Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
АЙМАҚТАР ӘДЕБИЕТІ
/
Аймақтық әдебиет керек пе?...

26.06.2025 1320

Аймақтық әдебиет керек пе? 14+

Аймақтық әдебиет керек пе? - adebiportal.kz

Биыл қыс, жыл басында Сәуле Отарбаева жетекшілік ететін «Рахымжан Отарбаев рухани қоры»Атырауда ұйымдастырып өткізген «Рахымжан Отарбаев шығармашылығыәстүр мен жаңашылдық-2» республикалық ғылыми-практикалық конференциясына қатысудың реті келді. Рахаңның басына барып, Құран бағыштап, Mақат ауданындағы осы шараға орай ұйымдастырылған кездесуден келгеннен кейін екінші күні Атырау университетіндегі Рахымжан Отарбаев атаулы дәрісханасында мәслихаттың өзі өтті. 

Менің таңқалғаным, конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен арасында жастар да бар рахымжантанушылар жиналып, баяндама жасағаны. Атап айтқанда: Риза Әлмұқан (Алматы). Бас және намыс: Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы хақында; Серік Елікбаев (Павлодар). SOR сыры: Рахымжан Отарбаевтың бір әңгімесі жайлы ой-баян; Гүлзада Ниетқалиева (Атырау). Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы риторикалық айшық; Ардақ Үсейінова (Тараз). Аманат! Адалдық! Адамдық!: жазушы Рахымжан Отарбаев шығармашылығындағы кісілік құндылықтары; Тарас Наурызәлі (Атырау). Бассыз қоғамның қасіреттері; Ақлима Сапарова (Алматы). Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы интермедиалық байланыстар; Айнұр Төлеу (Алматы). Рахымжан Отарбаев прозасындағы символдық сөйлемдер: «Аспандағы ақ көбелектер» әңгімесі негізінде; Әлібек Байбол (Алматы). Рахымжан Отарбаев драматургиясындағы құндылықтар мен ұлттық код мәселесі; Әділ Жақулаев (Қарағанды). Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романындағы тарихи дискурс; Арқалық Әмәлиятұлы (Түркістан). Рахымжан Отарбаевтың «Соңғы спектакль» шығармасындағы ұлттық бояу мен ұлтжандылық көзқарасты мектеп оқушыларына оқыту әдістемесі; Рита Сұлтанғалиева (Орал). Рахымжан Отарбаев шығармаларында постмодернизмнің эстетикалық тенденцияларының көрінісі: поп-арт, сонористикадағы қаламгерлік шеберлік.

Бақандай 11 баяндама және әрқайсысының тақырыбы атан түйеге жүк болғандай десек, қателесе қояр ма екенбіз?! Шынымды айтайын, әлгі он бірді тыңдап отырғанымда, соңғы жылдары ғылымнан қол үзіңкіріп кеткен филология кандидаты – осы жолдардың авторы қаптаған терминдердің жынысынан жол таба алмай дағдарып, аса бір ыңғайсыздық сезімін бастан өткергенін несіне жасырайын. Рахаң марқұм жайында көзінің тірісінде екі эссе («Қара сөзден қаймақ қалқыған», «Өрге тартты ақ кеме») және қайтқаннан кейін естелік-эссе («Дауысыңды естідім») жазған біз пақыр ол жайындағы тізесі шығып кеткен мантраларды қайталағымыз келмесе де осы күнге шейін Рахаң мұхитының бетін шөмішпен қалқып келген екенбіз-ау деп қалдық. Айтқандай, он екінші баяндаманы – Ситуациялық бөлмедегі сол бір жиылыста «Рахымжан Атырауи: аймақтық әдебиет, локальдық текст және филологиялық регионалистика мәселелері» деген тұрғыда тұрып, бірдеңелерді міңгірлегенімді ұмытыппын. 

Әдебиет теориясында «лингвистикалық проза» деген ұғым бар. Қазақтың қарасөзбен жазылатын көркем әдебиетінде осы ұғымға таяу келетін екі жазушы өтті деп білемін, олар – Асқар Сүлейменов пен Рахымжан Отарбаев. Бірақ бұл ол екеуі лингвист-жазушы еді дегенді білдірмейді. Сірә, қаламгердің сөзбен сүгірет салуын немесе суреттеп кетуін, осы орайда сөз ойнатуын білдірешек. Бұл екеуінің арасы өте жақын тұрады, сондықтан бір есептен, осы жерде авторға абайлап қимылдамаса болмайды, яғни ол сөзді ысырап жасап, төгіп-шашып, соның кесірінен барлығып-шалдығып қалмау керек. Басқаша айтқанда, жазушының құрылыс материалы – сөз ондық акупунктуралық нүктеге дәл тиюі ләзім. 

Олай болмаған жағдайда көркем шығарманың көркемдік шарттары мен заңдылықтары әлгіндей сөз ойнатудың, қыздырманың қызыл тілінің бөктергісінде бөктеріліп кету қаупі туады. Шүкір, Рахаңның лингвистикалық прозасының «мен – рахымжандықпын» деп андағайлап тұратын айқын ерекшелігі – оның диалогтары, жауаптасулары. Осы өреде Рахаң марқұм авторлық сөйленістерінен бұрын, әлгіндей диалогтарды және олармен қосанжар келетін авторлық репликаларда, ремаркаларда кейіпкерлер сөзінің сакральды мәнін жұлынтұтаммен сезінетін еді: бұл айтылғандарды оқыған кезде, кісінің дистресседегі, эустресседегі сөйлеген сөзін (речь), суицидент кісінің сөз саптау мәнерін, манипулятор-персонаж өзін қалай ұстайтынын және оның төл сөзі қалай проекцияланатынын автор сырттан бақылаузерлеу арқылы қаншалықты жетік меңгеріп алғанын көзапара байқастап отырасың. Автор алдын ала басында не жазба түрде әр кейіпкердің дербес сөздік лұғаттық мінездемесін жасап алатынын, сол арқылы аутентті тілдік-лұғаттық (тұлға) жасап шығаратынын және тас қашағандай дәл бәдіздейтінін аңыстайсыңистрессе – кісінің стресс, күйзеліс жағдайына бейімделе алмай азап шегуі;эустресс – жағымды мағынадағы стресс жағдайы).

Әдетте дәстүрлі реализммен жазатынағылып-төгіліп жазатын жазушылардың кейде тарлан ашқандай аяқ астынан тосын стильмен жазып кететіні болады. Рахаң да арасында кенет сондай бөтендіктен тап салушы еді. Бұл сөз әсіресе оның «Жалғыздық»«Ыстықкөл» элегияларына және әпсіндік-мистикалық «Бас» романына қатысты. Сонан соң, бұрын жазылған шығармаға ремейк – қайта жазу пошымындағы соны ізденісі, мысалы, Әлібек Асқаровтың «Мона Лизасының» ізімен, одан басқашалау, сюжеттік ситуацияға құрылған өз «Мона Лизасын» жазып шығуы. Әдебиеттанушы Ақлима Сапарованың «Рахымжан Отарбаевтың Мона Лизасы» мен «Актрисасы» – драматургиялық селкеусіз тәсілмен жазылған драмалық проза үлгілері» деген тұжырымы да ой саларлық.

Жалпы Рахымжан Отарбаевтың шығармаларына осы замандық интелектуалдық прозада басымдық берілетін «әңгімелесу прозасының» өрнегі тән. Оның көркемдік әдісін (методын) «жіті аңғарғыштық, сол аңғарғанды нәзік психологиялық өңдеуден өткізу және осыны жанды, образды тілмен жеткізетін трагедия. Бірақ сол қасіреттік жағдайларды комедиялық юморлық ситуациялар жасай отырып беру» десе лайық. Бірде әңгіме тиегі авторының атынан астатөк ағытылатын кәдуілгі реалистік проза, біресеАтырау-Алматы пойызы» хикаясындағыдай,эпизодтары өзара желімделген кинематографиялық монтаж тәсілі, енді бірде осылардың барлығы қиқуласып, қиюласып келіп, ортақ бір арнаға сарқатын нағыз полифония...Бұл – еуропалық, батыстық прозаның қолтаңбасы. Мұндай ыңғай кіндік қаны Ен Нарындағы Ақжонаста тамған Рахаңда ғана емес, Рахаңның алдында тұрған, Рахаң иығына шығып тұрып жазған тағы бір алып – сол Нарынның Ашақ құмынан шыққан Жұмекен Нәжімеденов прозасында да нышан тастайды. 

Сұрақ туады: еуропалық бітімдегі интеллектуал, «әңгімешіл проза» түкпірдің түбегінде туып, өсіп-жетілген бұл екі жазушыға қайдан келіп жүр? Нарынның бытқылы мен қоқты-қоқтысындағы құм малахиты – неше реңді шөп, көк-ыраңмен, оларды жеген ақ мая, қызыл нар, өркеші баладай інгендердің ет-сүтімен келмеген шығар, тегі?! Әлде геологиялық тұрғыдан алғанда, Батыс Қазақстан аймағы еуропалық тақта сынығында орналасқан және Шығыс Еуропаның тектоникалық еңіс беттақтасы ылдилап барып Мұғалжар тауларына тіреледі деген сөз шын болып жүрмесін?! Әйтпесе, бағзыда қазақ бұл тау тізбегін неге Сырт атықтырған?! деп деркүмән ойға қаласың. Ғажап емес пе, Ақжонас пен Ашақтан шыққан ұлы қазақтар жағырапиялық жағынан, бұл күнде алапасы асып тұрған ақ адамдардың отаны – Аурупаның төскей шетінің тумасы! 

Бірақ, айттық қой, бұл – жағырапия, жер бедері деп, солай болғасын-дағы ол сөз жасыл желекті өмір емес, сұрғылт, құмқұла түсті теория-ғасыл, асып бара жатса гипотеза, болжам. Ал өмір-тіршіліктің жасыл желекті шындығы не дейді бізге? Ол «Тектоника, беттақта дегеніңді білмеймін, білетінім, егер сол ғылым бабынан айту керек болып бара жатса, бұл екі жомпан жазушыларыңыздың нәр алған ортасы, арқа сүйеген негізі, өнеге еткен үлгісі, Ойкуменасы – сол Ашақ, сол Ақжонас, одан әрі Ен Нарын, жеті ел қонып, жеті жұрт кеткен Атырау, солардан кейін барып әрі салсаң, қазақтың ұшы-қиырсыз дала мұхиты» деп тұрғандай.

Шынында да, Рахаң шығармашылығының қайнар көзі, шабыт тұғыры – туған жері. Былай қарасаң, солай болуы айнымас шарт та секілді: қай жазушың да өзі жақсы білетін нәрсені жазады емес пе, ал ол жақсы білетіні туып-өскен жері, өңірі, аймағы ғой. Біздің қазақта туған жерін ғана қыдыр еткен ондай жазушы аз болмаған. Мысалы, алысқа сілтемей-ақ Әбіш Кекілбаевты алайық, қай жазғаны да өзі жақсы білетін шоңғалы – Маңғыстауды шиырлап шықпайды. Осы сөзді шығыс босағамыздағы Оралхан Бөкей, оның ізбасары Асқар Алтай жөнінде де айтуға болады. Тіпті, жержүзілік көлемге шықсақ, кешегі Маркестің алақандай Макондасын құнттап, сол арқылы әлемге колумбиялық әдебиетті танытып кеткен еңбегі. 

Рахымжан Отарбаев, десе де, өз Ойкуменасынан жыраққа, өзге мекенге аяқ баспай кетті. Рас, «Ханша дария хикаясында» мұңғұл атырабына яки «Аңыздың ақырында» Орта Азия жеріне уақытша «қоныс аударған» Әбекең сықылды Рахаңның да бір шығармасы «Ыстықкөл элегиясы» қырғыз елінде жүргенінде «Адамзаттың Айтматовының» сұрапыл әсеріне ұшырағанының соңында жазылып қалғандай әсер береді, бірақ осының өзінде автор бұрмаланып кеткен «Ыстықкөлдің» түп, дұрыс атауы «Ысықкөлдің» түбіріндегі атаның (рудың) –  Ысық атаның өкілі болып саналатынын айтып өтсек, трайбализм бола қояр ма екен?! 

Осыларды ой сарабына сала келіп, мен жоғарыда айтылған мәслихатқа дайындап апарған баяндамамда негізі нысанымды – кейіпкерімді «Атырауи» атықтырғаным сол себепті еді. Әкім Тарази болған, Асқар Алтай бар әдебиетте Рахымжан Атырауи неге болмасқа дегендік те.

«Атырауи» дедім, сол жерде тұрып және бұл тосын пәміл немесе бүркеншік ат, бәлки ағаның көзін құрметтеу ныспысы аудитория тарапынан табиғи нәрсе ретінде қабылданды (қабылданғандай болып көрінді). Қысқасы, әлгі жерде сөзімді қорытындылай келіп, отырғандардың ортасына бір сұрақ тастадым: Кәне, айтып жіберіңіздерші, осы жердің топырағынан, Рахымжан Отарбаев кеткелі бері, проза жазатын қандай жазушылар бой көрсетті? 

Атаулы аудитория толы адам бір сәт дағдарып қалды. Сәтке дейін жауап болмады. Мәтқапы оқымаған жерден тигенімді сезіп, тілімнің ұшында сайлап тұрған, осы Атыраудағы белгілі проза жазатын қыз бала және екі кітабының біреуі қазақша да, ағылшынша да басылған Бақытгүл Сәрмекованы атап жібердім. Отырғандар «Ие, ие, сол баламыз бар деп мақұлдай бас изесіп жатты. «Тағы кім? Бәлкім, Арыстанбек Кенже?» «Ие, ие, ол да бар, көбінше этнографияға кетіп қалады демесең, соңғы кезде прозаны да өндіріңкіріп жүр»«Тағы кімдер бар?»

Аудитория үнсіз қалды. Мен де тілімді тістедім. Соңғы МеценатKZ конкурсында романы шорт-парақшаға кірген Жағыпар Егізбаевты және прозалық эсселерін көрсетпей жазып жүрген Нұрберген Мақымды ол кезде білмейтінбіз

Ер Махамбет-аубәріміз – жай қарапайым жұрт емес, осы өңірдің көзі қарақтылары отырып – насыр сөз жазатын үшінші қаламгерді түстеп атай алмай діңкеміз құрыды

Тіл ұшына оралғандардың дені ақын болып шықты және онымыз көбінекей, пардон, назым сөздің нәзік жаратылысты өкілдері екен. Бір сөзбен айтқанда, сол жерде, жоққа баламай-ақ қояйық, бірақ Атырау жерінде кейінгі прозашы жазушылар жоққа тандық екеніне үнсіз келістік. Апмай, Рахаң барда қара сөзіміз арқасын тауға тірегендей болып жүреді екен да, енді, қаламына өмір қонақтаған Рахаңның тарамыс болмысы көзден тарағалы бері прозамыз да көзден бұл-бұл ұшқанын аңдамай да қалыппыз-ау, сонда «Жаль, что со мной вместе умрет русский язык» деп кеткен Бунин сынды, «Менен кейін қазақта қара сөзді алдына салып қойша айдайтын адам болмайды» деп жөнеген Рахаң сөзі, ел көлемінде демей-ақ қояйық, өз топырағында шындыққа асқаны ма?!» деген жетім сауал отырғандардың көз жанарында ойнаса өзі білсін

Кезінде Ғабдол Сланов, Берқайыр Аманшин, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиев (прозалық эссе), Жұмекен Нәжімеденов, Әнес Сарай, Мағзом Сүндетов, Сәтімжан Санбаев, Нәбиден Әбуталиев, Мақсұт Неталиев, Есенжол Домбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Мереке Құлкенов, Марат Мәжитов, Рахымжан Отарбаев, Төлеген Жаңабаев, Нарбин Кенжеғұлова, Заря Жұманова, Мақсот Ізімұлы, Нұрлан Қами, Жұмабай Құли сияқты талантты прозашыларды берген өлкеде бұл күнде–күн көсем айтқан «рухани (шығармашылық) сухаревка»!

Әрқайсысы өзіне топырағынан дарыған қабілет-қарымға құрметпен қарап, ғұмырынша жазуды машық ете отырып, жоғарыдан межелеп берілетін координаттарға қарамастан, Дәстүрдің жоғары этикалық кернеуін төмендетпей келген өлкенің, өңірдің бетке ұстаған қаламгері-тін, ал енді сөз дарыған, өнер ұйыған үшбу жерде кенеттен қайран қара сөз күлістiк атпай қалыпты. 

Бұл күнде аты-жөнін біреу білсе, біреу білмейтінсіресе, некст және айфон буындар), шығармаларының дені мөрі өшіп, малталанып бара жатқан ілгерідегі сөз шеберлері ұлы мұхит үстінде қанатымен қар сабалап, дауылға қарсы ұшқан қарқуардай идеологияның көн қалыбының ішінде жүріп-ақ миллион қырлы, триллион сырлы өмірдің көркем шежіресін жасай алып еді-ау. Тіпті, «жазушылығы ғалымдыққа жол берген» (Жарасқан Әбдірашев) Зекеңнің – Зейнолла Қабдоловтың, кино саласында жүріп, әрі орыс тілінде жазып, соңына кәделі туындылар қалдырған Сәтімжан Санбаевтың, поэзиядан кенет проза ауылында төбе көрсеткен және сол келісімен қарасөздің ауылын іңірде шайтан көшкендей дүрліктірген Жұмекен Нәжімеденовтің, «Қоңыр қозысымен» прозаға әдемі олжа салған Меңдекеш Сатыбалдиевтың, қос жанрда қатар құлаш ашқан Әбу Сәрсенбаевтың өзі өмірден сюжеттік ситуация шығаруда кәдімгі кәтекі прозашылардай еді. Әлгі шоғырдың шеберлігі сонда, табиғатты суреттеген кезде оны кейіпкерге айналдырып жібере жаздайтын. Осы замандық проза, оның постмодернистік және мегапостмодернистік делінетін түрлері кинемотография сияқты оқырманына зорлық жасайды, оны өзінің шартты тіліне, миға салмақ түсіретін лұғатына, категорияларына мәжбүрлеп көндіреді ғой. Ал біз айтып отырған ілгерідегі әдебиет – «совок» кезеңінің прозасы оқырманға қайткенде де ой, таңдау, шешім шығару еркіндігін беретін және соған орай бір жерден (өлкеден, өңірден, аймақтан) маңдайы жарқырап біреуі шықса, біріне бірі қарап, басқалар да өсіп-өніп, өскелеңдей шығып отырушы еді және балапандай қабыршағын жарып шыға бере қанатын жазып, әдебиет дейтін әлемге самғап, парлап кетуші еді-ау. 

Енді неге олай емес? Неліктен кермеге тап болып отырмыз? 

Бұл сұраққа дәл қазір тап басып жауап беру қиындау шаруа. Бұған дейін бір өңірден шыққан ақын-жазушыларды сол өңірдің, өлкенің әдеби мектебінің, дәлірек айтқанда, аймақтық (регионалдық) әдебиеттің өкілдері ретінде қарастыру, ізерлеу мәселесі бізде болмаған. Себебі белгілі: кеңес өкіметі орнағаннан кейін унитарлық саясатқа сәйкес одан бұрынғы әдебиетті жерге, аумаққа, өңірге бөліп қарастыру үрдісі жойылды. Ол үрдіс қазір де іргесін бере қоймаған, тағы да сол саяси унитаризм себебімен.

Енді бүгін, көктей шолып қарасақ, кей өңірлерде аймақтық әдебиеттің (дұрысы: прозаның) дамымай, кенже қалуы бірнеше объективті себепке байланысты сияқты болып көрінеді. 

Бір өңірден әдебиет өкілдерінің шоғырымен, құйрық тістесе көрінуі сол атыраптағы ауыз әдебиетінің деңгейіне байланысты болуы ма деп ойлаймыз. Жиырмасыншы ғасырдың ортасында әлгіндей шоғырлар әр өңірден лек-лек шыға бастаған кезде әлгі аймақтардың қай-қайсысында да ауыз әдебиеті бұла рухы буырқанып, жанды түрде өмір сүріп жатқан-ды. Бейнелеп айтқанда, жеке-дара алғанда «өлең түстеніп, сөз қонған» өңірлер еді бұлар. Тымақтай былғап әңгіме айтатын қара шалдардың мекені еді әрқайсысы. Аймақтық жыраулық дәстүрлер, олардың өз ішіндегі эпикалық жыршылық мектептер қызу жұмыс жасап тұрған еді. Соның ішінде, үшбу порталда жарияланған «Домбыралы дала перзенттері» мақаламызда атап көрсеткеніміздей, 1980-жылдарға шекті Атырау жерінде де эпик дәстүрдің субмәдениеті толыққа жақын тыныстап тұрды және сол уақыттарда айтылмыш өңірден бір шоғыр талантты прозашының шығуы терең қабатында осы ауыз әдебиетінің Атырау өңірі әдебиет бойынша «аймақтық медиаторлардың» бірі болуы әңгімелеу-баяндау дәстүрімен тығыз байланыста болуы әбден мүмкін.

Арада шамалы мерзім өткенде (1990-2010 жылдары) осынау ортақ тарихи негіздегі локальды мәдениет тарих еншісіне толық өтіп болды. Осымен жазба әдебиет, әсіресе оның проза жанры өзі ондаған жылдар бойы нәр алып, сусындап келе жатқан бастау-бұлағынан айырылды да, мұның соңы біртіндеп өңірде қара сөз жазатын дәстүрдің сиырқұйымшақтанып барып түзілуіне, өңірдің өзінде проза жазатындардың күрт арта түсуіне, сәйкесінше өлкеден елдің әдеби-мәдени орталықтарына шығып баратын талантты жазушылардың доғарылуына әкеп соқты. Бұл – бір. 

Екіншіден, мұндай жағдайдың орын алуына айтылмыш өңірдегі білім беру саласында қордаланған мәселелер әсер етуі бек мүмкін (Атырау облысы кейінгі жылдары ҰБТ көрсеткіші және жоғары, орта оқу орындарындағы үлгірім бойынша ең төмен орында). Белгілі қағида: жазба әдебиет мәдениет кесегі қаланған, сауатты оқырманы көп ортада бас алады. Соның ішінде, бала мектепте кітап оқымаса ғұмырында кітаптың бетін ашпай өтеді, сол айтқандай, бала мектепте жазып машық алмаса одан әрі де ойын сабақтап, қағазға дұрыс түсіре алмайды. Яғни, мектебі дұрыс емес, яки үйде үлкендері кітап оқымайтын, әлеуметтік желіге жұмылып кеткен өңір оқырман да, жазушы да бере алмайды.

                                              ***

«Бізге өңірлік әдебиет керек пе, әлде қажет емес пе?» деген сауалды анықтамас бұрын жалпы әдебиетте мұндай жіктеме бар ма өзі деген сұраққа тоқталып өтейік.

Совет одағы дәуірінде де «өңірлік (аймақтық) әдебиет» деген түсінік болды. Ол бойынша, аймақтық (регионалдық) әдебиет КСРО халықтарынан шыққан жазушылардың өз (ана) тілінде жазған шығармаларын білдіретін. Сонымен бірге, ұлт әдебиетінің ұлттық ерекшеліктері деген ұғымда қолданылды. Мәселен, Дмитрий Лихачевтің орыс әдебиетінің ұлттық айырым қасиеттері жайлы идеясы (ХІ ғасырдан XVIII ғасырдың бірінші үштен біріне дейінгі аралық – орыс әдебиеті еуропалық көркемдікті еншілегенге дейінгі уақыт). Осы идея негізінде жасалған «тарихи риторика» концепциясын – ортағасырлардағы орыс әдебиетінің Жаңа дәуірден осы заманға дейінгі аралықтағы байланыс жасау принциптерін анықтау тұжырымдарын да үшбу қатарға жатқызуға болады. Алайда, бұл айтылған тарихи-типологиялық көзқарас қайткенде де «тезаурустық» көзқарас деген ат алған, әдебиеттің оның нақты иегерінің санасындағы бейнесінің жеке-даралығы, индивидуалдылығы туралы универсалистік (әмбебап) әдіснамамен сәйкеспейтіндігін айту жөн. 

Ал деректерді қарасақ, тарихи бетін ақтарсақ, өңірлік (аймақтық) әдебиет ұғымының көпмәнді, көпсипатты екенін көреміз. 

Атап айтқанда, көптеген зерттеу еңбектердің авторлары әртүрлі халықтар мен елдердегі әдебиеттік феномендердің табиғаты бір деген тұжырым жасапты. Бірақ бұл әдеби процестің бірлігі әсте де оның сапалық қасиеті біреу дегенді білдірмейді. Сол сияқты бұл әрқилы елдердегі, аймақтардағы әдебиттер өзара теңдес деген сөз емес. Әлемдік әдебиетте құбылыстардың қайталанып келуі ғана емес, сонымен бірге олардың ұлттық, аймақтық және мемлекеттік қайталанбаушылығы терең мәнге ие екен. 

Айталық, Батыс пен Шығыс елдеріндегі әдебиет, латынамерикан елдері, Қиыр Шығыс мәдениеті, Таяу Шығыс аймағы, Шығыс және Батыс Еуропа мәдениеті әрқайсысы өз алдына нұсқалылығымен, дара бітімімен ерекшеленеді. Бейнелеп айтқанда, әрқандай ұлттық мәдениет (әдебиет) өзінің бірегей, өздік сипаттарымен оркестрдің толыққанды ойнауына керек өзінше бір аспаптың рөлін атқарады, сөйтіп, бірін-бірі толықтырып отырады. Әдебиеттер өзара ұқсамағасын да ұлт әдебиеті болады, ұлт әдебиеттері болғасын да әлем әдебиеті болады. 

Ал енді осы әрқандай ұлт әдебиеті іштей өңірлік (аймақтық) әдебиетке бөліне ме, яғни ол үшбу бірнеше локальды әдебиеттен бір әдебиет ретінде жасақтала ма?

Осы орайда ресейлік «Нож» паблигінде жарияланған «Местный миф: что такое  региональная литература и зачем её читать прямо сейчас» дейтін көлемді материалдың түйіндемесін берейік. 

Автордың (жазушы, кітап шолушысы Денис Лукьянов) жазуынша, бүгінде ресейлік кітап нарығында аймақтық проза аталып жүрген кітаптар – іс-әрекеті Ресей аймақтарында өтетін әртүрлі жанрлы шығармалар өтімді болып отыр, тіпті осы орайда елдің мәдени астаналары оларға ығысып орын бере бастапты. Кеңінен орағандағы үлкен бір себебі – жаһандану (глобализация) туғызған қарсы тренд глокализация (әлдебір халықты, мәдени бірегейлікті сақтап қалу үрдісі). Мұның өзі әдетте жергілікті жерлерді (өңірді, аймақты) әс көріп әспеттеуден бастау алады. Ағылшынтілді әдебиеттегі «этник фэнтези» жанры сияқты құбылыс – адамдардың өңірлік, аймақтық біркелкіленуді іздеуіне олардағы прозаның үн қосуы. Жай үн қосу емес, белгілі бір өңірде, аймақта тұратын халықтың әлеуметтік проблемаларын қозғай отырып үн қосу. Бірақ саяси манифестке айналып кетпей, көбінесе ұрпақ портретін келістіре жеткізіп, толыққанды көркем шығарма беру. Бұларда авторлар өздері жақсы білетін жерлерді суреттейді, сол жерлердің тұрғындарына шын көңілден жаны ашыған сезімдерін шынайы жеткізеді, осы ретте, өз өңірін осылайша суреттеу арқылы олар «аймақтық миф» дегенді туғызбай тұра алмайды, яғни белгілі бір аймақтың өзіне ғана тән тұрақты мінездемелер жиыны қалыптасады. Мәселен, бұрынғы «Тұманды Питер», «Алтын айдарлы Москва», «Тайгалы Сібір», тағы басқа мифтердің орнына аймақтық проза енді жаңадан миф-мінездемелер жасайды, сол арқылы бұрын өгей баладай шетке ысырылып келген шеткері аймақтар өз сипаттамаларына ие болады. 

Әрқандай аймақтық шығарма – сол аймаққа кішігірім саяхат жасау, травелог. Себебі өңірлік шығарманың кейіпкері қалайда әлгі өңірге тән мінез бен құлық көрсетеді, сол жерге ғана лайық қимыл-әрекетке барады, салт-дәстүрді танытады, сөйтіп оқырманның таным көкжиегін кеңейтеді, ақырында елдің әдеби картасы ішкергі қалалардан тысқары, шеткі аймақтарға шығады. Бір есептен, мұндай шығарма дайын жолбасшы қағаз (оның аржағында туристік бизнестің үрпиген құлағы да көрініп қалатындай ма, қалай!?). Осылайша, автордың өз нысанының жағырапиясын, ондағы адамдарды жетік білуі және неше түрлі жанрда жазылуы себепті бүгінгі ресейлік аймақтық проза қызғылықты оқылады, жалықтырмайды. Көркем әдебиеттің негізгі миссиясы да осы – кітап оқыту арқылы сана байыту, сананы қалғытпай ұстап отыру емес пе?!

Шынында да, әдеби процесс, әдеби үдеріс әдебиеттің ғасырлар бойы әлемдік масштабта ғана дамуы емес. Әдеби үрдіс – үдеру, яғни айнала өмірдің үдере қозғалуы, үдере көшуі, яғни ол алдымен өмір, солай болғандықтан да белгілі бір дәуірдің, белгілі бір елдің, халықтың әдебиетінің дамуы. Сол елдегі фактілер мен құбылыстардың, сипаттардың жиынтығы ретіндегі жылыстап қонуы. Ұлттық, аймақтық қайталанбаушылық ретіндегі сипатын сақтай отырып эволюциялануы. Осыған өлкелік қайталанбаушылықты – аймақтық, өңірлік бірегейлікті үстеуге болар еді. 

Интернетте аймақтық әдебиет жайында осы тектес пікір жетерлік, тіпті аткөпір. Солардың ішінен өз басым жасанды интелект (ЖИ) жауабын көбірек ұнаттым. Ықшам, дәл, өңгелердей көп сөзді емес. Былай дейді: 

«Аймақтық (регионалдық) әдебиет немесе туған өлке әдебиеті – белгілі бір географиялық облыс негізінде немесе контексінде жазылған, әлгі облыстың мәдениетін, тарихын, тұрмысын, өзге де ерекшеліктерін танытатын шығармалар. Ондай әдебиет, жергілікті тілде жазылған шығармаларды да, белгілі бір аймақтың өмірін, ондағы тұрғындарды, олардың мәдениетін, тілінің қандай екендігіне қарамастан, – қамти алады. Осы қалпында ол мәдени мұраны сақтау құралы да, нақты бір аймақ туралы таным-білімді кеңірек аудиторияға жеткізу тәсілі де. Сонымен бірге аймақтық әдебиет өңірлік біркелкіленуге септесіп, өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығу сезімін оятады».

ЖИ сондай-ақ ұлттық әдебиет пен аймақтық әдебиеттің де ара-жігін айқындай кетіпті. Жазуынша, аймақ әдебиеті сол аймаққа, өңірге, өлкеге тән нәрселерді көркем әдебиет арқылы ізерлесе, «ұлттық әдебиет» дейтін аталым әдеби шығарманың саяси сипатын көрсетеді. Басқаша айтқанда, ұлт әдебиеті – белгілі бір халықтың, елдің және тілдің әдебиеті. 

Сұрақ туады: аймақтық әдебиет даусыз ұлт әдебиетінің құрамдас бөлігі ме, осы өреде аймақтан шыққан жазушылардың ұлт әдебиетіне қосқан үлесін білдіре ме, әлде онда ұлттық әдебиеттен бөлектеу оқшаулау, регионалдық белгі-сипат болуы мүмкін бе? 

Қолда бар деректер бұл мәселеге де жеткілікті анықтық енгізе алмайды екен. Орыс жазушыларына, мәдениеттанушыларына айтқызсаңыз, әрқандай ұлттың әдебиеті біртұтас нәрсе, ол қалайда өз тарихының «Америкасын ашуы», сол арқылы ұлттық пошымдары дамыту үшін ең қажет құнарлы топыраққа ие болуы тиіс. Батыс ойжорушылары біраз басқаша айтады. «Жазушы шығармашылығының бүткіл айрықшалықтарын түсіндіруде ұлттық ұғымы едәуір кеңдік танытады, олай болса «ұлттық» деген нәрсе әлгі айрықшалықтардың бірде-біреуін түстеп көрсете алмайды» депті Нильс Кьер. 

Осы орайда американ әдебиетінде «регионалдық әдебиет» пен «регионализм» аталымдары екі ұғымды беретіні назар аударарлық. Регионализм – американ әдебиеті тарихының қозғалысын, жылжуын, сондай-ақ осы қозғалыстың әдебиетін білдіреді. Ал регионалдық әдебиет – жоғарыда айтқанымыздай, белгілі бір жергілікті мәдениетті, ондағы өмір салтын, жағрафияны, диалектілерді нәзік тұстарына шейін қалдырмай, кең қамтып түсіндіреді. АҚШ әдебиетінде соңғы жағдай бойынша «оңтүстік / солтүстік әдеби дәстүрлер», «әдебиеттегі американың оңтүстігінің тақырыбы» секілді аталымдар орныққан. Десе де, онда әдебиетті штаттар, аймақтар бойынша тұтас алып, американ регионализмі ретінде қарастыруға басымдық берілген. Басқаша айтқанда, мұндай әдебиет, айталық, «Том Сойердің бастан кешкендері» Миссури өлкесінің аймақтық колоритін бере тұра, оқырман сол ареалдарға еріксіз тартыла, еліге тұра, бәрібір біртұтас Америка Құрама Штаттарының ұлттық колоритін тікелей сезінеді. Демек, бұл елдің әдебиетінде аймақтық әдебиет – АҚШ регионындағы өмір тіршілігі мен мәдениетін таныту қозғалысы түріндегі регионалистік әдебиет. Африкан, үнді, ағылшын әдебиеттері де солай, мысалы, Батыс Англияның ұлттық колориті арқылы бүкіл Англиядан тап салатын Томас Харди романдары. Немесе Колумбияның өмірін суреттеу арқылы бүткіл Латын Америкасы елдерінің көркем полотносын жасаған Маркес шығармалары. Бұл үрдістен немістер мен австралиялықтар да шет тұрған жоқ: оларда өңірлік әдебиет туған өлке, ауыл шаруашылығынан сыр шертетін «облыстық әдебиет» деп аталады. Алайда осы «облыстар әдебиеті» бірге келіп дойч, австрия ұлт әдебиетін құрайды. Сондықтан да Батыста филологиялық регионалистика – астана қалаларында тұратын жазушыларды ғана емес, аймақтарда тұратын қаламгерлерді де зерттейтін арнайы пәнсала қалыптасқан, оларда соңғыларының шығармалары бәсекеге қабілетті ғана емес, сондай-ақ актуальды әдеби тенденцияларды білдіреді деген түсінік қалыптасқан. Соған сәйкес әдебиеттану, әдеби сын арнаулы әдебиеттану категориялары (локальдық текст, «локальдық миф», «қалалық текст») қатарында «регионалдық текстерді» де зерттеу нысанына айналдырған. 

Жоғарыда айтылғандар бірге келіп, бізге әдебиеттің осы замандық (заманауи) елдер бойынша алғандағы панорамасын ұсынады. Яғни, «өңір – өлке (аймақ) – ел әдебиеті» үштағаны көз алдыңа келеді. Осы үшеуінің ішінде ұдайы алыс-беріс, алмасу қозғалысы жүріп жатады да, бұл қозғалыстың серпінділігі (динамикасы) ұлт әдебиетінің даму қарқынын айқындайды. Өңір – өлке әдебиеті кенжелесе, ұлттық әдебиет те баяулайды. Ол екеуі қарқындаса, ұлт әдебиеті де алға қарыштайды екен. 

Қазақстан әдебиеті келешекте мега-аймақ құрамында дами алар еді, жоғарыдағы Америка, Африка, Үнді әдебиеттері секілді. Бірақ олар қырық темірдің қылауынан – бірнеше ұлттан құралған мемлекеттер, ұлыстар, оларда бұдан бөтен жол да жоқ. Бізде жағдай басқа. Түркі халықтары (Орталық Азия бойынша алғанда) кеңес кезінен бастап халық (ауызекі) тілі мен жазба (әдеби) тіл өзара тым алшақтап кеткендіктен де ортақ фәнни тілімізді қалпына келтіру арқылы ортақ түркілік әдебиет (АҚШ мысалындағы регионализм) жасай алмайды, ол ендігі мүмкін емес те. Бірақ қазақ жағдайында әдебиетке, жалпы мәдениетке, ондағы мәдени диалектілерді пайдалану, (музыкалық диалект сияқты) көмегімен қозғау салып, үнемі қозғалыста, регионалистік қозғалыста ұстау жөн деп ойлаймын. 

Тоқетері, өңір – өлке – аймақ бұрынғыдай ұлт әдебиетіне талантты қаламгер шығарып беріп, оларды мәдени-әдеби орталықтарға жеткізіп отыратын медиаторлық атқарыммен шектелмей, әрқайсысы өз алдына әдеби провайдер бола алатын жағдайға қол жеткізуі тиіс. 

Тіл ортақ, диалекті жоқ, ендеше томаға-тұйық аймаққа бөлініп кету қаупі жоқ. Сол регионалистік АҚШ-тың өзінде штаттардағы жұрт көбінекей жергілікті газеттерді оқиды, бізде де сол жағдай, облыстық басылымдар алдымен оқылып, облыстық теледидар қосулы тұрады. Көрісу амалын аймақтық мереке ретінде қабылдасақ, облыстық, аймақтық, тв, газет-журнал болса, өңірлік, аймақтық әдебиет неге болмасқа?! Унитарлық ел ретіндегі саясатымыздың «қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымына да келіп тұрған жоқ па осы көзқарас?! 

Қазір экономикада аймақтардың дамуындағы алшақтық қай кездегіден де жиі айтылып-жазылып жүр. Бұл – бізге ескіден қалған қаспақ әдеттің рудименті. Шимон Перес айтқандай, Петербург пен Мәскеуді ғана витрина секілді әспеттеуді білген патшалардан қалған жұғын: «Өңге Ресей – қар басқан Нигерия сияқты». Сол айтқандай, қазірдегі өңірлерді дамыту тұжырымдамасына экономика, әлеуметтік мәселелермен қатар, артта қалған өңірлерді анықтаудың бір өлшемі ретінде руханиятты да енгізу керек. Аймақтарда мәдениет қатар, біркелкі дамыса, регионализмге сепаратизм ретінде қарайтын қасаң түсініктің тамырына балта шабылады. Себебі ел, мемлекет шеткері қосекпін, көпекпіннің нәтижесінде, шеткі интернационалды унисонымен қалыптанады. Әйтпесе, қараңызшы, бізде мемлекет есебінен кітап шығару, фильм түсіру ісінде одырайған аймақтық диспропорция орын алып отыр: белгілі бір тұлғалар жайында мемлекеттік тапсырыспен осы кезге дейін ондаған кітап шығарылды, шығарылып та келеді. 

Ал Шәңгерей Бөкейұлының шығармалары 1982 жылдан бері жеке кітап түрінде бірде-бір рет қайта жарық көрген емес. Сол сияқты кинематографта әлгі күнге Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов бейнесі жасалған жоқ. Мен әсте жікшіл емеспін, бірақ өкініштісі, сондай-сондай көңіл-күйді тудыратын, Атазаңымызда бекітілген унитарлық саясатымызды көпе-көрінеу жоққа шығаратын келеңсіз жағдайлар еріксіз ашындырады. Мен мұның себебін «адами фактор» деп анықтар едім. 

Шоубизнесті еркін нарыққа жіберуге болады, оның табиғаты сондай, жібердік те. Ал біздің жағдайда әдебиет оған келмейді. Сондықтан әдебиет, соның ішінде көркем әдебиет, оның ішінде проза креативті индустриялар қатарына енгізілуі тиіс. Және осы мемлекеттік жоба аясында өңірлік, аймақтық деңгейде алға жылытылуы керек. Лот бөлу арқылы, «Әдеби өлкетану» категориясын жасау арқылы, проза бойынша облыстарда бәйге (конкурс) жариялау арқылы. Соңғы жылдары көрші Ресейде регионалдық прозаны дамыту бойынша үкіметтен дотация бөлінген жеке баспалар бірқатар шаруа тындырып отыр: мысалы, «Миф» баспасының ішінде «Солнечные тропы» этник фэнтези сериясы бар «Читаем Россию» кітаптар топтамасы және Livelib кітап ұсыну сервисінің осы бағыттағы жобасы. Бұлар шығарып отырған алуан жанрлы шығармалардағы уақиға желісі бейне сызғышпен сызғандай, Новосібірден Камчаткаға дейін тартылып, локальды аудан-аймақта өрбіп жатады. 

Ал бізде ше? Ондай әрекетті байқамадық. Болса да, ондай ыңғайды күшті, ресурсы аз жеке баспалардың әрекетінен ғана аңыстап қоямыз. Үкімет үнсіз. Облыстарда ішінара қозғалыс бар. Айталық, биыл жыл басында Жетісу облысында MIZAM жылжымалы әдебиет мектебі ашылды. Енді жетісулық қаламгерлер жас дарындарды ауылдарға іздеп баратын болады. Мұндайға қолдау жасау үшін облыс тізгіні Бейбіт Исабаевтай журналист-қаламгердің қолында болу керек шығар. 

Ал біз ілгеріде айтылған конференциядан кейін Атырау облыстық Мәдениет басқармасының басшылығына арнайы кіріп, облыстық проза шығармаларына конкурс өткізуді ұсынып едім. Ықыласпен қабылданды, бірақ әлі күнге леп жоқ.

Азамат, ойланыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар