(Ақын Жеңіс Қашқыновтың өз қолымен 2002 жылы жазылған. Бүгін қаламгердің туған күні. Және биыл 80 жылдық мерейтойы)
Мен Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы «Қуаныш» деген ауылда 1942 жылдың 4 наурызында туыппын.
Біздің ауыл Қызылсеңгір тауының етегіндегі Тоқырауын өзенінің жағасында болатын. Оның суы мөп-мөлдір, көптеген балықтардың түрлері бар. Ауыл балалары қармақпен сол балықтарды аулайтынбыз. Өзеннің жағасы өрімтал, ешкітал, үшқат, донала, қарақат, мойылға бай-тын. Ал өзен жағасындағы шалғында түйетабан, биеемшек, қымыздық, солқылдақтар мол шығатын.
Көктемде су тасқыны басылғанда аққу, сарыалақаз, үйрек, балықшы, шағалалар айдың бетін жауып кететін. Сондай-ақ, басқа да аңдардың, құстардың да түрлері көп кездесетін еді. Мұның бәрін тізіп жатқаным, осындай сұлу табиғат пен түрлі аң-құстарды жастай көріп өскендіктен бе, менің бойыма осыларға деген сүйіспеншілік ерте оянды. Күн ысығанда мөлдір суға шомылып, құмға қыздырынатынбыз. Құмды тегістеп жіберіп, малдар мен аң-құстардың іздерін шимайлап салатынбыз.
Ол кезде ел жайлауға көшіп шығатын. Алтуайт тауының етегіндегі мөлдір бұлақтың басына киіз үйлер аққудай тізіліп тігілетін. Желі байланып, биелер сауылатын. Ел арқасы кеңіген соң, жиын тойлар жиі болып, ауыл іші ойын-сауыққа толатын. Сондай той болып жатқан үйлерге адамдар жиналып, ойынның түр-түрі қыза түсетін. Күмбірлеген күй тартылып, әсем ән шырқалатын. Әсіресе, біздерге батырлар жырларын жатқа біліп, келістіре орындайтын ауыл ұстасы Ләпи ақсақал ұнайтын. Бұл елуінші жылдардың басы болатын. Ол кезде қазіргідей теледидар жоқ. Радиоқабылдағыштың өзі сирек кездесетін. Сондықтан, жаңағыдай жыр айтқан адамның лебізін тыңдауға өте құмартушы едік.
Менің әкем Рахметолла ферма меңгерушісі, мұғалім болған адам. Бала кезде маған ауылдағы құрдастары тақпақ жаттатқызып айтқызатын. Бүгін бәрі есімде жоқ. Тек мына шумақ есімде қалыпты.
Менің әкем завферме,
Семіз қойға тап берме.
Колхозшыға маза бер,
Қайда барсаң, бара бер.
Әкем Рахметолланың, шешем Тиышбаланың тұңғышы болсам да, әжем Нұрғайша мені жастай бауырына салып өсіріпті. Әжем ертегі, әңгімелерді көп білетін. Мен бәрін ынтамен қызыға тыңдайтынмын.
Бастауыш класты Қоңырат совхозында бітіргеннен кейін, Алматыда тұратын Әсет ағайдың қолына келіп, № 12 қазақ орта мектебінде оқуымды жалғастырдым. (Әсет ағай көрнекті тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған – Әсет Болғанбаев).
Алтыншы класқа көшкен жылы ауылға каникулға келгенімде әжем:
– Биыл қалаға оқуға барма. Менің қасымда бол. Сен алыста жүрсең, ылғи сағынумен боламын, – деп айтумен болды. Мен де әжемді Алматыда жүргенде қатты сағынатынмын.
Әжемнің осы сөзі қамшы болды да қалаға барғым келмеді. Әкейдің мінезі қатал болғандықтан, сол кісіден қаймығатынбыз.
Қалаға қайтатын уақыт болып, әкей ауданға алып келді. Балқашқа баратын машина үстіне мінгізді. Қасымдағы кісіге Алматыға ұшатын самолетке отырғызуын өтінді. Қолына билет алуға ақша беріп, қатты тапсырды.
Мәшине қозғалған сәтте артыма қарап едім, ауылда қалған әжем көз алдыма келе қалды. Менің жанарыма жас үйірілді. Мәшине аудан сыртындағы дөңге жайлап шыға бергенде, арт жағынан секіріп жерге түстім. Сөйттім де алды-артыма қарамай қаша жөнелдім. Кәдімгі Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» романындағы Қайроштың: «Зытым келем, зытып келем. Артыма қарап, зытып келем» дегендей мен де зытып отырып, аудан сыртынан бір-ақ шықтым. Қол көтеріп бір мәшинені тоқтатып, Жыланды тауының етегінде, Ашықта отырған ауылға келдім. Киіз үйдің есігінен кірсем, әжем жылап отыр екен. Мені көріп, орнынан ұшып тұрды.
- О, құлыным, келдің бе? деп бас салып, бауырына басты.
Содан кейін:
- Қалай, біржола келдің бе? - деп сұрады.
- Иә, қашып келдім, - дедім.
- Онда қымыз ішіп, ет бауырсақты жеп ал. Содан кейін төсектің іргесіне, тұскиіздің артына жатып демал. Әкеңе жауабын өзім беремін, - деп әжем мені тұскиізбен қымтап, жатқызып тастады.
Қашып шаршағандықтан әрі тамақ буыныма түскендіктен ұйықтап кетіппін. Бір уақытта абыр-сабырдан оянсам, әкем келген екен.
- Әлгі оңбаған қайда? Бұл адам болмайды екен. Мәшинеден секіріп, қашып кетіпті. Аяқ-қолы сынып, зақымданса қайтеді? - дегенін естідім.
- Биыл менің қасымда бол деп үгіттеп едім. Мені қимаған ғой. Ашуыңды бас. Ауылда оқысын, деп әжем басу айтты.
- Е, бәрін бүлдіріп жүрген өзіңіз екен ғой, - деп әкей сабасына түсіпті.
Сол жылы әжемнің қасында болып, 6 класты ауылда оқыдым. Бірақ қуанышым ұзаққа бармады. Қысқы каникул кезінде Нұрғайша әжем қатты ауырып, қайтыс болды. Топырақ салып, жаз шыға бейітін тұрғызуға мен де көмек көрсеттім.
Әжемнің асыл бейнесі әлі күнге көз алдымда.
7 кластан тағы Алматыға келіп оқуымды жалғастырдым.
Жаз каникулға ауылға келгенімде шопан аталарым Мұхтар мен Орынбайларға қыдырып баратынмын. Тайға мініп алып, мен де бірге қой бағысатынмын. Сол малсақ кісілердің айтқан төрт түлік мал жайлы әртүрлі қызықты әңгімелерін тыңдайтынмын.
Осындай қала мен ауыл өмірі, жастай ел аралап, сан оқиғалардың ортасында жүрген мен сияқты балаға әртүрлі ой келетін. Ғажайып қиялға берілетінмін. Бірде мынадай жай болды. «А» деген әріпке «Ал, мал, шал, сал, жал, тал», немесе «О» деген әріпке «Ол, қол, жол, мол, сол» сияқты сөздерді ұйқастырып өзімше айтып жүретінмін.
Міне, осындай нәрселердің бәрі мені ақын болуға итермелеген болуы керек қой деп ойлаймын.
Алматыдағы № 12 мектепте оқып жүрген кезімде кітап магазині жанынан өтіп бара жатып, гүжілдеп өлең оқып тұрған ақынның дауысын естіп қалдым. Іште халық көп екен. Сығылысып мен де кірдім. Атжақты, қыр мұрынды, бидай өңді ақын қолына кітабын алып, өз өлеңдерін оқыды. Жұрттың бәрі ентелей түсіп, сол ақынның аузына қарап қалыпты. Кейін барып білдім бұл тарлан ақын Тайыр Жароков екен. Сол кітап дүкені ішінде алғаш Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Ғали Орманов, Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев, Жұмағали Сайын, Қайнекей Жармағанбетовтерді жүзбе жүз көріп, өлең оқығандарын тұңғыш өз құлағыммен естідім.
Сол күні түн ортасына дейін ұйықтай алмадым. Әлгі ақындар бейнесі көз алдымнан, үндері құлағымнан кетпей қойды. Осыдан бастап «ақын болсам-ау» деген ой менің де мазамды ала берді. Кейіндері торкөз дәптерге шимайлап өлең жазғандай болдым. Онымды ешкімге көрсетпедім. Тек 9-10-шы кластарда оқып жүргенде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті мен «Пионер (қазіргі «Ақ желкен») жорналдарында өлеңдерім жарық көрді.
Мектепте біздерге сабақ берген Ә.Дүйсенова, Г.Айбасова сияқты әдебиет пәнінің мұғалімдері әдебиетке деген құштарлығымды арттыра түсті. Түрлі әдеби кештер ұйымдастыратынбыз. Мектеп қабырға газетін шығаратынбыз. «Қармақ» деген газеттің редакторы болдым. Алғашқы өлеңдерім осы газетте жарық көрді. Ең алғаш «ақын» деген ардақты сөзді сол ұстаздардан естідім.
Оныншы класта оқып жүрген кезімде ақындармен кездесу болды. Кешке Тайыр Жароков, Шона Смақанұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Тұманбай Молдағалиевтер келді. Өз өлеңдерін оқып, әдебиет жайлы ойларын айтты. Көш соңынан мен де «Пионер» жорналында шыққан «Үштік алды ағасы» деген мына өлеңімді оқыдым.
Есептері жазылған,
Ағасының дәптерін.
Қарындашпен Ғалымжан,
Шимайлады беттерін.
Байқамады сабаққа,
Алып барды ағасы.
Бұрын «бестік» болатын,
«Үштік» болды бағасы.
Тайыр ақынға еліктеп бар дауысыммен гүжілдеп оқыған маған бәрі мәз болып, «Сен де ақын боласың» деп қолымды қысып жатты. Осы өлеңім кейін жинағыма кірді.
Өлең жазуды тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра бердім. Ең алғаш маған «Сәт сапар» тілеп, «Қазастан пионері» газетіне суретім мен өлеңдерімді басқан, балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев. Менде сол газеттің тігіндісі әлі бар. Онда былай жазылған: « ... Кейінірек біз әлгі бала оқитын мектеп оқушыларымен кездесуде болдық. Бізден кейін мектеп жас талапкерлері қатарында әлгі бізге таныс «ақын бала» да өз өлеңін оқыды. Редакцияға келіп кетуін де жиілетті. Бала «шимайы» бірте бірте ширай берді, ширай берді. Ол өзінің көп оқитынын, сергек ойлайтынын байқатты. ҚазМУ-дің филология факультетін бітірді. Ізденгіштік пен көп ізденудің арқасында тағы да бір балаларға жазатын ақын қатарға келіп қосылды.
Ол бұл күндері газет жорнал беттерінен атын жиі кездестіріп жүрген Жеңіс Қашқынов ағаларың. Әнуарбек Дүйсенбиев».
Менің балалар ақыны болып қатысуыма «Балдырған» жорналының редакторы, ақын Мұзафар Әлімбаев көптеген ақыл кеңестерін беріп, өлеңдерімді өз жорналында жиі жариялап тұрды.
Алғашқы балаларға арналған «Кешкі күн» суретті кітапшам 1967 жылы, ал «Қоңыраулы сағат» аталатын таңдамалым 1987 жылы жас оқырмандар қолына тиді. Күні бүгін шыққан 16 кітабымның жартысынан көбі балаларға арналған.
Балабақша, бастауыш сынып пән жоғары сынып оқушыларына арналған көптеген өлеңдер, ертегілер, тақпақтар, әңгімелер, балладалар мен дастандар сол өлеңдер жинағымның ішінде. Олардың тақырыптары әралуан. Мұнда мен балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп отырдым. Сондай-ақ, өлеңдерім орыс, украин, өзбек, молдаван, белорус, грузин, қырғыз, ұйғыр тілдеріне аударылды. Сол елдерде шыққан балалар поэзиясы антологиясы мен өзімізде шығатын оқулықтарға енді. Көптеген бауырлас халықтар ақындары өлеңдерін қазақ тіліне аудардым. 1978 жылы Молдавияда, 1980 жылы Грузияда, 1987 жылы Белоруссияда өткен Бүкілодақтық балалар әдебиеті күндеріне Қазақстан Жазушылар одағынан делегат болып қатыстым.
Университетті бітіргеннен кейін, алғаш «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, кейін 20 жыл бойы Қазақ радиосында балалар мен жастар «Семья және мектеп», әдебиет драма редакцияларында, «Мектеп» баспасында, Баспасөз комитетінде қызмет атқардым.
1965 жылдан Қазақстан Журналистер одағының, ал 1973 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін. Балаларды патриоттық рухта тәрбиелейтін «Батыр Қазбек Нұржанов», «Ақжолтай Ағыбай батыр» аталатын прозалық кітаптарым жарық көрді. Кешегі найзаның ұшы, білектің күшімен кең байтақ жерімізді қас дұшпаннан қорғаған батырлар тұлғасын сомдаған «Атыңнан айналайын атамекен» аталатын деректі әңгімелерден тұратын туындым да жастарды Отанын шексіз сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз.
Жас жеткіншектерге екінші айтатын сырым спортпен айналысқаным жайлы. Спортқа ден қоюым бала күннен басталды. Ауыл баласының тай үйретіп, тайға мінбегені, асық атып, асық ойнамағаны кемде-кем ғой. Бұны мен де басымнан өткердім. Б. Момышұлының сөзімен айтқанда, асық ату мергендік пен дәлдікке, асау тайды үйрету қайсарлық пен табандылыққа баулиды.
Мектепте оқып жүрген кезде Қ. Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» кітабын оқығаннан кейін менің де күреске деген құштарлығым арта түсті. Бірақ ауылды жерде күреспен айналысатын орын, бапкер болмағандықтан бұл ойым іске аспады.
Жоғарыда айтқанымдай, Алматыға келген соң, дене шынықтыру сабағында, кластан тыс кездерде баскетбол, волейбол, футбол ойнайтынмын. Гинастика үйірмесіне қатысқаным бар. Бірақ, онымен жастай айналыспағандықтан, денемнің иіліп бүгілуі қиынға соқты.
Мектепті бітіріп, ҚазМУ-ге оқуға түскеннен кейін, өзім жастай ұнататын күрес секциясына жазылдым. Күрестің әдіс-тәсілдерін үйрене келе, факультеттер мен қаланың жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен жарыстарда 2-3 орын алып І-ші разряд, кейін университет пен Алматы қаласының жеңімпазы атанып, «Спорт шебері» нормасын орындадым.
Сондай-ақ, студент кезімде филфактың футбол командасының шабуылшысы болдым. 1963 жылы университет кубогін жеңіп алдық. Ал ширек ғасырға жуық Қазақ радиосында жұмыс атқарған кезімде де спорттан қол үзбедім. Сонда жүргенде «Қаламгер» командасын құрып, қалалық жарыста 2-ші орын алғанымыз бар.
Ықшам ауданда тұрған кезімде, қазіргі «Жетісу» ықшам ауданының орнында алма бағы болатын. Сонда көршім Қ. Ерсарин екеуіміз жазда бірге жүгіріп, қыста бірге шаңғы тебетін едік. Сол жылдары шыққан өлеңдер жинағымның қаламақысына жұбайым Тамараға, балаларым Ләззат пен Досанға және өзіме жаңа шаңғы, спорт киімдерін сатып алғаным бар. Содан сақадай сай киініп шаңғы тебетінбіз. Сол бақтың ішінде шаңғы теуіп жүрген жазушы Өтебай Қанахинды да кездестіретінмін.
Бүгін де таңертең жаттығулар жасап, тас (гантель) көтеріп, мұздай суға шомыламын. Қала сыртындағы саяжайда жер қазып, көкөніс, жеміс ағаштарын түптеп, суарып еңбек еткенді жақсы көремін. Таңертең мен кешкісін Гагарин даңғылындағы бақта жаяу жүремін. Негізгі кәсібім спорт ойындарының жанкүйерімін.
Спорттың көкесі қолшалғымен шөп шабу. Ол жас талғамайды. әдісін білсең шаба бер. Жастау шөп шабуды ұнататынмын. Ауылға барғанда әкеме қысқа жетерлік шөп шауып беруші едім. Шөп шапқанда адамның барлық дене мүшесі қозғалысқа келеді. Бақайшағыңнан бастап, бас құйқаңа шейін қимылдайды. Шөліңді басуға бұлақ суына батырып қойған кішкене торсықтан мұздай қымызды сіміргеніңде денеңнен бұршақтап тер төгіледі. Жаның жадырап, шын рахатқа бөленесің. Шаршағаныңды ұмытып, сергіп сала бересің.
Ұландарға айтарым, жастай спортпен айналысқан адам шымыр да ширақ әрі сергек келеді. Менің жолымды қуып балам Досан дзюдо күресінен спорт шеберлігіне кандидат. Менің боз кілем үстінде күресіп жатқан суретімді көріп, кішкентай немерем Әлемхан да күреспен айналысамын дейді.
Мен балалар мен ересектерге арнап жыр жазамын. Балалар әдебиетінің өркен жаюына елеулі үлес қосып жүрген қаламгермін. Сондай-ақ, менің шығармаларым жайлы кезінде көрнекті жазушылар баспасөз беттерінде жылы лебіздерін білдірді.
Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүргендіктен болар Журналистер одағы сыйлығының лауреатымын. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматымын. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталғанмын.
Өмір бағын өлеңмен гүлдетуге,
Тіршілігім еліммен бірге өтуде.
Жайып салдым кіршіксіз көңілімді,
Аямайды халқым сый, құрметін де.
Қыран құстай желпінтіп бекер мені,
Ардық тұтып аспанға көтермеді.
Алда атқарар борышым телегейдей,
Бар болғаны тамшыдай өтелгені.
Жыр пырағы тыпыршып арындаған,
Ұмтылады қамалға алынбаған.
Бойға тыңнан күш бітіп буырқанам,
Халқыма өлі жандай бір танылмаған, - деп жырға қосқандай алдағы уақытта да ел сенімін ақтауға бар күш-жігерімді жұмсайтын боламын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.