Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Ертегі жазатын егіздер...

Ертегі жазатын егіздер

04.05.2026

607

Ертегі жазатын егіздер - adebiportal.kz

Телефон дәуірінде кітапты оқитын және жазатын балалар бар

Өткен аптада өткен кітап көрмесінің қызығын әлі айтып тауыса алмай жатырмыз.  Кітап көрмесінде көпшіліктің назарын аударған сәттердің бірі – қолында өз кітабы бар егіз балалар еді…

 «Фолиант» баспасы жас авторларды арнайы шақыртып, кішкентай оқырмандарға таныстыруды мақсат еткен.

Балалар жайлы кітапты балалардың өзі жазғаны, әрине, адамды елең еткізетін жаңалық. Баланы баладан артық кім түсінеді? Және бұл кітаптың ерекшелігі – кітапханаға барғанды, кітап оқығанды жақсы көретін балалар жайында. Осылайша ағайынды Арлан мен Аслан Айтқалиевтер осы күнгі балалар кітапқа мүлдем қызықпайды деген түсінікті өзгертпекші екен.

Гарольд пен Ларабелль есімді ұл мен қыздың оқиғасы жайлы кітапты көрдік, түрлі-түсті, үш тілде жарық көріпті. Кітап оқығанды жақсы көретін балалар кітапханадан бір ерекше кітапты тауып алады да, оқи бастағаннан таңғажайыптар әлеміне тап болады. Саяхат шегіп жүріп, олардың алдынан түрлі қиындықтар кездеседі. Екі бала оқығандарының арқасында сол тапсырмалардан сүрінбей өтіп отырады. Осылайша достықтың қадірін біле түседі, оқығанның пайдасы, білімнің маңызы қандай екеніне көз жеткізеді.

Кішкентайларынан әке-шешесі, ата-әжелерінен ертегі тыңдап өскен, өсе келе ертегі оқып, қиялын дамытқан балалар өздері де ертегі жазып жүр. Алдағы күндері ағылшын, неміс тілінде жаңа дүниелер жазбақ ойлары бар екен.

Авторлар әлі өте жас болса да, туындының оқырманға жетуінде әлеуметтік жағын да ескерген, көруі, естуі нашар оқырмандарын назардан тыс қалдырмаған. Жас авторлардың түрлі-түсті суреттері көз тартатын кітабы әзірге 500 данамен шыққан. Кітапты Kaspi қосымшасы арқылы алуға болады.

Балалардың кітапқа құштар болып өсуінің ешқандай құпиясы жоқ: естерін жиғаннан үйдегі адамдардың кітапты қалай жақсы көретінін, үнемі оқитынын көрген, өздері де қызыққан. Егіздер мектепке енді барған кездерінен кітапханамен танысқан. Бұлар да баяғыда өзіміз оқыған «Том Сойерді», «Гулливердің саяхаты», «Хоттабыч қарт», т.б. қиял-ғажайып ертегілерімен өскен.

Біз егіздерді әңгімеге тарттық. Арлан жауап берді:

– Қазіргі уақытта балалардың көпшілігі телефоннан ажырамайтын болды. Кітапханаға барып, кітап оқитындар сирек десек болады. Біз бауырым екеуміз бұл кітапты жазғанда балалар әр нәрседен хабары бар, білімді болуы үшін кітапқа жақын болуы керектігін айтқымыз келді. Бұл кітаптың ерекшелігі – мұнда сурдоаударма бар және аудиодыбыс арқылы тыңдауға болады. Бұл тұрғыда бізге қолдау білдірген актриса, Мәдениет саласының үздігі Жұлдыз Мәмедова мен Мәдениет саласының үздігі Руслан Жұмахметовке алғысымыз шексіз. Ал кітабымызға иллюстрация жасаған – Жансара Шағырова. Сурдоаударма жұмысы Жұмазия Ихсанованың еңбегі.

Егіз бауырлар бірігіп кітап жазған дегеннің өзі қызық қой. Сонда қалай жазған: біреуі бастап, екіншісі аяқтаған ба, әлде әрқайсысы өз нұсқасын ұсынып отырып, ортақ пікірге келген бе? Бізге осы жағы да қызық болды.

– Біз бұл кітапты басынан соңына дейін бірігіп ойластырдық, қаншама рет пікірталастырдық, кейде келісіп, кейде келіспеген жерлеріміз бар. Бірақ, қалай болғанда да, өз кітабыңды қолжазбадан бастап процесіне қатысып, ең соңында мынадай кітап болып шыққанға дейін көру – керемет екен! – деп жауап берді Арлан.

- Маған кейіпкерлердің шытырманға түскен сәттерін жазу қызық болды, – дейді  Аслан.

Егіздер Оралдағы Вальдорф мектебінің 8 «Б» класында оқиды. (Вальдорф әдісі баланың шығармашылық, қиял, эмоционалдық жетілуін мақсат ететін әдіс екені көпшілікке белгілі шығар. Түске дейін мемлекеттік стандарт бойынша білім алатын балалар түстен кейін филологиялық-лингвистикалық бағытта оқып, тілдерді үйренумен бірге эстетикалық: музыка, сурет өнері, мүсін, т.б. білім алады. Мектептің музыка мамандары Самарадан, ағылшын, неміс тілі мамандары Мәскеуден білім жетілдіреді).

Өздері бала, қатарластары сияқты телефонға қызықпай ма, ондағы есі алатын ойындарды ойнамай ма деп ойлаймыз ғой. Бірақ, білуімізше, Аслан мен Арлан кітап оқитыны өз алдына, шахматқа қызығады екен. Қалалық олимпиадалардың үшінші разрядты жеңімпаздары. Осы жерде өзімізге мәлім болған бір қызық деректі айтайық: ағайынды Айтқалиевтердің жан-жақты дамып келе жатқанының бір дәлелі – олар мектепішілік парламентте ғана емес, қалалық, республикалық білім, интеллектуалдық сайыстарға жиі қатысады. Әсіресе, Арланның белсенділігі байқалады, дәл қазіргі уақытта оның жетістік қоржынында 32 медаль бар екен.

Сурет салумен де айналысады, былтыр екеуі бірігіп көрмелерін ұйымдастырыпты. Арлан ән шығарады, ол әндері радио-телевизияда, әлеуметтік желіде орындалған. Дәл қазіргі уақытта Арланның 8 бірдей әдеби және музыкалық туындыға авторлық құқығы бар. Осы кезге дейін 20 көрмеге суреттерін қатыстырған талапты оқушы «Жібек жолы» атты халықаралық байқаудан үшінші орын алған. Ал інісі Аслан суретке түсіруге, камера арқылы әдемі сәтті ұстап қалуға қызығады екен, сол қызығушылықпен фотокөрмелерге қатысқан. Сонымен бірге өлкетану бойынша ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып жүрген ізденімпаз бала.

Сонымен бірге ағайынды жеткіншектер брейк-бимен де шұғылданған, таэквондоға да барған, гитара үйренген… телефонда отыруға уақыт та қалмайды дейді. Instagram-ға кіргенде құр қызық іздемейді, парақшаларына кітап туралы айтуды мақсат етеді.

Бұл тұрғыда уақыттарын тиімді, сауатты пайдалануға кішкентайынан үйреткен анасына рахмет айту керек шығар. Шынына келгенде, бұны бәрімізге де үйрену керек. Бүгінгінің адамының ең үлкен жетістігі – уақытты сауатты жоспарлаудан басталады. Біз жас авторларға ақ жол тіледік.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan