Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ғұсман Жандыбаев. Айтылмаған ақиқат...

20.12.2019 8651

Ғұсман Жандыбаев. Айтылмаған ақиқат 12+

Ғұсман Жандыбаев. Айтылмаған ақиқат - adebiportal.kz

Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-дилогиясы туралы

Әрине, пікірімді маман-сыншы емес, тарихтан да, әдебиеттен де хабары бар зиялы оқырман ретінде білдіремін. Әділбек Ыбырайымұлы – бірқанша күрделі прозалық шығармалар жазып, оның ішінде романдарын жариялап, қалың көпшілікке танылған жазушы. Және әр кезде лайықты бағасын да алған. Сондықтан оның, тау көтерген Толағай секілді, мынадай кесек тақырыптың жүгін арқалауға тәуекел етуі – ер жасы елуден асқан қаламгер үшін заңды құбылыс деп түсінеміз. Әйтсе де мәселе істің күтімінде емес – бітуінде ғой. Біткен іс – піскен аспен бірдей. Оның нәрі мен дәмі қандай? Бүгінгі және болашақтағы кез келген сынгер-оқырман осы сұрақтың жауабын іздейтіні сөзсіз. Солардың бірі болып, өз пікірімді айтпақпын.

Бірден айтайын, екі кітаптан тұратын роман-дилогия шығармашылықта да, күнделікті өмірде де жалған айтып жалбақтауды білмейтін маған барлық жағынан ұнады. Сондықтан пікірімді бір-ақ сөзбен «Бес!» деп айта салуға да болатын еді, бірақ сол ойымды қысқаша таратып жеткізуді жөн көрдім.

Роман Кенесары хан мен ол бастаған көтеріліс тарихының соңғы трагедиялық кезеңіне арналған. Кенесарыны таныстырып жату керек емес. Тәуелсіздіктен кейін ұлы күрескер тұлғасы өз бағасын алды. «Кенесары Қасымұлы – мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837–47 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, Қазақ хандығының соңғы ханы» («Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы. 4-том, 500-бет). Енді романға тікелей қатысты пікірімді қысқаша тұжырымдап көрейін.

1. Кенесары тұлғасы әділ бағасын алды дегенімізбен, қазақтың тарих ғылымында және көркем әдебиетінде ол туралы жазылған дүниелер саусақпен санарлық қана. Атап айтқанда, кеңес дәуіріндегі Е. Бекмахановтан соңғы («Қазақстан в 20-40-е годы ХІХ веков», 1947), көлемді еңбек – тарихшы Ж. Қасымбаевтың «Кенесары хан» зерттеуі (1993), А. Кенесаринның «Сұлтан Кенесары и Сыздық» (1992) еңбегі ғана. Ал жазушы Ілияс Есеберлиннің «Қаһар» романы «Қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін, Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісін алғаш рет ұлттық көзқарас тұрғысынан шынайы суреттеген, ұлттық сананы оятып, қоғамда рухани қозғалыс тудырған («Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, 3-том, 419-бет) шығарма (солай екені рас та) болғанымен, роман авторы, қалың ұйқыдағы қазақтың санасында күн күркіріндей ұлттық дүмпу туғызатын шығармасын өз иесіне (халыққа) жеткізу мақсатын көздеп, кеңестік идеология мен саясатының қысымымен, Кенесары көтерілісінен бейбіт халықтың «шеккен зиянын» да айта кетуге мәжбүр болғаны мәлім. Бүгінгі мектеп оқулықтарында романның осы тұстары, оқулық авторлары тарапынан ешбір қосымша түсініктемесіз, сол қалпында жүргені де – «қызық».

Кеңес кезінде жазылған басқа еңбектерде де (мысалы, Ғ.Ахмедовтің «Жем бойында» романында) – жағдай осындай. Осы тұрғыдан келгенде (және шынайысы да сол), Ә.Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-дилогиясы – Кенесары тұлғасын және ол басқарған көтерілістің ұлт-азаттық сипаты мен мән-мағынасын тәуелсіздік идеясы рухында жүз пайыз шыншылдықпен бейнелеген алғашқы көркем шығарма деп бағалауға болады. Бұл жердегі шыншылдық деп отырғанымыз – Кенесарыны бірыңғай мақтау да, ақтау да емес, ол басынан кешкен тарихи жағдайларды, көтерілістің алдына тосылған көптеген кедергілерді, орын алған оқиғаларды тарихи дәлдікпен ашып көрсетуі. Ендігі жас ұрпақ (мектеп, университет шәкірттері де), міне, бөтен иіс-қоңыс араласпаған осындай шығармалардың таза ақ уызымен ауызданса дегің келеді. Романда көтерілістегі сәтсіздіктердің де себептері дұрыс түсіндірілген.

2. Кеңестік идеология «келмеске кетті» дегенімізбен, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып отырған жүзден аса көп этносты елміз, оның үстіне халықаралық татулыққа да жағымды болғымыз келеді, әлі күнге дейін өз туысымызды үйге сыйғызбасақ та, көршіміз бен қонағымызды төрге шығарып төрелетуден айныған емеспіз. Солардың бірі, тіпті бірі емес, бірегейі – ежелден «төсекте басымыз, қазанда асымыз» қосылған қырғыз ағайындар. Ендеше кеңестік кезеңде орыстың (Ресейдің) озбырлығын жаба-шіркейлеп, олардың кінәсін өзімізге (қазаққа) арту – қандай қажет саясат болған болса, бүгінгі таңда қасымыздағы қырғыз тұрмақ, алыстағы жұрттың, әсіресе алпауыт елдердің шамына тимеу дәл сондай саясат болып отырған заманда, қанша демократия, сөз бостандығы дегенімізбен, өткен тарихтың да, ағымдағы күндердің де ақиқатын бетке айтуға жүрегіміз дауалай қояр ма екен? Тек қазақтың ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы түркі халықтарының тәуелсіздігін түпкі мақсат етіп күрескен Кенесарының қырғыз ағайындардың қолынан ажал құшқаны да, неге екені белгісіз, айтуға ауыз бармайтын «ыңғайсыз» сөз саналып келе жатқаны да жасырын емес. Басқалар үшін өзіміз ұялуға әбден көндігіп алған сыңайымыз бар. Қазірдің өзінде, Ресей отаршылдығын ашық айта бастағанымызбен, Кенесарыға байланысты «қырғыз тақырыбы» көпе-көрінеу көмескі қала беретіні содан шығар. Міне, осы реттен алғанда да «Семсер жүзіндегі серт» романы – тарихи ақиқаттың табалдырығынан ғана аттап қоймай, төріне алғаш қадам басқан шығарма деп айта аламыз. Олай дейтініміз – осыған дейін бұл жағдай тарихи зерттеулерде там-тұмдап айтылғанымен, көркем әдебиетте толық көрініс таппай келген-ді.

3. Осылай дегенімізбен, автор тарихи этиканың да, Ұлттық ар-намыстың да шегінен шықпайды. Кенесарының жауы – қырғыз халқы емес, отаршылдардың сойылын соғып жүрген ұлт сатқындары, олардың ішінде билік басындағы кейбір қазақ төрелері де, қырғыздың бай-манаптары да бар. Автор үшін де – темірдің екі басы бірдей ыстық. Әйтпесе Кенесарының қырғыз тұрмақ, орыспен де соғысқысы жоқ. Көксегені – отаршылдықтың бұғауына түскен халқына азаттық әперу. Алайда елінің еркіндігін, тәуелсіздігін қайтарып беруді сұрап Ақ патшаға дейін жолдаған әлденеше реткі өтініш-арыздарын жауапсыз қалдырғанының үстіне, патша әкімшілігі қайта-қайта қарулы әскер шығарып, талан-тараж, қантөгіс жасаудан тыйылмады. Отаршылдардан күдер үзген Кенесарының, өгіздің басына туған бұзаудың басына да туатынын айтып, Хиуа, Бұхар, Қоқан бектері мен қырғыз манаптарына сәлем жолдап, бір тудың астынан табылайық деген үміті де ақталмады. Бірігу тұрмақ, «жау жағадан алғанда – бөрі етектен» дегендей, Орманбет, Жантай секілді қырғыз манаптары қазақ ауылдарына жиі шапқыншылық жасап, жаудан бетер қылық жасауды әдетке айналдырды. Осынысымен олар қолтығына су бүріккен отаршылдардың ұпайын түгендеп отырды. Оларда келешекті болжай білетін Кенесарының кемеңгерлігі жоқ еді. Мұны кейінгі тарих дәлелдеп берді. Сөйтіп, туысқан халықтарға ХХ ғасырдың соңында тағдырдың өзі тарту еткен тәуелсіздік идеясы содан бір жарым ғасыр бұрын Кенесарыдай қазақ перзенті ұстаған семсердің жүзіне серт болып байланғанын көреміз. Автор, егер сол кезде қазақ, қырғыз, өзбек халықтары Кенесары көтерген тәуелсіздік туының астына топтасқанда, одан кейін бәрінің мойнына таңылған бодандық қамытын кимес пе еді деген ой тастайды. Шығарма идеясы – бітеу жараны қозғау да, ағайын жұртты кінәлау да емес, мақсат – «пасық өтіріктен ащы шындық қымбат» (автор) екенін ескертіп, тарих сабағынан тағылым алу қажеттігін ұғындыру. Өйткені Кенесарының кезінде болған жағдайлар келмеске кетті, енді қайталанбайды деуге ешбір кепілдік жоқ. Сондықтан, тарихта болған «Сол оқиғаларға қатысты үнсіз қалудың, шымбайға батар ақиқаттан ат-тонды алып қашудың ақыры – асқынған обырға айналуы ықтимал. Ақиқатын білмегендіктен араға жік түсіп, алауыздық жағдайларға апарып жатса, онда бүгінгі ұрпақтың да шындықтан сырт айналғаны» дейді автор шығармаға ресми кіріспеде. Бұл сөздер Кенесарының болашақ (кешегі, бүгінгі, ертеңгі) ұрпаққа қалдырған аманатындай естіледі. Екі кітаптық романның көкейкесті идеясы да осы сөздермен түйінделетіндей.

4. Роман – әдеби шығарма болғандықтан, оның көркемдік жағын айтпауға болмайды.

Роман – бір адамның жүрген-тұрғанын егжейлейтін шығарма емес. Оның бас кейіпкері – Кенесары тұлғасындағы халық. Кесектің адымы да – кесек. Сондықтан роман панорамалық композицияда құрылған. Қазақ халқын Хандық мемлекетінің туы көтерілген кезеңнен бастап, Кенесарының қаза табуымен бірге шаңырағының құлағанына дейінгі төрт ғасырлық тарихты қамтыған романның бірінші кітабында, негізінен Кенесарыға дейінгі оқиғаларға тарихи-әдеби шолу жасалады. Екінші кітаптың арқауы – Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы мен тағдыры. Уақыт жағынан да, Кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты қамтыған шығармаға бірінен екіншісі туып отыратын жалғаспалы (әңгімешілдік) сюжет емес, ғарыштан немесе тікұшақтан түсірілген суреттер секілді, вертикаль-фронталдық әрі көлденең-горизонталдық кескіндеу жолымен бейнеленген көріністерден біртұтас архитектуралық нысан құрастыратын тосын әдеби форманы бажайлайсың. Романдағы бірімен-бірінің жігі ажырамай, жымы білінбей үйлесім тауып отыратын тарихи шолулар мен нақты оқиғаларға құрылған әдеби сюжеттердің эпизодтық құрылымын осылай түсінуге болады. Осылардың бірінен екіншісіне көшкенде автор да, оқырман да ешбір кедергі сезінбейді. Жүгі ауыр шығарма жеңіл оқылады.

Шығарма ұзақ уақытты, әр тарапты тарихты қамтыса да, жан-жаққа шашырамай, жинақы әдеби желіге мықтап байлануымен ұтымды шыққан. Айталық, бірінші кітап, соның алдында ғана Кенесары қазасының бас кінәгері де, куәгері де болған қырғыз Орманбет манаптың сауын айтуымен оның шешесінің асына шақырылған Тезек төремен ілесіп барған Сүйінбай ақынның қырғыз Қатағанмен айтысқа түсуінен басталып, соңында оны жерге кіргізгендей етіп жеңуімен аяқталады. Осы екі арада қазақтың бүкіл тарихы автордың көркем тілімен көз алдан өтеді, «Қырғызды барып бес шауып, Келтірген аузын тобаға!» (Сүйінбай) – Кенесары, Наурызбай ерлігі де Орманбет, Жантай секілді жаналғыштардың көзінше, алғаш рет Сүйінбай жырымен күллі қырғыз, Алаш жұртының құлағына жетіп, жүрегіне ұялайды. Осылайша Сүйінбайдың Қатағанмен айтысы өзінше бір тарих сотының рөлін атқарып, Кенесары көтерілісіне ең алғашқы тарихи баға берілген процесске айналады. Батырдың басын шапқандар (Орманбет, Жантай, т.б.) ақын сөзіне қарсы бір ауыз уәж айта алмай, қылмыстарын іштей мойындағаны аңғарылады.

Бұл – роман авторының да өте сәтті шешімі болып шыққан. Яғни Кенесары тұлғасы мен оның трагедиялық тағдырына қатысты ақиқат ешбір дау-дамайсыз сол кездің өзінде-ақ айқын болғаны сезіледі. Орманбеттің Сүйінбайдың жеңгенін мойындап, оны мол тарту-таралғымен аттандыруының өзі де – бір жағынан, Кенесары мен қазақ халқының алдындағы айыбын мойындағаны деп түсінеміз. Ендеше тарихи шындықты жасырып-жаппай, ашық айтудың бүгінде ешқандай ыңғайсыздығы жоқ деген ой туады. Шынында, «көңіл кірі – айтса кетеді» емес пе?!

Екінші кітап Кенесары қозғалысымен ниеттес болған Орта жүз Матай руының биі Дөсетұлы Тәнекені таныстырудан басталып, соңында сол Тәнекенің қырғыз манаптарынан Кенесары, Наурызбай қазасының кегін қайтарған әрекетімен аяқталды. Осы екі арада түгелімен Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры тарихи-әдеби желі тартып баян етіледі. Осылайша автор шығарманың көркемдік кілтін дұрыс таба білген. Тарихи шындықты айту реніш тудырмасқа керек. Оның үстіне, Кенесары мен Наурызбайдың қырғыз манаптарының қолынан ажал құшқаны, арадағы өзара шапқыншылық жағдайлар айтылмай жүрген жайт та емес. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың, кейінгі кезеңінде жоңғарға қарсы азаттық соғысына атсалыспай, керісінше Ресей бодандығына жол ашып бергені, Ұлы жүз батыры Сыпатайдың да жеме-жемге келгенде ұлттық мүддені сатып, Кенесарыға опық жегізіп кетуі де – тарихи шындық. Романда ақиқаттың ашып айтылғаны айып болмасқа керек.

Роман-дилогияның композициялық тұтастығын айттық. Осыған орай тартымды оқылады. Көркемдік құрылымында одырайып тұрған олпы-солпы ештеңе жоқ. Әсіресе роман тілі қалай мақтауға да тұрарлық. Егер прозаны поэзиямен салыстыруға болатын болса, онда бұл шығарманы, ұлттың тіл нәрінің қоюлығы жағынан, Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасымен теңдестіріп баға берер едім. Оқып көріңіз, бұл асырып айтқандық емес екеніне көзіңіз жетеді. Бүгінгі таң авторының бұрын-соңды жазушылардың аузына түспеген ұлттық танымдағы түпнұсқа теңеулерді «топырлатып» өте сәтті қолдана білетініне айызыңыз қанады. Мысалы, «қырық темірдің қылауындай», «көңге айналған тулақтай», «кеудесіне біз қадап жатқандай», «түлкіге ғана шабатын ши тазыдай», «қойға кірген бөрідей», «уық пен керегенің басындай тұтасып», «найзаларын оқ жыланның басындай қадады» …осылай кете береді. Ал «табалдырықтан биік тау жоқ, ағайыннан асқан жау жоқ», «ырыссыз елдің ері апанға шабады» секілді мақал-мәтелдер шығармада суреттелетін оқиғаның өзегімен қамшының өріміндей жымдасып кетеді. Сондай-ақ «ертауыл», «жеңсіз кебе», «еметайы езіле», «ақылды аңылжытар», «секемал жұрт» секілді екінің бірінің аузына түспейтін шалғыны жапырылмаған ұлттық тілдің шашақты көк майсасы да біздің «түк көрмеген» көзімізді ықтиярсыз тұндырып, тұнығына батырғандай.

Екінші кітаптың «Кенесарының жеңілуі – етектен тартқан иттердің, сатқындықтың салдары» деген Жамбыл даңғылдың сөзімен басталып, Шоқанның Қашқар сапарына кетіп бара жатып жолшыбай Матайдың биі Тәнеке батырмен кездесіп пікірлескен бір сәтінде айтқан: «Кенесарының Қазақ хандығын қорғаштап теңдік іздегені – тұтастай халықты қорғағаны. Халыққа араша түскен олар билік дәуренін сақтап қалуды мақсат тұтынды, елін арам ниеттілердің арасына тастап, қор еткісі келмеді. Келешекке ешкімге құл болмай барсын деп ойлады» деген сөздерімен аяқталуында да үлкен символикалық мағына жатыр деп ойлауға болады. Осының бәрі роман деп аталатын әдеби ғимараттың керегесі, уығы, шаңырағы секілді, әрқайсысы өз орнын тауып тұрғаны анық.

Патша өкіметі уәде еткен шен-шекпен мен күміс ақшаға қызыққан қырғыз манаптары Кенесары мен Наурызбайдың ғана емес, олармен бірге қолға түскен батырлардың барлығының басын шапқаны белгілі. Бұл трагедия үшін тек қырғыз манаптарын кінәлап қою жеткіліксіз. Ең үлкен кінә – қазақтың өзінің ауыз бірлігінің жоқтығында. Романның көркемдік-идеялық концепциясы оқырманға осыны ұқтырды. Өйткені «Жаугершілікте шейітке айналған қабірдегілердің бассыз болғаны түсінікті, фәнидегілердің бассыз болғаны – үрейлі. Бассыз қоғам жылжыған жылдардың ауанымен ілгерілеп барады. Ал басты табу – ең күрделі шаруа …». Роман-дилогияның соңғы нүктесі осы сөздермен қойылған. Ал біз Кенесары армандаған тәуелсіздікке жеттік. Бірақ басты таптық па? Айтпақшы, қай басты? Кенесарының ба, әлде…?

Шоқан Уәлиханов, романдағы, Тәнеке батырмен сол жолыққанында Кенесарының басы «Эрмитажда» деген екен. Бірақ кейінгі кездегі елдің сөзі Кенесарының басы Эрмитажда да жоқ дегенді айтады. Демек, Кенесарының басын әлі тапқан жоқпыз. Ал романның соңғы сөйлемінде айтылатын «бассыз салтатының елесі кезіп жүрген» қоғамның «басы» туралы не айта аламыз? Шынында да бұл – ең күрделі сұрақ. Бұл сұраққа жауап беру үшін де бас керек. Роман оқырманды осы сұрақтың жауабын іздеуге ес қатады. Бір шығармаға олқы жүк емес. Оның салмағын сезіну – біздің, оқырманның өзіне сын.

P.S. Шынымды айтсам, мен алдыма романды мақтап шығайын деген мақсат қойған жоқпын. Керісінше, әлі кітап болып шықпаған қолжазбаның сапасын жақсарта түсетіндей пікір айтқым келді. Бірақ сүйсініп ішуге болатын тамақты қайта пісірудің қажеті бар ма? Осы себептен де менің пікірім авторға арналған ескертпе-кеңес емес, шығарма туралы шағын түсініктеме болып шықты. Сонда қалай? «Мін жоқ па?» дер, бәлкім. Бұған айтар жауабым: сұлулықта шек болмайды. Оның түрі мен түсі, қыры мен сыны, құрылысы мен құбылысы сан алуан. Адамның тойымсыз көзі мен нысапсыз көңілін «тұтқындап» алатын да – осы сан алуандық. Ал сұлулық пен жақсылық – егіз ұғым, біріне бірі синоним. Мәселен, біз сөз етіп отырған романның композициясы мен сюжетін басқаша, тіпті бір емес, әлденеше түрде құруға болар. Тек оқырман сүйсініп оқитындай тартымды, жақсы болса болғаны. Автордың бұл нұсқасы – сол сан алуанның сәтті шыққан бір түрі деп білеміз. Ал романның тіліне келетін болсақ, ол көп жазушыда кездесе бермейтіндей тұшымды-ақ. Былайша айтқанда, тілі тіл үйіреді. Және ол – зорлықпен ойдан құрастырылған сөздер емес, шығарманың өз табиғатынан туып, ұлттық танымның терең қайнарынан шымырлап шығып жатқан тіл. Осы қасиетімен-ақ ол, әсіресе бүгінгідей жазба тіліміз тым қарадүрсінденіп, жұтаңдап бара жатқан уақытта, әдебиетіміздің алтын қорына қосылуға лайық роман деп ойлаймын. Жас шәкірттер де оқулықтардан осындай озық туындылармен сусындап жатса құба-құп. Түбінде солай болатынына сенеміз.

Авторға тілегім: осы биігіңнен төмендеме!

Ғұсман Жандыбаев,

ақын, Халықаралық әдеби

«Алаш» сыйлығының лауреаты

2019 жылғы 26 қазан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар