Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Міржақып және бүгін...

22.02.2021 4038

Міржақып және бүгін 12+

Міржақып және бүгін - adebiportal.kz

Өткен жүзжылдықтың мұнарлы көкжиегіне қайыра көз жіберер болсақ, ғасыр құрсағында жетіліп, жершарындық мәдениет өсінде толғатып өмірге келген саусақпен санарлық ұлы ұлт зиялыларының бір де болса бірегейі – Міржақып Дулатов екеніне ешкім күмән келтіре алмайды.

Бүкіл саналы ғұмырын ұлт мұраты жолына арнаған, ұлт деп туылып, ұлт деп көз жұмған қайран Арысымыздың үлгі тұтар әрбір ізі ұланғайыр Қазақ даласынан басталып, солтүстіктегі ызғарлы Карелия жеріне дейін созылып жатыр. Сол бір еске алудың өзі ауыр зұлмат жылдардың қанды уысында кеткен үркердей Қазақ зиялыларының біздің бүгінгі ел болуымызға қосқан үлесі ұшан-теңіз еді.

Дәл қазіргі күнгі «Қазақстан» деп аталатын Азия кіндігіндегі осынау Тәуелсіз елдің байрақ тігіп, басына шаңырақ көтеруі, бейбіт ғұмыр кешуі – арғы ғасырлардағы «Айыр қалпақ киісіп, ақырып жауға тиісіп», төрт төңіректен анталаған жаумен жан аямай алысқан жаужүрек бабалардың ерлігі болса, екінші бір жағынан қарасақ – «Халық жауы» деп аталар қарғыс таңбасы басылып, айдалып, атылып кеткен осы Алаш Арыстарының жасап кеткен өлшеусіз еңбегінің арқасы еді. Осынау ел, яғни, мына біздер сол ағалардың алдында ғасырлап қайтара алмас қарызымыз бар екенін ұмыта алмаймыз.

Ұлыстың ертеңі үшін деп күрес дабылын қолына алған Міржақып Дулатов 1905 жылы тұңғыш рет Орал қаласында «Пікір» деген газет ашуға ат салысып, қараңғы жұрттың көзін ашуға ниет қылды.

Қазақ тарихында алғаш рет Ибрагимовтың басшылығымен «Серке» газетінің алғашқы саны Санкт-Петербургте шығатын апталық «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Осы арқылы санасын тұман бүркеген қазақ жастарын оқу-білімге шақыруды бағыт етіп ұстанды. Газеттің алғашқы номерінде Жақаңның «Қазақ жастарына» деген өлеңі жарық көрді.

Тағы да қазақ тарихындағы алғаш рет ұйқыдағы ұлтты ояту үшін жан дауысымен, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. «Оян, қазақ!», – деп меңіреу тыныштық билеген қазақ даласын оятуға талпынды. Не бары жиырмаға қадам басқан шағында зор шабытпен, алдаспан ызамен, терең біліммен толғаған «Оян, қазақ!» жинағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифесіндей зор роль атқарған кітап болғаны ақиқат.

Ол туралы Түрік жазушысы Таһир Шағатайдың: «Кітаптың аты да, өзі де шылқылдаған шындық. Ол – ұлт мүддесінің жоқтаушысы, оның нақты бағдарламасы түрінде жұртты сергек үнмен оятады. Туындының тақырыбына үңіліп, мазмұнын аңғарған сайын жап-жас автордың сол тұстағы қоғам шындығына, әлеуметтік, мәдени, саяси өмірге соншама терең бойлай алғанына таң қаласың», – деуі тегіннен тегін емес.

«Оян, қазақ!» жарық көрген 1909 жылдары ол Орынборда қызмет атқарған. Оған қосымша сонда шығатын «Қазақ» газетінде ұлт теңдігі, ұлт мүддесі туралы көптеген мақалалар жариялап, сол дәуірдегі зиялылардың ой-пікірін қозғап отырған.

Араға бір жыл салып, түрлі кедергілермен, қиянаттармен алыса жүріп, қазақ тарихындағы тұңғыш роман – «Бақытсыз Жамалды» жазып шықты. Оның тілдік, стилдік ерекшеліктері өз алдына жаңалық болса, романда қазақ қоғамын қамти отырып, сол тұстағы елдің басындағы қараңғылық, надандық, мешеулік сияқты келеңсіз қасиеттерді ашына жазды. Жамал образы арқылы қазақ қыздарының махаббатқа адалдығын, өміршеңдігін және аянышты тағдырын жырлады.

Осыдан көп өтпей қазақ тарихында алғаш рет математика оқулығын жазып, ел өмірінде бұрын-соңды болмаған алгебралық есептеулерді жаңа ғылым түрі етіп енгізді. Одан сауат ашқан қазақ жастары Орынборда, Мәскеуде оқуларын жалғастыруға талпынып, ұлт мұраты үшін өз еңбектерін сіңіре бастады.

Сонымен қатар Міржақыптың музыкалық мұрасы да телегей теңіз. Оның әндері, күйлері, романстары бар. Қазіргі кезде елге белгілі «Қанат талды», «Таза бұлақ», «Қайда едің» әндерін де сол бір ауыр жылдары өмірге әкелген.

Сондай-ақ, оның жазушы, ақын, композитор, аудармашы, күйші, ғалым, публицист, психолог, педагог, саяси қайраткер, дәрігер болуы, сол мамандықтардың бәрінің бір адамның бойына жиналуы – кез келген жанды таңғалдырмай, таңдай қақтырмай тұрғызбайды. Оның – Хақ Алланың қасірет буған қазақ даласы үшін арнайы жіберген киелі адамы екенініе мұндайда еш күмән келтіре алмаймыз.

Оның бойындағы нағыз зиялыға тән қасиеттерді саралай келіп, бүгінгі таңдағы өздерін «зиялымын, ұлт жанашырымын» деп ұрандап жүрген кейбір жалпақшешейлердің түкке тұрмайтын қуыс кеуде, бозөкпелер екеніне көз жеткіземіз. Әрине, зиялы атауы – бойына өрлік пен ерлікті, намыс пен жігерді, білім мен парасатты, ақыл мен кемеңгерлікті қатар жинаған, не істесе де ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын, әр сөзінен адамдық пен имандылықтың, инабаттылықтың иісі аңқитын, парасатымен ұлысты ұйыта алатын ардақтылар екенін білуге болады.

Алаш ұлдарының көтерілген деңгейі, әне, сол айтқан нағыз зиялыға тән қасиеттің бәрін бойына жиған және соны көзі тірісінде еліне арнап кеткен шаһиттер екенін уақыт өзі дәлелдеп берді. Міржақыпты оқып, зерттей отырып, жоғарыда айтқан «Нағыз зиялы» деңгейінен де биіктеп кеткеніне іштей қайран қаласыз.

Міржақып Дулатовты қазақ тарихында алғаш рет терең әрі ғылыми түрде зерттеген ғалым – Марат Әпсеметов болды. Карелия жерінен топырақ бұйырған марқұмның асыл сүйегін өз еліне әкеліп жерлеуге мұрындық болды. Кеңес үкіметінің дәурені аяқталар алдындағы соңғы бұлқынысы жылдары Дулатовтың «Оян, Қазақ!» жинағын жүз мың таралыммен баспадан шығарып, қайтадан елге таратуы да осы Әпсеметовтың ерлікке парапар ісі еді.

Сол тұстағы қызыл зиялылар бұл ісі үшін Әпсеметовты партия қатарынан шығарып, жолына көлденеңдеуі оны алған бетінен қайтармады. Үздіксіз ізденуден, Дулатовтың артында қалған телегей-теңіз мол мұрасын зерттеп, жарыққа шығарудан ешқашан бас тартпады. Ел іші-сыртындағы мұрағаттарды ақтарып, халық арасындағы жеке адамдарда сақталып қалған Міржақып мұраларын жинауда жан аямай еңбек етті.

Бүгіндері сол еңбегі ақталып, Міржақып Дулатовтың дегдар рухы ел игілігі үшін, қазақ тәуелсіздігі мен бостандығы үшін шуақты мұратын қайта жалғастырды. Ел болып, ес жидық, етек жаптық. Сол Алаш ардақтылары армандаған танымы терең, тамыры мықты, өресі биік ұлт болып қалыптасудың кезеңі келіп жетті.

Уақыттан өткен әділ төреші жоқ. Зақпының тасындай зымырап, күштінің де, әлсіздің тізесін алдында бүктірген сол мезгіл соты – енді айналып келіп, олардың ешқашан да «Халық жауы», «Шетел тыңшысы» емес екенін дәлелдеп жатыр.

Міржақып Дулатовтың Карелиядағы Сосновец лагерінде ауыр жұмысқа жегіліп, айдауда жүрген шағында, сонда қамалған жалпы Түрік бауырлары үшін монастырдың мұздай суық тар бөлмесінде жатып, тұқыл қарындашпен сөздік құрастыруы, сол арқылы қан мен қиянат елесі салтанат құрған түрме бақылаушыларының алдында бауырларына есе-теңдік әперуі – қандай да бір ғазиз жүрек иесінің намысшыл тектілігін нұсқайды.

Лагердегі өзі сияқты мыңдаған айдалушылардың алдында соншама беделге ие еткен оның ақыл-парасаты мен біліміне еріксіз қайран қаласыз.

Ол сонда кімге, неге сенді?

Ол – соңында қалған миллиондаған қара халықтың ешқашан өлмейтініне, «ауызы түкті кәпірдің» қолында ешқашан құлдық қамытын киіп, жол жағалап, жуа теріп сенделіп кетпейтініне сенді.

Ол – Абылайдай хан туған, Едігедей ер туған еліне сенді. Қазақтың қасиет дарып, кие қонған алтын құрсақты аналарына, сол алтын құрсақтан қайта көктеп, Күлтөбеде кеңес құрар, Хантөбеде орда тігер ұлдарына сенді.

Ол – Хақ Алланың бірлігіне, Мұхаммед бастаған ұлы жолға нық табан тіреді. Өзі өлсе де артында жоқтайтын, дұға бағыштайтын ұрпағы барын ұмытпады. Тіпті, ауыр жұмыстан қалжырап, айдауылдың соққысынан «Жара бір қатты жан тәтті, жара ауызына қан қатты» деп күйзелген шағында да сол үміт оны алғы өмірдің сәулелі сәттеріне жетеледі.

Уақыты жеткен сәтте ол сенім орындалды да. Нөсерлі дауылдан соң орнаған ұлы бір тыныштықтай, еліміздің басына бейбіт күн өз шуағын төкті. Қазақия тәуелсіздігін жариялады. Сенген ұрпақтары, қара ормандай халқы олармен қайта қауыша бастады. Осы жолда тынымсыз еңбектеніп, түн ұйқысын төрт бөлген, тіпті, басына төнген қауіптің қара бұлтын сезсе де алған бетінен қайтпай аға аманатын арқалаған азамат, ғалым – Марат Әбсеметов өз мойынына тарих жүктеген келелі міндетті сәтті орындап шықты.

Қиыр шалғайдағы Карелия топырағын жастанып, мамырлап атқан әр таңды, тамылжып батқан әр күнді сабырмен бағып, жырақ қалған өз Отанының әр тынысын рухымен күзетіп жатқан ұлы Міржақып Дулатов 57 жылдан кейін туған еліне қайтып оралды. Оның оралуы – орыс қанішерлерінің қолында қырғын тапқан, енді қайтып бас көтере алмас күйге жеткен Қазақ Рухының қайтып оралуы еді.

Сол рухтың оралуы жолында табан етін, маңдай терін сыпырып тастап күрескен міржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметовтың еңбегін атаусыз қалдыру – тарих алдындағы қиянат екені шүбәсіз. Міржақыптың асыл сүйегімен қоса мол мұрасының қазақ жұртымен қауышуы үшін жан аямай еңбек еткен ол тынбай зерттеумен айналысты. Ел ауызындағы сақталып қалған жырларын, мұрағаттарда сарғайып шаң басып жатқан қолжазбаларын ақтара отырып, оның ішкі астарына терең үңіле білді. Міржақыптың жазушылық, ақындық, журналист-публицистік, дәрігерлік, музыканттық, т.б. қасиеттерін терең аша білді. «Жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай» қаптап кеткен бүгінгі күнгі өтірік-шыны аралас зерттеушілердің айтып, жазып жүргендері – сол Марат Әбсеметов ашып кеткен ұлы «Міржақып құрлығының» бір жиегі ғана екенін айтпауға арымыз көтермейді.

Жан түршігерлік зобалаң заманның сызы қайтып, Ұлы Абай айтқандай: «Қыраулы қыстың соңынан жадырап жылы шуақты көктем келді». Қазақ өзінің көк байрағын әлем кеңістігінде желбіретті.

Енді Алаш ұрпағының түтіні түзу, іргесі берік болу үшін жан аямай күрескен ардақты ағалардың мол еңбектері, асыл қазыналары әлі де болса толықтанып, қолымызға тие қойған жоқ. Соларды жалғасты зерттеп, жарыққа шығарып, жас ұрпақты отансүйгіш, еліне адал, жеріне қамқор ертеңгі ел иесі етіп тәрбиелеп шығару – біздің мойынымздағы парыз екенін ұмытпайық.

Міржақып Дулатовтың өзі бұл фәниден кеткенімен, қайсар да асыл рухы әлі ортамызда. Ұлтымызды қиянат пен зорлықтан, сатқындық пен қорлықтан, жат ниеттер мен арам пиғылдардан ұлы мұралары арқылы қорғап, желеп-жебеп отырады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар