ҚР Ұлттық музейінде «Пушкиннен Шолоховқа дейін: «Уақыт үндестігі» атты көрме ашылды. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қоры негізінде ашылып отырған көрменің мақсаты – мәдениет пен әдебиеттің тоғысында халықтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға, Пушкин мен Шолохов сынды тұлғалардың шығармашылық мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасар руханият игілігі екенін тағы бір мәрте паш етуге бағытталған. Неге Пушкин мен Шолохов, олардың Батыс Қазақстанға қандай қатысы бар? Міне, осы жерде тарихтың бір кезеңдеріне тоқталуға тура келеді.
Орал қаласы – Қазақстандағы Пушкин табан тигізген жалғыз қала. Бұған қатысты фотосуреттер мен Пушкиннің Оралға сапарының куәгерлері жайлы нақты мәліметтер бар және оның бәрі осы көрмеге қойылған. Белгілі суретшілердің линогравюралары арқылы ұлы ақын бас сұғып аялдады деген «Петр мен Павел шіркеуі», «Михаил-Архангел соборы», «М.Толкачевтің үйі» және ақынның қолжазбаларының көшірмелері де бар. Сондай-ақ «Капитан қызы» мен «Пугачев көтерілісінің тарихы» атты кітаптардың көне басылымдары мен сирек кездесетін құжаттардың көшірмелерімен де танысуға болады.

Көрмедегі ең құнды экспонаттардың бірі – атақты суретші В.Тропининнің «Д.М.Бородиннің портреті» атты түпнұсқа картинасы.Сонымен бірге көрмені ұйымдастырушылар келген қонақтарға XIX ғасырға тән түпнұсқа жәдігерлер мен тұрмыстық заттарды ұсынды.

Ал көрменің екінші қабырғасына кеңес жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты М.А.Шолоховтың Қазақстанмен тарихи, мәдени байланысын көрсететін және жазушының шығармашылық тұлғасын көпшілікке кеңінен танытатын жеке заттары, хаттары, фотосуреттері, қолжазбалары қойылған. М.Шолоховтың халық тағдырын, заман шындығын бейнелейтін әдеби мұрасы «Тынық Дон», «Көтерілген тың, «Адам тағдыры» сияқты кітаптарын көруге болады.


Көрменің ашылу салтанатында белгілі мәдениет және қоғам қайраткерлері қатысып, сөз сөйледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Ерғазыұлы Дәкенов Пушкиннің Оралға сапары арқылы «Капитан қызы» жазылып, Пугачев көтерілісі тарихы қамтылғанын, ал Шолоховтың қазақ халқымен шығармашылық және достық қарым-қатынасы «Тынық Дон» сияқты шығармаға арқау болып, қазақ даласы жазушысының екінші Отанына айналғанын айта келіп, көрмені ұйымдастыруға үлес қосқан Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық музейіне алғысын білдірді.



Мәдени байланыс пен достықтың жаңа көпірі
Алексей Николаевич Бородавкин, Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі :
– Бұл көрме ұлы орыс әдебиетінің классиктері – Александр Сергеевич Пушкин мен Михаил Александрович Шолоховтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Қазақстан бұл екі тұлғаның тағдырында ерекше орын алады. 1833 жылы Пушкиннің Орал өңіріне сапары оның шығармашылық жолында терең із қалдырды. Осы сапар барысында ақын Е. Пугачев көтерілісі туралы тарихи деректер жинап, кейін сол материалдар «Пугачев тарихы» мен «Капитан қызы» шығармаларына негіз болды. Бұл сапардан алған әсері оның халық ауыз әдебиетіне деген қызығушылығын арттырды. Кейіннен Пушкин архивінен қазақтың әйгілі жыры «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасының нұсқасы табылғаны да осының дәлелі. Бұл қазақ халқының бай рухани мұрасына деген ұлы ақынның қызығушылығын айғақтайды. Михаил Александрович Шолоховтың да тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты. Ұлы Отан соғысы жылдарында оның отбасы Қазақстанға эвакуацияланған болатын. Дәл осы жерде жазушының «Они сражались за Родину» романының жекелеген тараулары жазылып, үзінділері «Правда» және «Красная звезда» газеттерінде жарияланды. Соғыстан кейін де Шолохов бірнеше рет Қазақстанға келіп, достарының арасында демалып, жаңа шығармаларына шабыт алған. Оның «У меня две Родины – Тихий Дон и Урал» деген сөзі – халықтарымыз арасындағы достық пен өзара сыйластықтың мәңгілік нышаны. Мен көрмені дайындауға атсалысқан барлық ұйымдастырушыларға, музей қызметкерлеріне, әсіресе Батыс Қазақстан облысының музей саласы мамандарына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, әрбір детальға деген ұқыптылығыңыз, тарихи мұраға деген сүйіспеншілігіңіз зор құрметке лайық. Бұл көрме Пушкин мен Шолоховтың рухани мұрасын дәріптеп қана қоймай, халықтарымыз арасындағы мәдени байланыс пен достықтың жаңа көпіріне айналсын!

Бұл жай мәдени шара емес
Дмитрий Валерьевич Останкович, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
– Бұл жай ғана мәдени шара емес. Бұл – дәуірлердің, ұрпақтардың және халықтардың байланысы. Бүгін біз ашып отырған көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз төртінші сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес ұйымдастырылған шара. Бұл – қазіргі заманда мәдениеттің өзінің ұлы миссиясын, яғни біріктіру және рухани тұтастықты сақтау ісін жалғастырып келе жатқанын айқын көрсететін жарқын мысал. Батыс Қазақстан – түрлі халықтардың тағдырлары тоғысқан, тарих пен мәдениет өзара үндесіп, тыныс тапқан қасиетті өлке. Дәл осы жерде, Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында, ұлы жазушылар Пушкин, Толстой, Шевченко, Шолоховтың сөздері жаңғырып, мәңгілік рухани үндестік орнаған. Осы өңірде ерекше рухани қорытпа қалыптасты – ол біздің өлкемізді сүйікті де мәдениетті аймаққа айналдырды. Александр Сергеевич Пушкиннің есімі – орыс әдебиетінің алтын діңгегі, рухани ізгіліктің, гуманизм мен поэзиялық биіктіктің символы. Оның Орал даласында болған сәттері, халық тұрмысынан алған шабыт көздері ұлы мұраның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл мұрадан қазақ жерінің тынысы сезіледі. Михаил Александрович Шолоховтың есімі – ерлік пен еңбекті, адамға деген сүйіспеншілікті дәріптейтін дәуірдің белгісі. Оның «Менің екі Отаным бар: Тынық Дон және Оралдағы қазақ даласы» деген сөзі халықтарымыз арасындағы шынайы достықтың нышанына айналды. Бүгін ашылып отырған көрме – арақашықтық пен уақыттан да мықты рухани байланыстың айғағы. Мұнда екі ұлы өзен – Дон мен Жайық, екі ұлы дауыс – Пушкин мен Шолохов, екі халықтың рухы тоғысады. Мәдениет әрдайым өзара түсіністік пен сенімнің негізі болып келді және солай болып қала береді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мұндай жобалардан тек тарихи жадты сақтаудың ғана емес, халықтар достығын нығайтудың, өзара қызығушылық пен құрметті арттырудың, бір-бірімізді тыңдап, түсінуге үйретудің тамаша мүмкіндігін көреді. Көрмені ұйымдастырған барлық жандарға, Ұлттық музейдің қызметкерлеріне, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне, Пушкин музейі мен Шолоховтың мемориалдық музейіне, сондай-ақ зерттеушілерге, суретшілерге, архив қызметкерлеріне осы ірі мәдени жобаны жүзеге асыруға қосқан еңбектері мен жүрек жылуы үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Ақжайықта классиктердің басын қосқан оқиғалар көп болған
Мұханғалиев Қуанышбек Жанболатұлы, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
– Бұл көрме өзінің ерекшелігімен есте қалады. Өйткені әлем классиктерінің осы Ақжайық даласында әлемнің жауһарларын өмірге алып келіп, қазіргі оқырмандарына тарту еткен деген тарихтан белгілі. Осы ретте Мемлекет басшысының қолдауымен бұл көрменің өтуі екі ел арасындағы мәдени-рухани қарым-қатынастың жоғары екенін айқын көрсетеді. Ақжайық даласында, Ақжайық елінде әлем классиктерінің басын қосқан қиын оқиғалар көп болған. Осы көрмеге сіздер сол кезеңдегі тұтынған заттардың, сол кезеңдегі дәуірдің көне жауһарларымен танысасыздар. Осы шараны қолдауға ат салысқан Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызына, музей басшылығына алғысымызды білдіреміз. Екі ел арасындағы достығымыз, мәдениетіміз нығая берсін. Болашақ ұрпақты мына әлем классиктерінің жазған жауһарларын оқуға, сол арқылы өзінің руханиятын көтеріп, әлемнің бүкіл ортақ игілігімен танысуға шақырамыз.

***
Бұдан әрі тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Досмұханқызы Сүлейменова сөз алып, «Капитан қызы» шығармасы аударған автор еңбегі, қазақ әдебиеті тарихына қосқан үлесі жөнінде кеңірек айтып өтті.


Бүгінгі көрме – өткенге деген алғысымыз бен болашаққа сыйымыз
Жантас Сафиуллин, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
– Бүгін біз бұл көрмені қасиетті Жайықтың жағасындағы көне Орал қаласынан Есілдің бойындағы еңселі астанамызға алып келдік. Бұл көрме ғасырларды, тағдырлар мен мәдениеттерді жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Ұлы Абай орыс әдебиетінің классигі Александр Пушкинді қазақ тіліне алғаш аударып, халқына рухани қазынаның есігін ашқан еді. Ал Пушкин прозасын қазақ тіліне алғаш тәржімалаған Батыс Қазақстанның тумасы Молданияз Бекімов. Ол «Капитан қызы» шығармасын қазақ оқырманына жеткізді. Сол кезеңде орыс тілін білетін қазақтар некен-саяқ болғанын ескерсек, бұл аударма мәдени байланыстардың жаңа белесін ашқан тарихи оқиға болды. 1773 жылы Емельян Пугачев Яицкий қалашығына (қазіргі Орал) келіп, өз жарының үйінде некелескен. Сол үй бүгінде сол қалпында сақталып, Пугачевтің мемориалдық музейіне айналды. Биыл бұл XVIII ғасырлық ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, реставрация жұмыстары жүргізілді. 1833 жылы Александр Сергеевич Пушкин осы Пугачев көтерілісінің мәнін ұғынып, халық аузындағы деректерді жинау үшін арнайы Орал қаласына келеді. Үш-ақ күннің ішінде ұлы ақынның жан-жақты ізденіп, тынбай еңбек еткені байқалады. Кейінгі шығармаларында сол сапардың ізі айқын сезіледі. Пушкин түскен үй бүгінде Пушкин атындағы мемориалдық музейге айналған. Уақыттың тынысын, сол дәуірдің рухын сақтап тұрған бұл үй биыл жаңартылып, қайта ашылды. Заманының көрнекті жазушысы болған Михаил Шолохов Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау жақындаған шақта отбасымен бірге Батыс Қазақстан облысының Дариян ауылына эвакуацияланып келеді. Табиғатына тамсанып, адамдарының кең пейіліне тәнті болған ол бұл жерді өзі таңдаған деседі. Кейін сол үйде Шолоховтың мемориалдық музейі ашылды. Биыл бұл музей де толық жөндеуден өтті. Пушкин мен Шолоховтың шығармалары өз заманының тарихи оқиғаларын көркемдікпен суреттей білді. Бүгінгі көрме – өткенге деген алғысымыз бен болашаққа арналған сыйымыз. Ол Дон мен Жайықты, Абай мен Пушкинді, тарих пен поэзияны бір арнаға тоғыстырып тұр.
«Әдебиет порталының» оқырмандарына ескерте кетейік, ҚР Ұлттық музейіндегі «Пушкиннен Шолоховқа дейін: «Уақыт үндестігі» атты жылжымалы көрме 10 қарашаға дейін жалғасады. Кіру тегін.












