Қарахан дәуіріндегі көркем еңбектеріміздің саны аз болса да олардың бағасы әрине, өте құнды. Айталық, «Ақиқат сыйы» шығармасының басты бөлігі өсиет пен ғибрат сөздерден тұрады. Өмір жайлы, туған жер, туған елдің әлеуметтік және қоғамдық жағдайы көркем сөзбен тармақталып, жағымды, жағымсыз жақтары, қатерлері мен мүмкіндіктері сипатталған ғажайып туындының қазіргі күнге дейін жеткендігі бәрімізді де қуантады.
Өткен дәуірдің көп мұрасы бүгінгі әдебиет үшін, оның ішінде саяси ілімдер тарихы үшін атаулы жетістік деп атай аламыз. Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» осыншама маңызды еңбек бола тұра өкінішке қарай осы кезге дейін көп зертелген жоқ, әліде зерттеуді қажет етеді.
Еңбекті зерттеушілердің басым бөлігі шетелдік ғалымдар болды. Ғасырлар бойы үзіктеп жеткен деректер Ахметтің көзі зағип болғанын, өзінің зеректігі мен саналылығының арқасында ғана ізденіп, білімін толықтырып, түркі тілдерін, араб тілін меңгергенін, өз тұсының ең білімді адамдарының бірі болғанын айтады. Ал ақынның бес жүз жолдан артық үлкен көлемді «Ақиқат сыйы» дастанының көшірме нұсқалары Стамбұл, Анкара, Самарқан кітапханаларында сақталған.
Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйының» шығармасының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпей, жоғалып кеткен. Ахмед Йүгінекидің еңбегінің ХІV-ХV ғасырда жасалған үш түрлі көшірмесі, үш түрлі үзіндісі бар. Оның арасындағы ең көнесі – 1444 жылы Самарқанда Арслан Қожа тархан Әмірдің тарапынан Зәйнүл Әбідін бин Сұлтан Бақыт Журжани Құсайын көшіріп қағазға түсірген нұсқасы. Көне ұйғыр, арагідік арабша хатқа түскен нұсқаның жалпы көлемі – 508 жол. Екінші нұсқа – Стамбұлда 1480 жылы Шайх зада Абд Әр-Раззақтың ұйғыр және араб жазуын пайдаланып жазылған көшірмесі, бұл үлгі 506 жолдан тұрады. Парсы және тәжік тілінде түсініктемелері бар. Бұл нұсқалар Стамбұлдағы Айя – София кітапханасында сақтаулы.
Осы нұсқалардың арасындағы ең көнесі – Самарқан нұсқасы. Ұлықбек билік еткен тұстағы Самарқанд шаһарында Арсларн Қожа Тарханның тарапынан ұйғыр әліпбиіне көшірілген нұсқа. Бұл көшірмені әміршінің қалауы бойынша араб және ұйғыр жазуышыларының ішіндегі атақты көркем сөз шебері Зейнүл Әбедин бин Сұлтан Бақыт Журжани Хусейн көшіріп қағазға түсірген. Бұл шығарманы 1944 жылы (хижра жыл санауы бойынша 848ж.) Түркия еліне белгісіз адам жеткізген.
Ал, екінші нұсқасы – 1480 жылы Шаиһзада Абдурразақ бахши араб және ұйғыр жазуында қағазға түсірген көшірме. Бұл Айя-София кітапханасының жинағында 4757 нөмерімен сақтаулы, бұл нұсқа 254 бәйіт өлеңнен тұрады. Осы үлгідеі екі бәйіт қалып қалғанын есептемегенде, осы ең толық нұсқасы болып саналады. Аса ұқыптылықпен көшірілген, түптелген бұл кітапта аят-хадистер, бәйіттер ұйғыр жазуымен қатар араб әріптерімен де берілген. Бұл нұсқадағы қалып қойған өлең жолдарын Самарқанда көшірілген нұсқасынан табуға болады. Бұл бәйіттердің бірі білім туралы сөз болған бапқа қатысты.
Билиг билмегдин бир анча будун
Өз елгин бут итип идим бу тигди.
Қалып қалған екінші бәйіт Әдиб Ахмет жайында айтылған тарауда:
Билиб тутса кеп ким адибниң сөзина
Һалайық ара ол гузинлер өзин.
Қолжазбаны Н. Әсім 1915 жылы, ал Маһмудов 1972 жылы алғашқылардың бірі болып жариялаған. «Ақиқат сыйының» үшінші арабша жазылған үлгісі шамамен ХІV ғасырдың соңында 524 жол өлең көлемінде көшірілді. Ол Стамбұл шаһарындағы Топ-Қапы сарайындағы кітапханада 35552 нөмерімен сақталған.
Қазақ ғалымдары Ә.Құрышжанов пен Б.Сағындықов осы нұсқаны қазақ тіліне аударған. Бірақ бұл көшірмені кім, қайда, қашан көшіріп жазғандығын анықтайтын ешқандай ақпараттың болмауы өкінішті. Осы көшірмесінде сондай-ақ алғашқы нұсқасында сұлтан Баязид ІІ-нің мөрі басылған. Сұлтан Баязид 1447-1512 жылдар аралығында өмір сүріп, 1481-1512 жылдары билік басында болған. Атақты түркітанушы ғалым Ә.Нәжиб бұл нұсқа XY ғасырдың аяғы мен XYI ғасырдың басында көшірілгендігіне тұжырым жасаған.
Белгісіз адам көшірген үшінші нұсқасында он сегіз жолы қалып қойған. Сондай-ақ, бұл нұсқадағы османлы түрік тілінің артықшылықтары мен кем тұстарына назар аударған ғалымдар оның өз ерекшеліктеріне сүйене отырып, Анадолы жерінде Түркияда хатқа түскендігі туралы тұжырым жасайды.
Сондай-ақ, дастанның толық көшірмелерімен қоса бірнеше үзінділері де табылған. Мысалы, Анкара кітапханасына тапсырылған үзінділер беймәлім себептермен жоғалған. Бұл туралы «Ақиқат сыйы» дастанын қазақ тіліне толық алғаш рет аударған ғалым Ә. Құрышжанов: «Ұзын көпірдегі Сейіт Әлі» деген кісінің кітапханасынан табылып, Анкара кітапханасына табыс етілген нұсқа, кейін ол жоғалып кеткен», - деген ақпарат қалдырған. Сондай-ақ шығарманың төрт бет үзіндісі Анкарадағы Маариф кітапханасында және Берлиндегі Ғылым академиясында бір бет ұйғырша жазылған үзіндісі сақталған.
Ата-бабаларымыздың өміртанымы мен насихаттарын игеру, тілін түсіну жылдам орындала салатын оңай жұмыс емес, ол тоқтамай іздену мен таза еңбекті талап ететіндігі анық. Соған сәйкес «Ақиқат сыйы» еңбегі де қазақ әдебиетінде осы уақытқа дейін мүлдем аз зерттелгені мәлім. Оның өзіндік себептері де жоқ емес.
Нақтылай тоқталсақ, еңбектің осы күнге дейін қазақшаға аударылған жалғыз нұсқасы болды, осының салдарынан еңбектің әрбір нұсқаларын салыстырмалы түрде қарастырып, тереңдеп зерттеуге мүмкіндік аз болды. Аталған нұсқа Ә. Құрышжанов, Б. Сағындықов басшылығымен 1985 жылы баспаға дайындаған Ахмед Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» шығармасының түпнұсқаның фотокөшірмесі, транскрипциясы, прозалық және поэтикалық аудармасы» атты еңбегі болды.
Ендігі бір себебін бізде түпнұсқадан оқитын ғалымдардың қалыптаса қоймағандығынан деп айта аламыз. Көне дәуірдегі әдебиеттерді зерттеу саласы әлі күнге ақсап келеді. Бұл саланы дамыту барысында қолданылған шаралар да көңіл толтырарлықтай емес. Елімізде көне қолжазбаны болашақ филолог мамандарына оқыту сабақтары Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің шығыстану факультетінде қарастырылған, алайда мұндағы көп маманның бағыты тіл саласына ауып, көне дәуірдегі әдебиет саласының зерттелуі кемшін қалып қойған.
Сондай-ақ 1920-30 жылдардағы Кеңестік атеистік саясаттың да ықпалы әсер еткенін айта аламыз. Нақтылап айтсақ XX ғасыр басында Кеңестік Конституция және соның негізінде қабылданған заңдар партияның дінге қатысты ұстанымын айқындап, бұл тақырыпқа шектеулер қойды, діни сенімді коммунистік идеологиямен алмастыруға тырысты. Осы саясат салдарынан Әуелбек Қоңыратпаев сынды зерттеуші ғалымдарымызды өз кезеңінде қуғын-сүргінге ұшыратып, социализмді дін деп халыққа күштеп таңған большевиктер шынында жұртты ғасырлық дәстүрінен, руханияты мен ділінен ажыратып тынды. Осы саяси науқанның қазірге дейін зардабы ұлт болмысынан өшкен жоқ. Өз кезеңінде қараусыз қалған осындай көне жазбаларды оқушы ғалымдарымыз енді ғана қалыптасып келеді.
Орта ғасыр әдебиетін зерттеуші ғалымдардың көпшілігі аударма еңбектермен жұмыс жасағандығы анық. Айталық, Ахмед Йүгінеки заманында өмір сүрген ойшылдар Ж.Баласағұни, Қ.А. Ясауи еңбектерін зерттеушілер. Мысалы Жүсіп Баласағұнидың еңбегі «Құтадғу білікті» зерттегендер: француз ғалымы А.Жауберт, неміс ғалымдары Г.Вамбери, В.В.Радлов, кеңес ғалымдары В.В.Бартольд, А.Н.Кононов, С.Е.Малов, А.А.Валитова, С.Иванов, түрік ғалымдары Р.Р.Арат, А.Ділашар, М.Арслан, И.Кафесоглу, С.М.Арсал, А.Б.Ержиласун, Х.Касапоглу Ченгел, Х.Х.Адалыоглу, америка ғалымы Р.Данкоф болды. Осындай аудармалар негізінде отандық ғалымдардан Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Өмірәлиев, Х.Сүйінішәлиев, Р.Бердібаев, А.Егеубаев, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов, Ә.Құрышжанұлы, М.Мырзахзметұлының осы тақырып аясында кең зерттеу еңбектері жарық көрген. Мұндағы зерттеулердің мақсатын орындау үшін «Құтадғу білік» түпнұсқадан оқылып, Г.Вамбери және Р.Р.Арат жасаған транскрипциясы пайдаланылған, сондай-ақ, Вена, Каир, Ферғана нұсқасыларының жазылу, сол заманда қолданылу мақсаты және бүгінгі күнге қалай жеткені түпнұсқа мәтін бойынша дәйектелген.
Ахмет-Йүгінекидің өмірі мен шығармашық жолы туралы түрік, орыс, өзбек ғалымдары арнайы зерттеулер жұмыстарын жүргізген. Өз зерттеулерінде Ахмед Йүгінекидің туған, өлген жылдарын нақты деректектермен айта алмайды. Ақын туралы мағлұмат тым аз сақталған. Біршама ғалымдар А. Йүгінекидің өмір кешкен уақытын ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басы деген деректерді шындыққа жанастырып дәлелдермен тұжырымдайды.
Зерттеушілердің басым бөлігі шетелдік ғалымдар екенін атап өттік. Соның бірі түрік ғалымы Арат Рәшид Рахмәти (Рәхмәтуллин Габдерәшит Исмәт улы, 15.05.1900 – 29.11.1964), түрколог, филология ғылымының докторы. 1920-22 жылдары Қытай елінде газет редакциясында жұмыс жасаған, 1922-27 жылдары Берлин университетінде оқиды, 1933 жылдан бастап Стамбул университетінің түрік тілдері және әдебиеті кафедрасының профессоры болған. 1949-51 жылдары Лондон университетінде дәріс оқиды. 1951 жылдан бастап Түркология институның директоры болған. Ғалымның қызметтері түркі халықтарың тарихын, әдебиетін зерттеуге бағышталған. Сондай-ақ «Ислам энциклопедиясының» негізін салушылардың бірі. Ахмет Йүгінекиді зерттеу жолындағы елеулі еңбектерінің бірі Reşit Rahmeti Arat, "Atebetü'l Hakayık", Ankara 1992 .
Түрік зерттеушісі Рахмат Арат дастанның Гератта көшірілген ұйғыр әрпімен жазылған үлгіні – «А», араб және ұйғыр жазуында Ыстанбулда Абдурраззақ Бахши жазған көшірмені – «В», XVI ғасырда белгісіз адам тарапынан Түркияда қағазға түскен араб көшірмесін «С» деп белгілейді. Бұл көшірмелер Ыстанбұл қаласының кітапханаларында сақталған. «Хибат-ул хакайиқ» сөзінің мағынасы арабшадан тура аударғанда «Шындықтардың сыйы» деген сөз. Бірақ, қазақ тілінің грамматикалық заңдылықтары бойынша ақиқат (шындық) ақиқаттар деп қолдана алмаймыз. Мұнда қолмен ұстауға болмайтын зат атуларының сөздеріне көптік жалғауы жалғанбайды деген қағидаға сүйенеміз. «Ақиқат сыйына» еңбегіне тыңғылықты зерттеу жасаған ғалымдар дастанды үш түрлі вариантпен атаған. Рашид Рахмат Арат «Атебатул хакайиқ» деп атаса, ал Н.Баскаков «Айбат-ул ақайиқ» дегенді дұрыс санаған, ал Н. Әсим мен С.Малов сынды ғалымдар «һибат-ул хакайиқ» деп айту жөн деп өз пікірлерін айтып өткен.
Ал еңбектің бір жерде «айбат-ул ақайиқ», келесіде «һибат-ул хакайиқ» екендігін түсіндірген ғалым В. Решетов түркі тіліне тән грамматикалық ерешеліктер бойынша «һ» дыбысымен басталған сөздер жазылғанда һ әрпі түсіп қалатынын негізге ала отырып, «Ақиқат сыйы» сөзінде де «һәр» сөзінің «әр» болып жазылғанындай жағдай кездеседі деп айта аламыз. Осының нәтижесінде зерттеушілер «һибат» сөзін «айбат» деп қолданып кеткен. Осындай өзгешеліктердің әсерімен дастанның негізгі атауы – «Хибат-ул-хақайиқтың» мынадай айтылу варианттары пайда болған: «Атебат-ул хакайиқ» немесе «Айбат-ул хақайиқ». Әр түрлі айтылғанымен бұл сөз өз мағынасын өзгертпейтіндігін айта аламыз. Ал дастан тақырыбының жоғарыдағыдай әртүрлі жазылуы басқалай дыбысталуынан немесе кейін көшірушілердің тарапынан кеткен қате деп есептемейміз. Мұндай келеңсіздіктерді ескеріп, енді дастанның аталуын «Хибат-ул хақайиқ» («Ақиқат сыйы») деп ізге түсіруіміз керек.
Р. Араттың өз зерттеу жұмыстарында зерттеген мәселелері мынадай. Ғалым Ахмет Йүгнекидің дастанының атын А нұсқасын негізге ала отырып, «Атебет-ул хакайиқ»(«Ақиқат қақпасы») атайды. Ақын өз шығармасында атаған Тат Испаһсалар Бек кім еді деген сұраққа жауап іздеу барысында, оны Шығыс Түркістандағы емес, Батыс Түркістанның әмірлерінің бірі деп тұжырымдайды. Р.Араттың бұл пікірімен жақтасушылар да аз емес. Дастанның А нұсқасында аталған әмір туралы мынадай мәлімет келтірілген:
«Амири л-азаам маликитт-турки ва л-ажам малики риқабил-умам Мухаммад Дад Испаһсалар Бек» (Биік те мәртебелі әмір, түркілер мен парсылардың билеушісі, дәулеті халқына қанық Мухаммед Дад Испаһсалар Бек). Парсылар, парсы тектес Орта Азия тұрғындары «ажам» деп аталған. Осы тұста Шығыс Түркістан маңында парсылардың тұрмайтындығы да аян. Осыны негізге ала отырып Р.Араттың жоғарыдағы пікіріне қосыла аламыз. «Йүгінек» сөзінің жіңішке айтылатынын ескерсек, тілдік тұрғыдан Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелгі Жүйнек елді мекенінің дәл осы атау екендігіне күман келтіре алмаймыз.
Зерттеу барысында кездескен шетел ғалымдарының тың тұжырымдарына тоқталып өтейік.
Ресей ғалымы: Бертельс Е. Э: «Ахмад Югнаки (полное имя Ахмад ибн Махмуд Югнаки) (года рождения и смерти неизвестны), узбекский поэт 12 в. Его поэма «Подарок истин» дошла в двух рукописях, написанных двумя шрифтами — уйгурским и арабским. Впервые издана в Стамбуле в 1915—16. Состоит из 506 стихотворных строк дидактического характера, написана размером аруза»- деп өз еңбегінде Ахмет Йүгінекидің аруз үлгісімен жазғандығын атап өтеді.
Өзбек ғалымдарының еңбектерінен: «Он жил в селении, расположенном на расстоянии 4 йигачей от Багдада, и каждый день пешком приходил в Багдад, чтобы слушать лекции Имама А‘зама. Вместе с ним эти лекции слушали имам Мухаммад и имам Абу Йусуф» деп Ахмет Йүгінекидің Имам Азамнан сабақ алғандығы жайында айтылады. Сондай-ақ өзбек ғалымы Ҳаққул И. «Ахмад Югнакий Имоми Аъзамга замондош бўлганми» тақырыбында еңбегі бар. Яғни А. Йүгнеки Имам Азамға замандас болған ба?» деп аталады. Алайда түрік ғалымдарының зерттеулерінде бұл пікірмен келіспейтіндер де кездеседі.
Түрік ғалымдары: "Ali Şir Nevai'nin Nesayimü'l Mahabbe adlı eserinde Edib Ahmet'in İmam-ı Azam'ın öğrencisi olduğundan bahsedilmiştir; gerçekle ilgisi bulunmayan bu rivayetin Edip Ahmet'in dinî kimliğinin ve bilgilerinin halk arasında İmam-ı Azam'a talebe olacak kadar yüksek görülmesi ile ilgisi olabilir"- яғни Алишер Навойдың еңбегіндегі Ахмет Йүгінеки имам Азамның шәкірті болған деген пікір шындыққа сай келмейді, бұл Йүгінекидің имам Азамдай білім дәрежесі, түсінігі, биік пайымы болғандықтан халық өздері шығарып алған болжам дейді.
Атап өтсек «Ақиқат сыйының» бірнеше нұсқасын тауып, зерттеп, жариялауда - Түркиядан Н. Әсім, Р. Арат, Ресейден В. Радлов, Польшадан
Т. Ковальский, Франциядан Дени, Өзбекстаннан Маһмудов, С. Мутталибов, Н. Маллаев т.б. шығыстанушы ғалымдардың еңбегі зор. Ал өз отандастарымыздан Х.Сүйіншәлиев, Ғ. Айдаров, Ә.Құрышжанов, М.Томанов, Б. Сағындықовтарды атай аламыз.
Қазақ зерттеушілерінің ішіндегі Ахмет Йүгінекидің еңбектеріне жасалған алғашқы арнайы зерттеулердің бірі Құрманғали Гүлнар Қанатқызының 2006 жылы Алматы қаласында М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қорғаған «Ахмет Йүгінекидің әдеби мұрасы» атты филология ғылымдарының кандидаттық диссертациясы деп айта аламыз. Зерттеушінің 2019 жылы осы тақырыпта көлемді монографиясы жарық көрді. Г. Құрманғали өз аталмыш еңбегінде Ахмет Йүгінекидің өміріне, зерттелу мәселелеріне тоқталған. Ақиқат сыйы және орта ғасырлардағы дидактикалық мәселелер деген бөлімінде дидактикалық ой-пікірлерден бөлек қазақ әдебиетімен де дәстүрлі байланысын ашып, қазақ әдебиетіне тигізген елеулі әсеріне тоқталған. Жұмыстың ең негізгі назарды талап ететін тұсы көркемдік ерекшеліктерінің берілуі. Сондай-ақ ырғақ түрлерін, ұйқас түрлеріне тоқталып, қазақ әдебиетіндегі бір сөздің қайталануынан жасалатын кезекті ұйқас түрін анықтаған.
Бізге осы кезге дейін беймәлім болып келген көркемдік құрылымына тоқталған. Түрік ғалымдары ұйқас түрлеріне байланысты: " Giriş bölümleri kaside biçimiyle (aa ba ca da...), asıl konu ile ilgili bölümler ve bitiriş bölümü dörtlüklerle (aaba) yazılmıştır "- байқайтынымыз қазақ тіліндегі егіз ұйқас, және қара өлең ұйқасының түрін атап өткен.
Сондай-ақ «Ақиқат сыйы» еңбегінің әлі күнге ашылмаған, тереңдете зерттеуді талап ететін қырлары көп. Атап өтсек өз дәуіріндегі қатар жазылған шығармалар мен арадағы байланысы, «Құтадғу-Білік», «Диуани-Лұғат-ат-түрк» еңбектерінің ұқсастықтарын, жазу үлгілеріндегі ерекшеліктерін көрсету тұстары ақсаңдап, бізге қолжетімсіз болып отыр. Түрік ғалымдарың еңбектерінде «Nazım birimi beyit ve dörtlüklerden oluşan bu eserini şair, Yusuf Has Hacib'in Kutadgu Bilig’i gibi aruz vezniyle ve Kaşgar Türkçesi ile yazmıştır» - яғни ақын еңбегін назима үлгісіндегі төрт шумақпен және Жүсіп Баласағұнидың «Құтты-біліг» еңбегі секілді аруз өлшемімен жазды дейді. Тағы бір түрік дереккөздерінде « Eseri Kutadgu Bilig'in etkisinde yazdığı düşünülür"» - яғни Еңбектері Құтты-Біліктің әсерімен жазылған деген ақпар бар. Бұл деректер екі еңбектің арасындағы байланысын анықтап, ара-жігін ашып көрсетуді талап етеді.
Екіншіден, мұндағы тақырыптар жүйесінің шығыс әдебиетімен қаншалықты байланысы барын көрсетуіміз керек. Яғни шығыс әдебиетіне тигізген ықпалына тоқталып, игі нәтижелерімен бөлісуді талап ететін тұстары бар. Қаншалықты деңгейде дәстүр қалыптастыра білгенін тереңдетіп атап өткен абзал.
Біршама орыс ғалымдары да «Ақиқат сыйы» дастаны қай тілде жазылғаны туралы әр түрлі пікірлер айтқан. А. Щербак өз зерттеуінде дастанның өзінде «қашқар тілінде» жазылды деген өлең шумақтарын басшылыққа ала отырып, дастан қарлұқ-ұйғыр тілінде жазылған немесе онда көне өзбек тіліне тән ерекшеліктер кездеседі және «Құтты біліктің» тіліне жақын келеді дейді. Автордың өзі айтуы бойынша кітаптың аты Хибат ал-хака-иқ – қашғар тілінде (248 – 249 бәйіттер). Оның «Құтадғу біліг» тіліне өте жақын және сонымен бірге Орта Азиялық қарлұқ немесе ескі өзбек тілінің негізін құрайтын белгілері бар екенін байқаған.
А. М. Щербак Шығыс Түркістанның X-XIII ғасырлардағы жазба еңбектердің тілі жөнінде грамматикалық очерк жазған. Бұл еңбекте өте құнды ғылыми пікірлер айтылып, пайдалы көзқарастар мен тұшымды тұжырымдар келтірілген. Бұл еңбекте «Айбат-ул хакайққа» да қатысты жерлер баршылық.
IX ғасырда Оңтүстік Түркістан маңында тірлік кешкен халықтардың көп бөлігін ұйғыр тайпалары қамтығанын, сол уақытта қарлұқтар мен ұйғырлардың тығыз қарым-қатынаста болғанын айта келіп, «Құтадғу білік», «Оғыз-наме», «Диуани лұғат-ит-түрки», «Қисса-сул-анбия» секілді туындылар қарлұқ диалектілері арқылы жазылған деген көзқарасын айтады. Бізге мәлім деректер бойынша, Шаш (Ташкент) өлкесі, Балқаш, Ыстық көл айналасында тіршілік кешкен қарлұқтар Жетісуда Қарахан мемлекетінің негізін салады. Сондай-ақ сол тұста қарлұқтардың екі орталығы болған, бірі – Баласағұн, екіншісі – Қашқар шаһары. Сондай-ақ Қарахан халқының этникалық құрамын негізінен шігіл, яғма, тухси тайпалары құраған. Ал, Жетісу өлкесінде X ғасырдағы оғыздардың басымдылығы күшті болып, олар да Қарахан мемлекетіндегі үлкен бір тайпалық одақтың құрамы ретінде танылған. Осы тайпалар ұйғырлармен бірігіп, ортақ жазуы, мәдениеті мен әдебиетін жасайды деген.
Ал зерттеуші С. Малов «Ақиқат сыйы» еңбегі ұйғыр әрпіндегі шағатай тілінде жазылғандығы туралы көзқарасын ұсынған. Түріктің көрнекті ғалымдарының бірі Э.Наджип бұл ескерткіштің тілі автордың өзі айтқандай «қашқар тілі», оның Ахмет Йассауидың «Диуани хикметінен» айырмашылығы бар екенін айтып, ал енді бір еңбегінде: «Бұл ескерткіштердің жазылу тілі қарлұқ-ұйғыр тілінен басталып, кейіннен Орта Азияның әдеби тілі болған ескі өзбек тіліне өтетін көпір іспетті болған», - деп А.Щербактың тұжырымын қолдаған.
Ғалым Н.Баскаков «Ақиқат сыйы» дастанын Рабғузидың «Қисса-сул-анбия» еңбегімен бір сарынға жатқызып, олардың қолданыстағы тілдерін Қарахан дәуірі кезеңінен кейінгі қарлұқ-ұйғыр диалектісі санайды.
Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігін» көп зерттеген ғалымдардың бірі А.Валитова Ахмет Йүгнекидің шығармасын өзбек тілінде, яғни шағатай тілінде жазылды деп бір жақты пікір айтқан болса, Ш.Шукуров: «...XI ғасырдағы бірқатар тайпалық тілдердің жағдайын сипаттайтын Махмуд Қашқари сөздігі, «Айбат ал-хакаиқ», «Тефсир», «огуз-наме» тілі «ескі өзбек жазба әдебиеті мен тілі» деген жалпы атаумен бір топқа біріктіріледі» дейді. Ғалым шығарма ескі өзбек тілінде жазылғандығын тұжырымдайды. Бұл көзқарастар зерттеушілердің «Ақиқат сыйы» еңбегінің өзбек, ескі өзбек тілінде жазылды деген топшылауы болар. Қарахан әулеті билік құрған кезеңде өзбек халқы да, өздеріне тән тілі де болмағандығы мәлім. Тарихта еншісінде өзбек деген атау XY ғасырда ғана пайда болған. Біздің түсінігімізше «Ақиқат сыйы» еңбегін белгілі бір тілге байланыстырып, соған ғана тән етіп қоя алмаймыз.
Бұл туындыда қазіргі түркі тілдерінің бәріне ортақ аз да болса ұқсастықтар барын ескерген жөн. Сол себепті Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйын» қазіргі түркі халықтарының барлығына бірдей ортақ, құнды тарихи ескерткіш деп тануымыз дұрыс.
Зерттеушілер өз жұмыстарында дастанның көлемін әр түрлі береді. Дастанды нақты бір тілге байланыстырып, үзіп айтуға болмайды. Мұнда қазіргі түркі тілдерінің бәріне ортақ аз да болса ұқсастықтары бар. Осының нәтижесінде Ахмет Йүгнекидің дастаны қазіргі түркі халықтардың барлығына бірдей қатысы бар, ортақ құнды тарихи ескерткіш ретінде танылып отыр.
Зерттеуші ғалымдардар дастанның жазылу тіліне байланысты әртүрлі пікірлерінің туындауына X-XII ғасырларда біршама әдеби еңбектердің аралас: қарлұқ-ұйғыр және оғыз-қыпшақ диалектілерінде жазылғандығы негіз болып отыр деп айтуға болады. Яғни Қарахан дәуірінде ұйғыр, қарлұқ, оғыз, қыпшақ тайпаларының сөйлеу тілі, атап айтар болсақ диалектілерінің әсерімен араб графикасындағы түркі жазуы қалыптасқан.
Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастаны нақтырақ айтар болсақ, қарлұқ-ұйғыр диалектісінде жазылған деген тұжырыммен келісе аламыз. Мұның айғағы қарлұқ, ұйғыр, оғыз, қыпшақ тайпалары Қарахан мемлекетінің негізін салуы, ақынның Түркістан маңындағы Йүгнек елді мекенінде өмірге келуі, қарлұқ-ұйғыр тілінің элементтері анық байқалуын айта аламыз.
Осы тақырыпты кеңінен зерттеген ғалым Г. Құрманғали шығарма тілінде кездесетін фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерді атап көрсеткен.
Фонетикалық ерекшеліктері: Сөз ортасындағы басқа тілдерде кездесетін т-й дыбыстарының орнына д дыбысы қолданылады: адақ, адыр, едгү, адин; сөз соңындағы г, ғ, дыбыстарының сақталуы: Өлүг, сағ,тег, улу,, т.б.; дауысты дыбыстардың саны 6-9 болуы, «Ақиқат сыйында» тоғыз дауысты дыбыс бар: а, ә, е, о, ө, у, ү, ы, и;
Грамматикалық ерекшелігі: келер шақ есімшесінің -ар// -ер орнына -ур; -ұр; -ыр; -ер; қолданылуы: ерүр, турур, барур. Дегенмен де бұл дастанда қарлұқ-ұйғыр тілімен қатар өмір сүрген оғыз-қыпшақ диалектісіне тән ерекшеліктерді де аңғара аламыз. Дастанда оғыз сөздері, қыпшақ элементтері мен сөз қолданыстарын да кездестіреміз, осы тұста орта ғасырлардағы түркі жазба дүниелерінде кездесетін түркі сөздері көбінде араласып кеткендігін ескергеніміз жөн.
Сондай-ақ Ахмет Йүгінекидің еңбектерінде ауыз әдебиетінің дәстүрі бар-жоғы, әлде бірыңғай жазба әдебиетіне негізделді ме деген анықтауды талап ететін бізге беймәлім тұсы бар. Дастанның тілі жөнінде айтар болсақ, Ахмет Йүгнекидің шығармасы түркі тілінде жарық көрген жазба әдебиеттің әлі де көп тәжірибе жинай қоймаған кезеңінде дүниеге келді. Араб және парсы тілдері кең құлаш жайып тұрған шақта ақынға шығармасын сол тілдердің бірінде жазған жеңіл болушы еді. Шығыстың классикалық шығармалары сол кезеңдерде араб және парсы тілдерінде жарық көріп, еңбектердің біршама үлгілері сол тілдерде жасалғаны белгілі. Демек, Ахмет Йүгінекидің араб, парсы тілдерін білуімен қоса, сол тілдерде жазылған поэзиялық, прозалық туындылардың жалғасы екені айтпаса да анық. Ақын араб тіліндегі Құран аяттары мен хадистерді, сондай-ақ шариғаттың терең иірімдерін ана тіліндей жоғары деңгейде меңгерген. Сондай-ақ Ахмет Йүгнеки Әл-Фараби, Ибн Сина және солардың замандастары жасағандай, өзінің көркем шығармаларын бөтен тілде (арабша) жазбаған. Ол Жүсіп Баласағұнның ізін жалғастырып одан әрі дамытып, шығармасын өз ана тілінде, яғни түркі тілінде хатқа түсіреді.
Ахмет Йүгінеки өз заманында араб, парсы тілдері басымырақ болып тұрған кезде ана тілінің мәртебесін де солармен қатар қойып көтеру сол кездегі әрбір адамның азаматтық борышы санаған. Өз заманында осы міндетін Ахмет Йүгнеки де өз алдына қоя білген, соны іске асыру жолында бар күш-жігерін салған. Тілі үшін жасаған әрекеттері ақталып, бүгінгі күннің үлкен мәртебесіне ие болып отырғандығы да аян. Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Ахмет Иасауи, Ахмет Йүгнеки секілді ақындардың арқасында сол кездегі түркі әдеби тілі жоғалмай, бүгіндері кең құлаш жайып, жанданып, үлкен дәрежегі ие болып отыр. Ахмет Йүгнеи өз еңбегінде:
Сондықтан шығардым түрікше кітап,
Қажет деп тап, ей дос, қажет десең сөк.
Жаздым мұны таңғажайып тартымды сөздермен,
Егер өлсем, артымда атым қалсын деп, - деп өз туындысын түрікшелеп жазудағы мақсатын айтып өткен.
Ақын өз шығармасын өз кезеңіндегі басқа көркем сөз шеберлері секілді, дәстүрге айналған араб, парсы тілдерінде емес өзінің ана тілінде жазғанын ерекше атап өткен жөн. Ақынның өмір сүрген тұсында түркі тілінде еңбек жазу ерекше құбылыс болып саналғандықтан ақын артына қалдырған құнды мұрасын өз ана тілінде жазып, оның дәрежесін көтеруге осылайша өз үлесін қосты.
«Ақиқат сыйы» шығармасы түрік тілінде жазылған, ал Арслан қожа Тархан көшірткен нұсқада:
Түгелдей қашқар тілінде (жазылған),
Айтылған ақынның нақышты сөздерімен.
Егер білсе қашқар тілін әр кісі
Түсінер еді Әдибтің не айтқанын, - деп, шығарма толығымен қашқар тілінде жазылғанын өлең жолдарында атап өтеді.
Әдиб Ахмет түркі тілін жеке-жеке диалектілерге бөліп жармай-ақ, дастанды жалпы «түркі тілінде» жазылған дейді. Ал, Арслан қожа Тархан бұл дастанды әдебиет пен мәдениет дамыған кезеңде көшірткен. Ол уақытта түрік тілі бірнеше диалектілерге анық жіктеліп, халық арасына осылай таралған болуы керек. Сондай-ақ орта ғасыр шығармаларының тілін зерттеген ғалымдар қашқар тілінің түп негізі көне түркі тіліне тірелетінін дәлелдеген. Тілші-ғалым А.Ибатов өз зерттеу жұмысында қарахандық жазба әдеби тіл жалпы атау деп қарастырып, оны екі топқа бөлген. Алғашқысы – «Құтадғу білік» пен «Диуани лұғат-и-түрк» ескерткіштері жазылған қарлұқ-ұйғыр тілі, кейінгісі – ұйғыр-оғыз тілінде, ол тілде «Алтын яруқ», «Хуастуанифт» секілді мұралар жарық көрген. Осындай тұжырымымен бөлісе отырып ғалым: «Бұл екі топтың алғашқысын ғалымдар арасында «қашқар тілі», соңғысын «көне ұйғыр тілі» деп атау дағдысы бар. Орта ғасырдағы түркі ақындары өз шығармаларында мұсылман дінінің қағидаларын терең талдап баяндамаса да, Алланың барына, тәлім-тәрбие мен білім, имандылық пен адамгершіліктің құндылығына үлкен басымдық берді. Осыған дейінгі түркі тіліндегі көркем шығармаларда елдің жеке мемлекет болу үшін жүргізген әр бағыттағы шайқастары, батырлардың көзсіз ерліктері сөз болып келген. Сол кездегі эпостың алғашқылары осындай бағытта болды. Ал Қарахан мемлекеті тұсындағы шығармаларда дидактика, адамгершілік, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынастары, мораль, этика мәселелері ақын-жазушылардың еңбектерінің басым бөлігінін қамтыды.
Сонымен қатар Ахмет Йүгінекиге уақыт жағынан да, кеңістігі жағынан да жақын тұрған сол дәуірдің өкілі Қожа-Ахмет Йасауи. Бір дәуірдің екі алып өкілдерің байланысы бөлек бір зерттеуді талап ететін мәселе. Мысалы, Қожа-Ахмет Йсасауидың «Диуани-хикметі» аруз емес бармақ өлшемімен жазылған, Ал Құрманғали Г Ахмет Йүгінекидің қолжазбаларында «аруз» өлшемімен қоса «бармақ» өлшемінің де барын атап өтеді. Бұл түріктедегі «Eserde aruz ve hece ölçüsü bir arada kullanılmıştır» яғни екі үлгіні қатар қолданғандығынан хабар беретін дерекпен қаншалықты мәндес? Аталмыш екі еңбектің жазылу өлшемдерінің сәйкестіктері өз дәуіріндегі әдебиеттерден ерекшелеп тұр, Бұл еңбектердің осы тұстарында қандай байланыс бары әлі де зерттеуді қажет етеді.
Сонымен қатар еңбекте кездесетін көркемдік құралдардың қолданылу ерекшелігіне тоқталу керек. Г. Құрманғали өз еңбегінде біршама түрлерін атап өткен. Осы жөнінде түрік ғалымдары «Telmih (hatırlatma) sanatı kullanılmıştır» - яғни (қазақ әдебиетінде көркемдік ерекшелік) еске алу, шегініс түрінің қолданылғанын айтады.
Стиль өз дәуіріндегі қай шығармаға жақын. «Gazel ve kaside denilebilecek tarzda şiirler vardır» - деп Йүгінеки еңбектерінде газел және касиде стилінде өлеңдер бар дейді. Мұндай стильмен өлең жазған тағы қандай шығармалар барын қарастырғанымыз жөн.
Кезекті зерттеуді талап ететін мәселе өз заманындағы сөздіктермен салыстыру, мысалы Қашқари сөздігімен айырмаларын анықтау. Жоғарыда келтірілген деректер мен мағлұматтарды қорытындылай келе бұл тақырыпты зерттеу әлі де болса өзекті деп айта аламыз.
Ахмет Йүгнекидің «Ақиқат сыйы» дастанын ғылыми жұртшылыққа танытып, осы ескерткішті арнайы зерттеген ғалымдардан Н. Асым, Р. Арат және Қ. Махмудовтардың еңбегін ерекшелеп атап өте аламыз.
Неджип Асымның «Һибат-ул хакайиқты» алғашқы танытушы ретінде жасаған ғылыми еңбегі өте маңызды. Бірақ, оның зерттеу жұмыстарында елеулі кемшіліктер мен біршама олқылықтар болғанын түрколог ғалымдар бір ауыздан жоққа шығармайды. Мәселен, А.Н. Наджип былай деп жазады: «Издание Неджипа Асыма снабдено соответствующим научным аппаратом-словарем и грамматическим очерком, но оно не лишено недостатков научного и технического порядка. Допущенные в нем ошибки обьясняются в основном тем, что издание этого списка было осуществлено тогда, когда другие списки оставались неизвестными».
Түркияда Р. Араттың, Кеңес Одағында Қ.Махмудовтың «Һибат-ул-хакаиққа» қайта оралуы да осы себептен. Р. Арат дастанның А нұсқасын транскрипциялағанда ғылыми принципті ұстанбаған. Осылай болуы мүкін деген топшылауымен А, В, С нұсқаларының үшеуінде де кездеспейтін сөздерді, фонетикалық, грамматикалық өзгешеліктерді транскрипциялаған мәтініне кіргізген. Оның үстіне А нұсқасында жоқ, бірақ В, С нұсқасында бар сөздерді, тіптен толық мәтіндерді ешбір сілтемесіз қосқан. Нәтижесінде бұл транскрипция мәтіні бірде-бір нұсқаға сәйкес келмей қалған. Мұның басқа зерттеушілер үшін де әдістемелік зияны үлкен. Зерттеуші Қ.Махмудов өзі сөздік жасамаған, Н.Асымның сөздігін өзбек тіліне аударумен айналысқан. Ал, Н.Асымның сөздігінде көп сөздер қалып қалған, сөздердің басым бөлігінің мағынасы нақтыланып ашылмаған еді...
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.