Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Қанат Тілеухан. ҚАРАША ...

16.03.2018 11836

Қанат Тілеухан. ҚАРАША

Қанат Тілеухан.  ҚАРАША  - adebiportal.kz

әңгіме

Жетісу аудандық Ішкі істер басқармасына тездетіп келші деген соң, Райымбек пен Сейфуллин көшелерінің қиылысына бір жарым сағаттың ішінде кептеліспен жүріп, әрең дегенде жеттім. «Бәрі Арманның кесірі» деп еді телефон арқылы Самал. Інім тағы да не бүлдіріп қойды екен? Көлігімнен түсе сала, Самалға қоңырау шалдым. Ұялы телефонына жауап берер емес. Ішкі істер басқармасының ауласындағы дүңгіршекке жақындап ішке енбек едім, кезекшіліктегі полиция сержанты кіргізбеді. Қайтадан Самалдың нөмірін тере бастадым. Қоңырау барады. Бірақ та ешкім алмайды. Бір заматта ту сыртымнан «көке» деген дауыс естілді. Қарасам, Шаттық екен. Шаттықты көрмегелі бір-екі жыл болған еді. Бойы өсіп, бойжетіп қалыпты. Бетінен сүйдім. Ұнжырғасы түсіп кеткен. Жүзін қолымен көлегейлей береді. Оң жақ беті қызарып қалған. Байқағанымды білдірмей, жөн сұрауға көштім.

— Тыныштық па? Не болды? Мамаң телефонын алмайды ғой.

— Бәріне Арман ағам кінәлі. Мамам іште арыз жазып отыр.

Шошып кеттім. Інімнің ішіп алып, шешесіне тіл тигізетінін білетінмін. «Бұл жолы анасы баласына арыз жазатындай не болып қалды?» деп ойым сан-саққа кетті.

— Шаттық-ау, тарқатып айтшы. Арман мамаларыңа қол көтергеннен сау ма өзі? Шаттықтың екі көзіне жас толып, жауап қата алмады. Сәлден соң барып:

— Мені...

Қызарған оң жақ бетіне көзім қайта түсіп:

— Мынаны жасаған Арман ба? — дедім. Шаттық көз жасына ерік беріп, қойныма кеп тығылды. Байқұс қызды одан әрі қинағым келмеді. Сұрақ қоюымды доғардым. Екеуміз үнсіз келіп, менің көлігіме жайғастық. Су бердім. Сәлден соң Самал келді. Машинаның есігін аша сөйлей жөнелді.

— Қаратай, анау бауырыңа ақылыңды айт. Тыңдамаса, сабап аласың ба, өзің білесің. Мына қызға обал тіптен. Өлтіретін болды. – Самалдың мінезін жақсы білгендіктен сөзін бөлмедім. Үндемей тыңдай бердім. – Бауырыңның бір жыны бар. Әп-айбат жұмыс істеп ақша тауып жүреді де, жұмыстан шығып қалады. Үнемі солай. Өтірік айтпаймын, жұмыс жасаса, ақшаны жақсы табады. Бірақ та біздің жатақханадағы өзінен үлкен балаларға бір ерсе, түнімен қаңғырып, күні бойы ұйықтайды. Үйге ішіп келуді шығарғалы қашан. Мен күні бойы жұмыстамын. Шаттық үйдегі екі балаға қарайды. Бұл жынды Шаттыққа маза бермейді. Екінші күйеуімнің әпкесі баяғыда алдап-сулап бір бөлмемді бар-жоғы 200 долларға сатып алды емес пе. Естіген де шығарсың? Білесің ғой. Сол қатын қазір көршіміз. Екі бірдей соқталдай ұлы бар. Ой, бір оңбағандар. Солар Шаттыққа күн көрсетпейді. Біздің бауырларымызға дұрыс қарамайсың деп. Өздері сол балаларға бір тиын да бермейді. Е-е-е, бұл Құдайға не жаздым екен? Маған осы дұрыс бай да жолықпай қойды ғой. Сенің ағаң ол, – деп барып, сөз ауанын басқа жаққа бұрғанымен, әңгімесін қайта жалғай түсті. — Сол әлгі екі жетпегір бүгін қызыма тағы да тиіскен ғой. Ауыр-ауыр сөз айтқан, мені де балағаттаған. Шаттық шыдай алмай сөз қайтарғанда әлгінің біреуі шапалақпен тартып жіберіпті. Жылап Арманға айтса, «өзің кінәлісің, тіліңе ие болып жүрмейсің бе?» деп ол да ұрысқан.

Бағанадан бері көліктің артқы орындығында үнсіз отырған Шаттық:

— Арман ағам соншалықты намыссыз екен. Мамама звондайын деп жылап есік алдына шығып едім, анау Берік қасыма жетіп келіп: «Ағаңа айтам деп едің ғой, айттың ба? Ол біздің қолдағы бала ғой. Түк те жасай алмайды. Қазір керек болса, пивоға жүгірте салам», деп бетіме бажырая қарап сақ-сақ күлді ғой. Самал қызының сөзін сабақтай жөнелді.

— Қаратай, өмірімде екі байға тиіп екеуінен де қызық көрмедім. Таяқтарын жедім. Енді мына бой жетіп қалған қызымды кім көрінгенге басындыртып қоймаймын. Жаңа ғана арыз жазып шықтым. Сені шақырған себебім, бауырыңмен сөйлес. Осы күнге дейін аш қалдырмай өсірдім. Дардай жігіт болды. Енді өз күнін өзі көруі керек. Сол Арманды алып кетші. Көзіме көрінбесін.

Арада болған көңілсіз әңгіме дел-сал күйге түсірді. Жаным жабырқап құлазып кеттім. Арманға қоңырау соқтым. Ол ұялы телефонын көтермеді. Жарты сағаттан соң барып телефоныма «Көке, өзім бірер күнде хабарласам» деген хабарлама келіп түсті. Ініммен осы оқиғадан кейін бір апта өткесін барып кездесудің реті келді. Алматының Төле би мен Әуезов көшелерінің қиылысында жолықтық. «Жұмыстан шыққан бетім», деді. Онысына сенбедім. Ішіп алғаны көрініп тұр. Әдетте құрмет көрсете, имене сөйлесуші еді. Бұл жолы өзін еркін, әрі сенімді ұстады. Аз-кем хал жағдай сұрасқаннан кейін негізгі әңгімеге көштім.

— Арман, мына жүрісің не?

— Не болып қалды?

— Ішіп жүргеніңді айтамын.

— Жұмыстан кейін балалармен бір-екі саптыаяқ сыра іштік. Онда тұрған не бар, көке. Өзіңіз де жас болдыңыз ғой.

— Иә, жас болдық. Жігіттік дегенді осылай «гәккулетіп» жүру деп түсінесің бе? Жігіттік деген – жұмыс жасау. Ата-анаға жәрдемдесу. Өмірге келгесін адам болу. Ертеңгі күнді ойлап, отбасын құруға дайындалу емес пе?! Қазірден бастап жауапкершілікке үйрену керек.

— Көке, қойшы, ақыл айтпай. Мен бәрін де білем. Қазір жаспын. Қыдырғым келеді. Маған, «пожалуйста», ақыл айтпаңызшы. Ақылдан шаршадым.

— Ақылдан шаршадым? Ақылың болса, саған сөз шығындап қайтеміз? Өткендегің не? Анаң мен қарындасыңды жылатып. Шаттық қандай жақсы қыз болып өскен. Жасы 16-ға толыпты. Оған қорған болатын сен емеспісің? Арман ашуланып кетті.

— Мамам сізге бәрін айтып бергенін сол күні-ақ білгем. Шаттық өзі кінәлі. Сіз оны білмейсіз ғой. Ал мамама тек қана ақша, ақша, ақша ғана керек. Басқа ештеңе керек емес. Сіз мен көрген өмірдің бірін де көрген жоқсыз. Мен 10 жасымнан бастап «Магнумның» алдында күндіз авто тұрақта машина күзетіп ақша табатынмын. Одан қалса, күні бойы тапқан сол тиын-тебенді детдомның балаларына бермей төбелесетінмін. Ал мамам кім көрінгенмен... Иә, Шаттық менің қарындасым. Бірақ сіздің қарындасыңыз емес қой. Оны сіз де, мен де білеміз. Неге оған жыным ұстайтынын білесіз бе? Әй, қойшы.

Арман қалтасынан темекісін алып тұтатты. «Бұның не?» деп айтпақ болып оқталғаныммен, тіл қатпадым. Сәлден соң барып:

— Арман, жасың жиырмадан жаңа ғана асты. Соншалықты түңілетіндей не болды? Тағдыр солай болды. Тек алға қарау керек! Өзің сөккен адамдардың қателігін қайталама. Болашақта сенің де балаларың болар. Соларға үлгілі әке бол.

— Көке, мен бәрібір папамды жақсы көрем. Оны өткенде телефон арқылы боқтағам. Ішіп алып. Бірақ мен оны жақсы көрем. Бала кезімде балалар әкелерімен кетіп бара жатқанда, қызығып қараушы едім. Қызғанып та қараушы едім. Ылғи да ұйықтардың алдында мамам мен папам қайтадан қосылса ғой деп тілейтінмін.

Сөзін аяқтай Арманның көзінен жас шығып кетті. Інімнің көңіліне медеу болар бір сөз таба алмадым. «Иә, Ербол мен Самал қайта қосылғанда ғой. Жоқ. Мүлдем ажыраспағанда ғой».

Ерболдың менен бар-жоғы бес-ақ жас үлкендігі бар. Оның анасы Ерболды өмірге әкелген күні перзентханада баласының маңдайынан иіскеп, омырауын аузына тоспай, қайтыс болған екен. Әкем араға екі жыл салып менің шешеммен бас қосқан. Ербол үш жасқа толғанда әпкем Күлтай, содан кейін дүниеге мен келіппін. Қанша кішкене болсақ та, бала көңіл аңғарымпаз болады екен ғой. Сонау ес кіріп, есті өмірге араласып кетпеген қозы күндері Ерболдың Күлтай екеуміздей жақын еместігімізді сезгендей болатынмын. Ананың жылы алақанын көрмеген, құшырлана құшатын, бауырына басатын жанашыры жоқтығы білініп тұратын. Біз құсап арсалаңдап үйде жүрмейтін. Әкеміз жұмыс бабымен көбіне түзде жүретұғын. Анам екеуі той-томалақтан я болмаса қаладан келгенде Күлтай екеуміз жарыса әке-шешеміздің алдынан шығушы едік. Ербол болса, состиып жалғыз қалып қалатын. Қазір ойлап қарасам «Әкесі жоқ – тұл жетім, шешесі жоқ – шын жетім» деген сөзді Ербол ағам ет-жүрегімен бала күнінен сезінген екен-ау. Табиғатынан мінезі тұйық әкем марқұм да Ерболға аталық жылулығын бере алмаған сияқты. Үнемі еңсесі жаншылып жүрген жан көпшіл емес, кекшіл келеді екен.

Әлі есімде, бір жылдың көктемінде ауылға Үштөбеден корейлер келіп, тараған совхоздың бос жеріне пияз екті. Жаздай қатын-қалаш, бала-шағаға жұмыс табылып, таңнан қара кешке дейін пиязды шөптейміз. Корейлер пияздың бір жолына 5-10 теңгеден төлейді. Ербол кәдімгі ересектердей бел жазбай еңбектенеді. Біз Күлтай екеуміз арасында ойнап кетеміз. Одан қалса, ыстықтадық деп арықтың суына барып, жатып аламыз. Кешке қарай үйге аһылап-уһілеп үлкен бір шаруа тындырып келгендей жетеміз. Бар тапқанымызды шешемізге береміз. Бізден гөрі молырақ табыс табатын ағамды әкем мақтай жөнелетін: «Жұмысты жасаған соң, Ерболдай жасау керек қой. Күлтайға не жоқ, жұмысқа барып? Айман-ау, саған үйдің шаруасына көмектессе де жетеді ғой. Қаратай селтең-селтең етіп жүрсе, жүре берсін. Ер бала ғой», дейтін.

– Не болды түге, Ербол, Ербол деп? Зіңгіттей жігітті қаршадай балалармен салыстырып. Бір тамақты жасап, бес кесені өзім-ақ жуам. Күлтай жұмысқа шыға берсін. Ал Қаратайың ертең-ақ тепсе темір үзетін жігіт болып шыға келеді, – деуші еді әкемнің сөзін жақтырмай.

Бір күні шырт ұйқыда жатыр едім, айғай-шудан оянып кеттім. Бажылдап жатқан шешем екен. «Жатыры жат қой, жатыры жат бұл жетпегірдің. Өз үйінен өзі ақша ұрлағаны несі? Бәсе, қайта-қайта санаймын ақша толық емес. Әй, жетпегір, бұл сенің өз үйің емес пе? Сұрасаң берер едік». Көзімді тырнап ашып мен тұрмын еш нәрсені түсінбей. Әкем үнсіз. Қабағы түсіп кеткен. Шешем өршеленген сайын Күлтайдың жаны кіріп барады. Ербол міз бақпай тұр. Сұрланып кеткен.

— Мен ұрлағаным жоқ. Өзімнің жұмыс істеп тапқан ақшам. Сізге ақша алып келмеген күнім бар ма? Айтыңызшы, тәте? Бұл ақшаны балалармен бірігіп доп алуға бөлек жинап жүргем. Сенбесеңіз, көрші Марат пен Хамиттен, ол аз десеңіз, Мақсұт ағайдың баласы Мақсаттан да сұрасаңыз болады, – деді.

— Тілің шығайын деген екен, ә!

Шешем жарылып кетердей Ерболдың қасына жетіп барып шапалақпен тартып жіберді. Ербол жылаған жоқ. Қызарып, қабағы шытынап кетті. Теріс бұрылды да тысқа ата жөнелді. Әкем де Ерболдың ізін ала далаға шықты.

— Астыңнан су шықты ма? Сен неменеге тұрып алғансың. Бар, орныңа жат! – деді шешем маған бұрылып. Түпкі үйге қарай зыттым. Сол түні ұйықтай алмай дөңбекши бердім. Әкем мен шешемнің ортасында маужырап ұйықтап кетуші едім. Бейне бір көзіме біреу ши тіреп қойғандай. Шешемнің Ерболды ұрғаны көз алдымнан кетер емес. Ақырындап орнымнан тұрып Ербол жатқан бөлмеге кірдім. Кіруін кіріп алғаныммен ол жатқан төсекке жақындай алмай біраз тұрдым. Ақыры мысықтабандап қасына келдім.

  • Ербол, ояусың ба? Ол үндемеді.
  • Ербол деймін. Ояусың ба?
  • ...
  • Сенің допқа ақша жинап жүргеніңді мамама айтқан мен емеспін.
  • Білемін.
  • Оны айтып қойған Күлтай.
  • Білемін, — деді Ербол тағы да баяу ғана.

Осылай менімен салқын ғана тілдескен Ерболға басқа не айтарымды білмеймін. Қаққан қазықтай қозғала алатын емеспін. Сәлден соң барып Ербол:

— Бар, мамаңның қасына барып жат, — деді әмірлі дауыспен. «Мама, папаңның қасына» деген жоқ. «Мамаңның қасына барып» деді.

Ертеңінде Ербол жатқан бөлмеге көшіп алдым. Шешемнің маған жыны келді. «Нең бар оның қасында саған. Қаным бір деп, ол сені жанына тарта қоймас. Жатыры жат қой, жатыры жат», деп сілкінді. Әкем: «Қатын алғанша қасыңа алып жатасың ба? Ақыры болды бесікке бөлеп қойсаңшы», дегесін барып басылған. Ағам анамның кәріне іліккенде әкем кімге жақтасарын білмей есі шығатын. Ерболға оңашада «балам, бәрін де түсінесің ғой, түсінесің ғой» дейтін. Уақыт өте осы бір «түсінесің ғой» деген сөзді жиілетіп-жиілетіп айтпай да кетті. Осы бір ауыз сөз оған медет болған еді ғой. Бұл сөз айтылмай кеткесін Ербол әкемізден қашықтай бастады. Ерболдың үйде көңілі құлазыған жұрттай болғанымен, түзде кеудесін төмен түсірген емес. Одан өзінен бірер жас үлкен балаларға дейін именетін. Қара жұмысқа шыныққан ағам қайратты еді. «Епоштың інісі ғой» деп ауылдың сотқарлары маған да соқтықпайтын. Оқуда үздік болмаса да, төбелеспен келген атақ, абыройы мен үшін мақтан тұғын. Әйтсе де, менен гөрі оған сыныптасым Қайырбек жақын жүретін.

Бірде ауылға Талдықорғаннан Манат деген бізбен жасты бала келді. Бұтында ақ шорты, аяғында ақ кроссовкасы бар, қызыл кепкалы бала ортамызға түскенде, аяқ-қолы жарылған ауылдың кір-қожалақ балалары үрпиіп қалғанбыз. Өзімен бірге қаладан велосипедін ала келген Манат «мені көрдіңдер ме?» дегендей табынның алдына шайтан арбасын теуіп шығатын. Біз жын қаққандай велик тепкен қалалық қонақтың артынан жаяу-жалпы жүгіретінбіз. Қайдан жүргенін білмеймін, арамызға Ербол сау етіп келе қалды. Барлық балалар жапа-тармағай келіп онымен амандасты.

— Велосипедпен жарысып жүрген әпенділерім-ай. Одан да мына көгалда күрессеңдерші. Қонақ баламен күресетіндерің бар ма? — деді. Манат ауылға келген күні-ақ бәрімізге Брюс Ли, Жан Клод Ван Дамның небір суреттерін көрсетіп, өзінің каратэ, дзюдо сияқты спорт түрлерімен айналысатынын айтып мақтанып қойған-ды. Сондықтан да болар, ешкім суырылып ортаға шыға қойған жоқ. Құлжаның сақасындай шымыр балуан бала ортаға «қайсың бар?» дегендей сенімді түрде шығып тұр. Үнсіздікті бұзып:

— Мен шығамын, – дедім. Ауылда Епоштың інісі деген атым бар емес пе! Ағама арқа сүйеп тұрғаным және бар. Ағам бағыңды сынап көр дегендей көз қиығын ғана тастады. Екеуміз көп күреспедік. Манат мені лезде атып ұрды. Жер боп қалдым. Ашуға булығып қайта шықтым. Тағы да жауырыным жерге тиді. Манаттың астында әбден илектелгеніме жыны келді ме, Ербол:

— Қаратай, жетеді енді. Сенікі «жеңілген күреске тоймайдының» кері, – деп тоқтатты. Манатқа мақтау сөзін жаудырып: «Тағы кім бар қонақ баламен шығатын?» – деді маңайына көз тастап. Бір заматта балуан баламен күш сынасуға Қайырбек шықты. Қысқасы, не керек қара қайыстай Қайырбек ауылымыздың намысын қорғап қалды ғой. Манатты бір емес үш жықты. Соңғысында бүркітше бүріп ұстап, иіріп әкеп лақтырып жіберді. Ерболдан мақтаудың көкесін Қайырбек естіді. Мен болсам: «Манат менімен күресіп күшін сарқып алды. Әйтпегенде Қайырбек те жеңілетін еді», деп өз-өзімді іштей жұбатқам. Қайырбектің жеңісінде менің де үлесім бар деген ойда қылаң берген еді. Осы күрес оқиғасынан кейін ағам мен Қайырбектің арасы жақындасқан болу керек. Олардың ағалы-інідей жүретіні маған ұнамайтын. Ұрыншақ құрдасым Ерболдан именіп бұрындары маған бұйрық бере сөйлемейтін. «Класта Қаратай екеуміз бірінші атаманбыз» деуін қойды. «Қаратай қашан құнан шығасың?» дейтінді шығарды. Шындығында шамам Қайырбекке жетпейді. Оны Ерболға да айтып бере алмаймын. Ағам менен гөрі сол Қайырбекті жақсы көретін сияқты. «Қаратай ағасына сенеді» деген ат та жақсы емес. Бәлкім, Ерболдың маған самарқау қарауы, ортамыздағы салқындықтың сызатына анам кінәлі болды ма? «Жөргегінде шешесін жұтқан, жетпегір» деген сөздің қаншалықты ауыр екенін ол кезде түсінбесем керек.

Ербол мектепті бітірген соң оқуын университет я болмаса колледжде жалғастыруға ниет танытпады. Оны оқытуға әке-шешемнің де ықыласы байқалмады. Бір жыл Бақтығұл жылқышының көмекшісі болған ағам әскерге аттанды. Екі жыл Ауғанстанда соғыста болды. Әскерден қос жауырыны қақпақтай болып, шамамен салмағы 90-95 келі тартып келді. Оң көзінің астына тыртық түскен. Онысы сұстандырып тұратын. Жұмсауға ыңғайлы бала кейпінен түк те қалмаған. Томар мойнын маңғаздана бұрып, кісі баласына суық қарайды. Ауылға келгесін шөп шабу, қи ою сынды ауыр жұмыстарға ғана көңілі шапқанда араласып қояды. Түнде үйде тұрмайды. Десантта болғанда киген көк беретін маған берді. Қайырбекке бермегені абырой болды деймін іштей. Ашылып әңгімесін айтпаса да, іштартатынын аңғардым. Үстінен көк тельняшкасын тастамайды. Өзіне сондай жарасымды. Атағы ауыл-аймаққа тіптен жайылды. Ауған Епош атанды. «Ауған Епош көрші ауылдың үш жігітін бір-бір ұрып, ұйықтатып кетіпті. Қаладағы «разборкіні» шешіп тастапты» деген әңгімелерді де жиі еститін болдық. Бұрынғыдай бала емеспін. Жасым он бесте. Ағам бір бәлеге ұрынбаса екен деп уайымдайтынмын. Кейде үйге ішіп келеді. Ондай кезде Ауғанстаннан алып келген пластинкаларын қойып, өзімен-өзі отырып тыңдайтын. Жылайтын. Оның тыныштығын ешкім бұзбайды. Шешем: «Мынауың ауғаннан қан жұтып келген бала ғой. Әй, Қаратай үйірсектеме оған», - дейтін. «Ордена не продаются» деген әнді қайта-қайта тыңдай беруші еді. Сол әннің мәтіні құлаққа сіңгені соншалық, әлі күнге дейін жатқа білем. Қой кезек бағып жүргенде айғайлап айтатынмын.

Мне старушка одна

На вокзале, поохав, сказала –

Как не стыдно, сынок,

Жизнь свою начинаешь с обмана.

Где-то орден купил,

Нацепил и бахвалишься людям,

Сам такой молодой,

Да только совести грамма не будет.

Весь такой загорелый,

Видно, с отдыха, с жаркого юга,

Там на папины деньги

Гулял, веселился, бездумно.

Ты сними не позорь,

Не позорь фронтовые седины,

Что ты знаешь, сынок,

О войне, ничегошеньки, милый.

Что ответить старушке седой,

Не обидеть бы старость,

В слова оправданий не лезут,

Как будто бы в тягость.

Только орден рукою прикрыл,

Что обидой не пачкать,

И вдруг вспомнил афганское небо,

Наше небо прозрачное.

Я бы мог рассказать той старушке

Как плакали горы,

Как снега вдруг краснели

От яркой рябиновой крови.

И как быстрые реки

Топили последние крики,

И как небо швыряло

На землю горящие МиГи.

А еще расскажу,

Как врывается горе в квартиры,

Как безумную мать

Не могли отарвать от могилы,

И тогда ты, старушка, поймешь

И меня не осудишь,

Ордена как у нес

На базаре не встретишь, не купишь, – деп аяқталатын сол әнді тыңдаған сайын ағамның кеудесіндегі беріші жібігендей болушы еді. Оның кернейлеткен-сырнайлатқан қамсыз күндері ұзаққа созыла қойған жоқ. Көршілес жатқан Егінсу ауылынан қасы-көзі қиылған, томпақтығы өзіне сондай жарасымды Самал есімді аруды шаңырағымызға келін қылып түсірген. Жылы шырай орнаған аққұба өңінен ұяңдығы да аңғарылатын. Жеңгем отбасымызға бір жарық сәуле алып келгендей еді. Бірақ та Самал бірінші күннен-ақ анама ұнай қоймады. «Ой, Алла-ай, шешесі түк те үйретпеген бе? Үйдің шаруасын білмейді. Тым сылбыр», деп отыратын. Обалы не керек, енесі не айтса да көнбіс кейпінен бір айнымайтын. Амал нешік, Ерболмен тұрған аз жылда биязы мінезінен айрылып қалды ғой.

***

Бақаның таңдайы кепкен шілденің ыстық күндерінің бірі еді. Бақшадағы жеміс-жидек пісе бастаған. Жас жұбайлар өзі қатарлы құрбыларының басын қосып үйде «бешір» жасады. Әке-шешем жастарды мазаламайық деп ауылдың төменгі жағында тұратын жамағайындардың біріне қонуға кеткен. Бас қосуы жаман өткен жоқ. Ас ішіліп, стақандар да соғыстырылды. Ән салынып, би де биленді. Сиыр түсте үйге келген шешем Самалды айғайдың астына алып еді.

  • Тал түс болып қалды ғой, тұрсаңшы. Өлген адам ғана түске дейін жатады.
  • Түннің бір уағында жатып едік, мама. — Самал орнынан баяу көтерілді.
  • Жайлауға жібермей алып қалған бір сиырды да саумағансың.
  • Өзіңіз бұзауды жібере салсаң да болады, — деп едіңіз ғой деді сабырлы кейіппен жеңгем.
  • Ой, жасаған-ай, бұзауды жібере сал дегенге жібере салғанын қарашы. Оңайға жүгіреді бұлар. Шайға қатқанға сүт керек деп ойланып, сиырды сауа салуға болмайды, ә! – деп басылар емес.

Айғай-шудан ұйқысы қашқан Ербол жастықтың астына басын шығарып, Самалға бір, шешеме бір қарады да, қайта жатып қалды. Анам ағамның жүзіндегі сұсынан сескенді ме, ерлі-зайыптылардың бөлмесінен сөйлей шығып кетті.

— Әй, Берікбол, мыналарға бірдеме айтсаңшы. Келін алып, қол ұзара ма десек, келіннің түрі мынау. Қолқанат емес, тағы бір жатыпішер келді. Жатқан жақсы ғой, жатыпішер тек ас болса. Осы шаңырақтың иесісің. Ақылыңды айтсаңшы. Мені ғана жаман атты қылып қоймай.

Әкем шешемнің сөзін естімеген адамдай даланың шаруасын істеп жүре берді. Әкем екеуміз анамның осы тақылеттес сөздерін елемегенімен Күлтайға олар өтімді еді. Сондықтан да әпкем мен Самал арасында жеңге мен қайынсіңілі арасындағы өзара сыйластық пен достық орнай алған жоқ. Үйдегі ұрыстың отын ара-тұра Күлтай да тұтатып қоятын. «Мама, сіздер жоқта Самал картошка қуырғанда майды көп қосады. Мамам үнемде деп айтып еді ғой десем, құлағына да ілмейді. Сосын етін Ербол екеуі жеп, бізге тек картошкасын ғана береді». Осындай мазмұндағы болмайтын әңгімелердің шетін шығаратын да тұратын. Жиілеп кеткен үй-ішіндегі қырғи-қабақ жанжалдан шаршады білем, Ербол бір күні Самалды ертіп Талдықорғанға кетіп қалды. Ағам кетерде ләм деп әкеме тіл де қатпады. «Жерлерің кеңісе, кеттік» деген жазу жанарынан ап-айқын оқылып тұрды.

Аға-жеңгем қалаға аттанғасын әкем бір-екі күн томсырайып жүрді. Анамды ала көзімен атқаннан арыға бара алмады. Өз кіндігінен тараған баласы үшін алаңдамай қоймайтын әке бола ма?! Күзде мал семірген уақытта бір ісек қойын сойып беріп, мені Талдықорғанға жіберді. Ербол мен Самал қаланың орталығындағы «Родина» кинотеатры маңында жатағандау екі бөлмелі жер тамды жалға алып тұрып жатыр екен. Шешем айтқандай ағамның жатбауыр болып кеткен дәнемесі жоқ. Жақсы қарсы алды. Жеңгем күліп шайын берді. Самал аздап толысқандай. Екі бетінің ұшы қызарып, ажарланып кеткен. Әйел заты аяғы ауырлағанда өзгеше құлпырып кетеді екен ғой! Олардың бейбіт, момақан ғана тіршіліктері сүйсіндірді. Орталық бақта қыдырып, әткеншек тептік. Самал екеуміз бұрқақ маңында су шашысып ойнап та алдық. Естелікке суретке түстік. Бір жақсысы, Ерболдың жұмысы кешке екен. Түні бойғы істеген жұмысының ақшасын таңға жуық алып келетіні тіпті тамаша. Ал күні бойы үшеуміз біргеміз. Сол күндері ағам екеуміз өмірімізде бірінші рет бір-бірімізге соншалықты жақын болдық. Сағынысып көріскен екеуміздің жұбымыз жазылмады. Ортамызда Самал! Самал тіптен мәз.

— Ербол, Қаратайдың келгені қандай жақсы болды. Түнде енді қорықпаймын. Әттең, бірінші тоқсанның каникулы тым қысқа ғой, — деп күйініп те қояды.

Ауылға қайтуға бір күн қалғанда Ербол мені оңаша шақырып алып, өзімен бірге жұмысқа баруын сұрады. Сөзіне қарағанда қасындағы серігінің бір шаруасы шығып қалған болу керек. Құдай-ау, қолдан келсе, ағама неге көмектеспеске. Көз байланған шақта екеуміз түнгі қалаға сіңіп кеттік. Ол кезде Талдықорған көшелері самаладай жарқырап тұрмайтын еді. Керісінше көпқабатты үйлердің терезелері үңірейіп үрей туғызатын. Қызыл, жасыл, сары жарығы бар бағдаршамдардың да көздері ойылып, түнгі шаһардың шырайын қашырған. Ербол екеуміз түнгі екілер шамасында «Қазақстан» кинотеатрының қасына келдік. Ағам тың тыңдап, маңайда ешкім жоқ па дегендей айналасына көз тастады да:

— Қаратай, сен осы жерде бол. Қалада бұзықтар көп. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалма. Бұл жерде жігіттер топ-тобымен жүреді. Сондайларды көзің шалса, тығылып қал. Мен қазір мына үйлерді аралап шығуым керек, — деді сыбырлай сөйлеп. «Мақұл» дегендей басымды изеп тұрған жерімде қала бердім.

Ербол араға бір сағат салып оралды. Қолында екі дәу қара сөмкесі бар. Қос бүйірі шығып кеткен сөмкенің бірін арқама ілді де, артымнан ер дегендей алдыма түсіп ап жол бастай жөнелді. Арқаға түскен ауыр жүкті арқалап, Ерболдан қалып қалмайын деп еріп келем. Ағам аяңшыл аттай жылдам келеді. Соңымыздан қуып келе жатқан ешкім жоқ па деп артыма қарап қоямын. «Мына сөмкеде не бар?» деген ой да мазалап келеді. Бір сағаттай қараңғы көшелерді кезіп, «Қарагөз» кафесінің қасына жеттік. Аз-кем демалып алған соң Ербол:

— Қаратай, мына екі сөмкені алып сен анау ағаштың түбіне жасырынып отыр. Бағанағыдай бір сағаттан соң келем. Мен қазір мына үйдің бірінші подъезіне кірем. Егер артымнан біреу-міреу кіретін болса ауылдағыдай «көк ит» деп ысқыр, — деді де айтқан жағына қарай беттеді. Ағам нұсқаған ағаштың арасына барып бой тасаладым. Екі сөмкені екі қолыммен тастай ғып ұстап алғам. Ішінде не бар екен деп сипалап қоям. Не барын анықтау мүмкін емес. Қолым қатты затқа тие береді. Бір кезде бірнеше аяқтың сыбдыры естілді. Сосын дауыстары құлаққа жетті.

—Айттым ғой қайтып айналып келеді деп.

— Басын кесу керек малдың, — деді екінші.

— Сытылып кетпесін. Бесінші этажда да жігіттер бар ғой, — деді енді біреуі гүрілдеп.

Бұл дауыстар маған тым жақыннан естіле бастады. Отырған орнымда сілейдім де қалдым. Маңдайдан суық тер бұрқ ете түсті. «Көк ит» деп ысқырайын десем тамағым қарылып қалған ба, даусым шығар емес. Бір-екі минуттан кейін әлгі күбірлескен үш-төрт жігіт Ербол кіріп кеткен подъезге жарыса жүгірді. Ағам үйден қашып шыққанымен, есік аузында әлгілердің қолына түсіп қалды. Қанша мықты болғанымен алты-жеті жігітке шамасы қайдан жетсін. Бір топ жігіттің ортасында тепкінің астында қалды. Бір-екі әйел шығып «Счетчик» ұрлаған қалай екен? Өл, ұры. Өл!» деп айғайға басты. Көз алдымда ағамды қан-жоса ғып тепкілеп жатыр. Қолдан келер қайран жоқ. Мені де біреу сирағымнан суырып шығарып көздеріне қан толған топтың ортасына талауға лақтырып жіберетіндей. Қорқыныштан аузыма жүрегім тығылып, тұла бойым дірілдеп кетті. Cу жүрек қорқақтығыма, жігерсіздігіме, ағама араша түсе алмағаныма назаландым. Көзімнен сорамды ағызуға ғана мұршам келді. Аузы-мұрны қан болып, ыңырсып асфальтта Ербол жатты...

***

Пәтерге жеткенше Арман екеуміздің арамыздағы әңгіме ойымнан шықпай қойған-ды. Анасына деген жеккөрінішін түсіне алар емеспін. Күлтайдың құйып берген шайын сораптап ішіп, өз ойыммен алысып отырмын. Әпкем пәтер ақысын төлеу керектігін, ауылға ақша салып жібергенін айтып отыр. Қойған сұрақтарына қысқа ғана жауап қайырып, әңгімелесуге құлық таныта қоймадым.

  • Өңің сынық қой. Жұмысыңда бірдеңе болып қалды ма? — деді бір заматта әпкем.
  • Жоға. Жұмысым дұрыс. Арман... деп барып тілімді тістей қойдым.

— Арман кеткен бала ғой. Онда нең бар? Күлтай шешемнің сөзін қайталады.

— Тағы да Шаттықты ұрып па?

— Жоға. Көрші бір бала тиіскен екен. Арман араша түспеген. Ішіп алып анасының есін шығаратын болыпты. Немене Арман ылғи Шаттықты ұрушы ма еді? — дедім таңдана өзіне қарсы сұрақ қойып.

  • Арманның не жасап жүргенін білем ғой, білем ғой.

— Қайдан?

— Білем.

Асылы әйел затының білмейтіні де, естімейтіні де жоқ деген оймен дастархан басынан тұра беріп едім, «Отырсаңшы», деді Күлтай бір әңгіменің шетін шығаратынын аңғартып.

— Шаттық Ерболдың атында болғанымен оның қызы емес қой. Оны сен де, мен де, бәрі біледі. Шаттықтың әкесі түрмеге отырып келген бір бұзақы болған көрінеді. Арманды кішкентай кезінде сол еркек талай ұрыпты. Арман сол үшін қарындасын жеккөреді. Папам арманда көрген тұңғыш немерем деп Арманды жақсы көруші еді. Білем ғой. Бірақ та сен оған жоламай-ақ қой. Жетінші сыныпта оқып жүргенде арақ ішетін. Енді оны түзей алмайсың, — деді Күлтай. Әпкемнің соңғы сөзін жақтырмадым. Оным жүзімнен байқалса керек, Күлтай: — Арманның осындай болғанына Самал кінәлі. Бала нені көреді, соны жасайды емес пе? Мамам дұрыс айтқан, «еркекті төрге сүйрейтін де әйел, көрге сүйрейтін де әйел». Ағамыздың да өмірін быт-шыт қылды ғой сол, — деп сөзін аяқтады. Самал Ерболдан алимент алу үшін Шаттықты Ерболқызы деп жазғызғандығын және айтты. «Қайдам, Самал Шаттықтың әкесімен жараспайтынын біліп, балаларының арасында болашақта сыз болмасын деп бір текке жаздырған шығар», деп айтпақ болдым да, ойымнан айнып қалдым. Күлтайдың сөздері онсыз да құлазыған көңілдің астан-кестеңін шығарып, жанымды жабырқатып жіберді. Қалтамнан темекінің қорабын шығарып, бір тал шылымды езуге қыстырып, балконға шығып кеттім. Тынымсыз түнгі Алматының базары қайнап жатыр. Тоқтаусыз жүйткіген көліктерді арагідік бағдаршамдар ғана тоқтатып қойып, қайтадан еріктеріне қоя береді. «Арман қайда жүр екен?» Байқатпай қасыма келген Күлтай ойымды оқып қойғандай:

— Е-е-е, Арман қазір бір сыраханада отырған шығар, — деді. Шылымымды терең бір сордым да бесінші қабаттан лақтырып жібердім. Менің ішке кіруге ынғайланғанымды сезген Күлтай иығымнан ұстай алды.

  • Қаратай, Арманға жолама. Сен оған не көмек жасай аласың?
  • Не жасай алам, не жасай алам?! Түк те жасай алмаймын ғой. Уайымдайсың да енді, — дедім Күлтайдан құтылғым келіп.
  • Ол – алаяқ. Қалада үй-үйлерді аралап кемпір-шалдарға «Барахолкадан» алған арзан массажерларды «корейлік тауар» деп қымбатқа алдап сатады екен. «Мошенник, обманывающий пенсионеров» деп оның суреті интернетте жүр. Сенбесең, қазір ватсабыңа жіберем, — енді жөніңе жүре бер дегендей иығымнан қолын алды.

Баласына ашынған Самал, Шаттықтың мұңды жанары мен Арманның хәлі көз алдымнан кетпей қойды. Қаны бөлек болса да Шаттықты, неге екенін білмеймін, бала күнінен жақсы көрем. Дәл менен жаутаңдаған жәудір көздері сүйеніш күтетіндей болатын. Мен оның Ерболдың қызы емес екенін шешемнің аузынан сан естігем. Бірақ та бәрібір жаныма жақын тарттым. Әлде өзім ардақ тұтқан, тағдыр көк долы қатынға айналдыра қоймаған кешегі мейірбан ақ жеңгемнің бейнесін осы Шаттықтың жүзінен көрдім бе екен. Ербол мен Самал ажырасқаннан кейін әкем Арманға жазда бір рет барып қайтатын. Керек-жарағын алып беріп, немересін құшақтап мауқын басушы еді. Кейде өзімен бірге алып келетін. Сондай сапарлардың бірінде өзімен бірге Шаттықты да ерте келгені бар. «Ағаммен барам, ағаммен барам. Ата, мені де ала кетіңізші» деп қиылыпты. Арманның да, Шаттықтың да көңілін қалдыра алмаған қайран марқұм көкем әкесіз өсіп жатқан қос баланы жетектеп ауылға тартқан ғой. Бұйра шаштары иығынан төгілген кішкентай ғана жәудіреген жанарымен Шаттық айналасына тек күле қарайтын. Арманнан бір елі қалмай жүруші еді. «Менің апам сіз бе?» деп шешемді бас салып қойнына кіріп кеткенде «е-е-е, айналайын» деген сөзді де айтқызып жіберіп еді. Алайда, анамның Шаттыққа деген жылуы осы бір-ақ ауыз сөзбен ғана шектелді. Шаттықтың түнде ұйықтағанда бұтына жіберіп қоятыны бар екен. Шешем бір-екі күннен кейін-ақ байқұс қызды айғайдың астына алды. Таңертең Шаттықтың үстіндегі жамылғысын жұлып алып: «Мына қаншық тағы да көлдетіп қойыпты ғой деп», зәре құтын қашыратын. «Әй, Берікбол, анау қатынның жолдан тапқан қызын маған не үшін алып келдің? Сідігін жусын деп алып келдің бе? Алтыға келген соп-сомадай қыз қалай бұтына жіберіп қояды? Құдай-ай, құдай-ай. Саған не жаздым», — деп үйді басына көтеруші еді. Шаттықтың көздері мөлт-мөлт етіп ағасының бауырына барып тығылатын. «Жалғыз қорғанышым сенсің» дегендей, Арманға тас кенедей жабысып алып жібермейтін. Жылауға қорыққан қыздың іші қан жылап та кетеді-ау. Арман болса, баяғы бала Ерболды еске түсіріп, сұрланып, сұсын жасырмай, қарындасын қорғыштайтын. Өңменіңнен өтетін шешемнің ауыр сөздері жүрегіме шоқ түсіргендей қарытып, анамнан өмірімде алғаш рет көңілім суып еді. Бәлкім, бір кезде өзім жете түсінбеген Ерболдың бала күнгі жайын ұғып, анама ренжіген болармын. Сол кезде жарықтық Ханбике кемпір: «Айман-ау, қаршадай қыздың жүрегін ұшырып бітірдің ғой. Сыбыртқымен ұрма, тіптен шыжың болып кетеді. Қуығына жөргегінде суық тиген-ау», деп Шаттықты қойдың майымен сылап, дұғасын оқып, жазып алып еді. Ел ішінде Ханапа атанған жарықтық сол бір мейірімді карияның да басы көрге түскелі қазір қай заман.

Есі кіріп қалған Арман әкесіне де, шешесіне де қоя алмаған көкейдегі сұрағын маған қойған еді. Өзендегі суға армансыз шомылып алып, дәу қарбызды жерге бір соғып жарып жеп отырғанда: «Көке, мамам мен папам неге ажырасты?» деп қойып қалған. Аяқасты жауап таппай қиналған мен жазғанға ойлы көзбен ұзақ қарап, орнынан үнсіз тұрып, ағысы баяу «Ақтоғанға» сүңгіп кетіп еді...

***

Ербол «счетчик ұрлау» оқиғасынан кейін жұрт құсап базар жағалап көрді. Іші шығып қалған Самал жұмысқа шықпай, тек күйеуінің кешке олжалы оралуын күтумен болған еді. Саудаға ебі жоқ ағам алыпсатарлардың қатарына да қосыла алмады. Біреулермен бірігіп Қытайға темір-терсек өткізу жағын қарастырғанымен, ол шаруаның да берекесін көрмеді. Талдықорғандағы тірліктері тарыла берген соң сол кездегі ел астанасы Алматыға аттанып кетті. Ол кезде мен студент атанып, Талдықорғандағы колледждердің біріне оқуға түскем. Бірінші курсты аяқтап, ауылда жазғы демалыста едім. Күтпеген жерде Арманды жетектеп Самал үйге келді. Бізге алып келген мол базарлығы бар жеңгем шаңырағымызды шаттыққа бөлеп жіберді. Шешем жаман қарсы алған жоқ. Ербол әскерде бірге болған достары арқылы тәуір жұмысқа орналасыпты. Алматыдағы «Түрксіб» ауданы әкімдігінің қызметкері. Жабайы сауда-саттыққа қарсы бөлімде еңбек етеді екен. Табысы көрім көрінеді. Шешем:

— Мен жаман болсын деп ұрысамын ба? Қуып жібермегенімде, ауылда жұмыссыз бос жүрер едіңдер. Өстіп-өстіп адам болып кетесіңдер, — деп күліп қояды. Әкем Арманды ойнатып, баламен бала болып мәз. Немересі де атасын айналшықтап қасынан бір елі шығар емес.

— Ербол, ішуін қойды ма, келінжан, — деді, тізесінде немересін ойнатып отырып. Самал «иә» дегендей ишара білдіріп, өзінің әңгімесін айтумен болды.

Сол жазда Самал Арманды ата-әжесінің қасына қалдырып, мені Алматыға ерте кетті. Аты таныс болғанымен, Алматыны алғаш көруім. Алып шаһардағы тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. «Саяхат» автовокзалындағы «дәу сағаттың» түбінен Ербол бізді қарсы алды. Жұмыстан шыққан беті екен. Көңілді. Аздап қызып алған. Ауылдың жаңалықтарын сұрап, «үлкен жігіт бопсың», деп мейірлене арқамнан қағып қояды. Аға-жеңгем бұрынғы тігін фабрикасының жатаханасында екі бөлмені жалға алып тұрып жатыр екен. Шынында да тұрмыстары оңды. Өткен-кеткенді айтып отырып кешкі асты іштік. Ағам үстіне көздің жауын алар су жаңа жұқа джинсі күртешені шалбарымен киіп алған. Қызығып қайта-қайта қарай бергенімді сезсе керек:

— Мына джинсі саған ұнап тұр-ау. Бере салар ем, саған үлкен ғой. Саспа, жаңасын алып берем, — дейді көзін қысып. Ертесіне Ербол жұмысымды көр деп мені өзімен бірге ертіп алды. Сүйінбай даңғылынан такси ұстап 1-ші вокзалға бардық. «Пирожки аламыз, беляши аламыз» деп айғайлап жүрген бір-екі келіншек біздің төбеміз көрінгенде жылдам қашып кетті. «Манты берем, манты берем», деп тұрған жасы шамамен отыздардан жаңа асқан қара торы келіншек қана орнынан тапжылған жоқ. Бұтына тырысқан шалбар киіп алған. Үстінде омырауы ағытылған кофта. Онысы да денесіне жабысып тұр. Көзге түсіп тұрған кеудесін біртүрлі мақтан ететін сияқты. Саудагер әйелдің ту сыртынан келген Ербол:

— Женщина, почему в общественном месте торгуем? — деп әлгі әйелдің бөксесінен түртіп қалды.

— Ой, блин, Ерема, ты что ли. Жынды. Адамды қорқытқаның не?

— Гулечка, не қатты қорқып қалдың ба? — деп белінен қысып-қысып қойды. Гулечкаға жағып барады. Қасы-көзін керіп күліп қояды.

  • Ауылдан інім келген. Бізге өзің сияқты тәтті мантыңнан бересің бе? — деді мені таныстырғандай болып. Келіншек маған көз қиығын тастап:
  • Сұрағаныңның бәрін берем ғой, — деді езуін жимай. – Ауылдан інің келді. Тағы бір кісі келді. Енді сізді көре алмайтын болдық па? — деп қағаздан жасаған кулекқа мантыларын салып ұсынды. Сосын екеуі оңашалау кетіп біраз шүйіркелесіп алды да, манты сатушы келіншек бөксесін бүлкілдетіп «манты берем, манты берем» деп теміржол вокзалының аузына қарай жүріп кетті. Ағайынды екеу тұрған орнымыздан жылжымай майлы мантыдан соғып алдық. Майланып қалған газеттен жасалған кулектарды қоқыс жәшікшесіне тастадық. Сол маңайда шемішке сатып тұрған шүйкедей қара кемпір Ерболды бірден таныды.

— Ербол, айналайын мені қумашы. Жаңа ғана шықтым. Білесің ғой. Жетіскеннен бұнда жүргеміз жоқ, — деді жалынышты үнмен.

— Жарайды, баба Катя, сата беріңіз. Тек милиция кеп қалса, көздеріне түспеңізші. Бір-екі уыс шемішкеңізден алайық, – деп дорбасына қол салды.

  • Ала ғой, ала ғой. Келіңдер, қалталарыңа толғанша салып берейін, — деп кемпір байқұс бәйек қақты.

Түс мезетінде сол вокзал маңындағы көпқабатты үйлердің біріне кірдік. Лифтімен көтерілгенде ағам әскерде бірге болған достарымен таныстыратынын айтты. Есік аузынан бағанағы Гулечка бізді жымың қағып қарсы алды. Бір бөлмелі пәтердің іші тымырсық, ауа жоқ сияқты боп көрінді. Бір жағымсыз иіс қолқаны жарып барады. Келіншек бізді төргі бөлмеге оздырып жіберді де, өзі ас бөлмеге лып етіп кіріп кетті. Шаңырақ иесі жасы отыздардағы мүгедек арбасына танылған Сергей деген орыс жігіт екен. Қасында өңкиген бұжыр бет, жасы ағаммен шамалас дәу қара жігіт отыр. Кішігірім дастархан жайылған. Ортасында мойны қылтиып бір бөтелке арақ тұр. Ербол мені достарына таныстырып жатыр. Сергей де, есімі Қайрат болып шыққан дәу қара да үстілеріне көк тельняшка киіп алған. Қайрат жаңа басталған бір жарты арақты үш стақанға теңдей бөліп құйды да: «За ВДВ» деп орнынан атып тұрды. Үшеуі ыдыстарын соғыстырып, ура-ураға басып, су ішкендей сіміріп алды. Ербол стақанын босатқасын барып отырды. Мен де тізе бүктім. Сүт пісірім уақыттан соң дастарханға қуырылған ет пен картошка келді. Төрт шөлмек аяқталса да, Ауғанстан туралы ұзын-сонар әңгіме аяқталар емес. Сілтесеңдер біз дайынбыз дегендей үш стақан бетімен бет боп толып тұр. Үстел үстін жинастырып жүрген Гулечка ішпейтін көрінеді, ара-арасында балконға шығып, оңаша шылым шегіп келетіні болмаса, стақанға қол тигізе қоймады.

— Шілде де аяқталып қалды. Алда десентшылар күні. Ербол, 28 панфиловшылар паркіне биыл да барамыз ба? Былтыр трамвайларды тоқтатып тастап едік қой, — деп Қайрат ағама бұрылды. Сөйлеуге мұршасы келмей ықылық атқан Ербол барамыз дегендей басын изеді.

— Жігіттер, десантты жеке әскери құрам ретінде жасақтаған генерал батямыз Василий Маргелов үшін алайықшы! – Сергей жұдырығымен үстелды бір соқты.

— Өмір өң мен түстей қысқа деуші еді. Былжыраған сөз, былжыраған. Итшілеген өмір өтпейді екен ғой. Мына арбаға байландым да қалдым. Мына екі аяқ сау болса сендермен бірге жүрмес пе едім. Мен не үшін өмір сүрем? Кім үшін өмір сүрем? Сергей екі қолымен астындағы мүгедек арбасын соға бастады. Оған қой деп те ешкім айтқан жоқ.

— Братан, сен 80-жылдардың басында болдың. Тем более Кандагарда служить еттің ғой. Бізді қойшы. Ерема екеуміз взводтың алдында түстік Афганға. Талай жігіттер Кандагардың тауында көмусіз қалды ғой, — деді Қайрат жерден басын көтермей. — Иә, талай жігіт өлді. Досым украиналық Онопко Вася көз алдымда минаға түсіп, күлталқаны шыққан. Серега брат, сен сол жігіттер үшін өмір сүруің керек! Сол соғыстан оралмаған солдаттар үшін.

Маған сұмдық әсер еткен Қайраттың сөзіне ағам мен Сергей селт еткен жоқ. Аз уақыттан кейін барып Сергей:

— Жоқ, анам үшін өмір сүруім керек. Анам үшін! — деп көзінің жасын сығымдап алды. — Анам байқұс мені аяйды, мен оны аяймын.

Қораптағы темекінің соңғысын алып тұтатты.

— Осы тостты аналар үшін көтерейік! – Ерболдың сөзін жерге тастамай екеуі үнсіз ғана стақандарын қолға алды. Сәлден соң Қайрат жерде жатқан бос бөтелкелерге қарап:

— Что то не догон, не догон, — деп таңдайын қағып басын шайқай бастады. Ал саусақтары бос қораптан бір тал шылым таппай қиналды. Ербол «мен алып келейін» дегендей үстел басындағы екеуге бір қарады да, тысқа бет алды. Гулечка екеуміз оның артынан ере шықтық.

Вокзалдың алды ығы-жығы адам. Есігіне кіріп-шыққан қалың нөпір толастар емес. Көптің арасында біраз сенделген Ербол арақ сатып тұрған жасы елулер шамасындағы етжеңді әйелдің қасына келіп, тіке көзіне қарап:

— Мына жерде неге арақ сатасың? Кім саған рұқсат берді? — деп тепсінді. Тілінің кемістігі болу керек, әйелдің не деп айтқанын түсіне алмадым. Әйтеуір, бажылдап қоя берді. Ербол әйелдің қолындағы бір жарты арақты жұлып алып, қасында тұрған сөмкеге жармасты. Сатушыға көмекке екі-үш қатын келді. Әлгі әйел айрылып қалған арағын қайтарып алмақ болып, ағамның қолына жармасып, тас кенедей жабысып алған. Онсыз да шатқаяқтап тұрған Ерболды жан-жағынан жұлмалаған әйелдер есін шығарып жіберді. «Саған да, маған да жоқ» дегендей ағам қолындағы арақты жерге бір соғып шағып жіберді. Жиналып қалған қалың топты жарып полиция да келіп жетті.

— Что случилось, что случилось? – деп шаңқ етті иығында екі жұлдызы бар полицей.

— Мынау мас адам тонайын деді. Ербол сәл теңселіп барып, бойын түзеп:

— Товарищ лейтенант, свой, свой. Акиматтанбыз ғой. Жабайы сауда-саттыққа қарсы бөлімненбіз, — деп қалтасын ақтарғанымен қызметтік құжатын таппады. Полицей ұлардай шулаған әйелдерді тыныштандырмақ болып, қолын сермей:

— Сейчас во всем разберемся! — деп бұйыра барқ етті де, қасындағы екі сержантқа «мынаны көлікке алып кетіңдер» дегендей иегін шошайта бұйрық берді.

Сержанттардың бірі Ерболды қолтықтап топтың ішінен алып шықпақ еді, ағам оның кеудесінен қағып жіберді. «Какой буйный акиматчик», деп екіншісі де жармаса бергені сол еді, Ербол тұмсығынан бір соқты. Сержант шалқасынан түсер еді, адамдар демеп ұстап қалды. Тұмсығынан қан сорғалап кеткен сержант есін жия алмай аяғынан әрең тұр. Екіншісі тұра ұмтылғанымен иектің астынан тиген ауыр соққы оны да тоқтатты. Әйелдер жағы айғайға, тіптен, басты. Ерболды қарғап-сілеп жатыр. Ту сыртынан нұқып, ұрып жатқандар да бар. Көмекке шағымданған сатушы әйелмен сөйлесіп жатқан бағанағы лейтенант келіп, резеңке дубинкамен Ерболды сұлатып түсірді. Есін жиған екі сержант жерде екі бүктетіліп жатқан Ерболды бас көтертпестен тепкілей жөнелді. Оларды ажыратқан ешкім болған жоқ. Гулечка жанталасқанымен полицейлердің құрсауынан Ерболды алып шыға алмады. Түске жуық бізге шемішке берген қара кемпір: «Құдай-ау, өлтіресіңдер ме? Қойсаңдаршы», деп қана айтар-айтпастан дорбасын арқалап дүрліккен топтан ұзап кете барды. Екі сержант есінен айырылған Ерболды қолтығынан сүйретіп, машинаға отырғызды да, алып кетті. Біз Гулечка екеуміз дәрменсіз күйде қалып қойдық.

Кеш қарайып барады. Күн де соңғы шапақтарын шашып, қаланың көпқабатты үйлерінің арасына жасырына бастады. Ерболдардың тұрып жатқан үйі бұлтарыс-қалтарысы көп ирелеңдеген көшелердің бірінде екені ғана есте. Егер тәуекелге бел байлап қайтқаныммен соқыр тұманда адасқан адамдай далада қалатыным белгілі. Әлде, Сергейдің үйіне барсам қалай? Жоқ, жоқ. Бағана сөз арасында «кеш бата шешем саяжайдан келеді», деген еді. Гулечка шарасыз күйімді түсінсе керек. «Біздің үйге жүр», деді. Келісуге тура келді. Оның үйі 1-вокзалдан аса қашық емес екен. Сейфуллин көшесінің бойымен көтеріліп «Мехпоселок» деген жерге келдік. Жатаған жер үйлер орналасқан қала ішіндегі ауылға келгендей болдым. Шарбақтары құлауға шақ қалған тоқал тамның шиқылдап ашылатын қақпасын ашып ішке ендік. Үйдің табаны жартысына дейін жерге кіріп кеткен. Ағаш қақпасы бар терезе жақтауларының сыры кетіп, өңі қашқан. Сұрықсыз кейпімен мейманын суық қарсы алғанымен, табалдырықтан аттағанда үй ішінен бір жылылықтың лебі сезілді. Іштегі аз ғана жиһаздар мен басқа заттар ескілеу болғанымен рет-ретімен қойылған. Қуықтай ғана үш бөлме тап-тұйнақтай жиналып тұр. Үй иесі түпкі бөлмеге тез кіріп шықты да, даладағы душтың суы суып кетпей тұрғанда жуынып алатынын айтып, тысқа бет алды. Қызық! Сонау Ақсудан аға-жеңгеме қонаққа келіп, енді тіптен, бейтаныс әйелдің үйінде отырмын. Алғаш Гулечканы көргенде қабағым қыртыстанып қалған еді. Қазір басқаша күйдемін. Ерболдың да жайы ойымнан шығар емес. Ішке көп кешікпей Гулечка енді. Денемен дене болып тыртысқан киімдерін шешіп, үстіне халат киіп алыпты. Онысы өзіне сондай жарасымды. Үстіне молдау киім кисе де тоқ омырауы мен тоқ бөксесі менмұндалап тұрады екен.

— Арақ ішкендермен отырсаң, өзің де ішкендей боласың. Шаршаған шығарсың, беліңді жазып ал, — деп еденге көрпе салып берді. Өзі асүйге кіріп кетіп, ыдыс-аяқты сыңғырлатып кешкі астың қамына кірісті. Сергейдің үйіндегі темекінің түтіні мен жағымсыз иістен дұрыстап тамақ та ішпеген едім, қуырылған жұмыртқаны уылжып піскен марқаның етіндей құшырлана жедім-ау. Ал шайды самаурыннан ішкендей сүйсінбесім бар ма. Кешкі ас үстінде Гулечка: — Ербол үшін уайымдама. Бәрі жақсы болады. Жұмысынан шығарып алар, — деді. Келіншектің сенімді шыққан сөзі көңілді орнына түсіргендей болды. Ішке ел қонған соң барып, айналаға тағы да көз жүгірттім. Бөлменің бұрышында тұрған допқа көзім түсті. — Үлкен ұлымның добы ғой. Роналдо сияқты болғысы келеді. Қара кешке дейін осы доптың артында жүреді. Ауылға апарып тастаған ем. Ұмытып кетіпті ғой. Қалай жүр екен?

Үндемедім. Кешкі астан кейін дастархан жиналып, Гулечка ертеңге жұмыс күніне қамданып, манты жасауға кірісті. Теледидардың алдында жатырмын. Бір арнаға тұрақтамай пультты ары-бері басумен болдым. Жеңгем уайымдап жатыр-ау. Ербол қамауда.Менің жатысым мынау. Бір орында жата алмай, тысқа бір кіріп, бір шықтым. Шылым шеккім келді. Қақпадан шығып көшеге көз жүгіртіп ем, жақын маңнан дүкен байқамадым. Гулечкадан сұрамақ болуға оқталғаныммен ыңғайсыздандым. Ақыры ас бөлмеге беттедім. Үй иесі нанның қамырын жайып тастап, манты түюге кірісіп жатыр екен. Үстелдің бір шетіне тізе бүгіп көмектесуге кірістім. Екеуміз ара-арасында тіл қатысып, дәу бір қасқан мантыны түйіп тастап, газға қойдық. Келіншек тоңазытқыштан алты бөтелке сыра мен бір уыс құртты дастарханға қойды.

— Арақ ішпеймін. Осылай анда-санда сыра ішетінім бар. Кел ішейік, — деді. Үнсіз ғана келістім. – Ішіп алса, Ерболдың мінезі жаман ғой. Көтеріліп кетеді. Төбелес іздейді. Әйтпесе, ағаң тәп-тәуір жігіт, — деп сөз бастады келіншек. — Айтпақшы, менің шын атым – Гүлбақыт. Вокзалдағы әйелдер ғой «Гуля, Гулечка» деп атап кеткен. Мен де Ақсуданмын.

  • Қай ауылдан?
  • Қосағаштан.
  • Ммм.
  • Ерболмен осы вокзалда танысқам. Жерлес деп араласып кеттік.
  • Күйеуің қайда? – Осы сұрақты қоюын қойып алып, қысылып кеттім. Гүлбақыттың жүзіне қарай алмай алдымдағы сыраны сімірумен болдым. Қаперінде ештеңе жоқ келіншек менен дәл бұндай сұрақты күтпесе керек, ол да бірден жауап қата қоймады. Босаған сыраның шөлмектерін бір бұрышқа жинастырып, тағы да төрт «Қарағандыны» алдыға қойды. Бөлменің есігін жауып, терезені ашты да темекінің қорабынан бір талын езуіне қыстырып тұтатты. Мен де темекіге қол создым. Гүлбақыт темекіні құмарлана бір-екі рет сорып, салқын сырадан тартты.
  • Мектепті жақсы да, жаман да оқығаным жоқ. Орташа деуге келеді. Отбасымызда төрт қызбыз. Мен екіншісімін. Мектептен кейін әке-шешемнің көмегімен Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультетіне түстім. Екінші курста оқып жүргенде өзімнен он жас үлкен Алакөл жақтың жігітімен танысқам. Азаматты бір көргеннен ұнаттым. Екеуміз тез тіл табысып, жарасып кеттік. Қазір ойлап қарасам, жастық қой. Албырт сезімнің жетегінде кетіппін. Екінші курсты аяқтаған соң, ол мені алып қашып кетті. Әрине, менің келісіміммен. Сол шаңырақтың босағасын аттағаннан-ақ бір салқындықты сезген едім. Сексенге таяп қалған Азаматтың әжесі ғана қуаныштан кемсеңдеп, маңдайымнан сүйе бергені есімде. Күйеуімнің әкесі ертеректе жол апатынан қайтыс болып, анасы төрт ұлын енесімен асырап, бағып-қағып өсірген екен. Енемнің Азамат екеумізді жадырай қарсы алмағанын кейін түсіндім. Маған дейін ол шаңыраққа екі рет келін түсіпті ғой. Қысқасы, Азамат алаяқ болып шықты. Бірінші рет үйленгесін араға екі апта салып сотталып кетеді де, түрмеден босағанда өзінен бес-алты жас үлкен әйелді ерте келіпті. «Қуды қу табады» демекші, екеуі бір-біріне сай қосылған екен. Онсыз да аз ғана малмен кәрі кемпірдің азғантай зейнетақысына масыл болып, ілдебайлап күн көріп отырған шаңырақтың берекесін кетіреді. Мен әлі күнге дейін таңғалам. Азамат кез-келген адамның тілін оңай тауып алатын еді. Бүгін танысқан адамының іші-бауырына кіріп кетеді. Шырттай киім киісіне, сөзіне қарап іскер жігіт деп қалатын білмейтіндер. Сөйтсем, бұл елден қарыз ала береді екен. Уәдені үйіп-төгіп. Одан қалса, алдайды. Отбасы, туған-туыстарына сүйкімсіз болғаны сонша, қонаққа бара қалсаң, мыналар бір нәрсемізді ұрлап кете ме деп аңдитын. Әбден зәрезап болған оларды да түсінуге болады. Біздің үйге барғанда аузын ашса жүрегі көрінетін дархан мінезді нағашымның тайын үлкейтіп берем деп сан соқтырып кеткені бар. «Қайнаға, Қапалда жылқышы досым бар. Мына тайыңызды дөнен ғып әкеп берем» деп жоғалтып жіберді. Өз күйеуім мені туыстарымның алдында қарабет қылмас-ау деп, Азаматты жамандыққа қимаған едім.

Гүлбақыт сырадан тағы да бір алып тастады да, шылымын тұтатты. Халатының омырауы ашылып, соған көзімнің түсе бергенін аңғарса керек, киімін ретке келтірді. Күндіз вокзал маңында Гүлбақыттың жүзінде қамсыздық, жанарында мазмұн жоқтай еді. Езуінен түсініксіз күлкі кетпей, өзінен-өзі ыржиып, сықылықтай бергені жаман ойларға жетелеген-ді. Қазір бір ноқатқа кірпік қақпай қадалып алып, тұнықтана түскен жанарының өзі сыр шертеді. Ажарын қаяу мұң басқан. Іштегі сырын бүгіп қалғысы келмеді білем, әңгімесін жалғастырды.

— Содан не керек, ішімде жеті айлық бала бар, үйге қайтып келдім. Енем қуанбаса, қайғырған жоқ. Сол баяғы кәрі кемпір көз жасын сығымдап қалған-тұғын. Күйеуге шыққасын оқуым да жайына қалған. Әйтеуір әке-шешем қабақ шытпай қарсы алды. Шешем: «Қазір кімнің қызы байдан қайтып келмей жатыр. Жассың, бағың әлі-ақ ашылып кетеді», деді. Әкем маңдайымнан иіскегені болмаса, ешнәрсе айтпады. Еркек адам ғой, қызы үшін намыстанғанын ішім сезді. Азамат босанғанымда да іздеп келмеді ғой. Мені қойшы, еш жазығы жоқ өз баласын көруге жарамады. Босанғанымда үйдегілер қуанбады емес, қуанды. Бірақ та қуаныштары сондай біртүрлі көрінді. Сөзбен жеткізе алмаймын. Ал әкем шын қуанды. Бәлкім, ұл тапқасын ба?! «Өмір бақи бір ұлға зар болып едім, бәлкім құдай осы шақалақты ұл қылсын деп бізге беріп отырған шығар», деп бауырына басты. Атын Тәңірберді деп өз атына жаздырып алды. Негізі табиғатымнан көпшіл, мінезім жайсаң-тұғын. Ажырасып келгесін өзімнен-өзім саяқтанып, томаға-тұйық бола бастадым. Алғашында сыныптастарыммен араласып көргем. Үйден алыс ұзап кетсем әкемнің қабағы шытынап, жүріс-тұрысыма тосқауыл қойды. Әмбе жігіттер ажырасып келген қыздарды жеңілтек, бұзылған деп қарайды екен. Сенің де басыңды қатырдым-ау, ә? Сонымен қойшы, ауылда көп жүре алмадым. Колледжін аяқтаған әпкем Талдықорғанда пәтер жалдап жұмысқа тұрған, соның қасына бардым. Бір киоскіге сатушы болып орналастым. Бір тәулік істеп, екі тәулік демалам. Ара-арасында оны-мұнымды алып үйге барып келем. Тұла бойы тұңғышым ғой. Тәңірбердіні сағынам. Сөйтіп жапандағы жалғыз жандай сенделіп жүргенде, Саматпен таныстым. Ол маған ылғи да келіп сауда жасайтын. Бір күні көңіл білдірді. Мен одан ешнәрсені бүгіп қалғаным жоқ. Өткен өмірімнің бірін қалдырмай айтып бердім. «Үйленейік», деп қолқа салды. Көп уақыт келісім бермей жүріп алдым. Әпкеммен танысты. Гүлнарға бір көргеннен ұнады. «Өмір бойы жалғыз жүрмейсің ғой. Үйленіп ал» деп ақылын айтты. Самат менімен түйдей құрдас еді. «Кеңжыра» деген көрші ауылдан болып шықты. «Ұлыңды әке-шешеме өз балам деп айтам. Бауырыма басам. Сені қатты сүйіп қалдым», деп өлердегі сөзін айтып, ақыры көндірді ғой. Менің де оған деген сезімім болды. Болмаса тұрмысқа шығар ма едім. Самат отбасында екі ұлдың үлкені екен. Тоғыздан кейін Жансүгірдегі училищені оқып, әскерге барып келіпті. Оқуын жалғастырамын дегенде маған жолығып, шаңырақ көтерді. Кейін енем: «Оқиын деп жүрген баламды оқытпай, басын айналдырып, сен қатын тиіп алдың!» деп талай айтты емес пе. Алғаш үйленген жылдары жаман болғамыз жоқ. Қайын атам Талдықорғанның іргесіндегі «Еркін» ауылынан жер алып берді. Самат екеуміз бел шешпей, күндіз-түні еңбектендік. Әйелмін дегенім жоқ. Күйеуіммен бірге кірпішті де, темірді де тасып, үлкен үй салып алдық. Самат өте еңбекқор еді. Арақ та ішпейді, шылым да шекпейді. Достарының арасында абыройлы-тұғын. Тапқанын ұқсатып отырдым. Бір емес, үш ұл туып бердім. Енеме не істесем де жақпай-ақ қойдым ғой. Қызым десе, алдында тіптен құрдай жорғалап кетер ем. Онсыз да «мама, мама» деп асты-үстіне түсетінмін. Ал ол кісі қызым демек түгілі Гүлбақыт деп атымды да атамай кетті. «Ей, Саматтың қатыны, Саматтың қатыны» дейтін. Екінші ұлды босанғанымда: «Мына Саматтың қатыны жылда күшіктей береді екен. Ей, Самат, кісі қатынын алғанның екі көзі артында болу керек», деп айтып еді. Шешесінің сөздері әсер етті ме, уақыт өте келе жолдасым өзгере бастады. Не жазғанын білмеймін, әкем мен шешемді жақтырмайтын болды. Өзімнен кейінгі сіңілім отбасын құрып, бір жылдан соң дәм-тұзы жараспай ажырасқан еді. Ол үйге келсе түнеріп, қабағын ашпай, балаларға сөйлеп, барқылдап жүретін. Балаларын бағып, үйін музейдей тап-таза ұстап, тамағын жасап, киімін бүтін етсем де жақпадым. Сүйегіңді сыздататын сөздер айтатын. Боқтықтың астына алғаны былай тұрсын, ұрып-соғып, отбасымды қорлағанда жастыққа жасымды сүртіп жатушы ем. «Сіңілің жәлеп болған соң ажырасып келді ғой. Әйтпесе неге кетеді? Анау үлкен әпкең байға осы неге тимейді? Желігі басылмай жүр-ау. Әкең мен шешең дұрыс тәрбие бермеген сендерге», деп сөйлейтін. Енем не айтса да түсінем. Кешіре де алдым. Өйткені, әйел адам ғой. Ал күйеуімнің мінезін ұға алмадым. Арақ ішіп алып, ұрып-соғып, сондай сөздерді айтса, «е-е-е ішіп алып айтқаны ғой», деп өзімді-өзім жұбатар едім. Бетіме аздап бояу жақсам, «Қай байыңа бола сұлуланасың? Біреуің бар шығар? Айтпақшы, сен шал құмарсың ғой. Өзіңнен он жас үлкен шалға тиіп едің. Бір қалталы бай шалдың басын айналдырып, тиіп кетпе», деп тіксініп, маған жиіркене қарайтын. Бәріне шыдадым. «Бәленбайдың қызы тағы да байдан шығып келіпті» деген сөзден қорықтым. Қалада мектептер жақсы ғой деп Тәңірбердіні қолымызға алып алғанбыз. Оның «папа, папа» дегеннен басқа жазығы жоқ. Бірақ көзіне шыққан сүйелдей болды. Жатса да, тұрса да жақпайды. «Сукин сын, сукин сын» дейтін. Бала ғой, бірде чипсы жеп, кока-кола ішкісі келген болу керек, күнделікті азық-түлікке деп қойып қойған ақшадан 2000 теңге алған ғой. Соған бола үйде шу болмасы бар ма. Қалаға бір шаруамен барып келсем, Тәңірбердіні белдігімен сабап жатыр. Кіп-кішкентай он жастағы бала ғой. «Папатай, папатай, ұрмашы. Енді ақшаға жоламаймын», деп шырылдап жылап тұр. «Сенің балаң ұры, ұры!» дейді маған дір-дір етіп. Ет-жүрегім езіліп, көзімнен жас шығып кетті. «Самат, жаным, қойшы. Бала ғой. Білместікпен жасаған болар», деймін жалынып. «Жоқ, бұл ұры. Сукин сын. Бұны осылай таяқтап тәрбиелеу керек. Әйтпесе, ертең қағынып түрмеге түсіп, сосын сонда шіріп өледі!» Ол кезде екінші ұлым жетіде, үшіншісі төртте, кенжетайым бірде-тұғын. Алмас пен Алтайым үрпиіп бір бұрыштан қозғала алатын емес. Амантайым есін білмесе де, анасының жүрегі қан жылап тұрғанын сезді ме, солқылдап кеп мені бас салды. Оған Алмасым мен Алтайым да қосыла кетті. Бір қатын, төрт бала қосыла боздап, Саматтың шеңгелінен босадық. Тәңірберді сол түні ұйықтай алмады. Қатты шошынып қалған екен, қайта-қайта қорқып ояна берді. Арқасы көкала қойдай болып, білеуленіп, қанталап кеткен. Ыстығы көтеріліп мазасы болмады.

Бұдан арыға шыдай алмадым. Ертеңінде өзімнің заттарым мен балаларымның киім-кешегін жинап әпкемнің пәтеріне кеттім де қалдым. Тәңірбердім толық жазылған соң ауылға қайтадан оралдым. Болған жайдың бәрін шешеме айтқаныммен, көп нәрсені әкемнен жасырдым. Байқұс әкемнің қолынан не келер дейсің? Намыстанып, қорланғаннан басқа. Саматпен некеде болғанбыз. Заң бойынша ажырастық. Үйді шешесінің кеңесімен о баста әкесінің атына жазып қойған-ды. Сондықтан да сот тек алимент кесіп берді. Күйеуім кешіктірмей алиментін төлеп келеді. Соған да тәуба деймін. Бірақ балаларды көрсетпеймін. Қайным жақсы еді. Жеңгелеп жаны қалмайтын. Балаларға базарлығын алып сол келетін. Кейін естідім, енем «кеткен қатынның балаларында нең бар. Барма. Ол қатын еркектердің басын дуалап алатын сайтан емес пе. Бізге өшігіп сенің басыңды оқытып алудан тайынбайды» депті. Неткен арсыздық! Ауылда әке-шешемнің қасында қала алмадым. Арттан өсек ереді де жүреді, ереді де жүреді. Ес жиып алған соң Алматы үлкен, Талдықорғандай таныс-тамырлар күнде алдыңнан шыға бермейді деп, осы жаққа тарттық та кеттік. Қазіргі тұрмысымды өзің міне, көріп отырсың.

Не айтарымды білмей, дағдарып қалдым. Бұрыштағы Тәңірбердінің добына қарадым. Байқұс баламен бірге өзім де таяқ жегендей тұла бойым ауырлап кетті. Гүлбақытқа бір жылы сөз тауып айтқым келгенімен, тіл ұшыма түк те ілікпеді. Гүлбақыт та жұбатуға мұқтаж емес еді.

Таңертең ерте Гүлбақытқа Ерболдың тұрып жатқан үйін шама-шарқымша түсіндіргендей болдым. Сүйінбай мен Баянауыл көшелерінің қиылысынан түсетінімді айтып, бір автобусқа отырғызып жіберді. Сүйінбай мен Жангелдин көшелерінің арасындағы жер үйлерді аралап жүріп, әрең дегенде түске қарай үйді таптым-ау. Зығырданы қайнап, жеңгем ыдыс-аяқты тарсылдатып бір нәрсе істеп жатыр екен. Мені тыржиып қарсы алды.

– Ербол қайда? – Аузымнан шыққан бірінші сөз осы болды. «Жатыр ғой әне» дегендей төсекте жатқан ағамды иегімен нұсқады да, өз шаруасын жалғастыра берді. Ербол мені көре сала орнынан атып тұрды.

  • Амансың ба?
  • Иә.
  • Сереганың үйінде қондың ғой. Анау Қайрат түнделетіп болса да неге жеткізіп тастамаған. Ерболдың ойын бірден түсіндім. Бөріктінің намысы бір емес пе.
  • Қайратың мас болып қалды ғой. – Өзімше кейігендей болдым.
  • Темекің бар ма? Жүр далаға барайық, — деп есікке беттеді. «Менің темекі тартанынымды қайдан біліп қойған» деген оймен соңынан ердім.
  • Самалға Гуля туралы айтушы болма, — деді сыртқа шыға сала. Бар айтқаны осы ғана.

Гүлбақыт айтқандай-ақ ағамды бірге жұмыс жасайтын жолдастары шығарып алыпты. Есесіне жұмыстан шығып қалған. Тұрақты түрде жұмыс жасап көрмеген адамның әсте ішкі тәртібі болмаса керек-ті. Күн мен түнін ауыстырып, тірлігі берекесіздене береді екен. Екі қолға бір күрек табуға қарекеттеніп-ақ көріп еді, онысынан түк шықпады. Қарекеті Самалдың аузын жабуы үшін жасалғандай көрінді. Өзін үйден сүйреп әрең шығарады. Кейде күндіз-түні қозғалмай ұйықтайды. Шешем көрсе «Не деген батыр ұйқы, Қырымды шауып келгендей жатысын-ай» деуші еді ғой деймін іштей. Қайдан, кімнен табатынын белгісіз, тысқа шықса аузын былғап келеді. Бір ішсе тоқтай алмай, таңдайы құрғыр сол ащы суды тілеп тұра береді екен. Қызара бөртіп үйге келгенде жүзінен адам баласы шошиды. Сығыр көздері ұясынан шығып кете жаздап, жолында кездескенге жұдырық сілтейді. «Жұмыс тапсаңшы» дегеннен басқа жазығы жоқ жеңгемді ұратын. Бір үйде өскен, бір әкенің баласы болсақ та, Ерболдың соншалықты қатыгез екенін білмеппін. Самал байқұсты бір бұрышқа тұрғызып қойып, басына керамикалық күрешкелерді лақтыратын. Бейне бір нысананы дәлдегендей қолындағы ыдыспен ұрып жығатын. Жеңгеме жаным ашып, ажыратпақ болғанда мені бір қолымен итеріп құлатып, ішімнен бір теуіп төсектің астына бір-ақ тыққан. Басы жарылып жатқан жарын жауындай көріп тепкінің астына алатын.

— Сен қатынның аузына ақшадан басқа сөз түспейді. Жұмыс, жұмыс, жұмыс тап деп қылқылдай бересің. Түбі сен мені соттатып тынасың, деуші еді. Самал қанша таяқ жесе де, қайтпайтын. Әйел деген жұдырыққа да үйреніп, көкбеттеніп алады екен ғой.

— Ұр, ұр! Тағы да ұр! Қолыңнан келсе өлтірші. Сенің қолыңнан тек қана әйелді ұру ғана келеді, — деп бажылдайтын. Сүйіп қосылған бір ошақ басындағы ерлі-зайыптының махаббаты өшпенділікке айналса, ортақ мұрат-мақсаттары жойылады екен ғой. Болашаққа деген сенімсіздік пен өмір сүруге деген құлшыныссыз күндердің соңы тұйық. Ербол мен Самал бір-біріне бөтен жандардай уақыт өткен сайын бөлектене бастады. Кісі бетіне қарамайтын жеңгем жұлқынған көкдауыл қатынға айналып, таңертең орнынан тұрмастан талқан болып кететін де, күні бойы не істесе де, біреудің жұмысын жасап жүргендей бұлданатын.

«Омалып осы үйде сен отыр, төрт қабырғаны күзетіп. Қатын басыммен жұмыс істеп, мен отбасымды асырайын», деп еді сол бір сүреңсіз күндердің бірінде. Самал автобустардың біріне кондуктор болып жұмысқа тұрды. Боянып, сыланғаны, киім-киісі уақыт өте өзгере бастаған еді. Мүмкін Самал Ерболдың Гүлбақытқа барып жүргенін біліп қойды ма екен. Сатқындыққа сатқындықпен жауап бергісі келді ме, әйтеуір, автобуста жүріп Шаттыққа жүкті болып қалды. Содан кейін ағам екеуі айырылысты...

***

Күні бойы жұмыста мазам болмады. Күлтайдың ватсап арқылы жіберген видеосын қарай берем, қарай берем. Арманның суреті бейнеленген ролик бірнеше әлеуметтік желіде де жүр екен. Кешке кеңседен шыға сала Ерболға қарай тарттым. Арманның жағдайын айтпақпын. Мүмкін баласымен сөйлесер деген ойдамын. Ағам бірер жыл бұрын Ауған соғысының ардагері ретінде «Мамыр» шағын ауданынан әупірімдеп жүріп үй алған. Отбасы болмағасын бір бөлмелі пәтер бұйырған еді. Қазір «Қалқамандағы» ауруханалардың бірінде күзетші. «Мамырға» кептеліспен жүріп әрең жеткеніммен, көліктер сығылысқан ауладан мәшінемді қоятын орын таппай біраз сандалдым. Ербол үйінде екен. Қасында Қайырбек. Бір бөтелкені жартысына дейін босатып тастаған. Қайырбек орнынан ұшып тұрып амандасты:

— Кластас, қалайсың, ей? Көп болды ғой көрмегелі. Баяғыдай ыржалаңдап күректей қолымен арқамнан қағып-қағып жіберді. Сосын түнеріп отырған Ерболға көзі түсіп кетті де, орнына қайта сылқ етіп отыра қалды. Ағам жүзін маған бұрмастан сәлемімді алды да, тұнжырап отыра берді. Қайырбек үнсіз барып келесі бөлмеден орындық әкеп берді. «Не болып қалды? Тыныштық па?» дегендей екеуіне алма-кезек қарай бердім. Біраздан кейін барып Ербол:

— Серега қайтыс болып кетті, — деді. Үнсіз ғана бет сипадым.

–– Неден қайтыс болды? – дедім ары-қарай үнсіз отыра беруге шыдай алмай.

— Аштан өліп қалған ғой, аштан.

— Ербол, қалай аштан өліп қалған сонда? – Даусым қаттырақ шығып кетті.

— Кәдімгідей аштан өліп қалған ғой. Ербол алдындағы стақанды төңкеріп тастады да, «құй» дегендей бос стақанын Қайырбекке қарай сырғытып жіберді. — Серега шешесі өлгеннен кейін өмірден баз кешіп кетті. Оның мамасынан басқа ешкімі жоқ еді. Арасында біз барып тұратынбыз. Өзін-өзі талай рет өлтіргісі келді. Пышақ, темір шанышқы, қасықтарын жинап алып, орнына пластмасса қасық пен вилка апарып бергенбіз. Өйткені, өзін-өзі өлтіріп тастай ма деп қорқатынбыз. Ішкен кезде: «Жігіттер, мені өлтіріңдерші. Қолдарыңнан келмесе, пышақ тастап кетіңдерші», деп жылайтын. 20 жылдан аса уақыт мүгедектер креслосында отырды ғой. Оны да түсінесің. Шешесі кеткесін төсегінде дәрет сындырып жататын. Соңғы жылдары ит қорлықта өмір кешті. Тек үш-төрт ай бұрын Вера деген әйелмен танысып, үйіне кіргізіп алған. Ол әйел Серега тұратын үйдің подъездін жуып жүрген екен. Қаңғып жүрген бомж сияқты біреу еді. Арақты қатты ішеді. Арағын ішсе де сол әйел Серегаға қарады. Рожкиін, картошкасын қуырып береді. Екеуі отырып бірге ішетін. Вераны бір-екі рет көргем. Ішпеген кезде үйді жуып-шайып, Сереганың төсек орнын жаңалап тәп-тәуір қатын бола қалады. Адам болып ұзаса екі-үш күн жүреді де, қайта ішкілікке түсіп кетеді. Көзінің асты қашан көрсең білеуленіп ісіп жүретін. Кепкен тақтайдай қатып қалған арық қатынның түріне қарасаң жиіркенесің. Бірақ та Сереганың Вера десе жаны шығып кете жаздайтын. «Верочка моя, Верочка» деп отыратын. Еркек болып қатынның қызығын көрмеген ғой. Сол кезде бачамыздың Вера десе неге емешегі үзіліп кете жаздайтынын түсінбеппіз. Ақыры сол Верочкасының кесірінен өлді.

— Сонда қалай?

— Қалай дейсің бе? Екеуі Сереганың мүгедектігі үшін берілетін ақшаны алып мейрамдатады. Екі күн жатып ішеді. Үшінші күні арақ бітеді. Вера сыртқа барып алып келем дейді де, жоғалып кетеді. Содан екі күн тоқтамай арақ ішкен Серега бас жаза алмай жүріп кеткен ғой. Ішегі ішегіне жабысып қалған екен. Не тамақ ішпеген. Ішетін тамақ та болмаған шығар. Құдай біледі, үйінде қанша күн бұратылып жатқанын. Сүйегі сасып, қанша жатқаны да белгісіз.

— Верасы сонда бар ақшаны қалтасына басып алып, ішіп кеткен бе?

— Кім біледі? Бәлкім, таныстарына жолығып, Сереганы ұмытып, ішіп кеткен болу керек. Ол байқұс та Сереганың артынан кетіпті. Көкбазар жақта автобустың астына түсіп, өліп қалыпты. Вера өлмегенде Сергей де тірі қалар ма еді? Сөзін аяқтаған Ербол алдындағы стақанын тағы босатты да, онысын Қайырбекке ұсынбай екі қолымен қысып ұстап, отырған жерінде қатты да қалды. «Епош брат соңғы кезде ішіп отырып ұйықтап алатынды шығарды. Жүр, балконға барып шылым шегейік» деп Қайырбек құлағыма сыбырлап, орнынан түрегелді. Мен соңынан ердім. Қайырбек сол ауылдағы баяғы әдетінен арылмапты. Темекісін тартса түкіріп отырушы еді. Бұл жолы төменгі қабатта тұратын пәтер иесінің жайып қойған киім-кешегіне жынын шашты-ау. Аузы да тыным табар емес. Әр нәрсенің басын бір шалады.

— Епош брат действительно өмір көрді ғой, – деп төменгі нотада бір әңгіменің ұшын шығарды қабағын шытып. – Талай рет засадада қалып тірі қалған. Душмандардың Пәкістанда дайындалатын «Черный аист» деген арнайы жасағы болады. Солармен Епош браттың развед группасы кездесіпті. 15 десанттан бесеуі ғана аман қалған. Соның біреуі біздің брат қой. Қаратай, сен оның бірін білмейсің. Браттың талай әңгімесін тыңдадық. Сол бір қиындықтарды Ербол емес Қайырбек өзі көргендей ауыр күрсініп алды. Менің күлкім келіп кетті. Ербол әскерден келген жылы ара-тұра қой бағатын. Менімен құралпас, бірер жас кіші балалар ағамның соңынан еріп, Ауғанстан туралы әңгімелерді күн ұзақ тыңдаушы еді. Сөзге шорқақ Ербол Ауғанстаннан келгенде әңгіменің шеберіне айналады. Арасында аузына кіріп кете жаздап отыратын Қайырбекті түртіп қалып: «Бар братишка, ана қойдың басын қайтаршы. Трассаға түсіп кетпесін», дейтін. Қайырбек орнынан түрегеліп санын сабалай жүгіре жөнелетін. Жүгіріп бара жатып: «Епош брат, осы жерден айтпай тұра тұршы. Мен тез келем», деуші еді айғайлап. Сол кез есіме түсіп кетті.

— Қаратай, қазіргілер армияның не екенін білмейді ғой.

— Иә.

— Епош браттар базар жоқ көрді. Қазір бір-ақ жылдық армия. Хоть біздің кезде кішкене служба болды. Мен Қапшағайдағы ДШБ-ға түстім. Қайта құдайға рақмет. Пехота или внутренний войскіге түссем не болар еді? Бір рет таңғы 5-те тревога болды. Самолетке отырғызды да алып кетті. Молодой кез. Екінші прыжок қой. Самолеттен ротамыз секірді. Командиріміз картадан бір координатты көрсетіп, осыған жарты сағатта жетуіміз керек. Егер үлгермесек келесі самолетке дейін 100 шақырым жаяу жүретінімізді айтты. Сол кезде алғаш рет 50 шақырымға жүгірдім. 3 минут жүгіртіп, 1 минут жаяу жүргізеді. Дер кезінде белгілеген жерге жете алмадық. Самолет бізді күтпей ұшып кеткен. Соғыс жағдайындағы жаттығу ғой, жолда ауыл, қала кезіксе, айналып өтеміз. Көзге түсуге болмайды. Кейін білдік. Сөйтсе, бізді Қызылорда облысына тастаған. Арал ауданынан Ақтөбе облысына жаяу өткен екенбіз.

— Қайырбек, жарайды, жүр ішке кірейік, – дедім. Сан тыңдағам бұл әңгімені, қайта естуге зауқым соқпады. Әңгімесін үзіп жібергенім Қайырбекке ұнамады.

— Армия көрмеген балалар өстиді. Қайырбек әзілдегендей желкемнен қысып-қысып жіберді. Жыным ұстап кетті.

— Ей, қайта-қайта армияңды айта бермеші.

— Өзің болмаған соң түсінбейсің сен, Қаратай.

  • ...

— Жооооқ. Қателеседі екем. Сен службада болмасаң да лейтенант екенсің ғой. Военный кафедрада не үйрендің-ей? Сендейлерді «пиджак» дейді. – Қайырбек қарқылдап күлді. Үндемедім. Өзіне-өзі риза болған Қайырбек төменге тағы да бір шырт еткізіп түкірді де:

— Кластас, ренжіген жоқсың ба? — деді. Тағы да тіл қатпадым.

— Бір жағынан бармағаның да дұрыс болды-ей. Армияға любой адам шыдай бермейді.

Жалпы Қайырбекті сөзден жеңу мүмкін емес екенін білем. Бірақ та алдында осалдық танытуға да болмайды. Соңғы сөзі күшейген түрі. Әңгімені басқа арнаға бұру керектігін түсіндім.

— Айтпақшы, Қайырбек, ауылға соңғы рет қашан бардың?

— Өткенде ғана бардым. Қазір ауылда оралмандар қаптап кетті емес пе. Солардың арасынан бір бұқа пайда болыпты. Соның мүйізін қағып келдім. – Қайырбек масаттанып қарқылдай күліп алып: — Мә, Қаратай, ауыл рахат қой. Жата беруге болатын еді, – деп сөзін жалғады.

— Онда неге жата бермедің?

Құрдасым қайтадан армияға кетіп қалмай тұрғанда ауылдың жайын айтсын деп бұл сұрақты әдейі қойдым.

— Жата беруге болар еді. Мына жақтан жұмыс шықты ғой.

— Не жұмыс?

— Епош браттың қасында. Бұрын товарный склад күзеттік қой. Мазасыз болатын. Ұрлап кете ме деп уайымдайсың. Ал мында тыныш. Больницадан ауру адамды ұрламаса, басқа нені ұрлайды? – Қайырбек «тауып айттым, ә» дегендей жымың қағып, тісінің арасынан сыздықта төменге қарай кезекті рет шырт еткізді.

Біз ішке қайта кіргенде, Ербол сол отырған күйі қалың ұйқыға кетіпті. Қайырбек екеуміз екі жақтап орнына жатқыздық. Келген шаруамды айтпақ болып, Ерболды оятуды ойладым. Әй, қайдам. Оянып сөйлесуі неғайбыл? Қайырбек қалуымды өтінгенімен кеш те болса өз пәтеріме барып қонуға бекіндім. Ішіп алған адам әсте мазасыз болады ғой. Қайырбек менімен бірге кететін болып жиналды. Ұялы телефоны арқылы біреулерге қоңырау шалды ма, әйтеуір, біраз есті алып барып тоқтады. Екеуміз бірдей кетсек пәтердің есігі ашық қалады ғой дегесін, Ерболдың үйінде қалуға көнді. Түнгі Алматы. Көліктердің қарасы азайған көшелердің көкірегі кеңіп, тыныстап қалғандай. Көзіме ұйқы келді. Арман қайда екен? Ерболмен Арман жайлы сөйлесе алмағаныма қатты налыдым.

***

Арманның ұшты-күйлі жоғалып кеткеніне үш аптадан асты. Телефонына қаншама рет қоңырау соққаныммен «абонент байланыс аясынан тыс жерде» деген жауап аламын. Түнеу күні Самал Шаттықты ертіп беймезгіл уақытта келгенде суыт жүрістерінен секем алып қалған ем. Жүзін мұң торлаған Самал мен жанары шықтанған Шаттыққа қарап бір бәленің болғанын айтпай-ақ түсінген едім.

— Арманды полиция іздеп келді. Ұстаса қамайды, қамайды, – деп жыламсырап тіл қатқан еді Самал. Ағасына тек қана мен араша түсе алатындай Шаттық жалынышты жүзбен маған қараған-ды. Бөгде жанның уайымын арқалауға бар, досының қуанышын өзінің қуанышындай бөлісе алатын Шаттықтың бойындағы ізгі қасиетке іштей сүйсінгем. Ағасына деген өкпе-реніштің ізі де қалмағаны көрініп тұрды. Сол күннен бері маза кетіп, Арманды іздеуден қол босар емес. Барлық достарына бардық. Барады деген жерлерге де бас сұқтық. Арман жоқ. Күлтай айтқандай оны полиция алаяқтық үшін іздеп жүрген жоқ екен. Самалдың айтуынша, біреудің айфонын тартып алыпты. Бала күнінен қатыгездікті көп көрген адам кісіге зорлық жасауға бейім бола ма, қалай? Күні бойы Шаңырақ, Дархан аудандарын аралап шықтым. Байбесік жақта жиһаз жасайтын жолдастары бар дегесін сол жаққа барған едім. Арманды көрген, білген жан баласын кезіктіре алмадым. Кептеліс басылды дегенде қаланың орталығына қарай шығып, бекер сенделіп үйге жеттім. Ербол отыр екен. Күлтай бір жаққа кетіп қалған болу керек, көрінбеді.

— Маған полиция тағы да келді, – деп сөзін бастады Ербол.

— Мхм.

— Олар бәрібір таппайды.

— Қалай таппайды?

— Мен оны Сереганың квартирасында тығып отырмын.

— Қалай? Ербол, қанша күн болды оны іздеп жүргенімізге. Жынды болып кете жаздадық қой. Айтпайсың ба?! – Өмірі ағама дауыс көтеріп сөйлемеген басым қалай зіркілдеп кеткенімді байқамай қалдым. Мұндай жаңалықты күтпегендіктен қуанарымды білмей абдырап та тұрмын. Ербол телефонын ұсынып: – Мә, мына нөмірді жазып ал. Арыз жазған баланікі екен. Аты – Ринат. Айфонын Арман сатып жіберіпті. Орнына басқа айфон алып беру керек пе, қысқасы, арызын алатындай қылып шешу қажет. Бір-екі күнде айлық түседі. Содан кейін Арманды Тараз жақта тұратын служактың үйіне жіберем.

— Менттерге де бір нәрсе беру керек шығар? Ербол бірден жауап қатқан жоқ. Араға бірер минут салып барып: — Жігіттер айтып еді, қалалық прокуратурада афганец бір жігіт жұмыс жасайды деп. Соған шығып көру керек, — деді.

Бастысы, Арман табылды. Арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым. Ағамның мына әңгімесінен кейін бойым кәдімгідей сергігендей.

— Жаман жүнжіп кетіпсің. Болды енді уайымдама. Ер жігіттің басына не келіп, кетпейді. Біз де екі жыл Ауғанстанның тау-тасын аралап, аман келдік қой. Айтпақшы, өткенде бір жігіттермен кездестім. Тоже афганецтер екен. Душмандар советтермен соғысқан жақсы дейді екен. Америкалықтар дуканға темекі алу үшін БМП-мен бес қаруларын сайлап алып, целый операция жасап баратын көрінеді. Біздің кезде бір жыл әскерде болған дедтар темекі ту дегенде жаяу-жалпы барып келетінбіз. Қызық, ә? — деп Ербол басын шайқады. Әңгімесіне зейін қоймағанымды сезді білем, Ербол ары қарай сөзін жалғамады. Алайда, арадағы үнсіздікке шыдамай:

– Қаратай, жаңадан танкі шығыпты. Салмағы жеңіл екен. 15-20 метрден даусын естімейсің. Керемет қой. Самолеттен лақтырғанға, тіптен, ыңғайлы болатын болды. – Ерболдың жүзі балбұл жанып, езуіне күлкі үйірілді.

– Иә, жақсы болған екен, жақсы болған екен, — дей бердім.

2017 жыл, тамыз-қыркүйек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар