21 тамыз күні Астанада қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы өтті.
Түпкі тамыры бір бауырлас қос елдің арғы тарихындағы тұтастықты айтпағанда, кешегі замандағы Сәбит Мұқанов пен Мұса Ташмұхамедов (Айбек) сынды қаламгерлер қалыптастырған өзара достық рәуіштегі әдеби-мәдени байланыстарды қазіргі кезеңде жалғастыра отырып дамытуға қос тарап та мүдделі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның қатысуымен өткен Астана қаласында қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы сол игі дәстүрдің жалғасы.

Форумның басты мақсаты: бауырлас екі елдегі ғылыми және мәдени ортаның өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту, өзара дәстүрлік үндестікке негізделген байланыстарды барынша дамыту мәселелерін талқылау болды.
Өзбекстан Көркем академиясының төрағасы Акмал Нуридинов, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов, Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидов, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Өзбекстан Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауым мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып сөз сөйледі.
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл форумның маңызына тоқтала отырып, Қазақстан мен Өзбекстан зиялылары бас қосқан осы игі іс-шараның ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен өткізіліп жатқанын және Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-шығармашыл зиялылары арасындағы өзара байланыстарға әрдайым баса мән беріп келе жатқанын айтып өтті: «Соңғы жылдарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Шын мәнінде, мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді. Ғылыми және шығармашыл ортаның бүгінгі кездесуі алдағы уақытта тың идеялармен, маңызды ойлармен және жаңа жоспарлармен алмасатын дәстүрлі алаңға айналады деп сенеміз. Осындай игілікті іс арқылы біз бір-біріміздің үнімізге құлақ асып, ортақ жарқын болашақ жолында маңызды қадам жасаймыз.»
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаева да форумда айтылған, көтерілген өзекті идеяларға қолдау білдірді және осы бастамалар мен идеялар бойынша мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейту қажет деп атап көрсетті.
Аталған іс-шараға қатысқан Қазақстанның Халық жазушысы Төлен Әбдік өз сөзінде: «Қадірлі әзиз бауырлар! Бізге қош келдіңіздер! Бүгінгі жиынды ұйымдастырып отырған Сенат басшыларына рақмет! Біз ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары – біз өзімізше бірігуіміз керек. Бір-бірімізді жақын білуіміз керек. Әсіресе өнер адамдары арасында жеке достық керек. Сондықтан мен бүгінгі мынау кездесу үшін қуанып отырмын. Біздер үшін бұл бір тарихи кездесу іспетті болып отыр. Біз сіздерді шын жақсы көреміз. Біз бір-біріміздің табысымызға қуануымыз керек. Сондықтан менің ойымша әдеби салада толып жатқан жобалар бар ғой, мысалы, баяғыда Әбіш Кекілбаев екеуіміз Орта Азиядағы түрік республикаларындағы жазушылардың үлкен бір сыйлығын ұйымдастырсақ деген жоба жасап ұсынған едік. Ресейде Лениндік сыйлық болды, әлемде қоғамдық Нобель сыйлығы болды. Сол секілді ғылым, әдебиет, өнер саласындағы табыстарға арналған үлкен, ортақ бір сыйлық болса дұрыс болар еді деп ұсыныс айтқан болар едім. Осындай жобаларды көбейтуге болады. Мұның бәрі біздерді жақындастырады», - деп өзара рухани-мәдени байланыстардың маңыздылығына баса мән берді.

«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы екі елдің әдеби-мәдени рухани қарым-қатынасын дамыту бойынша төрт түрлі ұсынысын ортаға тастады: «Мұндай кезесу әрқашан жақсылыққа бастайтыны сөзсіз. Ахмет Яссауи, Әлішер Науаи, Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Бекбуди, Фитрат Шолпан, т.б. даналарымыздың рухы да шат болады деп есептеймін.
Мынадай ұсыныс жасағым келеді: байырғы Түркістан, Орталық Азия елдері үшін Бұхара, Самарқанд, Ташкент шаһарларының мәдени ықпалы кезінде бүгінгі Париж бен Лондоннан, кешегі Мәскеу мен Ленинградтан кем болған жоқ. Осы шаһарларда оқыған ғұламаларды, сол шаһарларда сүйегі жерленген даналарды маңдайымызға басқанбыз. Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс баһадүр, Науан хазірет және басқа да тұлғалар туралы, қалалардың ел, дін, мәдениет бірлігі мен ықпалдастығындағы рөлдері туралы ортақ мәдени іс-шаралар өткізсек деп ұсыныс айтамын.
Екінші ұсыныс: біз өз тарапымыздан Фитраттар құрған «Чагатай гурунги», «Шағатай бәсі» деп айтылатын (орысша «Чагатайская беседа») ұйымды насихаттап жүрміз. Біздіңше осы мәдени ұйыммен түркістандық азаматтарымыздың мәдени байланысы болғандығы белгілі. Осыны да бір жақсы байыптап, арнап жиындар өткізсек дұрыс болар еді.
Үшінші, шүкір, Әлішер Науаи мен абай Құнанбайұлы тілдерімізге аударылып, рухани кемелдендік. Ендігі кезек Бекбуди мен Шәкәрім, Аблани мен Ғұмар Қараш, Фитрат пен Ахмет Байтұрсынұлы, Шолпан мен Мағжанға келдіп тұр. Осы және басқа Орталық Азия жәдидшілерін қазақша және өзбекше мейілінше толық аударатын кез әлдеқашан келді. Біз тіпті кешігіп жатырмыз. Бұл мәдени жобаға екі ел күш біріктіруіміз қажет деп есептеймін.

Төртінші ұсынысымыз: біз 1917 жылы 27 қарашада жарияланған Түркістан мұхтариятын (автономиясын) бүгінгі Орталық Азия елдерінің бәріне ортақ мемлекеттік құрылым ретінде қабылдап, лайықты насихаттай білуіміз керек. Бұл да бізді біріктіретін, тарихи тұрғыда жаңа жобаларға тиек болады ғой деп есептеймін.»
Өзге де жиынға қатысып сөз сөйлеушілер қазақ-өзбек байланысын одан әрі барынша нығайтуға арналған жобалар мен идеяларды іске асыру жөніндегі өздерінің көкейінде жүрген ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Жалпы алғанда ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі туысқан елдің өзара рухани байланыстары соңғы жылдары жақсы қарқын алып келеді. Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы да ауқымды деңгейде аталып өткен болатын.
Фотосуреттер ҚР Жазушылар одағының фейсбук парағынан алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.