Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сабырхан Асанов. Мүмкін емес мені есіңе алмауың......

09.11.2023 1316

Сабырхан Асанов. Мүмкін емес мені есіңе алмауың... 14+

Сабырхан Асанов. Мүмкін емес мені есіңе алмауың... - adebiportal.kz

***

Шынымен, мені ешкім сағынбай ма,
құдай-ау, жұртқа ұнайтын шағым қайда?
Күлімдеп қыздар келген кездер менің
асырып жіберуші еді бағымды айға.
Бірімен жөнелуші ем қолтықтасып,
бұрылмай,
тауға қарай жол тік кашып.
Шың қасы,
құз аузына барған кезде,
аяғын қалатұғын қорқып басып.
Сол бір қыз қорқып жүріп гүл теретін.
Жұтумен жұпар ауа күн көретін.
Қалмастан,
қайда барсақ– сонда барып,
төбеден төніп аппақ бұлт еретін.
Қанша жыл өтті-кетті содан бері,
кетпеймін,
қасында мен болам деді.
Бақты ол бала түгіл, немерелер,
ақ түскен шашы ол күнде қолаң да еді.
Көңілден көрмесек те күй кетіріп,
іздедім жастық шағын биге кіріп...
Ол мені сағынатын көрінеді,
кәдімгі өзіміздің үйде отырып!

***

Күз келді,
бақтардан сән кетті,
сән кетті жайнаған, әл кетті
Ақырын әлемді кезген жел,
жүдеулеу көңілмен әндетті.
Күз келді,
құстар да жатты ауып,
жаз қалды шешілмей көп дауы.
қыс та ертең келер-ау деген бір,
көңілге оралып көп қауіп.
Күз келді,
суыды тас қайнар,
тауларда басқа айбат, басқа айбар.
Тып-тыныш мүлгіген әлемді,
тып-тыныш мүлгіген басты ойлар.
Таң сайын ерініп күн шығып,
сай жатты тұманнан тұншығып.
Жаз бойы жұлқынған жүрегім,
күзбенен бірге сәл тыншыды.
Ертең-ақ айтар жел қар әнін,
соны ойлап тоңып мен барамын,
Қырық жыл бір жүріп, бір тұрып,
жалыны жылытқан, қарағым.
Ылғи да тілеппін саған жол,
білмеймін, берген бір бағым ба ол!
Қайтқан құс мені алып бара ма,
қалсаң сен– аман бол, аман бол?!

Қош, өлеңдер, көктеммен бір келер

Алматының алаулаған көктемі,
саған ұқсап ешкім нұрын төкпеді.
мың, мың жылдар қалғып кеткен қаратас,
қатты ұйқымнан ояттың деп сөкпеді.
Сөкпек тұрсын,
қара жердей көктеді,
Алматының алаулаған көктемі.
Бұрқырасын бақша гүлдеп, бау гүлдеп,
жаңбыр болып тынбай төгіп жаудың көп.
Шыңдарына шымқай шалғын өсіріп,
таулар дағы тұра алмады таумын деп.
Тақыр жолдар,
әппақ жарлар көгеріп,
көп жаңарды кеткен дүние көнеріп.
Табиғаттың тағы да бір байқаттың,
қандай-қандай бар екенін өнері...
Жақсылықтан жатқандай бір елші кеп,
кейде алғым кеп тұрғанымен еншілеп,
көп демейін,
бар болғаны тәуліктің,
бар қызуын,
бар қызығын берші тек!

***

Мүмкін емес мені есіңе алмауың,
Бірге өткізген сәттерді аңсап қалмауың.
Амал тауып алдағанмен сен мені,
мүмкін емес өзіңді-өзің алдауың.
Көзге елестеп кескініміз, түріміз,
құлақтан да кетпей қояр үніміз...
Бұл өмірден өтетұғын боламыз,
құтыла алмай бірімізден-біріміз!

***

Кімге керек бұл өнім, бұл өлеңім,
таппай жауап тұнжырап, түнеремін.
Тастай қатты заманның табанында,
тым аяусыз жаншылды гүл-өнерім.
Жаншылмаса өнерім, гүл-өнерім,
қамықпас ем бұлайша,
күлер едім.
Жұпар бағын жоғалтып алғандығын,
білмесе әзір,
бір күні білер елім.
Тыңдаушы еді кәрі ұйып, жастар елтіп,
көңілдерін көтеріп, асқар етіп...
...Менің гүлім – өлеңім қарап жатпас,
жатар өзін жаншыған тасты ерітіп!

Мұқағалиға

Достарың үнсіз,
қастарың сайрап, мақтауда,
шығарып сені атақ-даңқ атты ақ тауға.
Мақтаса шулап шаршауды білмес қастарын,
достарың іштей мақтауды сол бір жақтауда.
Мақтаса мейлі,
солар-ақ сені мақтасын,
қысылмай қағып ар менен ұят қақпасын.
Екі мінезділіктен,
екі жүзділіктен дәл мұндай,
құдайым, бірақ, ұрпақты жап-жас сақтасын?!
Өтсін тек олар
адал да аппақ ізбенен,
жетсін тек бәрі
мұратқа асқақ іздеген.
Жақсылық атты–соларға қалып, қайрылып,
жамандық атты–кетсін де бітсін бізбенен!

***

Екі дүние– ескі, көне дау,
етпеген жан көп бірін төр.
Өлген соң– біреу көмер-ау,
кім іздеп, бірақ, тірілтер?!

***

Қазақ қамын жалғыз өзі жегенсіп,
қазақ үшін күйіп жүрмін дегенсіп,
сөз айтады тап-тайыз сол бейшара,
сөз айтады қысылмастан, тереңсіп.
Түсі сүп-сүр,
күлмегеңдей,
күлместей,
біз пендені бейне көзге ілместей.
Асып-тасып жатады ыңғай ақылы,
одан өзге жан ештеңе білместей.
Бір өзінен басқаларда нұр кемдей,
мұның қалай дегендерге тұр көнбей
Қиқаяды,
қисаяды,
заманды
жалғыз өзі– түземек боп жүргендей.
Өмір бойы өткен де емес сый көрмей,
сәт те болған басына бақ үйгендей.
Жолдастар да,
жары да бар жап-жақсы,
тағдыр, бірақ, қойған оған мый бермей!

***

Тойлай алмай қалыппын тойларымды,
қызығатын,
қимайтын қалып тұр не?!
Жер бетіне сыймаған ойларымды,
жер астына кетермін алып бірге.
Қарсы келіп,
қасарып жоқ таласқым,
құласа онда кеудемнен ағын-арна
күн-түн демей сайраймын, тоқтамастан
тындайтын жан бірақ та табылар ма?!
Қаншама арман қиял боп қалды ойымда,
әншейін бір тілек боп, өтініш боп.
Толықсыған,
толқыған тал бойымда
қысқа өмірде жиналған өкініш көп.
Тойлай алмай қалыппын тойларымды,
қызығатын,
қимайтын қалып тұр не?!
жер бетіне сыймаған ойларымды,
жер астына кетермін алып бірге!

***

Әкемді алған, қара жер,
шешемді алған, қара жер,
қойныңа сенің қараңғы,
кірместен әсте қала ма ер?!
Қалды артта дала, бел,
қалады артта қалалы ел.
Мені де бір күн жұтарсың,
жұтарсың тоймас, қара жер.
Жарқырап көкте күн-айы,
ыстық қой жалған шырайы.
Кетерім анық болса да,
кетпестен тұра тұрайын?!

***

Күн жауып түніменен,
күн жауып күніменен,
жапырақ жерге құлап,
күз келді шыныменен.
Түн суып кетті мүлдем,
күн суып кетті мүлдем.
Жаз бойы жалын атқан,
жауратты бетті мүлдем.
Өткен күн кетер ме естен,
кеткен күн кетер ме, естен.
Жабығып тұрғанымды-ай,
сіркем су көтерместен.
Қайда енді таң шырайлы,
қайда енді ән шырайлы.
Сап–салқын тамшымен бір,
суық жыр тамшылайды…

Сағыныш

Қазір менің барлық күнім– сағыныш,
қазір менің барлық үнім– сағыныш.
Жәудіреген жұрт көзі боп жұлдызы,
қазір менің барлық түнім– сағыныш.
Қазір қыс, жас, көктемдерім– сағыныш,
өткендерім, кеткендерім сағыныш.
Болашағым,
келешегім алдағы,
жетпегенім,
жеткендерім– сағыныш.
Кеткен кісім,
келген кісім– сағыныш,
ерер кісім,
ерген кісім– сағыныш,
күндіз түгіл еңіреткен, өксіткен,
түн ішінде көрген түсім– сағыныш.
Бақыт пен бақ,
шаттықты шақ торыған,
кеттім жырақ жастық шақтың жолынан...
кіл сағыныш қалды менің қасымда,
бәрі шығып кеткендіктен қолымнан!

Таңдарым-ау

Атпаған таңдарым-ау,
күндерім жанған шықпай,
бір рет тамбадым-ау,
мөлдіреп тамған шықтай.
Жыр болып жана алмастан,
қамыққан кездерімде,
жас болып жанар басқан,
бар үміт өздеріңде.
Қалықтап кең даладан,
көгінде тұрақтап ем.
Келсеңдер сендер аман,
жетермін мұратқа мен.
Өткен күн түс көрінді,
қоштасқан күліп босқа.
Мөлдіреп түскенімді!
көрсе елім...
ұмытпас та!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар