Микро-поэма
1
...Қара өлең, сен де кәрі, мен де кәрі,
Мағлұм-дүр сырымыздың елге бәрі.
Дариға-ай, не басталмақ, мен білмеймін,
Екеуміз опат болған жерден әрі.
Қара өлең, сен де ескірдің, мен де ескірдім,
Ескіріп, кебін кидік өлмес құлдың.
Бұл, бәлкім, соңғы дастан біз жазатын,
Бұл дәурен енді айналып келмес құрбым.
Қара өлең, сен де жорға, мен де жорға,
Бебеулеп үн қосамыз желге зорға.
Күндер жоқ өрлей шапқан өрен жүйрік,
Тайпалап тауға біткен өрме жолда.
Ескі әуен – сен де салдың, мен де салдым,
Ауылы алыс қалды-ау өлмес әннің.
Алқынып олай шаптық, былай шаптық
Ісін қып ақылы жоқ ерме шалдың.
Меңіреу заман үнін естігім кеп,
Ескірмес асылды іздеп естімін деп.
Сөз айтсам «Әзірет Әлі, айдаһарсыз»,
Айттың-ау дейтін және ешкімім жоқ.
Дау салмақ ат мойны озсам, ұрандамақ,
Шығайын оқ бойы ұзап шығандап-ақ.
Көз бар ма сонда көрер, әй, білмедім,
Обалың кімге сенің, қыран қанат.
Жез де өлең, алтын да өлең, мыс-тағы өлең,
Парық жоқ ұстаушыда, ұста – керең.
Сүйретіп сүйегімді ілби басып,
Ілияс шал тоқтап өткен тұсқа келем.
«Халқыңның сырын өзің білесің де,
Ісіне күлесің де, күйесің де.
Қаласың кейде ренжіп, кейде мәз боп,
Әйтеуір, сол халықты сүйесің де».
Басынан неше түмен бұлт айналып,
Заман тұр тас төбемде шырқай барып.
– Сен, – дейді ол, – көптің бірі, беттің кірі,
– Жоқ деймін, жоғал – деймін сырт айналып.
Тыңдай ма заманымның көші мұны,
Ақынның кімге естілген есіл үні.
Берейін ертегі айтып, одан басқа,
Не қалды бір пақырға осы күні.
2
... Ысқырып жылан орап керегені,
У тамып шаңырақтан төбедегі.
Көшті ауыл көтеріліп түн ішінде,
Ақ орда адыра қап дөдегелі.
Желіде құлын қалды сона талап,
Желінбей сүр ет қалды шара табақ.
Деген бар иесіз үй-киесіз үй,
Ақ төбет сұғынды-ай бір ала тамақ.
Қарындас неге қорықты үлбіреген,
Ер жігіт жеті түнде тұрды неден.
Сұм хабар жетті мұнда, қызыл әскер,
Бесінде бері қарай жүрді деген.
Өткен жаз бас көтерер абаданды,
Сол қызыл қойша иіріп қамаған-ды.
Көктемде шошақ мылтық ақтар шауып,
Қарайған қара орманын талап алды.
Ауыз су азын-аулақ теңді байлап,
Пысқыртпай ат, түйені желдіре айдап.
Әп-сәтте құмға сіңіп жоғалды ауыл,
«Қолдай гөр, Еділ-Ана-кең Құдайлап».
Атты әскер құм шағылдан өрген құлай,
Бұл елді қуанатын көргенде ұдай.
Сол ауыл тұр алдында, бірақ жан жоқ,
Тартты ма көктен Құдай, жерден қумай.
Лап қойды қызыл әскер, кідірген жоқ,
Командир шылым сорып, түңілген боп.
Шынтақтап құм шағылға жата кетті,
Ауылда кім қалды екен, біліңдер деп.
Ит даусы шабалаңдап үрген түнгі,
Бердеңке «тарс» еткенде бірден тынды.
Түйгіштеп алып шыққан қызыл әскер
Әруақтай ағараңдатып бір кемпірді.
Бұрмады әруақ-кемпір бетін бері,
Ақ тастан қашап қойған секілді өңі.
– Ел қайда?
Кімсің өзі? Неге қалдың?
Бастықтың етпеді әсер жекіргені.
Паң кемпір, бекзат кемпір кереметтей,
Ол емес, қалбаң қағар ебелектей.
Ақ мая әсем басып, келді, міне,
Басқа ұрған дыр қамшыға елең етпей.
Ойнақтап күлге аунаған бота құйын,
Шайқалды сықыр-сықыр отау үйің.
Тіздеді ақ маяны от басына,
Қызыл көз жирен сақал оқалы иін.
Ақ алмас мойтап дейді азған қолда,
Не дерсіз жирен сақал азбан қорға.
Қылышы өтпей қойды қыл мойынға
Кемпірге қандай тұмар жазған молда?!
– Әй, Иван, үйің күйгір сары албасты,
– Қайтейін, қор қылдын-ау ақ алмасты.
– Командир, мен шабайын! Жоқ маған бер,
Айғыр топ жер тарпысып, жалаңдасты.
Салған ба сайтан ұя желкесіне,
Әлде, бұл тас па?
Таудың өркеші ме?
– Мен, – деді бір нән қазақ, – мен көрейін,
Жігіттің жол беріңдер серкесіне.
«Ал, балам, шөліңді бас, қанымды ішіп» –
Құлады жансыз дене шағыл құшып.
Сол кезде кесілген бас орынынан
Аппақ боп сүт атылды, кәдімгі сүт.
Қан емес, сүт атылды – арда бұлақ,
... Айғыр топ шықты қашып жалға бір-ақ.
Сүт қуып бара жатты соңдарынан,
Қырға өрлеп, өрге шауып, жарға құлап.
3
Түгендеп төрт түлігін жамыраған,
Қасқырдың қанды аузынан қалып аман.
Оралды ел ертесіне,
Ауыл, міне,
Бәрі де қаз-қалпында, бәрі де аман.
Боз үйлер жаңа аршыған жұмыртқадай,
Елітіп тұр, жұпар иіске тұнып маңай.
Жау шапқан секілді емес, қыл аяғы,
Солай тұр қалған болса құрық қалай.
Төбеде баққы ителгі қыранша ағып,
Жайнайды тепсең гүл боп, қыр ән салып.
... Шыңғырған даусы кенет шықты әйелдің,
Алғандай аяқ асты жылан шығып.
Шал-шауқан, бала-шаға жабыла ағып,
Сол жаққа үймелейді бәрі барып.
Серейіп өлі дене жатыр бассыз,
– Аллам-ай...
– Бұл кім болды?
– Танымадық?
Ақ көйлек, кірпияз жан сұңқар арман,
Сұқ көзден, бөтен назар, сырт адамнан,
Өлерде қос қолымен төсін жауып,
Етегін тас түйін ғып қымтап алған.
– Көрмеген кісім екен бұл маңайдан,
– Келді екен ажал айдап құмға қайдан?
– Жолаушы, әлде жоқшы?
– Кұдай білсін.
– Бүгінде босқан ел көп қырдан-ойдан.
– Бір Алла біледі де нақ дерегін,
Ақ жауып, жөнелтейік, жат демегін.
Марқұмды табытқа сап алып кетті,
Бауырынан қабір қазып ақ төбенің.
Бауырынан ақ төбенің қазған қабыр,
Тар болды, құдірет-ай, жазғанға бұл.
Лақатқа екі құлаш сыймай мүрде,
Есінен тана жаздап аз қалды ауыл.
Тәңірдің бұйырығына ел не етеді?!
Жер қойны – барша адамның кең мекені.
Үш құлаш лақат қазды – ол да тар боп,
Сыймайды мына мүрде көрге, тегі.
Тәңірдің бұйырығынан ел не етеді,
Жер қойны – барша адамның кең мекені.
Төрт құлаш лақат қазды – ол да тар боп,
Сыймайды жұмбақ дене көрге, тегі.
Тәңірдің бұйрығына ел не етеді,
Жер қойны-барша адамның кен мекені,
Отыз кез лақат қазды – ол да тар боп,
Сыймайды жұмбақ дене көрге, тегі.
Әлқисса, сөзді тыңда одан арғы,
Ел кенет ұйқы-тұйқы бола қалды.
– Ойбай, қаш!
– Ақтар келе жатыр дейді,
Ала шаң ауыл үстін орап алды.
Ала шаң ауыл үстін орап алды,
Қасқырдың демі үркітіп қора малды.
Әп-сәтте құмға сіңіп жоғалды ауыл,
Жайына мүрде қалды, мола қалды.
4
Түнімен бір Құдайға зарын айтып,
Таң ата оралғанда ел тағы қайтып,
Мүрде жоқ, лақат жатыр үңірейген,
«Мен неге бос қалдым» деп шағым айтып.
5
Ақ қашып, қызыл қуды – қырға ысырды,
Ақ қуып, қызыл қашты – құмға сіңді.
Әлдилей бастады өсіп ана Қарой,
Некесіз көрде туған сұм ғасырды.
Әлқисса, кең Қаройдың құламасы,
Күнімен жаңғырығып құм арасы.
Ақ-қызыл Абыл-Қабыл сықылданды,
Болғанда біреуі іні, бірі ағасы.
Қос бура бір-біріне қарсы құсып,
Тұйғынды ілемін деп қаршыға ұшып.
Өліспей беріспейтін сыңайлы олар,
«Інжіл» мен қызыл билет алшылы ішік.
Қан жұтты шыққа балап қап-қара құм.
Кескен бас томар ғой деп аттағаның.
Қырқысты қаша ұрысып, қайта тарап,
Шағылда шақпақ қылып ат табанын.
Қағынып қара талақ кеш те кірді,
О, бәлкім, қорыққанға қос көрінді.
Сол мезет екі ортадан Еділ аулы
Бауырлап шыға келсін еспе құмды.
Екі жақ тұра қалды аң-таң болып,
Сары нар жәй басады салқам көрік.
Ұзын көш іркес-тіркес құмнан құлап,
Сор айдап бара жатыр сортаңға еніп.
Жоқ тегі қауіп-секем көште бөтен,
Қайырлай қалды кенет қос кеме тең.
Таласқан екі төбет таң-тамаша,
Ортадан қоян қашты – не істер екен?
Белгісіз жарасқаны, тарасқаны,
Екі жақ ләм демеді, жақ ашпады.
Жосылтып қоя берсін көшке кенет,
Қос төбет былай қалып таласқаны.
Шал қоян, қаудыр құлақ ал, заулады,
Беймағлұм қан жауғаны, қар жауғаны,
Келеді қара матау қатар шауып,
Қырылысқан жаңа ғана тап жаулары.
Күпшек сан күрең мінген күшті сары,
Күпініп бұтқа толып істі сары.
Жалмады ақтың оғы кейуананы,
Қызылдың қылышына түсті шалы.
Қызылдың қылышы өтті шалды турап,
Астында көп тұяқтың қалды тулақ,
Кездігін іскен сары сілтегенде
Қарынын жас тоқалдың жарды тура-ақ.
Кім қашып құтылады бұдан енді,
Асқан сәт марту басқан құба белді.
Ақ кемпір ақ маялы алға түсіп,
Сытылып қалған қазақ шыға берді.
Сытылып қалған қазақ шыға берді,
Мысалы, жосыла ағып құлан өрді.
Көздеген ақ маяны қызыл әскер,
Жалт беріп астындағы ат құлап өлді.
Жалт беріп астындағы ат құлап өлген,
Айғыр топ тоқтамады бұған ерген.
Ақ кемпір ақ маялы қайдан шықты,
Әруақтай құм астынан шыға келген.
Ай, жетті-ау, жетті, жетті, жетіп қалды,
Бақыртып басына ұрып сетік нарды.
Алысып ат басымен қайта оралды,
Тұсынан бала қыздың өтіп бәңгі.
Деген сәт ләззатті түн, бұл түн, міне,
Тоқтатты торай тұмсық шіркінді не?
Қу болып сала берді ақ қара бас,
Ақ мая, тұра қалып сілкінді де.
Қанды түн кереметке ұласты ма,
Топ қазақ топ қаз болып қыр асты да,
Аққуға ілесе ұшып бара жатты,
Шашырап жаңа шыққан күн астына…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.