Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Дәурен Берікқажыұлы. Ар бардай, арман бардай, тағд...

07.02.2023 1936

Дәурен Берікқажыұлы. Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай 14+

Дәурен Берікқажыұлы. Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай - adebiportal.kz

***

Сәтте гүлдеп,
қалатын сәтте қажып,
Мимоза,
сен де нәзік,
мен де нәзік.
Ойыңды оқыта алмай
қорланасың,
Бойыңды тар бөлмеде
зорға жазып.

Жасанды,
нәрсіз, мәнсіз
кеңістікте,
Зәһарды
көп іштік пе,
кем іштік пе?
Бойыңды созасың кеп
күнгей жаққа,
Ойыммен
озған сайын терістікке.

Әйнекті кетпегесін 
жарып шығып, 
Қалғандай жапырағыңа 
зарық тұнып. 
Селк етіп саусақ тисе
жиырыласың
Секемшіл мінезіңді 
сәл ұқтырып.

Санаулы ғұмыры бар 
бірер күндік, 
Мимоза, 
сен де мұңлық, 
мен де мұңлық... 
Қауызда 
тұнып тұрған тамшы барын
Қайсыбір жатыр дейсің 
пенде біліп?!

Сонда да сыр білдірмей 
жайқаласың, 
Бөлме күлсе, 
сен дағы жай табасың. 
Жазылмайтын
жаныңда жара барын
Адамдар байқамасын, 
байқамасын!

***

Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Телміріп терезеге қарай берем
Біреулер өлең жазып қалдырғандай…

Ән бардай, әлем бардай, аңқыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Көңіліммен көше бойлап шауып барам
Бейкүнә ат ойнаған балдырғандай…

Бал бардай, балалық пен балдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Жатырмын шатырдағы шах сияқты
Шөлін бір шарап ішіп қандырғандай…

Ар бардай, арман бардай, тағдыр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қандай!
Бір демде қауырсындай жеңілейткен
Тылсымат тамшысында жан, нұр бардай,
Шіркін-ай, шілдедегі жаңбыр қаңдай!

***

Күннен күнге күй кешіп алабөтен
Көңілің барлығынан қалады екен. 
Көңілі барлығынан қалған адам
Қайта-қайта молаға барады екен.

Ештеңе айтқың келмей еш адамға,
Жаны жоқ айналасың тас адамға.
Қалыбыңнан шыға алмай қиналасың
Көнбейтін қайта енді қашағанға.

Көтеріліп шақшадай зорға басың,
Жүргеніңе жер басып қорланасың.
Өзіңді өзің түтесің тәулік сайын
Күтуден басқа амалың болмағасын.

Қырттықтың барлығына төзе берген,
Бойыңда өмір дейтін өзек өлген. 
О, Алла, шаршамайтын неткен жұрт бұл 
Бір нәрсені қырық жыл езе берген.

Дүниеге келгеніңе налып күнде,
Алдыңнан көре алмайсың жарық мүлде.
Не істейсің ішпегенде содан кейін 
Түскенше сол бір жұлдыз ағып түнде?!

***

Өксік жұтып, өлең жазған 
Кеудем менің шұрық тесік.
Тиген жерін терең қазған
Қорғасын оқ бұзып көшіп.

Шөлдегендер қара қанға,
Атқан кезде бұзық десіп.
Жаттым мен де жаңа алаңда,
Көз алдымда бұлт көшіп.

Ұлт болам деп терлегенмен,
Көрмеген бір қызық кешіп.
Жаны сірі, өлмеген дем -
Қазақ деген ұлт нешік?

Айтыңдаршы… 

***

Байып кеткендей сұмдық,
Жылайтын кезде - күлдік.
Қызымды Машкевичке күң ғып,
Ұлымды Митталға құл ғып,
Отыз жыл мені алдаған,
Жаса, қазақстандық құлдық!

Пәкене Путинді пір қып,
Отыз жыл талтаңдап жүрдік.
Тұтастай Назарбаевтар жұтып,
Тұтастай Құлыбаевтар қылғып,
Отыз жыл мені қорлаған,
Жаса, қазақстандық ұрлық!

Күнімен тілегімді тұл ғып,
Түнімен жүрегімді үңгіп,
Жылағаннан енді не пайда?
Деңгейі - құбақан тірлік,
Жер бетіндегі ең сормаңдай құрлық,
Ал, жеңісіңді тойла!
 

Есенғали көкеме

Сағындым ба жолдарды ізгі, көне,
Қайта-қайта ойладым сізді неге? 
Сізсіз келген қаңтарда қайта-қайта
Бір суынып, біресе қызды дене.

Сезгендей-ақ боларын осылардың,
Бәрің ерте Кеңсайға көшіп алдың.
Тіккен сайын беткейге қосын әркім, 
Алматыда мен жүрмін шошып әр күн.

Шүкір етер бір жарық қалмағандай,
Тіреп алып тұрамын тауға маңдай.
Құшақ ашып дейсің-ау кім күтіп тұр, 
Күн күтіп тұр біздерді алда қандай?

Биылғы қыс білмеймін бөтен мүлде, 
Бөтен мүлде Алматы көкем жүрген.
Төзіп жүрген осынша өтірікке
Өз-өзімнен жерініп кетем күнде.

Шерлі дейтін желтоқсан қаққан таңдай 
Қаңтар мұндай болғанда, ақпан қандай?
Түрім құрсын қос көзі бақырайып
Тереңге батып бара жатқан жандай… 

***

 Тәңір сыйлаған бойымда түк жоқ бүтіннен,
Жүйені ойлап жүйкенің бәрі түтілген. 
Ертерек тозып қалғаным үшін уағынан 
Сен мені кешір, жұтым дем!

Тыныш жүре алмай адамдар сынды күтінген,
Күні-түн қажап өзімді өзім бітіргем.
Ғұмырым менің талай адамға жүк болған -
Тұншыққан орман сияқты қара түтіннен.

Пайым көрмесем патшалар айтқан пікірден 
Кәпір шығармын жаралған, сірә, күпірден.
Өртеп бір тұрып өлімді сонша сүйдірген 
О, жұтым дем!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар