Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Таспа» баспадан шықты...

18.12.2019 6294

«Таспа» баспадан шықты 12+

«Таспа» баспадан шықты - adebiportal.kz

Көкшетаулық жас ақын, бірнеше республикалық мүшәйралардың жеңімпазы Қайрат Сейтқазиннің «Таспа» атты жыр жинағы жарыққа шықты. Жас ақынның алғашқы жыр жинағы Көкшетау қаласының «Қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесі» КММ-нің қолдауымен «Мир печати» баспасынан шығып отыр. Бозбала кезінен осы күнге дейін жазған өлеңдері жинақталған тұңғыш кітабы «2019 – жастар жылы» аясында жарық көрді.

Оқырман қауымға Қайраттың есімі бұрыннан таныс. Өлеңдері бұған дейін мерзімді баспасөздерде жарияланып тұрған болатын. Қайрат 1993 жылы 2 тамызда Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Күлшін ауылында дүниеге келген. Қазақ Агротехникалық университетінде агроинженер мамандығын тәмамдаған. Көптеген аймақтық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы. Мағжан Жұмабаев атындағы медальдың иегері. Мамандығы басқа болса да, жас ақынның әдебиеттегі, оның ішінде поэзиядағы қарымы көпті қуантады. Ақынның өзі айтқандай:

«Гүлдің жары, оттың досы,

Сейтқазиннің көп мұңдасы.

Ондай ақын тумайды енді,

Ондай ақын жоқтың қасы».

Иә, қазіргі таңда өлең жазып жүрген жас өрендердің арасында Қайраттай ақын жоқтың қасы. Себебі, оның нәзік лирикалары өз оқырманын тауып, талай жүректерде жатталып та үлгерген. Оқырман қауымның ендігі күтері Қайрат жазған өлеңдердің кітап болып шығуы еді. Олда бүгін орындалды. «Таспа» баспадан шықты. Алдағы уақытта кітаптың тұсаукесері болып, кітапханаларға таратылады. Асыға күтіп жүрген оқырмандарының да қолына тиетін болады.

«Пікірге түкіру керек» дейтін ақынның тұңғыш кітабының алғы сөзінде ақынның поэзиясы жөнінде: «Тазалық. Көзіндегі мөлт еткен мөлдірлік табиғи қалпында жазған жырларына сүңгіп кеткендей көрінеді. Біресе Жұматайды, біресе Қадырды көзімнің алдына әкеле береді. Асыра сілтеді демессіз, шеберлік жағынан ол көшке дейін әлі талай ізденіс қажет. Алайда қарапайымдылық пен дәстүрлі әдебиеттің ішінен екі елі алыстамағаны анық байқалады. Ол жолдан кететін ойы да жоқ сияқты» делінген. Расымен, Қайраттың өлеңдеріндегі мөлдірлік оқырман қауымды бірден өзіне баурап әкетеді. Оған ақынның «Таспаға» енген өлеңдері дәлел бола алады. Ақын Мирас Асан да Қайраттың поэзиясы туралы: «Оның жырларында адамның ішкі табиғаты мен ғаламның ғажайып сырлары астасып жатады», - деген болатын.

Кітаптың атауын неліктен «Таспа» деп атағаны туралы Қайраттың өзі былай дейді: «Таспа деген плёнка деген мағынаны береді. Өмірдің таспасы...».

Кітаптың көлемі шағын әрі оқуға да ыңлайлы. Осылайша, қазақ поэзиясының інжу маржандарының қатары тағы да бір тамаша жыр кітабымен толықты. Ақынның 63 өлеңінен тұратын тұңғыш кітабы оқырмандардың іздеп тұрып оқитын сүйікті кітабына айналары сөзсіз. Сөзімді «Тек Жаратқан иеміз ақынның жолын адал, жырын мағыналы етсін деп тілейік» деген Секен ағамыздың тілегімен аяқтағым келіп отыр. Жас ақынның жыры жасай берсін! Назарларыңызға ақынның бір өлеңін ұсынайын.

Мұз құрсанған бұлақты
Жарып шығып сылдыраған су ақты;
Біреу сенің сұрап еді жасыңды,
Сенің жасың –
Көктем еді шуақты.

Бауырында өсіп шығып ауылдың,
Қара көздің құдіретімен ауырдым.
Гүл көмкерген көк көйлекті киіп ап,
Кербез тұрдың,
Құрбысындай сəуірдің.

Мұратына жетпегеннің,
Жеткеннің,
Пейіліне беретінін көп көрдім.
Жақсы адамдар – жылулықтың айнасы,
Жақсы адамдар – көшірмесі көктемнің.

Ерден НҰРАХМЕТ

18/12/2019 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар