Сұлтанмахмұт Торайғыров — тəуелсіздік ісіне, халықтың прогресс пен мəдениет жолымен дамуына зор үлес қосқан ақын. Ол өткір сыни бағыттағы, əділетсіз өмір бет пердесін ашатын, надандық пен қараңғылықты түйрейтін тамаша туындылар жазды. Торайғыровтың пікірінше, халық өз тағдырын өзі жасайды. Бұл үшін оған ұйқыдан оянып, ілгері жүру жəне басқа халықтар сияқты даму керек.
Ұлы ақын қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында 1893 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Əкесі Шоқпыт кедей, момын, шаруақор болса да, балаларының оқуына жағдай жасаған. Сұлтанмахмұт алты жасында сауатын ашқан.
Ол 1903–1905 жылдары ауыл молдаларынан сабақ алады. Кейін түрлі мектеп, медреселерде оқып, сауаттанады. 1912 жылы қараша айында оқу іздеп, Троицк қаласына барады. Сонда жүргенде «Айқап» журналында өлеңдері жариялана бастайды. Келер жылы «Айқап» журналының жауапты хатшысы болып қызмет етеді. Сұлтанмахмұттың озық ойлары мен тың идеялары қазақтың оқыған байшылдарына ұнамайды. Ақыры ол солардың қысымымен «Айқап» журналынан кетуге мəжбүр болады.
1914 жылы жазда Торайғыров туған елі Баянауылға оралады. Ел жастарын оқытып, олардың сауатын ашады. Күзде Семейге барады. Орысша оқуға түспек болады, бірақ түсе алмайды. Одан Өскемен уезінің Қатонқарағай маңындағы Шыңғыстай аулында бала оқытып, өзі жергілікті орыс мұғалімінен дəріс алады. 1916 жылдың күзінде Томскіге барады. Онда курста оқып жүріп, орыстың классикалық əдебиеттерімен танысады. Тарих, философия, география пəндерін үйренеді.
1917 жылы Ресейде Ақпан төңкерісі болып, Уақытша үкімет орнаған кезде Торайғыров Семейге келеді. Патша үкіметінің құлағанын қуанышпен қарсы алып:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған
Өшті залым қарасы... —
деп, патшашыл озбырлықтарды шенейді [1].
Семейге келген Сұлтанмахмұт əлеумет өміріне тереңдеу ниетімен Алаш арыстарымен араласады. Қазақ оқығандары құрған Қазақ комитетінің кіші хатшысы болып қызмет істейді. Алашордашылар шығарған «Сарыарқа» газетіне өлеңдерін, мақалаларын жариялайды. Осы уақытта шығарған өлеңдерінде Алаш басшыларын дəріптейді.
1918 жылдың маусым айында С.Торайғыров емделем деп Баянауылға кетеді. Емделеді, үйінде жатып өлең, поэмалар жазады. Елеусіз мұғалім болып қызмет атқарады.
1919 жылы Сұлтанмахмұт ауылдағы мұғалімдікті тастап, Павлодарға барады. Уездік ревком оны Баянауылдың он болыс елінің бес болысына сайлаушы уəкіл етіп бекітеді. Одан Шідерті (Ақбеттау) болыстық ревкомы председателінің бірінші орынбасары болып сайланады. Бұл 1919 жылдың желтоқсаны еді.
Екі-үш ай жұмыс істегеннен кейін, ежелгі сырқаты меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылдың 21 мамыр күні тоғыз жыл бойы айналдырған көкірек ауруынан қайтыс болады.
Орда бұзар шағы — отызға да жетпей, құйрықты жұлдыздай ағып түскен Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы 1926 жылы Жүсіпбек Аймауытов:
Ақын елінің тілі ғой,
Адал туған ұлы ғой,
Бүлк-бүлк еткен жаны ғой,
Жанын жеген ары ғой,
Айта алмай жүрген зары ғой.
Жаннан, ардан безбесе,
Ақынын қандай ел қастерлемесін, —деген екен.
Сұлтанмахмұттың жыр жаһаны
Ауылдың Келбет өзенін жайлап отырған кезі. Бір күні Шықай мен Шағала деген ағайынды екі адам өзенге қойларын тоғытып шығарады да, өздері қымыз ішпек болып жақын маңдағы ауылға кетіп қалады. Тамақсау Шықай мен Шағала түскен үйіне «ет жеп кетеміз» деп отырып алады. Олар онда қамсыз отырғанда иесіз қойға қасқыр шауып, ойран-топырын шығарады. Ал қомағай Шықай мен Шағала қарындары тойған соң ғана аттарына мініп, қойына қарай тепеңдей жөнеліседі.
Осы ауқытта ауыл сыртындағы ай тақырда асық ойнап жүрген топ баланың ішінен біреуі суырылып шығып бұларға қарап:
Шықай менен Шағала,
Қойың кетті бағана.
Тепең-тепең етесің
Қойыңа қашан жетесің? —
деген екен. Бұл өлең сол күні-ақ бүкіл елге тарап кетеді. Ал мұны шығарған Сұлтанмахмұт еді. Сөйтіп, ол алты жасында-ақ ақын атанады.
«Шəкірт ойы» атты өлеңінде [2; 88]:
Қараңғы қазақ көгіне
Өрмелеп шығып, күн болам,
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?! —
деп, Сұлтанмахмұт жасынан-ақ алдына биік мақсат қояды. Оған жету үшін оқу-білім керегін ол жас болса да жақсы түсінеді.
Өмір жасының соншалық қысқалығын сезсе керек, ол əрбір күнін, əрбір уақытын бос жібермеуге тырысады. Жас бозбала шағында да ойын-күлкіге, думанды кештерге əуестенбейді.
Дүниедегі қызықтың,
Бəрі де арам мен үшін.
Дауасы жоқ бұзықпын,
Талпынбаймын ем үшін.
Тосқаным — қабір құшағы,
Қашан ол келіп құшады, —
деп жазды жас ақын 1914 жылы «Дүниедегі қызықтың» атты өлеңінде [2; 119–120].
Ақын — заман перзенті. Сұлтанмахмұттай ірі ойлы, асау жүрек, асқан шабытты, лапылдап жанып тұрған ақын көз алдында болып жатқан ірі өзгерістің қайсысына да бейтарап қарай алмайтын жан еді. Оны біз ақынның «Ендігі беталыс» атты керемет өлеңінің мына бір жолдарын оқығанда түсінеміз [2; 90]:
Кірді ғой түстен кейін тентек ақылы,
Сертімнің бұл өмірлік ең ақыры:
«Адам — құл өзін жеңіп ұстамаған»
Деген бір Сократтың бар нақылы.
Тұрмысты үмітім көп жеңем деген,
Жігермен жеңуіме сенем деген.
Ырқыма менің жүрер қай дүние,
Көнбесе өз ырқыма өзім денем?
Əрине, шыдар-ақпын өлуге мен,
Баспасын жаман жолға көнуге мен.
Ақтармын оқып-жетіп адам атын,
Басқаға жоқ ықылас бөлуге мен.
Менде жоқ қажу деген, ашу деген,
Тарығып болымсызға жасу деген.
Ісіне құрт-құмырсқа ілтипатсыз
Ойымда тек сол белден асу деген.
Шындықтың аулын іздеп түстім жолға,
Разымын не көрсем де осы жолда.
Шаршармын, адасармын, шалдығармын,
Бірақ бір табармын деп көңілім сонда.
Заманына лайық С.Торайғыров өмір бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, өзіне, өз халқына өнер, білім, еркіндік, бақыт іздеді. Отаршылдардың құлдық езгісі қазақты есеңгіреткені соншалық, ол өзін-өзі билей алмайтын, өз денесін өзінің ырқына көндіре алмайтын дəрменсіз болып қалды. Сондықтан да қазағымыздың мəртебесін көтеріп, оның терезесін өркениетті елдермен теңестіру жолындағы ұлы күрес əрбір қазақтың өз бойындағы жалқаулығын, енжарлығын, ынтасыздығын, жаутаңкөз жасықтығын, бір сөзбен, Сұлтанмахмұтша айтқандай, өз денесін өзінің ырқына көндіре білуден басталса абзал.
Ақынның көп өлеңдері халықтың тұрмыстық жағдайына, кедейлікке, əсіресе сол кедейшілікте күн кешкен бейшара жандарға арналған. Оқысам, білсем, «еңбектің жемісін көрем деп емес, кейінгіге бір қолғабыс берем деп» жасаған жалынды жастың жанын қинап, азаптаған да осы кедейлігі еді.
«Кедейлік» [2; 41] атты өлеңінде:
Кедейлік, сен жексұрын, түсің суық,
Іздемес сені адам керек қылып.
Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың,
Маған салса қасыма келме жуық.
Жанды жеп сен ғой мені арытатын,
Күнің жоқ ат пен асқа жарытатын,
Жыртықтан жылтылдаған жас денемді,
Күнге қақтап, аязға қарытатын.
Жарытпай киер киім, ішер асқа,
Сөктіріп малы барлау надан, насқа.
Жас көңілді қайғымен уландырып,
Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа.
Қинайтын жан алғыштай жанды сенсің,
Түсі суық жыланмен бірдей теңсің.
Маған салса кедейлік аты өшкірді,
Дер едім, тұрмастай ғып жерге көмсін, —
дейді ақын қажығанда. Бірақ ол кедей болдым екен деп мойымады. Оның рухы биік болды. Ұлттық патриотизмі асқақтаған ол өмірге оптимистік көзқараспен қарады.
«Ел» дейтін адал басшы əзір сирек.
Көпшілігі табансыз, қорқақ, күйрек.
Елі үшін құрбанға шалса разы
Кім бар еді ту ұстаған елін сүйреп?!
Төре көрсе жалаң бас шұлғып, билеп,
Бəйек боп əулиедей ізін сүймек.
Елге келсе, өтірік мақтанатын:
«Қорқайын ба, ұлыққа айттым сөйдеп».
Ел үшін еңбек етсең, халқың сүймек,
«Біз үшін отқа, суға түсіп жүр» деп.
Ер өлсе де, еңбегін ел өшірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек!» —
деген жолдар («Оқу» атты өлеңі [2; 51,52]) ақынның ұлтжанды жүрегінен жарып шыққан жалынды сөздер.
Сұлтанмахмұт болмысының бір ғажап тұсы — ол өзінің тəлкекті тағдыры үшін, тауқыметі ауыр тұрмысы үшін ешкімді кінəлаған жоқ. Байлар кедейлердің есебінен байып жатқанын сезсе де, оларға қызғана да, қызыға да қарамады. «Жақсылық көрсем өзімнен» [2; 93] атты өлеңінде:
Жақсылық көрсем өзімнен,
Жамандық көрсем өзімнен.
Тағдыр қылды деулерді
Шығарамын сөзімнен, —
деп, пендешіліктен гөрі үлкен адамгершілік, парасаттылық танытты.
С.Торайғыров өмір бойы ақиқат жолы — шындық жолымен жүріп өткен, исламға сеніп өткен дара тұлға. Ақынның бір ғана «Көңілді көндіретін тағдыр» [2; 79] атты өлеңін алайық. Ол:
Жас көңілім өз еркінше жүрмек еді,
Дүниеде солай өмір сүрмек еді.
Бір Алладан басқаға бас имеген,
Қалпынша қара жерге кірмек еді, —
деп басталады. Демек, Сұлтанмахмұт — туғанынан ислам дінін қабылдаған, иманды ақын болған азамат.
С.Торайғыров өмірден жапа шегіп өткен жан. Ең өкініштісі, артында ұрпақ қалған жоқ. Махаббатта сəтсіздікке ұшырап, сүйген қызына қосыла алмады. Аяқтан шалған тағы да қу кедейлік болды. Бірақ ақын қажыса да мойыған жоқ. Қайта ашына түсіп, өлеңдерін өзі өмір сүрген қоғамға өшіге жазды («Тұрмысқа» атты өлеңі [2; 91–93]):
Ден сау болса тағдырдың,
Көкке ұшырам күлдерін.
Түрлентемін гүлдерін,
Жігермен талап еткен соң,
Қоям ба екен сүлдерін.
Аждаһадай ақырып,
Алдымнан қарсы шапса да,
Естімеймін үндерін.
Серпіп тастап түндерін,
Туғызамын күндерін!..
Сұлтанмахмұттың қанша азапты көрсе де, бəрін қайыспай көтеріп, еңсесін тік ұстауға тырысқандағы жебеушісі оның халқының жарқын болашағына деген сенімі еді. «Сөзімен баға бермес бұл халыққа» [2; 97] атты қысқа өлеңінде:
Сөзімен баға бермес бұл халыққа
, Іліндім он екімде бұғалыққа.
Елімнің мен шын ұлы екеніме
Тағдырдың өзі берер куəлікті, —
дейді ол «шындықтың ауылын іздеп жолға түскен» ең бір қиын да, қастерлі жылдарында [3].
«Шығамын тірі болсам адам болып» [2; 74] атты керемет өлеңінде Сұлтанмахмұт ақын:
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп, надан болып.
Мен балаң жарық күнде сəуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес, —
деп, өз алдына биік мақсат қойып, сара күрес жолын таңдап алды. Сол жолдан ол өмірден неше түрлі таяқ жеп, заман теперішін көрген азапты күндерінде де ешбір таймады.
Айтарға, əттең, сөз жоқ, сом дарын иесі 27 жасында опат болып, қыршын шағында өмірден озды. Дəт дерлік жайт: соңында бүгінгі ұрпақты таңдандырып, сүйсінтер əрі ой салалық асыл жырлары қалды...
Торайғыровтың романдарының қазақ əдебиеті тарихында маңызды орын алуы
ХХ ғасырдың басында əдебиеттің биік өресін көрсете алатын роман жанры өркен жая түсті. Алғашқы қазақ романдары М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» (1910) жəне С.Көбеевтің «Қалың мал» (1914) сияқты, Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы» (1914) мен «Кім жазықтысы» (1915) əдебиетіміздің тарихындағы тұңғыш романдардың қатарында саналады.
Өлеңмен жазылған «Қамар сұлу» романы тілі шұрайлы, ұғымға түсінікті, қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Мысалы, автор Қамар сұлудың образын жасап, ішкі дүниесін ашып көрсетуге келгенде, нəзік лириканың ішкі мүмкіндіктерін шебер пайдалана білген [4]:
Жіңішке сымға тартқан əні қандай,
Балаусыз балбыраған тəні қандай.
Ақыл, ой, мінез, көрік түгел келіп,
Толықсып толып тұрған сəні қандай.
Еріткен іші-бауырыңды көзі қандай,
Бал тамған майда бұлбұл сөзі қандай.
Жұп-жұмсақ, бып-биязы ішке кіріп,
Жайтаңдап жан күйдірген кезі қандай!
Күлгенде көзіңді алып кірсіз тісі,
Қайнамас оны көріп кімнің іші?
Алмас қылыш жүзіндей аударылған,
Сүйгізіп көлеңкесін əрбір ісі.
Нұрлы жүз жан-жағына сəуле шашып,
Бойының мінсіздігі онан асып.
Өзгеден сып-сыпайы һəм сүйкімді,
Ең арты жүрсе-дағы аяқ басып.
Бұл еңбекте негізгі сюжет басты кейіпкер Қамар төңірегінде құрылған. Романның тақырыбы — қазақ əйелінің бас бостандығы, теңдігі, əлеумет қайраткері болу мəселесі. Автор сол кездегі қазақ арасында етек алған ескі əдет-ғұрыптарды қатал сынай отыра, ендігі жастардың келешегі оқуда, еркіндік тұрмыста екенін Қамар мен Ахметтің трагедиялы халдері арқылы мегзеп көрсетеді. Қамар сұлу — ауыз əдебиетінде жасалынған Қыз Жібек, Баян сұлу сияқты қазақтың көркем қыздарының қатарынан орын аларлық үлкен табыс.
Роман жанрындағы С.Торайғыровтың үлкен жеңісі — «Кім жазықты?» деген шығармасы. Бұл — Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романы типіндегі əдебиетіміздің алтын қазынасына қосылған еңбек.
Бұл романында Сұлтанмахмұт қазақ халқының сол кезеңдегі қоғам, əлеуметтік тіршілігінің қалпын, суретін əдемі кескіндеген. Қазақ арасындағы түрлі тап, топ өкілдерінің тұрмысын, қазақ əйелдерінің ауыр хал-жайын, халқымыздың мінез-құлқын, ғұрып-əдетін, дүниеге көзқарасын – бəрін толық жəне шебер көрсеткен.
Ақиық ақын қазақ халқы тағдыры хақында сұрау салады, соған жауап іздейді. Мысалы, қазақ ғылымнан кенде, өнерге, ел билеуге шорқақ. Оған кім жазықты? Қазақ халқы саясат, мəдениет, шаруашылық, кəсіпорын ашу, сауда-саттықпен шұғылдануда басқа халықтардан кенжелеп қалған. Оған кім жазықты? Қазақтың не басында, не малында, не жерінде ерік жоқ. Отаршыл үкімет аузындағысын жырып алып, қақшып, өз жерінде сүтке тиген күшіктей етіп отыр. Оған кім жазықты? Сонда өстіп іріп-шіріп жата береміз бе, жоқ əлде бұл жағдайдан шығудың жолын бірігіп іздеуіміз керек емес пе деген ой тастайды оқырманға автор.
Батыс философтары, социал-утопистері, ақыл-ой кемеңгерлері, социал-демократтар Герцен, Белинский, Чернышевский, Добролюбов, Некрасов, Огарев көзқарастарымен жете таныс Торайғыров«Кім жазықты?» романын жазу барысында олардан көп нəрсе үйренген. Өзіне сұрақты көп қойып, сол сұрақтарға жауап іздеген [5].
Өкінішке орай, роман аяқталмай қалған. Соған қарамастан бұл шығармада ішкі, сыртқы қайшылықтары жегідей жеген қазақ қоғамының əлеуметтік ортасы өте шынайы көрініс тапқан.
Ойшыл ақынның лирикалық-философиялық поэмалары қалай туған?
С.Торайғыров бас-аяғы бес-алты поэма жазған ақын. Олардың күрделісі келесі поэмалар:
- Сұлтанмахмұт 1918 жылдың орта кезінде жазған поэмасын «Адасқан өмір» деп атады. Поэма «Мен — бала», «Мен — жігіт», «Мен тоқтадым», «Мен — өлік», «Мен — кəрі» деген бес тараудан тұрады. Автор кісінің туа-туғаннан өлгеніне дейінгі қалпын, сезімін, ой-арманын жыр етеді.
Поэманың кейіпкері — əдебиеттік «Мен», яки лирикалық герой. Ол шындықты іздейді, бірақ халыққа қызмет ету жолынан жаңылады. Тек «өзі үшін ғана» өмір сүреді. Қартайған соң ғана өзінің дұрыс өмір сүрмегендігін біліп, адамдар алдындағы айыбын сезінеді. Поэма кейіпкердің өлімімен аяқталады.
«Адасқан өмір» — күшті философиялық поэма. Бұл еңбегінде автор дүние, қоғам, өмір, өлім сияқты бірсыпыра философиялық мəселелерді қозғайды, олар жөнінде маңызды, ойлы қорытынды жасайды. Ақын дінге, ұлтқа қарамастан адам туған кезде ой мен адамгершілік тазалыққа ие деп пайымдайды: «Табиғатында адам ізгі жəне мейірімді, əдемі қасиеттері де мол, бірақ мұның бəрі əдет- ғұрыптың, құдайдың, патшаның жəне алтынның иелігіне жеткенше ғана».
- 1919 жылдың бас кезінде С.Торайғыров «Адасқан өмірмен» үндес, өзектес «Кедей» поэмасын жазды. Бұл шығарманың кейіпкері бір-ақ кісі — ол қазақ кедейі. Поэмада кедейдің өмірден көрген- білгені, сезген-түйгені бірінші жақтан баяндалады. Сорлы кедей ауылда жүрсе де, қалаға барса да жоқшылықтан құтыла алмай, қор болады. Ол қатты күйзеліп, ойланып-толғанады, өзін бір сəт мырзалармен салыстырады:
Анау Жақып сəн түзеп, сауық құрған, Құрдасым емес пе еді бір күн туған... Жақыптың қай еңбегі менен артық: Етігін де шешкен соң біреу тартып? Құдайға не жазып ем тумай тұрып, Туғаннан мені жоқ қып, оны жартып? —дейді.
Соңында өмірдің əділетсіздіктерінен əбден қажып, түңілген кедей мынадай шешімге келеді:
Жоқ, мен бұған разы тіпті болман. Бақытты іздеу керек басқа жолдан... Бұған көніп жүргеннен өлген артық. Іштен тынып, жанғаннан сөнген артық. Текке өлмей, тауға-тасқа басты соғып, Жолында не кез келсе көрген артық.
Бас кейіпкер (кедей) өз елінде көрген азабына шыдамай, бақыт іздеп басқа елге кетеді. Поэма осылай аяқталады. Бұл шығармада өн бойында еңбек адамының ұнамды бейнесі көрінумен бірге өмір үшін де, бақыт үшін де күресе алатын жаңа ойлы кейіпкер тұлғасы айқын танылады.
- С.Торайғыровтың 1918 жылы жазылған «Таныстыру» поэмасы ұзақ уақыт бойы қалың оқырманға беймəлім болып келді. Бұл поэма бастан-аяқ Алашорда қайраткерлерін марапаттауға арналған.
ХХ ғасырдың басында өрістей бастаған қазақ қауымына тəн қоғамдық-саяси қозғалыс əуел баста өз алдына жалпы ұлттық-демократиялық мақсат-міндеттерді қойды. Бұл істің қасында екі ғасыр тоғысында қазақ зиялылары тұрды. Олар Əлихан Бөкейханов төңірегіне топтасты. А.Байтұрсынов пен М.Дулатов өздерінің əдеби шығармаларының беттерінде демократиялық мəндегі ұлттық тең құқықтық, халықтың мəдениетін көтеру, отаршылдардың жер мен суды тартып алуына наразылық білдіру сияқты əлеуметтік-саяси мəні бар мəселелерді көтерді. Осы арқылы олар халық арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуалды қалыптастыруға қызмет етті. Бұған А.Байтұрсыновтың «Масасы» (1911), М.Дулатовтың «Оян, қазағы» (1909) дəлел бола алады.
Ə.Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен Жалпы қазақ съезінде Алашорда Үкіметінің құрылғанын жариялады. Осы съезде Халел мен Жаһанша Досмұхамедұлдары бірден Қазақ автономиясын жариялауды талап еткен батыл ұстанымда болған еді. Бірақ Бөкейханов Қазақстандағы орыстардың жайын білмейінше автономия жариялауды кідірте тұруды қажет деп тапты. Дауыс бергенде көпшілік Бөкейхановты қолдады. Досмұхамедовтардың жалпыхалықтық мүдде үшін келісім берулеріне тура келді. Дегенмен, осы келіспеушілік Алашорда үкіметінің үшке бөлінуіне əкеп соққан себептердің бірі болды.
Бұған қоса жердің қашықтығы мен хабарласудың қиындығы Алашорданың біртұтас жүйеде жұмыс істеуіне кедергі жасады. Оның үстіне азамат соғысы басталып, Қазақстанның облыстары арасындағы байланысты үзді. Кейбір ғалымдардың айтуынша, Алашорда басшылары автономияны басқаруды оңайлату үшін əдейі үшке бөлген деп көрсетеді.
Алашорданың шығыс бөлімі Семейде орналасты. Ал Алашорданың Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлдары басқарған бөлігі Орал облысындағы Жымпиты қаласына келіп, өздерін Алашорданың батыс бөлімі, немесе Ойыл уəлаяты, деп атады. Үкіметтің тағы бір бөлімі Жетісуда болды [6].
Алаш партиясының саяси жəне экономикалық бастау көздері туралы, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы мен олардың Кеңес үкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер кеңестік мерзімді баспасөзде 1919–1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мəселе бойынша алғашқы қалам тартушылардың көшбасында Алаш пен Алашорданың белгілі басшыларының бірі А.Байтұрсынов пен қазақ зиялылары қатарынан ұлы ақын С.Торайғыров тұрды.
Ұлт-азаттықты ту етіп көтерген Алашорда қозғалысы туралы Сұлтанмахмұттың көзқарасы айқын. «Таныстыру» поэмасында ол Алаш қозғалысының жетекшілері Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды қайраткерлерді қазақтың айы, күні, шолпанына теңейді:
Басында ол қарағым тұр ғой дəйім,
Тек ұзақ өмір берсең бір құдайым.
Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,
Білемін бұл үш ердің айтпай жайын,
Кешегі қара күнде болмап па еді,
Бірі күн, бірі шолпан, бірі айым.
Солардан басқа кешегі кім бар еді,
Қазақ үшін шам қылған жүрек майын.
Ақынның бұл шығармасында дел-сал болып, қажыған халқына бағыт-бағдар беруге тырысқандығы, елінің көзін ашуға, поэзия арқылы өнердің құдіретімен əсер етуге ұмтылғаны байқалады.
- Қазақ поэзиясындағы қайталанбас біртуар тұлғалардың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың
«Айтыс. Қала ақыны мен дала ақынының айтысқаны» поэмасы өмірінің ақырғы кезеңінде жазылып, аяқталмай қалған шығарма. Жиырма жеті жасында дерт меңдеп, тағдыр кермесіне ілінген ақын:
«Тым болмаса екі жыл тұрмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын» деп,«Айтысты» тамамдай алмағанын зор өкініш етіпті.
«Айтыс» С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін, советтік заманда — 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеев бастырған «Адасқан өмір» жəне 1933 жылы Қызылордада шыққан «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық шығармалар жинағы» кітаптарында жарияланды [7].
Бұл дастан 1996 жылы 7 мамырдағы «Ана тілі» газетінде жарық көрді. Поэманың негізгі кейіпкерлері — дала ақыны мен қала ақыны. Шығармада дала ақынының сөзін басымырақ ұстап, Сұлтанмахмұт соның аузымен қазақтың жерін, табиғатын, елін, ел басшылары мен батырларын, ақын-жыршыларын, салт-дəстүрлерін мақтан тұта жырлайды.
Дастанның кіріспесіндегі мына шумақтар:
Мен — қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға алаш деген атты аламын.
Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?
Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
Ержеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
Сен құсап сарымасадай ілбиткен жоқ,
Қаланың көшесінде жоқтан қысып.
Алтай, Ертіс, Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
Бір кезде Европаны тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа əмірі жеткен.
Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,
Талай царь, талай князь тəжім еткен, —
деп тарихтың тереңінен сөз қозғайды. Шыңғыс ханның Еуропаны тітіреткен «ұлы жорығын» еске салады. «Күнбатыс, Күншығысқа əмірі жеткен», Ресей мен Қытайды өз билігімен санастырған атақты Шыңғыс хан ұрпағы Абылай екендігін оқырман аңғарады. Дала ақынының аузынан шыққан бұл жалынды сөздер тек кейіпкердің ғана емес, сонымен бірге Сұлтанмахмұттың өзінің де жан сырындай оқылады.
Дастанда Абылай бейнесі жеке-дара сомдалмаған. Поэманың бірінші, үшінші, төртінші бөлімдері Абылай дəуіріне, сол заманда өмір сүрген хан, сұлтан, би, батырларға арналған. Ақын олардың болмыс-бітімін биікке көтереді, өз заманына өнеге тұтады:
... Дұшпаны маңайына бара алмаған,
Бір тайын рұқсатсыз ала алмаған.
Солардай батырлары арқасында,
Бұл күнгідей бірі қор саналмаған.
Батырлар ант бұзбаған, сертте тұрған,
Күндеу жоқ, жолдасы үшін басы құрбан,
Сондықтан қорқып емес, сенгендіктен,
Ел ұстап етегінен басшы қылған.
Ел үшін қартайғанша аттан түспей,
Бір күні бел шешініп тамақ ішпей,
Ел қылған ерлерінен жетім қалып,
Халыққа болды ол дəурен көрген түстей.
С.Торайғыров би-батырлары ерлікпен, шешендікпен танылған Абылай заманын мұрат тұтады. Өз заманымен салыстыру жасап, өткеннен сабақ ала отырып, келешекке жол салу қажеттігін нұсқайды. Абылай тұлғасын кейінгі заманға символдық сипатта өнегелейді. Сонау 1919 жылы жарық көрген дастаннан ақынның Қазан төңкерісінің халқына не əкелетініне көз жеткізе келе, ата-бабалар дəуірін аңсағаны, солардың рухын, аруағын медет тұтқаны аңғарылады [8].
«Айтыс» поэмасында көтерілген күретамыр тақырыптың бірі — тіл тағдыры. Жалпы тіл мəселесі — Сұлтанмахмұттың азаматтық мұрат-мақсатының негізгі ұстанымы. Ол туған тіл тағдырына өте қатты мəн берумен бірге, оның өз өнер туындыларындағы қолданысына аса кірпияздықпен қараған. Ақын ана тілін сүйе де білген, ол үшін күйе де білген. Дала ақынының аузымен айтылған мыңа сөздер соның нақты куəсі [9]:
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен,
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол тілмен шешем мені əлдилеген,
Еркелетіп: «Құлыным, жаным» деген.
Сол тілмен бірінші білгізілген,
«Апа» деген сүйгендік сөз əм менен.
... Сол тілменен білгіздім тілегімді,
Бірінші сүйген жарға жүрегімді;
Маған қарай тығылып: «Жаным» деген, Мойнына апарғанда білегімді...
Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмір»,«Кедей» поэмалары монологқа құрылған болса,«Таныстыру» мен «Айтыс» диалог түрінде жазылған. Ақынның монолог, диалог түріндегітуындылары сол кездегі əдебиеттегі үлкен шығармашылық жаналық болды. Олар философиялық мəселелерді суреттейтін, заманның түйінді проблемаларын қозғайтын, терең пікірлі, жаңа мазмұнды лирикалық-философиялық шығармалар. Сонымен қатар олар ақынның қоғам, табиғат өмірінен түйгені, алған əсері, ішкі дүниесі, жүрегінің сығындысы. С.Торайғыровтың лирикалық- философиялық поэмалары осылай туған деуге болады. Қазақтың жазба əдебиетінде Сұлтанмахмұттан бұрын, ол өмір сүрген кезеңде мұндай поэмалар бола қойған жоқ еді.
Сұлтанмахмұттың публицистикалық шығармалары
С.Торайғыров тек көркем шығарма жазумен ған айналысып қоймаған. Ол жаңа өмір үшін күресте баспасөздің мүмкіндігін барынша пайдаланған. Мақалалары «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде, «Айқап», «Абай» журналдарында жарияланған.
Қазақ тіршілігінің аса маңызды бір бөлігі — əн, күй, өлең, жыр. Онсыз өмірдің қызығы, сəн- салтанаты жоқ. Осы ойларды ақын «Өлең һəм айтушылар» атты мақаласына негізгі өзек етіп алды. Автор халық өміріндегі өлең-жыр, əдебиеттің атқарар қызметін дəл көрсете білді: «Қысқасы, бір халықтың əні кетсе, əдебиеті жесір қалады, сəні кетеді, сəні кетсе, жаны кетеді. Қазақты жансыз ағаш қылып отқа жаққыларың келмесе, əнді сақтаудың қамын қылыңдар... Өлең айтушы əнпаз адамдарды жұртқа есерсоқ деп көрсетпей, есті деп қадірлі етіп көрсетуге тырысыңдар, болмаса жым-жырт... деп сөйлегеннің аузына қарап қалатынымыз хақ» [10]. Сонымен, өлең-жырды, əдебиетті халықтың жан- жүрегіне теңеген Сұлтанмахмұт сол кездің өзінде-ақ бұл мəселеге жұртшылық назарын аудара білді.
Торайғыровтың «Қазақ ішінде оқу оқыту жолы қалай?» [11], «Социализм» [12] деген шығармалары оқу, мəдениет, қоғам, ғылым тақырыбына жазылған. Оларда автор қазақ халқының ілгері дамуы, мəдениетті болуы, адам баласының жеңіл күн көруіне қажет ілімдерді — техниканы тез үйренуі туралы бағалы пікірлер айтады. Мысалы, «Социализм» атты мақаласында ақын: «Адамның жаратылғаннан осы минутке шейін өмір тəжірибесімен тама-тама жасалған нəрсе дария болса, тамшыдай таныстығы аз жұрттың бірі — біздің қазақ. Қазаққа ілгерілеу керек болса мұны аз қалыпта қалдырмай, көбірек, көбірек тұрсын, бəріне танысып жетілген жұрттардың қатарына қосылу керек. Олармен бірге адам баласының жеңіл күн көруіне, тегіс бақытты болуына жол табысу керек, іздесіп атсалысу керек. Жол іздесіп, атсалысу сол жетілген жұрттардың қатарына келіп алғаннан кейінгі болатын жұмыс. Əзіргі бізге керегі қайткенде солардың білімін тез үйреніп, қайткенде сол қатарға тез қосылу қамын қылу» деп толғанады.
С.Торайғыровтың «Зарландым» [13], «Ауырмай есімнен жаңылғаным» [14] деген шығармалары — көркем очерк. Бұл шығармалар ел ішіндегі ескі салт, жайсыз мінез-қылық, қараңғылық салдары, қазақтың ұлы, қызының еркіндігі туралы очерктер қатарына жатады.
Сұлтанмахмұттың сол кездегі қазақ əдебиетіне деген көзқарастарын оның «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» [15; 292–297] атты мақаласынан байқауға болады. Проблемалық мақала жанрында жазылған бұл еңбекте сол уақыттағы қазақ əдебиетінің ең бір өзекті мəселесі — тіл тағдыры батыл көтерілген. Ақын шығып жатқан өлең кітаптарының көпшілігінің рухы қазақтікі еместігіне қатты налиды. Оның себебі — олардың тілінің таза еместігінде: «Нағыз шынын айтқан уақытта, қазақ тілінде деп бастырылған кітаптардың көбінде қазақтың иісі де жоқ. Неге десең, дені бытпырақ, бытпырақ болмағандарының ағыны теріс. Рухын тексерсек, баяғы айтылған «қатын ойбай». Ал енді, қазақтықты сіріге жамаған былғарыдай қай жеріне апарып жапсырамыз! Мен тілімізге шата тілдердің шатысуынан бегірек тілдің ағыны теріске бейімдеп, өріс алып бара жатуынан қорқамын» [15; 296].
Ақын сол кездегі қазақ өлеңінің барын сынай беруден аулақ. Үлгіге ұлы Абайды, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың өлеңдерін ұсынады. Əдебиеттің бағыт-бағдары, міндеті жөнінде құнды, өз тұсындағы қазақ публицистикасына жаңа пікір айтады.
С.Торайғыровтың осы күнге дейін «жабық» болып келген мақаласының бірі — «Жаңа кітап». Бұл Міржақып Дулатовтың 1913 жылы шыққан «Азамат» өлеңдер жинағына жазылған рецензия болатын. Рецензиясында автор кітаптың өзіне ұнағанын білдіреді. Оның ойынша, Міржақыптың поэзиясы — «қайнаған қанның, қиналған жанның, толғатқан көңілдің, толғанған жүректің сығындысы».
Жинақтап айтқанда, Сұлтанмахмұттың публицистикалық шығармаларының бəрі де күрделі, көкейтесті мəселелер жөнінде жазылған. Оның «Қазақ ішінде оқу оқыту жолы қалай?», «Социализм» атты шығармалары шын мағынасында публицистикалық мақалалар болса, «Өлең һəм айтушылар»,«Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» қазақ əдеби сынының тарихындағы алғашқы проблемалық мақалалардың бірі болды. «Жаңа кітап» та жанр талаптарына жауап бере алатын тұңғыш рецензиялардың қатарында еді.
Дарынды ақын əдеби сын мақалалары арқылы жаңадан іргесі қаланып келе жатқан профессионалды қазақ əдеби сынының дамуына айтарлықтай үлес қосты деп толық айтуға болады. Өмірі қыршындай қиылмағанда Сұлтанмахмұттың қаламынан талай-талай сындарлы сындардың шығатыны анық еді.
Қорытынды сөз
Сұлтанмахмұт Торайғыров — қазақ əдебиетіндегі Абай мен Мағжаннан кейінгі ірі тұлға. Оның шығармалары — мол тақырыпты, терең мағыналы, алуан жанрлы, көркем суретті қазына. Ақынның туындыларының негізгі қасиеті — реалистігі мен халықтығы.
С.Торайғыровтың озық шығармалары əдебиет дамуының желісін, кезеңін көрсетіп қоймайды, сонымен бірге қазақ халқының сол замандағы қоғамдық ой-пікірінің зор белесі болып табылады. Оның қай шығармаларын алсаңыз да алғаусыз ақтарылып, тоқтаусыз төгілген ақпа-төкпе ақындықтың куəсі боласыз. Сұлтанмахмұт шығармалары өзіне дейінгі əдебиетті қорыту, өзінен кейінгі əдебиетке із салу сынды əсер етеді. Өзіне дейінгі болған құбылысты философиялық биігіне апарып түю, өзіне дейінгі болмағанды жасау — міне ақын тағдырына бұйырған несібе! [16].
Торайғыров есімі қазіргі уақытта барша қауымға мəлім. Оның шығармалары 1922, 1933, 1950, 1957, 1967, 1987 жылдары жинақталып, толықтырылып жарық көрді. 1993 жылы екі томдық академиялық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Ақын туындылары оқулықтар мен хрестоматияларға енді, орыс тілінде жарияланды. Д.Əбілев С.Торайғыров туралы трилогия жазды.
Бүгінде С.Торайғыровты зерттеу, тану бір салалы жұмыс, ғылым деуге болады.
Тұрмыс заңы: адам жасаған дүние адамға қалады, əке бастаған, істеген іс — балаға, бала бастаған іс, жасаған нəрсе — ұрпаққа мұра.
Сол сияқты Сұлтанмахмұттың шығармалары да олар жөнінде алдыңғы толқын ағалар істеген істер, жазған, жариялаған мақалалар мен кітаптар да, айтқан дұрыс-бұрыс ой-пікірлер де — бəрі де қазіргі жаңа толқын жастарға, кейінгі ұрпаққа мұра, солардың асыл қазынасы.
Мұра — құрметті, қасиетті. Оны барынша қадірлеу керек. Тек қадірлеп қана қоймай, зерттеп білу, дамытып отыру — міндет [17]. Өйткені ұлы ақын, жазушы, публицист, қоғам қайраткері Сұлтанмахмұт Торайғыров 27 жыл ғұмырының ішінде артында бай рухани қазына қалдырған «ұлы құбылыс».
Əдебиеттер тізімі
- Тоғысбаев Б., Сужикова А. Тарихи тұлғалар: Таным-көпш. бас. — Алматы: «Алматыкітап» ЖШС, 2006. — 182-б.
- Торайғыров С. Сарыарқаның жаңбыры: Өлеңдер. — 1-к. — Алматы: Жазушы, 1987. — 160 б.
- Байырбек Н. Ақиқат жолымен арманда аттанған ақын // Ақ Жол Қазақстан. — 2003. — № 43(64). — 24 қазан. — 10-б.
- Торайғыров С. Қамар сұлу (роман) / Қазақ прозасы: Хрестоматия. — Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым, — 214-б.
- Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 143, 144-б.
- Айтқожина Ш. Алаш қозғалысына қатысқан қазақ зиялылары // Орталық Қазақстан. — 2007. — 13 желт. — 7-б.
- Сұлтанмахмұт. Айтыс // Жұлдыз. — 1989. — № 12. — 156-б.
- Тарақов Ə. Ақынның арман-аңсары — Абылайдай ардағы // Жұлдыз. — 2002. — № 8. — 183–187-б.
- Əбдиманұлы Ө. «Айтыс» — ұлттық рухтың асқақ үні // Жұлдыз. — 2007. — № 12. — 202-б.
- Торайғыров С. Өлең һəм айтушылар / Қазақ прозасы: Хрест. — Үш томдық. 3-т. — Алматы: Ғылым, 2001. — 288-б.
- Торайғыров С. Қазақ ішінде оқу оқыту жолы қалай? / Қазақ прозасы: Хрест. Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым, 2001. — 284–286-б.
- Торайғыров С. Социализм / Қазақ прозасы: Хрест. — Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым, — 300–306-б.
- Торайғыров С. Зарландым / Қазақ прозасы: Хрест. — Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым, — 275–284-б.
- Торайғыров С. Ауырмай есімнен жаңылғаным / Қазақ прозасы: Хрест. — Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым,— 288–292-б.
- Торайғыров С. Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан / Қазақ прозасы: Хрест. — Үш томдық. — 3-т. — Алматы: Ғылым,
- ХХ ғасыр басындағы əдебиет: Хрест. оқу құралы / Құраст. Қ.Ергөбек. — Алматы: Білім, 1994. — 241-б.
- Кенжебаев Б. Сұлтанмахмұт Торайғыровты зерттеу, тану мəселесі // Жұлдыз. — 1993. — № 10. — 27-б.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.