(Әдеби рецензия)
АҢДАТПА
Анар КАБДУЛЛИНА,
әдебиеттанушы, әдебиет сыншысы, ҚР Ұлттық академия кітапхана жанындағы «Әдеби агенттіктің» жетекшісі:
Жаңа технологиялардың сағат санап дамуы адамның ойлауына һәм өмір салтына әсер етпей қоймайтынына көзімізді жеткізді. Бар әлем алақанға сыйып кеткен бұл кезеңде адамзат жоғалтып алған ортақ мүддесін қайта тапқандай. Ақпараттың жедел тарауы қоғамда көбейген көзбояушылыққа, әділетсіздікке, жемқорлыққа тегеуірінді қарсылықты үдетіп, ендігісін жер бетінде әділет орнатпай қоймауға бет бұрғанын көрсетті.
Қызыл ғаламшарды жауламаққа ниеттенген озық «мыйлардың» жылдамдығына бүгін-ертең ілесе алмаспыз, бірақ образды ойлау сынды ұлттық ерекшелігімізді қазіргі сәттен дамыта берсек, болашақ жақтан қол бұлғап, қарсы келе жатқан «жасанды интеллекке» оп-оңай төтеп бере алатын сияқтымыз. Себебі, ол тек «эмоционалды интеллекті» еңсере алмайды екен. Ендеше, адам тектес роботқа тойтарыс бере алатын адамзаттың бірден-бір құралы – поэзия болатынына күмән бар ма?
Ал жыраулық қасиет, образды ойлау – біздің қанымызда бар.
Қазақ тәуелсіз әдебиеті экспериментке толы болды: проза сезім қылын поэзияға бергісіз шертіп кетсе, поэзиямыз ұлпадай жеңіл сипатынан жеріп, прозадай «салмақты» болғысы келген. Бірақ бұл күні эксперименттер уақыты өтіп, әр нәрсені өз орнына қоятын уақыт келіп жеткендей.
Мені қуантатыны, әдебиетте шоқтай жайнап жаңа бір шоғыр пайда болыпты.
Жас та болса, білімі де, тәжірибесі де бар. Кітаптарын өздері жазып, өздері шығарып, өздері сатады. Ешкімнен қаламақы, материалды қолдау күтпейді. Әдеби конкурстарға қатысуға құлықсыз, себебі, ол жердің «қалыптасқан тәртібін» біледі. Әлемдік әдеби нарықтың жүйесін Қазақстанда орнатқысы келеді. «Өзі жазу, өзі шығару, өзі сату» – «жабайы» кітап нарығын реттеу үшін «Әдеби агенттіктер» ашылып, баспа бизнесінде реформа жүруінің маңыздылығын да әбден зерттеген.
Бұл істе ҚР Мәдениет министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, «Әдебиет порталы» интернет-жобасы жас таланттарды қолдап отыр.
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұналбаева жас қаламгерлерге онлайн платформасын ұсынса, «Әдебиет порталы» жас жазушылар шығармаларына жазылған рецензияларға арнаулы бет арнамақ.
Жақсы бастамаға қолау білдірген баршаңызға алғысымыз шексіз!
МЕН КІММІН?
«Егемен Қазақстан» гәзеті. 2018 жыл. 4 шілде. Есбол Нұрахмет. «Табақ бет, таңқы танау»...
Бас-аяғы жып-жинақы карикатуралық новелланы бір деммен оқып шықтық, ойлы дүние екен. Уақыт тоқтап қалғандай әсер алғанымыз өтірік емес. Сағат тілі таңғы төрт жарымды көрсеткен қалпы сіресіп қалған. Негізгі әдеби қаһарман хақында не білеміз? Жасы – жиырма алтыда, бұрнада аздап-аздап ұрттап тұрған, басы – мең-зең, көзбен көргені өңі ме, түсі ме, өзі де ұқпайды, оны жүзді айдап, бірді жетелеген бай-бағланға ұқсата алмадық, үстінде – майкісі, бұтында – дамбалы ғана бар пенде. Содан соң әлгің көп жүреді, жүгіреді, көпқозғалады, әйтеуір бір орында тұрмайды, динамикаға толы тыныс-тіршілік, жаттанды ғұрыпқа бағынбас ғұмыр...
Кейіпкердің ұстаған бағыты, маршруты: өзінің үйі – көше – аялдама – автобус – жұмыс орны – көше –өзінің үйі – көше – көршінің үйі. Осымен тамам. Түйсікті оқырман аталған атрибутиканың барлығы бүгінгі ахуалды мегзеп тұрғанын түсінер, жазбай таныр. Әйелінің «өңі сарғайған секілді, маңдайына білінер-білінбес таяз сызық түсіпті, көзінің асты аздап ісінген». Бәрі дәп осы детальдан басталды. Импульс... Аялдамада тұрған «бойы ортадан төмен, ықшам денелі» сары шалдың «мектеп оқушысының киімін киіп, кішкентай сумка асынуы» ел бойындағы жалпақ жаһанға айтқысы жоқ көп комплекстің бірінен хабар береді. Жаңағы табақ бет, таңқы танаулардың келбет-кеспірі де, дауыстары да бірдей, тек киімінен, пішін-пошымынан ғана ажырата аласыз.Ол баз біреуді іздегендей жұртқа анықтап қарап, бет-жүзін барлайды. Мүшелден бір жылартық жас жігіттің жан-жағындағы түрі таныстың да, бөтен-бөгденің де біртектестенуі – білген, сезінген қарағайдай қатқан қағидалар, штамп-шаблондар. Ал, «ақ көйлек, қызыл галстук» таққан кондуктор шал – ескі тәртіп, ескіргенін елегесі келмейтін, жаңашылдыққа тіс-тырнағымен қарсы жүйе, келмеске кеткен кезеңнің сарқыншағы. Сандық код: жиырма алты, төрт жарым, екі, 13, 16, бесінші қабат... Алғашында антагонист амплуасындағы ана көркем бейне көптің бірі боп, еш нәрсеге селт етпейтін әлеуметке, бірсыдырғы тіршілікке жұтылып кетеді. Бұны шығарма аяғына шыққанда білдік.
Автор туындыға қыс мезгілін антураж ретінде алып, ішті қыз-қыз қайнатқан өрт пен сырттағы ызғарды, аязды бір-біріне қарсы қояды.«Жалма-жан автобус есігінде жабыстырылған қалтаға түскіш ұрылардың фотосына қарадым. Барлығы 16 адам, бірақ бір бейне. Жалғыз адамның суретін он алтыға көбейтіп жабыстыра салғандай. Бас жағына үлкен қара әріптермен «Абайлаңыз, ұрылар!» деп жазылған». Бұл – прозашының коррупцияға деген қарсылығы, азамат есепті ұстанымы. Ал, «күзеттік форма кигендердің» кейіпкерді тексеруі – заңның кісіге деген сенімсіздігі. Қып-қызыл қанның ақ дастарқан бетіне тамшылауы – қоғам ластануының белгісі. Есбол Нұрахмет көпсөзділікке ұрынбаған, ұрымтал сәтте шығарманы жұмырлап жіберуге тырысқан, тәптіштеуге жол жоқ, тәпсірлеу – сізден, минимализм.
«Таңқы танау, табақ бет сары шалдар мен кемпірлер» «Матрицадағы» Неомен (Томас Андерсон) жекпе-жекке шығардағы агент Смиттей көп. Олардың саны күн санап артуда. Себебі: « – Биылғы жылы еліміздің жалпы ішкі өнімі былтырғыдан 20 пайызға өсті». «Екі жасар баланың жілігі», «13 жасар қыздың миы», «қызыл ала қан», «қою қызыл-күрең қан» –хоррорлық атмосфераға тұздық. Аты жоқ бейне жүгіре-жүгіре, қаша-қаша «үстінде – майкісі, бұтында – дамбалы» ғана қалғанын байқайды, сол арқылы қоғамның жалаңаштану актысы жүзеге асқан-ды. Манағы бейбақ ойсыз да оспадар ортаның қаншалықты мутацияға ұшырағанын сезсе де, шындықты қабылдағысы келмейді. Бірақ, көз алдында небір клон, гибрид пайда болуда. Амнезия – бір адамға тән дерт, ал әлеумет дәрежесіндегі амнезия – диагноз, одан зорғысы – патология, ақырғысы – ажал...
«Табақ бет, таңқы танауда» геронтократияға қарсылық сезіледі. Бірақ, бұл бейсаналы деңгейде ғана. «Езуінде болмашы қан дағы бар екен...». Қызыл түс – төңкерістің, кең ауқыммен алғанда өзгерістің, өзгеруге деген талпыныстың нышаны. Бұдан бөлек, сары және ақ түстер көзге ерекше түседі. Ақтың жайы белгілі ғой, сары – бүлінудің, бұзылудың, қартаюдың, солудың, кері кетудің символы. Юморы жұқалау жағылған новелла соңында әдеби қаһарманның айнаға қарап, оның да сары шалға айналғаны – метаморфоз, «...жаяудың шаңы шықпас», жалғыз жан кез келген үрдістен қашып құтыла алмайдыны еске салды, Есбол. Мұндағы бет-бейнесін, өзіне тән ерекшелігін, идентификациясын жоғалтқан халықтың халі – констатация деңгейінде. Платонның «Үңгір туралы аңыз» атты аллегориясы ойға оралады, осындайда. Адамның «ақиқат» деп жүргені құры бос әуре болуы да мүмкін, ал нақ алданғанын кейін ғана біледі. Әр кісі өзді-өзіне: «Мен кіммін?» деген сауал қойғаны абзал. Соған жауап тапса – ілгерілегені. Автор осыны ескертеді. Айтары бар туынды оқырманды ойландырса – онда бекер жазылмағаны. Жас жазушыға шын жүректен сәттілік және шығармашылық табыс тілейміз.
P.S. Жас әдебиетшілерді қолдап отырған ҚР Мәдениет министрлігіне, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы апайымызға, «Әдебиет порталы» интернет-жобасына алғыс айтамын.
Әлібек БАЙБОЛ,
Жазушылар одағының мүшесі,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы, сыншы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.