Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Мәлік Ғабдуллиннің "Ата-аналарға тәрбие туралы кең...

03.02.2023 1786

Мәлік Ғабдуллиннің "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" кітабы туралы 14+

Мәлік Ғабдуллиннің "Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес" кітабы туралы - adebiportal.kz

Мәлік Ғабдуллин есімі қазақ әлеміне кеңінен танымал. Небәрі елу жеті жыл жасаған батыр-ғалым-жазушының өмірден өткеніне жарты ғасыр толды. Кеңес тарихында «Ұлы Отан соғысы» деп аталған алапат майданда алғаш Кеңес Одағының батыры деген атаққа ие болған Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы, шығармашылық әлемі туралы зерттеулер өз жалғасын табуда.

Қазақ «бес күндік жалған дүние» атаған мынау ғұмырдағы бір адамның басына жетерлік атақ пен дәреже, марапатқа өз дәуірінде адал еңбегімен, іс-қызметімен ие болған жандардың бірі де бірегейі – қазақтың арда ұлы Мәлік Ғабдуллин болар. Расымен де Мәлік Ғабдулиннің бір басына тоғысқан атақ-дәрежелерін тізбелеп шығудың өзі оңай емес. Кеңес Одағының батыры, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, майдангер жазушы, ұстаз педагог, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің рухани мұралары өзінің тақырыбы, жанрлары, мазмұны тұрғысында сан салалы. Атап айтқанда ол өзінің филолог ғалым ретіндегі ғылыми бағыты, тақырыбы тұрғысында ғұмыр бойы өнімді еңбек етіп, әдебиеттану тарихы мен теориясы, сыны және фольклортану бойынша қомақты еңбектер жазып қалдырды. 

Сонымен қатар Мәлік Ғабдоллаұлының өмірдің өзінен ойып алынған майдан оқиғаларына құрылған деректі әңгімелері мен эсселері, оқ пен оттың ортасында жүріп және соғыстан кейінгі мамыражай кезеңде сан алуан адамдармен хат жазысқан, алуан тақырыптар, мәселелер бойынша пікір алмасқан жазбаларынан құралған эпистолярлық мұралары да барынша құнды. 

Мәлік Ғабдуллиннің соңына қалдырған мол рухани қазынасының ішінде «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» кітабының алар орны ерекше. 1966 жылы «Мектеп» баспасында басылып шыққан «Ата-аналарға тәрбиелік кеңес» атты кітабы – ата-аналарға, педагогтарға, жалпы оқырман қауымға арнап жазылған еңбек болды. Бұл кітап – өскелең жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қажетті көмекші оқу құралы ретінде ұсынылған еңбек. Мектеп пен ата-аналардың жас ұрпақты тәрбиелеуде бірлесе отырып жүргізетін жұмыстары кейінгі жылдары кеңінен өріс алып, жақсы нәтиже беріп келе жатқандығын ескере отырып, осы жұмыстарды барынша нәтижелі ету тұрғысында өзінің бұл еңбегін жазып ұсынып отырғандығын айта келе педагог ғалым өз еңбегін жазудағы басты мақсатын былайша түйіндеп өтеді: «Әрине, жас ұрпақты тәрбиелеу жөнінде ата-аналарға арналған бұл еңбекте барлық мәселе қамтылған жоқ. Олай ету мүмкін де емес. Біз жастарды семьяда, мектепте, коллективте тәрбиелеуде қолданылып және нәтиже беріп жүрген жұмыс түрлерінің кейбіреулерін ғана алдық. Соларды ретіне қарай пайдалана білсек, бала тәрбиелеудегі ісіміз сәтсіз болмас деп ойлаймыз. Бұл – бір.

Екінші. Жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесі жайында ата-аналарға арналып қазақ тілінде жазылған еңбектер бізде онша көп емес. Сондықтан еңбегіміздің алғашқы бөлімінде революциядан бұрынғы кездегі тәрбие, әсіресе жастарды ерлік, батырлық рухта тәрбиелеу жөнінде қандай мақсатты көздейтін жұмыстар жүргізілуі қажет деген мәселеге қысқаша шолу жасалады. Бұлай ету – бүгінгі тәрбиенің мақсатын айқын түсіну үшін және соған сәйкес жүргізілетін тәрбиелік жұмыс түрлерін білу үшін керек болды».

«Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» деген желеумен ұлттық құндылықтардың сыртқы пішінін сұлбалағанымен, ішкі мазмұны орыс-советтік бағытқа құрылған коммунистік дәуірде қазақтың ғасырлардан бері келе жатқан батырлық жырларын жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің көзі ретінде ұсыну – ұтымды да тиімді тәсіл болғаны анық. Мол данамен жарық көріп, кең таралымға ие болған бұл кітаптың өз дәуіріндегі құндылығы жоғары болғаны сөзсіз. Тіпті, ішіндегі социализм мұраттарын сипаттайтын тұстарын, коммунистік көсемдерден, партия съездері мен пленумдары қаулы-қарарларынан алынған үзінділерді есептемегенде, аталған кітаптағы тәрбие мәселелері қазіргі күні де өз құндылығын жойған жоқ. Себебі, қазақ халқының батырлық жырлары арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлік рухқа тәрбиелеу – бүгінгі жаһандық дәуірде өмір сүріп жатқан қазақстандық тәрбиелеу-білім беру мекемелерінің өзекті мәселесі болып отыр. 

Мәлік Ғабдуллин өзінің педагогикалық еңбегінде осы мәселеге баса назар аударады. Кітаптың «Тәрбие туралы» атты бірінші бөлімінде жас ұрпақты ерлік рухта тәрбиелеу – жалпы жұртты толғандыратын мәселе екендігін, осы тұрғыда әрбір кездесуде өзінен осы тұрғыда қандай әдіс-тәсілдерді қолдану тиімді деп білетінін ата-аналар жиі сұрайтынын айта отырып, мұның нақты дайын жауабы жоқтығын, оны күнделікті өмірден, өткендегі тарихтан, тұрмыс-тіршіліктен, әлеуметтік-қоғамдық семьялық жағдайлардан іздестірген жөн деген пікір білдіреді. Сондықтан да осы тәрбие дегеннің не екендігіне анықтама берудің маңыздылығына тоқтала отырып, Мәлік Ғабдоллаұлы мынадай анықтама ұсынады: «Кейінгі жас ұрпақты коғамдық іске еңбекке, қызмет етуге, жігерлі болуға үйрету мақсатымен адам баласының қоғамдық өмірінде, тарихында, тұрмыс тіршілігінде қалыптасқан өмір тәжірибесін, мінез-құлық пен дағдыны тәрбие дейміз. Және де адамның өмірден алған, тұрмыста сыналған тәжірибесін басқа біреуге үйретуді де тәрбие деп атайды. Тәрбиенің түрлері көп. Солардың ішінен бастылары: еңбек тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, дене тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, семьялық тәрбие, моральдық тәрбие, коммунистік тәрбие т.б. Бұлар – бір ғасырдың емес, көп ғасырдың жемісі. Сондықтан да ол адам баласының тарихымен бірге жасасып, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында сан ғасыр бойына қоғамдық қызмет атқарып келеді. Осы тұрғыдан алғанда тәрбиені тарихи категория деп қараймыз. Өйткені адам қоғамы дүниеге келгеннен бастап-ақ тәрбие де пайда болды, содан бері қарай, күні бүгінге дейін дамып келеді».

Мәлік Ғабдуллин тәрбиені таптық сипатта алып қарастыра отырып, құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық кпаиталистік және социалистік дәуірлердегі тәрбиенің ерекшеліктеріне, өзіндік сипаттарына кеңінен тоқталады. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның, дәуірдің талап-тілегі, сұранысына сәйкес, жас ұрпаққа коммунистік дүниетаным тұрғысында тәрбие берудің тиімді жолдарын қарастырады. Ғалымның осы тұрғыда айтқан ойлары практикалық тұрғыда өзекті екені даусыз. Мәлік Ғабдолллаұлы бұл тұрғысында былай деп тұжырым жасайды: «Оқушыларды еңбек адамдарымен кездестіру, олардың еңбек жайындағы әңгімелерін тыңдату, өнеркәсіп орындарына экскурсия жасау, еңбек процесімен таныстыру сияқты жұмыстар балаларға жақсы әсер етеді. Бұл арқылы да балалар еңбек жайында көп түсінік алатын болады.

Мұнымен қатар баланың оқу оқуы, сабақ даярлауы, мұғалімнің үйге берген тапсырмаларын орындап келуі де бала үшін үлкен ой еңбегі. Сондай-ақ баланың сабақты үлгеруі немесе үлгермеуі де еңбекке байланысты. Сондықтан баланы жастайынан еңбекке үйрету, еңбек етуге тәбиелеу қажет дегенде біз оның дене еңбегімен қатар ой еңбегімен де үйренуін еске аламыз».

Осылайша Мәлік Ғабдоллаұлы еңбектің бала тәрбиесіндегі орнын ерекше бағалай отырып, оның жеке тұлғаны қалыптастырудағы маңызын жоғары қояды. Мәлік Ғабдуллин еңбегінің басты ерекшелігі – бала тәрбиелеудің ұлттық дәстүрлерін коммунистік дәуірдің талап-сұранысы жағдайына кіріктіруге күш салуы деп білеміз. Кітаптың «Тарихқа көз жіберсек» атты бөлімі осы масқатты жүзеге асыруға, яғни қазақ халқының күнделікті өміріндегі бала тәрбиелеу дәстүрін насихаттауға құрылған. «Біз осы еңбектің алғашқы беттерінде тәрбиенің тарихи категория екенін, ол әр кезде қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес қалыптасып, дамығандығын қысқаша сөз еткен едік. Ал осы ретте тәрбие революцияға дейінгі қазақ өмірінде қандай мақсатта жүргізілді деген сұрау туады. Енді аз да болса соған тоқтап өтелік», - дей отырып, педагог-ғалым қазақ ауыз әдебиетінің, оның ішінде батырлық жырлардың тәрбиелік маңызына кеңінен тоқталады. «Қазақ халқының өткен тарихына көз жіберсек, дүниеге келген жас нәрестені әрбір семьяда зор қуанышпен қарсы алғанын аңғарамыз. Бұған жаңа туған жас балаға арнап жасалған «шілдехана» деп аталатын ойын-сауық кеші дәлел. Балалы болып, шаттыққа жеткен ата-ана жүрегіндегі ең асыл, ең әдемі сезім-сөздерін жас сәбиіне арнайды. Мұны біз халықтың ғасырлар бойына ауызша айтып, ұрпақтан-ұрпақка жеткізген «Бесік жыры» деп аталатын өлеңінен көреміз», - дей отырып, Мәлік Ғабдуллин «Шілдехана», «Бесік жыры», «Төрт түлік туралы жырлар», «Ертегілер», «Батырлық жырлар» т.б. халық ауыз әдебиеті жанрларының тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді және олардың ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ балаларын тәрбиеге баулуда да өзектілігін атап көрсетеді. «Баланы жастайынан батырлық, ерлік рухта тәрбиелеу үшін халық өзінің қоғамдық тәжірибесінде көптеген әдіс-амал қолданған», - деп нақтылай келе Мәлік батыр адам бойындағы патриоттық сезім жайында былай деп ой қорытады: «Жүрегінде патриоттық сезімі, бойында намыс оты жоқ адам еш уақытта ешқандай ерлік жасай алмайды. Мұндай адамдар, әдетте, қорқақ келеді».

Мәлік Ғабдуллин тәртіп және оның қоғамдағы, жеке адам тұлғасына қатысты маңызы жайында кеңінен тоқтала отырып былай дейді: «Коллективте (қоғамда, ұйымда, семьяда т.б.) қалыптасқан ережеге сол коллектив мүшелерінің міндетті түрде бағынуын тәртіп дейміз. Тәртіптің толып жатқан түрлері (партиялық тәртіп, мемлекеттік тәртіп, әскери тәртіп, еңбек тәртібі т.б.) бар. Соның бірі оқушылар тәртібі деп аталады». Оқушылар тәртібінің ойдағыдай болуы неге байланысты деген сұраққа педагог ғалым былай деп жауап береді: «Оқушының тәртіпті болуы тәрбиеге байланысты. Мектепке дейінгі бала семьяның өзінде-ақ ненің жақсы, ненің жаман екенін айырады, әке-шешесінен және үлкендерден тәртіпті болу жолдарын үйренеді. Айталық, бес жасқа келген бала үлкендерді сыйлау, үлкен кісінің жұмсаған жеріне барып келу, тіл алғыш болу, біреуге көмек көрсету т.б. дегендердің жақсы қасиет екенін біледі. Мұндай баланы жұрттың бәрі жақсы көретінін де ол түсінеді. Мұндай баланы жұрт мақтап, «міне, нағыз тәртіпті бала» деп басқаға үлгі ететінін де ол біледі. Ал егер, бала безер болса, тіл алмаса, жасайтыны бұзақылық, істейтіні тентектік болса, айтатыны былапыт, бейпіл сөз болса, ондай баланы «тәрбие көрмеген әдепсіз бала» дейді». Мәлік Ғабдоллаұлы үзбей орындалып отыратын жақсы әрекеттер біртіндеп тәртіпке айналатынын, осы арқылы тәртіпке негізделген жақсы әдеп қалыптасатындығын атап өте отырып, ол үшін балалардың саналылығын арттыру, белсенділігін көтеру қажет дегенге ерекше тоқталады. Жігерлі, бастамашыл, өзіндік «мені» қалыптасқан бала болашақта елінің елеулі, халқының қалаулы азаматы болатындығын айтып өтеді: «Балаларды тәртіптілікке үйреткенде, біз олардың жігерлі, белсенді, инициативалы болу жағын да ойластырамыз. Бала жасынан инициативалы болып тәрбиеленсе, өсе келе ынжық болмайды, қандай жағдайда жүрсе де жол табады, ақылмен, ақылға сала әрекет жасайды, қауіп-қатерден үрейленіп қорықпайды, қайта, оған қарсы тұрады, оны қалай жеңу жолын біледі. Жасынан тәртіптілікке үйренген бала өсе келе ұқыпты, тиянақты, жинақы келеді. Мұндай адамда салақтық пен ұмытшақтық, өз міндеттеріне қалай болса солай қарау, қымбатты уақытты босқа өткізу, жалқаулыққа салыну, кездескен қиыншылыққа қарсы тұра алмай жігерсіздену т.б. деген сияқты жарамсыз қасиеттер болмайды».

Әр дәуірдің өзіне тән сипаты, осыған орай адамзат қоғамының мұраттары мен мақсаттары да әр түрлі болатындығы ақиқат. Мұның жалпыазамзаттық та, жеке бір мемлекеттік те ұқсас элементтері болады. Бүгінгі дәуір – жаһандану заманы. Жаһандану заманы – бүгінгі жасөспірімдердің адамгершілік құндылығын айтарлықтай өзгертті. Коммунистік, посткоммунистік дәуірлердің ұл-қыздары түсінігіндегі адамгершілік құндылықтар мен бүгінгі күннің оқушыларының түсініктің арасында анағұрлым айырмашылық бар. Ұл-қыздардың мінез-құлқы жақсы жағынан қалыптасу үшін әдеп әліппесін қалыптастыру маңызды болып отыр. Біз осыны ескере отырып, кешегі тәжірибеге де сүйенуіміз керек.

Жалпы алғанда әдептілік – адамзат баласының бойындағы ең жақсы қасиеттердің бірі ғой. Сондықтан да болар, «әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби: «Әдептілік – әрбір жеке тұлғаның жеке рухани байлығы, қазынасы», - деп атап көрсеткен екен. Мәлік Ғабдуллин заманында да, қазіргі ХХІ ғасырда да әдепті болу, әдептілікке баулу мәселесі ешқашан күн тәртібінен түскен жоқ. Түспейді де. Әдептілік – адамды көркем ететіндігі туралы жиі айтылады. Сондықтан да халқымызда: «Әдепті бала – арлы бала, әдепсіз бала – сорлы бала» деген мағынасы терең нақыл сөз айтылады. Әдептілік әліппесінің өзі – үлкенді, ұстаздарды, сыныптастарды сыйлау, олардың пікірін құрметтеу десек, Мәлік Ғабдуллин кітабында мұның көптеген мысалы берілген.

Осы орайда Мәлік Ғабдоллаұлының қарулас досы, майдандас ағасы, дақты қолбасшы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған – құл болмайды, тәртіпсіз – ел болмайды», - деген сөзі ойға оралады. Иә, тәртіп бар жерде тәрбие бар. Жақсы сипаттағы тәртіп пен тәрбиеге бағынбаған адам да, қоғам да түбі дұрыс жолға бағыт алмайды. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат.

«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» дегендей, өскенде елдің қамын жейтін үлкен азамат болып өсу үшін балаларды отаншылдық сезімге кішкентайынан тәрбиелеу қажет екендігіне баса тоқталып өтеді: «Семьяда, мектепте жүргізілген саналы тәрбиенің нәтижесінде тәртіптілікке үйренген, соған дағдыланған бала ер жеткен соң халықтың мақтаныш ететін нағыз азаматының өзі болады. Ол – өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен орындауды басты міндеті деп, өмірдегі арман-мақсаты деп түсінеді. Мұндай адам жеке бастың мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары санайды». 

Мәлік Ғабдуллин өзінің педагогикалық еңбегінде: «Жас ұрпақты адамгершілікке, саналылыққа тәрбиелегенде негізгі еске алатын нәрсенің бірі – сенім», - дей отырып, қоғамдағы адамдардың өзара, үлкеннің кішіге, мұғалімнің оқушыға сенім білдіре білуі қажеттігін атап көрсетеді. Сенім білдіру – біздің халқымыздың ертеден келе жатқан үлкен қасиеті. Баланы жастайынан еңбекке баулып, қолынан келеді деп сенім арта отырып жауапты жұмыстарды тапсыру – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан үрдіс. Осы арқылы жас бала шыңдалады, пісіп-қатады. М.Ғабдуллин еңбегінде де осы мәселе кеңінен қарастырылады.

Жалпы алғанда оқушылардың бойына әдеп әліппесін сіңірудің мәні өте тереңде жатыр. Алдыңғы қоғамның мұраттары кейінгіге келе бермейтіні сияқты, тәрбиені де біржақты міндеттеуге болмайды. Себебі, балаларды қоғам белгілеген ережелерге сәйкес өмір сүруге үйрету – сол дәуірдің талабы. Мәлік Ғабдуллиннің педагогикалық қызмет дәуірі – соғыстың ауыртаплық, қиыншылықтарын бастан өткерген буынның ұрпақтары. Олар жоқшылық, тапшылық, үнемшілдік, қанағат, ысырапшылдық дегеннің не екенін жақсы білді. Ал бүгінгі молышылық пен тоқшылық дәуіріндегі ұрпаққа мұны айтып түсіндіру, осыған сәйкес тәрбиеге баулу – қиындау мәселе.

Сондай-ақ «Үлкенді сыйлау – үлкен іс», - деп атап көрсете отырып, баланы жастайынан үлкендерді сыйлауға баулу керектігін, мұнда оқушылардың тек танитын адамға ғана емес, көшедегі кез келген үлкен адамға сәлем беріп, ізеттілік танытуы керектігіне тоқталады: «Ата-аналар, мектеп, мектептегі қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, жас ұрпақты «адам – адамға дос, жолдас және бауыр» деген моральдық принципте тәрбиелеуі қажет», - деп тұжырымдайды және бұл – қай дәуірде болмасын өзекті болып қала беретін тұжырым. Ол Абайдың адамгершілік туралы ойларымен де үндесіп жатыр. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол», демеуші ме еді, қазақтың ұлы ойшылы.

Мәлік Ғабдоллаұлы өзінің еңбегінде «Ерке бала және ырыққа көнбейтіндер, мәселесіне де назар аударып, қазақ халқының балаға деген мейір-махаббатының ерекше екенін, алайда баланы жақсы көрудің, еркелетудің  де шегі барын, осы шектен асып кеткен жағдайда үлкен проблема туындайтындығын ескертеді: «Әрине, біз ата-аналарға балаңды жақсы көрме, еркелетпе демейміз. Біздің айтарымыз: балаңды жақсы көр, барлық мейір-махаббатыңды сала сүй, бірақ оны асыра еркелетіп жіберме! Мектеп жасына дейін семьяда ерке болып өскен, әке-шешесінің беттен қағуын көрмеген, ойына не келсе сонысын бұлжытпай орындатқан, сондай-ақ әке-шешесінің айрықша қамқорлығын көрген, еті күнге күймеген, беті желге тимеген, үлде мен бүлдеге оранған, өмірдің не екенінен түсінігі болмай өскен бала түбінде нағыз азамат болып шықпайды. Ондайлар, әдетте, өмірге икемсіз, ынжық, тоғышар немесе көпшілікпен санаспайтын, одан өзін жоғары қоятын өр көкірек, өзімшіл (эгоист) келеді», - дей келе Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен жарлы баласы» атты әңгімесіндегі Асан мен Үсеннің қиындық басқа түскен сәттегі әрекетін мысалға алады. Баланың ырқына жүгіріп, оларды орынсыз еркелету – бүгінгі заманда да кеңінен етек алып отырған әдет екендігін мойындауымыз керек.

Екіншіден, оқушылардың сабақтан кейінгі уақытын қалай тиімді пайдаланғаны дұрыс деген мәселе оқушы үшін аса маңызды проблема екендігі белгілі. Кейбір оқушы бос уақытын дұрыс пайдаланады, үйге берілген тапсырманы орындағаннан кейін киноға барады немесе спортпен шұғылданады, клубта болады. Ал кейбір оқушы бос уақытын қайда қоярға білмейді, үйде отыра берудің жөнін таппайды. Сондықтан далаға шығып келуді сылтау етіп босқа қыдыратын да болады. Мұндай жағдайда көшенің әсер-ықпалына түсіп кетуі де қиын емес. Ал оқушыны осындай жағдайға түсірмес үшін, оны сабақтан тыс бос уақытын дұрыс пайдалануына көмектесу керек. Көмек дегеніміз қандай болуы керек екендігіне бір мысал етіп Қаратайдың уақытын алуға болады. Бұдан бір кезде көшенің ықпалына түскен оқушының кейін мұғалімнің көмегі арқасында уақытты пайдалы іске жұмсауды қалай үйренгенін көреміз. Педагог ғалымның ата-аналарға бұл тұрғыда беретін кеңесінің түйіні мынау: «... үй ішінде баланың кейбір мінез-құлқын орынсыз мақтай беруге болмайды. Кейде біз баламызды жақсы көргендіктен оның барлық ісін, жүріс-тұрысын, қылық-мінезін асыра мақтап жібереміз». Баланы артық еркелетудің пайдасынан гөрі болашақ үшін зардабы көбірек болатынына қазіргі кезеңдегі бірөңкей ақсаусақ ұрпақтың сәл қиындық басына түскен кезде көп жағдайда күйректік танытып қалатыны мысал бола алады.

Кітапта біршама қаузалған мәселелер – ата-ана мен мұғалімнің бала яғни оқушы алдындағы өздерін ұстау мәдениеті, үлгі-өнеге берудегі тәлімгерлігі. Бұл жөнінде педагог былай деп атап көрсетеді: «Әдетте, бала үлкендерден үлгі алады, үлкендердің әсерімен баланың мінез-құлқы, дүние тануы, оған көзқарасы, ықыласы т.б. қалыптасады, үлкендерге ұқсауға тырысады, соған ұмтылады. Сонымен қатар баланың семьяда үлгі алатыны – әкемен шеше. Ол екеуі тату-тәтті тұрса, қоғамға пайдалы жұмыс істеп жүрсе, коллектив алдында абыройлы болса, өз беттерімен білімін көтере берсе, үй ішінде кикілжің, ұрыс-жанжал дегендер болмаса, баласына көңіл бөліп отырса (кітап оқып беру, кинотеатрға, паркке т.б. мәдени орындарға ертіп апару, баласының сабағына, тәртібіне бақылау жасау), міне, мұның бәрі балаға жақсы мағынада қатты әсер етеді. Мұндай әке-шеше бала алдында абыройлы да беделді болады. Баласы да жасынан әке-шешесіне ұқсауға талпынады, соған еліктейді. Сондықтан да бала әке-шешенің абырой-беделін жоғары бағалап, жоғары көтереді, өзіне мақтанышпен үлгі етеді», - дей отырып, егер ондай жағдай болмай, керісінше болған жағдайда бала есі кіре сала моральдық жүдеушілік пен күйзеліске ұрынатынын, әке мен шеше арасындағы кикілжің, ұрыс-жаңжалдарға куә болып өскен баланың жабырқау, тұйық келетінін, ал ата-ананың да мұндай жағдайда бала алдындағы абырой-беделінің төмен болатынын айтады.

Ал семьядағы жағдай бұл айтылғандай болмай, керісінше болса, онда бала есі кірген сайын моральдық жүдеушілікке ұшырайды, қатты күйзеледі. Үй ішіндегі, әсіресе әке мен шеше арасындағы кикілжің, ұрыс-жанжалдар баланы жабырқау, тұйық болуға мәжбүр етеді. Мұндай жағдайда бала алдында әке-шешенің абырой-беделі болмайды.

«Мұғалім – мектептің жүрегі», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» т.б. мұғалімге қатысты айтылатын мақал-мәтелдер мен педагог ғалымдардың, ұлы адамдардың айтылымдары бар. Осыған орай Мәлік Ғабдуллин де өзінің педагогикалық еңбегінде мұғалім тұлғасына ерекше мән береді: «Баланың мектепке барған күнінен бастап өзіне үлгі ететін адамы – мұғалім. Ол балаға оқытуы, білім беруімен ғана үлгі болмайды. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді. Бәріміз де бала болдық, оқушы болдық. Сонда сабақты шебер оқытатын, білімді көп беретін, өзінің турашыл да әділ, қамқоршы мінезімен үлгі болған мұғалімдерімізді еш уақытта ұмытпай есте сақтаймыз, мақтаныш етеміз», - дейді.

Академик Мәлік Ғабудлиннің «Ата-аналараға тәрбие туралы кеңес» еңбегін оқығандағы шығатын үлкен қорытындының бірі мынау болса керек: «Жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне еңбек адамдары, үлкендер түгелімен қатысуы қажет. Ол үшін бұған әрбір ата-ана мұрындық болып, үлгі көрсетуі тиіс. Бала тәрбиесіне өзі қатыспай, оны басқаға жүктей салатын ата-ана біздің арамызда кездеспеуі қажет». Аталған жағдайға іс-әрекеттері сәйкес ата-аналар қазіргі күні көптеп саналатыны жасырын емес. «Бала тәрбиесі – мектептің шаруасы, біздің міндетіміз – киімін кигізіп, тамағын беріп, сұрағанын алып беру», - деп түсінетін ата-аналардың әрекетін бей-жай қарауға болмайды. Бұған нақты үлгі – сан салалы қызметі мен қат-қабат шаруасының ортасында уақыт таба біліп, мектептегі оқу мен тәрбие үдерісі туралы арнайы жағдаяттық бақылаулар жүргізіп, әдістемелік кітап жазған академик Мәлік Ғабдуллиннің елеулі еңбегі деп білеміз.

Автор ата-аналарға арнап жазған осынау еңбегінде мектеп оқушыларын, жалпы жас ұпақты тәрбиелеу жолдарын өзінің өмір тәжірибесінде көріп білген жағдаяттар арқылы баяндап, терең ой қорытулар жасап отырады. Жас ұрпақты батырлық жолына, ерлік рухқа, еңбекқорлыққа, адамгершілікке, ұлттын сүйетін патриот тұлға болуға тәрбиелеу – Мәлік Ғабдуллин еңбегінің басты мақсаты және бұл мақсат қай кезеңде болмасын күн тәртібінен түскен емес және ешқашан түспек емес. Батыр-ғалым-ұстаз Мәлік Ғабдуллин еңбектеріндегі жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу идеясы оның кез келген әдеби, публицистикалық, эпистолярлық мұраларында көрініс тауып жатады: «Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер. Бүгінгі ауыр, сұрапыл соғыстың дәуірі ертең-ақ шаттық алтын нұрын шашқан сәулет күніне жеткізер. Сол кездерде өткен уақыттың уақиғаларына көз салармыз. Адам тарихынан ғасырлар бойы өшпес орын алған талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалынған мазмұнды істерімізді, халқымыздың абырой-атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз. Олардың ерлік істерін, олардың бізге қосқан аманатын: «Қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет», - деген тапсырмаларын еске алармыз», - деп жазады бір хатында. Иә, қай дәуір болмасын, тұтас бір ұлттың жауынгерлік рухы сыналар сәтте сол дәуірдің ұлдары мен қыздары өздерінің ұлт алдындағы жауапкершілігін сезіне отырып, небір ерліктер жасайды. Ал ол ерліктері – кейінгі ұрпақтың жігерін жанып, рух береді. Ұрпақтар сабақтастығының ерлік жолы жалғасады. Бүгінгі бейбіт күннің мектеп оқушылары өздерінің арғы, таяу кезеңдердегі батыр бабаларының ерлік жолын сезініп өсуі тиіс. Осындай рухты сезініп өскен ұрпақ жалқау, сабақты нашар оқитын болуы тиіс емес. «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» кітабының мазмұнынан туындайтын басты идея да осы. Туған халқына қызмет етудің жарқын үлгісі Мәлік Ғабдуллин шығармашылығы – болашақ ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге қызмет ете берері сөзсіз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар