Әдеби аударма туралы ой үнемі есімнен кеткен емес. Жуырда жарияланған Президенттің кітап туралы қаулысынан соң тағы да әдеби аударма туралы ойландық.
Қазақ әдебиетінің тағдыры бүгін тек жазушының шеберлігіне ғана байланысты емес. Оның әлемге қалай жететініне, қандай тілде сөйлейтініне, кімнің қолымен аударылатынына тәуелді. Бұрын әдебиет ұлттық шекараның ішінде өмір сүрсе, қазір әдебиет – халықаралық бәсекенің алаңы. Әлем әдебиетінде «жақсы шығарма» деген ұғымнан бұрын «жақсы аударылған шығарма» деген түсінік алға шықты. Өйткені әлем оқырманы қазақ тілін білмейді. Ол қазақты аудармашының көзімен көреді. Демек, бүгін аудармашы – қатардағы жай тілмаш емес, тұтас ұлттың әдеби бейнесін қалыптастыратын мәдени дипломат болуы керек. Заман талабы сондай.
Қазақ әдебиетінің әлемдік аренаға шығуы – енді «Қашан Нобель сыйлығын аламыз?!» дейтін романтикалық арман емес, стратегиялық қажеттілік болуы керек. Егер біз өзіміздің тарихымызды, трагедиямызды, мінезімізді, рухымызды әлемге жеткізе алмасақ, онда біз туралы өзгенің жазған нұсқасы үстем болады. Әлемде кім өзін өзі әңгімелей алса, сол ұлттың дауысы күшейеді. Ал өзін өзі аудара алмаған халық жаһанданудың ішінде үнсіз жұтылып кетуі мүмкін.
Бірақ мәселе бір ғана «аударуда» емес. Қазақ әдебиетінің үлкен трагедиясы – біз аударманы көбіне техникалық процесс деп түсінеміз. Көп жағдайда кітапты бір тілден екінші тілге көшірсе болды деп ойлаймыз. Бұл – қате. Әдеби аударма – рух аудармасы. Әсіресе қазақ секілді метафорасы терең, астары қалың, мәдени кодтары күрделі халықтың әдебиетін аудару оңай емес. Мысалы, қазақтың «сағыныш» ұғымын ағылшын тіліндегі “miss” сөзі толық бере алмайды. «Құлазыған дала», «жетімдік», «қоңыр күз», «ескі жұрт», «обал», «кие» сияқты т.б. ұлттық ұғымдардың артында ғасырлық психология жатыр... Егер аудармашы ұлтымыздың сол рухани қабатын сезінбесе, мәтіннің сыртқы қаңқасы ғана қалады.
Сондықтан бүгінгі әдеби аударманың басты талабы – тек тілді білу емес, өркениеттік ойлау, түсіну. Аудармашы қазақ дүниетанымын әлемдік мәдени контекстке кірістіре алуы керек. Қазіргі заманғы әдеби аудармашы бір мезетте филолог, редактор, әдеби агент, мәдениеттанушы, тіпті маркетолог болуы да тиіс. Өйткені әлемдік нарықта кітап тек мәтін ретінде емес, мықты идея ретінде сатылады. Осыны ескерген жөн.
Бүгін әлем оқырманына не қызық? Экзотика емес. Шынайылық. Травма. Ұлттық жад. Колониялық тәжірибе. Адамның ішкі жалғыздығы. Ұлттық идентификация мәселесі. Осы тұрғыдан келгенде қазақ әдебиетінің мүмкіндігі өте зор. Қазақ халқының ХХ ғасырдағы ашаршылық трагедиясы, қуғын-сүргін, көшпенділік сананың күйреуі, урбанизация, тілдік дағдарыс – мұның бәрі әлемдік әдеби дискурстың өзегінде тұрған тақырыптар. Бірақ біз оны әлемге жеткізе алмай отырмыз.Мәселен, жапон әдебиетін әлемге шығарған тек Мураками емес, жапон әдеби аударма мектебі. Латын Америкасының әдеби жарылысының артында да қуатты аударма институттары тұрды. Түрік әдебиетін әлемге танытқан жалғыз Орхан Памук емес, оны жүйелі түрде ағылшын және еуропа тілдеріне аударған әдеби инфрақұрылым. Ал бізде көбіне бір кітап мемлекеттік тапсырыспен аударылады да, ары қарай тағдыры қараусыз қалады. Әлемдік әдебиетке шығу – бір реттік акция емес, үздіксіз мәдени саясат.
Қазақ әдебиетінің тағы бір проблемасы – біз көбіне әлемге өзіміздің ең мықты шығармамызды емес, «ыңғайлы» шығармамызды ұсынамыз. Әдебиетте батылдық аз. Көп автор халықаралық оқырманға ұнау үшін мәтінді жұмсартады. Ал әлем бүгін өткір дауысты күтеді. Әлемге жалтақ әдебиет емес, тағдыры бар әдебиет өтеді.
Қазіргі уақытта аудармада тағы бір үлкен өзгеріс болып жатыр. Жасанды интеллект дәуірі келді. Енді мәтінді Google Translate немесе нейрожүйелер бірнеше секундта аударады. Бірақ мәселе мынада цифрлық машина мәтінді аударады, ал адам сөз мағынасын аударады. Болашақта қарапайым техникалық аудармашылар азаюы мүмкін, бірақ әдеби аудармашының құны керісінше өседі. Өйткені әдебиетте ырғақ, астар, үн, психологиялық тыныс бар. Мұны алгоритм толық сезіне алмайды. Демек, болашақ әдеби аударманың алдында екі талап тұр: технологияны меңгеру және адамдық интуицияны жоғалтпау.
Қазақ жазушылары әлем халқының көзқарасына әсер ете ала ма? Әрине, әсер ете алады. Бірақ ол үшін алдымен өз тақырыбын табуы керек. Әлем еліктеуді емес, түпнұсқаны іздейді. Қазақ жазушысы батыстың әлсіз көшірмесі болмауы тиіс. Оның артықшылығы – өзінің далалық санасында, тарихи жадында, рухани жарасында. Егер қазақ әдебиеті өзінің ұлттық табиғатын жоғалтпай, оны заманауи формада жеткізе алса, онда әлем оқырманы міндетті түрде назар аударады.
Өйткені бүгін әлем үлкен өркениеттік шаршауды бастан кешіп отыр. Технология өсті, бірақ рухани жалғыздық күшейді. Осындай кезеңде тамыры терең әдебиеттерге сұраныс артады. Қазақ әдебиетінің мүмкіндігі дәл осы жерде. Бізде әлі бұзылып үлгермеген рухани интонация бар. Бірақ оны әлемге жеткізетін кәсіби аударма мектебі қалыптаспайынша, қазақ әдебиеті өз ішінде ғана айналып жүре беруі мүмкін. Сондықтан бүгін әдеби аударма – жай мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өйткені тілі аударылмаған халықтың ойы да әлемге жетпейді. Ал ойы жетпеген халықтың ықпалы әлсірейді.
Қазақ әдебиетінің болашағы енді тек жазушының үстелінде шешілмейді. Ол аудармашының санасында, халықаралық баспалардың стратегиясында, әдеби агенттердің байланысында, мәдени саясаттың деңгейінде шешіледі. XXI ғасырда әлемге шыққысы келген әдебиет ең алдымен өз тілінен басқа тілде өмір сүре алуы керек. Соған қабілетті болуға ұмтылайық!
