАТУРГИЯ
/
Жазушыға ақ раушан жіберген әйел... кім еді?...

Жазушыға ақ раушан жіберген әйел... кім еді?

05.05.2026

358

Жазушыға ақ раушан жіберген әйел... кім еді? - adebiportal.kz

«Жастар» театрына барып,  «Бейтаныс әйелдің хатын»   «оқыдық».

Стефан Цвейгті психологиялық прозаның шебері деп бекер атамайды. Ол детальді берудің, егжей-тегжейлі әңгімелеудің, адамның эмоциясын, қайғысын жеткізудің, жан түкпіріне үңіліп, ең бір тереңге жасырған дүниелерін танып-түсінудің білгірі.

Зерттеушілер Стефан Цвейг бұл шығармасын өзінің өмірімен байланысты жазған, дәл осыған ұқсас оқиға оның өз өмірінде болған деген пікірлер айтады. Бәрі мүмкін. Бұл тіпті жазушының адамның асыл сезімін бағаламаған, көрмегендегі өкініші, ішінде терең із қалдырған жағдайға байланысты шамырқанысы болуы да мүмкін ғой. Сонымен бірге жазушы бұл новеллада махаббатты әдемі сезім ретінде емес, адамды жұтып қоятын күш ретінде көрсетеді.

Өйткені әйелдің сезімі классикалық романтикалық махаббаттан бөлек. Бұл жерде оның өзін ұнатқан адамымен тең көруі жоқ, сұрағына алған жауабы жоқ, тіпті диалог та жоқ. Тек біржақты, тоқтаусыз, жылдар бойы өзгермеген байланып қалуы ғана бар.

Қойылымды көріп отырып, шығарманы алғаш рет филологияда 1-курста оқығанымызды еске алдық. Әдебиеттен сабақ беретін профессор С. Шарабасов осы шығарманы бізге оқыту арқылы ауылдан шыққан қазақ қыздарына әлем әдебиетінің үздік үлгілерін таныстырумен бірге қыз баланың тағдыры оңай еместігін, сезімге келгенде әйел жаратылысының тым сенгіш, тым аңғал, иірімге бойлағыш келетінін түсіндіргісі, бір жағы сақтандырғысы келді ме екен деп ойладым.

Ал сахнадағы қойылым оқығанымызды жаңғыртып, тіпті кей жеріне қайта үңілуге әсер еткені сөзсіз. Әсіресе, жазушыға ғашық болған әйелдің он үш жастағы, он жеті жастағы, кейін жиырмадан отызға таяған әйел бейнесін беретін, есейген шағындағы  қосалқы образдар нанымды шыққан.

Жеті адам – жалғыз бейне

Жасөспірім шақтағы алып-ұшқан алғашқы сезімге билеткен бала қыздың (Айгерім Түсіпбекова) дегбірсізденіп кететіні сондай иланымды. Одан кейін он жетідегі қыздың (Перизат Жәрдемова) ақ махаббат аңсаған аңсарын беретін бойжеткен бейнесі сондай нәзік.

Екіқабат екенін айтпастан, соңғы дүниесін сатып күн көріп, жоқшылықтан көшеде қаңғып қалған (Жамал Нұржаубекованың) сол әйелдің түпкі ойын білесіз бе? «Міне, сондықтан да, саған масыл болғанша, бар ауыртпалықты өз мойныммен көтеріп, тым құрыса мені есіне алған шақта мейірбан көңілмен ырза болса екен деп, саған ғашық болып жүрген басқа әйелдерден ерек бағаласа екен дедім», – дейді ол.

Өз жүрек қалауымен, еркімен душар болған азабына шыдап, қаңғыбастардың приютіне тап болып, жезөкшелермен бірге қорлық пен мазақтың азабына шыдаған, сөйтіп жағдайсыз жерде өліп-тіріліп перзентін дүниеге әкелген әйелдің күйін көріп отырып, эмоцияң жеңіп кететін сәттерің де бар (Айбибі Іскендірованың ойыны тәнті етті).

Ұлының бейнесінен ғашығының жүзін таныған, содан қуаныш тапқан шерменде ана (Қаламқас Мелисова), одан кейінгі он бір жылда от пен суға түсіп, басын тауға да, тасқа да соққан, бірақ ғашығына деген сезімі бір сәт өшпеген сұлу да сиқырлы әйелдің (Ләззат Қуанышева) жан тереңіне сүңгиін десең, оның тереңіне шын батарыңды түсінесің.

Тек жазушы ғана (Асыланбек Жанұзақов) өзін шексіз сүйген әйелдің жан баспаған жан әлемін тануға тырыспайды. Ал осының бәрін баяндап тұрған әйел (Айнұр Рахипова) – өмірден бәрін көрген, өткен, бірақ сонда да жүрегіндегі сезім оты өшпеген әйел.

 

Бұл – ойнаған сайын ашыла түсетін роль

Біз актриса Айнұр Рахиповадан рольді алған кезде оны қалай сезінгенін, қай тұсында қиналғанын сұрадық:

 - Стефан Цвейгтің бұл шығармасын студент кезден бастап білемін. Ғаббас Жұмабаевтың осы аудармасы маған қатты ұнайды, тілі өте әдемі. Бұл қойылымда әйел ролін сомдаймын ғой, бірақ, негізі екінші құрамдамын бұл жерде. Бірінші құрамда Наурыз Сабағатова ойнайды. Бұл командалық жұмыс. Режиссер ретінде Нұрфат өз жұмысын алып шықса, әр монологты оқитын қыздар жұмыс барысында хореграфпен бірге дайындалып, ізденісте болдық, бір-бірімізді түзетіп, байқағанымызды айтып, жақсы жұмыс жасадық. Наурыз Сабағатовамен бір рольге түстік. Мен инсценировкасын жасағаннан кейін біраз жерін өз ойыммен алып шыққанмен, пластикасын, биін беруде Сабағатованың үлесі үлкен. Жеті қызға бір адамның тағдырын ойнауда бір бір-бірімізге жанымыз ашып, қолдау көрсету өте маңызды болды. Режиссер музыканы қосатын жерін, керек кезде кілтін бұрап жіберетін жерін дөп түсірді. Таза эстетикалық жұмысты қалап жүр едік, тура келді. Қиындығы – бұл әйелдің бойында көп әйелге тән мінездер бар. Бұның ішінде нәзіктік те, әйелге тән айла да, қылық та бар, мысалы, Таберенде өзін сипаттайтын, шығып алып билейтін жері бар ғой. Ол тек жазушының алдына келгенде аласарды, соның алдында ғана дәрменсіз. Ал негізі оның ішінде құбылмалы нешетүрлі мінездер жатыр. Соны әйел ретінде жеткізе алдым ба, жеткізе алмадым ба, білмеймін. Бір ғана адамның тағдыры болғанымен әйелдің мың құбылатын мінезі бар, қанша нәзік болса да жоқ жерден батыл, батыл болып тұрып ұяң болып қалатыны, “ия” дейтін жерде “жоқ” дейтіні... шахмат ойынындағыдай, әйел жазушыны зерттеп тастаған, қазір не айтатынын алдын-ала біледі. Болжамының бәрі тура келеді. «Мен екіқабатпын, ішімдегі бала сенікі» десе, оның  ақша беріп тастап кететінін де біледі. Ол махаббатының осылай болуын қалады. Сондықтан ол бір жағынан мықты әйел. Оның нәзік иірімдерін, астарлап, астыртын беретін құпияларын бере алмай қалдым ба деп те ойлаймын, жетпей тұрған жерін сыртынан қарап көремін, әлі де зерттеу керек сияқты деп ойлаймын. Әйел жанын зерттеу мен үшін әлі де үлкен жұмыс болып тұр. Бұл ойнаған сайын ашыла түсетін жұмыс, - деп жауап берді актриса Айнұр.

«Жүйкеге тию заңдылық»

Режиссер Нұрфат Вахитовтың шешімдеріне келсек, шығарманы сыртқы оқиға ретінде емес, ішкі күйзеліс, психологиялық толғаныс ретінде сахнаға шығарған. Әсіресе, әйел бейнесін бірнеше кезеңге бөліп беруі  тек уақыт ағымын көрсету емес, кейіпкердің жан эволюциясын ашудың дәл тәсілі. Режиссер арзан эмоцияға, әсіре драматизмге ұрынбайды. Керісінше, үнсіздік, кідіріс, пластика арқылы ішкі драманы күшейтеді. Сахнадағы әрбір деталь –  жарық, қозғалыс, кеңістік, музыка, би  бәрі де бір ғана мақсатқа – әйелдің ішкі әлемін ашуға жұмыс істейді. Спектакльдің ең ұтымды тұсы оның көрерменге дайын жауапты бермеуі. 

Біз режиссер Нұрфат Вахитовқа бірнеше сұрақ қойдық:

 

-  Бұл шығарманы не үшін таңдадыңыз, көрерменге нені жеткізгіңіз келді?

-  Бұл шығарма көптен ойымда жүрген. Театрдың рөлге шөлдеп жүрген жас актрисалары нағыз пісіп-жетілген сәтін күттім. Өзім де дайын болғанымда қоямын деп жүргенімде, сәті осылай 2025 жылдың желтоқсанында келген сияқты. Қоғамда осы тақырыпқа сай түрлі келеңсіз жағдайлар кездесіп тұрады. Ғашықтық сезім, бірбеткейлік жақсылыққа апармайтынын көрсету керек болды. Ауыр дертке де шалдықтыруы мүмкін. Режиссер ретінде қойылымды қойғанда көрерменге «Жауап» немесе «Сұрақ» деп дайындаймыз. Бұл қойылым «сұрақ» болды. «Осылай жасауға бола ма?» деген сияқты. Немесе «Ескерту».

- Бұндағы әйелдің кейбір ойлары, сөздері оның ауру махаббаттың құрбаны екенін көрсетеді, бүгінгі жастар бұны қалай қабылдайды?

- Желтоқсан айынан бастап әр айда бір рет қойылып келеді. Әйелдердің жанына қатты батып, жақсы комментарийлер білдіріп келеді. Жастар тарапынан да пікір көп.

- Әйелдің осы өзі махаббат деп атаған күйіне өзін түгел арнауы, өзі азап шексе де ешқашан ғашығына ренжімеуі, жауапкершіліктің бәрін өзі арқалауы – кей жерде жүйкеңе де тиеді. Сіздің әсерін күштірек берем деп қосқан, өңдеген жерлеріңіз бар ма?

- Шын сүйген адамның сол жолда бәрін құрбан қылуы өте сирек кездесетін жағдай. Әлемдік классикада С. Цвейгтің шығармасы сол миллионның ішіндегі көркем таңдаулысы. Жүйкеге тию – заңдылық. Жанр – психологиялық драма. Ғашық әйелдің күйзелісінің шарықтауы.

- Спецэффектілер адамның сезімін, ішкі дүниесіндегі сезім буырқанысын беруде күшті рөл атқарды, сонымен бірге би қимылдары да ерекше әсерге бөледі. Бұл тұрғыдағы ізденістер жайлы не айтасыз?

- Алыстағы ақ матамен берілген жай ғана эффект емес. Қойылымның сезім талшықтары, ой толғанысы, жүрек қағысы. Екеуінің махаббат сахнасындағы ішкі жалыны. Хореография – пластика тілімен қалыпты жағдайдағы нәрсе емес, ерекше қимылдар. Сахнадан күнде көретін нәрсе болмасын деп мақсат қойылған. Қойылыммен біте қайнасқан актерлік бөлігі іспетті.

***

Ия, режиссердің бұл туындыны «сұрақ» ретінде ұсынуы бекер емес. Ол көрерменді аяп, жеңіл шешім ұсынбайды, керісінше, әркімді өз ішіндегі жауаппен бетпе-бет қалдырады. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қойылым  тек сахналық туынды емес, ой қозғайтын, мазалайтын, ішке үңілтетін режиссерлік жұмыс.

Бұл махаббат туралы емес

Жас кезде басқаша ойлайсың, өйткені, үлкен өмірге жаңа аттап басқан кезде айнала дүниенің бәрі басқаша көрінеді, жастық көңіл арманға талпынады, кинодағыдай, кітаптағыдай ақ махаббатты аңсайды, осы кезде көп қыздар адам біреуді шексіз сүйген кезде, бұл әрдайым ғажайыптың белгісі еместігін де түсініп жарытпайды.  Рас, махаббат деген құдіретті сезім. 

Бірақ, «Бейтаныс әйелдің хатындағы» әйел неге мұндайға душар болды? Жастайынан жетімдік көрген, әкенің мейірлі жүрегін сезінбегеннен, анасынан жылу жетпегеннен (қойылымда анасы бір-ақ рет көрінеді, онда да күйеуге шығатынын хабарлайтын жерде), бала өзін жалғыз сезінгеннен өз әлемін жасап, 21 жасар жігіттің образын өз қиялымен байытып, оны идеализациялап, махаббат жайлы шындық жаратып, оған өзі сеніп... оны бұл жағдайға жеткізген оның бала кездегі психологиялық жағдайы болуы мүмкін. 

Егер қыз біреуге ессіз ғашық болса, ол мұны ұнатпаса да,  кезекті ойыншығы қылса да, өмірін онсыз елестете алмай, өзінің бүкіл арман-аңсарын тек соған ғана байлап қоятын болса, және оның арты психологиялық тәуелділікке апаратын болса, бұл алдымен – жас адамның өзінің ішкі бос кеңістігін толтыра алмауының белгісі.  Мысалы, өз өміріне осынша жауапсыз қарап, құрбандыққа бару арқылы ол әйел не тапты? Ештеңе. Ғашығына қолы жетпеді, ғашығының орнына ешкімді қабылдамады, өміріне мақсат қойып, жаңа мүмкіндіктерді ашпады, 13 жасындағы сол бір сценарийге 17 жасында да, 28 жасында да, одан кейін де орала берді. 

Ал ол неге ғашығына ешуақытта ренжімейді? Өзін танымағаны үшін, жыл сайын туған күніне ақ раушан жіберген әйелді білмегені үшін өкпелеуіне болады ғой. Екіқабат болып қанша мехнат шеккенде де ғашығына ренжімеген әйелді қалай түсінуге болады? 

Бұл оның өзін бағаламауынан. Әдетте адам басқа адамға неге өкпелейді, мені түсінбеді деп  неге ренжиді.  Әлбетте, өзінің қадір-қасиетін білгеннен. Егер әйелде бұл жетіспесе, онда оның өмірден алар соққысы аз болмайтынын өмір көрсетіп жүр. Бұл жерде әйелдің қасіреті – өліп-өшіп сүйгенінде де емес, оның өзін тек со ғашығына бағытталған сезім арқылы ғана тірі сезінуі. Яғни, оның өмірі –  жеке алғанда түк мағынасы жоқ, тек басқа бір адамның көлеңкесінде ғана мәнге ие болатын өмір. Шын мәнінде бұл патология. Психологияда бұны обсессивтік махаббат деп атайды екен. Ал еркек ше? Ол да трагедияның бір бөлігі. Бірақ оның трагедиясы – сезімсіздігінде емес, сезімнің салмағын көтермеуінде. Ол өмірді жеңіл қабылдайды, ал дәл сол әрекеті  біреудің тағдырын байқамай күйретеді.

Осы жерде Цвейг өте қатал шындықты айтады: кейде адам залым, зұлым болғандықтан емес, терең болмағандықтан басқаға қасірет әкеледі. Және махаббаттың ең қауіпті түрі – жауапсыз махаббат емес,  әлдебір шектің, шекараның болмауы.

 

«Сөйтіп дүниедегі бар  асыл қазынам іштегі осы шарана болды. Ақыры саған қолым осылай жетті. Ішімде жатқан сенің тіршілігіңнің қалай тыныс алып, жетіле бастағанын енді бар тәніммен, жүрегіммен сезінетін болдым. Ынтық көңіл өзіңді іздеп аңсаған шақта сені аймалап сүйіп, қолыммен нәр татқызып, бауырыма баса құшағыма алатыныма көзім жетті. Міне, сүйіктім, іштегі балаңды көтеріп жүріп шексіз бақытқа бөлендім.   Мұны сенен жасыруымның да себебі осы еді, өйткені сен енді менен ешқайда құтылып кете алмайтын едің». 

Ол бақытсыз сәбиді де тек ғашығының жұрнағы болғаны үшін жақсы көретіндей. Ол кейін баласын асырау үшін жезөкшелік жолға түскенде де ғашығына «осының бәрін сен үшін жасадым» дейтіндей.

«Менің өте бай тұратын жақын жолдастарым, бай ашыналарым болды. Әуелі мен оларды іздедім, артынан олар менің соңыма түсті.Олардың бәрі де маған разы болып, бар ықыласы ауып шын сүйетін-тек сен ғана сүйген жоқсың, сен ғана, сүйіктім! Енді мені осыдан кейін жек көрер ме екенсің? Жоқ, көрмейтініңді білем, осы жолға тек сен үшін ғана «екінші сен» үшін, сенің балаң үшін ғана түскенімді сезеріңді білем.  Мен жоқшылықтың удай ащы дәмін таттым. Ал, сенің балаң, сенің жарқын болашағың, тамаша перзентіңнің қолы бәріне де, жер бетіндегі бар жақсылыққа да жетіп, төрт құбыласы тең болуы керек, оның өресі саған сен көтерілген биікке жетуі керек. Сол үшін, тек сол үшін ғана сүйіктім мен қара басымды саудаға салдым».

 

Қызым, саған айтамын...

Махаббат деген асыл сезім. Оған дау жоқ! Ол адамға қанат байлайды, шыңға шығарады. Бірақ, әр нәрсенің шегі бар.  Бір замандарда махаббатты идеалдандырғаны сондай, қаншама қазақ әйелі «ол үшін өмір сүру» моделін таңдап,  «адам сүйсе бәріне шыдайды» деп сезіміне татымайтын біреу үшін романтизацияланған азаппен ғұмыр кешті десеңші. 

Қазіргілер көбіне реалистік көзбен қарайды, ол дұрыс. Десе де, қай заманда да жастың аты жас, жаңа бойжеткен қыздарды осылай есін жоғалтудан сақтандырған дұрыс болар еді. 

Махаббат сені өсірсе, жан-дүниеңді түлетсе ғана махаббат, ал егер сені азапқа салса, өшірсе, жаныңды құлазытып,  ешкімге, ештеңеге сендірмейтін жағдайға әкелсе, сені күйретсе, жоқ қылса, онда оны махаббат деп атаудың қажеті жоқ. Онда бұл дерт. Жанның дерті. Адамның біреуге емес, сол адамға байланысты өз ішіндегі күйге тәуелді болып, ол адамсыз өмір жоқ сияқты көрінетін дерті. 

 

«Мен тағы да жалғызбын, мәңгі жалғызбын, менде қарманарлық ештеме жоқ, сенен ешбір жұрнақ қалған жоқ. Бала да, бір ауыз сөз де, бір жапырақ қағаз да, ешқандай белгі қалған жоқ.

Жоқ, сүйіктім. Сені жазғырмаймын, сенің қуанышты үйіңе өз қайғымды қоңсы қондырғым келмейді. Қорықпай-ақ қой. Бұдан кейін мазаңды алмаймын. Кешір баламның өлімі үстінде іштегі бар шерді ақтаруға тиіспін.

Ешуақытта менің кім екенімді біле алмайсың, ешуақытта да. Тірі күндегі тағдырым да осындай болып еді, мейлі енді қазам да солай бітсін. Мен ең соңғы шағымда сені шақырмай өтемін дүниеден, сен менің атымды да, түрімді де білмейсің.

Бұдан әрі жазуға мұршам келер емес...басым зілдей...тұла бойым талып, күйіп-жанып барам...Қош бол, сүйіктім, қош бол, ризамын саған, өле-өлгенше ризамын. 

Сен мені іздемессің де, менің тілейтінім де осы. Сенің тамаша, жарқын өміріңде еш өзгеріс болмайды...Менің өлімім оған ешқандай дақ түсірмейді... Менің тілейтінімнің өзі осы, сүйіктім. 

Бірақ сенің туған күніңе арнап, кім...кім төрт ақ раушан гүлдерін жібереді? Шіркін-ай, ваза бос қалады-ау. Жаным, тыңдашы, сенен өтінерім... Жыл сайын өзіңнің туған күніңде-төрт ақ раушан гүлдерін сатып алып, көк вазаға қойшы. Бұл менің бірінші, әрі ақтық өтінішім...ризамын өзіңе-ғашықпын саған... Ғашықпын... Қош бол...»

Пікірімізді ешкімге таңбаймыз, бірақ, оқырман, көрермен ретінде айтсақ,  «Бейтаныс әйелдің хаты» – махаббат туралы шығарма емес, адамның өзін-өзі танымай өмір сүруінің трагедиясы. 

Бұнда жазушы адам болмысын, қалайша өз санасының ішінде екінші бір шындық жасап алып, соның ішінде өмір сүре бастайтынын көрсеткен. Кейде шындық тым қарапайым, тым суық, тым жауапсыз болғандықтан адам өзіне ыңғайлы, тереңірек, мәндірек көрінетін иллюзияны таңдайды, сол иллюзия уақыт өте келе тек жұбаныш емес, тұтас өмірдің өзегіне айналады. Бұндағы әйел де дәл сондай жолды таңдаған. Шын мәнінде ол өзінің ішкі бос кеңістігін толтыру үшін бір бейне жасап алды да, сол бейнеге мағына, құндылық, тағдыр, тіпті өмірдің өзін жүктеді, сондықтан да ол оған ешқашан талап қоймайды, “үйтпедің, бүйтпедің” деп ешқашан ренжімейді, ешқашан шекара сызбайды, өйткені шынайы қатынас басталса, оның иллюзиясы бұзылады, ал иллюзия бұзылған жерде өмірі мағынасыз қалады. 

 

Құрметті оқырман, түсініңіз, біз махаббатты қауіпті деп отырғанымыз жоқ, бұл жерде мағына іздеген адамның өз санасында тұзақ құрып, соған өзі түсіп қалатыны туралы ғой. Міне, тап осылай «Бейтаныс әйелдің хатындағы» әйел ең әдемі, ең асқақ сезімнің атымен өзін-өзі күйретіп, жоқ қылды!

 

Фотосуреттер Астана  “Жастар” театры баспасөз қызметі архивінен алынды

 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan