Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төр Алтайдағы Оралхан тойы...

31.08.2023 1500

Төр Алтайдағы Оралхан тойы 14+

Төр Алтайдағы Оралхан тойы - adebiportal.kz

Сарша тамыздың он үшінші жаңасында сәті түскен сапармен, көзінің тірісінде жарқ-жұрқ етіп жұртты тамсандырып өте шыққан, прозасы өзінің Алтайындай жұтынып тұрған көркем де келісті Оралхан Бөкейдің ауылын бетке алып шықтық. Бағытымыз – Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шыңғыстай ауылы. «Алатау асқақ шығар, бірақ Алтайдың қолына су құюға жарамайды» - депті Оралханның өзі. 

Түбі бір түркінің алтын бесігі болған киелі Алтай. Дана Алтай. Қарт Алтай. Өскеменге дейінгі аралықты тегіс жолмен ағызып келген жүйрік жеңіл машинамыз Қатонқарағайдың нулы орманы жайқалған қалың қойнауына кіре бере кібіртіктеп қалды. Тауды жағалай салған жолдың айналма бұрылысы көп. Бейтаныс өлкеге тұңғыш рет келіп тұрған көңілім алағызып, сұлулығына қайран қалып, айналама алақ-жұлақ қарай беріппін.

Алтайдың кербұғысы Оралхан өскен өңірдің табиғатын көзбен көріп сезінбей, топырағын баспай, шығармаларын оқу бекершілік екен ғой. Анау арқырап аққан асау өзен. Таудың биігінде өскен самырсын, балқарағайлар. Тамылжыған әсем табиғат.  Иісі танауыңды жарар көк шүйгін. Ошаған. Ермен. Изен мен жусан... Аппақ самаладай қарлы таулар. Қия бетте қылаң ұрған маралоты. Жап-жасыл дестеленген аршалар. Ұшар басы көкке бойлаған шыршалар. Қойдай-қойдай, үйдей-үйдей тастар. Орман ішінен әредік көрініс берген он сегіз сала мүйізді кербұғылар. Ағаштан ағашқа секірген бұлаң құйрық тиіндер. Бұрынырақ Алтай өлкесін тамсана да тамсандыра отырып суреттейтін Оралхан Бөкей  шығармаларын оқып, Алтай асқым келуші еді.  Міне, жер жәннәті Алтайға келудің де сәті түсті. 

«Өткен күнде белгі бар іздеушісі болса, келер күнге Тәңір жар, тілеушісі болса», - дейді халқымыз. Биыл Алтай аспанында ойнаған  жасындай жарқылдап өте шыққан жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің сексен жылдық мерейтойы. Аз ғұмырында қазақ әдебиетіне теңдесіз туындылар қалдырған қаламгердің торқалы тойы туған ауылы Шыңғыстайдан бастау алды.  Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары мен жерлестері жиналды. Нұр сипатты әңгімелері әрқашан даласына рухани  сәуле дарытып тұратын жазушы туралы шараға қатысушылар көрген-білгенін, түйгенін айтысып жатты. 

Мерейтой аясында ауданда Оралхан Бөкейдің кеудемүсіні мен Музей үйінің салтанатты ашылуы болды. Сонымен бірге Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсаукесері өтті. Төр Алтайдың әсем табиғатын көркем сөзбен кестелеген жазушының мерейтойы аясында Шыңғыстай аулындағы Оралхан Бөкейдің музейі үйінде «Төр Алтай бояулары» атты суретшілердің пленэр-көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Игілікті шарада сөз сөйлеген Оралхан Бөкейдің туған қарындасы  Ғалия Бөкей апай:

«Бүгінгі Алтайдың төрінде дүбірлетіп басталған тойдың шымылдығы ашылды. Қаншама жылдар бойы Алтайдың асқақ бейнесін жырлап келген Оралхан бүкіл дүние жүзіне, Алтайдың табиғаты мен жер-суын, адамдарының психологиясын, ой-өрісін, бұл өлкенің тылсым күшін  өз шығармалары арқылы танытты.. Сіздерге айтар үлкен жаңалығым бар. Астана қаласының сол жағалауындағы А-30 көшесі Оралханның есімімен аталатын болды. Осы тойымыздың елордадағы жалғасы сол көшенің ашылу рәсімінен бастау алмақ. Шыңғыстайдағы Оралхан Бөкейдің сексен жылдық мерейтойына ат салысқан бүкіл демеушілері мен барша қауымға басымды иіп, алғысымды білдіру – менің парызым!

Алматыда да, Астанада да, Өскеменде де қаншама насихат жұмыстары жүруде. Бұл біреуден қорыққандықтан емес, жазушының талантын танығаннан деп білемін. Сондықтан, Қатонның құйқалы жері, керемет табиғаты, оны әңгімесіне қосқан Оралхандай ағаларыңыздың соңынан ізбасарлары туа бергей!», - деп аяулы тілегін білдірді. 

Жазушының Шыңғыстайдағы туған үйіне мұражай атағы берілді. Бұл үйдің әрбір тақтайы мен қабырғасы, тасы Оралхан жайлы көп сыр шертеді. Бір сағынса, Оралханды осы үйі сағынады. Бұл үйді Оралханның әкесі Бөкей өз қолымен тұрғызыпты. Қара шаңырақ. Мұражайға жазушының достарының сыйға тартқан қанжары, бозбала кезінде қолына таққан сағаты, жанынан тастамайтын фотоаппараты, Шолпан апайының сыйға тартқан радиоласы қойылған. Оралхан өмірінің әрбір сәтінен жинақталған суреттер мен төргі бөлменің қабырғасында қара домбырасы ілінулі тұр. Ата-анасының жатын бөлмесі. Күлия апамыздың өз қолымен жабдықтаған төсек сырмақтары. Әр бөлменің қабырғасына жапсырылыған сағаттар Бөкей әулетінің мүшелері уақытпен есептесіп, уақытты үнемдегеннін аңғартады. Оралхан ағамыздың шығармашылық бөлмесінде әрбір туындысына куә болған, шабыт берген жұмыс үстелі, қол портфелі қойылыпты. Оралхан 1962 жылы өзінің алғашқы еңбекақысына ата-анасына арнап диван әперген екен. Сол диваны мен теледидары да осы мұражайда сақтаулы тұр. Күлия апамыздың қолөнерінен жинақталған төсек-жабдықтары, алаша-сырмағы, оюланған бөстектері, іс-тігін машинасы жайғастырылған. Ас үйде Күлия апамыздың қолданған ыдыс-аяқтары, Оралханның «Апамның астауы» әңгімесіне арқау болған астауы орналастырылыпты. 

1943 жылы Оралхан ағамыз дүние есігін ашқанда,  әкесі Бөкей Орал қаласындағы еңбек майданында қызмет етіп жүрген көрінеді. Жұбайым аман оралса екен деген ниетпен перзентінің атын Оралхан қойған. Оралханның көзін көрген ауылдас қарындасы Гүлнәр Жуанханқызының  айтуынша, Оралхан бір үйдің еркесі болып өсіпті. Гүлнәр апамыздың анасы мөлшерімен, 1943-1950 жылдары Оралханға сабақ беріпті. Ол кезде Оралханның жасы алтыда екен.

«Бір кездескенде Оралхан: «Сенің шешең мені бірінші сыныбымда көшірмей тастаған», - деді. Сосын мен шешеме келіп: «Тәте осы рас па еді?» - деп сұрасам, тәтем: «Оралхан бірінші сыныптың тізімінде жоқ сияқты болған. Бірақ Күлия апайға ешкім қарсы бола алмайды. Оралханды мектепке әкелді. Баласы өте ерке болып, басы былқ-сылқ етіп өзі дұрыс оқымады. Солай қалып қойған» - деді. Кішкентай кезім еміс-еміс қана есімде. Менің әкем де мектепте мұғалім болған адам. Сол Оралханды оқытқан. Оралханның алғашқы тырнақалды туындыларының бірі – менің әкем туралы жазылған «Ұстаз қасиеті» атты мақаласы. Ауыл халқы әкемді «Шыңғыстайдың Мичурині» деуші еді. Аудандағы ең алғашқы жылыжайды салған сол кісі болды. Әкемнің бір жылда бір картоптан қырық үш келі картоп алғанын Оралхан жазған. 

 Оралханға дарыған қасиет – шешесінен. Шешесі Күлия өте шешен адам еді. Күлия апамыз «мынау Оралхан әкелген шәй» деп, мақтаныңқырап демдеп беретін. Оралханның өзі тік мінезділеу, тәкаппарлау, кербездеу болды ғой. Өзі киімді де сәндеп киетін. Сіздер Оралханның  «Бес тиын» атты әңгімесін оқып па едіңіздер? Ол әңгіме біздің ауылдың пачталоны Зарқұмар аға турасында жазылған. Кезінде ол шығарма сахналанған. Бұлар жағымсыз кейіпкерлер. Ол кезде халық кітап оқитын. Алтайға қатысты жазылған барлық әңгімесінің кейіпкерлері осы ауылдан. Басқаларынан қарағанда Оралханның қарындасы Мәншүк ағасына жақын болды. Оралхан әңгімелеріндегі образдардың бәрін қарындасы тауып беретін. Қаладағы адам ауылда кімнің не істеп жүргеннін қайдан білсін? Мәншүктің өзі Алматыда оқыды. Өзі әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Оралханның шығармаларын  насихаттаған, Алматыда не іспен шұғылданып жатқанын бізге хабарлап отырушы еді, жарықтық. Екеуміз қатар мектепте мұғалім болып қызмет еттік» - деп ескі күндердің елесін көз алдымызға әкелді. 

Қара сөздің пірі – «Оралхан Бөкей қазақ прозасының Алтайы» десек, қате айтпағанымыз болар? Ол өз шығармаларында адам болмысы, оның іс-әрекетін әлеуметтік-қоғамдық жағдайлар мен астастыра, реалистік-романтикалық табиғи бояуын қанық бере білген суреткер. Қаламгер  қоғамдағы әділетсіздікті тап басып, оқырмандарының айызын қандыра  әңгімелей отырып қиялымен тиянақтайды. Мысалы, «Өз отыңды өшірме» атты романындағы Дарханның бейнесі арқылы мехнатты жолдан өткен адал адамның қиындыққа мойымай, бәрін көтере білер дала ұлына тән қайсарлығын көрсетеді.  Әңгімелері мистикалық сарынға толы.  

«Қар қызы» повесіндегі Қоңқай бейнесі қазақы танымға, қазақы қонақжайлылыққа жат кереғар кейіп. Жазушы қыстыгүні қар сұраса бермейтін қырсық Қоңқай шалды сұмырай, сараң кейіпте суреттейді. Суверенитет деген сөзді қолдана отырып, Қоңқай шалдың аузымен «Айыртауда жетпіс жылдай қараша мемлекетімді қолдап, алысқанмен алыстым, жұлысқанмен жұлыстым» деген сөзді айтқызады. «Апамның астауы» әңгімесінде жазушының босағада төңкеріліп жатқан астауға көзі түседі. Бұл – жәй астау емес, қаңсып, төңкеріліп жатқан астау. Автор астаудың сынуын көркем штрихпен көрсете отырып, жетпіс жыл билеген Кеңес үкіметі тұсындағы қазақтың салт-дәстүріне түскен жарықшақты айтқысы келгендей. Автор шығармалары романтизм арқылы суреттелгенімен, идеясының астарында заманның әлеуметтік шындығы мен пайымы тұрғандай. 

«Оралхан Бөкейдің әдебиет табалдырығын аттауы бір ерекше болды. Ол өзі секілді ерекшелікпен келді. Шерхан Мұртаза ауылда жүрген журналист жігітті топ еткізіп Алматының төріне, үлкен басылымның бөлім меңгерушісі лауазымына сайлаған сәтте көпшілік жұрт қызыға да қызғана қарады.  Кербұғыдай кербез Оралханның жұртқа сәлем беруі қиын деп ойлады былайғы жұрт. Өзі де, шығармалары да, кейіпкерлері де қияли сияқтанатын. 

Кезінде Алматы қаласында «Атаукеренің» премьерасы өтті. Атау кере шығармасын көтеріп тұрған Тағанның «Неге біз осы?» деген бір-ақ ауыз сөзі. Автор ара арқылы аралас некенің қасіретін жеткізгісі келеді. Ал пьесада бұл мүлде жоқ. Режиссер тек Таған мен араның арасындағы қарым-қатынасты ғана көрсетеді. Алматы қаласында керемет жарнамасымен «Қар қызының да» премьеарасы өткен еді. Қойылымды қарап отырып, іштей «Оралхан аға осы жерде болса, төмен қарап ақырын шығып кетер ме еді?» деп ойладым. Қойылымда Оралхан Бөкейдің ең негізгі айтқысы келген сөзі жоқ та, Қар қызын көлбеңдетіп ары-бері жүгіртеді. Автордың айтпағы тәуелсіздік идеясы емес пе?

Тағы бір мәселе, республика көлемінде жазушының бүкіл қарасөзі, драматургиясы, публицистикасынан көркем сөз жарыс жарыстары өткізіліп тұратын еді. Қазір сол үрдіс тоқтап қалды. Неге соны жандандырмасқа? Халықаралық, республикалық деңгейде ұйымдастыра алмасақ та, облыстық деңгейде әдемілеп өткізуге мүмкіндік бар ғой. Мұражай ашу ісі – бір сәттік ғана көз қуаныш. Оның шығармашылығын өскелең ұрпаққа хасихаттау һәм таныту мәңгілік өнеге емес пе?», - дейді Қыздар Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы  Гауһар Балтабаева.

Оралхан Бөкей өз шығармашылығы арқылы іші жақұт сөздерден ғана тұратын алтын табақ ұсынады. Бірақ бір кеудемүсіннен ары қарай екі метр аттағаннан кейін сол алтын табақтан айрылып қаламыз. Себебі біз сөздің қадірін білмейміз. «Оралхан ағамыз сөздің магиясы мен сиқырын білген адам. Бізге жетпейтін нәрсе көңіл десек, бір-бірімізге деген сыйластық пен білімнің өзі сөз арқылы орнығады. 

Адамдар өмірге бірнеше мәрте келетінін ғалымдар дәлелдеу үстінде. Оралхан Бөкейдің Үнді еліндегі Тәж Махал кесенесінде қайтыс болуы да – бекер емес. Жәннәттің солтүстік есігі осы біздің Мұзтауда болса, оңтүстік есігі Үнді еліндегі Брахмапутра өзенінің жанында екен. Оралхан ағамыз Үнді елінде қайтыс болғанымен, жаны туған жерінің әр перзентіне рух беріп жүр деп ойлаймын», - дейді Оралханның ауылдас қарындасы, жазушы Назым Ісләмқызы. 

Оралхан Бөкей киелі Қатонқарағайдың атағын асқақтатты. Қатонға жақындаған тұста Ер Қаратай бабамыздың ескерткіші тұр. Ол мініп тұрған атынан түсіп, келіп-кетушілерге ақ жол тілеп тұрғандай. Ортадағы Сарымсақты өзені – сағыныш өзеніндей. «Базаралының қайраты менде болар ма еді деп Базаралының қайратын мойындаған Құнанбайша» өмір бойы Оралхан Бөкейдің  қаламының қарымы мен қуатын мойындап,  жазушының қайталанбас дарынына таңданысын жасырмай өткен Шерағаңнан артық жазушыны ешкім таныған емес. Шерхан Мұртаза бекзаттықпен Оралхан Бөкейдің биіктігін, өзі жаза алмаған дүниелерін Оралхан Бөкейдің келістіре жазып келетінін талай айтқан. 

Таңда туып-батқан Шолпан жұлдыздай аз ғұмыр кешсе де, мынау Шыңғыстай жұрты мен қалың қазақ оқырманы барда оның есімі өшпейді. Керісінше, шығармашылығы жаңғырып, жылдан-жылға жасара бермек.

 

Көрнекі сурет авторы: Аяужан Утеулинова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар