Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мағаз Разданұлының 100 жылдығы атап өтілді...

14.04.2025 850

Мағаз Разданұлының 100 жылдығы атап өтілді 12+

Мағаз Разданұлының 100 жылдығы атап өтілді - adebiportal.kz

11 сәуір күні Астана қаласы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қытай қазақтары арасында кеңінен танымал болған, ұлтымыздың айтулы қаламгерлерінің бірі – Мағаз Разданұлының туғанына жүз жыл толуына орай "Үш томдық таңдамалы шығармаларының" тұсауы кесілді.

1924 жылы Алтай аймағы, Буыршын ауданында дүниеге келген жазушының өмірі күреспен тайталасқа толы болды. Жастық шағы Үш аймақ көтерілісі, ақ, қызыл қытай үкіметтерінің алма кезек ауысқан аласапыран кезіне тура келсе, жемісті еңбек етер отыздан асқан шағында, 1958 жылы Шыңжаңдағы аз ұлт зиялылар мен «ұлтшылдар» қатарында саяси қылмысты ретінде, қатаң режимді еңбекпен өзгерту алаңында 12 жылын өткізіп, кейін 1970 жылы 20 жылға сотталып кете береді. 

Сабырлы да, сабаз Мағаз Разданұлының Алтай халқы арасында аңыз болып жеткен мынадай өлең жолдары бар еді. Өзімен қатар 20 жылға сотталып, еңсесін көтере алмай отырған  камераласына:

Ер жасып, мұңая ма ажырғыға, 

Немене ауыр бейнет сабырлыға.

Жеті мың үш жүз түннің баста ұйқысын,

Жайлап сал, төсегіңді абыржы ма, -

деп аспай-саспай өзіне тиеселі төсек орнын ыңғайлап, қам-көңіл жігіттің қайратын жанып, өмірге деген өшкен үмітін қайта жаққандығы туралы айтылады.

1978 жылы, елуден асқан шағында ақталып шыққан Мағаз Разданұлы жасым жер ортасына келді екен деп тосылған жоқ. Елім деп соққан жүрегі тоқтағанша қолынан қаламын тастамай үздіксіз еңбектенеді. Көптеген шығармасы осы кезде хатқа түсіп, баспа бетінен жарық көрді. «Алтайдың ақиықтары», «Ата заман сөйлейді» романдары, «Асулар толғауы», «Босаға», «Ертең», «Уақытқа жауап» жыр жинақтары, «Сары бел» өлең-романы сынды дүниелерді кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра етіп қалдырды.

Осындай жанкешті ғұмыр кешкен, шығармашылықты, жазуды өмірлік парыз еткен тұлға Мағаз Разданұлының 100 жылдығын атап өту мақсатында Ұлттық академиялық кітапханаға жиналған ғалымдар, әдебиет саласының өкілдері жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы соны пікірлер қозғап, тамаша ойлар айтқан еді. Соны бүгін оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

«Мағаз және қазақ көркемсөзі» тақырыбында сөз қозғаған жазушы, т.ғ.д, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы былай деп тұщымды пікір қозғады. 

«Мағаз Разданұлы – Қытайдағы екі миллионға тарта ағайынға ертеден танымал болған, қазақ тілінің қасиеті мен сөз құдіретін терең меңгерген жазушысы. Образдар талдау мен шығарма композициясын құрудың, диалогтар берудің шебері. Оның өлеңдері алапат рухани әлеуетке ие. Сонымен бірге оның шығармалары өмірдің кейбір келеңсіздіктеріне қаратылған өткір кескін мен кекесін, ащы ажуамен әдіптеліп жатады.

М. Разданұлының – 1982 жылы «Асулар толғауы», 1984 жылы «Уақытқа жауап», 1986 жылы «Сары бел» атты өлең және дастандар жинағы, 1994 жылы «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме, повестер жинағы, 1998 жылы «Алтай ақиықтары» атты тарихи романы жарық көрді. Жазушының қаламынан туған әр шығармасы Шығыс Түркістан қазақтарының ғана емес, бүкіл әлем қазақтарының әдебиет қазынасына қосылған бағалы қазыналары деп айта аламыз. Әсіресе «Алтай ақиықтары» тарихи романы, Алтайдың арғы-бергі тарихындағы әйгілі тұлғалардың өмірі мен тарихи деректеріне қалам тербейтін құны бөлек  дүние. Шынын айтуымыз керек, қытайдағы қазақ зиялылары: «Қазақтың тілін, қара сөзінің қаймағын, қасиетін сақтаймыз», - деп ұстараның жүзінде өмір сүріп келеді. Кезінде Мағаз Разданұлы да: «Шетке қашатын топты жасақтады», - деген жаламен жиырма жылға сотталып кетеді. «Саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қараған» заманда да жазушы тұлғамыздың ұлттың көркем сөз қазынасын байытатын, тарихи құндылықтарын түгендейтін осыншама мол әрі бағалы қазына қалдырғаны кісіні қайран қалдырады. Біздің ендігі міндетіміз оның әдеби мұрасына мұрагерлік ету, зерттеу, байыту және ел игілігіне, жалпы қазақтың игілігіне қызмет еттіру болмақшы», - деп сөзін аяқтады.

«Мағаз және Қытайдағы қазақ поэзиясы» тақырыбында сөз алған ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай М.Разданұлының ақындық қырына тоқтала кетті. 

«Мағаз Разданұлы қытайдағы қазақ әдебиетінің үлкен өкілі. Олар бізге 80-90 жылдар аңыз болып жетті. Ойшыл Ақыт, ұшқыр ақын Таңжарық, Әсет Найманбай, Қызырбек, Омарғазы Айтан, Мағаз Раздан секілді ақындар бізге аздап болса да  келіп жатты. Жиырма бір жыл уақыты қуғында, абақты да өткен ақынның өлеңдерін қолымызға тигенше оқыдық. Қолымызға түскен сондағы бір өлеңі: 

Сәлем саған Алтайым!

Тентегің сонша сағынды. 

Жоғалып кеткен бір тайың 

Тарландап барып табылды, - деген өлеңдері бізді айран-асыр қылды.

Мағаздың әдебиетте өзінің қосқан жаңалығы бар. «Сары бел» деген шығармасы өлеңмен жазылмағымен, ол поэма емес, ол өлеңмен жазылған роман еді. Ақын деген халықтың аты бір болғанымен, әрқайсысы әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды ерекшелігін несін жасырайық. Бүгінгі жиынға тақырып болған Мағаз Разданұлының да өзіндік қолтаңбасы бар, бөгенайы бөлек ақын дер едік. Осы күнге дейін қазақ мемлекетінде айтылмай қала беретін қытай қазақтары әдебиеті мен Мағаз шығармашылығына деген Мағазтанудың алғышарттары жасалып, үлкен бір сең қозғалды ма деген ойда отырмын», - деп пікірін түйіндеді.

«Мағаздың жазушылық ерекшелгі» тақырыбында сөз сөйлеген жазушы, әдебиеттанушы Иманғазы Нұрахметұлы Мағаз Разданұлының жазушылық ерекшелігін кеңінен аша түсті.

«Мағаз Разданұлы – Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған санаулы ардагер жазушылардың бірі болды. Поэзия жанрында да, прозада да өзінің қолтаңбасын қалдырған қарымды қаламгер еді. Ақын ретінде де Мақаң  ойшыл, сыршыл. Образ жасау тәсілі де басқаша болмысы бөлек ақын болды.

Мақаңның жазушылығы бөлек әңгіме. Мағаз Разданұлы жалпы көпіртіп көп жазбаған, аз жазса да, саз жазған жазушы. Ол кісінің шығармаларын шетінен шедевр деп айтуға болады. Мысалы, «Төрт жамбы», «Көк моншақ», «Көк иірім шүңет тіл қатады», «Сақина түбек уақиғасы», «Соңғы ас», «Айтам, айтам» дейтін әңгіме, повестері шетінен шедевр дүниелер. Осы  шығармаларды көп оқыған адам ретінде айтарым, ол кісіден аларымыз, табар дүниеміз өте көп. Мақаңды көп оқыған адам ол кісінің жазушылық ерекшеліктерін көрмеуі мүмкін емес. Осы жерден Мағаз Разданұлының жазушылық ерекшелігінің бір неше қырына тоқтала кетсем деймін. Бірінші ерекшелігі: Шыңжаң қазақ әдебиеті қалыптасуына ықпал еткен екі үлкен әдеби мектеп бар десек, біреуі қазақстан жазушылары мен қазақшаға аударылған орыс классиктеріне еліктеген жазушылар. Мысалға, Жақсылық Сәмитұлы секілді ардагер жазушыларымыз Шыңжаң қазақ прозасындағы психологиялық символизм тәсілімен шығармалар жазып,  осы бағыттағы қалам тартты. Екіншісі, ортағасырлық араб, парсы әдебиеті ықпал еткен бағыт болды. Бұған әйгілі Қажықұмар Шабданұлының «Қылмыс» романы. Оның баяндау тәсілі де, формасы да «Мың бір түнді» көз алдыңызға алып келеді. Сосын  Оразхан Ахметұлы деген үлкен жазушы кісі болды. Ол кісінің  де шығармаларында араб, парсы әдебиетінің ықпалы көрініс тауып жатты. Бір қызық жері, Мақаңды осының екеуіне де ұқсата алмайсың. Неге дейсіз ғой? Өйткені Мақаң өзі артық оқыған адам емес. Әдебиетті отызыншы жылдар оқушы, шәкірт кезінде бастаған екен де, елуінші жылдар да ол кісі елге танылған үлкен ақын болып кеткен. Сексенінші жылдарға шейін өлең жазып келді. Содан кейін барып прозаға келді. Ал прозадағы бұл кісінің бір ерекшелігі қазақтың ауызекі қоңыр әңгімесін көркемдік деңгейге көтеріп, көркем дүние етіп ұсына алғандығы еді. Қысқасын айтқанда Мақаң прозада біреуге еліктеп жазған адам емес, қазақ топырағынан көктеп шыққан Мағаздың прозасын жасаған адам болды. Бұл бірінші ерекшелігі деп ойлаймын. 

Екінші бір ерекшелігі Мақаңда көп жазушыдан кездеспейтін, бірақ болуға тиісті ерекшелігі өте шыншыл адам болды. Қазақтың өмірін, қазақтың тұрмысын шыншылдықпен баяндады. Соның арқасында қазақтың болмысын өте дұрыс көрсете білді. Үшіншісі, Мақаңның кейіпкерлері үлкен бір қаһармандар болып келмейді. Ең үлкен шығармасы «Алтай ақиықтары» деген романның бас кейіпкері ауыл бастығы, былайша айтқанда түгел қарапайым ауыл адамдары. Ал суреттейтін уақиғалары кішкене, кішкене ғана детальдар. Бірақ осы детальдарды сөйлете білетін және қарапайым ауыл адамдарының өмірін, солардың сезімін, көңіл күйін айта отырып, ұлттық мәселені, сол өңірдің үлкен мәселелерін көтере білетін кісі болған. Төртіншіден, кей жазушылар болады, айтқысы келген ойын, жеткізгісі келген идеясын өзі түсіндіріп отыратын. Мақаң да ондай жоқ. Ол кісі ештемені түсіндірмейтін адам. Екі-ақ нәрсеге тырысады. Біреуі сені ойландыруға тырысатын. Ол кісінің айтатын ойын сен айтасың, екіншісі кейіпкер айтады. Бесінші ерекшелігі М. Разданұлы өмірді баяндамайтын, суреттейтін. Сонан кейін кейіпкердің өмірі арқылы көрсететін. Оны «Кебенек кигеннің тойы» дейтін шағын әңгімесінен көруге болады. Мәдениет төңкерісінде жала жабылып, сотталып кеткен Байдар деген кісінің ақталу кезін суреттейді. Сонда он жылға сотталған Байдар есі түзу емес адам болып шығады. Төңкерістің қандай «әділетті» болғанын содан көруге болады», - деді.

«Алтайдың ақ қапталдары» романындағы тарихи жад» тақырыбын қаузаған жазушы, Президент сыйлығының және республикалық «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының иегер Есбол Нұрахмет былай деді пікір білдірді.

«Әуелі «Алтайдың ақиықтары» деген атпен шыққан бұл романға кезінде М.Разданұлы өзінің қойған аты «Алтайдың аққапталдары» екен. Ақиықтар деген құлаққа сіңіп қалған ат еді. Аққаптал деп жауырынын, арқасын ер, жүк қажаған жылқы мен түйені айтатын. Ал, бұл тақырыпты романға қойғандағы жазушының мақсаты, елінің жүгін көтеріп, еліне еңбегі сіңген тұлғалар деген мағынаны білдіреді дейді түсіндірушілер. 

Роман мазмұнына тоқтала кетіп, тарихи жад туралы айтар болсақ, романдағы бірінші жад – тіл жады. Романдағы кейіпкерлердің бір-бірімен сөйлесу, тіл қатысу мәнерінде қазақы сөйлеу стилі жатыр.  Бұл бүгінгі күндегі тарихи кино түсіргісі келетін режиссураларға табылмайтын тамаша материал деп айта аламын. Тарихи киноларда қазақтар қалай сөйлейді, қалай сөз саптау керек деген дүниені іздеген адам, осы кітапты ашып оқу керек. Екіншісі діни таным. кітапта бақсы мен имам бір жерде, бір дастарханнан ас алып, дауласпай, дау-жанжалға барыспай, бір-біріне сөз беріп, сыйласып отыра береді. Ал қазіргі күнде имам мен бақсыны бір дастархан басынан көру мүлдем мүмкін емес дүние. Үлкен қажыға барып келген, Тәшкеннен үлкен оқу оқыған Мұхаммед ишан деген болады. Сол кісі тіпті бақсымен қатар отырып, бақсының бақсылық жасағанын хикметін көзімен көріп, керек десеңіз дұға тілеп, жәрдемдесіп отырады. Бұл дегеніміз қазақы діни танымның бүгінгі күнгі радикалданған наным-сенімнен ада болғандығын көрсетеді. Үшіншісі, елдік пен билік мәселесі. Бұл жерде ел билеп отырған билер өзінің мойнындағы жауапкершілікті басқа біреуге артпайды. Бүкіл жауапкершілік өзінің мойнында тұрғанын біледі. Тұтас қарақұрым елдің тағдыры өз басында екенін біледі, соған сай әрекет жасайды. Ал соңынан ерген қалың жұрты ел билігін, бүкіл болашағын билердің қолына тапсырып береді. Төртіншісі, романда қазақтың сөзге тоқтау, сөз түсіну мәдениеті бар. «Алтайдың аққапталдары» романы басынан аяғына дейін тек қана билердің өмірі, билер мен рулар арасындағы айтыс-тартыстар, отарлық үкіметпен қарым-қатынастағы дау-жанжалдарға құрылған. Сол жерде қазақтың қаншалықты сөзді тани білетінін, ымыраны, ымды қаншалықты түсінетінін кереметтей суреттеген», - деп сөзін түйіндеді.

Ұйымдастырушы әрі Мағаз Разданұлының үш томдығының жинақталып, баспа бетінен жарық көруіне мұрындық болып жүрген тележурналист, телережиссер Қуаныш Ілиясұлы кеш соңында сөз алып:

«Біз қайда жүрсек бір қазақпыз. Қайда жүрсек тұлғамыз бір. Бір өкінерлігі шеттегі қандастардың қыруар рухани дүниелері қазақ елінің рухани қазанына келіп түспей жатыр, жеткізе алмай жатырмыз. Бұрынырақ Ақыт, Таңжарық аталарымыз келіп қосылған еді. Тұлғалардың бір сарқыны болып, мөлдір бұлақтай болған Мағаз атамыз міне бүгін келіп қосылауда. Қазақ еліндей ел-жұртымыз барда, бұл үрдіс жалғасын тауып, үлкен қазанымыз үздіксіз толыса береріне сеніміміз кәміл!» - деп қорытындылады . 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар