Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
СЫН
/
Бізді жұтпақ үрейдің елесі...

Бізді жұтпақ үрейдің елесі

07.05.2026

34

Бізді жұтпақ үрейдің елесі - adebiportal.kz

Соңғы кезеңдерде бірінен кейін бірі үлкенді-кішілі жазушылардың романдары жарыққа шығып жатыр. Осыдан он жылдай бұрын бұлай толассыз роман жазылмаған сияқты. Бәрі елеңдеп, бір дүниені күтіп жүргендей болатын. Сол уақыт енді басталып жатқандай. Кітаптар шығып, романдар жазылып жатыр. Әр жақсы шығарманы қуана қабылдап, қуана оқып жатқан оқырмандардың да легі, екпіні байқалады.

***

Әлішер Рахаттың «Иесіз көлеңке» романы туралы айтқым келеді. Шығарма бірден Шәкеннің ішкі күйінен басталыпты. Қорқынышын, үрейін баяндайды. Шынын айтқанда, «Дыбыстарды бақылауда ұстағым келеді» деген алғашқы сөйлемінен бастап, оқудан тартынып қалдым. «Сезім ноталарын басып», «түрің ағып кетті ғой» (түсі бұзылып кеткенін айтқан болуы керек), «вирус кірген комьютердей» (мең-зең болып, есінен айырылғанындай күйін суреттегені шығар) деген сияқты қолданыстарын оқып, салмақты прозаның белгісін байқай алмадым. 16-17-беттерге дейін екі күн оқыдым. Оның үстіне әрекет жоқ, сезімін, есіндегісін (кейіпкердің) баяндап отырғандықтан ба, жалықтыра бастады. Бірақ басында қиналып басталған шығармаларды соңына дейін оқығанда мүлде басқа қорытынды шығаратын сәттерді білемін. Соңына дейін шыдайын дедім.

***

Шәкен мен Іңкәрдің кафеде кездесуінен бастап, оқуым жүрді. Іңкәрмен не үшін кездескенін білмейтіні, онымен сөйлесіп отырып, басқа да адамдарға жазып отырғаны Шәкеннің бұзылған психологиясынан хабар беретін. Бұл әрекеттерге бөтен пиғылы болғандықтан емес, өзінің нақты не істеп, не қоярын білмей дал болған жанының дегбірсіздігінен барады. Жалғыздығынан қашқан, қараңғы бөлмеде әлдеқандай сәуле көрсе, соған қарай ұмтылған жан далбаса әрекеті. Айтса – өзгеге де, өзіне де түсіндіріп бере алмайтын, бірақ ішкі күйімен өз қалауын терең білетін Шәкеннің неге бұндай хәлге тап болғанын шегіністер арқылы түсіндіріп отыратын жазушының баяндауында әлдебір шынайылық, ұқыптылық бар. Ол ұқыптылық Шәкен өмірінің, оқиғаларының, сезімдерінің әлдеқандай бір сырын ұмыт қалдырғысы келмейтінінде. Сыныптастары «құлақ» деп атайтыны, арасындағы мазақтары таптаурын болса, оның домбыраға деген құмарлығы, әкесінің бір кезде өзі жете алмаған арманына ұлы жеткізетініне сенгені, осы мұрат жолындағы әке мен баланың, оның сыртындағы ананың сөздері, шегіністер бойындағы кейіпкердің бар кешкен ғұмыры әдетте көп айтыла бермейтін сырмен бөліскендей – жаңа. Автор бас кейіпкердің өмірін сыбырлап айтып отырғандай. Ары қарай кітап аяқталғанша неге бас алмай оқығанымызды енді түсінгендей болдық. Басы құпия болып басталған Шәкен жағдайын автор оқырманға бөліп-бөліп аша бастайды. Арасында өзі де толқып, бірге қобалжитындай. Шәкеннің өзі білмей бір рет қолына жіп ұстап қораға барғаны, бір рет жол бойындағы екі тайдың қара кісіге айналғанын көріп, есінен танып қалғанын оқырманын да шошытып алмайын деп, сыбырмен баяндайды. Жүрегінен өткізіп, жүрекке жеткізердей тірі, жанды оқиға.

Жалпы шығарманың идеясы, кейіпкерлері туралы айтай-ақ қояйын дегем. Маған ұнағаны Әлішердің осы романды соңына дейін шынайы, жанды, оқырманын сендіріп алып шыққаны. Шашауын шығармапты. Әрәдік шалқып кететін, сезімге тигісі келіп, лирикаға, кейде пафосқа бой алдыратын қолданыстары ұшырасып тұрғанымен, Шәкеннің оқиғасына сендім. Роман біткен соң, басқы бетін қайтадан оқыдым да – сезіміне сендім. Бірақ қалай болғанда да салмақты проза олай басталмауы керек деген ойдамын. Элегия сияқты. Прозаның тілі емес. 

Шәкеннің қара кісіден қорқып қалғаннан кейінгі өміріне серік болып жабысқан үрей арқылы кейіпкерінің ішкі драмасын, сол драманың тұтқыны бола жүріп, әке-шешесімен, ағасымен, достарымен қарым-қатынасын жазушы оқырманға сендіре жеткізе алған. Шығарманың бір шарты да сол иландыру ғой. Маған осы оқиғаға автордың өзі сенгендей көрінді. 

Түптен келгенде Қара кісі де – фон. Мәселе, тіпті, оның бар-жоғында емес. Бір кілтипан Шәкеннің жан дүниесінде. Әркімнің ішінде бір үрей бар. Қоғамнан орныңды тауып, өмірде өз жолыңа түсе алу да – бір алаң. Өнерді түсінетін, әке мен ананың арасындағы қарым-қатынасты терең ұға білетін Шәкен өзі де айналасындағыларға барынша сезімталдықпен қарайтын. Түсінгісі келеді. Әлішер соны жақсы жеткізе алыпты. 

Романды оқып біткен соң, қара кісіні, оған байланысты барлық сәтті сыпырып алып тастадым. Көз алдымда тек Шәкеннің болмысы қалды. Ағасы қайтыс болғаннан кейінгі үстел басындағы ата-анасының әңгімесін, олардың көңіл-күйін, Шәкеннің сезінісін жазушы детальдар, қимылдар арқылы тәп-тәуір беріпті. Негізі бұл үлкен тақырып. Ішкі үрейі бар жастың психологиясы. Ал үрей айттық – әркімде бар. Және әртүрлі. Осы жағынан келгенде бұл біздің әдебиеттегі жаңа кейіпкер емес пе деген ой келді. Дәл осы күндері адам болғысы келетін, қоғамнан орын алғысы келетін, ақылды, өнерлі қазақ жастары бар. Солардың көңілін не алаңдатады? Олар неден қорқады? Олардың «қара кісісі» кім, я не? Біз соны сұрадық па? Олардың үрейі бәрімізді де шошыту керек қой.

Әлішердің жазушылығы осы уақытқа дейін көп жерде мойындалып, біраз сөз айтылып та жүр. Менің сол талантын, қабілетін салмақты прозаға ғана арнағанын қалар едім. Әдейі «салмақты» деген анықтауышты қосып отырмын. Қазір әртүрлі проза көбейіп кетті.

Бұл романы да белгілі бір жобамен жарыққа шыққан сияқты. Оқырман көңілінен шығу үшін арнайы бір тәсілдерге де барғандай (жанры, атауы). Жазуында да өзіне күмәнмен қарамайтындай өзімшіл сенімділік сезіледі. Сенімділіктің болғаны жақсы. Бірақ шығармашылық қауіп те болуы керек.

Чехов жастайынан, бүкіл отбасының жауапкершілігін мойнына алып, қысқа, күлдіргі әңгімелер жазып, соның гонорарына жан бағады. Анасын, қарындасын, бауырларын асырайды. Газетке де керегі сол еді. «Петербургская газетадан» Григорович бір әңгімесін оқып қалып, жас жазушыға атақты хатын жазады. Сонда: «... Вы, я уверен, призваны к тому, чтобы написать несколько превосходных, истинно художественных произведений. Вы совершите великий нравственный грех, если не оправдаете таких ожиданий. Для этого вот что нужно: уважение к таланту, который дается так редко», – дейді.

Қазір жан бағу оңай емес. Замандастарымнан тапсырыспен кітап жазып, біреулердің кітаптарын да жазып, қандай тақырып, жанр мода болса, соған қарай ұмтылғандарын жиі байқаймын. (Қазір кітаптың көп өтіп жатқаны кейде шынайы көрініс еместей әсер береді).  Бірақ тоқтайтын жерді де білу керек. 

Әлішердің мына романынан тақырыпты, кейіпкерді терең сезініп, жан бітіргендей жаза алатынын байқадым. Бүгінгі күннің кейіпкері кім десе – Шәкенді айтар ем. Сол Шәкен өскен сайын оның ойы да, проблемасы да зорайып, психологиясы да тереңдемей ме? Оны кім жазады? Қалай жазады?

Біз, бізден жасы кіші замандастар – тәуелсіздіктің, осы жылдардағы саясаттың жемісіміз. Әртүрліміз. Піскені бар, шикісі бар. Дәрімен қызарғаны бар. Ерте гүлдеп, түйін боп, үскені бар. Піспей жатып, жарылғаны бар. Кейіпкер – мына біздің ішімізде. Жанымызда. Айналамызда. 

Бүгінгі жазушы осыларды жазуы керек.

***

Рауанның тағдыры ше? Қандай трагедия! Іңкәрдің өмірі. Ешкім мән бермейді. Біз үлкен-үлкен кейіпкерлер жасағымыз келеді. Батыр, хан, би болған атамыз. Бірақ адам боп дүние есігін ашқан әр пенде көңіл бөлуге тұрарлық жаратылыс қой. Олардың арманы, жеке мұраты, мақсаты – бәрі түкке тұрғысыз боп көрінеді. Шәкен мен Рауанның әке-шешесінің өмірін суреттемей-ақ, диалогтар арқылы олардың бар мінезін бере салған жазушының адами қарым-қатынастарды нәзік сезе алатыны қуантты ғой. Осы нәзіктік қой бізге жетпей жатқан. Дәйім дөрекілікке құмартып бара жатқан кезімізде дәл осындай бар ұғысулардың азайып бара жатқаны көрінетін. 

Рауан қайтыс болғаннан кейінгі үйде орнаған тыныштық пен әке-шешесінің алғаш тіл қатысқаны, сонда әкенің қолынан сырғып түсіп кеткен шыны, бір жақ бетінің тоздырған жүйкеден салбырап кеткені, оның ары жақ- бері жағында ескі комбайнының сатылу-сатылмауын шаруа қылғаны Шәкеннің бақылауынан қиыс кеткен емес. 

Інісіне әркез қамқор, ата-анасының айтқанын екі етпейтін, тұрмыстың бар ауыртпалығын мойнына алған, жан баласына кісәпірлігі жоқ Рауанның таза көңіліне медеу болатын бір әрекетке сараңдық танытқан әкенің өкініштен өле жаздағаны да кейде кісіліктің бір белгісі емес пе? Томсырайып, соған бар зәрін төккен ананың қайғысы мен артынша жамандыққа қимай қалған көңілінің өзі дүниедегі бар мейірімділіктен де оқшау тұрған жақсылыққа қой.

Өз анасы жеріген Іңкәрдің жалғандағы жалғыз жанашыры әжесінің ұрпақ алдындағы борышын мойнына алған өжеттігі мен күйеуінің бір бойында қабысқан екіжүзділік әлсіздігі, сол әлсіздігі алдында өзін қор санап, Іңкәрға жасаған қиянаты пенде деген болмыстың мына тіршіліктегі қиян-кескі күресі емес пе?

Үлкен адамдарды былай қойғанда пенделік арбасулар мен ұсақтық, тәкәппарлық пен менмендік, мақтан Алдиярлардың бойына тоғысқаны – бүгінгі өмірдің қалыпты қорқынышы, қорқынышты бәсекесі ғой. Баланың тұлғасына әлеуметтік әсерлердің орасан ықпал ететінін біле тұрсақ та, соған енжарлықпен көңіл бөлмейтініміз де біздің үнемі қайталайтын қателігіміз екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Мойындай тұрып, тағы қателесуге дайынбыз. 

Ендеше адаммен адамша тіл қатысып, адамгершілікпен ұғыспаулардың соңы адамзат баласын тұрмыстағы трагедияларға, рухани жасқаншақтыққа  алып баратынын тағы бір жазушы бізге сездіріп отыр.

Ішкі тығырыққа тірелген, көлеңкесімен мәңгі бірге қалған Шәкен оған бой үйретсе де, арыла алған жоқ. Іңкәрдің де әңгімесі таусылмады. Бәлкім, адам сол «иесіз көлеңкемен» бірге өмір сүру үшін жаралған шығар. 

***

Жан дүниесі жарақат алған, адамдардың бір-біріне сенімі азайған (Воваға ешкім сенбеді ғой), өз үмітінің отын ғана үрлейтін қоғамның түлектеріміз. Біреуге сенуден қалған, өзге де саған шын пейілін айқара аша қоймайтын ортаның өкіліміз (Шәкеннің өзі). Осындай адамдардың ішінде өмір сүре отырып, түсінісуге талпыну да бүгін сирек кездесетін әрекетке айналыпты (тағы Шәкен). Егер Іңкәр секілді бір адам табылса, қайда барсақ та, қайда жүрсек те содан айырылмай, қол үзсең – өзге ешкім табылмайтындай күйге түсуіміздің өзі (және Шәкен) – бізді жұтпақ үрейдің елесі емес пе?

Пікір жазылғаннан кейінгі ой

Қандай да бір шығарманы оқып, оған пікір айтып, кейіпкерлері туралы еріксіз (!) ойланғаннан кейін ол (шығарма) жайындағы пікірің жаңа бір реңк ала бастайтындай. Тұтасымен алғанда ұнаған романның кемшіліктерін елегің келмейді. Сөйлем дұрыс, сөз орнында сияқты. Өнер мектебіндегі сабақтарды жазған тұстары көңілімнен шықпаған, мысалы. Бірақ мектепте өзін ұстауы, Сәнік екеуінің арасындағы достық, көшедегі үлкендермен әңгімесі, үйдегі атмосфера жақсы жазылған. 

Рауанның өлімге келуі логикалық жақтан дұрыс, соны оқырманға сездірмей (сезіп қойғандар бар шығар)  әкелген жазушының ұстамдылығына риза болдым. 

Шәкен – өзіне сұрақ қоя алатын кейіпкер. Ең басты құндылық адамды бағалау, сезімін, ойын құрметтеу. Рауан мен Іңкәрдің қадірін жанындағылар білмеді. Ағасының сағаты жөнделмей, бірақ сыйлыққа домбыра алғанына өзін жазықты сезіне алған бала өскен соң да әлденеге кінәлі сияқты сезімінен ажырай алмады. Бәлкім, сол сезім оның соңынан қалмай жүрген болар. Тоқтамай біресе Талғардың үстіне, біресе Қапшағайдың жағасына ала жөнелген мазасыздық Шәкеннің жанына тыныштық берер емес. 

Жаны аппақ Жазираның бағасын кім білді? Ер жеткен Шәкен де көп ешкімге сенбейді. Оның бала кезден кешкен сезімдері туралы да ешкім сұраған емес. Қазір де оның не хәлде екенін біреу түсінбейді. Қара кісі туралы естіген, сенісер адам тапқанда – Іңкәрдің өзі «мен жақта көрінбейді» деп сықылықтайды.

Әзірге тапқан жұбанышы ән мен күй. Шәкеннің жан күйзелісіне сай келетін, соны толық жеткізе алып тұрған – осы екеуі. 

***

Ал Әлішер бір романды аяқтап, кітабын шығарып, жұрт пікіріне елеңдей құлақ тосады. Мақтасын дей ме екен... Сынаса дей ме?.. Білмеймін. Бұл пікірдің авторды қанағаттандырмайтынына сенем. Бірақ мен Шәкенді түсінгім келді. Түсінуге тырыстым...

Григорович Чеховтың сол алғашқы күлдіргі әңгімелерінің астына жазған «Антоша Чехонте» деген псевдонимімен тұңғыш кітабын шығарғалы жатқанын біліп, «егер солай болса, баспаға тезірек айтыңыз – өз атыңызды жазсын» депті. Өйткені жазушы өз атына, талантына барынша құрметпен қарауы керек деп ұққан. 

 

Бағашар Тұрсынбайұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan