Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САТИРА
Қанағат Әбілқайыр. Әкім мен қатын...

01.01.2019 6731

Қанағат Әбілқайыр. Әкім мен қатын

Қанағат Әбілқайыр. Әкім мен қатын - adebiportal.kz

Атынан-ақ білініп тұр емес пе? Сөз – алып шаһардың айтулы әкімі мен осындай айтулылардың алдында орғып жүретін қатын туралы. Болмайтын жерден ұйқас қуалап, қатын деп отырғаным болмаса, бұл аруды көрген еркек орнынан тұра алмай үйелеп қалады.

Сонымен, күндердің бір күнінде әкім мен қатын ел көзінен жасырынып, қақаған қыстан қашып, ыстық жаққа демалысқа келді. Бұл шамамен бір жас мемлекет тәуелсіздігін атап өтетін уақытқа тұспа тұс келеді. Халық пен салықтан түскен ақша таусылсын ба? Ең қымбат қонақ үй, доп ойнауға болатындай ат шаптырым бөлме. Мұнда тіпті құстың сүті де бар. Оның бәрін жіпке тізгеннен маған не пайда? Аузымның суы құрып, қашанғы тамсанып отырам, тоқ етерін айтайын. Заңды жарын «Іссапарға кеттім» деп алдап шыққан әкім мен тізгіні ылғи өзінде жүретін ару қатын жағажайда жата-жата жалығып, яхтамен ашық теңізге шықты. Аспанда шағала, айнала тамаша. Төрт-бес сағат тоқтаусыз жүзген жұрт шағын аралға аялдады. Бірі суға түсті, екіншісі саналуан ішімдікке бас қойды. Ал, біздің екеу тағы да жұрт көзінен тасаға кетті. Ана жер тым жадағай сияқты, мына жерде көлеңке қою емес, ана тұс жақсы-ақ екен. Тек, жасырынатын қалқа жоқ. Осылай өздеріне қолайлы жер іздеп біраз шығандап кеткен қос ынтық топтана өскен пальмалардың арасына келгенде аяқ суытты.

Бұл жақтың ауа райы тым қызық. Бір сәтте жарқырап күн шыға қалады. Бір демде шелектеп жаңбыр жауады. Бүгін де бесінге дейін балбұл жайнап тұрған көк аспан әп сәтте нілдей бұзылды. Күн райын ұғып алған жолбастаушы дабыл қағып, қалың қауымды жинады да жолға түсті. Өзгеден жасырған құпиясы мол екеу дабылды да естімей, аспанға да қарамай ескерусіз қала берді.

Аптық басылды, шөл қысты. Сол кезде ғана өз-өздеріне келген екеу қараңғы қоюлана бастағанын байқады. Орындарынан тұрып, күн ыстықта киетін екі-үш шүберегін тауып алып, келген іздеріне түсті. Бағанағыдай емес, салығып-ақ қалыпты.

О, тоба! Әкім шаршағанына, тізесіне түскен қарны кедергі болғанына қарамай төңіректі бір-екі айналып келді. Мына аралда екеуінен басқа жан баласы жоқ.

Әп-сәтте жал-жал асау толқындар жағаны ұрып, аспан қап-қара болып түнеріп, жаңбыр төпеп, бір алапат күшіне мінді. Әне-міне цунами басталып кететіндей біздің екеу әбден састы. «Талай елдің обалына қалып ем. Бұл соның зауалы шығар» деп ойлады әкім. «Талайды тақырға отырғызып ем, соған жауап берер шақ келген сияқты» деп ойлады қатын.

Жетектескен екеу осы жастарына дейін көрмеген қиындықпен бетпе-бет келіп, дүниеден баз кешіп, сүрініп-қабынып жүріп, дауыл құлата алмаған үш-төрт дараққа жолықты. Біреуінің ішін әдейі қолмен кеулегендей екен. Екі адам қатар кіріп, тізе түйістіріп отыруға болатындай. Сырттағы сұмдық дауыл, жер мен аспанды тұтастырып жіберген өлшеусіз су әлі толастамаса да мына жер екеуге пейіштің төріндей болды. Жаңа ғана бәрінен түңіліп, жата қалып, Жаратқанға құлдық ұрып, жалынып-жалбарынуға бейіл болып келе жатқан екеу қалқаға бас сұққаннан кейін тәубаға түскен ойларынан айнып-ақ қалды. Тіпті, «Манағы ойымды мынау біліп қоймады ма екен?» деген күдікпен, тас қараңғыда бір-біріне сезіктене қарап та қойды. Енді не болса да бәрі іштерінде өлмек. Бір-біріне сыр беріп қоймағандарына қуанып, бағана бір обал-сауап туралы ойлағандарына іштей күліп, алапат қорқыныш пен таусылмайтындай болған қиындықты лез ұмытып, екеуі де іштей «Тәйірі» дей бергенде аспаннан жасын түсіп, тура алдарында тұрған дарақтың бірін жоқ қылып жіберді. Дүние жап-жарық болып кеткенде күлі ғана қалған дарақ, бықсыған түтін, теңселген пальмалар, әне-міне басып қалардай ентелеп келе жатқан асау толқындар екеуін қайтадан дүниеден түңілдіріп жіберді. Бір-ақ сәтте тозаққа топ ете түсіп, енді тек бәріне жауап беру ғана қалғандай.

- Осыдан аман-есен елге жетсем, кісі ақысын жемеспін - деді әкім өмірінде бірінші рет шын көңілмен.

- Мен де осыдан аман қалсам, баламды ғана әлпештеп, соның адам болуына барымды салармын - деді қатын.

- А, иә. Менің де балаларым бар. Тек, дүниенің қадірін білмей, асып-тасып жүр. Алдымен, соларға өмірдің мәнін ұқтырсам ғой - деді әкім.

- Мә, күйеуіммен ажырасып, дүние-мүлкін өзіме аударып алғаннан кейін қиындық дегеннің бәрін ұмытып ем. Енді өмір бойы шалқып-тасып жүре берем деп ойлағам...

- Алғаш басшылыққа қол жеткенде адал болғым-ақ келді. Елге қызмет етпек болдым. Бірақ, қатып қалған бір жүйе ырқынан шығармайды екен. Не жеуің, не кетуің керек. Елдегі бірінші адам болмайынша бәрін түзеймін дегенің далбаса деп ойладым да, қарбыттым келіп...

- Күнделікті түсіп жатқан табыс болмағаннан кейін бір баланың алименті не болады? Өзің сияқты алпауыттарға ажарымды сата бастадым. Алдында кәдімгідей арым мазалайтын. Кейін кімнің есепшотында қанша пұлы бар екенін отырысынан-ақ байқайтын шамаға жеттім. Ол қасиетімді мақтан тұтатынмын. Енді бетімнің оты шығып отыр.

- Сені қойшы, сенің залалың өзіміз сияқты байларға ғана тиді. Ал, мен көп балалы аналарға, жетімдерге, жағдайы жоқ отбасыларға бөлінген ақшамен осында келіп отырмын ғой. Сол ақшамен сені үлде мен бүлдеге орадым...

- Мені ғана ма?

- Енді?..

- Енді дейді ғой. Өткенде ана қылымсыған әнші қыздың қойнынан шығара алмай қойып едік қой.

- Ол кезде сенің жаныңда Бәкең отырды ғой...

- Отырса, жабысып қалған жоқ. Кетті ғой жөніне.

- Сол Бәкең саған 70 мың доллардың көлігін сыйлады дегені рас па?

- Әрине, рас. Сен ғой әлі өзің уәде еткен гауһартасы бар сырға, жүзік те әперген жоқсың...

- Әперем, жаным. Осыдан - дей бергенде найзағай тағы жарқ ете қалды да, тағы бір дарақ ұшты-күйлі жоқ болды.

Пенделік әңгімеге ақырындап қайта ауыса бастаған екеу талай жылдан бері алғаш рет «Пыссымылда» деді.

- Жаратқан, өзің сақтай көр. Күнәларымды кеше көр.

- Не жаздым деп айта алмаймын. Бірақ, осымен бәрі біткені ме?

- Көретін жарығымыз бар шығар. Садақа, садақа таратам күллі жұртқа!

- Шынымен осыдан елге барған соң ешкімге көзімді төңкермей өзіммен өзім күнімді көрем... Гауһартасыңның да, жүзік, сырғаңның да қажеті жоқ.

- Мен де барлық жарлы-жақыбайдың басын қосып, шамам келгенше көмегімді берем. Әкеңнің аузы, өзіммен бірге көрге алып кететіндей жинай беріппін ғой. Енді міне, қу ағаштың түбінде қашан жанып кетерімді білмей, селк-селк етіп отырмын.

- Айтпақшы, «Өз үйім жоқ. Қатынымның үйінде тұрам» деп едің ғой бірде. Соған біреу сенеді деп ойладың ба?

- Аяқ асты ауызға түскені сол болды. Әшейінде кабинетте сыр бермегенмен, көп алдында сасқалақтап қалады екенсің...

- Ал, тәуелсіздік күнінде қалада болмаймын дегенің бетіңе шіркеу емес пе?

- Ақымақтар тәуелсіздік үшін қан төгеді. Біздер соның қызығын көреміз деп, талай күліп ем. Соның зардабын қазір тартып отырмын-ау деймін. Енді монументтің түбінде түнемесем бе?

Екеуі өткеніне әбден өкініп, енді қайта күнә жасамайтындай болғанда сібірлеп таң да атты. Түнде ештеңе болмағандай құстар түрлі әнге басып, айнала ғажап сұлулыққа малынды. Кеше екі адамның кем болғанын жағаға жеткен соң бір-ақ білген қонақ үй иелері де көрінді көз ұшынан.

Ал, бойларындағы бар жындарынан айырылып, тәубаларына келген екеу үнсіз...

Тіл!

Әйелім телеарнада істейді. Сіздер оның сөзін түсінесіздер ме, білмеймін, өзім о баста «Осы не айтты?» деп, аң-таң болып жүрдім. Кеше екеуміз елдің жас жұбайлары сияқты жап-жақсы шәй ішіп отырғанбыз. Аяқ асты несиенің зары ойыма түсіп кетіп:

- Осы біздің кредит қашан бітетін еді? – дедім. Сөйтсем:

- Үстіміздегі жылдың аяғында – дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» деп қайта сұрадым.

- Үс-ті-міз-де-гі!

- Сонда ол қай жыл?

- Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?

Күйіп кеттім.

- Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?

Жоқ, рас, телевизорды қосып қалсаңыз немесе газет-жорналды ашып қалсаңыз: «Үстіміздегі жылы түсім мол болды, үстіміздегі жылы өйтті-бүйтті» дейді. Сосын, «Болып табылады», «Келуде, баруда», «Дей тұрғанмен», «ой-пікірмен бөлісті», «жұмыс жасайды», «қол жетімді» «жіберіп алмаңыздар», тағы басқа толып жатқан сөздері бар. Сонда бір жерге қонаққа барсаң, «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады» дейсіз бе? Әлде, досыңа «Моншаға барасың ба?» десең, ол саған «Бағасы қол жетімді ме?» дей ме? Кино немесе концерт корсетерде «Осыны жіберіп алмаңыз!» дейтіндері бар. «Жіберіп қоймаңыз» деген сияқты естіледі құрғыр... Сонымен... а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір...

- Сізді мұқият тыңдап тұрмын...

- Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз...

- Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?

- Иә, көтерме және бөлшек сауда орталығына барып, қазір ғана жылжымайтын мүлікке кірдім. Барлық жерде аспан асты елінің заттары...

- Кімнің заттары?

- Ой, бәрі Қытайдың заты деймін!

- Ааа... Аспан асты деп... қалғанымыз аспанның үстіне шығып кеткендей...

- Ал, өзің қайда болып табыласың?

- Мен мына құрып кеткір жылжитын мүлік жылжымай қалып, соны шұқылап жатырмын.

- Қонақтар дер кезінде тиісті орыннан табылып, сен өкінішке орай кешігіп жүрме.

- Олар нешеде келеді деп жоспарланып отыр?

- Кешкі алтыға келеді деп күтілуде!

- Не істеуде?

- Күтілуде!

- Ой, қой, мынауың артықтау емес пе?

- Қай жері артықтау? Телевизордан күнде «күтілуде», «жоспарлануда» деп айтып жүрміз ғой.

- Е, бопты, күтіле берсін. Онда мен де барудамын.

- Айта кету керек, ақыры бәрі келеді ғой деп, бүгінгі күн тәртібіне Бәтіштерді де енгіздім...

- Ойбай, ол бізге кім болып табылады?

- Туу, сен-ақ ұмытасың да қаласың. Ол ана құдаңның туған қарындасы болып табылады ғой.

- А, құдаша деші?.. Дейтұрғанмен ол...

- Иә, иә, құдаша! Ешқандай дейтұрғанмен емес! Біз де олардың жанұясында болып, ой-пікірімен бөліскеміз.

- Е, бопты. Мен де жылжу үстіндемін сізге қарай...

- Әй, әкесі, асықпай абайлап жүр. Жолда жол-көлік апаты орын алмасын!

- Дәл осыны айтпашы, бәйбіше. Сосын сен оқиға орнынан табылғанша талай заман өтер...

- Әкесі, ау, әкесі, айтпақшы, ұмытып барады екем, жол-жөнекей бір мөшек қара алтын ала салшы...

- Не ала сал?

- Қара алтын, яғни, көмір ала сал деймін. Монша жаққанға...

- А, иә. Құрсын, шатасып біттік қой. Осы журналистер біртүрлі, қара халық біртүрлі сөйлегенді қашан қоямыз а?..

«Болар бала...»

Әндігүлдің баласы «Қойшы, а, балапан!» байқауынан жеңімпаз болып оралып, бірнеше келіншек «Құтты болсын!» айтып барды. Дастархан басында «Бұдан да үлкен сахналарда ән шырқасын», «Жұлдызы жарқырай берсін» деген жаттанды ақ тілектерін айтып, іштерінен «Осының біздің баладан қай жері артық?», «Етегіне шалынысып зорға жүрген Әндігүлдің жетілгені-ай» деп, қара ой да ойлай отырды. Сосын, бір-біріне байқатпай өнерлі өреннің бас-аяғына ішіп-жеп қарады.

Іш қанша қайнаса да әйелдің аты әйел. Біраздан соң әркім өзі үкілеп отырған айбозы туралы түрлі әңгімеге кірісті де кетті.

- Менің қызым туа салып әндетті. Алдында «Мына бала қалай жылайды өзі?» деп алаңдап жүргем. Кейін ден қойып тыңдасам, кәдімгі қазіргі әндерді нақышына келтіріп тұрып іңгәләйді екен. О, Құданың құдіреті...

- Менің қызымның да бар есіл-дерті – ән! Күнұзақ ыңылдайды да жүреді. Сыпыртқыны, қасықты, қысқасы, қолына не түссе соны микрофон қылып, киімінің бір жеңін киіп, бірін кимей, иығын жалаңаштап, өзімен-өзі аласұрып жүргені...

- Менің баламның да басқа сабаққа түк қыры жоқ. Ана алгебра, химия дегендерді мүлде қойды. «Өскенде тележүргізуші болам. Оған физика мен геометрияның не керегі бар?» дейді. Онысы да рас!

- Менің қызым әнші, жүргізуші, кино әртісі болам дейді. «Оның бәрі болу оңай ма? Бірін ғана таңдасаңшы» десем, «Мам, қарасаңшы ана теледидарға. Бәрі сондай емес пе?» деп аузымды жабады. «Ұяда не көрсең...» деген осы шығар.

- Менің балам да әкесі екеуі күн-түн демей телевизорға таласады да отырады. Әкесі «Спорт, жаңалықтар, өнертапқыштар туралы көр. Ой-санаң жетіледі» дейді. Балам «Шоу көрейікші. Темір құрастырып жатқан шетелдіктерің кімге керек» дейді. Соған қарағанда менің балам да өнер адамы болады-ау деймін...

«Уһ, үйге қайтатын уақыт та болды-ау!» Ұзақ қоштасып, бір-бірін өтірік айналып-толғанып, құрбылар жан-жаққа тарады. Ешқайда бұрылмай құжырасына тура тартқан Мәндігүл терезе алдында шоқиып отырған баласының қолынан кітапты жұлып алды. «Абай жолы» екен. «Кітапта басың қалғыр сорлы-ау. Бір уақ елдің баласы сияқты телевизор көрсеңші. Солардай жаныңды жеп, ән айтсаңшы» деп, кітапты лақтырып жіберіп, долданып отыра кетті. Көз алдына бағанағы басқосуда бәрін еріксіз тыңдап, өзіне қарап біреу сөйлегенде жымиған болып, бас изеп, өңі қайта-қайта сұрланған бейшара қалпы елестеді. Баласы аң-таң...

Сурет авторы: П.Кучинский


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар