Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Қуанышбек Өмірбек. Бұл өлеңімді ешкімге арнаймын....

03.01.2024 4093

Қуанышбек Өмірбек. Бұл өлеңімді ешкімге арнаймын. 14+

Қуанышбек Өмірбек. Бұл өлеңімді ешкімге арнаймын. - adebiportal.kz

«БЕЙШАРА ОТАНЫМ»

Сен мені сабама,

Қамама!

Басқа ұрма!

Сен маған қарама,

Тоқпын ба?

Ашпын ба?!

Жыртылған көк көйлек,

Көк-көңбек көз жасым,

Мөлтеңдеп ағады көк тудың Астында,

Сағындым көк тауды,

Көк белді,

Өзенді,

Ал, бүгін мендегі ой өлді,

Сөз өлді!

Кеудеңді сен көкке Көтерме, бауырым,

Көк тудың астында көк мылтық кезеулі...

Хан ием,

Хан ием,

Көк-көңбек сақалы,

Мені өртеп барады нұрыңның шапағы...

Қатындар,

жатыңдар,

тумаңдар сәбиді,

Шеруге шықпаңдар,

Шекеңнен атады.

Бой созған халқым-ау

Биікке,

Асқарға,

Тарихын қашаған тауларға,

Тастарға!

Көк туды айналып ұшып жүр көп құзғын.

Көк туды айналып ұшып жүр көк қарға.

Аузыма түскенше ақ бұйра сақалым,

Өшкенше,

Біткенше,

Даңқыммен атағым,

Мен сені сүйемін бейшара қалпыммен,

Бейшара отаным!…

БҰЛ ӨЛЕҢІМДІ ЕШКІМГЕ АРНАЙМЫН...

Бәрі менің еңсемді басады,

партиялар,

Діндер,

Үнсіз қырылыстар…

Аспанда қалықтаған «ұры құстар»...

Үйсіз,

Күйсіз бомждар,

Қайыршылар,

Бітпей қалған құрылыстар,

Иеленіп болдыңдар әлемімді әр,

Куә – жүрек,

Куә – көз жас.

Дәлелім – зар!

Бәрі менің еңсемді басады –

Патшалар…

Уәзірлер,

Және құлдар!

Бәрі менің еңсемді басады,

Жаңалықтар,

Хабарлар,

Ақпараттар,

Банктер,

Кредиттер.

Сот,

Қамақтар…

Ескі үйлер,

Ескі жолдар…

Ескі ереже…

Столдар,

Орындықтар,

Ақ парақтар…

Бәрі менің еңсемді басады,

Көз жасына боялған омыраулар…

Басы екеулер…

Шекпені,

Шені барлар.

Адамдар,

Қатынастар,

Сатқындықтар,

Сигналдар,

Сағаттар,

Қоңыраулар!!!

Бәрі менің еңсемді басады,

Қоғам...

Өмір...

Және де күйік,

Арман,

Еңсем – илеп-илеп иі қанған.

Кешіріңдер,

Адаммын мен осындай,

Жер шарын басына киіп алған.

 

Шеше

Шеше,

Мен бәрін тағдырымнан көрейін.

Сен менің патшам,

Сен менің бегім,

Сен менің геройым.

Әжімдеріңнің тереңіне батып тұңғиық,

Самайыңның ағына буынып өлейін..

Шеше,

Мен бәрін тағдырымнан көрейін, 

Ғұмырымда менің бар дерсің не қызық, не ойын?!

Жүрегіңдегі жараға қарамды батырып,

Көзіңнің ішіндегі теңізге тұншығып өлейін

Мен…

Шеше…

 Жоқ

Бетімді сипаласам иегім жоқ,

Етімді сипаласам сүйегім жоқ.

Жасын ішіп күнелтем біреулердің,

Күнелтем біреулердің жүрегін жеп…

Бұл өмірден мендейлер көп табылар ,

(Өзін өзі боққа да)

Отқа да ұрар…

Жүрегім жоқ,

Бетім жоқ,

Беделім жоқ…

Адам солай өзінде жоққа құмар…

Тәңірінен ар тілеп,

Ұят тілеп,

Көзімнен жас,

Көңілден күй ақты көп.

Менде неге ақыл жоқ

күн кешірем –

Анамнан жаңа туған сияқты боп…

 

Қарашы тал бүрледі,

Тал бүрледі ,

Көбелектер бақытты әр гүлдегі!

Қай көктемде кездестік сен екеуміз,

Қай көктемде шығарып салдың мені…

Қарашы көк өрледі,

Көк өрледі,

Бір махаббат оянды-ау тереңдегі.

Мені сенен қай көктем алыстатты,

Қайсы көктем әкетті сенен мені?!

Тыңдашы қаздың үні,

Бұлбұл әні,

Бұлбұлдың салған әні «кім кінәлі?»

Көз ішіне бір тамшы тұнып алды,

Көз ұшында бір арман бұлдырады…

Қарашы жаңбыр жауды,

Жаңбыр… Жаңбыр,

Менде жалғыз тамшымын қаңғырған бір,

Тас сияқты мелшиіп мыңқ етпейтін,

Недеген тағдырлар бұл?

 

Қарағым,

құй маған (Айдабюлская) арағын.

Құдайыңның алдында сүттен ақ,

cудан тазамын.

Жортқаным иен маң,

Құла түз,

Адасам шүбәсіз!

Бірақ сен білсең,

Менің күнәларым да Күнәсіз…

Жүрегім,

Жанарым,

Неге отсыз?

Мына қоғамға мендей Диуана керексіз,

Өлгім келеді қарусыз...

Өлгім келеді себепсіз…

Сырдың суына Жүгірем…

Қайдан шығарғам мұны мен?

Көзімді жұмсам түс көрем,

Көр қазып шығам түнімен…

Қарағым,

Құй маған (Айдабюлская) арағын!

Өлімнің де алдында сүттен ақ,

судан тазамын!

қарағым…

Сұм дүние

Қарыт дүние дірілдеп қу иегі,

Басыма батпан ауыр мұң үйеді.

Бәрінен қашып жүріп мен солардың,

Алаңына өмірдің ерте бардым,

Дүниенің дүрбеңі көзімді арбап,

Өзім салған жолдарым өзімді алдап,

Содан қанша қаңғырдым шыр айналып,

Не көрдім, не көрмедім құдайға анық,

Шырт түкіріп байлығың, билігіңе,

Мен тағы қаңғырамын сұм дүние!

Көңілімнің көгіне аялдар күз,

мен тағы қаңғырамын жаяу, 

жалғыз…

Сұм дүние...

 

Өзімнің өлген әруағым,

Тіл қатты миымды қажап.

Менің өмірім дейді ол:

Азаптан кейінгі азап...

Тозақтан кейінгі тозақ... 

Менің де күйім жоқ деймін,

Қалмаған тірліктің мәні.

Қорегім - көзімнің жасы...

жүректің қаны!

Сенің де көзіңде бұлақ...

Менің де көзімде бұлақ... 

Басқа бір дүние тапшы!

О дүние болмасын бірақ,

Топырақтан тудым жылап,

Гүл жардым!

Солдым…

Өлдім!

Аспанға іңкәр боп құлап,

Аспанға ұшатын менмін!

Жо-жоқ 

менде енді топырақ болам...

тудырам тұп-тұнық сәбиді.

Жылайды… өседі.... сәби

Одан да күнә исі аңқид …

 

Күз. 

ақ мешіт.

суық жел аймалаған, 

қайыр сұрап қаңғырдым қайманадан,

ауылдан алыс кетіп сені таптым,

ал қазір сенен кеттім…

қайда барам?

Көз жасымды көл етіп түнде небір, 

жұбануға сөз таппай тілге жеңіл.

түзге айналып барады қайран көңіл -

күзге айналып барады сүрген өмір…

Жүрегімде қалғаны сор мен кектің ,

арасында адасып жер мен көктің.

ешкімді аңсамадым

содан кейін -

ешқайда апармайтын жолмен кеттім…

Күз.

Ақмешіт .

қараша .

қабарған ай, 

Қабырғамды сөкпеші 

O, жалған-ай!

сапарға жалғыз шыққан жолаушы едім,

мен енді оралмаймын 

солай … 

солай…

 

Сүйгеніме әдемі гүл алмағаным секілді,

Өзімді өзім өтірік жиі алдағаным секілді,

Алматы қатты ұнағанымен, тұра алмағаным секілді,

Өмір екен бұл,

Ауылым түгіл анама қоштаспағаным секілді,

Қолын созғанның бәрімен достаспағаным секілді,

Зұлымды көріп тіліне шоқ баспағаным секілді,

Өмір екен бұл! 

Аяғым көктен аяусыз құлағаным секілді, 

Ешкім түсінбес қазіргі мына халім секілді, 

Жалғыз отырып езіліп жылағаным секілді,

Өмір екен бұл!

 

Тағдырға,

және саған обалым -

Ей ,қымбатты қонағым!

Неге адамдар жылатады құдай-ау,

Өзін қатты жақсы көрген адамын.

Боздап жатам ойларымнан тұншығып,

Сосын шылым тұтатамын күрсініп.

Бұл недеген қасіретті өмір-ау, 

Бұл недеген қасіретті тіршілік…

Ұмытам ғой, ұмытам ғой сені мен, 

Көктеп өттің көңілімнің көгінен! 

Ұмытам ғой ұмытам ғой мен сені, 

Серт беремін Құдайымның сөзімен.

Айтшы бірақ,

кімге менің обалым?

Ей, қымбатты,

Мәртебелі қонағым…

Қоңыр

Сөз қосасың тілегіңе қоп-қоңыр,

Мұң қосасың жүрегіңе қоп-қоңыр.

Жапырақтың реңі де қоп-қоңыр, 

Топырақтың реңі де қоп қоп-қоңыр… 

Өмірдің көп тұманы да,

ылаңы ,

Қоңыраулап көшер талай жыл әлі!

Біз өлгенде шу етеді дүние,

Қоңыр үйден қоңыр дауыс шығады.

Қоңыр көзден қоңыр-қоңыр жас тамар.

Бұл дүние түбі қоңыр тас болар.

Қоңыр дөңде қоңыр бейіт қалады.

Қоңырайып күн кешеді басқалар…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар