Шенеунік, жезөкше, қырықтағы қыз, майдангер, тұтқын, қарапайым жұмысшы... бұлардың бәрі Қуандық Түменбайдың кейіпкерлері. Жазушы 1985 жылы Ауған соғысының шындығын айтатын «Адам» атты әңгімесі үшін сотталып кете жаздап, ақыры «үш әріпке» түсініктеме беріп, қатаң ескерту алған. Ал шындығында қол-аяғы кесілген кейіпкерге берілген «батыр» атағы – бұл тек кейіпкердің ғана трагедиясы емес, бүтін бір ұлттың адасқан идеалдарының символы еді.
Кез келген қаламгердің өмірлік тәжірибесі мен ортасы оның шығармашылығына әсер етіп, қаламгерлік бет-бейнесін анықтайды деген қисынға жүгінсек, Қуандық ағамыздың жас кезінен Әлкей Марғұлан, Асқар Тоқпанов, Мұхтар Әлиев, Асанбай Асқаров сияқты тарихи тұлғалармен көрші болғаны да кейін қаламгердің ой көкжиегін кеңейтіп, ұлт руханиятына деген сергек көзқарасын қалыптастырғаны анық. Жазушы тұлғаларды тек сырттай ғана бақылап қоймай, прозалық туындыларына арқау етіп, прототип ретінде пайдаланғанын да білеміз.
Қуандық Түменбай шығармаларындағы басты ерекшелік – нақты өмірдің, шынайы заманның боямасыз суреттелуінде. Әйтеуір, оқыған сайын қоғамның терең иірімдеріне бойлап, уақыт пен адам тағдырын өзек еткен шығармалардан қазақ қоғамының өткені мен бүгінгісіне ой көзін жібересің. Жазушының «Қоңырауы бар адам» сияқты дүниелері, «Қырықтағы қыз», «Көңілдес», «Бұқа баққан қыз» сынды әңгімелері қазіргі қоғамдағы моральдық дағдарысты, адами қарым-қатынастардағы шынайылық пен жасандылықты сын көзбен суреттейді. Әсіресе «Еңбек Қызыл Ту орденді жезөкше» атты проза мен журналистиканың тоғысқан тұсындағы ерекше дүниесінде қоғамның қайшылықты тұстарын, АХБК сияқты өндіріс орындары жабылғаннан кейін мыңдаған қыз-келіншектің тағдыры не болғанын нақты дерек, шынайы бейнелеу арқылы жеткізді.
Күнделікті өмірдегі елеусіз көріністерден үлкен әлеуметтік, моральдық астар таба білетін қаламгер бір айдан кейін (22 тамызда) 70 жасқа толады. «Әдебиет порталы» мерейтой алдында жазушымен сұхбаттасқан еді.
– Қуандық аға, жақында 70-ке келеді екенсіз, құтты жасыңыз болсын! Гюго соңғы романын 72 жаста жазған екен. Өзіңіз соңғы кезде жаңа дүниелер жаздыңыз ба? Бізге жариялауға бұрынырақта жазылған әңгімелеріңізді ұсынып жүргендей көрінесіз. Әлде қателестім бе?
– Иә, жетінші ондыққа кеп қалдық. Тынымбай көкем: «Жазарың болса, жетпіске дейін жазып қал», – деп еді, рас екен. Жетпіске тақағанда үш-төрт жаңа әңгіме, бір хикаят жаздым, бірақ, ешқайда бергенім жоқ, сұрап жатса көрерміз. Уақыт алда.
«Жұмыртқа жарғаннан басқа амалы жоқ еді...»
– Сізбен сөйлесетін мүмкіндік болса, сұрармыз деп жүр едік, осы кішкентай деталь арқылы үлкен трагедияны көрсетуді қашан, қалай меңгердіңіз? Мысалы, «Жұмыртқа жарған келіншекте» – өзегінде жұмыртқамен байланысты оқиға бар, ол кәдімгі тауық жұмыртқасы, бірақ сол деталь Дариғаның жан күйзелісін, өмірден, тіпті бақыттан бас тартуын шегіне жеткізіп береді. Осы күнделікті, ұсақ нәрседен бүкіл адам жанын ашып көрсету ерекшелігі кейінгілерден тағы қай жазушыдан байқалады?
– Детальді ойнату деген бала күннен көңілде жүрген көріністерді көркем бейнелеу сияқты. Бала күнімде құрқ-құрқ етіп құрық боп жүрген тауықтарды қызық көретінмін. Қызғаныш деген жаман ғой, сол кезде мауығып жүрген тауық екеш тауық та жұмыртқа жарарда жанталасып, бойын қызғаныш билеп, маңына адам жолатпайды екен. Бұл – бала көңіліне беймәлім, бірақ, қызық құбылыс. Бұны шешемнен сұрап білдім. «Тауық неге тас шұқып жейді?» деп сұрасам, «Жұмыртқаның қабығы тастан жаралады ғой», – дейді шешем. Сосын тауық жүрген жерге уыстап қиыршық тас шашатын болдым.
Кейіннен жақын інімнің зайыбы, яғни келін перзент көре алмай екеуі ажырасып кетті. Бір күні Көкбазарда «Аға, саламатсыз ба?» деген дауысқа жалт қарасам, тұлабойым мұздап қоя берді. Кешегі «ішкені алдында, ішпегені артында» келіннің алды толы шүпірлеген жұмыртқа. Осыны көріп, көңілім босады. Сөйтіп, жұмыртқа адам тағдырын бейнелеген детальға айналды. Дариға да өмірге өкпелі, қайтсін енді, ызаланып жұмыртқа жарғаннан басқа амалы жоқ. Тек менің көркемдік шешімім оңынан табылып, оқырман әжетіне жараса болғаны.
Тақырыпты терең игеріп жазып жүргендер аз емес, Дәурен Қуаттың «Ай жерді жетектеп жүреді» әңгімесінің айтары көп. Шүкір, жастар бүгінгі күннің қоңыртөбел тіршілігін шынайы қамтып қалуға тырысып жүр.
– Дариға демекші, сіздің кейіпкерлеріңіз қанша қиналса да шағымданбайды, көнбіс көбі. Мысалы, «Шешемнің құрбысы». Әрине, сол үнсіздікте тұншығып жатқан күйзеліс пен трагедияны сеземіз. Бұл – постмодерндік әдебиетке тән ішкі драматизм. Бұны беруге де мінез керек. Сіздің өз мінезіңіз қандай? Айталық, ашуланғанда не өкпелегенде не істейсіз?
– Анам көргені көп, парасатты жан еді, 96 жасында дүниеден қайтты. Соғыс кезінде тылда арна қазып, егін орған құрбылары арасында 13 бала тапқан, кетпенші келін атанған Ұлбала Алтайбаева да бар. Солар үйге кеп бастаңғы жасағанда бала көңіл – саққұлақ – бәрін естіп, құлақ түріп отыратынмын. Менің түйсігімде қазақ әйелі қандай төзімді деген бір теорема сақталып қалды. Адамның үміті қатқан қайыстай үзілмейді екен ғой, «қара қағаз» келсе де, солар өлгенше ер-азаматының жолын тосып өтіпті. «Шешемнің құрбысы» да сондай сезімнен туған дүние, «Айбозды» алды. Кейін кездескен жерде сыншы Әлия Бөпежанова да дәл осы өзің айтқан сөзді айтты. Бұл – анама, әйел төзіміне қойған ескерткішім деп ойлаймын. Ал, өзім... өзім алақанда өскен еркетотаймын. Төзімдімін деп айта алмаймын. Біреуге жауап берсем төзімім таусылады, сұхбаттан қашқақтайтыным да содан болу керек. Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүріп, іс қозғаған тергеушіге жөнді жауап бермей оқудан шығып кеттім. «Шоуға» жоқпын, сұғынбаймын, әкем айтқан «аштан өлсең де біреуден бірдеңе сұрама» деген сөзі құлақта күңгірлейді де тұрады. Курстас дос, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы айтушы еді, «сенде біраз нәрсе бар, тек шоу жоқ» деп. Шоудан Құдай сақтасын.
– Кейде мынадай ой болады, сіздің саябақта классикалық әуен тыңдайтын кейіпкеріңіз бар еді ғой, одан басқа да, мысалы, жындыханаға түсетін қыз… осындай қоғам шетіне ысырылған, елеусіз, рухани күйреудің алдында тұрған жандар арқылы қоғамның ішкі ақауларын, моральдық дағдарысты көрсеткіңіз келеді. Жалпы прозаның осы өмірде бірдеңе өзгертуге, ойландыруға қандай да бір әсері болуы мүмкін бе? Әлде бұл біздің өзіміздің иллюзиямыз әлде солай болса деген үмітіміз бе?
– Әдебиет адамды тәрбиелемей ме, егер қазіргі адамдар тәрбиеге көнсе. «Саябақтағы классикалық әуендегі» шал мен «Сарайшықтағы қарындастағы» қыз осы аумалы-төкпелі қоғамның өкілдері, кейіпкердің көзқарасы – қоғамға берілген баға. Сол «Саябақтағы классикалық әуенді» оқыған бір ірі шенеунік саябақта кездесіп қалып: «Сен, бала, бізді күстаналауды қоймадың ғой», – деді. Демек, ол өзін танып тұр. Ол ренжісе, мен қуанам. Мен мақсатыма жеттім, әдебиет өз міндетін орындап тұр. Осындайда социализм көсемі Лениннің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» деген еңбегі еске түседі. Әдебиетке жеке адам билік жүргізіп, қоғамды тәрбиелей алмайды. Шолоховтың КПСС құрылтайында Бас хатшы Брежневке сұқтана қарап, «Біз шын жүрегімізбен жазамыз, бірақ жүрек шіркіннің партияға бағынатынын қайтерсің», – дегені бар емес пе?

(Әдебиет институтындағы күндер)
– Өзім оқырман ретінде Дафна дю Морье, Элис Монро, Фумико Энти сияқты жазушыларды оқыған сайын әйелді әйел жақсырақ түсінетініне көзім жете түседі. Әйелді жаза алатын ер жазушылар да бар. Мысалы, сізді әйел психологиясына терең бойлайтын жазушы деп білеміз. Сіздің әйел затын бақылауыңыз, үңілуіңіз, тануға талпынуыңыз қашан басталды?
– Қашан басталғанын білмеймін, көрші үйдегі немере әпкеме бір жігіт алтыншы сыныпта оқитын менен Шыңғыс Айтматовтың «Материнское поле» деген орысша кітабын беріп жіберді. Ішінде 8-Наурызбен құттықтаған тілек, «любимая» деген сөз бар. Сөйтсем, әлгі жігіттің әпкемде көңілі бар екен. Кітапты бермей біраз күн ұстадым, терең түсінбесем де, оқып шықтым. Әсіресе, «Жәмила» қатты әсер етті. Біртүрлі жүрегіме шоқ түсті, әлгі жігіттен әпкемді қызғанып кеттім. Осылай-осылай ержетіп, өзіміз де сутартқышқа «Я тебя люблю!» деп хат жазатын халге жеттік. Алдымда үш қыз бар, мен ұлдың үлкенімін.Әпкелерімнің есейген шақтағы қимыл-құбылыстары жаныма қатты әсер етті, оларды сырттай қарауылдап жүретін болдым. Сонан кейін Бердібек Соқпақбаевтың «Қайдасың, Гауһарын» оқып, аһ ұрдық. Кейін «Қан мен тер» емес, «Махаббат қызық, мол жылдар» керемет кітап қой» деген ЖенПИ-дің кітапхана факультетінің қыздарымен қауыштық. Осылай-осылай қатарға қосылып кеттік ғой.
Уақытқа сай жаңа шығармалар керек
– Сіз о баста прозаға ескі классикалық формалармен емес, ұстамды лирикалық стильмен, тіпті көбіне новеллаға жақын қысқа формада, бірақ үлкен ой тастайтын тәсілмен келдіңіз. Қазір бірден роман жазып жатқан жастарға қарап, «неге роман жазбадым екен?» деп өкінбейсіз бе?
– Жетпіс жасыма дейін «Бекеттегі бейкүнәлар» деген жалғыз роман жазыппын. Он жыл уақытым кетті, тәуелсіздік, Желтоқсан тақырыбы сөз бола қалса аталып жүр, кезінде біраз қысастық та көрдім. Өз шамамды білемін, көлемді эпикалық дүниеге «төзімім» жетпейді екен. Қолымнан келері, өзің айтқандай, прозаның шағын жанрлары. «Меценат» роман бәйгесіне қатыспайсың ба?» деушілер болды, «босқа арам тер болғым келмейді» деп жауап бердім. Қолдан келмейтін тірлікке тыраштанбау керек. Жалпы, осы «Меценат» роман бәйгесінің ережесін өзгерту керек, компьютер арқылы дауыс жинау деген не сұмдық? Қанат Әбілқайыр, Әлібек Байболдың бәйге алған романдарын оқып, риза болдым. Елдос Тоқтарбайдың балаларға арналған «Тау қыраны» кітабы да өтімді. Әлгі екі роман прозада постмодерндік тәсілмен жазылған. Ал, біздің буын реализмнің ырдуан арбасына мінгендер, қалай болғанда да сол арбаның шиқылдаған төрт дөңгелегінің үстінде кеткеніміз кеткен.
«Вегетарианка», «Дрина көпірі», Мо Янның «Өмір мен өлім азабын» да оқыдым. Қазіргі прозада проблема бірінші, көркемдік екінші орында қалған секілді. Заманға сай әдебиет те өзгеріске ұшырайды. Осы қытай Мо Ян бір сұхбатында «Мұхтар Әуезовті білмейді екем» дейді. Әуезовті білмейтін көрші, Нобель лауреатын Әуезовтен артық қоя алмаймын. Осы не үрдіс? Тіпті, өзіміздің орыс тілді қаламгерлер де белгілі жазушының жаназасына бара жатырмын десең, «білмейді екенмін» деп танауын тыржитады. Біз болсақ, жатырқамай барлық ұлттың жазған-сызғанын жатқа айтамыз. Бұл да мемлекеттік тілдің аясындағы сорақылық қой.

(Әбдіжәміл Нұрпейісовпен)
– Ия, бұл ойыңызға қосылуға болады, бұл өзін олқы көретін ұлттың мінезі де шығар. Енді, аға, өзіңізден мынаны сұрайын, жазушының мықтысы – өзі үшін ең ауыр болған нәрсені, оқиғаны жаза алады дейді. Бірақ жазушы өзіне шынайы, шыншыл болмаған жерде оқырманға әсер ете алмайды. Сіздің талаптанған, бірақ, жаза алмаған, өзіңізге ауыр болған, шамаңыз келмеген тақырыбыңыз бар ма?
– Кемелденген социализм кезеңінде диқан туралы көлемді дүние жазу ойымда болды, там-тұмдап жаздым да, бірақ сол кездегі социалистік жарыстың шеңберінен шыға алмай қалды. Бұған дейін жазылған «Сырдария», «Повесть о пахаре» деңгейінде қалатын болғасын жылы жауып қойдым. «Бір аяғы социализмде, бір аяғы капитализмде» тұрған қоғамның да әсері болды.
– Оқырманды айран-асыр қылып, ішін қозғайтын шығармалар әдетте күмән тудырар сұрақтардан туады. Ол, мүмкін, тыйым салынған сезімдер ме, көрінбейтін қайшылықтар ма, уағында айтылмаған шындықтар ма… дәл бүгінгі уақытқа біздің әдебиетке қандай шығармалар керек деп ойлайсыз?
– Уақытқа сай жаңа шығармалар керек. Бүгінгі күні детективтің наны жүріп тұр, өйткені оқырман қоғамның нағыз кейіпкерін іздейді, ал қоғамда зиялыдан гөрі ұры көп. Бұрын детективті «Түнде атылған оқ» деп оқып келсек, қазір тал түсте мылтық атып жатқандар аз емес. Жұрт антикордың іс-әрекетін қызықтағысы келеді, өмір антикормен тығыз байланысты боп кетті. Детектив туралы бәйгелер де жиі жарияланатын болды. Біздің детективтер «Штирлиц идет по коридору» емес, нағыз «Көктемнің 17 сәтіндей» шынайы жазылуы керек.
«Жұрттың бәрі эссешіл»
– Жалпы алғанда махаббат, мұң, жалғыздық дегенді көбі жазады, жазды, бірақ, оқырман осы жайлы оқудан әлі де жалықпайды, тек автор оны өз болмысынан өткізіп, оқырманға бұрын-соңды байқамаған тереңдікте көрсете алуы керек. Дегенмен, жас авторларға бұдан басқа қандай жаңа тақырып ұсынар едіңіз?
– Жастарға айтарым, нені де болса тереңіне бойлап жазу керек. Махаббатты да, қайғыны да (беті аулақ) бастан өткерген жазады. Жұрт неге «Махаббат қызық, мол жылдарды» керемет көрді? Әзағаң бастан өткерген хикаятын күнделік формасында баяндап берді, яғни «ауызға шайнап салды». Бүгінгі көгілдір экрандағы «Астарлы ақиқат» хабарындағы қазақы махаббат оқиғаларынан «Анна Каренинадай» шығарма жазуға болады, тек талант пен шеберлік керек, қай «измді» қолдансаң да «таба білу» әдісін іздеу керек.

(Мәскеудегі күндер)
– Көпті көрген, жазу сырын біршама меңгерген, жаза-жаза қарындашы жұқарған жазушы ретінде айтыңызшы, стиль мен форманы үнемі жаңартып отыру керек пе? Оқырманды жалықтырмау үшін, кейде жаңалық болу үшін не керек?
– Жазуды толық меңгердім деп айта алмаймын, меңгеру – өмірлік мектеп. Бірінші жақтан баяндау үрдіске айналды, біз болсақ, «Күз аспаны күңгірт, ауада дымқыл сыз бар» деген «Абай жолының» бірінші сөйлемі санамызға жатталып қалған ұрпақпыз. Әлгі айтқан Әлібек пен Қанаттың романдары баяндау тәсілімен жазылған, орындалуы сәтті шыққан. Шегініс те мол, жаңа форма дегеніміз осы.
Көп жұрт оқырманды таң қалдырамыз дегендей, шығармаға шет елдік сөздер мен техникалық атаулар қойып жатады, «Бильярд», «Меценат», «Подьезд» деген секілді. Жұрт, сірә, бүгінгі күннің тақырыбы деп ынтыға үңілетін болар. Өзім, тағы да айтам, «Көкек айы»мен «Қоңыр күз еді» дегендей қазақы атау тұрмаса, көзім жүрмейді. Тілді шұбарламайық.
– Түсіндік. Топырақтан, о бастағы тілдік бояудан ажырамауды айтып отырсыз ғой. Бүгінгідей сәті келген әңгіме жиі бола бермес, жазушыға қоятын сұрақтың бір парасы мынау: жазушыны формада ұстайтын, былайша айтқанда өлтірмейтін оның өз ішіндегі от. Оны өшірсең – біттің. Автор жазып отырып күйіп-жанбаса оқырманды да иландыра алмайды. Сол от сізде әлі бар ма? Сіз өз оқырмандарыңызды таңғалдырамын деген ойыңыз бар ма?
– Жетпістен кейін жаққан отың алаулай қоймайтын шығар. Гюго емеспіз. Қазір көгілдір отынның заманы, бірақ соның қызуы сексеуіл мен тас көмірге жетпейді ғой. Конкурстан бәйге алсам, «жазушыға да ақша төлейтін болған ба?» деп отбасым таң қалады. Құн заңы бізге келгенде іске аспай тұр ғой, Жүсіпбек Қорғасбектің «тегін жазбаймын» деген сөзі сөз-ақ. Ешкімді таңқалдыра алмаймын. Марқұм Жұмабай Шаштайұлы бір кездесуде «Біз сізді білеміз» деген оқырмандарға «Қандай шығармамды оқыдыңыздар?» десе, «Телевизордан көреміз, бізге «Үзеңгі жолдас» ұнайды», – депті. Сол сияқты теледидар мен әлеуметтік желідегі әдепсіз сөздер жұртшылықты баурап алды. Жазғанымызды өзіміз сияқтылар оқыдым десе, мәз боп қаламыз. Таңқалдыру деген ойда жоқ, кісі қатты таңқалса көз тиіп кетпей ме?

(Жапон құдалармен бірге)
– Жарайды, бұныңыз да жөн екен. Ал енді бар үміт жастарда дейсіз ғой. Жастарды оқып, бақылап отыратыныңыз байқалады, оларға ортақ кемшілік не? Егер проза жазып жүрген бір топ жас сізді арнайы қалап шақырса, жазудың қыр-сырына қатысты шеберлік сабағын өткізіп беріңіз десе келісер ме едіңіз? Шығармаларын оқып, сынап беруге қалай қарайсыз?
– «Үркерде» жүргенде журналистика факультетіне шеберлік сағатын өткізіп едім, студенттер жанр дегеннен, тіпті, хабарсыз. Шарананың есімін қойғандай, ең әуелі, шығарманың жанрын анықтап алу керек шығар. Очерк пен корреспонденция деңгейіндегі әңгімелер көбейіп кетті. Жұрттың бәрі эссешіл. Эссе, этюд дегеніміз болашақ көркем шығарманың негізі емес пе? Эссе жазса, төрт аяғын тең басқан Бауыржанның тәсілімен жазсын, шағын дүниенің қатпарлары көп, ізденізсіз эссе деп тақия кигізе салуға болмайды. Осы жұрт Жазушылар одағына өтуге неге құмар? Биттің қабығындай бір кітабын арқалап, кепілдеме сұрап келушілер көп-ақ. «Ұялмаған әнші болады» деген сөз бар емес пе? Жазушы болу ән салу емес. Әншінің көбі сахнаға «трио» боп шығып жүр, ал жазушы деген жеке дауыста ғана ел алдына шығатын сұлба. Таяқ тисе бір адамның басына тиеді. Таяқтан қорықпаса да, адамзат әдептен қорқу керек.

(Құрдасым Тынысбек Қоңыратбай)
Оқшау сұрақ...
– Сұхбаттың соңғы сұрағы болсын. Оралдан жұбантанушы ұстаз Үзілдік Елеубайқызы пікіріңізді білгісі келеді екен. Сұрақты келтірсек былай: «Қуандық замандасымыз, сіздің Желтоқсан оқиғасына қатысты көрген-білгеніңізді жазғаныңызды білеміз, Колбин келген күні сонда болдыңыз ғой, зиялы қауымның қорқып, Жұбан сөйлегенде қол соға алмағаны рас па? Жалпы туған елі биыл дүниеге келгеніне 105 жыл толатын Жұбан ағаның ақындық және азаматтық, қайраткерлік еңбектерін бағалап, «Халық қаһарманы» атағына ұсынып жүр, бұл мәселе кешегі Құрылтайда да сөз болды, Мәдениет министрлігіне де ұсынылды, бірақ, жауап берілмейді. Осыған пікіріңіз қалай?» дейді. Бұған қатысты не айтасыз?
– Біз өзі батыр боп жаралған ұлтпыз, бірақ атақ-даңққа келгенде көштің соңында қалатын қасиетіміз бар, бұл да жылтырағанға құмартпайтын суыққандылық болса керек. Мысалы, Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Мәскеуді қорғап, 40 жылдан кейін Батыр атағына қол жеткізді, «Волоколамское шоссе» оны дүние жүзіне мойындатты. Берлинге Жеңіс Туын желбіреткен Рахымжан Қошқарбаев Жарлық жүзінде мойындалмаса да, құжаттар мен көне суреттер, көз көргендер естелігі оның ерлігін жария етті. Диқан Ыбырай Жақаевқа екінші Алтын Жұлдызды тағып, «Бір ауыз лебіз айтсаңызшы?» – деген Төрағаның қолқасынан кейін: «Бір рет бердіңдер ғой, екінші рет не керегі бар еді, онан да мына отырған кетпенші қыз-келіндерге бермейсіздер ме?» деген сөзін құлағымыз естіді. Сол диқан-ата қол бұлғап көрсеткен күрішші Ұлбала Алтайбаева, тракторшы Жадыра Таспамбетовалар Еңбек Ері атанды.
Ал, енді бізде әдебиет майданының батырлары кімдер осы? Дүбірлеп Желтоқсан өтті, 31-Желтоқсан күні қылышынан қаны тамған бірінші басшы Колбин Жазушылар одағына келгенде ұлт намысын қасқайып қорғап, жазықсыз ұл-қыздардың жоқтаушысы болған кім еді? Ол – ақын Жұбан Молдағалиев. «Мен – қазақпын!» деп поэма жазған екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері өрттей қаулаған шовинизмге қарсы күресе алатын ұлт бар екендігіне осы киелі шаңырақта ұлты орыс бірінші басшының көзін жеткізді. Ол – Қайрат Рысқұлбеков пен оның құрдастарының, өзінің ұл-қыздарының ар-намысын қорғап қалды. Ақын 105 жасқа толады. Қиын өткелде суырылып алға шыққан ақын нағыз Халық қаһарманы. Ел-жұрттың тілегі осы. Патриот ақынға қаһармандық ресми түрде берілуі керек.
– Азаматтық прозаның өкілі ретіндегі пікіріңіз ғой, Жұбанның жерлестері бір көтеріліп қалатын болды. Ал, аға, бізбен сұхбатқа уақыт тапқаныңызға қуаныштымыз, рахмет. Амандық пен жақсылық болсын!

Фотосуреттер жазушының жеке архивінен алынды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.