Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘҢГІМЕ
/
Толымбек Әбдірайым. Көк тайынша (екі әңгіме)...

Толымбек Әбдірайым. Көк тайынша (екі әңгіме)

46

Толымбек Әбдірайым. Көк тайынша (екі әңгіме) - adebiportal.kz

Құрбан айтқа мал іздеп шыққан Ержігіт «қой сатылады» деген жарнама ілінген біраз үйді аралады. Көрген қойлары семіз болғанымен бағасы удай. Алайын десе ақшасы жетпейді. 

Саудаласып көріп еді, ешқайсысы бағаны төмендетер емес. «Апырым-ай, ақша соңына түскен, дүние қуған адамдар Құдайдан қорықпай ма?!. Құрбандық малын аспандатып жібергендері қалай?!» - деп кейіді.

Қалтадағы қаражаты тоқты сатып алуға ғана жетеді. «Жә, бұйырғаны болар, тоқты алайын. Бір жастан асса болғаны», - деп ойлады. 

Ол қой базарына келді. Күн арқан бойы көтерілсе де сауда қыза қоймапты, адам қарасы аз. Нарқын білейін деп сатылатын қойлардың бағасын сұрады. Мұндағы баға арзандау сияқты. «Қалай дегенмен базар ғой...Үйге енді бос қайтпаспын...»

Құндыз бөрік киген, шоқша сақалды, иман жүзді жігіт ағасы «Газель» машинасы бортындағы қойларын сатып тұр. Аман-сәлемнен соң бағасын сұраған. 

-Таңдағанын алыңыз, - деді жігіт жылы шырай танытып.

-Қаншадан бересіз?

- Бағаны өзіңіз қойыңыз... Мен пайда табайын деп келгем жоқ. Алла ризалығы үшін, сауап алайын деген ниет қой.

-Бәрекелді! Рахмет, айналайын!

-Екі айдан астам уақыт қорада жемдедім. Қаланың шетіндегі «Қоянды» ауылын білетін шығарсыз, сонда тұрамын.

Ержігіттің көзі келген бетте жоны астаудай, семіз көк қойға түскен. Сатушы саудаласпай-ақ, бұл айтқан бағаға келісе кеткені. Алғыс-рахметін жаудырып, көк қойды жетелеп үйге бет түзеді. 

Ержігіт өздері тұратын Ошақты көшесіне бұрылған кезде, анадай жерде құлап жатқан кісіні көзі шалды. Жақын келіп қараса, үлкен адам. Кеуде тұсын қос қолымен ұстап алған. Қасына келген бұны біліп, сыбырлап былай деді:

-Бауырым, қол ұшыңды бере гөр. Жүрегімнің өстіп сыр беретіні бар, орнымнан тұрғыз.

-Мақұл.

-Қалай апарасың, арқаламасаң?

-Үйіңіздің мекен-жайын айтыңыз?

-Айтайын.

Ержігіт дағдарды. Жетектегі көк қойды не істесе екен?

Қасынан бір жас жігіт өтіп бара жатқан болатын.

-Інішек, асығыс емессің бе? - деді тоқтатып.

-Жұмысқа бара жатыр едім. 

-Бір өтініш айтайын деп тұрмын.

-Қолымнан келсе орындайын.

-Мына қойды жетектеп, осы көшенің аяғындағы көк қақпалы үйге жеткізіп берсең... Құрбан айтқа деп алған қойым еді.

- Еш алаңдамаңыз!.. Өзіңіз айтқан үйге жеткізем.      

***

Ержігіттің көршісі – Беркін топты бала-шағалы адам. Үйдің асыраушысы бір өзі. Алатын айлығы мардымсыз. Жастары тете балалары бірі-бірінің киімдерін ауыстырып киіп, кезек-кезек мектепке барып жүрсе де ауызбірліктері ерекше, тату-тәтті отбасы. 

Беркіннің үй іші түскі астарын ішуге отырып жатқан кезде сыртқы қақпадан қой жетелеген бір адам кірді.

Бөтен кісіні байқаған отағасының әйелі далаға шықты.

-Амансыз ба, жеңеше? – деді бейтаныс жігіт.

-Аллаға шүкір, аман-есенбіз. 

- Аты-жөнін сұрамаппын, бір кісі сіздердің үйлеріңізді нұсқап мына қойды жетектетіп жіберді.

- Шын ба айтып тұрғаныңыз?!

- Рас, жеңеше?.. Тура осы үй!..        

-Уа, Алла, - деді отағасы көзіне жас алып. – Мейірімі шексіз Раббым біздің жағдайымызды біліп, құрбан шалсын деп, қайырымды бір құлы арқылы осы малды нәсіп еткен ғой!

-Әке, ел қатарлы біз де құрбандық шаламыз!

-Құрбандық етін жейміз! – деген балалардың қуанышында шек жоқ. 

***

Науқас қарияны үйіне жеткізіп, кері қайтқан Ержігіт ойланып келеді. «Қойды үйге жеткізген шығар, дұрыс болды-ау!..»

Үйге келсе тым-тырыс. Мінезі шайпау әйелі отағасын көргеннен дүрсе қоя берді:

- Неге көп кешіктің? Қой қайда?

Ержігіт аң-таң, аңырып тұр. «Ана жігіт басқа біреудің үйіне апарды ма, әлде өзі алып кетті ме? Түріне қарағанда, тәуір жігіт көрінген, мүмкін емес олай етуі...»

Ашулы әйел тұтанып, екпіндей сөйлеп жөнелді.

- Неге үндемейсің? Ақшаны жоғалтып алдың ба?! Мына көршінің үйі де мәз-мейрам. Құрбандық шалсын деп бір қайырымды кісі семіз қой беріп жіберіпті... Кедей-кепшік құрлы болмадық-ау!..

Ержігіттің іші қылп ете түсті. «Бағанағы жігіт... қойды көршінің үйіне апарып берген ғой... Өзім де қызықпын... Көк қақпа менде ғана бардай «көк қақпалы үйге апар» дей салыппын, аты-жөнімді де айтпаппын. Барып болған жағдайды айтайын, мән-жайды түсіндірейін...».

Аулаға ене бере көршісі алдан шықты.

-Алла мейірімді ғой! Аяқ астынан олжалы болып жатырмыз, - деп көк қой хикаясын баяндап берді.

Ержігіт, малдың өзінің құрбандыққа сатып алған қойы екенін айтпады. Құтты болсын деп ауладан шыға берді. Ой жетегінде беті ауған жаққа жүре беріпті. Бір қараса, манағы қарттың үйіне келіп қалған екен. «Ұялған тек тұрмас... тым болмаса хал-жағдайын сұрап шығайын» - деп ойлады. 

Есік алдында ұзын бойлы, иман жүзді жігіт қарсы жолықты.

- Әкемді үйге жеткізген сіз бе? – деді ол амандасып. 

-Иә, мен едім...

-Сізді іздеп шығайын деп жатыр едім...

-Әкейдің қалы қалай? Сауықты ма?

-Жедел жәрдем шақырттық, бәрі дұрыс.

-Ә-ә-әә, жақсы болған екен!.. Жазылып кетсін!

- Әмин! Айтқаныңыз келсін!

- Қой, мен кетейін... 

-Жоқ, кетпеңіз. Құрғақ қасық ауыз жыртады. Бері жүріңіз, бері, - деп, қояр да қоймай, үймен жапсарлас мал қорасына ертіп апарды. – Ертең, құрбан айты ғой! Мен сізге сыйлық жасайын! Мына бір көк тайыншаны құрбандыққа шалыңыз!..

Түлкі қуған

Қалаға баратын тас жол бойындағы Көксу ауылының Қарабұлаққа шығатын шетінде Жолдыбай деген жігіт тұрады. Келіншегінің есімі – Майра. Жолдыбайдың әкесі Бекболат қарт жирен биесіне мініп жүретін, жасы сексен үшке келген, дауысы шіңкілдеп шығатын кісі. Бәйбішесі Бәтима өмірі асықпайтын, көп сөйлемейтін жуас адам.

Бекболат жалаң аяқ, ашық-шашық жүрген қыз-келіншектерді көрсе: «бұлай жүрме, шөлки ки бұтыңа» - деп қолындағы таяғымен салып қалады. Жеңіл-желпі киінген әйелдер Бекеңнің көзіне түсуден қашқақтап жүретін. 

Тұрсынның атасы Боқаш – ауыл молдасы, пірадар, тақуа жан. Сол атасы Түкеңді Бекболаттан біз алып кел деп жұмсады.

Қараша айы, жуықта қар жауған, нағыз қансонар. Түкең атына мініп, аң қарайды. Түлкі, қарсаққа тұзақ құрады, реті келсе атып алады. Оның аңкөстігін Бекболат ақсақал жақсы біледі. Басында судай жаңа түлкі тымақ, астында қаракер ат, иығына мылтық асынған Тұрсынды көрген сайын:

-Әй ұл, қайда кеттің? - дейді айқайлап. 

-Аңға, - дейді Түкең ер үстінде қопаңдап. 

Бір күні Бекболат қарт Тұрсынға:

-Әй, маған бір түлкі соғып берші? – деді өтініш айтып.

-Жарайды, бір жөні болар, - деді Түкеңнің танауы желпілдеп.

Сол Түкең Бекболаттың үйіне келе жатыр. Қарттың келіні Майра көрген бетте:

-Мына жындыбас, неғып жүр? – деді сәлемдескен соң. 

-Атама келдім, - деді айылын жимаған Тұрсын. 

Бекболат төбедей болып төрде отыр.

-Ассалаумағалейкум? – деді Түкең кішіпейілділік таныта басын иіп.

-Уағалейкумассалам, төрге шық, молданың ұлы, - деді ақкөңіл қарт елпілдеп. – Көрген-білгеніңді айта отыр, сайра!

-Бағана Төлеужанға бара жатыр едім, үлпек құйрығы ұзы-ы-ы-н бір аң қаша жөнелгені, - деп бастады Түкең. (Төлеужан – Бекболат қарттың ата-қонысы. Оның әр түп шиіне, тал-терегіне дейін жатқа біледі) 

- Е-е, дейді! - қызба мінезді қарт елеңдеп.

- Дігідік-дігідік, дігідік-дігідік!.. Қара атпен қуып келем, қуып келем...

- Нені?!

- Түлкіні, - дейді Түкең.

- Ә-ә! - дейді қарттың делебесі қозып. 

- Ана зәлім Төлеужанға қарай салды. Ешқайда бұрылмай тұп-тура зулап барады.

- Е-е! - дейді әңгімеге әбден еліткен ақсақал.

 Көз алдында түлкі қуған жігітӘне-е, Тұрсын ат үстінде шауып бара жатыр. Қарт бәрін көріп отыр, ештеңені елер емес, байқар емес.

-Оу, ол жақтан қайыр! - дейді қарт дауыстап.

-Е-е, не-ге-е?!

-Ар жағы жар ғой!..

-Асықтырмаңызшы?!

-Ойбай-ау, айырылып қаласың, айырылып...

-Неге айырылам?!

-Болсаңшы, шыдам тауыспай!

-Сабыр сақтаңызшы ата! 

-Не деген жайбасарсың, ә?!

-Қазір-қазір!..

-Ызама тиді-ау, мына молданың баласы...

-Қайырдым-ау, ақыры! 

-Бәрекелде-е-е!

-Бірақ алай бұлтарады, былай бұлтарады. Қызыл көз қудың өзі екен!

-Е-е! - дейді қарт таяғын қолына алып. 

Орнынан тұрып кетердей қопаң-қопаң етеді. Ағаш таяқты жоғары көтеріп алған. Түкеңнің көзі шарасынан шықты. «Түлкіні ұстай алмасам, ана таяқ басыма тиеді-ау!», - деп қорқып отыр.

-Содан, - дейді қарт.

-Қуып келем, қуып келем...

-Неге қуа бересің ол байғұсты?

-Не істеймін қумағанда!

-Ұстамайсың ба?! Ұста-а! Бас сал!.. 

-Бір кезде алдан қалың қараған кезікті!

-Өй, былай қайыр! Былай қайыр деймін-н! Апырым-ай!..

-Қайда қайырам?

-Көзіңе қарамайсың ба?! Мына сығырдың қылғаны-ай, ә?! Қап-п, не істеймін мына молданың ұлына!

-Қалай қайырсам да болар емес, - дейді ойдан шығарған өтірігіне өзі де иланған Тұрсын.

-Өй, жынды неме? - дейді Түкеңнің мінезін білетін Майра құрдасы. Аузын басып, күлкісі келіп әрең отыр.

-Қуып келем, қуып келем...

-Қуа бересің бе кешке шейін.

-Қуып келем, қуып келем...

-Өйдөйт деген!..

-Бір кезде енді.

-Қайда? дейді таяғын одан сайын жоғары көтерген қарт

-Інге!

- Әй, енеңді ұрайын!.. Мынаның істегені-ай, ә?!

Қарт шоқ үстіндегі шәйнекті таяғымен бір салды. Бірдеңе пыс-с етті. Шәй суы шоққа төгіліп жатыр. Ақсақалдың таяғы шәйнектің шүмегіне дөп тиіпті. 

-Көтек! – деді бәйбіше баж етіп. – Не бұл?

-Бомбы! - деді Тұрсын байсалды адам кейпіне еніп. Түк білмейтін мүләйім, аңқау кісідей. 

Булығып әрең отырған Майра орнынан атып тұрып, төргі үйдегі диванға барып құлай кетті. Иегі селкілдеп күліп жатыр. Дыбысын естіртпеу үшін қолымен ауызын басып алған. 

Қарттың бәйбішесі шалына қарап:

-Құдай атқыр, - деді бетін шымшып. – Құдай атқыр, баламен бала болып... 

 Сонда шал жұлып алғандай:

-Күні бойы соншама қуып... Түлкімен бірге сол інге неге кіріп кетпейсің, сен сығыр-ау?!

-Тапай тал түсте шәйнегімді шағып, - дейді бәйбішесі кейіп.

-Ой, шәйнек табылар! Шәйнекті айтады ғой! Әй, ана бала неге тұрып кетті, - дейді төргі үйге кіріп кеткен келінін сұрап. 

-Ата, - дейді сонда Тұрсын қуақыланып. - Келініңіз, шәйнегімді сындырды деп жылап жатыр. 

Мұны естіген Майраның одан сайын шек-сілесі қатты. 

-Әй, әкебас! - деді Бекболат ақсақал төргі үйдегі келініне естірте айқайлап. – Жылама, шырағым, екінші шәйнек бар ғой! Жылама!

-Ибай, бетім-м! Осы үйдің қатыны сен бе, мен бе?! Екінші шәйнектің бар-жоғын қайдан білесің?!

-Өзің емес пе, күн ара сандығыңды ақтарып. Ішіндегілерін бір алып, бір салмасаң көңілің көншімейтін. Сонда көргем шәйнекті.

Түкең бізін алып үйден шыға бергенде Бекболат қарт:

-Әлгі түлкің іннен шыққан шығар, бар алып кел, - деді.

-Әкелем, әкеп берем, - деді Тұрсын салмақтана қалып.

Артынан ере шыққан Майра:

-Ұят емес пе, үлкен кісіге өтірік айтып, - десе. Түкең айылын жимастан:

-Өзі емес пе, қайта-қайта түлкі, түлкі деп болмаған... Содан соң айтқаным ғой, - деді беті бүлк етпестен.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan