Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Елігімай Төңкер. Тарих емес, қылмыс......

11.10.2023 5144

Елігімай Төңкер. Тарих емес, қылмыс... 14+

Елігімай Төңкер. Тарих емес, қылмыс... - adebiportal.kz

Тарих емес

Диктаторлар мен автократтар жасаған соғыстан,
бейкүнә халықтың қырылғаны, 
еркіндігіне қол сұғылғаны,
Әйелдер жесір қап, сәбидің жетім боп туылғаны,
Ұлдары ұлтарақ боп, құласа тұғырлары
Қыздары қорланса құйқа боп бұрымдары,
Бір алып бәйтерек бүтіндей жұлынғаны,
Тарих емес, қылмыс.

Зиялы қауымның жазықсыз атылғаны,
Солардың өлімін, өлігін жасырғаны,
Отбасы ошақ-қасы үшін колония ашылғаны,
Бір ұлттың бағымен ойнаса басындағы,
Тарихы өзгеріп, тамыры жаншылғаны
Бит терген немеше қорланса асылдары,
Тарих емес, қылмыс…

Бір адам, он адам, мың адам
бір ұлттың тағдырымен ойнағаны,
Несібесіне қол сұғып, қазынасына тоймағаны,
Азаттығын иемденіп, малша айдағаны,
Су құймай тамырына сағызша шайнағаны,
Тарих емес, қылмыс.

Ал біз бұны тарих деп 
ақтай алмай, соттай 
алмай жүрміз.
Біздікі де қылмыс…

P.s: Бір мемлекеттің туына шашыраған қанды көрдім.
Ол күллі халықтың қасіреті еді.

Қазақстанның құбылуы

Біз барлығымыз сол таңды Жаңа Қазақстанда қарсы алдық.
Біреуміз түрмеде, біреуіміз үйде.
«Халықтың қамын ойлағандар» демократия деп жар салды
Беті қызармаған күйде. 

Демократия миығынан күлді Жаңа Қазақстанға қарап.
Министрлер, депутаттар да күлді әлдекемнің әлденесін жалап.
Сосын барлығымыз Ескі Қазақстанды елбасымен бірге лақтыра салдық,
Тозығы жеткен көк матаға орап. 

Сол күні 
Ескі Қазақстанның кімнің қолында кеткенін білмеген күйде,
Жаңа Қазақстанда оянғаным, ояна сала әділдік іздегені үшін өлтірілген
досымның жаназасына барғаным есімде.

Ал бүгін Жаңа Қазақстан тағы да жаңарғысы келді
Кенет ешқашан өзгермегенін түсініп,
Қолындағы шылымын көршісіне берді.
Ал халықтың сенімі жалған реформаларға жаншылып өлді…

Гүл ару

Ажары айдан сұлу, түннен тұнық,
Бір қызды танушы едім.
Жанары үнемі оның күндей күліп,
Жалындап тұрушы еді.

Сол ару тап болып махаббат уына,
Қалыпты бұрымы байланып.
Бүгінде жан адам ұғынбас сыры бар,
Кетіпті мұңлыққа айналып.

Гүл ару ұнатқан жігіттің 
Бар екен әйелі, баласы.
Сонда да, өшпейді үміті
Құдай-ау, қырсыққа қарашы!

Сәт сайын ішетін сол бір у,
Ол үшін тәтті екен балдан да.
Сәт сайын құлазу, көндігу,
Тәйір-ай, түсінер жан бар ма?

Алғаусыз, ақ жүрек, ақ гүл-ай,
Сіздегі сезім тым абайсыз…
Қалайша сүйдіңіз тап бұлай?
Қалайша жүректі жамайсыз?

Айыптау орынсыз сезімді,
Жолдардан адастық біз бәлкім.
Бәріміз кескілеп сенімді,
Ар-ұят алдына жүз бардық.

Құтқарғым келмеді ол қызды,
Тек ішім өртеніп барады.
Біз әлгі, айтатын ән ізгі – 
«Махаббат құтқарып алады».

Мың мәрте ойландым ол жайлы,
Хат жаздым. Ай жарық:
«Сіз – гүлсіз. 
Ал, гүлдер солмайды,
Кетеді сезімге айналып!».

Кейде

Кейде, 
сүрінгенді аяғым келгенде – 
өзімді жек көріп кетемін.
Жек көріп кетемін оны да.
Бір қылшық түсіргім келмейді сүрінген адамның арына.

Кейде, 
жылаған сәбиді көргенде –
жұбатпай қасынан өтіп кетемін.
Дайын болсын деймін өмірге.
Ешқашан ешкімді жұбатқым келмейді,
Жұбатпайды ғой өмір де.

Кейде, 
анам егіліп жылағанда– 
бірден он жылға өсіп кетемін.
Өшіп кетемін ол сияқты.
Ғаламда боп жатқан қатыгездіктің
себебі сол сияқты.

Кейде, 
жылағым келетін сәттерде – 
көзімнен жас шығармай жылап аламын.
Онсызда ешкім қалмады ғой
құз-жардан құламаған. 
Несіне жылай береміз…
Онсызда әрең тұр ғой – мына ғалам!

***

Я не искал похожих на тебя,
я просто потерялся в этом мире.
              (С) Крамар
 

Ван Гоктың картинасындағы аспаннан,
Бетховеннің әуеніндегі бір сәттік тоқтаудан,
Құстардың үнінен, минуттық ойлардан,
Пуччини жазған Богемадан,
Барлық махаббат туралы дастаннан
сені көрдім,
Тек жанымнан емес.

Ал оны жанымнан, төсектен, үйден,
күнтізбедегі күннен,
Кешқұрым екеуміз оңаша билейтін биден,
Мен мұңайғанда ол шертетін күйден,
Ерінімнен, ол өліп-өшіп сүйген
көрсем де,
жүректен көре алмадым…

*** 

Анашым, 
Сен мені өмірге әкелмес бұрын,
Жанары өткір қыз едің ғой.
Менің жарығымды жағып,
Өзіңдікін өшірмес бұрын,
Айдың аппақ жүзі едің ғой.
Қазір саған не болған?

Анашым,
Сенің де армандарың бар еді ғой,
Сан түске боялған ән едің ғой. 
Сенімді бұрымға байлап ап,
Бақытқа ұмтылған жан едің ғой. 
Қазір саған не болған?

Мен бе екен ұрлаған өміріңнің әрін,
Ол ме екен күйреткен көңіліңнің бәрін.
Көзіңнің жасын көрсетпенгеніңмен,
Бірақ үнемі жылап тұрады ғой жаның…

Өзінің ұлын жеп жатқан Сатурн 

Франсиско Гойя. «Өзінің ұлын жеп жатқан Сатурн».  1823 жыл. Испания.    

      «Хан ием, хан ием көкпеңбек сақалы,
                                                            Мен өртеп барады нұрыңның шапағы»
                                                                                                   Қуаныш Өмірбек
 

Ол өзінің туған ұлын жеп қойды,
Жеп қойды да күлкілі бір ат қойды.
Жас сәбидің тілін кесіп алды да,
Көрден терең қалтасына сап қойды.

Сосын қызын зорлады да, күлді ол,
Бар әлемде одан асқан үлгі жоқ.
Қанша жанның зарын жастық қылды да,
82 жылды азаппен сүрді ол.

Қандықолмен берекелі отбасы
Құрам деп ед, болмады.
Құртам деп ед, болмады.
Қанды қолын жусам деп ед, болмады.
Өзі жазған қылмысының жоспарын
Жыртам деп ед, болмады.
Есі адасып безіп кетті, содан соң
Нәжіспенен бұлғанған соң нұр тағы. 
Қанға сінген өз тамырын кескілеп,
Сенім артқан аямады ұрпағын.

30 жылдай босағаны тоздырды,
Шаңырақтың шырқын алды сан жылғы.
Кесу үшін кереге мен уықты
Сырттан ара алдырды.
Кейде есіне түсіп кетіп Құдайы
Кейде атын аламанда оздырды.
Қылмысына масаттанып, таң қалып,
Том-том кітап жаздырды.
Қанша адамның тері тамған сіңірден,
Зәулім сарай салғызды.

Тоқтатуға келгендердің барлығын,
Құрығына малша жиып алды ол.
Бірте-бірте ләззаттана сойып жеп,
Басын үйтіп жер-ошаққа салды ол.

Осы әулетті өзі құрған секілді,
Сөз сөйледі, бұйрық берді өтімді.
Сырттың заңын жүргізем деп, ылаң сап
Бабалардың жазған заңын өшірді.
Ділі мен мәдениетін кескілеп,
Бюджетіне зәр сындырды, есіргі.

Осы әулеттің бір баласы едім мен,
Қалай ғана алсам екен өшімді?!
Қалай ғана жисам екен есімді?!
Қалай ғана оңға бұрам көшімді?!

***

Бұл қала – тым сұлу, тым суық,
Жиырмаға жетпеген жесірдей.
Көгінен бұлт кетпей тұншығып,
Мұң шертіп тұрғандай Есілге.

Жабығып жағада тұрды ару
Жаңбырлы Астана кешінде.
Қала мен қосылып қыз дағы,
Көз жасын төгіп тұр Есілге.

Қабағы қатулы бір жігіт,
Темекі шегіп тұр тасада.
Қайтеді-ей, соншама үздігіп
Онсызда лас өмір, лас ауа!
Күйігін ол солай басады ә!

Бәрінің жүзінде бір сынық,
Үрей бар, «ертеңнен» қорыққан.
Арманы жүректе тұншығып,
Бәрі де бәрінен жалыққан…

***

По-французски слово «волна» 

имеет второй смысл — «лезвие»
Гюго 

Көктемдей бір қыз жай басып кетіп барады,
Мөлдір көздерін аспанға тіреп қарады,
Үміттен гөрі күдікке толы жанары.
Ертіс те толқып әкетті-ау ойын сан-саққа,
Сағыныш басты сананы...
 

Жылады ару,
Жұлдыз да ақты.
Ғаламаттардан құр қалған.
Ол ма екен әлде құр қиялдарына шырмалған.
Леп-лезде жоқ кеткені несі, япырау,
Уақыты ма екен ұрланған!?
 
Қанша жұлдыз бар?
Көкейде сонша сан үміт.
Қыз дағы үнсіз, аспанда үнсіз барлық.
Емірене алмаған сәбиі түсті есіне,
Бесікте жатқан, таңылып.

Ойлады сосын, 
Махаббат деген ертекті,
Алғаусыз сезім
ақ гүлін қыздың өртепті. 
Арылғысы кеп,
азаптан
мұңнан
күнәдан
Ертіске сүңгіп ол кетті...

Жолдары жырым, 
жүрегі қаяу көктем қыз,
Шырмауықтарға 
шырмалып барып өскен қыз,
Сопайып жалғыз,
жаһанға кетті сыя алмай,
Ақ ұлпа тәнін түнгі толқынға төскен қыз.

Сәби ше? Сәби...
Өмірдің өгей баласы,
Жазмышқа аманат,
Қуанышы менен наласы.
Тағдыр шіркінің,
Кімдерді таяқтамап еді?
Жазып алады жарасын...
 

Содан соң? Солай!
Жағаға тамған көз жасым,
Толқын боп буырқанады,
Толқыса, бітті, бұл Ертіс,
Қайдағыны еске салады…


Есіктің артындағы адам

Бізді өлі демеңдерші, жай ғана өмірден 
тысқары қалғандар, қанаты талғандар,
өмірге қатыспайтындар деп айтыңдаршы

Қабірге кірерде алғаш рет өзім туралы ойладым.
Сен сол сәтте шағып отырған шығарсың айға мұң 
немесе өз көздеріңнен мені іздедің
алдында айнаның. 
Жердің үсті мен астындағы өмірдің айырмасы жоқ. 
Ал ойлардың айырмасы бар, жаным. 

Айнаға не үшін қарағанымды да білмеймін,
өзімді көргім келген шығар.
Көре алмасам да өтірік жымиғанымды ғана білемін.

Түндерде, ұйқым келмейтін сәттерде
Ұйықтатуға тырысатын ем өзімді.
Қинап жұмғызатын ем түнекке ғашық көзімді.
Арыммен бетпе-бет келгім келмеген шығар. 

Қабірге кірерде соңғы рет өзімді тағы да көргім келді. 
Әу баста шынайы жанбап едім ғой, шынайы сөнгім келді. 

Әкемді де, анамды да, 
сүйіктімді де есіме ала алмадым. Алғым да келмеді,
Олар менің жалған жаңғырығымды жерледі.
Алғаш рет өзіммен кездестім,
Алғаш рет бақытқа бөледі көр мені…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар