Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай ұлттың рухани бойтұмары...

20.03.2025 277

Абай ұлттың рухани бойтұмары

Абай ұлттың рухани бойтұмары - adebiportal.kz

Осыдан отыз жыл алдын Семей топырағында Абайдың 150 жылдық мерейтойы дүркіреп өткен еді. Елдің енді ғана тәуелсіздік алған алғашқы жылдарының тебіні ме, сол мерейтой ерекше есте қаларлық сәт болып ел жадына мықтап сақталып қалыпты. Биылғы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойының шымылдығын Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жеке тоқтала отырып, айрықша атап өтумен ашты десек болатындай. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай шетелде қазақ мәдениетін насихаттайтын Абай институтын құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсыныс Абай мұрасын әлемдік деңгейде танытуға бағытталған маңызды қадам ретінде қаралып, Абай мұрасын ұлықтау мен насихаттау – қазақ руханияты мен ұлттық кодын таңбалаудың алғы шарты болып алға шыққаны кім-кімді де қуантары сөзсіз.

Әлемдегі әрбір халықтың рухани бет-бейнесін түзетін белгілі бір тұлғалары болады. Неше мыңжылдықтардан сүрінбей өтіп келе жатқан ұлы ойшылдардың  өміршең тұжырымдары ұлтты өзге мәдениет пен өркениетке сіңісіп, жоқ болып жұтылып кетуден сақтап тұратын тағаны іспетті қызмет атқарады. Мысалға шығыстық философияның негізін қалаған Конфуцийдің тағылымшылдық идеясы күллі Қытайды осы күнге дейін асырап келеді.  Оның мәнісі - Конфуций идеясының негізгі ұстыны «асықпай жүріп, анық басты» мың қайталап айтудан жалықпайтындығы. Мысалға: «Ең үлкен саясат — тәрбие» немесе «Орта жол — даналыққа ең жақын нүкте, оған жетпеу одан асып кеткенмен бiрдей», - дейді Конфуций. Ұлы ұстаздарының тағылымын өмірлік ұстаным еткен қытай халқы істің ақырын күтеді, ұзақ мерзімді динамикалы өмір дағдысын құп көреді. Аптықпайды, асықпайды. Жұрттікі өгіз аяң болса, конфуцийлік тағылым ұлу жүрісте жетеді деген ішкі қанағатшылдық дағды ұсынады. Осы бір өмір ырғағымен неше мың жылдан бері тек тізе бүктірумен, жұтумен келеді. Міне бұл Конфуцийдің қытайлық философиясының өміршеңдігі.

Біздің  сондай деңгейге көтере алатын тұлғамыз деп Абай Құнанбайұлын алға тартып отырмыз. Мәселе - айтуда ма, тойлатуда ма? Құр айтып, дарақыланып тойлағаннан Абай Конфуций бола сала ма? Абайды Конфуцийдей ететін фактордың бірі - біздің ұлттық иммунитетіміздің өзге жұрттардың мәдени-экономикалық экспансиясына қалай тойтарыс беріп, қалай өз генімізді өзінің рухани арнасымен сақтап қалу болса керек. Екі мың жылдық ыстық-суық пен жауын-шашыннан есен сау шыққан қытай дүниетанымы конфуцийлікті діндік деңгейге дейін жеткізген. Оның шығармасын қытай баласының оқып, жаттап отыруы міндетті емес. Бірақ, бір дүниесі анық: әр тірі жүрген қытай ұлы ұстаздары сіңірген дағдымен өсіп, сол дағдымен өмір кешеді. Оны олар білмеуі де мүмкін. Салтымыз, өмірлік ұстанымыз өзі солай дейді. Қай елге, қай жерге барады: айдаһар мен арыстан биін билеп, көшелері мен аулаларына аспа қызыл шырағданын іліп, есіктері мен үй қабырғаларына  (фу) сөзін жапсырып, ұлттық болмысымен өз әлемдерінде өмір сүре береді.  Міне бұл - танымның діндесуі, дағдының дінге айналуы. Ұлтты сақтаушы күшке айналуы. Дәл сол секілді арабизмның де негізін қалаған Мұхаммед пайғамбардың өмірге келуімен жан-жағындағы ұсақ мәдениеттер мен ұлттарды қылғи жұтқан араб мәдениетін көреміз. Қазіргі арабпыз деп жүрген қаншама адам арғы тегі әлде қалай басқа бір халықтардың ұрпақтары екенін білсе, бәлкім ол шындықты қабылдай алмасы анық. Әлемді қайырымдылық айтып тұрып да жаулап алуға болатынын жоғарыдағы Конфуций мен Мұхаммед пайғамбар түзіп кеткен өмір дағдылары дәлелдейді.

Бізге не істемек керек? Жан-жағымызды жайпап жауламай-ақ қоялық. Осы бар қалпымызды Абайдың нақыл сөздерін жамылып сақтасақ та жетістік секілді. Абайды дәріптеудің алғышарты Абай қойған протест әр қазақтың өмір салтына айналып - “Қазақ-Абай” болмаса “Абай-Қазақ” болмысқа өту қажет деп ой қорытамыз.

Осы жолғы құрылтай барысында әлемнің әр түкпірінде Абай институттарын құру арқылы Абай дүниетанымын «қазақтың жұмсақ күшіне» айналдыру туралы ой мемлекеттік деңгейде ортаға көтерілді. Бұл жақсы бастама. Неше мың жылдықтардан келе жатқан Конфуций мен Мұхаммед салған рухани жолдың өміршеңдігін көріп отырмыз. Туғанына 180 жыл болған Абай Құнанбайұлын қомсынып отырған біз жоқ. Бастысы: бізде рухани таған да, бағдаршам болар рухани темірқазық тұлға да дайын. Мемлекеттік тұрғыдан ұлттық біртұтас идеологиялық толығу процесін бастап кешіп жатқан біздей жас мемлекетке Абай сынды рухани шамшырақ болатын тұлғалардың рухани мұрасы бізге ауадай қажет. 

Ұлы ойшылдың 180 жылдығын ақынның шығармашылығын әлемдік деңгейде танытудың ерекше сәті деп де қабылдап, институт құрылар болса, Абай еңбектерін ғана аударумен, таныстырумен ғана айналыспай, абайтанушылардың Абай өмірбаяны мен шығармашылығындағы ұңғыл-шұңғылына үңілген небір еңбектер қоса аударылып, Абай шығармаларының тәпсірін қоса берген өнімдірек, салмақтырақ болар деген пікірдеміз.

Әлемде мынадай мәдени экспансия бар. Үстіне мұнтаздай аппақ, кең-мол етіп арабша киінген ер адам көрсе қыздар оларды ханзада деп ойлап қалу пайызы қалайда жоғары болады екен. Бұл бір. Екіншіден, ислам дінінің миссионерлік жұмысының қаурыт жүрілуі мен соңғы жылдары тәуелсіздік алған біз секілді елдердің дін еркіндігіне лап қоюы қатар жүрілгендіктен, араб болғысы келетін арабшылдықтың мәдени-діни экспансиясы шұңқырына құлаған қаншама адамдарды көріп жүрміз. Осындай атасы азан шақырып қойған есімінен бас тартқан, дін шырмауына түскен азаматтарға өзіндік «менін» еске салып тұратын Абайдың болғаны ұлттық иммунитеттің алғашқы екпесі дей беріңіз. Ұлт, мемлекет болып Абайды сәндейік, үстіне ұлттық шапан жауып, басына әдемі оюлы тақиясын кигізіп, бір қолына домбыра, бір қолына қобызын ұстатып архаикалық да, сакральді бейнесін түзіп шығып: “Міне атаң, міне қазақ!” - деген құдайды жасамай, басқыншы құдайлардан сақтана алуымыз екіталай. 

Жүз сексен жыл ертең екі жүз жыл, сосын мың жыл болады. Дәуір өтеді, заман ауысады. Бірақ бір нәрсе айқын көріне бастады: кім өзінің ұлттық болмысын заманға сәйкестендіріп бейімдей алады, сол ұлт, сол халық ұтады, анадайдан көзге ұрып, менмұндалап тұрады.

Сөздің тоқетері: Абайды көтеру арқылы біз өзімізді көтеріп жатқанымызды түсінуіміз керек. Оны тұлға, ойшыл ретінде емес, қазақтың өзі ретінде, ұлттың бірегей бренді, беті ретінде көтеруді біздің жеңісіміз, болашағымыздың баяндылығы екендігін түсінуіміз болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар