Новелла
«Шайтанға ермеңдер!
Олар сендердің қас жауларың...»
(Құран Кәрім. Бақара сүресі, 208 аят)
«Ең ұлы жеңіс – өзіңді-өзің жеңу».
(Испан ақыны Педро Кальдерон).
- Аяғым ауыр дейсіз бе?!.
Тосын хабардан абдыраған қыздың үні құмығыңқы естілді.
- Тап солай, айналайын! Міне, ультра дыбыстық құрылғы соны көрсетіп тұр.
- Қалайша-а?!
- Қалайшаң не? Оны сен менен емес, мен сенен сұрауға тиістімін ғой, шырағым-ау. Иә, бұған қалайша жол беріп алдың екен?
- Білмеймін. Сақтанып-ақ жүрген сияқты едім...
- Болайын деп тұрған нәрсеге сақтандың не, сақтанбадың не, болады да. Оған енді қылар қайраның жоқ. Сондықтан неге де берік болғаның жөн. Өзің тұрмыста ма едің?
- Жоқ.
Бойжеткен арғы жақтан лықсып келген өксігін баса алмаған қалпы көзінен ыршып түскен жасын сүртпестен теріс айналды.
Жұмыс барысында небір жағдайды көріп жүрген гинеколог әйел, «Е-ей, бейшара бала, ойнақтап жүріп от басқансың-ау, шамасы», - деген оны аяп.
- Сабыр, айналайын, сабыр. Мүмкін артынан бәрі реттелер.
Мына сөздің жұбату емес, алдарқату екенін түсінді ме, қыз көз жасын кілт тыйып, дәрігерге біртүрлі жалынышты қарады.
- Сеніп едім!.. Үйленем деп алдап соқты ғой. Оңбай опық жегенімді енді біліп отырмын.
Тап осы мезетте бойжеткенге демеу керек екенін түсінген дәрігер енді басу айтуға көшті:
- Жылама айналайын!.. Басқа салғанды көтере білген де абзал. Олай болса, бұдан былайғы тұста өмірге келер бөпеңнің болашағын ойлағаның жөн шығар. Уайым-қайғы құрсақтағы сәбиге кері әсер ететінін ойла. Ойла да ақылға жүгін.
Мынаны естігенде бойжеткеннің бойында бір үміт пайда болғандай дәрігерге жалт қарады.
- Ақылға жүгін деймісіз?
Басын қос қолымен қыса сәл бөгеліс тапты. Жанарында жалыныш басым.
- Алдырып тастасам ше?
Дәрігер басын шайқады.
- Болмайды, айналайын, болмайды.
- Неге болмасқа? Басқалар алдырып жатады ғой. Менің солардан нем кем...
- Айырмаң – шақалақтың мерзімі үлкен. Он үш апта. Үш айдан асқасын аборт жасауға тиым салынған. Мұндай мерзімдегі баланы алдыру кісі өлтірумен пара-пар қылмыс.
- Әке-шешеме енді қалай көрінем? Елге не бетіммен қараймын? Тіпті оқудан шығарып жіберетін шығар...
- Аяғы ауыр жанды оқудан шығаратын заң жоқ біздің елімізде. Құрбыларымнан, ата-анамнан ұялам деген уәжіңе қосыламын. Бірақ, не шара. Алдандым дерсің бәріне. Кейіннен жағдайды олар да түсінер. Түсінер де саған түсіністікпен қарар. Пешенеңе жазылған тағдыр ғой, бұл қызым.
- Солай ма, апатай?!
Қыздың көзі тағы дымданды.
- Жасың нешеде өзіңнің?
- Жиырма бірге аяқ бастым.
- Кәмелет жасынан асыпсың. Бәрібір бұл мәселені әке-шешеңмен кеңесіп шешуің керек. Олар шалыс басқан екен деп өз баласынан қашпас. Ата-анаң бар ма еді өзі?
-Бар.
-Қайда тұрады?
-Арқалық жақта.
-Анаңды шақырт.
-Оған қалай айтам, мына сұмдықты?!
-Өзге амалың бар ма еді?!
- Әрине, жоқ. Мен шарасыз бір жанмын ғой қазір. Өтінем, апай! Мына халімді ешкім білмесінші, ешкімге айтпаңызшы, өтінемін...
-Мені түсін, шырағым! Деканатқа айтуға тиіспін. «Құзар шыңнан құласаң да, көңіліңмен құлама» - деген атам қазақ. Жамандыққа ұшырап жүрмегейсің, жазатайым!..
- Бұдан асқан жамандықты іздесем таба алмаспын...
Бұдан әріде екі жан да үнсіздікке байланған-ды.
***
Қиық қас, қара торы әйелден маза қашқалы екі күн. Содан атқа қонғаны кеше. Аудан орталығында көлікті біраз күтуіне тура келді. Қас қылғандай, автобус екеш автобус та мұндайда керги қала ма, алғашында тағатты тауыса кешіксе, артынан алға қарай өңкіп ала жөнелмей, дөңгелегіне тас қадалғандай шоқаң-шоқаң етумен адамның зықысын шығарып бақты. Әлдекім қиястықпен соңына күрзі тас байлап қойғандай итің-итің десең де сияқты, мына жүрісіне. Амал нешік шыдайды да. Шыдағасын дыбыс шығарарға қайраны жоқ. Мына ескі-құсқының осынша шабан жүрерін бұған дейін үлкен қалаға пойызбен қатынағаннан соң ба, аса білмеген де. Білмегеннен кейін ғой шұңқыр-шұңқыры көп ескі жолда ыңыранған қызталақ келгірге ұрынғаны. Әйтпесе...
Өзін-өзі келемеждегендей мырс етті. «Әйтпесе немене, самөлөтпен ұшар ма едің?- деді сонсын ішінен тызалақтап, - Жапан түзде оны қайдан тапқандайсың? Ой, ессіздік-ай... Дәмесінің зорын!»
Бұл үлкен қаладағы оқуда жүрген Назымның анасы Күлайхан болатын. Жақсы тәрбие алған, орта мектепті үздік бітірген, мінезі орнықты қызына сенген соң жіберді ғой Астанаға. Әйтпесе...
Қолында көп дүние тұрғандай қопаң етіп барып сап басыла қалды. «Байға берейін деп пе едің, үйде қамап?» деді сонсын өзін-өзі түйрер мысқылмен. Сөйтті де ернін тістеледі. Бере салғаны да жөн бе еді, алысқа тентіретпей. Бәлкім көңіл жарықтығы сонда тыныш болар еді ғой.
Қызының бұл шақыртуы тегін емес екені жанын жегідей жеген. Айдың, күннің аманында, оның үстіне қолда қомақты шаруашылық барда кім кімді алысқа сүйрелегендей. Күйеуі Есімде де ес жоқ. «Е-е, шақырса, барып қайт» деп тезінен келісе кеткені. Содан Күлайхан жолға шығар алдында түс көрсін. Қызы үйге келген екен дейді. Жүрісі ебіл-дебіл. Шашы дұрыстап жиналмаған да. Үстіндегі киімдері олпы-солпы. Әдеттегідей ашық-жарқын сөйлеспей әлдеқайда сырғақтай береді. Не қылса да ырымға жаман бірдеңе.
Көңілі секем алғанымен өзін-өзі сабырға шақыра жолға шыққан. Ендігі отырысы осы.
Әрі-беріден кейін өзін-өзі алдарқатуға тырыса сырттағы табиғат ерекшеліктеріне көңіл аударуды ниет ете сыртқа жанар аударған. Солай отырып әуелі қалғып, артынан ұйықтап кеткенін байқамаған. Астана бекетіне жеткенде бір-ақ оянып, өзін қарсы алуға шыққан қызын көргенде оның жүзінен, сонсын бойынан бәлендей өзгеріс байқай алмаған сәтте жүрегі орнына түскендей еді. Оның алдамшы екеніне ертеңінде ғана көз жеткізді.
***
Ертеңіне қала ортасындағы салтанатты ғимараттың үшінші қабатына көтерілгенінде өзін біртүрлі сезінгені жасырын емес. Аяғына қан түскен аттай алға басқан қадамы керіге кетіп тапырақтады да қалды. Тіпті, осы қалпында кері айналып кетсе, ғимараттан шыға қашса соны қалайтындай. Бірақ, ниет етіп келгенсін онысы болмайтынын ұққанда еріксізден еріксіз алға қарай қозғалуға мәжбүр еді.
Факультет деканы, елулер шамасындағы жылы жүзді әйел емен-жарқын аман-сәлемнен соң бірден шаруаға көшті.
- Жасыңыз үлкен сияқты, апай десем айып етпессіз.
- Айта беріңіз.
- Назым үлгілі студенттіміздің бірі. Ерсі қылығын көрген жоқпыз. Қайран қалып отырмын. Сағымдай құбылған, сабындай бұзылған уақыт қой... Түзу жолдан жаңылып... ұятты жағдай орын алыпты...
Мәймөңке сөзді сүймейтін тік мінезді Күлайхан:
- Сонымен не бопты? Әкесі өлгенді де естіртеді, тоқ етерін айтыңызшы? – деді әлденеге тықырши.
Декан әйел енді тартынбады, тікелей салды:
-Қызыңыздың аяғы ауыр.
- Ауыр?.. Неге ауыр?!.
Жынды адамның сөзін сөйлеп отырғанын енді түсінгендей кілт бөгеліс жасады, сонсын орнынан тұруға талпынғанымен тұра алмады:
- Бәсе... Бір жамандықты сезгендей едім, - деді ауызымен ауа қармай.
Декан ойын сабақтады:
- Жатақханадағы студенттердің жүріс-тұрысын дұрыс қадағаламай, тәртіп мәселесін ақсатып алған біз де кінәліміз. Адам аласы ішінде... Бір алаяқтың арбауына түскен сияқты... Сабақ үлгерімі жақсы, бөтен қылығы жоқ баланы оқудан шығару бізге де оңай емес. Обал. Мен де анамын. Ақылдасуға шақырдым. Сөге көрмеңіз...
- Оқасы жоқ! Сіз болған дүниені айтып отырсыз. Оны түсіне алмасам мен жетесізбін. Ал, түсінуге тырыссам енді қандай кеңес берер едіңіз?
- Академиялық демалыс алсын. Оқуын келесі жылы жалғастырар содан соң.
- Құдай бұйырса, қызым бір жылдан соң оралады. Сізге, рахмет!
Бұдан арғы сөзге құлықсыздық танытқан Күләйхан орнынан атып тұрған бойда мына арада ауа жетпегендей сыртқа қарай асыға басып кете барған.
***
Арада өткен бір жыл Назымды адам танымастай өзгертті. Тұла бойы тұңғышын анасының ұйғарымы бойынша шаңырақ көтергендеріне тоғыз жыл өтсе де бір шикі өкпеге зар болған ерлі-зайыптыларға табыстап қалаға оралды.
Әуелгіде өте бұйығы еді. Мұң-наласын ешкіммен бөліскісі келмей саяқтыққа ден қойған бір жан болған да қалған-ды. Мұны көргенде құрбысы Перизат «уақыт бәрін ұмыттырар, баяғы қалпына келер» деп үміттенген.
Алайда, арада біршама уақыт өтсе де олай болмады. Керісінше Назым адам түсініп болмас бір жолға түсті. Түн баласында ұшты-күйлі жоғалатын әдет тапты. Әлдеқандай бір түнгі клубтың тұрақты қонағына айналды. Әлде кәріс, әлде армян Вадим деген бір жылпос жігіттің ықтиярымен насара дінінің протестант тармағын уағыздайтын ұйымға барып жүргенін мақтан көрді.
- Жақында бір топ қазақ жастарын шоқындырады, мен сол дінге кірдім, - деді Назым бірде Перизатқа. Содан әріде Вадимнің үйінде болғанын, оның ата-анасымен танысқанын жеткізді.
- Алла сақтасын! - деді қазақы тәрбие алған Перизат мұны естігенде таңданысын жасырмай, - Бұның не қылғаның, құрбым-ау. Дініңді неге сатасың?! Мына қылығыңды менен өзге ешкім естімесін. Ұят та. Ұқтың ба!?
- Ну и что?.. - Орыс тілін араластыра сөйлеуді дағдыға айналдырған Назым қасын керді. Сонсын сәл аялдай жастығының астынан жылтыр қорап шығарып шылым тұтатты да, қою түтінді құшырлана сорды.
Перизат қарсылығын жалғастыруды қоймады.
- Не деп отырсың өзің, құрбым-ау? Қазақ ежелден мұсылман болған! Өйтіп адаспа! Ата-бабамыздың асыл діні ол! Дінін сатқан адам, отанын сатқанмен бірдей! Ешкім зорлап кіргізбеген шығар?! Әлде, біреулер қорқытты ма? – деді енді құрбысынан сыр тартпаққа. Дегенмен мардымды жауап ала алмады:
-Ешкім қыстаған жоқ! Өз еркіммен қабылдадым, - деді Назым нық сеніммен.
- Жетіскен екенсің...
- Жетісейін, жетіспейін, мен енді алған бетімнен қайтпаймын. Бітті!
- Қазақ қызының насара дінін қабылдауы масқара! Тәңірі алдында күнә! Құрбым-ау, дәнеңе бүлінген жоқ, қайт кейінге. Жаздым-жаңылдым деп кешірім сұра Алладан! Түсінесің бе?!.
- Кеш, - деді темекі түтінін құныға сорған Назым. - Вадим христиан дінін қабылдамасаң үйленбеймін деген.
- Құрысын оның шарты! Қазақ құрып қалды ма?! Сендей ақылды қызға қолы жетпей жүргендер қаншама. Ойлансаңшы бір мезет!..
- Ладно, подумаю...
***
Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп деген. Жарым сағаттан асты, Назымды жеткізген такси Көкпар көшесін таба алмай ары шарлады, бері шарлады. Ақыры болмағасын қыз көліктен түсіп қалған. Содан енді жаяу сандалсын. Қала шетіндегі поселке тұрғындарының бірде біреуі ондай атауды естімегенін алға тартады. Жеңіл киініп, боянып-сыланып, аяғына биік өкшелі етік киіп шыққан-ды. Сол біздиген өкшеден көресісін көріп бақты. Жатақханадан шығарда Вадиммен сөйлескен-ді. Қолым тимей жатыр, таксиге отырсаң жетіп келесің деп, келетін жерінің мекен-жайын атаған. Таксиден түскесін соққан қоңырауына жауап ала алмады.
Көше шамдары күңгірт. Жеке меншік үйлерден тұратын поселкенің жолдары ойқы-шойқы. Бос жүрген иттер алдынан шыға келгенде зәресі ұшады. Бірақ, олар қаппайды, «е, бұл сен бе едің?..» дегендей маңқ етеді де, құйрықтарын ойната барар бағыттарына кете барады.
Сағатына қарады, кешкі тоғыздан асыпты. «Көкпар көшесі, 19, Көкпар көшесі, 19» деп Вадим айтқан мекен-жайды қайталай берді.
Әндем шамада бір үйдің бұрышында тұрған бес-алты жігіт дыбыс салсын:
- Оу, бикеш! Қайда бет алдыңыз?
- Көкпар көшесін іздеп жүр едім... – деді бұл бәсең.
Жігіттер қарқ-қарқ күлді:
- Әй, өзіңнің басың дұрыс па, ондай көше жоқ қой бізде.
- Маған бар деген.
- Ендеше аман-есен тапқайсың.
Оның арғы жағындағысы мырс етті:
- Түсінен шошынған біреу де...
- Мүмкін бізді іздеп жүрген жан шығар, ә?..
- О-о, қаланың красавицаларына кет демек шама қайда! – деп жарыса сөйлеген жігіттер топтаса бері жүргенде Назымның жүрегі ауызына тығылды.
«Құдай-ай, екі кештің арасында неге ғана желіктім?!. Вадимның келе ғой деген сөзіне иланып... Мына бұзық немелерден қалай құтылам?! Жаңағы таксимен кері қайтып кетпей... Ой, дура! Нағыз ақымақ екенмін де!»
Қолтығындағы барсеткасын қыса ұстап, үн-түнсіз бұрылып кете берген қызды бет-аузын түк басқан, божбан қара жігіт шап бере ұстай алды.
-Қоя беріңіз мені! Ұстамаңыз!
Мұның шыр еткеніне қарайтын түрі жоқ:
- Красавица! Милая! Дорогая! Бұлқынба! – дейді өктемсіп, - Бүгінгі кеш бізбен бірге боласың! Поняла, шлюха!..
- Помогите!.. Құтқарыңдар!.. - деп айқайға басты мұны естігенде Назым. Онымен де шектелмеді, қарынан қысып ұстаған жігіттің білегінен тістеп те алды. Сол сәтте божбан қара қолын жазып жібергенде қаша жөнелуге бекінген Назымның ойға алғаны болмады, биік өкшесі бұлтың ете қалып, өзі жерге құлап түскені.
Мұны көргенде екеудің шарпылысын бақылап тұрған басқа жігіттер дарақылана ду күлісті. Дегенмен, жігіт пен қыздың арпалысына араласпады.
Енді божбан қара тіптен ашынды. Ол жығылып жатқан қыздың шашынан сүйрей тұрғызып, оның жағынан тартып-тартып жіберді. Көзінің оты жарқ еткен Назым сонда да бұғынбай, керісінше айқайға басты. Осы сеп болып, көрер жарығы таусылмаған екен, маңнан өтіп бара жатқан ересектеу ерлі-зайыптылар ара түсе, шеңгелден босатып алғаны. Босатып қана қоймады, аялдамаға дейін ертіп әкеліп, қалаға қатынайтын автобусқа отырғызып жіберді.
Жалынға айнала жаздаған бір махаббат осылай аяқталған еді.
***
Вадимның алдап кеткенін біраз уақыт уайымдап жүрді де, кейіннен оны әп-сәтте қалай ұмытқанын Назымның өзі де байқамай қалды. Сұлу қызға кім көз салмаған, көрсеқызарлық танытқан жігіттердің жылы-жылы сөздері мен жомартсынған әрекеттері онсыз да әсіреқызылға үйірсек жанды үйіріп тереңге қарай шым батыра берген-ді. Енді Назым екі-үш күндеп жатақханаға қонбайтын әдет тауып алды. Сондай күндердің бірінде шала мас күйінде Перизатқа сырын ақтарғаны бар.
- Құйтақандай сәбиімді бар жоғы бес күн еміздім. Есімін Аян деп атадым. Оны перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыпты адамдар асырап алды. Барлығын реттеп, сөйлесіп, келісіп, құжаттарды реттестірген - анам. Мен тиісті қағаздардың бәріне, бет-жүзіне қарамай, қолымды қоя бердім, қоя бердім. Осылай бауыр етім - баламнан бас тарттым! Көзі жәудіреген ботам шыр-шыр етіп жатты мен кеткенде. Мәмәсін іздегенінен шығар. Сол шырыл әлі күнге жанымды суырады. Түн баласы ұйықтай алмаймын. Көзімді жұмсам кіп-кішкентай қолдар төсімді сипалап жатқандай. Міне, осыны ұмыту үшін ғана ішемін, білдің бе? Шынымды айтсам мен қазір тіріөлік қана сияқтымын. Тұрамын, жүремін, ішемін, жеймін. Болды. Арғы жағында тұлып қана сияқтымын. Тұлыптың не екенін білемісің? Ішіне сабан тыққан өлген бұзаудың терісі ғой. Тап соған ұқсап қалғанымды мойындаймын. Өзімді-өзім жек көргенім сондай у ішіп өлгім келеді! Неше рет өлуге әрекет жасадым да. Жеме-жемге келгенде жан тәтті екен, батылым жетпеді. Мен өзімді батырмын деп ойлайтынмын. Сөйтсем нағыз су жүректің өзі екенмін. Көлеңкесінен қорқатын сужүрек.
Ақталып отыр деп ойлама. Өзімді-өзім күресінге тастар нағыз күнаһармын. Алпыс екі тамырымды иітіп, титімдей ғана аузымен төсімді емген қошақанымды ойлағанда өзімді қоярға жер таппаймын. Солай, құрбым!
Көз жасы моншақтап, егіліп отырған Назым кенет аяқ асты өзгерді де, жанында жатқан жастықты бауырына баса әлдилей бастады.
- Алтыным-ай! Аяным-ай! Анаңды сағындың ба, ботам-ай?! Емшек емгің келе ме, өзіңнің? Қазір-қазір беремін.
Қапелімде бөлмені басына көтере сақылдап күлді де, көйлегінің өңір түймелерін ағытып, омырауына жастықты тосты:
- Ем, жарығым! Еме ғой!
Әлди-әлди, балашым!
Әлдилейді анашың.
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой...
Әлди-әлди, балам-ай!
Әлдилейді анаң-ай!
Бесігіңді тербетіп,
Әлдиіңе салам-ай!..
Әлди-әлди, балам-ай!..
Дүние төңкеріліп бара жатқандай еді...
***
Ертеңгілік айнадан өзін көргенде Назымның жүрегі шым ете түсті. Көзі қызарған, беті ісінген, шашы ұйпа-тұйпа біреу бұған бедірейе қарап тұрған.
-Мыж-мыж болған ұсқының құрысын!
Деуін дегенімен бір жұтым сұйықтықты тілеген тін жұтынып-жұтынып қалды.
Ащы суға құмарлықты баса алмай-ақ қойғаны. Отырыстардың бас жағында өзінше тартыншақтап отырады да, бір-екі жұтым өңештен өтісімен қамшы салдырмай жорғалай жөнелетін дағды тапқан. Тамағы жыбырлап, сусаған жандай сілекейі шұбыра жөнелетінін қайтерсің. Сонсын маңайындағылардың гөй-гөйімен аттың басын жібереді дерсің. Өліп ішеді. Бүгін мынаның, ертеңінде тағы біреудің төсегінде шашылып жатқанын байқайтыны содан.
Құрбылары да құрбым-ақ. Шыңғырып билегенде жерді тесіп жіберердей. Бірауықтан кейін олар да аптық басады. Басқаны емей немене, ақ төсектің мылжа-мылжасын шығарғанын аңғара жанындағы қор-қор еткеннің иісін ала дем басып жатады.
Солай, шырақтар! «Өмір өтіп барады, өмір өтіп» деген тірлік осындай-ақ болар.
Айнаға қайтадан көз салған Назым өзін-өзі келемеждей мырс етті.
- Ой қаузаған не теңім?! Қой, жуынайын, - деді сонсын лоблыған жүрегін басуға әжетханаға қарай беттей бере.
Сол сәтте сыртқы есік сықырлай ашылған. Мына тосындыққа жыны келгені сондай, табалдырық аттаған адамға дүрсе қоя бергісі келіп түйіле бере кенет кілт іркіліп қалды.
- Привет, Назик! Қайырлы күн, ханым! Түнде тәуір сілтедік, ә! Сен мықтысың!..
Саудырай сөйлеген Жұлдыз екен. Кәдімгі, күндіз де, түнде де қызық пен шыжыққа бірге кенеліп жүрген және бір құрбысы.
- Қайдағы мықтылық-қ? Басым быт-шыт!.. Жарылуға шақ тұр...- деді бұл жыламсырай, - өзіңнің қолыңа кеше «қарға тышып» па еді?
Жұлдыз жымиды. Құдды кешелі бері дым болмағандай, дым көрмегендей тың өзі.
Оның мына қалпына күйіп кеткен Назым:
- Кісіні қинамай айтсаңшы, қарғаның саңғырығы бар ма, әлде жоқ па? – деді ашу шақыра. Жұлдыз сонда ғана жымиысын жайды:
- Шәй ішейік, біздің бөлмеге жүр. Қалғанын ауа райына қарай көре жатармыз.
Қай кезде де көңілді жүретін күлім көз, талдырмаш денелі, ақсары қыз Жұлдыз екеуі бір-екі кесе шәй ішкен соң адам қалпына келген сыңайлы.
- Құрбым-ау, осы сен қайғыру, біреуге ренжу дегенді білмейсің-ау, сірә! Дәйім қағанағың қарқ, сағанағың сарық бір жансың? Соның сырын түсіндірші? – деді Назым Жұлдызға сынай қарап.
Құрбысы езу тартты:
- Оның нендей сыры болуы мүмкін. Пәлендей ештеңесі жоқ. Біз жаспыз. Жастық шақта ойнап-күлмегенде, жарқырап жүрмегенде не көрініпті?! Өмір екі айналып келмек емес дейді ғой білгіштер.
- Сөйткенмен?..
- Менікі де «бүгін бармыз, ертең топыраққа айналамыздың» кері ғой. Ендеше бар боп тұрғанда алатынымызды алып қалайық. Берерімізді өлгеннен кейін құрт, құмырсқаға сый етерміз.
- Сезім мен нәпсіге тосқауыл қоймасаң, орға жығарын мен бастан өткерген жанмын.
-Таусылма өйтіп. Бүлінген дәнеңе жоқ! Қалпына келер бәрі де. Айтқандай, Абзалдан не хабар? Аман ба?
- Аман-есен. Уацап арқылы күнара хат жазады...
- Не дейді сонда?
- Сағындым, қашан келесің дейді... – Назым тығыла қалды, – Абзал сегіз жастай үлкен ғой менен. Өзімше менсінбей, мұрнымды шүйіргенмін ауылда жүргенде.
- Ештен кеш жақсы! Ғашық екені шын болса, сол жігітке тұрмысқа шықсаңшы.
- Қайтіп?
- Сөйтіп. Тиіп ал, болды. «Сонда құда да, құдағи да тыныш» деуші ме еді?
- Өткенде сондай ой келген. Тағдыр жазса, кім білер, сөйтермін, оған уақыт таразы. Үлкен қаладан жалықтым. Ешкімге артар кінәм жоқ, оқуды бітірісімен елге кетем.
- Сен елге барсаң көз бар, сөз бар дегендейін... жағдайың бола қоймас. Одан да, ақылымды тыңдасаң, басқа жаққа қараңды батыр. Дәл сонда саған керегі Абзал сияқты можантопай жан. Неше жылдан ғашық екен илеуіңе көнер...
- Қаперге алатын ақыл сияқты.
Осымен сөз тәмәм.
Екі құрбы бұдан соң барын киініп қайтадан көшеге шыққан.
***
Сол күнгі оқиға көрге кіріп дамылдағанша есінен кетпес.
Кешкілік түнгі клубқа келген құрбылар, өздеріне таныс қызметшілермен жарқын амандасқаннан кейін бос тұрған шеткергі столға жайғаса бергендерінде, қайдан пайда болғаны белгісіз, еңгезердей екі жігіттің жабыса кеткені.
- Біз сендерді тағатсыздана күткен едік, - деді бірі әй-шайға қаратпастан.
- Сендер үшін барымызды шашуға бармыз, өйткені, тәттіге шөліркеген ындынымызды басатын қыз деп алабұртқанымызға екі күн, - деп екіншісі оны қолдап ала жөнелді.
Осы кезде Жұлдыз:
- Біз сіздерді танымаймыз да ғой, - деп сызыла қалған еді, сөз бастаған жігіт қолын ұсынды:
- Қабылда.
Екіншісі де тінтініп-ақ тұр.
- Қасым.
Назым тартыншақтай бергенде Жұлдыз ілкімділік жасады:
- Жұлдыз. Ал, мына құрбымның ныспысы – Назым.
Олар қол алысып тұрғанда енді Назым да қатардан қалмады, «Назым» деп жігіттердің алақандарына алақанын қыстырды.
- Міне, енді біз де таныс болдық. Олай болса, именшіктемей еркін отыруға жазсын, - деді осы кезде Қабылда күтуші қызға белгі бере тұрып.
Содан басталды дерсің «алашапқын». Жігіттер жомарт-ақ, жартылай жалаңаш қыздардың ышқыры мен төстартқыштарына салатындарын салып, қала берді столдастарының бөкселерін де сипалау мен сияпаттан құр қалдырмай дүниені шайқаудайын шайқады.
Түннің бір уағында қонақүйге келгендер және тартынбады, ішерлерін ішті, ыңырсу мен ырғақтауларын жасап бақты. Сұмдығының өзі сонда, клубтағы екі жігіт қонақ үйдің бөлмесінде бесеу-алтауға айналып кете барды. Ылғый бозөкпелер, ылғый әлекедей жаланған «ашбөрілер». Бірі кезектен шықса, уақыт өткізбей екіншісі іліп әкетеді. Тіпті, ара-арасында бөріктіріп апарып ваннаға тоғытып алатындарын қайтерсің. Адамды емес, әлдеқандай затты аунатып-қунатып ермекке айналдырғандай. Әлде, көкпар тартып жүргендей ме. Мына қалыптарында өлдім десең жабайы ойындарын тоқтатпас. Ал, шын өле қалсаң ешқандай өкінішсіз қоқысқа лақтырып тастарлары анық...
Дұрыстап киінуге мұршасы келмей, күртешесін сүйреген бойы тәлтіректей сыртқа шыққанында Назым өлі мен тірінің арасында еді.
***
Қонақүйден ұзап шыққанында сонадайдан көрінген тал тасасына орнатылған сәкіге тізе бүге беріп, ауызына сыймаған тілін бұрай сөйледі:
- Кетемін мына жынойнағы өршіген қаладан!
Ебіл-дебіл жылаған.
- Оқуың да керек емес, - деп өксіген, құдды тағдырын талқандаған жағдайға оқу орны кінәлідей, - Абзалдың аяғын құшып жатсам болғаны... ендігі маған қалғаны сол ғана...
- Жібі түзу қыз бола алмадым! Ең құрымаса енді күйеуімнің алдында құрақ ұшар салпы етек, сары қарын қатын болайын да... - Үсті-басын жөнге келтіре аз-кем бөгелген.
- Қош бол, арман қала! – деді алыстарға қарап, - Мен енді сені көрмеуге тырысамын...
Дегенінде тұрды. Абзалға тұрмысқа шықты. Тойды жасатпады, ерін басқа қалада тұруға көндірді.
Өмір түзелгендей-ді. Абзал екеуі де жұмыс тауып, кәдімгідей тіршілік кешуге мүмкіндік алған. Оның үстіне, көп өтпей Назымның аяғы ауырлағаны жас отау шырайын одан әрмен ашқанына көпшілік куә еді.
Бірақ... шыр етіп дүниеге сәби келген тұста бір қара бұлттың аспанды тұтаса жапқаны анық.
Бәрі ойда-жоқта қалыптасқан. Дүниеде өзінен бақытты жан жоқтай сәбидің балбыраған кейпінен рахат тауып, иісіне елітіп жатқанында медбике бір гүлдесте жеткізген. Абзалдан екен.
Оны қолына алғанында кішкене қағазға жазылған ерінің бір ауыз сөзі қам көңілін аспандата түскен. «Мен саған разымын!.. Аман болыңдар!..» депті Абзал бар ризашылығын бір жолға сыйғыза.
Бұдан асқан бақыт, бұдан асқан қуаныш болмас!
Жаны жадырап, жүрегі жарылуға шақ қалғанында, медбике және бір гүлдесте ұсынсын.
Апырым-ай, бұл кімнен болды екен? Мына жерде етене араласып кеткен жан жоқ сияқты еді ғой... Одан да бір жапырақ хат шықты. Масқара!
«Уһ! Шарқұрып іздеп жүріп, әрең таптық-ау! – депті онда, - Балаңның бауы берік болсын! Бұл біздің қанымыз емес пе? Қонақүйді есіңе түсірші?.. Қайсымыздікі болды екен, ә?.. Жәрайды... Оны іздеудің қажеті жоқ шығар. Бала емес, сен керексің. Ертең шығарып аламыз. Күт».
Жүрегі су ете түсті. Не Қабылда, не Қасымнан. Бұлар да қалмайды екен, ә?!. Адам тағдырымен ойнағандардың ойыны осылмайтыны белгілі. Ендеше...
Жаны қарайды. Әлгі бір әзірдегі шуақты шағы түнекке айналғандай.
Абзал мен жаңа туған сәбидің болашағына дақ түсірмеуі керек. Олар нағыз адамдар. Ал, нағыз адамдардың жын-жыбыр, пәле-жаладан аулақ болғаны жөн.
Сәбиіне қимастықпен көз салды. Балбырап жатқан, мөлдіреп жатқан тіршілік иесі мына безбүйрек тірліктен мүлдем бейхабар.
- Аман бол, сен де, ботам!
Қасындағылар түскі тамаққа кеткен бе, палата іші босап қалыпты.
Жүгіріп барып үлкен терезені ашып жіберді. Сол-ақ екен ішке жып-жылы жел лап қойды.
- Аман бол, аппақ әлем!..
Біреу желкесінен ұстап, алға итерген сияқты ма, қалай?!. Жарық дүниені қимағандай айналасына алақ-жұлақ қарады. Содан соң бөгелмеді, үшінші қабаттағы терезе жақтауынан әрі қарай аса берді...
