Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Кенжекейім бір төбе......

14.11.2022 1806

Кенжекейім бір төбе... 14+

Кенжекейім бір төбе... - adebiportal.kz

Түрік халықтары ертегілеріндегі «Кенже бала» пайымы

 

Текті ата, бағызы жұрт түрік халқының дүние танымында, біз жоғалтып алған, біз ұмыт қалдырған, біз қалпына келтіре алмай алашапқын болып жүрген рухани жәдігерлер қанша ма? Біздің сап алтындай сонау бағзы дәуірден жалғасып келе жатқан құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз, тіліміз, дініміз, діліміз ХХ ғасырдың бел ортасынан бастап жат жұрттың шапқыншылығынан орны толмас ойранға ұшырай бастады. Сөйтсе де халық руханиятының сөнбес шырағындай болып келген ауыз әдебиетіміз, әсіресе ертегілер, ескі жырлар тарихи жадымыздағы кейбір ұйықтап кеткен түйсік-танымдарымызды оятуға үнемі түрткі болып келеді. Сол танымның негізінде түркі жұртының бір қолдың бес саласындай бірігу процесі жүріп жатқаны да анық. Түрік халықтарына тән фольклорлық мұраларда, түрік жұртын құраған ұлттар мен ұлыстардың ортақ төл мәдениеті, біртұтас байырғы өркениеті жатқаны сөзсіз. Соның бір саласы – ауыз әдебиетіндегі ұрпақ мәселесі. Әсіресе, қара шаңырақтың тіреуі, тұтас әулеттің ұйтқысы болған кенже бала пайымы. Біз осыдан бұрынғы жазбаларымызда бұл туралы біршама сөз еткенбіз. Ендігі сөздің бір парасы қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтары ертегілерінде кездесетін кенже қаһарман туралы ойдың өзегі болмақ. 

 

Туыстас қырығыз халқының ертегіліріне қарасақ. «Асан мен Үсен» ертегісінде Сұлушаш  атты жесір әйелдің Асан және Үсен деген екі баласы болады. Сұлушаштың сұлулығына қызыққан хан оны алам десе Сұлушаш оған көнбейді. Ашуланған хан күйеуінен қалған мал-мүлкін, қора-жайын тартып алады. Осылай уақиға ары қарай дамып, жетім балалар мен жесір әйел озбыр ханның кесірінен далада қалып, қиыншылыққа толы күндері басаталады. Тек дәтке қуат болып, бір тауықтың жұмыртқасымен күн көруге мәжбүр болады.  Қытымыр хан өзі ойрандап кеткен Сұлушаштың күркесіне келіп, тауықты көреді де оны сойып, асып бер дейді де ұйықтап қалады. Сұлушаш жылай-жылай амалсыз тауықты сойып пісіріп жатқан да тамақ сұрап екі баласы келеді. Жесір әйел ұлы Асанға жүрегін, Үсенге бауырын береді. Ұйқыдан тұрған хан еттің арасынан жүрегі мен бауыры қайда деп сұраса, әйел оларды балалары жеп қойғанын айтады. Хан енді оларды өлтіріп жүрегі мен бауырын алып бер деп қасапшыны жұмсайды. Қайырымды қасапшы екі баланы тірі қалдырады да, екі мысықты өлтіріп, жүрегі мен бауырын апарып береді. Мысықтың жүрегі мен бауырын жеген хан үш күн өтпей жынданып ауырып өледі. 

Қасапшыдан құтылған екі бала өз беттерімен дала кезіп, бас ауған жаққа кете береді. Әбден шөлдеп, шарашаған Асан мен Үсен бір құдыққа келіп су іше аламай көп әуреленеді. Асан қамыстан жіп есіп Үсенді құдыққа түсіреді. Шөл қысқан Үсен қарыны сыздағанша су ішіп, Асан шығарып алмақшы болғанда қамыс үзіліп Үсен құдық ішінде қалады. Амлалы құрыған Асан жылап-жылап құдықтың қасындағы теректің түбіне келіп ұйықтап қалады. Сол маңда бір хан өлген екен де, соның құсын ұшырып, құс кімнің басына қонса сал хан болсын деген өсиет қалдырыпты. Құс ұшып отырып Асан ұйықтап жатқан теректің басына қонған екен. Сонымен жиналған жұрт Асанды хан етіп сайлап алып кетеді де, Үсен құдықта ұмыт қалады. 

Кенже бала Үсен таң атқанша құдықта отырады. Ертеңінде су алғалы бір шал келіп қараса, құдық түбіндегі баланы көріп арқан тасатап, баланы құтқарып алып асырап алады. Шал мен кемпірі Үсеннің түкірігі күміс екенін байқап, оны жинап сатып байып кетеді. Осылай шал мен кемпірге бала болған Үсен, бір күні кеште қала ішінен шығатын шуды естіп, атасынан сұраса, атасы оның құмар деген жаман нәрсе екенін ескертіп, алыс жүруін қадағалап айтады. Бірақ Үсен атасы мен әжесі ұйықтап жатқанда әлгі шуылдаған дауыс шыққан жерге барады да, құмаршы Мысқал деген қыздың барлық дүниесін ұтып алады. Енді Мысқал Үсенді азғырып оған шарап беріп мас қылып, құстырады да, тауықтың бауырын шәйіп жіберіп, жұтып алады да, Үсенмен қайта ұтысып оны қайтадын тақырға отырғызады. 

Ата-әжесіне қарауға беті жоқ Үсен қаладан шығып бара жатқанда төбелесіп жатқан үш жігіттің үстінен түседі де, себебін сұрайды. Осылайша олардың таласып жүрген ұшатын таяғын, толатын сабасын мен дастарқанын Алдар көсе сияқты алдап қолға түсіреді. Дереу таяққа талабын айтып, Мысқалдан есесін алу үшін оны қасына алдыртып, мас қылып тауықың бауырын қайта жұтып алып, оны тағы ұтып алады. Мысқал енді не істерін білмей Үсенге шарап бере бастайды, бірақ Үсен құспай қояды. Амалы құрыған Мысқал таяқпен ұшып еліне кетіп қалады. Оянған Үсен өзінің қылығына қатты өкінеді. Тағыда жолға шығады. Жолда бір топ теректің түбінде отырғанда, терекке үш көкершін келіп қонады. Оларды әңгімесінен үш теректегі үш алманың үш түрлі қасиетін естіп алып, үш алманы алып қалаға келеді. Ақ  және қызыл алманы иіскетіп адамдар жасартып жүреді. Өзін іздеп келген Мысқалға көк алманы иіскетіп оны әбден алжыған көкбет долы кемпір етіп жібереді. Енді өзіне жалынған Мысқалдың уәдесін алып, оны жасартып, таяғына отырып ағасын тауып алып, Мысқалды оған қосады да, өзінің анасын, ата-әжесін бағып-қағып бақытты күн кешеді. Қырғыз халқының кенже бала образын бейнелейтін «Асан мен Үсен» ертегісінің негізгі мазмұны осылай.

Әр қашан ертегілер жамандық тарату үшін құрылмайтыны шындық. Қырғыз халқының бұл ертегісін де бір келісіпейтін жері Үсен мен қыздың құмар ойнап, қайта-қайта шарап ішіп, бірін-бірі мас қылатын жері. Ертегінің көркемдік құрлымы ондай шымыр емес, сюжет қалай болса салай дамиды. Кейде Алдар көсенің қулығы да жүреді. Ертегі бертін тіпті ХХ ғасыр шамасында шыққан ба деген ой келеді. Шарап ішу, құмар ойнау көшпенділерде болмаған дүние екенін ескерсек, дәл мына ертегінің мерізімін арыға созыудың реті жоқ. Ертегі басталғанда ханнан жәбір көрген екі жетім мен жесір әйелдің ауыр қалі кісіні біраз елеңдетсе де бұл қиындық соңына қарай ұмыт болып, ертегі атмосферасы басқа бағытқа ауысады. Ертегі біздің тақырыпқа қатысыты болғасын осындай да кенжелердің бар екенін көрсете кетуді жөн көрдік. Әлде қырғыздарда қазақтар секіліді кенженің шынайы маңызы болмағасын онша мән бере бермей ме, әлде құмарпаздықтан тиямын деген адамның ізгілікті ойының жемісі ме. Қалай десек те, хан болған ағасын тағы да кенжесі өзі іздеп тауып, оған әйел алып беріп, ата-анасына қарайласатын да кенже. Қалай болса да бүкіл ертегі уақиғасы кенже үстіне құрылады, қашанда соңында кенженің жеңісімен ертегі аяқтап отырады.

Келесі ертегі «Береке, Тұреке, Құреке» бұл ертегіде кәдімгі өмір сүріп жатқан кемпір мен шалыдың үш ұлының бастан кешкендері баяндалады. Ағасы – Құлеке, ортаншысы – Тұреке, кенжесі – Береке (Бұл жерден пайымдайтынымыз, кенже балалар есімінің қашан да символикалық мәні болады). Бұл ертегі де кемпір мен шалыдң балаларын шақырып алып өтініш айтуымен басталады. Шал мен кемпір өздерінің қартайғанын айтып, балаларына лайықты жар тауып алыңдар деп бірінші сапарға үлкен ұлы Құлекені жібереді. Ертегінің сюжетіне сай кенже болған жерде үлкен ұлдың жолы ауыр, ол елге де жақпайды, қызға да жақпайды. Үміті үзіліп қайтып келе жатқанда бойы бір қарыс, сақалы бес қарыс шал кездесіп, оның айтуымен соңынан еріп, көтер деген тасын көтере аламай, шалдан сөз естіп, үйіне қайтады. Келесі ортаншы ұлы Тұреке де үлкен ағасының ісін қайталап, құралақан болып үйіне қайтады. Енді шал мен кемпір ақылдасып кішісі Берекені қалыңдық іздеуге жібереді. Ол да жолдан баяғы шалға кездесіп, шал оны жол айырығындағы қара тасқа апарады. Береке қара тасты қолының үшімен ақ қопарып тасатйды. Сөйтсе, тастың астында жер астына түсетін тесік бар екен. Шал оған арқанман жер астына түсуін, түскесін онда үш ханның елі бар екенін, әрі олардың үш қызы бар,- дейді де Берекені түсіріп жібереді

Осы жерден Ер Төстік сияқты жер астына ерлік іздеп емес,  қыз іздеп түскен кенже жігіт миссиясын бастайды. Алғаш ханның үйіне келсе, онда сұлу қыз жалғыз отырады. Онымен танысып, әңгімелескесін, өзіне қалыңдық болуын айтады. Бірақ, ханның қызы өзінің жігітке лайықты  емес екенін, бұдан ары жүрсең өзінен асқан тағы бір ханның сұлу қызы бар екенін айтып, қолындағы жез сақинасын жігітке сыйлайды.

Кенже жігіт жеті күн, жеті түн жүріп екінші ханның үйіне келсе, онда да ай мен күндей сұлу қыз жалғыз отырады. Онымен де жігіт танысып, әңгімелесіп, екінші сұлуға да талабын айтады. Бірақ бұл қыз да бірінші қыз айтқанды қайталап, бұдан ары жүрсең меннен де асқан тағы бір сұлу бар, сол лайық деп қолындағы күміс сақинасын сыйлайды. 

Береке тағы жеті күн, жеті түн жүріп отырып үшінші ханның үйіне келегнде, қыздың сұлулығынан көз шағылысып ештемені көре алмай қалады. Бұл қызбен де танысып, сырласқан соң кенже талабын айтады. Қыз көнеді. Қыз алтын сақинасын беріп, екеуі қол ұстасып жолға шығады. Басында келтірген татар халқының «Ақ бөрі» ертегісіндегі сияқты, Береке жолай күміс сақина береген, жез сақина берген екі қызды да қосып алып жер бетіне шығатын тесікке келсе, екі ағасы да Берекені іздеп сол жерде келген екен.

Екі ағасы арқанды тартып үш қызыды шығарып алады да төртінші кезекте шығып келе жатқан туған бауырларын арқанды қиып жердің астында қалдырады. Бұл сөссіз ислам дінінің әсері, яғни ислам қиссаларының ықпалы. Ислам көбінде адам баласының пенделік, күнәһарлығымен күресетіндіктен, осындай адам бойындағы пасықтықтарды ашып айту, оны жеңу турасындағы қиссалар көптеп кездеседі. Енді Берекенің жер астындағы екініші сапары басталады. Не істерін білмей дағдарып тұрған балаға баяғы бойы бір қарыс, сақалы бес қарыс шал кезедседі де, жер үстіне шығуға көмектесетін тағы бір шалға жол сілтейді. Береке тағы жеті күн, жеті түн жүріп шалға келіп, басындағы қиын жағдайды айтады. Шал оны бір айлық жерде бір жез тырнақ тұрады, оның алып қара құсы бар, бір алып шықса жер бетіне сені сол алып шығады дейді.

Айшылық жолды алты күнде басқан кенже бала жез тырнаққа күш көрсіп алып қара құсты маған бер дейді. Жез тырнақ балаға отыз қамбасының кілтін беріп өзің тауып ал дейді. Бала әр қамбаны ашқан сайын жыртқыштар шығып, балаға тап береді. Бала бірден-бірден өлтіріп отырады. Ослайша отызыншы қамбаны ашқанында алып қара құс шығады да, баланы жер бетіне қарай алып ұшады. Ағалар кесірінен көптеген әуре-сарсаңға түскен кенже ақыры өзіне алтын сақина берген сұлумен үйленіп, бақытты ғұмыр кешеді. 

Ер Төстік ертегісінің және сол сияқты көптген ертегіде кездесетін, жер асты, жер үсті сынды ортақ сюжетердің кейбір негізгі детельдарын алған бұл ертегі біршама көркемдік деңгейге көтерілген. Бірақ уақиғалар арсындағы кідірістер, кейіпкерлер арсындағы көлегейліктер кездеселеі. Тіпті, кейбір сюжеттер асығыстықпен құрылған. Мүмкін толық нұсқасы да болу керек. Мәселен адам жоқ, жан жоқ хан қызының жалғыз отыруы. Әр қызыдың оңай мақұл боласалуы, ол аз болғандай жез тырнаққа кенже батырдың күш қылып, онымен ұрыспай, соғыспай қара құс қамалған қамбаның кілтін оңай алуы, бәрі-бәрі ертегінің шикілеу нұсқасы болмаса өзі піспеген ертегі. 

Байқағанымыздай ертегінің жалпы барыснда ағаларына қарағанда кенженің іс-қимылы еш мінсіз басталады. Бұл ертегі де дәстүрді бұзбастан ағларын мұқатып, кенжесін үстемге шығарады. Бірінші талап, қара тасты жылжыту. Екі ағасы қозғай алмағасын бойы бір қарыс шал қуып жібереді. Ал кенженің орны басқа бірақ бұл кенженің туылу, өсу ерекшеліктері айтылмайыд. Бірден тасты қопарып алғанда ғана оның талайы басқаша екені  анықталады. Одан арғысы түсінікті кенженің ағалары үшін қалыңдық іздеуіне ұласады. Сөйтіп, арып-ашып бәрі үшін күресіп жүрген кенжеге жеме-жемге келгенде, іштарлықпен опасызыдық жасайды. 

Дәл осы жердегі ағаларының ниеті кейін қосылған сюжет болуы мүмкін. Ерте түркілік кезеңде пайда болған ертегілерде ағайындар ара араздық бола бермейді. Тіпті пенделікпен бірін-бірі күндеп жатпайды. Ал мына ертегіге әкелгенде ең соңында жапсыра салғанаға ұқсайды. Ерте түркілерде кенжені көтермелеудің өзі ағайындылар арсаынлдағы бірліктің күштілігінен болды. Шаңырақты сыйлаған екенсің оның егесін де сыйлауың керек болады. Басында келтірген «Күлтегін» мен «Оғыз Ұшан баласы Секрек туралы жыр» екеуін дәлел етуге болар. Келесі кенже Берекенің жыртқыштармен айқасы барысында қылышын алып дейді, қайдан пайда бола кеткен қылыш екені белгісіз яғни біздің батырымыз үйінен бес қаруын сайлап жауға аттанбаған қайта қалыңдық іздеуге шыққан жоқ емес  пе еді. Осындай, осындай ертегінің қисынсыз жерлері кездесіп жатса да кенженің бәрбір жұлдызы жарық. Айы оңынан, жұлдызы солынан туып ертегідегі бас қаһармадық орнын өгейсітпейді. Ертегінің өн-бойына өзінің іс-әрекетін баяндатып, оқыған жанның көңіл құрышын қандырмай, риза етпей қоймайды. 

«Манас» сынды алып жырды тудырған халықтың фольклорын біз кедей деп айта алмаймыз. Әлкей Марғұлан айтқандай «Манас» жырының ішінде «Ер Төстіктің» жыр нұсқасының көбі жүр дегенін ескерсек, қазақ-қырғыз фольклорының тым тығыз екенін аңғарамыз. Тіпті сюжет ұқсастығын айтпағанда, басы бүтін дүниелердің екі халыққа ортақ болып кеткен тұстары жетерлік.

Ендігі кезекте Шыңжаңда ежелгі мекенінде жатқан, қазақ топырағының Алматы жағына қоныс тепкен ежелгі түркі халықтарының бірі – ұйғыр ертегілерінде кенже бала образына қаншалықты орын бергенін шолып өтсек. Бінші ертегі «Кәнжә» қазақша «Кенже». Ертегінің қалыптасқан басталу жүлгесіне сай ерете өткен бір момын ерлі-зайыптылардың үш ұлы болады. Олар ұлдарын еңбекқор етіп тәрбиелейді. Ағайынды үшеуі бірін-бірі өте жақсы көріп өседі. Бір күні әкелері қайтыс болып, үлкен ағалары анасының және екі інісінің қамын ойлап, бір шаһардағы Сұлтан деген байға жұмысқа жалданады. Бірақ бай балаға еңбек ақысын бір жыл жұмысты бітірген соң беремін деп оны жұмысқа салады. Бала күн істейді, ай істейді уәделі уақыты болғанда бай оны өлтіріп тастайды. Екіншісін де сондай жағдайға ұшыратып опат қылыған екен.

Дәл осы сюжеттің қазақ ертегілері арасында кездесетін екі-үш түрі бар. Әсіресе «Тазша бала»деген ертегімен осы «Кенже» сюжетінің құрлысы, даму барысы бірдей. Яғни екі ағасын өлтірген зұлым байдан кенжесі есебін тауып есесін қайтарады. Әрі байдың өзін мерт етеді. Дәл осы жерден қазаққа ұйғыр алыс, қырғыз жақын деп айтудың мәнісі аздау. Кешегі кеңестік қызыл үкімет келмей тұрғанда жалпы түркілерге ортақ болған шағатай тілі әр ұлыстың әдеби-мәдени байланысын бұзбай сақтап тұрған. Өзара ықпалдастықтың бұдан артық қандай үлгісі болсын. Ары қарай ертегімізді жалғасақ. Кезек кенжеге келгенде, кенжесі ағаларының кегін алмақшы болса, анасы оны жібергісі келмепті. Баласы қалайда баратынын айтып райынан қайтпағасын, анасы амалсыз мақұлдығын беріпті. Ағалары сияқты баймен келісіп жұмысқа кіріседі. Уәделеі уақыты болғанда байдан жалақысын сұраса бай одан жоқтан өзгені талап етеді. Бұдан әрі кенжемен байдың тартысы өрбиді. Абырой болғанда байдың қызы кенжеге ақыл қосып байды жеңіп шығуға көмектеседі. Бейне батырлар жырындағы секілді, жау қолына түскен батырға ғашық болған ханның қызы батырдың зынданнан қашып шығуына көмектесетіндей. Ақырында бағы зор кенже өзінің нағыз қаһарман екенін тағыда дәлеледеп, байдан екі ағасының кегін қайтарады. Ізгілік зұлымдықты жеңетін әділетті формулаға сәйкес, қашанда арамдықтың ұзаққа апармайтынын, жамандық айналып өз басынын табатынын ертегінің өн-бойынан көрініп тұрады. Сондай тату-тәтті отбасының ойранын шығарған бай, ақыры өз қызының қолынан құрдымға кетеді. Қай ертегінің де тәрбиелік маңызы зор екенін ескерсек, етегі арқылы жан дүниеміздің қалғып кете беретін адамдық қасиеттерді сілкуге септігі көп-ақ. 

«Әшейин таз» бұл ертегі де бір кембағалдың үш ұлы туралы ертек. Оларыдң әкелері кедейлігіне қарамай балаларын қиыншылық көрсетпей өсіреді. Бірақ үлкен екі ағасы дайын асқа, тік қасық болып, кенжесі қанағатшыл, еңбекқор болады. Бірақ, бір міні басы таз болады. Сонысын ағалары мазақтап «Әшейин таз» деп атап, мазақтап қорлайтын. Қараңыз бұл ертегі алдыңғы ертегіге қарама-қарсысы, алдыңғы ертегідегі үш ағайынды өте тату болса, бұл ертегі де керісінше, екі ағасы кенже інісін қорлауға дайын тұрады. Әкесін құсадан өлтірген екі ағасының опасыздығынан ақыры кенже үйден безіп, сапар шегуге мәжбүр болады. Басына не келсе де құдайдың салғанын көреміз деп жүре беретін Әшейин таз келесі бір шаһарға келгенде өзін бақыт күтіп тұрғанын білді ме екен. Жолдан-жол, уақиғадан-уақиғаға ауысып отыратын кенжелердың қилы тағдыр, қиындық пен даңыққа толы болатыны белгілі жайт қой.  

Шаһар патшасының ат қосшысы болып жүріп, тәлейі оңынан жанып тағы бір шаһар патшасының қызын алып қашыуы. Ол қызыдың ақылы арқылы дәулеттене бастаған Әшейінді біреулердің күндеп, патшаға жамандауы, патшаның таздың әйелін көріп, оған іштарлық қылып қиын сапарларға жұмсауы бәрі-бәрі кенженің басынан өтуге тиісті қалыптасқан дағдылы уақиғалар желісі еді. Осындай қиын тапсырмалардан кенже бала ақылды әйелінің көмегімен сүрінбей өтіп отырады. Әшейін таздың әйелін қайтсем қолға түсіремін деген арам ниет ханның ойы әр жолы іске аспағанына ол амалы құрып, салы суға кетсе де, қалайда Әшейіннің көзін құртудың жоспарын құра беріпті. Біресе құс алып кел, біресе қасиеті бар сиырды алып кел деуден тайынбайды. Ақыры ниеті арам хан уәзірлерімен қоса өзі Әшейінді жұмсап әкелген сиырдан жазым болып, о дүниеге аттанады. Ал, біздің кенже батырымыз әрі сұлу, әрі ақылды әйелімен қартайғанша бақытты ғұмыр кешеді. 

Қазақ ертегілерінде осы секілді ертегілер сюжеті көптеп кездеседі. Кенжелердің не әкесі, не ағалары, не өгей аналары, не зұлым байдың кесірінен үйден безіуі; шаһар сыртында тұрғанда қыздың өзі қаштық деп атына мінгесіп алуы; не хан әйелді тартып алмақ болып әр түрлі қиын тапсырмалрға жұмсауы; кенженің әйеліне болмаса басқа көмекшісіне қайғырып келуі; ақылды әйелінің (бөрінің, түлкінің т.б) әр түрлі көмекші күштердің көмегімен қиындықтан құтылуы; ханды батыр алып келген сиқыршы қыз болмаса осы ертегідегі сияқты жануарлардың мерт етуі сынды қайталанбалы сюжеттер барлық ертегіде бірдей жүрмесе де, ұқсас сюжеттің өзара алмасып жүруі заңдылық. Қалай болса да, ертегі толық ертегілік өлшемге толу үшін, кейде басқа ертегіден сюжет қажетсінетін шығар. Сол үшін ортақ сюжеттердің туысқан халықтар арасында ауысып жүруі табиғи кеп деп қабылдаған жөн. Бұл түркі халықтарының тамыры мен танымы бір екенін нақтылай түсетіні анық. Түркілік әлем, түркілік дүние тарихқа өзінің төл фольклорын жасауда ұялмайтындай деңгейде рухани байлық жасағанын осы бір ертегілерімен-ақ дәлелдей алады. Отарлық үстемдіктің кесірінен бір-бірімен жат болып кеткен түркі тілдес халықтар, соңғы ширек ғасырда өлгені тіріліп, өшкені жанып жатқаны шындық. Соңғы кезде түркілердің ескіні қайта жаңғыртуы ерекше серпін алып жатыр. Біз ағайндар арасы қанша алыстады десек те, ортақ фольклорымыз, ортақ құндылықтарымыз арамыздың мүлде ажырамағнына айғақ болып отыр. Себебі, қарастырып өткен ертегілеріміздің ешқайсысы еш түрік ұлыстарына жат емес. Бұл тек бір-екі мысал ғана, бір кенже балаға байланысты барлық ертегілерді жинақтасақ, оның өзі қаншама томға жетері анық. Кейінгі жылдары шыққын «Бабалар сөзі» 100 томдығының ішінде қаншама дүние бәрімізге ортық. Осылай бүкіл түркілер фольклорын жинақтап көріңіз. Әлемде ешбір халық ондай рухани қорды еш жерден таппас. 

Жоғары да үш-төрт туысқан ұлт ертегілерінде кездесетін кенжелерге тоқталдық. Олардың да фольклорында «Кенже бала» сынды қаһармандар маңызыды орындарда екенініне азда болса мысалдар келтірдік. Енді қазақ ертегілеріндегі кенже батырларға тоқтала кетсек. «Алытын құс пен сұр қасқыр» ертегісінің кейбір тұстары жоғарда келтірген «Қыршаңқы тай» ертегісіне ұқсап қалса,  кейбір жеріндегі қасқырдың қамқорлығы «Ақ бөріге» келеді. Бұл ертегілердің бәрін де де кенже батыр образы бір қалыптан шыққандай. «Алтын құс пен сұр қасқыр» ертегісі әдеттегідей бір патшаның үш ұлы болады деп басталады. Содан ары қарай ертегінің уақиғасы өрбуіне себепші болған, патшаның өзі керемет жақсы көретін бір алма ағашының алтын, күміс болып пісетін алмаларын түнде келіп бір құс шұқып жеп, жемегенін үзіп кетіп отырады екен деп жалғасады. Бұл жерде ертегідегі кенженің белгісіз сапарға шығуына алғы шарттар дайындалып болады. Енді тек өз реті келгенде жолға шығу болмаса басқа тапсырма орындауы қалады. Осылай кенженің келесі ертегідегі ерлігі басталады. Басталған жерден-ақ кенже ұл екі ағасынан артықшылығымен дараланады. Кейбір ертегі де кейде үшеуі бірге шығады, кейде бөлек шығады. Әрине қалай шықса да, көмекші күштер кенжені сынап, оған жәрдемдеседі. Тақырып айтып тұрғандай, сұр қасқыр кенженің атын жеп қояды да, оның мырзалығына риза болып қандай көмек керек екенін сұрайды. Өйткені сұр қасқыр балаға қарыздар болып қалған еді (бұлда бар алғы шарттардың бірі). Кенже атасының бір алтын құсты ұстап келуі туралы тапсырма бергенін айтады. Ал көмекші касқыр ол құсты білмек түгіл, нені алу, нені алмау керек екеніне дейін білетін болып шығаыды. Ат орнына ат болған, ақылшы орнына ақылшы болған қасқыр бұдан кейін де ертегінің өн-бойына өзінің ықпалын жүргізеді. Яғни, қасқыр айтушы, ескертуші, қолдаушы есебінде. Бала істеуші, атқарушы кейпінде. Бұл тек осы ертегіде ғана емес басқа көптеген ертегілер де кездесетін сарын. Мысалы қасқыр балаға алтын құсаты аларда оның қасында ілулі тұрған алтын қапасқа тиме, тисең қор болғаның деп шектесе де, бала қайта-қайта қасқырды тыңдамай, тиме деген дүниеге тисіп қояды да, басына әуре тапқанымен қоймай жаңа міндеттер жүктеп алады. Осылай кенже батыр патша атасының айтқан алтын құсын алмақшы болған кезде, алтын қапасқа тисіп қойып масқара болады. Ақыры қолға түскен бала бұл патшадан алтын құсты алу үшін, алтын жалды айғырды әкеліп беруге уәделеседі. Келіп сұр қасқырға жағдайды айтады. Қасқыр бала кейісе де, не болса да жазғанын көреміз деп, баланы арқасына мінгізіп алып, келесі тапсырмаға аттанып кетеді. Бұл жолыда алытн жалды айғырдың қасындағы алтын жүгенге тимеуді айтады. Қасқыр бала соған әдейі тиіссін дегендей. Ақыры не керек, бала атты табуын табады. Бірақ қасқыр айтқан сөзді тыңдамай тағыда қиын жағдайда қалады. Ол елдің патшасы да балаға жаңа талап қойып, бір алыс патшалықта сұлу қыз бар, егер сол сұлу ықзыды әкеліп берсең саған атты беремін дейді. Бала қасқырға тағы келеді. Не болса да көреміз дейді де, әлгі қызға кетеді. Бұл жолы қасқыр кенжеге еш талап айтпастан қызды өзі алып қашатынын айтады. Қарап отырсақ сұр қасқыр, қырғыз халқының «Береке, Тұреке, Құлеке» ертегісіндегі бойы бір қарыс шал сияқты батырдың жебеушісі, сүйген жарына қосушы дәнекері спеттес қызмет атқарады. Осы соңғы тапсырма барысында қасқырдың кенже батырға ештеңе ескертпеуінен оның мақсаты айқындалып қалады. Яғни кенжені бақытқа жеткізу. 

Алтынмен қоршалған қамалдан қызды сұр қасқыр өзі алып шығады да бала екеуін арқасына мінгестіріп алып, әлгі алтын жалды айғырдың иесі болған соңғы патшаға келе жатқанда, бала қызға ғашық болып, қасқырға оны патшаға бергісі келмейтіндігін айтады. Сұр қасқырдың қолынан не келмейді, біресе сұлу қыз, біресе алтын жалды ат болып бала тілегін орындап, оны шаһарына жібереді. Жолы болып алтын құс, алтын жалды айғырды, сұлу қызыды алып келе жатқан кенжені екі ағасы көре алмай өлтіріп, барлық еңбекті өздері иемденіп кетпек болады. Бірақ кенже батырды қыз бен қасқыр тағы да құтқарып қалады. Осылай ертегінің бас қаһрманы озіне лайықтап қойған бақытына жетеді. Шынын айтар болсақ, бүкіл ертегі кенже баланың бақыты үшін құрылады. 

Бұл ертегінің кісі аттарына қарап сырттан келген ертегі екенін ажыратуға болады. Ертегінің бұл нұсқасы көркем түрде жазып алынбаған. Тілі ауыр, баяндауы шұбалаңқы, сөйлемдері қабыса бермейді. Бірақ ертегі сюжетіне айтарымыз жоқ. Уақиғаның басталуы да, аяқталуы да шымыр. Әр уақиға өз қисынын тауып жатады. Батырдың себепсіз сапарға шығуы да жоқ. Жалпы ертегі кенже образын көтерген көптеген ертегілердің қатарындағы керемет қиял-ғажайып ертегілердің бірі. Басында айтып кеттік ағалар тарпынан қызғанышқа ұшырайтыны тіпті олардын жазым болып, сұр қасқырдың көмегімен тірілуі бұл ертегінің ежелгі түркілік емес, кейін кірме сюжеттер арқылы жасалған ертегі болуы әбден мүмкін. Мысалға қасқыр бұрыннан келе жатқан ертегі кейіпкері, ал ертегідегі патшалардың есімдері олар кейінгі ислам діні арқылы келген кісі есімдері. Кейбір жеріне «Мың бір түннің» стильдік баяндау сарыны байқалады.

Ертегілердегі кенже бала бейнесі жайындағы ойымызды жинақтасақ, қиял-ғажайып ерегілер туралы академик Сейіт Асқарұлы Қасқабас былай дейді: «Қиял-ғажайып ертегі – қазақ халық әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі. Оның шығу мезгілі – алғашқы қауымдық қоғам дәуірі. Сондықтан ертегінің бұл түрінде адамзаттың ертедегі өмірінің көптеген белгілері сақталған. Мысалы, матриархат заманына тән аналық ру мен көптеген әдет-ғұрыптардың көріністері (дуальдық ұйым, аналық мекен, аналық неке, кувада, авункулат, т.т.), ерте заманғы анимизм, тотемизм, магия сияқты діни нанымдар мен сенімдер. Бірақ көне дәуірдің бұл көріністерін кейінгі заманда халық тек қиял ғана деп түсінген. Сол себепті де ертекшілер әңгімесін «ерте уақытта болған» деп ескертеді. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес, оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым әңгімелер, батырлық ертегілер кездеседі, сондай-ақ тұрмыс-салтты авантюралық шығармалар да ұшырасады. Демек, ертегінің бұл түрі жанр жағынан синкретті». Сол қиял-ғажайып ертегілерінің әр алуандық сипатқа ие кенже балалар кездесетін ертегілердің де жоғарда көргеніміздей сюжет ауысып жататын жағдайлар көптеп кездеседі. Ертегілер халықтық сипат алған, халықтың өз қазанынан қайнап шыққан себепті, оған қандай уақиға үстеп, қандай сюжет жапсыруды өзі білген. Бірақ осы кенже бала кездестін ертегілер де, шартты түрде кенже балаға бүкіл еретегі бойында артықшылықтар беріліп отырған. Осы үрдіс жалғаса келе фольклорда «кенже бала» сынды озіндік кейіпкер кеңестігі ашылған. Қай ертегіні болса да оқып көріңіз, кенже, кенже болса да, ертегі барысында кенжелік істетпейді. Қайта артық ақылымен әрекет етіп, тіпті ағаларына жар тауып беріп («Ақ бөрі», «Береке, Тұреке, Құлеке», «Кедейдің үш баласы»), ата-анасының опалы ұылы болып («Кәнжә», «Асан мен үсен»), ағаларының кегін алып, қанішер жауыздарды құртып отырады («Әшейін таз», «Тазша бала»). Ата-анасының, ел-жұртының ең соғы үмітін арқалап (ағалары қазаға үшырайды болмаса қолынан келмейді), алыс сапарларға аттанып, қилы-қилы тауқыметтерді жолай кездескен достары арқасында жеңіп, ұдайы үйіне, еліне жеңіспен қайтып отырады. Осылайша көп батырлар арасынан кенжелер де өзінік ерлік жолдарымен қатарласып, «Кенже бала» деген тарихи образ қалыптасдырды. 

Фольклорда «Кенже бала», «Жалғыз бала», «Тазша бала» сынды балаларды жікке бөліп, олардың ғылымда өзіндік ат алып қалыптасуына Әуелбек Қоңыратбев еңбектері мен академик Сейіт Қасқабасовтың әр жылғы зерттеу еңбектерін аттап өтуге болмайды. Әсіресе фольклорды жанрға бөліп жіктеуде академик Сейіт Қасқабасов өте зор еңбек сіңірген ғалым. Араласып кеткен әр түрлі жанрды бір-бірінен екшеп, сараптап, саралап, қолымзға ұстатқандай қылып, мынау аңыздық проза, мынау ертегілік проза деп екі үлкен топқа бөлді. Енді осы ертегілік прозаның ішіндегі қиял-ғажайып ертегісінде кездесіп жататын балаларды да «Кенже бала», «Жалғыз бала», «Тазша бала», «Жетім бала» деп фольклордағы орындарын анықтап берді. Осы үрдістің үддесінен шығу үшін ертегідегі кенжелерді қарстырып шыққанымыз еді. Шынында қарапайым оқырман пайымдай бермейтін кенжлердің маңызына тағы бір мәрте көз жеткізіп, қаншама ертегілердің басты қаһарманы болып жүргенін дәлеледедік. Бұл келтірген мысалдар теңізден қасықтап алған су секілді екенін ескерсек, кенже балаға байланысты әлі қаншама ертегілерді мысалға келтіруге болады. Кенжелердің енді ертегілерде не үшін маңызды орынға көтерілгеніне мақаламыздың басында біраз дәлеледер келтірген сияқтымыз, яғни түркілер үшін отбасындағы кенженің орны ерекше маңыз беріп, жоғары қою себебінен, әрі кішіден, жастан күтер үміттің ақық белгісіндей болып кенженің ертегідегі беделінің өсуіне әсер еткені байқалады. Ол туралы академик Сейіт Қасқабасов тағы балай дейді:«Бас қаһарман туралы әңгіме біткен соң негізгі сюжетке жалғасатын эпилогта кейіпкер мен оның жанындағылардың әрі қарайғы тағдыры сөз етіледі. Эпилогтағы бас кейіпкер, көп жағдайда, негізгі сюжеттегі қаһарманның баласы немесе інісі болып келеді. Ол ендігі жерде ағасы, не әкесі бастап, үлгіре алмай кеткен істі тындыруға тиіс». Не керек қанша айтсақта ертегі кенже батыр ең көп кездесетін жанр түрі. Кенжелердің ертегіден түр-түрін тауып алуға болады. Бірақ тек қана жағымды жақытарынан кездестіреміз. Ал басқа жанрлардан, ертегі сияқты арнаулы кенже бала бейнесін көтеретін тақырыпқа барып, әдейі кенженің артықшылығын әспеттейтін, оны жоғары деңгейге жеткізетін баламаны таба қоюымыз екіталай.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар