Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (...

17.11.2015 7305

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ ДЕ – АҚ, ӨЗІ ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов)

Тұрсын Жұртбай: «СӨЗІ  ДЕ – АҚ, ӨЗІ  ДЕ – АҚ...» (Міржақып Дулатов) - adebiportal.kz



1.


Жоғарыдағы Д.Әділевке тағылған:

1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн құпия ұйым құрған.

2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған.

3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған, – деген айыптаулар, шындығында, тікелей Міржақып Дулатовқа қарсы бағытталып еді.


«Алашорда» үкіметі кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейінгі құпия қызмет мекемесінің күндіз-түні кірпік қақпай аңдығаны «Алашорданың» көсемдері, соның ішінде әскери кеңестің мүшелері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов болатын. Оларды Ресейде, Қазақстанда, Түркістанда, Түрікменстанда жүрсін, бәрібір, соңдарына тыңшы қойылды. Төтенше комитеттің бөлімдеріне құпия тапсырмалар беріп, қалайда ретін тауып тұтқынға алу бұйырылды. Алаш әскерін тікелей басқарған Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатовтың әр қадамы хатқа түсіріліп, шұғыл түрде орталыққа хабарланып отырды. Бұған алдыңғы тарауларда келтірілген Ә.Бөкейханов пен Х.Ғаббасов хақындағы «мінездемелер» дәлел.


Омбы қаласына барып, кеңес өкіметі жағына шыққанын ресми мойындап, оқу-ағарту мекемесіне қызметке алынған бетте М.Дулатов тұтқынға алынып, ісі төтенше комитетке беріледі. Бұл сотсыз атылу деген сөз еді. Ол туралы Д.Әділев тергеуде:


«Кейін қандай да бір жұмыспен Дулатов Омбыға барады. Сонда қолға түсіп қалады да атуға бұйырылады. Сол кезде Дулатовқа бұрыннан таныс Омбы губисполкомында істейтін павлодарлық казак-орыс Полюдов кездесіп қалып, құтқарып алады. Соның көмегімен Оқу-ағарту комиссариатының өкілі ретінде куәлік беріліп, еркін жүріп-тұруға рұқсат алады. Сонда да оның соңына тыңшы қойылып, тынышын кетіреді. Полюдовқа айтып жүріп халықаралық вагонмен Ташкентке – Қожановқа келеді», – деп көрсетті.


Сол «тыңшылық» қашан Дулатов Соловецкі түрмесінде көз жұмғанша соңынан қалмайды. Ал Омбыдағы оқиға туралы М.Дулатовтың өзі:


«Сол кезде маған кеңес өкіметіне қарсы күрескеніне қарамастан алашордашыларға ВЦИК-тің кешірім жасағаны туралы мәлімет келді. Мен 1920 жылдың қыркүйек айында Омбы қаласына келдім де, бірден губерниялық атқару комитетіне кірдім. Міне, тура сол кезден бастап менің кеңес өкіметінің жағында істеген үздіксіз еңбек жолым басталады. Өзімнің атқарған лауазымдарым мен істелген жұмыстарымды тізімдеп шықпай тұрып, мына жайды айтқым келеді: мен Омбы қаласында шығып тұратын “Кедей” газетінің бетінде (1920 жылғы 7 қараша күні) өзімнің кеңес өкіметіне деген көзқарасым баяндалған және біздің өткендегі қайраткерлігіміздің тұсында жіберілген кемшіліктерімізге тоқталған мақаламды өз атыммен жарияладым. Бұл мақаланы ешкімнің зорлауынсыз, ешқай жақтың мәжбүрлік ықпалынсыз және қорқып емес, арыма жүгіне отырып жаздым. Өз сөзімнің шын көңілден шыққандығын бұдан кейін іспен дәлелдеуге тырыстым. Омбыда мен бар-жоғы екі ай ғана болдым, онда Ақмола ГуОНО-сы мен Сібір ОНО-ның нұсқаушысы қызметін атқардым. Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетінің жауапты хатшысы боп орналастым», – деп баяндайды.


Ташкентке келісімен, Д.Әділевтің көрсетуі бойынша: астыртын ұйымға жетекшілік еткен және «Ақ жол» газетінде кеңес өкіметінің саясатын әшкерелейтін мақалалар жазған. Оны жауапты қызметке тартқан С.Қожанов еді. Д.Әділевтің айғағы бойынша:


«Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен. Кейін Дулатов Ташкентке келгенде Қожанов қатты қуанып, оған газет шығаруды ұйымдастыруды тапсырады. Бірнеше күннен кейін ол «Ақ жол» газетін ашты. Ресми редакторы Қожанов болғанымен де, сол кездегі бар жұмысын Дулатов жүргізді. Сол тұста Жетісуда жер реформасы жүргізілді. Оған Сафаров пен Қожанов қатысты. Орынборлықтар Дулатовты Қожановтың жақын тартқан қызметкері деп есептейтін. Сондықтан да орынборлықтар Ташкенттегі астыртын ұйым құруды Дулатовқа тапсырады».


М.Дулатовтың батыл да ұшқыр қаламымен, ұлтжандылығымен, баспагерлік тәжірибесімен тең келетін журналист ол кезде қазақ арасында жоқ болатын. Сондықтан да сөз бен істің қадірін білетін, өзі де қаламгер С.Қожановтың қалауы М.Дулатовқа түсуі заңды. Алайда адамнан бастап аллаға дейінгі кеңістік тұтасымен саясаттанып тұрған тұста С.Қожановтың бұл шешімін өкімет те, өкіметтің өкілдері де, тіпті, Сталин де тітіркене қарады. Қайшылығы мол қатерлі кезеңнің тұлғасы Т.Рысқұлов «партиялық тазалау» науқанында Сталинге екінші рет жолдаған құпия хатында:


«(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ – 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқоршыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды – ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» – кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерс басқарған кезде) Орынбордағы контроревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды. «Ақжолдың» (ТКП(б) мен Түркістан орталық атқару комитетінің органы) редакторы Дулатов: «Ақ жол» дегеніміз – қызылдардың қанды қызыл жолы емес», – деп түсіндірді және «жер реформасын жүргізіп жатқан кеңес үкіметі емес, біз – қазақтың ескі ұлтшылдары», – деп жазды.


М.Дулатовтың «Ақ жолға» келуін Т.Рысқұлов сол тұстағы Түркістанның басшылары Сафоров пен Петерстен, С.Қожановтан көреді. Ал С.Сейфуллин:


«1920 жылы, Москва қаласында РСФСР кеңесінің ҮІІІ құрылтайы өтіп жатқан кезде бір жолдасыммен жолд. Жангелдиннің бөлмесіне бардым. Онда Рысқұлов, Төреқұлов және тағы біреу отыр екен. Төреқұлов: сол кездегі Түркістан АССР-нің астанасы Ташкент қаласында «Ақ жол» деген атпен қазақ тілінде газет шығарып жатқанын, ал ол газетті басқаруға белгілі, беделді (оның сөзі) Міржақып Дулатовты шақырғанын айтып, мақтанып отыр екен. Ол тамсана отырып осыны айтып болған кезде, мен мысқылдап: «Газетіңнің аты да ақшыл (белогвардейское), авторитетті жазушы Міржақып Дулатов та ақшыл (белогвардейский) екен!», – дедім. Рысқұлов қарқылдап күліп жіберді, ал Төреқұловтің өңі түнеріп кетті. Міне, содан бері ол менің меншікті «сыншым» болды, ал оған дейін алашордашыл редактор болды... Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Исполов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов сияқты шірінді және контрреволюциялық әрекеттері үшін біз Қазақстаннан қуып жіберген контрреволюционер жазушыларды Төреқұлов пен оның жолдастары Ташкентке жинап алды, қолтығына алды, қасақана жауапты қызметтерге қойды, негізінен, ташкенттік қазақ басылымдарына, қазақ пединститутына, қазақ-қырғыз ғылыми кеңесіне т.б. орналастырды”, – деп көрсетті.


Әрине, Төреқұлов та, өзі де тізімде аталған адамдардың тағдырын құшты. Ал М.Дулатов бұл кездегі өзінің қаламгерлігі туралы тергеушіге:


“Қараша айында Ташкентке ауыстым, онда “Ақ жол” газетінің жауапты хатшысы боп орналастым. “Ақ жолда” 1921 жылдың мамыр айына дейін істедім және өзіме көрсетілген сенімді толық ақтадым, кей кездері бас мақала жаздым, оларды қазір санап бере алмаймын, алайда Кронштад оқиғасы туралы бас мақаланы менің жазғаным есімде. “Ақ жол” газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туалы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ”, – деп жауап берді.


1920 жылдың қарашасынан 1921 жылдың мамыр айына дейін, яғни, тура алты ай қызмет істеген кездегі М.Дулатовтың шығармашылық мұрасы кеңестік идеологияға жетпіс жыл «азық» болды. Бұдан көсемсөз иесінің қаламгерлік қуатының қаншалықты қасиетке ие екендігі анық танылады. Міне, алты айдың ішінде артына «осыншама өлмейтін сөз қалдырған» М.Дулатов (Д.Әділев пен Х.Болғанбаев Бұқараға кеткен күні) тергеушіге:


«1921 жылы үйелменімнің соңынан Семейге бардым да, үй-ішімнің жағдайына байланысты сонда қалуымы тура келді. 1921 жылы Семей уезінің халық тергеушісі боп істедім, ал сол жылы күз айында заң қызметкерлерінің губерниялық құрылтайында Семей губерниялық халық сотының төрағасының орынбасары боп сайландым. 1922 жылдың мамыр /май/ айына дейін осы міндетті атқардым. Асырып айтқандық емес, осынау қысқа мерзім ішіндегі менің жігерім мен адал еңбегім губерниялық сот мекемелерінің беделін қазақ тұрғындарының арасына ерекше көтеріп кетті (Мен қазақ бөлімін басқарған болатынмын). Бұл жайды сол кезде Семейде істеген жолдастардың бәрі де жақсы біледі”, – деп түсінік берді.


Қазақстанның жеріне өткеннен-ақ М.Дулатовқа қырын көздер сұғын қадады. Сол кезде Ә.Бөкейханов та Семейге келді.


«Бөкейхановтың Семейге кетуінің себебі: бастапқыда Монғолия мен Қиыр Шығыстағы жағдай қалай бетбұрыс жасайды, соның аңысын байқап отырғысы келді, кейін Бакичтің бандыларының әскери әрекетін күтті, енді міне, оның Унгернмен байланысы баспасөзде жарияланды. Мұның барлығы Бөкейхановтың кеңес өкіметін құлату үшін жатпай-тұрмай күресіп жүргендігін байқатады»,- деп хабарлады тыңшылар.


Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова: «Әкем 1921-1922 жылдары Семейдің Губсотында жұмыс істеді. Қызмет бабымен ел ішінде жүріп, көбіне үйде бола бермейтін, біз де соған үйренгенбіз. Біз осы жылдары Семейдегі Әнияр Молдабаевтің Комиссар көшесіндегі екі қабатты жеке меншік үйінде тұрдық (кейін Абай музейі болды). Үстіңгі қабатында Дулатовтар, біріншісінде Әлихан Бөкейхановтың үй-іші жайғасқан еді. 1921жылдың жазында әкем бізді: шешем, мен, Гуля тәтемді Шыңғыстаудағы Ақбердиннің ауылына жеткізіп салды. Ондағысы шипалы таза ауада жүріп, қымыз ішіп, шешемнің денсаулығын түзетуді ойлаған. Біз бұл ауылда бір жаз, бір қыс тұрғамыз. Өміртай мен Міржақып Абай атамыздың ауылында Тұрағұл арқылы танысып, туыстай жақындасып кеткен кісілер», – деп еске алады.


Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, М.Дулатов сияқты «Алашорда» үкіметі әскери кеңесі мүшелерінің үшеуінің бірдей бір қалада бастарының қосыла қалуы төтенше комитетті қатты алаңдатты. Олар үшеуіне де бақылау қойып, оның нәтижесін үздіксіз жоғарыға:


«Дулатов Міржақып Торғай уезінің Сарықопа деген жерінде туған. Арнайы педагогикалық классты бітірген, мұғалім болған және әдебиетпен айналысқан. 1917 жылдан «Алашорда» үкіметінің мүшесі, «Қазақ» газетінің бас қызметкері. Кеңес өкіметіне қарсы соғысқан 1918 жылғы І және ІІ жалпықазақ атты полкін ұйымдастырушылардың бірі. Соңғы төңкеріске дейін Түркістанда болған, ондағы «Ақ жол» газетінде істеді, 1921-1922 жылдары Семейге ауысты, Семей губерниялық халық сотында істеді, соңғы кездері Аштарға көмек комиссиясының жетекшісі болды. Дулатов жігерлі, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең баскөтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», – деп хабарлап отырды.


Бұл мәліметтің біз үшін құндылығы – алаш ардагерлерінің өмірінен, іс-әрекетінен, мінезінен қосымша мағлұматтар береді. М.Дулатов өзінің Семейдегі қайраткерлігі туралы:


«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездері мен Орал губерниясының бір бөлігі жаппай ашаршылыққа ұшырады. Мен Семейдегі “Қазақ тілі” газеті арқылы ол туралы ең бірінші боп мақала жазып, мынадай ұсыныстар жасадым: темір жолдан 400-500 шақырым шалғай жатқан әрі шашыраңқы қоныстанған далалық аудандарындағы елді мекендерге мемлекеттің көмегі дер кезінде жетіп үлгермейді, сондықтан губерниялардағы қазақ қызметкерлерін жаппай іске тартып, оларды ел арасына жіберіп, жұрттан ерікті түрде мал жинауға жіберу керек, сөйтіп, жылудан құралған малды ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткізу қажет деген ұсыныс жасадым. Мен бұл ұсынысымды көпшілік қауым қызу қолдады және осы мәселе туралы шығарылған мәжілісте де менің жоспарым мақұлданды, кейіннен оны губерниялық аштарға көмек комитеті мен ашаршылыққа ұшырағандарға көмектесетін орталық топ қолдап, іске кірісу туралы нұсқау берді. Осы жұмыстың нәтижесінде 2-3 айдың ішінде 15 мыңға жуық ірі қара мал жиналып, олар ашаршылыққа ұшыраған аудандарға жеткізіліп, тұрғындарға таратылып берілді. Ұйымдастырушы әрі үгітші ретінде үш уезді жаз бойы аралап шықтым”, – деп мағлұмат береді.


Иә, бұл арада атақты адвокат Плеваконың:

“Сорлы Ресей бәрін де кешіре алады, бірақ бір кемпірдің кірлік ұрлағанын кешіре алмайды. Оған намысы жібермейді”, – деген қанатты кекесіні еске түседі.


Кеңес өкіметі 1921-1922 жылғы бір жарым миллион қазақтың аштықтан қырылғанына жол берген большевиктердің дәрменсіздігіне төзе алатын, ал оларды ажалдан құтқарып, адамгершілік пен азаматтық парызын өтегендердің «қастандығын» ешқашанда кешіре алмайтын. Аш адамға «құрғақ жасасындатқандардан» көрі, бір тілім нан берген «дұшпан» артық болатын. Алаш ардагерлерінің беделі асып бара жатқанын анық сезінген олар «шыдамастық жасап», халықтың шынайы достарын «халықтың нағыз жауы» ретінде көрсетуден басқа амалдары да қалмап еді.


Қазақстан чекистерінің «көсемі» Каширин мен тергеу бөлімінің бастығы Якубовский бұл туралы:

«Бөкейханов пен Дулатовты Семей губерниялық бөлімі жолдаған ақпараттарға сүйеніп, солардың сұрауы бойынша тұтқындауға рұқсат беріп едік, мұның барлығы да кейін өтірік болып шықты. Губаткомның бұрынғы төрағасы Әуезовтің қазіргі губаткомның төрағасы Досовтан талап еткеніндей, бұл тұтқындау Қарқаралы мен Семейдегі қазақ қызметкерлері арасында қажетсіз керіс туғызуы мүмкін. Мұны ГПУ қызметкерлері кездейсоқтық деп түсіндіруі қажет. Соңғы уақытта бірінші топтың мүшелері Орынборға жиналып жатқаны байқалады», – деген мағлұмат берді.


Иә, «қателескенін» мойындағандарына да тәубә. М.Дулатовтың бұдан кейінгі өмірі туралы Қазақ автономиясының бас чекисі Каширин 1922 жылы 12 желтоқсан күні өте құпия түрде:

«Алашорда туралы: біздің бұдан бұрынғы жолдаған № 2265 хабарымызға қосарымыз мынау. 7 желтоқсан күні Әлихан Бөкейханов Москваға – Сталинге жолығуға жүріп кетті. Агентуралық ақпараттарға қарағанда Бөкейхановтың Москвада қалып, Ұлттар жөніндегі халық комиссариатында қызметке қалғысы келеді. Әлихан Бөкейхановтың жолға шығуына және Міржақып Дулатовтың түрмеден шығуына байланысты Дулатов келіп түскен Ахмет Байтұрсынвтың үйінде бас қосты... Әңгіме кезінде Бөкейханов өткенді еске алумен болды, бүгінгі күннің мәселесіне тоқталмады... Бөкейханов: Қазақ жер комитетінің «мамандары» Яновский мен Энгельдгардтың қазақтарды жерге орналастыру жоспары өмірі іске асырылмайтын жоба, кейінгі кезде кеңес өкіметінде қызмет ететін алашордашылар баспасөзде естелік жаза бастапты, саяси іске араласпаймын деп қолхат бергемін, сондықтан да ашық пікір білдіре алмаймын, – деп кекете сөйлегенінен басқа саяси мәселе көтерген жоқ», – деп баяндады.


Міржақып Дулатовтың баспасөзге орналасу қажеттігі сол отырыста мақұлданыпты-мыс делінеді. Ал кәсіби журналистің баспасөзден басқа қайда барып қызмет етуі мүмкін? Соған да «Алашорда» үкіметінің қаулысы керек пе?


М.Дулатов: “Қырдан Семей қаласына қайтып келісімен тұтқынға алындым да, іле Орынбордағы ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдігіне жіберілдім, ұзамай абықтыдан босатылдым. Орынборда қазақ мемлекеттік баспасына жұмысқа тұрып, бөлім меңгерушісі болып істедім, 2 жыл қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып сабақ бердім. ГПУ мен Мұғалімдер курсына дәріс оқыдым. Төрт жылдан бері “Еңбекші қазақ” газетінде қызметкер болып істеп келдім, 1922 жылдан бастап мен қазақ тіліне 20-дан астам кітап пен кітапшалар аудардым».


Ал М.Дулатовтың шығармашылығын: «кеңес өкіметін қаламының ұшымен арандатты», – деп бағалағандар да болды. Мысалы. Т.Рысқұлов «партиялық тазалау тұсында», яғни, 1924 жылы сәуір айында «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газетін ұйымдастырушылар туралы И.Сталинге» жазған отыз беттік баянында:


«Контрреволюционер Дулатовтың көптеген (саяси) мақалаларының біреуінің, соның ішінде «Ақ жол» газетінің 1924 жылғы 4 ақпан күнгі № 386 санында жарияланған ...ұлттық (әскер Т.Ж. ) құрылым туралы мақаласының мазмұны мынадай (біз де мазмұндап береміз – Т.Ж.). Алдымен революциялық әскери кеңестің ұлттық армия жасақтау туралы қаулысы келтіріледі. Әрі қарай: бұл қаулы тек ұлттық «қызыл» армияны жасақтауға арналған. Сонда бұл хабарды кім қуана қабылдайды? Қуанса елге белгілі қайраткерлер (яғни «Алашорданың» жетекшілері) қуанса керек еді. Қуанса: ұлттық армия (қызыл армия туралы бір сөз жоқ) ұлттың игіліктің тұтқасы екенін білгендер қуанса керек еді. Бірақ та біз қазақ халқының қуанышында шек жоқ деп айта алмаймыз. Алайда, революцияның ықпалымен қазақ арасы таптық жікке бөлініп, ұлттық бірлікке жетуге ұмтылып жатқаны байқалады. Дегенмен ел әлі қараңғы. Сондықтан да олардан әскер жасақтай қою «соқырға таяқ ұстатқанмен бірдей», ең бастысы армияны құрудың мақсатын айту керек... Тек ұлттық армия болғанда ғана нағыз бостандық алуға болады және сол ұлттық армияның күшімен әр адам, ең алдымен езілген тап еркіндікке жету үшін кеңес өкіметі (Дулатовтың кеңес өкіметінің ауызына алғанының өзі қаншалықты) ұлттық әскер құруға рұқсат беріп отыр. Ұлттық армия ұлттық мүдденің тұтқасы екенін түсінгенде ғана қазақтар өзінің балаларын қызыл армияға беруіне болады, деп жазды. Әрине мұны ауылдағы сауатсыз қазақ коммунисі де өзгелер сияқты, кеңес өкіметінің міндеті буржуазиялық қазақ мемлекетін құру деп түсінеді. Орыс большевигі Қожановтың толықтай «қолдауымен» жазылған Мадиярдың (Дулатовтың лақап аты) кеңесіне қарапайым қазақ коммунисі неге сенбесін, сенеді, өйткені олар Қожанов пен Дулатовтың бір адам екенін біледі», деп «әшкерелеп», Сталинді сендірді.


Тосын бір-екі жайт: бірінші, тура осы хат жазылған кезде Т.Рысқұлов пен М.Дулатов екеуі де «Еңбекші қазақта» бірге істейтін. Әрине, ол кездегі ар өлшемі басқа.


Екінші, тосын жайт, осы деректі оқыған бір «патриот» үлкен ғылыми кеңесте: «Егер осыны Рысқұловтың жазғаны рас болса, мен атылып өлейін», – деді. Ол мінбеден түсіп үлгергенше: «Сіз атылмаңыз да, асылмаңыз да. Артыңыздағы бала-шағаңызға, ағайын-туысқа жаманатыңызды қалдырып, обал жасарсыз. Тек «Алашорда қозғалысының» үшінші томының екінші кітабындағы Тұрар Рысқұловтың 1924 жылы сәуір айында «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газетін ұйымдастырушылар туралы» Сталинге жазған хатын оқып шығыңыз. Сонда құдай да тыныш, құда да тыныш. Сіз де тірі қаласыз», – дедім.


Қай бір жетіскеннен айтты дейсіз. Мемлекет иелерінің ұлт көсемі туралы мұндай жымысқы пікір білдіруін заманнан көрсек те, артына қалдырып кеткен «үлгісіне» ой сала жүрген абзал. Біз мұны бұдан әрі кеңейте талдап жатпаймыз. Тек тергеуге қатысты тұстарды ғана қамтыған құжаттарды назарға ұсынамыз.


Сөйтіп, «қопарылмаған қылмысты қыртыс» қалмады. Әрине, Т.Рысқұловтың өзін-өзі ақтауға, С.Қожановтан “қарымын қайтаруға” ұмтылуы түсінікті. Өйткені “тазалану” кезінде ол да аянып қалмады. Түсініксізі, Т.Рысқұловтың: 1924-1925 жылдары «Алашорда» мүшелері мен Қожановтың соңына тыңшы қойып, үйлеріне тінту, «Ақ жол» газетін жабу туралы ұсыныс айтуы.


Жоғарыдағы баянхаттарды негізге ала отырып И.В.Сталин 1925 жылы 29 мамыр күні «Ақ жол» газетін жабу туралы нұсқау берді. Әрине, ол қазақ баспасөзін оқи алмайды. М.Дулатов:


“Ақ жол” газеті және оның ішінде саяси мазмұндығы ұстамдықтар туралы көп сөз қозғалып, баспасөздерде түрлі таластар жүріп жатыр, оның барлығының мен істеген кезге ешқандай қатысы жоқ”, – деп жауап берсе де, жазасыз қалмады.


Тергеушінің: “Сталиннің арнайы жарлығымен жабылған, Ташкентте шығып тұратын “Ақ жол” газетінің жабылу себебі неде?,” деген сұрағына М.Дулатов:


“Астана Қызылордаға көшті, ал оның орнына “Еңбекші қазақ” газетін қалдыру туралы шешім қабылданды. “Ақ жол” газетінде мен істеп жүргенде ешқандай идеологиялық ауытқушылық болған жоқ”, деп жауап берді.


Тергеу барысында ол өзінің «қылмысы» ретінде жалғыз-ақ мәселені мойындады:

М.Дулатов: “Осы уақытқа дейінгі істеген қызметімнің ешқайсысында кеңеске қарсы бірде-бір әрекет жасалған емес. Тек соның ішінде өзім ашық түрде қарсы болған бір мәселе – қазақ әрпін латын қарпіне көшіру жайы болды. Мен өзімнің бұл пікірімді кеңеске қарсы бағытталған іс деп есептемеймін. Мәселе әлі толық шешіліп болмағандықтан да, мен өзімнің пікірімді білдірдім, себебі, латын қарпіне көшуге әлі ерте, оған қаржы қажет, одан да сол қаражатты бұдан көрі ділгір қажеттіліктерге жұмсау керек деген ойымның дұрыстығына өте сенімді болдым”.


Мәселе қазақтың латын әрпіне көшу-көшпеуінде емес, осыдан екі-үш күн бұрын жауап берген Д.Әділевтің көрсетіндісіндегі Голощекинге қарсы ұйымдастырылмақ «террорлық әрекетте» болатын:


Д.Әділев (бұрынғы көрсетіндісінің жалғасы. Біз 1929 жылдың 3 қаңтар күнгі көрсетіндісін негізге алдық): «...Сондықтан да, 28 жылы күзде Нұрланды Қызылордаға жібердім де, оған Голощекиннің қазір қайда екенін Дулатовтан сұрап біл – деп тапсырма бердім. Осыдан-ақ ол істің мәнісін айтқызбай түсініп, не істеу керектігін айтар деп ойладым. Нұрланның не деп және қалай жеткізгенін білмеймін, бірақ та мен Нұрлан арқылы Голощекиннің өміріне нақты қандай жолмен қастандық жасаймын деген сөзді қадағалап сұрағамын жоқ. Тек Дулатовпен әңгімелесе қалған кезде Голощекиннің қайда екенін біл деп қана айттым.


Қайтып оралғаннан кейін Нұрлан маған, Дулатовтан Голощекиннің қайда екенін сұрағанын, сонда ол: Голощекин қазір Қызылорда қаласында тұрады, бірақта, Голощекиннің өміріне қастандық жасау мәселесі әзірше ашық қалды, себебі, біреуінің көзін құртқанмен, бәрібір, екіншісі келеді. Сөйтіп, жаппай жазалау басталады, ал біз мұнда үй-ішімізбен тұрғандықтан да қол-аяғымыз байлаулы, сондықтан да бұл әрекет өзінің кері нәтижесін беруі мүмкін, – деп жауап бергенін айтты.


Міне, бұл мәліметті шұғыл түрде айғаққа айналдырып, Дінмұхамед Әділовтің көрсетіндісінде аты аталысымен, 1928 жылы 29 желтоқсан күні „Алашорданың” ең белсенді көсемсөз көсемі, „Алашорда” жасағының әскери кеңесінің төрағасы болған Міржақып Дулатовты, тізім бойынша төртінші айыпкерді тұтқынға алды.


2.


“1929 жылы І/І күні тергеуге алынған Міржақып Дулатовтың жауабының хаттамасы.

“Мен, 1885 жылы Торғай обылысының Торғай уезінің Сарықопа болысына қарасты №1 ауылда тудым. (Бұл қазіргі Қостанай облысының Наурызым ауданы). Ата-анам мал шаруашылығымен айналысқан, ортадан төмен дәулеті болды. Анамнан емшектегі кезімнен айырылдым, ал әкем 12 жасымда қайтыс болды. Ауыл мектебінде 2 жыл оқыған соң, 1897 жылы Торғай қаласындағы 2 кластық орыс-қазақ мектебіне түстім де, оны 1901 жылы бітіріп шықтым, одан кейін Қостанай қаласындағы бір жылдық мұғалімдік курсты 1902 жылы тәмамдадым. 1902-1904 жылдың арасында (аздаған үзіліспен) Торғай уезінде мұғалімдік қызмет істедім. 1904 жылы сонау Қытай шекарасынының түбіндегі Семей облысының Зайсан уезіндегі ауылдық мектептердің біріне ауыстырылдым, онда 1907 жылға дейін болдым...“, – деп басталады.


Бұдан кейін өзінің “ұлтшылдық көзқарасының” қапыптасуына тоқталады. Өзге хаттамаларға қарағанда Міржақып Дулатовтың анкеталық-өмірбаяндық жауаптары машинкаға басылған. Майталман журналист Жақаңның – Міржақыптың өзі басты ма, жоқ, тергеушілер тасқа түсірді ме, ол жағын ажырата алмадық.


М.Дулатов (жалғасы): “Сауатымның төмендігінен, білімімнің жетімсіздігінен, шәкірттік жылдарымның Торғай мен Қостанай сияқты түкпірдегі қалада өткендігінен, сондай-ақ ауылда бес жыл жүріп қалуым жалпы саяси мәселелермен танысуға және онымен айналысуыма мүмкіндік бермеді, сондықтан да сол кезге дейін мен саяси тұрғыдан алғанда сауатсыз болдым, патша үкіметімен күресетін саяси партиялардың бар екендігін тек Байтұрсыновтан ғана естідім. Мен тұрған қиыр шеттегі Зайсан уезіне 1905 жылғы революциялық қозғалыстың жаңғырығы өте әлсіз естілді, соған қарамастан патшалық құрылымға деген жеккөрінішті сезімім оянды, өйткені патша үкіметінің қазақ халқына істеген күнделікті тіршіліктегі әділетсіздігі мен зорлық-зомбылығын байқай бастадым.


1907 жылы мені Омбы уезіндегі ауыл мектебіне ауыстырды, 1908 жылы жаз айында халық мұғалімдеріне арналып Омбы қаласында ұйымдастырылған бір жарым айлық ауыл шаруашылық курсына тап болдым. Осы курста оқи жүріп Омбы қаласындағы почта-телеграф чиновнигі Кухтеринмен кездейсоқ таныстым, ол мені социал-демократиялық партияның үйірмесіне алып барды, өкінішке орай үйірме жұмысына ұзақ қатысуға мүмкіндігім болмады, екі-ақ рет қала сыртындағы орманда өткен астыртын жиналысқа қатыстым. Ауылға кетуге тура келгендіктен де аталған үйірмемен байланысымды үзіп алдым.


Ешқандай сыртқы мәдениетпен байланысы жоқ, өз бетіңше біліміңді жетілдіруге кітапханасы жоқ ауылда ұзақ тұрғандықтан да, орыс тілін мүлдем ұмыта бастадым, қалалық мектепке ауысу туралы бірнеше реткі ұмтылысым сәтсіз аяқталды. Сондықтан да 1909 жылы ауылдағы мұғалімдікті тастап Петропавл қаласына ауыстым, онда халық сотында іс жүргізуші болып істедім. Сонымен қатар шәкірт қазақтар оқитын Хасен Пономаревтің жеке меншік мектебінде сабақ бердім.


Ол жылдардағы қазақ халқының қараңғылығы мен надандығын айтып жеткізуге болмайтын: губернаторлар мен ояз бастықтарын былай қойғанда, озбыр урядниктің алдында қазақ елі дірілдеп, қалтырап тұратын. Олардың адам шыдамайтын қорлықтарына төзді. Бұған можантопай шенеуінік-тәржімашылар мен болыстардың алым-салығы, зорлығы, парақорлығы, жалған арыздары қосылды. Қазақ әйелдері күң есебінде өмір сүрді. Құнарлы жерлер тартып алынып, ешқандай есепсіз қоныстандырушыларға берілді. Ал қазақтардың өздерін ен далаға қуып тастады. Патша өкіметі мектеп ашуға ұмтылмақ түгіл, керсінше, өз қаражатымен оқытатын қазақ мектептерін ашуға рұқсат бермеді. Мектеп ашуға ұмтылғандарды (мысалы: Қосшығұлов, Науан қазірет т.б.) Якутияға жер аударды. Тұрғындарға медициналық көмек көрсету деген ұғым мүлдем жоқ болатын. Сондықтан да қазақтар орыс біткеннің бәрін, оның қандай адам болғанына қарамастан, жек көрді. Соған орай: «Сары орыстың бәрі орыс», «Орыстан досың болса – қасыңда қара балтаң болсын» деген мәтелдер шықты. Ұлтаралық қайшылық қолдан жасалды және оны өздері қасақана ушықтып отырды. Егерде қоныстанушы орыс мұжығының аты жоғалса, оны міндетті түрде көрші қазақ ауылынан өндіріп алды. Патшаның сотынан қазақ өрттен бетер қорқатын. «Оттан, судан сақта, Құдай, орыстың сотынын сақта, Құдай» деп құдайға жалбарынатын. Соттан еш әділдік болған жоқ, олар жалған арызға сенді. «Орыс шынға нанбайды, өтірікке нанады» деген қазақ мәтелі содан туды. Алым-салық пен қарашығынның салмағы кедейлердің мойнына түсті. Бірнеше жүз мал иесі мен он-он бес қарасы бар кедейге бірдей салық салынды.


Қазақ халқы, міне, осындай тұңғиықтың ішінде өмір сүрді. Патша үкіметінің отаршылдық саясаты бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен жүргізілді. Осының бәрін көре тұрып, өзімнің білімімнің аздығына қарамастан бойымдағы қабілетімді езілген, қорланған халқыма жұмсағым келді. Ол жылдары бізде жазба әдебиет жоқ болатын, ал күнделікті баспасөз туралы айтуға да болмайтын. Сондықтан да мен баспасөз арқылы ойымды жеткізуге ұмтылдым. 1910 жылы «Оян қазақ!» атты өлең кітапшам жарық көрді. Ол аз уақыттың ішінде екі рет басылып шықты. Сонымен қатар «Бақытсыз Жамал» атты хикаятым жарық көрді. Бұл кітаптар татар баспаханасында басылды, біздің төл баспаханамыз әлі жоқ болатын. Бұл кітаптар қазақ арасына кеңінен тарап кетті, ішіндегі өлеңдерді жаттап алды. Сол кезде қазақ тұрғындары арасында революциялық әдебиеттің пайда болғаны туралы жандермерия басқармасына арыз түсті. 1911 жылы: үкіметке қарсы идеяны насихаттағаным үшін және патшаға баспасөз арқылы тіл тигізгенім үшін бір жыл қамақта отырсын,деп үкім шығарылды. Алдын-ала жүргізілген тергеу мерзімін қосқанда екі жыл түрмеде жаттым. Осыдан кейін менің атым қазақ арасында кеңінен танымал болды, жоғарғыдан басқа сіңірген еңбегім жоқ еді.


Түрме мерзімі біткеннен кейін 1913 жылдың басында Орынбор қаласына келдім. Дала генерал-губернаторының пәрменімен қазақ өлкесінен шеттетілген Ахмет Байтұрсынов сонда тұратын. Мен келердің алдында ғана Байтұрсынов «Қазақ» газетін шығарыпты. Мен редакция хатшысы болып орналастым. Басылым қаржысы өте аз, әркімнен жиналған 450 сом ғана бар екен. Газеттте екеуміз ғана істедік. Менің күні-түн жұмыс істеуіме тура келді. Хаттарды жолдау, көшіру, мақалаларды қорыту, қатесін түзеу, теру, тарату істері толықтай менің мойныма жүктелді. Газет аптасына бір рет шағын көлемде шығатын. Газеттің таратушысы міндетін де мен атқардым: бір жылдың ішінде газет Павлодар, Омбы Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Түркістан, Шымкент, Әулие-Ата, Ташкент және т.б. қалаларға тарады. Газетіміз көпшіліктің ықыласын аударды, сөйтіп патша әкімшілігі де көз сұғын қадай бастады. Аз уақыттың ішінде 3-4 рет қатарынан 300-ден 3000 сомға дейін айып салды. Қазақ газетінің әр саны шыққан сайын жанашырларымен қоса жауын да көбейтті. Өйткені газетте болыстардың, шенеуніктердің, тәржімашылардың, атқамінерлер мен байлардың парақорлығы, кедей-кепшікті тонауы ашық сыналып жазылды. Газет жұмысымен қоса мен Байтұрсыновпен бірігіп бастауыш мектептерге оқулық құрастырдым. Сол кезде біз құрастырған оқулықтар осы күнге дейін пайдаланылып келеді. Оның кейбіреулері кеңес өкіметі тұсының өзінде он рет басылды.


Сол кездегі қазақтың оқыған қызметкерлері қазақ газетінің айналасына топтасты. Өйткені бұдан басқа мәдени және қоғамдық саяси ошақ болған жоқ. Көпшілікке танымал осындай газетте істеу менің атымды қазақ ішіне бұрынғыдан да кең таратты. Оның үстіне әшкерелеуші мақалалардың көбін мен жаздым».


Сондай әшкерелеуші мақаланың бірі – шәкірттерді қорлаған миссионер мектеп директоры мен он бір-он екі жасар жап-жас бала Дінмұхемд Әділевті «Омбының көшесінде жылатып қалдырған, жамандыққа ерте үйір болып, жазықсыз жас талапкердің жолын бөгеп, күйе жаққандарды» әшкерелген «Балаларға жұққаны» («Қазақ», 1913 ж., № 28) атты мақала. Ол мүсәпірлікке түскен баланы арашалап, қайтадан оқуына орналастырып, содан кейін қалың жұртқа:


«Бұл неден? Әлде үйренген үлгісі. Қазақ бірінің үстінен бір домалақ қағаз берсе, қулық-сұмдықпен бірін-бірі ақсатса, өнерлі жігіт атанады, ондай іс қазақ назарында ұят емес, мақтан. «Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы. Жаңа өспірім, көкөрім, Бейне колдың саласы. «Балам закон білді» деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы. Орыс тілі, жазуы — Білсем деген таласы. Прошение жазуға, Тырысар келсе шамасы. Ынсапсызға не керек, Істін ақ пен қарасы. Нан таппаймыз демейді, Бүлінсе елдін арасы. Ыждаһатсыз, михнатсыз, Табылмас ғылым сарасы. Аз білгенін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер пайдасы? Орыс теріс айтпайды, Жаман бол деп оларды. Қаны бұзық өзі ойлар, Қу менен сұм боларды. Орысқа қалар жаласы, Бұл іске кім виноват? Я Семейдің қаласы, Я қазақтың даласы? Ойында жоқ бірінің, Салтыков пен Толстой. Я тілмаш, я адвокат, Болсам деген бәрінде ой, Көңілінде жоқ санасы… (Ибраһим Құнанбайұлы)... Болар іс болды деп қоймай, биылдан соң болса да Дінмұхамед Әділевке гимназияға кіруіне тоқтату болмасын, нақақ жаладан айрылсын деп, Мұстафа баласын директорға апарып, айыбын мойнына алдырып, ана баланың тазалығына сендіруге сөз байланды. Дінмұхамед Әділев гимназияға келер жылы кіруге Омбыда қалды. Міне, қырдағы бәленің, дауы мен жаланың балаларға да жұққаны», – деп ашына сұрақ қойды.


Енді сол «жас бала да ер жетіп», адвокат емес, тілмаш емес, партизан болып оралып, өзімен қоса оны да, оған қоса бүкіл қазақ елінің көсемдерін де түрмеде телміртті.


М.Дулатов (жалғасы): “Сөйтіп, әйгілі 1916-жыл келді. Күтпеген жерден 19 бен 43 жас арасындағы қазақ азаматтарын майдандағы қара жұмысқа алу туралы 25 июнь күнгі жарлық шықты. Қазақ тұрғындарының арасында толқу пайда болды. Қостанай мен Орал уездерінде болыстарды өлтіру, почтадағы, ауылда тұратын орыс хатшыларының қолындағы, почта бекеттері мен жәмшіктердің қолындағы тізімдерді тартып алу, оларды қатын-баласымен бірге кепілдікке алу сияқты оқиғалар орын алды. Пушкамен және пулеметпен жарақтанған жазалау отрядтары қырға шықты. Губернаторлар оқиға болған жерге келді, түрмелер адамдарға толды. Ақтөбе қаласына келген Торғайдың вице-губернаторы халық алдына шығып сөйлеген сөзінде:


«Бірде-бір қазақ тірі қалмаса да патшаның жарлығы орындалады»,деп ашық айтты.


Осының барлығын көріп, ең бастысы қазақ халқының шарасыздығын көріп тұрып, біз тұрғындарға қарсылық көрсетпеу туралы кеңес бердік. Өйткені күш тең емес еді. Қазақ даласы қанға боялатын. Қазақ елін қайта түзеле алмайтындай зобалаң күтіп тұрды. Қазір кейбір жолдастар: қазақтың ұлттық зиялылары көтерілісті бастауға дәрменсіз болды, олардың өздері патша үкіметінің құйыршығына айналып, солармен бірігіп кетті, – деп сөгеді. Менің ойымша, сол кездегі жағдаймен жақсы таныс адам және нақты шындыққа көзі жеткен адам бұлай демес еді. Ақиқатына көшкенде біз қауіп-қатермен бетпе-бет келгіміз келмеді.


Ел ішіндегі бұрқ ете қалған көтерілістер қарудың күшімен басып-жаншылды, жаппай тізімге алу және майданға жіберу жұмысы басталды. Сол кезде қазақ газетінің редакциясы қара жұмысқа алынған қазақтарға көмектесуді қолына алды, барлық қазақ оқығандарына қай жерде қазақтар қара жұмыста жүрсе, сол майданға барып, бұратаналар бөлімін ашып, оларға қызмет көрсетуге шақырды. Оқығандар, олардың көпшілігі «халық мұғалімдері», бұған белсене ат салысты, соның нәтижесінде Минскі қаласындағы жер жөніндегі одақтың жанынан бұратана бөлімі ашылды. Мен Минскіге бәрінен кеш келдім. Ақпан төңкерісінен бір күн өткен соң Москвадан Минскіге жүріп кеттім. Онда көп болғаным жоқ. Ленинград арқылы (онда бірер күн болдым) Орынборға наурыз айында қайтып оралдым».


Ақпан төңкерісінен кейін қара жұмысқа алынған қазақтар иесіз қалды. Армия қолбасшыларының оларды киім-кешекпен, тамақпен, жол қаражатымен, көлікпен қамтамасыз етуге мұршалары да жоқ еді. Аштық пен анархияның қыспағында қалған адамдарды майдан шебінен үлкен қалаларға әкеп, билет алып беріп, поезға мінгізіп, еліне қайтару жұмыстары, майдан шебіне өз еріктерімен барған осы, алаш азаматтарының ұйымдастыруымен өтті. Қазақ, қырғыз, өзбек, бурят, қалмақ сияқты халықтың өкілдерінің өз ырзалықтарын білдіріп жазған естеліктері аз да болса бар. Әрине, алаш азаматтарының аттары онда нақты аталмаған.


М.Дулатов (жалғасы): “Мен бұрын ешқандай саяси партияға мүше болғаным жоқ. Ақпан төңкерісінен бастап «Алаш» ұлттық партиясы құрылғанға дейін де ешқандай партияға кірмедім, менің ойлау қабілетім қазақ халқының мүддесінен әрі асып кете қойған жоқ. Бұл менің білімсіздігім мен қоршаған ортаның әсерінің нәтижесі шығар. Қазан төңкерісіне дейін мен Орынборда газет жұмысымен айналыстым, өйткені Байтұрсыновтың газеттен басқа жұмыспен айналысуына, соған көп уақыт жұмсауына тура келді. Мен сырттай Торғай облыстық комитетінің мүшелігіне сайландым, кейіннен ол біріккен азаматтық басқарма деп аталды. Газет жұмысының қарбаластығына байланысты комитеттің немесе азаматтық басқарманың жұмысына белсенді түрде араласа алмадым. Өзімнің жолдастарыммен бірге уақытша үкіметті қолдадым, Россияның бұдан кейінгі тағдырын тек қана құрылтай мәжілісі шешеді дегенге сендім. Сондықтан да осы ұранмен қызмет істедім. Құрылтай мәжілісі қазақ ұлтының өзін-өзі билеуіне мүмкіндік беретініне сендім. Мамыр айында облыстық комитеттің тапсырмасымен Торғай және Омбы қалаларына іссапармен жүріп кеттім. Торғай қаласында Торғай уезі өкілдерінің 1916 жылғы оқиғаның зардаптарын жою туралы кеңесі өтіп жатыр екен, ал Омбыда Ақмола облысының съезі өтті. Ақмолалықтардың құрылтайының құрамы ала-құла екен, өкілдердің көпшілігі кертартпалар (молдалар, байлар, атқамінерлер, бұрынғы шенеуініктер), ал революциялық көзқарастағы жастар мен мұғалімдер азшылық екен. Көптеген мәселелер бойынша біздің арамызда келіспеушіліктер болды, құрылтай айтыс-тартыспен өтті. Молдалар мен байлар мені құрылтайдан қуып шыққылары келіп: «Жоғалсын!» деп айғайлады. Бұл құрылтайға қазіргі коммунистердің ішінен Байділдин мен Саматов және басқалары қатысты».


Бұл құрылтайдың егжей-тегжейі С.Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешуінде” толық “әшкерелене” баяндалғандықтан да тоқталып жатпаймыз.


М.Дулатов (жалғасы): “Содан кейін қазан төңкерісінің қарбалас күндері келіп жетті. Большевиктерден басқа саяси партиялардың барлығы да Қазан төңкерісіне қарсы болды, оны: төніп келе жатқан анархия, күні ұзақ емес, социализм идеясы Россияда жүзеге аспайды, құрылтай мәжілісінің қасиетті құқығына қол сұқты,деп есептеді. Сондықтан да барлық жерде оған қарсы күрес ашты. Қазан төңкерісіне қарсы күрескен өзге партиялардың ықпалымен, қазақтың «Алаш» партиясын құрған қазақ ұлтының өкілдері, сол партияның мүшесі ретінде мен де, қарсы болдық. Саяси мәселелерді түсінуге келгенде қазақ ұлтшылдарының арасындағы ең хабарсызы мен едім. Мен көбіне олардан төмен тұрдым. Сондықтан да басшылық ұстанған ортақ бағытта жұмыс жүргіздім. Біздің кеңес өкіметіне қарсы күресіміздің басты мақсаты – қазақ ұлтының тәуелсіздігіне қол жеткізу еді.


Желтоқсан айында өткен жалпы қазақ құрылтайында «Алашорда» деген атпен қазақ автономиясы жарияланды. Үкіметтің төрағалығына Бөкейханов сайланды. Үкімет құрамында бес мүше болды. Мен үкіметтің құрамына кіргенім жоқ».


Иә, М.Дулатов үкімет мүшесінің ресми құрамына кірмегенімен де, құрылтайдың жауапты хатшысы ретінде барлық қаулылар мен хаттамалар, құжаттар соның қолынан өтті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында ұйымдық-саяси мәселе қараған II құрылтайдың күн тәртібі бойынша:


«1. Сібір, Түркістан автономиясы мен Оңтүстік-Шығыс Одағымен арадағы қарым-қатынасты анықтау. 2. Қазақ облыстарының автономиясын құру. 3. Милиция. 4. Ұлттық кеңес. 5. Оқу. 6. Ұлттық қор. 7. Мүфтият. 8. Халық соты. 9. Ауылды басқару. 10. Азық-түлік қоры» – жөніндегі мәселелер талқыланды.


Ә. Бөкейханов баяндама жасаған алғашқы төрт мәселе – Қазақ автономиясы, милиция мен Ұлттық кеңесті құру туралы пікірлерді тұжырымдап, ұсыныс енгізу үшін 7 адамнан тұратын комиссия құрылды. Ең бір көкейкесті мұқтаждық оқу мәселесі жөніндегі М.Дулатовтың баяндамасы тыңдалып, бір ауыздан мынадай қаулы алынды:


«Бастауыш және орта білім беретін қазақ мектептеріне арналып қазақша оқулықтар құрастыру үшін 5 адамнан алқа құрылсын, комиссияға өзіне қажетті адамдарды шақыруға право берілсін. Алқа Орталық ұлттық кеңес орналасқан жерде жұмыс істесін. Алқа мүшелері оқулықтардан басқа: а) Ұлттық мектептерге арналған программа жасау, б) Мұғалімдерге жетекшілік ету, в) Балалар тәрбиесі туралы кітап шығару, г) Барлық қазақ мектептеріндегі халыққа білім беру жүйесінің тәртібін белгілеу, д) Қазақ тілінің жазу үлгісін реттеу, е) Пайдалы кітаптар мен кітапшаларды қазақ тіліне аудару – мәселесімен де шұғылданады».


Сөйтіп, «Алашорданың» оқу ісін ұйымдастыру шаралары «үкімет мүшесі емес» М.Дулатовтың қатысуымем тікелей жүзеге асты. Сондай-ақ, Құрылтайдың атына келіп түскен хаттар мен телеграммадағы көрсетілген төтенше оқиғаларды, шағымдарды талқылай келіп:


«1. Өзара партиялық (сайлау) бақталастықтарды жойып, бірігу туралы Үндеу жазу. Бұл Міржақып пен Ахметке жүктелсін. 2. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі жазалау отрядының зардаптарынан аштыққа ұшырап, қатын-балаларын ұнға айырбастап (бір пұт ұн 125 сом) жүрген босқындарға және Хиуадағы тоналған қазақтарға көмек көрсету үшін әрбір адамнан 1 сомнан садақа жиып, оны мұқтаждарға жолдауды жүктеді. 3. Ашыққандарға Ақмоладан астық жеткізу үшін Қарқаралы, Ақмола, Атбасар, Көкшетау және Петропавл уездерінің қазақтары Әулие-Ата, Пішпек уездерінің қазақтарына жалақысына келісе отырып түйелерін беру сұралды. 4. Түркістан автономиялы уәлаятынан Жизақ уезіндегі анархиялық бассыздықтарды тоқтатуды талап етті. 5. Құрылтай жиналысына қатысу үшін Сырдария облысынан бір адамды сайласын деп телеграмма соқты. 6. Түркістан автономиялы өкіметімен келісе отырып, біртұтас қазақ автономиясына кіру туралы өтініштерінің қанағаттандырылуын қостады. 7. Түркістан автономиясына құттықтау телеграммасын жолдауға және Орынбор мүфтиінің тілегіне рақмет білдіруге келіссін», – деген шешім қабылдады.


Бұл мәселелердің барлығы да М.Дулатовтың қатысуынсыз өткен жоқ.


М.Дулатов (жалғасы): «Орынбордағы құрылтайдың өтуінен бірнеше күн бұрын Қоқанда Түркістан автономиясы жарияланды, оның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстары кірді. Орынборда өткен қазақ құрылтайы: бұл екі облыс қазақ автономиясына қарауы тиісті,деп шешті. «Алашорда» үкіметінің осы қаулысын жүзеге асырып, тиянақтап шешу үшін 1918 жылдың басында Түркістан қаласында Сырдария облысы өкілдерінің мәжілісі шақырылды. Бұл кеңеске «Алашорданың» атынан үш өкіл қатысты. Соның біреуі мен болдым. Бұл кеңес Сырдария облысын қазақ автономиясының құрамына енгізу керек деп шешім қабылдады».


Бұл туралы Д.Әділев: «Екінші бүкілқазақ құрылтайынан кейін, 1917 жылы ғой деймін, Дулатов «Алашорда» орталық үкіметінің тапсырмасымен Түркістандағы қазақтарды «Алашордаға» қосу мақсатымен Түркістанға барған. Ол кезде Қызылорда, Жетісу облыстары Қоқан үкіметіне қарауды жөн көрген болатын. Дулатов Түркістандағы құрылтайда сөз сөйледі. Қожанов екеуі сонда танысқан екен», – деп көрсетті.


Сөйтіп, үшке бұтарланған қазақ елі мен жерінің тұтастығына ұмтылған алғашқы талқыға да М.Дулатов қатысты. Аса күрделі және шетін бұл мәселеге ХХІ ғасырдың басында ғана «неғылайынға» негізделген көп нүкте қойылды. Ал ол кезде бұл әлі шикі мәселе еді.


М.Дулатов (жалғасы): «Қаңтар айының аяғында кеңес үкіметінің қолына көшкен Орынбор қаласына келдім. «Алашордашылардың» ешқайсын Орынбордан таппадым. Сөйтсем, «Алашорданың» жетекшілері құрылтай бекіткен астанасы Семейге кетіпті. Ақпан айының аяғында не наурыз айының басында мен де Семейге келдім. Ол кезде Семей губерниясы да кеңес үкіметінің қоластында болатын. Онда «Алашордашылар» жартылай астыртын жағдайда жұмыс істеді. Ақпан революциясы тұсында ұйымдастырылған Семей қазақ комитетінде жұмыс істейтіндердің кейбіреуі кейін облыстық Совдептің құрамына кірді . Мен «Сарыарқа» газетіне қызметке тұрдым. Ол кезде Семейдегі «Алашорда» үкіметі іске кірісе алмады, кірісуі мүмкін де емес еді. Өйткені оның он бес мүшесінің 3-4-і ғана сонда болатын. Жергілікті өкімет «Алашордашыларды» қуғындай бастағанда мен қырға шығып кеттім», – дейді.


Осындағы «қыр» деген сөзде, кейіннен Шығыс Түркістан ислам республикасын құруға негіз қалаған үлкен саяси және идеялық астар жатыр еді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тұсында жазалау отрядтарының қырып-жоюына қатты ұшыраған Семей, Жетісу өңірінің қазақтары шет елге босып, ол жақта да қырғынға, тонауға ұшырап, ақыры ел ішіне аштық кіре бастаған еді. Оның үстіне ақ пен қызылдың ойраны қосылып, мал мен бастан сыпырылып қалды. Қиын-қыстау кезде қызылдардың қырғынына қарамастан «Алашорда» үкіметінің жоғарыдағы қаулысын орындау мақсатында «Аштарға көмек» комиссиясын құрып, исі қазақққа сауын айтты. М.Дулатовтың ұшқыр қаламы тағы да «алаштап!» ұран салды.


Мiржақып Дулатов “Абай” журналы арқылы исi “Алашқа!”, – деген үндеу жариялады.


“Алты алашқа аян, 1916 жылғы 25 июнь жарлығы әлегiнен Жетiсу облысындағы қырғыз-қазақтың басына қиямет-қайым күндер туды. “Жiгiт бермеймiз” деп қарсылық қылғаны үшiн оққа ұшып, қаншасы өз жерiнде бiр қырғын көрдi. Басшы адамдары дарға асылды. Рақымсыз үкіметтiң қарулы әскерiне қарсы тұра алмай көбi Қытай жерiне босты. Мал-мүлкiнiң көбi орыс әскерiнiң қолына олжаға түстi. Көршi мұжықтар жау болып, тал түсте таланды: өлтiрдi, адамын байлап, малын айдап алды. Босқанда айдап көшкен мал-мүлiктен жолшыбай айырылды.


Жаяу-жалпы, үйсiз-күйсiз Қытай жерiне жеткенде қар жауды, қыс түстi. Онда жанашыр жақын таба алмай жанталасты. Аштан өлiп бара жатқан соң қалмақ, қытайға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бiр шелек бидайға шықты. Бойжеткен қыздарын, жас келiншектерiн қаны қара қалмақтар қатынданып кеттi. Аш-жалаңаш, ауызына не түссе соны жеп, қайда болса сонда жатып, неше түрлi дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естiр құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегi бастан кешкен қызық дәурен көздерiнен бiр-бiр ұшты. Мыңдап айдап, жүздеп сапырып шалқыған байлар бiр үзiм нанға зар болды. Әлпештеп өсiрген балалары телмiрiп көрiнгеннiң көзiне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кеттi. Бай-кедей, жас-кәрi, жақсы-жаманның айырмасы бiтiп, бәрi бiрдей сорлы болды. Бәрi бiрдей мұңды болды. Атадан – ұл, анадан – қыз, жардан – жар айырылды. Жүрек – қанға, көзжасқа толды.


Жетiм-жесiр ботадай боздады.


Жұрттықтан, тiршiлiктен күдер үзiп, бұл опасыз дүниеге қош айтысуға таянып тұрғанда бостандық туды. Бұл хабарды естiгенде жүректерi жарылғандай куанып: аh дүние, тым болмаса елге жетiп, алаштың ортасында өлсек, арман бар ма, – деп қайта шұбыра бастады.


Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлiм... Әлi жоқ, дымы құрыған сорлылар жаяулап қозы көш жерге жүруге жарамай, кез-келген жерде жығылды. Жығылғаны тұрған жоқ, өлгенi тiрiлген жоқ... Басы қасында болмаған, көздерiңмен көрмеген алаштың балалары, бiр минут көздерiңдi жұмып, қиялға салып қараңдар, сонда көргендей боласыңдар: бiреу тәлтiректеп аяғын баса алмай жығылып жатқан, бiреу аштықтан iсiнiп: қандай күнә, сұмдығымыздан мұндай күйге ұшыраттың құдай! дегендей қимылдауға шамасы келмей көлге қарап жатқан, жолдың бiр шетiнде өлiп, өлгенiне рақаттанғандай, мәңгiлiк ұйқыға кеткен шалды көресiң. Жас баласын бауырына қысып, құшақтаған күйiнде өлген қатынды көресiң. Бұлардың мұндай халiне қайғырар ешкiм жоқ, тек қуанышпен ас пен тойға жиылғандай топ-топ қарға-құзғын, ит-құс өлгендердiң көзiн шоқып, етiн жеп, сүйегiн кемiрiп жатқанын көресiң. Бұл өлiктер құдайдың кең даласын сасытқан. Ық жағынан жан жүрерлiк емес, мұның иiсiн өзiң иiскегендей боларсың...


Мұның бәрi ертегi емес, болған iс! Кеудеде шыбын жаны қалғандары елiне жеттi. Бұлар не көрдi? Қора-қопсы ойран болған, қоймалары таланған, малдан адал қара қалмаған, жерiне егiн шықпаған, егiн салар жан қалмаған. Аяқ жетер жерде азық жоқ, азықты жерге жетер көлiк жоқ, көлiк болса – азық жоқ, қалың алаш алыста, қаны басқадан қайыр жоқ.


Тағы дағдарыс, ашаршылық, тағы өлiм...


Бостандық туды, жадырап жаз шықты, күркiреп күн шықты, бiрақ ол бишаралардың басынан қара тұман серпiлмедi, әзiрейiл қылышын қынабына салмады. Басы аман, малы түгел ағайын жеткiлiктi жәрдем бере алмады. Әрi-берден соң жұрт олардың халiн ұмытуға айналды.


Қазақ-қырғыз қырылып жатыр екен деп табиғат өзгермедi, тағы да қыс туды. Бишаралардың халi бұрынғыдан мың есе жаманға айналды. Бiр жылдың iшiнде өлгенi жүз мыңнан асты. Ендi бұл қыс талайын өлтiрген шығар. Қанша өлгенiн ақ кебiндей қар жасырып жатқан шығар. Мiне, қар кетiп, жаз шығуға айналды. Құзғын, қарға той қылар, ауа сасыр... Бiрақ адам баласы жан себiл екен: әлi өлiп бiткен жоқ көрiнедi, тiрiлерiне тамақ та табылып қалды дегендi естiп отырмыз, тiрiлерi өлгендерiнiң етiн жеп жатыр дейдi. Бұған алаш, иә қуанарсың, иә жыларсың, өзiң бiл. Жыласаң – ағайындығың. Бiрақ сенiң көз жасың ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм болмайды. Көз жасы көмекке жарайтын болса, өзгеден кенде болса да, олар көздiң жасынан, көңiлдiң қайғысынан кенде емес едi. Ағайынға, алаш, шын жаның ашыса, шын жыласаң – көмегiңдi көрсет, жылуыңды бер. Жайшылықтағы қайыршыға беретiн тиыныңды берме, рулы елiң өлiмнен қалғандай жылуыңды бер.


Жоғарыда айтылған оқиғаны Жетiсудың қазақ, қырғызы басынан кешiп отыр. Ендi бұл күнде Жетiсуға көршi Сырдария облысының қазағы ашаршылыққа, қырғынға ұшырай бастады. Бұл елде жаз егiн, шөп шықпай, қысқа қарсы малдары жұтап, шеттен астық келмей, келтiруге шамасы келмей, Жетiсудай болмаса да бастарына қараңғы күн туды. Шет жағасы бөтен елдерге ауып, бұлардың да адамдары сатылып, берекесi, елдiгi кетуге айналды.


Осы екi облыстағы аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен аман сақтап қалу мақсатымен Семей облысының “Алаш” қаласында қазақ комитетi hәм жастардың “Жанар” атты ұйымы басшылық етiп қауым жасады. 5 мартта қауым ортасынан iс басқаратын 5 кiсiлiк комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы Әлихан Бөкейханов, жәй бастығы Мұқаш Поштайұлы болды.


Комитет председателi – Мiржақып Дулатұлы, орынбасары – Жүсiпбек Аймауытұлы, хатшысы – Мұхтар Әуезұлы, қазынашы – Абдолла Есiркепұлы, тағы бiр мүшесi Абдолла Қоскейұлы. Мәжiлiсте 7 мың сомдай жылу жиылды. Комитет қазiр iске кiрiстi.


Саналы алаш!


Мына екi облыстағы бауырларымыздың жайы жоғарыда айтылды, бiз жұрт боламыз, өз тiзгiнiмiздi өзiмiз аламыз деп отырмыз: жұртымыздың бiр жағы мынадай жоғалғалы тұрғанда кiммен жұрт боламыз?! Кеше бiр облысымыз ойран болса, бүгiн екiншi облысымыз мынадай апатқа ұшырап тұрса, ертең үшiншi, арғы күнi төртiншi облысымыздың басына, сүйте-сүйте бәрiмiздiң басымызға мұндай халдiң келмесiне қандай көзiмiз жетедi?!


Тұтанған өрттi мезгiлiнде сөндiрмесек, ол өртке ертең бәрiмiз де шалынбаймыз ба? Шарпылмаймыз ба? Сонда бiздi кiм жұрт қылады! Онда бiз жұрт болмаймыз, жоғаламыз.


Мейiрлен алаш!


Рулы елiң қан жұтып тұрғанда сен май жұтпа!


Ата-аналар! Сендер балаларыңды еркелетiп маңдайынан сипап, күнге, желге қақтырмай отырғанда: өздерiңдей адамдардың балалары сатылып, көздерiне шыбын үймелеп, жетiмдiкте жүргенiн, бiр түйiр тамаққа, бiр жұтым сусынға зар болып, жылап отырғанын ойлаңдар! Сендердiң қатын-қыздарың алтын-күмiске малынып, бойларын түзеп жылы үй, жайлы төсекте отырғанда, олардың қатын, қыздары күңдiкте, аш-жалаңаш абұйырын жаба алмай отырғанын ойлаңдар!


Атқа мiнген азамат! Сендерге ел керек, жұрт керек болса басшылық қылып, алашты аман сақтау қамына кiрiсiңдер!

Намыстан, алаш!

Жiгерлен, алаш!

Тас бауыр болма, алаш!

Мадияр”.


Сонымен қатар босып кеткен бір жарым миллион қазақтың жоқтаушысы бар екенін білдіру үшін А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков, байжігіт болысы Қанағат Сүлейменов сәуір айында Шәуешек қаласына барып, «Алашорданың» шет елдегі бөлімшесін құруға ұмтылды. Ондағы Ресей консулы арқылы әскери байланыс орталығын ашты. Шығыс Түркістандағы төрт үкіметтің тәржімашысы болған Кәрім Акрами «Алашорда» делегациясының Қытайға сапары» атты мақаласында: Шығыс Түркістанның шекара бастығы Ян Зың Шинмен кездесіп: кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін көмек сұрағандығын, бірақ та, өз ішіндегі азаматтық соғысты сылтауратып, қандай да бір қол үшін беруден бас тартты, – деп жазды. Ал шын мәнінде олар, мұнымен қоса: босып барғандарға ресми түрде саяси баспана беру, зорлық-зомбылықты тоқтатып, тартып алған мал-мүлкін қайтарып беру, «Алашорданың» шетелдік бөлімшесін ашуға пұрсат беру мәселесін қозғады.


Бұл кезде Жетісудағы «Алаш» әскері майданға бел шешіп кірісіп кетіп еді. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ болатын. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді сылтау етіп құрылған большевиктер қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша жедел кірісіп кеткен еді. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді. Алаштың алғашқы құрбаны – Қазы Нұрмұхамедов 6 наурыз күні таңғы сағат 9-да қызылдардың қолынан шеру алдында қаза тапты. Ал Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, С.Ақаев сынды алаш қайраткерлері Жетісудағы «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Ы.Жайнақов:


«Қытай жеріменен Шәуешекке «Алашорданың» Жетісу бөлімінің барша мүшелері келді. Бұл жақта қазақ пен казак-орыстың хал-жайы қатты аянышты. Талау, асып-атудан көзі ашылмайды. Қазақ-орыс қалаларын һам ауылдарын большевиктер тобымен құртып жіберді. Үржар қаласы да таланға шалдығып, 1000-дай қазақты өлтірді. Сібір үкіметіның отряды дүбірі Аякөз маңынан да естіледі. Жеңген, жеңілгенінен хабар жоқ. Хабар алуға, хабарласуға бүгін келдік. Хабарласуға қазақ отрядын түзеп жатырмыз. Жетісудағы большевиктердің саны 10 мыңнан асады…», – деп хабарлады.


Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды. Ағайынды Мамонтовтардың қырғыны Алтай мен Алатау арасын қызыл қанға бояды. Қатыгездіктің ең анайы түрін қолданды. Шекаралық аудан:


«Мақаншыда большевикпен соғыс болып, Отыншы Әлжанов айуандықпен өлтірілді (тірідей отқа жағып жіберілді), Салық Аманжолұлы жараланды. Қазақ азаматтары қару-жарақтың аздығынан жеңілді. Соңғы адамды жартылай қаруланған жүздікпен Шәуешекке жібердік. Бұл жақтағы большевик әлі күшті. Сібір үкіметі тез құрал бермесе, Жетісу халқы қырылады. Алматы, Жаркент уездерінде казак – орыс станицалары қалған жоқ. Қапал, Лепсі уездеріндегі қазақ шығыны есепсіз. Пржевальскі, Пішпек уездеріндегі қазақ-қырғыздың не күйде екені белгісіз. Қазақтардан әскер жасақтау мақсатында тау арқылы Сергиопольге келдік, қорытындысын хабарлаймыз. Жайнақов, Жақыпов, Мамытов, Кәдірбеков, Ниязов», – деп жеделхат жолдады.


Қару-жарақтың жетіспеуінен қырғынға ұшыраған «Алаш» әскеріне М.Тынышбаев оқ-дәрі, қару-жарақ алып шығады. Ол бұл қаруларды Үшаралдағы Анненковтың әскеріне өткізіп береді. Өзі әскери іске араласудан бас тартады.


Тарихи тұрғыдан алғанда бұл сапар зая кетпеді, алаш идеясы өріс алып, кейіннен тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруға алып келді. Сол сапарда оларды суретке түсіріп алған Мұхамеджан Юсупов өзінің күнделігіне:


«1918 жылы апрель айы еді. Шәуешекке Россиядан келіп жатқан қазақ жазушылары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов һам Райымжан Марсековтердің құрметіне Шәуешектің сыртындағы бақшалардың бірінде Шәуешек қазақ зиялы жастары бір қонақ-мәжіліс жасады. Сол қонақ-мәжілісіне бүтін уәлаят бойынша бірден-бір фотограф (ол да болса әуесқой ғана) мені рәсім түсіруге дағуат қылды. Мәжілістің ашылуына Бақтыдан Шәуешекке өз құқымен, жеке ісімен келген қадірменді Қанағат болыс Сүлейменұлы (әйгілі Қабанбай батырдың нәсілі) жолдастарымен, жеті-сегіз адам келіп қатысты. Солардың арасында Әсет ақын да бар еді. Бұл Әсет ақынды мен осыдан төрт жыл бұрын Барлық-Арасанға бара жатқан жолымда, Еміл бойында Әлімғазы болыстың ата жұртында меһман болып қонған кезімде көргем уә салған әндерін естіген едім. Келушілер мен шақырылған меһмандарды таныстырып болған соң Міржақып Әсет ақыннан бірер ән, өлең айтып беруді өтінді. Бұған сонда болған халық та қосылды. Басында Әсет кайфі (мүжәзі) жоқтығын, ән салуға тамағы ауырып жүргендігін сылтау қылып, қабыл алмады. Бірақ сұраушылар қайта-қайта ықылас еткен соң: «Мен домбырамен айтушы едім», – деп домбыра талап етті. Қайдан екенін білмеймін, бір жақсы домбыра тауып келтірілді. Бұны қолға алып, арлы-берлі шертіп көріп, мұнымен ән-күй айта алмайтындығын білдірді және: «Жақсы гармонь болса», – деді. Гармонь да табылды. Біраз уақыт Әсет қысылып, ыңғайсызданып отырды да әнге салып, өзінің өнерін көрсетті. Әсетті естушілер мақтап, оған биік баға берді. Сол қонақ-мәжілістің соңынан рәсімге түсіру болып, Әсет те сонда бір шетте отырып түсіп қалған еді. Содан бір ай кейін тағы да бір қонақ-мәжілісте Әсетті ұшыраттым. Өзінен әнеукүнгі мәжілісте ән салғанда қысылып-қымтырылуының себебін сұрадым. Сонда Әсет: – Ей, қарағым-ай! Онда қонақ болып отырып, ән салуымды сұрағандар бір дария-теңіз, асқан ақын адамдар. Мен олардың қасында кішкене бір бұлақпын. Олардың алдында өзіңді байқап, аяғыңды абайлап баспасаң бола ма?, – деді... Үшбу рәсім 1918 жылы апрельдің ақырында Шәуешекте түсірілген. Арттан, сол жақтан алғанда түрегеп тұрғандар: 1. Хасен палуан. 2. Палуан Ысқақ. 3. Рақымжан. 4. Хасенжан (Аягөз молданың күйеуі). 5. Нияз Ысқақ. 6. Ғариф Борнаш. 7. Ғафиз Оразалин. 8.(?). 9 (?). 10. (?). 11. Қабыш Сейфуллин. 12. Зейнун Сейфуллин. 13. Мұхамеджан (өзі аппаратты дайындап қойып, жүгіріп барып тұра қалған – Т.Ж.). Ең соңында оңаша отырған Әсет Найманбаев. Орындықта отырғандар: 1. Үржарлық судья Аманжолов. 2. Міржақып Дулатов. 3. Ахмет Байтұрсынов. 4. Райымжан Марсеков. Алда отырғандар: 1. (?). 2. Ғани қари. 3. Ибраһим Құлмқхамбетов. 4. Сабыржан Хамиди. 5. Сербосын (наубайшы). 6. Мұнда Низ ахунның қолы қалқалап қалған орындықта отырған Қанағат болыс ибн Сүлеймен.


Аталған адамдардың барлығы да өте беделді, қазақ мәдениеті үшін маңдай терін төккен зиялылар. Үш арыстың құрметіне бүкіл қалалық сауық-секруен ұйымдастырып, палуан күрестіріп, салтанатпен қарсы алды», – деп деп жазыпты.


Бұл сурет қазір де бар. Әсет ақынның бейнесі сол сурет арқылы бізге жетті. Қайтарда Шыңғыстау арқылы Семейге бет алды. Онда Бақанас бойындағы Абай ауылында Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов бастатқан «Алашорда» үкіметінің көсемдері бой тасалап жүрген болатын.


М.Дулатов (жалғасы): «Содан 1918 жылдың жазында Кеңес өкіметі құлаған соң ғана Семей қаласына қайтып келдім. Сол сәттен бастап қана «Алашорда» үкіметі ұйымдастыру жұмысына кірісті. Мен Орынборға қайтып кеттім де, қазақ газетін қайтадан шығара бастадым. Байтұрсынов та Орынборға қайтып келді».


Әлқисса, осы арада біздің де тағдырымызға тауқыметі тиген бір оқиға туралы әкем – Құдакелді Жұртбайұлының естелігін кіріктіруді перзенттік парызым деп есептеймін. Өйткені осы сапардағы алаш ардагерлеріне көрсеткен кішілік қызметі үшін әкеміз жарықтық 1930-1932 жылдары Алматының абақтысының «дәмін татыпты». Өзінің түрмеге не үшін қамалғанын:


«Көтеріліс жылдары Ахмет Байтұрсынның хатын Мақаншыдағы алаштың жасақтарына жеткізгенімді кеңес өкіметі біліп қойыпты. Ол кезде он алты жаста едім. Алаш адамдары бас қосып, Шәуешекке бара жатыр екен. Он алтыншы жылғы босқындарды қайырмақ. Тағы да бұдан басқа өз ойлары болса керек. Онысын аңдағара алмадым. Соларға атшы болып жүргемін. Қазақтың көсемі: мені елеусіздеу көрінетін бала ғой, ешкім тексеріп-тергемес деп, жасырын бір хатты жасақтарға апарып беруге жұмсады. Хатты желдіртіп барып апарып, жауабын желдіртіп келіп әкеп бердім. Қайтарда ақ па, қызыл ма, білмеймін, әйтеуір орыстың әскері қуды. Ептеп қудаластық. Бар қылмысым осы. Хаттың ішінде не жазылғанында шаруам қанша. Сол үшін «алашорданың шабарманы» атанып, отызыншы жылы қамаққа алынып, тергеуге түстім. Көрген-білгенім әлгі. Сол жауапты тергеушілерге қайталап отырып алдым. Ақыры қашып құтылдым», – дейтін.


Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін. Кейіннен бәрі де дерек ретінде расталды. Қашқында бірге болған Жырғал, Рақымберді деген қанжығалас серіктері бертінде дүниеден қайтты. Әкеме абақтыдағы азаптан көрі, абақтыдан қашып шыққаннан кейінгі көрген халық қасіреті қабырғасын қатты қайыстырушы еді. Тағдырдың тауқыметіне ұрындырған сол сергелдең туралы естелігін кезінде баспасөзде жарияланған толық қалпында осы араға кіріктіргеніме кешіріммен қарарсыздар деп түсінемін. Мұндағы ашаршылықтың зауалы кімді де болса толғандырады ғой деп ойлаймын:


Қ.Жұртбаев: «Е, бұл қу бас нені көрмеді дейсің. Түрмесін де, түнегін де, істігін де, штыгін де көрдік қой бұл өкіметтің. Соның бәрінен маған батқаны отыз екінші жылғы ашаршылық болды. Өз басымыз аман қалды демесең, ол көріністі еске алсам әлі де тұла бойым түршігеді. Несін сөзбұйдалайын, аласапыранның уақыты. Аяқ астынан әскердің қолына түсіп, Алматыға айдалдым. Істі болдым да шықтым. Түрмедегі қорлықты айтпай-ақ қояйын. Оның өзі солай болуы да керек қой. Қазіргі тоқшылық заманда да абақтыдағылардың жағдайы мәз емес шығар. Әліпті таяқ деп білмейтін адамнан не саясат шықсын. Малдың бәрін тартып алған. «Ақ сиырдың» көтерілістері (Шәкәрім қатысқан) бұрқылдап тұрған кез. Тағдырдың желі қуып жүріп түрмеден шықтық. Онда тоғыз айдай жаттым. Саясаттан хабарсыз болғандықтан ба, біраз адамды абақтыдан сыртқа шығарып, әр түрлі жұмыс істетті. Қыс түсе бастағанда-ақ түрменің маңына қайыршылар жинала бастады. Біз олардан бірдеңе дәметіп жүрсек, олар бізге келген адамдардан қайыр тілеп жүр екен. Елге аштық кіргенін содан білдік. Түрменің қара жұмысы, қара нан, қыс бойы соны қағажу еттік. Сөйте жүріп, үш жігіт, үшеумізде жиырманың ішіндегі жас едік, тіл табысып, «кампан» болып алдық. Қолға түскеннің бәрін бөлісеміз. Бірі – Қаратаудың, бірі – Ақсу – Сарқанттың азаматы еді (Аттарын есімде сақтай алмадым – Т.Ж.).


Қыс ортасында түрменің айналасында үйіліп қалған, аязға қатып қалған аштардың денесін шанаға салып, өзеннің жағасындағы жарға құлата береміз. (Ол ара қазіргі Сайран жағажайының орыны болса керек). Әуелде зәреміз ұшып, бүйтіп өлгенше түрмеде жүргеніміздің өзі жақсы екен деп тәубе еттік. Осылардың кебін құшарымыз анық қой. Бізде қайбір жетіскен киім бар дейсің. Әлгі аштан қатқандардың тәуір киімі болса шешіп алып, етік-байпақтарын киіп, өлместің күнін көрдік. Алматыда жылымық ерте басталады екен. Ақпанның басында күн жылт ете қалып еді, әлгі өліктер ырсиып-ырсиып шыға келді. Ит екеш иттің де адамды басынғанын сонда көрдім. Адамның сүйегін кеміріп жатады. Қасына барсаң өзіңе ырылдап, сес көрсетеді. Үшеуміз бұл қорлықтан қатты қапаландық. Содан, итке жем болмайық деп қалайда қашуға бекіндік. Ептеп азық-түлік, киім-кешек жинастырдық. Қойшы, ішіңе түскен ой кеміріп жеп бітеді ғой. Бір күні кешке қайтқан кезде әр қайсымыз үйіліп жатқан өліктердің ортасына жасырынып барып жатып қалдық. Күзетші іздейді ғой, бірақта, теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктердің ортасына келуге дәттері шыдамайды. Түн ортасы ауа үшеуміз дыбыс берісіп, бас қостық та, аштардың дауысына сап, тамақ сұрап, ыңырсып жүріп Серкеш шыңын бетке ала тау сағалай жүрдік. Таң ата қалың ағаштың ішіне кірдік те, жатып қалдық.


Сол арада мынадай байламға келдік. Бәрібір ауылға жете алмаймыз. Онда бізді сағынып отырған ешкім жоқ. Темір жолға барсақ сақшылар ұстап алады. Қысты күні жолсызбен жүру қиын. Сондықтан да неде болса Серкеш шыңының бауырына барып паналайық. Тау ішін ешкім тінтпейді. Жаз шыға бұйырғанын көреміз дестік. Содан баспалап отырып Алматыны орай Серкеш шыңына бір аптадай жүріп кеттік. Қайда асығамыз. Жол бойы шәңкіш, долана, итмұрын, сарыағаштың жапырағын теріп, дорбамызға жия бердік. Кейде тиін, ақкіс кездесе қалғанда, әлгілерді аулаймыз. Қауіпсіз деген бір шатқалға келіп, ағаштан қопын жасап, сонда орналастық. Ошақ орнаттық. Аштардан алған темір күрешке, шөңке, шәугіміміз, шырпымыз бар. Отты өшірмейміз. Алда қанша тауқымет бар. Оны да ойламасқа болмайды.


Күн сайын біреуіміз қостың маңында қарауылға қаламыз да, екеуіміз қу тамақтың қамымен тау кеземіз. Жеміс-жидектің түйінін тереміз. Үшқаттың жіңішке бұтасынан ағаш қақпан жасаймыз, кейін садақ та жасадық. Не жедің, не ұстадың дерің бар ма. Аю мен арқар атқамыз жоқ. Тышқан ба, құс па, жылан ба, таңдағамыз жоқ. Бұйырғаны біздікі болды. Өмір үшін неге де болса барады екенсің. Үш жігіт ілдебайлап күнелттік. Жер әбден қарайған соң жолға дайындалдық. Ептеп өлместің азығын жидық. Көшкінде өлген аңның өлексесін қақтадық. Құстың жұмыртқасын талғажау еттік. Жуа, сарымсақ тердік. Жабайы адам не істейді, біз соның бәрін басымыздан кешірдік.


Сонымен, мамыр айының аяғында қопынымызды тастап шықтық. Алатауды бүйірлеп отырып шығысқа қарай жүрдік те бір өзенді сағалап, Алтынемілге бет алдық. Шындығын айтайын үш жігіт болсақ та жолға тақап жүруге сескендік. Жолдың шетінің бәрі өлік. Исі мүңкіп, қолқаңды жарады. Оның үстіне адамдар әбден ашынып алған. Мерт етуі мүмкін. Ауыл тұрғындарынан да қайырым кеткен. Сондықтан жолдан он-он бес шақырым қашықтықта жарыса жүреміз. Әйтеуір жаз күні ғой. Жуа, сарымсақ, саумалдырық, рауағаш тердік. Жәндік көрсек бітті, оны олжаламай ілгері жүрмейміз. Бір-екі рет ауыл шетіне барып, енді ел көрместей күйге түстік. Үйіліп қалған өліктер. Қойшы, содан екі ай дегенде Балқаштың құмына іліндік. Киімнің борша-боршасы шықты. Аяқ тілім-тілім болып жарылды. Сол арада қаратаулық серігіміз: құмға іліндім, енді мен өз еліме Бетпақты сағалап жетіп алайын. Көріскенше қош болыңдар, қияметте де бұл достықты ұмытпаймын, – деп рұхсат сұрады. Жыласып, айырылыстық.


Қалған екеуміз тағы жылжыдық. Мен сол жолы көргенімді айтпайын, сен сұрамаңдар. Кісі етін жеп, есінен ауысқан бір адам біздің өзімізді торып, екі күндей зәре-құтымызды алды. Адамның жидіген шашынан қыл-шылбыр өріп алыпты. Зады, сонымен шамасы жеткенді қылқындырып өлтіретін болуы керек. Әсіресе, емшектегі баласын құшақтап, өлген әйелдердің сүйегінің қаңқасын көргенде қасымдағы серігім еңіреп, жылап жіберді де: «Мына жатқан менің әйелім мен менің балам болса қайтемін, Құдакелді-ау», деп, – жерге отыра кетеді. Менің де қабырғам сөгіледі. Бойдақпын. Ондай уайым қыспағанымен де ағайын-туыс, әке-шеше еске түседі. Бірақ та олар шекарадан өтті дегенді құлағым шалып қалғаны бар. Сол дүрмектен қалмаса керек еді деймін ішімнен. Менің таңғалғаным, сол босқан елдің бишаралығы еді. Құдай-ау, Балқаш көлінің маңында қырылғандар қаншама десеңізші. Әр қамыстың түбінде бір өлік. Етін балық мүжіп жатыр. Шіркін-ай, десеңші, балық адамды емес, адамдар балықты жесе, күнелтіп кетер еді ғой. Соған қауқары жетпеген неткен дәрменсіздік. Оны көріп өзеннен су ішуден қалдық. Бұлақ, құдықты іздейміз. Індет тарап кетеді деген қаупіміз бар. Қу үміт не ойлатпайды. Қойшы, ала жаздай арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жүріп, күзге қарай Жоңғар Алатауының етегіне жеттік-ау. Енді, Сарқант пен Ақсуды көздеп келеміз. Қыркүйекке таман әлгі серігімнің ауылына келдік.


Қауіп қайдан дерің бар ма. Ауыл толы белсенді. Ұстатып жіберіп отырғандардың өзі сол ағайындар ғой. Оның ауылы абыр-сабыр болып жатыр екен. Екі күндей ауылдың желкесіндегі биіктен бақылап отырдық. Серігім біресе әкесін, біресе шешесін, біресе әйелін көріп елеңдеп қалады. Кішкентай баланы көрсе, өз ұлына ұқсатады. Әйтеуір қос көзі төрт болды. Екінші күні етекке таман түсіп, мен ауылдың тұсындағы қалың бұтаның арасына тығылып қалдым. Серігіммен сол арада қоштастым. Ондағы қимастық сезімді қалай жеткізесің. Егер де, ұзақ бөгелсем күтпе, менің қолды болғаным. Ал, мына бұтаның қасына келіп үш рет қақырынсам онда елдің аман болғаны, – деді. Қас қарайған соң ол шеткі үйге жетті. Ар жағын аңдай алмадым. Түн ортасы ауғанша келмеді. Ауыл жақтан абыр-сабыры көп дауыстар естіледі. Үмітімді үзе бастадым. Суық та қалтыратып барады. Одан үрей күшті, үрейден аштық күшті. Енді орынымды ауыстырып, қарсы бетке барып жаттым. Кім біледі?, – деген сенімсіздік орнады. Содан күдер үзілген кезде бір сыбыс шықты. Тыңдадым да жаттым. Белгілі бұтаның түбін дәл тауып, үш рет әйел дауысы естілді. Қозғалмадым. Бірнеше рет қайталады. Содан кейін ақырын ғана:


– Жолаушы! Сізге сәлем айтты серігің. Мен соның зайыбымын. Біздің ауыл аңдуда. Бірақ қазір арғы бетке көшуге қамданып жатырмыз. Сіз тезірек бұл маңнан кетіңіз. Құдай жолыңызды қылсын!, – деп байыппен нақтылап айтып шықты.


Әбден көзім жеткен соң орынымнан тұрып қасына бардым. Жағдайды қысқаша түсіндірді де, қолыма бір дорба тамақ ұсынды. Киім де бар екен. Әлгі серігімнің әйелі: «Бары осы болды, таудан төмен түспегейсіз, мына Семей жақ қауіпті. Торуылшы көп. Алла дем берсін сізге», – деді де кері бұрылды. Өксік кеудеме тығылып мен қалдым. Апыл-ғұпыл әкелген тамақтан асап-асап жібердім де, тау сағалап, таң атқанша жүріп отырдым. Бір төбенің басына барып тынықтым. Ертеңінде әлгі ауылдың орынына қарасам, өздері жоқ, тек жұрты ғана қалыпты. Сөйтіп, қияметтікке серт берген екі адаммен осылай мәңгі қоштастым. Тірі болса олар да мен туралы осыны айтып жүрген шығар. Алла разы болсын!


Несін созайын, тура қазан айының аяғында Аякөзге жеттім-ау. Жолда қаңыраған қыстауларды паналап, қатқан сүйектерді қайнатып ішіп, аң-құстың өлексесінің етін қорек етіп жеткенімде, осы жерге жетуге неге сонша өзеурегенімді түсінбедім. Жұрт бір-біріне жауығып, қанын ішіне тартып алған. Ел жақтың да берекесі кетіпті. Әйтеуір, аштықта ар жүре ме, біреудің жуындысын ішсең де қанағат. Содан, есім барда арғы бетке өтейін деп бекіндім де, енді Тарбағатайды сағалап, Бақтыдағы шекараға қарай жүрдім. Жолай қар тізеден жауды. Тау алқымнан жүру мүмкін болмаған соң күнгей сағалап жүрдім. Бар жұбанышым, мұрынды шүйірткен өліктердің иісінен құтылғаным. Қыстың аты – қыс. Бұтаның түбіне, тастың ығына, маяның ішіне түнеп жүріп, шекараға да жеттім-ау. Бірақ, Тарбағатайдың иегіндегі Арқалық тауына қарай күре жолды қиып өтіп бара жатқанымда, тура шекараға бір шақырымдай қалғанымда алдымнан атқа мінген үш әскер шыға келді. Біреуі шауып келіп мылтықтың дүмімен бір ұрғанда есім ауып қалды. Қайсы бір әл қалды дейсің. Көзімді ашсам, әлгі әскердің екеуі анадай барып, үшіншісін шақырып тұр екен. Мені тастап кетейік, өзі де өледі, өлмесе күнін көрсін дейтін болуы керек. Бірақ үшіншісі көнбеді. Есімді жиғанымды біліп, қамшымен сабап, шылбырына байлап, сүйретіп, омбы қарда дедектетіп отырып Бақтының бекетіне алып келді. Желкеден бір түйіп, абақтының ішіне кіргізді. Е, орыстың құрығы ұзын ба, менің адымым қысқа ма, осылай тағы да Иванның апанына түстім. Ішке кірсем, бәрі де өзім сияқты сорлылар, ішінде анда-санда саптамалы, қапсырмалы етігі барлар кездесіп қалады. Олар, шекараның арғы-бергі жағына зат таситын, сөйтіп жүріп, қолға түскендер болса керек – деді.


Содан әлгі абақтыда бес күн жаттым. Күніне бір кесе ыстық су береді. Екі күнде бір уыс кебек араласқан тары береді. Әлгіні бірден жемей, талмап қана, бір сағат бойы аузымыздың дәмін аламыз. Тәп-тәуір тершіп қалғандай боласың. Күн суық, боран ұйытқып тұр. Алтыншы күні таң атқанда сапқа тұрғызды да, Мақаншыға қарай айдай жөнелді. Қар дегенің белуардан. Аш-арықта не күш бар. Жолдың шетіне бұратылып барып, құлай кетеді. Қызыл әскерлер аттың үстінде тұрып қамшымен әрі сабайды, бері сабайды. Оны көтере ме? Кейі сол күйде жантәсілім береді. Оны бізге жолдың шетіне ысыртады да, қармен бетін жабуға мұрсат бермей, айдай жөнеледі. Жолай талай өлікті басып кеттік. Аттап өтетін күй қайда. Әскерлер кейде нашарларды табан астында атып тастайды. "Жаны қиналмай өлді-ау, бишара", – деп кейбіреулер кәдімгідей жеңілденіп қалады. Қойшы, содан күн ұзақ жүріп Бұғыбай деген бекетке келдік-ау. Бақтыдан ұзаса он шақырым ғана жер. Сол арада бір қора бар екен, әлгіге әкеп қамады. Аш адам бұйығып-бұйығып жата кеттік. Күн борап тұр. Бір кезде әлдекім дауыстап жіберіп: "Ей мынаны қараңдар!", – деді. Сөйтсек, жатқан жерінен темір тауып алыпты. Үш-төрт әлді жігіт дереу әлгі қораның арт жағындағы дуалды тесуге кірісті. Кезектесіп отырып, қабырғаны тесті. Сырттағы боранның азынаған дауысы ештеңе естірте ме? Әскерлердің бәрі басқа үйде демалып жатыр. Күзетші сыртта. Ол да қайбір жетісіп тұр дейсің. Содан бір уақытта әлгі жерді тесіп, бір-бірлеп сыртқа шықтық. Келісім бойынша екі адам бірге жүрмейді. Әркім бет-бетімен кетеді. Сонда бірін ұстаса екіншісі құтылып кетуі мүмкін деп уағдаластық. Арада жарты сағат өткенде, ұзаса 300-500 метрдей жерге жетіп қалғанымызда, тарс-тұрс мылтық атылып, дүние астан-кестен болды да кетті. Әр жерде айғайлаған дауыс, атылған мылтық, кім өліп, кім тірі қалды айырып болар емес. Өзі аш адам, омбы қарда қанша алыс кете аласың. Бір уақытта менің де басыма қамшы үйірілді. Мылтықтың дүмімен қойып-қойып қалғанда аттай желіп кетесің. Не дерің бар ма, біріміз аман құтылмаппыз. Санап-санап кіргізгенде, бәріміз де түгел екенбіз, бір-екі жаралы бар екен, оған да шүкірлік еттік, сұлап-сұлап жата кеттік. Сөйтсек, шу мынадан шығыпты. Ең соңында үш жігіт қалыпты, солар. мен бұрын шығамын, мен бұрын шығамын, – деп таласып, соңында боқтасып, төбелесіп қалыпты. Керілді естіген күзетші есікті ашып қарап, атой салыпты ғой. Әлгі жігіттерді тауып алып, екі-үш әлді азаматтар оларды төмпештеп алды. Қырық адам шыққан тесіктен үшеуі таласатындай не жетпеді десеңші.


Азапты ертеңінде көрдік қой. Бір кесе қайнақ судан айырылдық. "Қашатын қусыңдар ғой, ал қашыңдар", – деп, әскерлер желкемізден мылтықтың дүмімен періп қалады. Жүре алмағандарды сабап-сабап тастап кетеді. Олар сол күйі боранда қатып қалады. Жүруге шамасы жоқ. Жолда теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктің талайын көрдік-ау. Алпыс шақырым жердегі Мақаншыға жеткенде есімізді бір-ақ жидық. Анау бақшаның түбіндегі тері-терсек жиятын қоймаға қамады. Іші толған өгіздің терісі екен. Пышақта жанып-жанып жіберіп, өгіздің шатмайын, шелін сылып алып, қойманың үстіндегі шілікті сындырып, отқа жағып, әлгіні қақтап жедік. Әй, сол құйқаның дәмі әлі ауызымызда.


Егер де кешіксем айдауылдан қашып құтылмасымды білдім. Әлім бітіп, титықтап қалып едім. Қалайда қашуға тырыстым. Қалай екенін білмеймін, ел өгіздің терісін шелдеп, от жаққан кезде мен есік жақты сағалай бердім. Түтін бұрқырап, қойманың іші көрінбей кеткен соң есікті ашты. Сыртқа түтін лап етіп шыққанда мен де есіктің қайырмасына қалай жасырына қалғанымды білмедім. Күзетші түтіннен қашып, әрі таман барып тұрды. Сол кезде ақ шәлі тартқан бір әйел жанап өте берді де, жапсарда тығылып тұрған мені байқап қалды. Қолында ақ бидоны бар екен. Шырайлы адам екен. Әлгі күзетшінің қасына барып әзілдесіп тұрды да оны өзіне қаратып, әрі қарай баспақтай берді. Сол кезде мен жалт беріп, әлгі қойманың артына қарай зытып бердім.


Сөйтіп, бірден базарға тарттым. Кіс көп, ішіне сіңіп кетесің. Екінші, таныс кездесіп қалса, өзегімді жалғармын деген ой келді. Аш-арық өліп жатқан адамды шанамен сыртқа әкетіп жатыр. Соның біреуі болып, мен де кетемін-ау деген ой еміс-еміс келеді. Базарды үш айналып шықтым. Әлгі ақ шәлі тартқан әйел сонда келіп айран сатып тұр екен. Жанына жақындай барып бұрылып кетем. Үшінші рет жанай бергенімде жанына шақырды да: – "Жаңағы сенсің бе?", – деді. – "Иә", – деп, басымды изедім. Өзгеге білдірткісі келмеді ғой деймін: – "Осы сенің ақшаң жоқ қой. Бірақ та мынаны түгел ішіп кете алсаң, ақысын алмаймын. Іше алмасаң киіміңді шешіп бересің", – деді. Ақ бидонды бас салдым. Айранды төгіп-шашып құныға сіміре бастадым. Бір кезде көз алдым қып-қызыл боп қанға тұнды да, теңселе бердім. Сақалым қан сияқты көрінді… Есімді жисам, бір жылы үйде жатырмын. Сөйтсем, аш адам әлсіз келеді емес пе, зорыққаннан мұрынымнан қан заулай жөнеліпті. Біраздан кейін әлгі шәлі тартқан әйел кірді. Біраз үнсіз отырды да:


– Ей, сорлы-ау, байқап-байқап ішпейсің бе, мен сенің киіміңді қайтем. Біреу-міреу күдіктеніп, сені тағы ұстап әкетпесін деп алдартқаным емес пе. Біз де түсінеміз. Менің де аға-бауырым босқын боп жүр. Арғы бетке кеткені бар, айдалып кеткені бар, солардың біреуін кезіктіріп қаламын ба деп, базарға барып тұрамын. Табыс үшін емес. Осында бір белсендіге сен сияқты жүдеп жүріп тап болдым да, тұрақтап қалдым. Оларға тамақ табылады ғой. Ол өзі қазір Аякөзге жиналысқа кетті. Осында екі-үш күн дем ал. Жаңа сен есіңнен танғанда туысым деп үйге әкелгіздім, – деді.


Сол бір мұңлық әйелді маған мына балалардың көз жасы үшін кезіктірді-ау. Несін жасырайын, басымнан кешкенімді әлгі әйелге түгел айттым. Жылап отырып тыңдады. Бір апта жатқызды үйінде. Киімімді жамап, әлгі белсендінің ескі киімін берді. Кәдімгідей әлденіп қалдым. Бір күні көшеге шығып келді де: – "Бүгін кеңсесіне хабар беріпті. Күйеуім ертең келмекші екен. Ол белсенді сені ұстап беріп жүрер. Бүгін түнде жолыңды тап", – деді. Содан, екі бөлке нан, талқан, бидай берді.


Содан кейін арғы бетке өттім. Онда да шеке қызып тұрған жоқ екен. Мына Қарауылда тұратын Зекен мен Жаңылханның әкесі екеуміз тағдырлас-тамырлас болдық. Біреумізде бір қап бидай, біреумізде бір сиыр бар еді. Екеуміз былай деп келістік: ол сиырын, мен бидайды бір қысқа азық етсек жазда ол да, мен де аш қаламыз. Одан да сиырды сойып, бидайды жазда егейік – деп келістік. Жаз шыға әйтеуір өлмес күнді көрдік. Көлік жалдап жүріп, егін ектік. Сөйтіп, көшке ілесіп кеттік. Ой, Алла, сол ашаршылықтан аман қаламын деп кім ойлаған. Бір әйелдің қамқорлығының арқасында бір бұтақ аман қалды, – деді, күрсініп.


Менің ойымша, бұл әңгіме менің әкемнің көп көрген тауқыметінің бірі ғана еді. Қалғаны дербес әңгіме, мүмкін менің "Жер бесік" атты шығармамды оқығандар одан аздап мағлұмат алар деп ойлаймын. Бұл арада ашаршылыққа қатысты әңгімесін ғана тілге тиек еттім. Қатты таңқалдыратыны – адамның өмірге деген құштарлығы. Екінші, жаңағы шәлі тартқан әйел сияқты өзі де тағдыр тауқыметіне түсе жүріп, адамгершілік сезімді сақтай білуі. Әкем бұл әңгімені:


– Е, мен бір тағдырдың қаңбағы болдым ғой, сол бетімше арғы бетте екі-ақ жыл тұрып, тағы да бері өттім. Ол кезде Талдықорғанның Сарқант, Ақсу өңірінде ұзатылған әпкем бар еді, соны сағаладым. Одан екі жыл өткенде отыз жетінің ойраны басталып келе жатты, – деді де сол күнгі әңгімесін аяқтады.


Не деп бұл әңгімені қорытуға болады? Бәрі де тағдыр шығар. Халықтың басына түскен нәуметтің бір куәсі болған әкемнің әңгімесін ұрпаққа жетсінші деп емес, сондай мүсәпір күйге түскен ел жұрттың азабын жеткізу үшін жаздым.


Ауызына иманы түспей, көзі жабылмай қалған ашаршылықтың үлкенді-кішілі құрбандарының топырағы торқа болсын!”


Әкемнің бұл әңгімесі бізге алаш ардагерлерінің мұрасымен мектеп қабырғасында жүргенде танысуға ынталандырғанын да жолай ескерте кеткен де жөн шығар.


«Ұраным – Алаш!..» кітабынан алынды. Жалғасы бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар