Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру бағытында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті 2020 жылғы 25 қыркүйек күні тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл тұтастығы – ел тұтастығы» тақырыбында онлайн конференция өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып отырған бұл шараның басты мақсаты – қоғамда тіл мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың пікірін тыңдау, қазақ тілін елдегі ұлт аралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы ұсыныстарын талқылау, шешу жолдарын айқындау.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба мұндай кездесуден нақты пікір мен ұсыныс күтетінін ашып айтты. «Бұрын Одақ құрамында болдық, тілдік орта жоқ деп ақталдық. Сөйтіп, кінәміз жоқтай көретінбіз. Қазір «қауіпті кезеңді» бастан кешіп жатқандаймыз. Неге? Өйткені, осы отыз жылдай уақыт ішінде мектепке барған бала жоғары оқу орнын аяқтап, елге қызмет жасайтын жасқа жетті. Отыз ауыз қазақша сөз үйренбеген адамнан не күтуге болады?! Әрине, мемлекет тарапынан қазақ тілін дамыту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Бір ғана еліміздегі 99 тіл үйрету орталықтары бойынша 514 мыңнан астам адам оқып шықты. Олар ортамызда жүр ғой. Тілге қажеттілікті тудыратын өзіміз. Енді талап ететін уақыт жетті. Әйтпесе, қоғамдық көлікте, дүкенде, қызмет көрсету саласында ана тілімізді өгейсітіп, өзге тілдің көмегіне жүгініп жүрген өзіміз», – деді Әділбек Күнесханұлы.
«Ендігі жерде тілге жанашыр болып жүру аз, қорғаны болуымыз керек. Комитет жанынан «Тіл қорғаны» онлайн тобын құрып отырмыз. Еліміздің әрбір азаматы тіл төңірегіндегі сорақылықтар, көшедегі жарнама олқылықтары туралы мәліметін кез келген уақытта жібере алады. Заңгерлеріміз бар, бәріміз көтерілген мәселені шешуді ұйымдастырамыз», – деп ойын түйіндеді.
Онлайн бас қосуда белгілі саясаттанушылар Дос Көшім, Расул Жұмалы, қоғам белсендісі Серік Ерғали, заңгер Абзал Құспанов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, «Қазақ үні» ЖШС президенті Қазыбек Иса, «Тіл майданы» жобасының басшысы Қуат Ахметов, тағы басқа тіл жанашырлары сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Бас Прокуратурасының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, еліміздің құзырлы министрліктерінің жауапты мамандары пікір алмасты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары А.Қапбарова мен Г.Шиповских тілдің маңызына терең тоқталды. Геннадий Геннадьевич инновациялық, түрлі технологиялар ғасырында жастарды қызықтыратындай сапалы контент мәселесіне тоқталды. «Әсіресе, шетелден келіп жатқан атақты фильмдерді дубляждау жалғаса беруі қажет. Голливудтық кинолар қазақ тілінде сөйлеп тұрғанын көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Бірақ, отандық киноөнімдердің прайм-тайм уақытынан тысқары қалуы көңілге қонбайды. Тағы бір өзекті тұрған мәселе – мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Өкінішке орай, олардың ішінде өз ойын қарапайым қазақ сөздерімен жеткізе алмайтындар кездеседі, бұл, әрине, тұрғындар тарапынан орынды реніш туғызады», – деді ол.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшім қазақ тілі ахуалын орыстілді азаматтарымызға түсіндіру мәселесі кейінге ысырылып қалғанына өкініш білдірді. Тіпті «мемлекеттік тіл», «латын қарпіне көшу» деп күнде айтып жүрген дүниеден мақұрым қалған отандастарымыз жөнінде айтып, егер осы бағытта жұмыс жүргізсе, олардан тіл саясатының басты қағидаттары бойынша сөзсіз қолдау табуға болатынын өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып жеткізді.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы алдыңғы сөйлеушінің ойын қостап, Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы тіл тарихынан ойып тұрып орын алған «бүгінгі күннің Княгиндерін» табу керек деді. Оның ойынша, «Парламентте үш мыңнан астам Заң қабылданса, соның әрбір сөзінің қазақша баламасы бар. Ендеше, осындай өмір сүруге қабілетті, бай тілдің бағын байлау күнә, Тіл саясаты Комитетіне арнаулы құзыр беріп, немесе өз алдына бөлек Агенттік ашу керек».
Мәдениеттанушы Серік Ерғали нақты ұсынысын атап, мемлекеттік тілде қызмет көрсету салаларының тізбесі он жыл бойы бекітілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Жарнама, көпшілік орындағы ақпарат туралы мәселеде сөзді кім қалай түсінсе, солай беталды жаза беру аудармашылық кәсіптің сертификатталмай келе жатқанынан деп түсіндірді.
Танымал заңгер, тіл тәжірибесіне заңдық-практикалық тұрғыдан белсене атсалысып жүрген ана тіліміздің жанашыры Абзал Құспан мәселеге мына қырынан келді: «Дүние жүзі елдерінің оң тәжірибесіне көңіл бөлген дұрыс. Мысалы, Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Конституциясына елге келген барлық иммигранттардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Конституциясына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білу болып табылады».
Бұдан кейін мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңымен міндеттеу керек, бұл мемлекеттік қызметті қазақ тілінде тұтынушылардың құқығын қорғайды деген ұсынысын білдірді.
Бас қосудың қызу өткеніне осы пікірлердің өзі-ақ дәлел бола алады.
Көтерілген барлық мәселелерді қамтыған арнайы қарар қабылданды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.