Көктемді көп қиялдайтынмын. Біздің көктемді.
Ал сіз: «Қыстың өзі бақытты болуымызға жеткілікті емес пе?» – дейтінсіз. Солай дейсіз де, кеудеңізді тосатынсыз. Мен жас балаша бауырыңызға тығыла кететінмін. Содан соң үнсіз тұратынбыз. Дәл сол сәтте сіздің не ойлап тұрғаныңыз маған қызық еді. Бірақ сұрамайтынмын. Тек көзімді жұмып, қала бұрыштарындағы түрлі кездесулерімізді елестететінмін: иірім-иірім жолдар, үстімде сары не күлгін көйлек, сіздің жаныңызда келе жатқан – көктемдегі өзім.
Біз қыста да бақытты едік. Әсіресе желтоқсанда. Биыл жаңа жылда қардың орнына жаңбыр жауды. Алғаш рет... алғаш рет желтоқсанда жаңбыр жауды. Қолшатыр астында дымқыл көшелерді кезгеніміз әлі күнге дейін жадымда... кешегі күндей анық. Сол түні мені құшақтап: «Өмірімнің осы бір қысқа маусымында болғаның үшін рақмет», – дедіңіз.

Бүгін сәуірдің он жетісі.
Қызық, үстімде мен қиялдаған көйлек емес, жай ғана сұрғылт жейде. Күн де салқын.
Шам жарығымен жағаласып, жел де ауамен астаса мыңдаған ұсақ хрусталь сынықтарын жасап, маған сұлу күйінде қалған сезімдерімді еске салып тұр. Денеңді қысып бара жатса да шешкің келмейтін тар көйлек сынды, тым қолайсыз, бірақ тым сұлу... Енді мен әдеттегідей жұмысқа барар жолда артыма бұрылып қарамаймын. Өйткені сол бұрыштың тасасында бақылап тұрғаныңызды сеземін. Бұл біз жұтқан жаңбырдың иісіне ұқсас күй. Өзіңізде жақсы білесіз ғой, қыстан кейінгі табиғаттың жаңаруы агрессивті құбылыс.

Жер өзін-өзі тырмалап, ескілікті күшпен итеріп жатқандай. Мынау тар көшелер мен мүсіркеу үйлердің қабырғаларын да дәл солай жаңартқым келеді. Мүлде басқа түске бояп, бәрін өзгертіп жіберсем ғой... Сіз өткенде танымай қалатындай, бөгде бір ауданға кіріп келгендей аңтарылып, адасып қалатындай етіп... Бірақ біз бір-бірімізді қинамауға уәде бердік, жаңа жылдағы тілек есіңізде ме?
- Жақсы мен үшін қиналма. Енді мазаламаймын. Сүйдім маңдайыңнан сүйіктім.
Ешкім ешқайда кеткен жоқ.
Біз ұзақ жолға түсіп, екі бөлек бағытқа қарай жылжи бастадық. Арамыз алшақтаған сайын бейнелер бұлдырап, бос кеңістік пайда балды.

Бұл бос қалған кеңістікті жылдам толтыруға тырысқан – сіз ғана едіңіз. Өзіңіздің жалғыздығыңызды өзгелердің дауысымен, иісімен, шуымен, басып тастағыңыз келді. Мен сол шудың шетінде тұрып, сіздің қалайша бөлшектеліп, жүздеген сыныққа айналып, әрқайсысы әркімнің қолында қолды болып бара жатқанын бақылап тұрдым. Ең қызығы сіз бәрібір маған қайта айналып соғатынсыз. Сол баяғы ескі сүрлеумен, ескі сөздермен... Бірақ ішінде құдайы жоқ, қираған ғибадатханаға қайта кіру мүмкін емес секілді, бізде енді бір-бірімізге берген уәделердің күліне қарап қана жылына аламыз...
Автор туралы: Мия Алгожаева — жазушы, драматург. 2000 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Қазіргі уақытта М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет етеді. Бүгінде оның пьесалары республика деңгейінде сахналанып келеді.
