ХV
1933 жылғы газеттер (әйтсе де, оған дейінгі және одан кейін – 1985 жылға дейінгі) аштық пен жаппай адам өлімі туралы айтпай қалды. Бүкіл елді үнсіздік жайлады. Аштық туралы үндемеді – ұжымдастыру мен социализмнің жеңісі туралы айғайласты. Алайда тек газеттер ғана жазбайды және газеттерде ғана жазбайды ғой...
Он тоғыз жасар қыз Татьяна Невадовская күнделік дәптер жүргізген. Ол сол кезде жер аударылып келген профессор әкесімен бірге Іле Алатауының баурайындағы Шымдәулет ауылында тұрған. Әкесі де, өзі де ауыл шаруашылық тәжірибе стансысында жұмыс істейді. 1980 жылы Татьяна Гавриловна Қазақстанның Орталық мемлекеттік мұрағатына отызыншы жылдар фотографиясымен қоса, әкесі, оның қызметкерлері және сол кездегі өмір туралы естеліктері бар альбомын табыс етті. Альбом деп айтылуы онша дәл емес те болуы мүмкін. Бұл – әуесқойлықпен түсірілген күңгірт фотосуреттер жапсырылып, жазулар жазылған әдеттегі суретке арналған дәптер. Ал соңында, ақырғы беттерінде өзі шығарған өлеңдер бар. Дәптерге “Қазақстандағы қасірет” (“Казахстанская трагедия”) деген тақырып қойылып, “1933 жылдың наурызы” деп көрсетілген.
Невадовская еске түсіреді:
“1932-33 жылдардың бұл кезеңінде Қазақстанның жергілікті тұрғындары аса күйзелісті жағдайда болды, қазақтар ауылдарын тастап жатты, аштықтан отбасымен түгел қырыла бастады, қыста үсікке ұшырады, ауруға шалдықты. Кейін мұны “бұрмалау” деп атады, ал ол кезде бүкіл Қазақстан үлкен экономикалық қиындықтарды бастан кешірді...
Бұл қыс біздер үшін де қорқынышты болды, бірақ, ең бастысы, жергілікті халық үшін...
Мен өте жас, әсершіл... ынталы болдым... және естен тандырған жаманшылық, аштық, жоқшылыққа ұшыраған ол кезде жаншылып, басылып қалған қараңғы халықтың қорғансыз халіне қатты қиналып, терең күйзеліске ұшырадым... қазақтардың (сауатты және қайта түлеген халықтың) қазіргі ұрпақтары аштықтан өлген адамдарды, балаларды, қарттарды және адамдары кетіп, құлазып бос қалған қыстақтар мен ауылдарды, далада үсікке ұшырағандар мен ауруға шалдыққандарды ұмытпаса екен деп тілеймін...”
Міне, оның 1933 жылы қағаз бетіне түсірген өлеңдері, сол кездің лагерьлерге тоғытылмай қалған кәсіби ақындары дәл осы бір қарапайым зертханашы қыз секілді ағынан жарыла жырламағанын ойға оралтарлық жолдар бұл:
Боянып әлем – келіп те қалды көктем де...
Ұмытылған бәрі – оралам, бірақ, өткенге...
Қыстағы қатқан есіме дене түседі,
Көгеріп шығып қалса да алау көк белде.
Айналам лас, не деген мынау кемтарлық,
Жыртылған киім жамауға келмес, ел-зарлық?
Шексіз де шетсіз азапты тартып тұрмын-ақ,
Бейшара халді адамдар үшін мен барлық.
Айнала аштық... көрем мен неге тоқтықты,
Киім бүтін... қазақта түк те жоқ тіпті.
Алақан жайған есімде әйел әлі де,
Әлі де кемпір есімде ессіз, шоқтықты.
Көйлегі кір-кір, көңілі дағы бүтін бе,
Омырау ашып: “Жоқ қой, қарағым, сүтің де!”
Ап-арық ана кеудеге басып сәбиін,
Алаңдайды кең аспаннан түсер күтім бе?
Азапты жаным, төзе алар, сірә, емеспін,
Жегенін көрдім шөпті де келіп “елегің”.
Айдала, тіпті, жоқ күнде өлер қораң да,
Жауынның, қардың астында соққан боранда.
Сабан боп тұрды жинаған ерте көк өскін
Жиналған сабан... базданып басы шіріген,
Кеміріп тышқан, у дәмі шығар бірінен.
Дәрменсіз бала салады келіп аузына,
Үздіккен үнді көремін ауру түрінен.
Әлжуаз қолды, шамасы жетіп осында,
Құлағым келіп, қайтейін, бұл да босын ба?
Азапты бұлар тартады неге, тегін бе,
Өзінің жері, өзінің жүріп елінде?
Іштері кеуіп сәбилер жатыр тұра алмай,
Қабырға, сүйек арса-арса... сор жоқ бұлардай.
Саусағы нәзік, қолдары нәзік ап-арық
Ауру қыз келіп жиналған шөпке құлайды-ай.
Аштықта мынау құпия сыр жоқ ешқандай,
Ақталу дағы болмасын, қалмайық тағы сынамай.
Көктеді егіс. Көкжиек жатыр бұлдырап,
Бозторғай көкте ұшады тынбай құлдырап,
Сәбилер, тіпті, көрмесін енді аштықты.
...Өлген қазақтың денесі емес бұл бірақ,
Түсініп, білгім келеді мына жайды мен –
Неліктен ажал, қанатын аштық жайды кең?
Бұйрығы кімнің? Көшпелі халық еді бұл,
Ойнауға, сірә, болмайтын шығар қайғымен!
Құдай ма, әлде Алла ма, кімнің әмірі,
Жалаңаш қалып, таусылды халық сабыры –
Кең-байтақ өлке аштықтың тартып азабын,
Қиылды елдің жоқтықтан құнар-тамыры.
Қай жауыз екен бастаған сонша азапты,
Қай ессіз екен тудырған сонша дозақты?!
Не рақат таппақ болды екен, сірә, ұқпаймын,
Айырып малдан, айырып жерден қазақты?!
“Жер жыртып қазақ құмартқан емес астыққа”
Демейді ешкім білсе де, көңіл бастықпа!
Киіз үйсіз ол қалады қатып ақпанда,
Отар малсыз қалады ол тағы аштықта.
Қазақстан байтақ, жабайы өлке демегін,
Табиғаты мен ауа райы беріп көмегін, –
Бітті ғой егіс, жетер еді халықтың
Нанына, еті, шайына тіпті сенемін.
Кетті алып бәрін — алмаймын, сірә, бүге де,
Қалмады дәні, сабанға халық еге ме?
Құдай да, тіпті, Алла да ойлап таппастай,
Қиямет-қайым өтіп ед... сол бір төбеде...
Киізсіз, жүнсіз қазақтың жұтап қаларын,
Білмейді тіпті саудаға басын саларын.
Сезсін ол қайдан түбінде жырақ
Мәскеудің Егін егіліп, колхозшы жинап аларын.
Көңілді сайрап жүр құстар көкте тынбастан,
Ал жерде аштық, қайғымен тағы мұң басқан.
Қарауға қиын осынау азап-көрініске,
Мен болсам мұндай қасіретпен бірақ “ымдаспан”.
Шіріген мая көңілге тыным бермейді,
Тоғысқан қалай сұлулық, жоқтық, қасірет
Бозторғай үні ашық аспанды тербейді.
(Өлеңді аударған – Аманхан Әлім).
Т.Г.Невадовскаяның альбомындағы бір шағын әуесқойлық фотосурет бәрінен де көп әсер туғызады.
Топырағы тоң кесектенген жалаңаш дала, алыста жапырақсыз бұтақтары сидиған бәйтеректер қатары, алаңды айнала жиектеген ағаштар, сиса көйлек киген ақ сары шашты қыз, бейне бір фотографты байқамағандай алысқа көз жіберіп тұр, ал алдыңғы қатарда – қазақ жігіт, бәлкім, бұл жігіт те емес, толысқан ересек адам болуы да, – түсіну қиын. Ол екі тізесін құшақтап жерде отыр, жанында кетпен жатыр. Киімдерінің тозығы жеткен, жыртылған бәтеңкесін шандып орап қойған. Жүзі жүдеу, қалжыраған, күңгірт көзқарасында ашыну мен торығу нышаны бар. Күйзеліс пен күйініштің құрсауы оның жүзіне шеңгелін терең батырған секілді...
“Бұл фотосурет, – деп жазады Невадовская, – “бұрмалау” деп аталған кезеңнің айрықша әсер ететін әңгімелеуші құжаты болып табылады.
1933 жылдың ерте көктемі. Мен мамандардың біреуімен бірге келе жатқанмын, менде фотоаппарат бар болатын. Қара жолдың үстінде әлсіреп, жүдеген қазақ отырды... дала жұмыстарынан титықтап, әбден қалжырап келе жатқан ол әлсіз ыңырсып, жейтін, ішетін бірдеме сұрады... Мен фотоаппаратты жанымдағы серігіме бердім де, су әкелуге кеттім. Ол суды қомағайлана жұтты. Мен өзімнің жолдасымның мені суретке түсіріп алғанын байқамаппын. Мен енді жолдағы адамға біраз нан мен қант әкеліп беру үшін үйге жүгіріп кеттім... Мен оған нан алып қайта оралған кезімде... ол өліп жатты...
1932-1933 аштық жылдары адамдар өмірмен осылайша қоштасып жатты.
Бұл халықтың осы кезеңдегі ешбір дәлелсіз және ақталмаған күйзелісін есте қалдыру үшін мен осы жерге белгісіз солдаттың зиратына қойылған обелиск сияқты ескерткіш орнатқан болар едім...”
Түсінікті тілек. Тек ол жерге ескерткіш қоя алмайсың – Шымдәулет ауылындағы сол орын енді таптыра қоймас.
Және... көктемдегі дала төсінде жол үстінде аштан өлген бұл бейшара сорлыны Белгісіз солдатпен салыстыруға бола ма? Солдат, Отан үшін оны жаудан қорғап шайқасты, оның қолында қаруы болды. Ал бұл байғұстың қолында кетпеннен өзге ештеме болған жоқ. Және ол өзінің жеріне қандай бір қырсықтың тап бергенін, неге аяқастынан бәрі аштықтан қырылып жатқанын білген жоқ. Ол сөзбе-сөз аударғанда – текті, әулетті жою, ал кең мағынада – халықты жою дегенді білдіретін “геноцид” сөзін естіп те көрген емес. Және азамат соғысы әртүрлі кейіпте көрінеді деп ойлаған жоқ, сондықтан да егер зеңбірек оқ жаудырмаса, ешқандай суық қарудың дауысы естілмейтіндей болса, онда бұл жағдайда халық неліктен қырғын шайқас алаңындағыдан да көп ажал құшатынын түсіне алмады.
Ол – бейбіт құрбандық болды...
* * *
Ал кәсіби ақындар ше?..
Ұжымшар құрылысының жыршылары жетіп артылды.
А.Безыменский Кеңестердің VІ съезінде “Руське қарсы – қуатты социалистік индустрияны жасаушы және совхоз бен колхоз ағыны (?) арқылы жердің беті мен шаруалар қауымының жүрегін қайта жабдықтаудың ұлы поэмасын тудырушы КСРО үшін” сөз сөйледі.
– Жолдастар, – деп ұран тастады А.Безыменский, – кулактық Расеюшка-Русь жуық уақыттарда берілмейді, сондықтан біздің табыстарымыз, КСР Одағының жетістіктері – “Расеюшка-Русь” болып табылатын сол жаудың бейнесін жою деңгейімен өлшенетін болады.
Және әрине, өзінің өлеңін оқыды:
Расеюшка-Русь, қарғыс айтам мен саған,
Естілмеуі үшін де бұл сөз енді ешқашан.
Расеюшка-Русь, үш танапты егістік,
Қара батпақ және де өлі өзендер құрғаған...
М.Светлов*:
Құс үні, күннің күлкісі,
Қараған ылғал, бақтағы ән.
Ауданның ойнап түр-түсі
Коллективтендіру қаптаған.
Толқиды егін тынбастан,
Шақырымды алып мыңдаған.
Днепропетровск пен Кременчуг
Аралықтағы ел тыңдаған.
(Өлеңді аударған — Аманхан Әлім).
Жаппай ұжымдастыру аудандарында Күн тек өршеленіп “буырқанған бидайды” ғана көрсетіп қойған жоқ...
Не болғанының тағы бір дәлелі мынау...
...Украинада:
“Мен бір хатаға кірдім де, тас болып қатып қалдым. Ағаштан жасалған ләпкенің тура қабырғасында бес-алты жастағы кеуіп-семіп қалған бала жатты, оның үстіне төніп, қолына пышақ ұстаған шешесі үлкен күш жұмсап, оның басын кесіп алуға тырысуда. Пышақ пен қолдары қанға шыланған, баланың денесі қатты қалшылдап, аяғын сермелейді. Бір сәтке біздің көзіміз түйісіп қалды. Ол маған қарады, бірақ мені көрді деу қиын, оның көздері құп-құрғақ, ешбір жарқылсыз, әлі де кірпіктері жабыла қоймаған өліктің көзін еске түсіретін... Бір сағаттан кейін біз адам жегіштіктің бұл жағдайын тіркеу үшін әлгі хатаға кірдік, бірақ жер еденде шалқасынан өлі көздерін ашып жатқан әлгі сол әйелді көрдік... Ол баланың кесілген басын кеудесіне қысып алыпты”.
...Кубаньда:
“...Онда сұмдық аштық – адам адамды жейді, көбі өліп жатыр, ал қалғандары өлі адамдарға барып, олардан ет кесіп жейді... Адамдар қайда жүрсе сол жерге құлап, сеспей қатады; бетін жабатын ешкім жоқ, сол жатқан жерінде сасып-шіріп, тек сүйегі ғана қалады, бұрын жылқылар сөйтуші еді, енді адамдар”.
...Азов жағалауында:
“...Солтүстікке қарай бағыт алып, автокөлікпен бірнеше сағат бойы жүрдік. Машина биік шөп өскен жолмен келеді, өйткені бұл жолмен көптен бері ешкім жүрмегені көрініп тұр. Селолар мен деревнялардың бұрынғы көшелері кісі бойы қалың қурай жынысына айналған. Мұнда келгендер селолардан бірде-бір тірі жан таппады: хаталарда қаңқалар мен адамның қурап қалған бастары жатыр. Еш жерде адам да, мал да, құс та, мысық пен ит те жоқ. Бәрі де жаппай келген аштықтан қырылып қалған”.
Дегенмен өлең шығарғыштарға қайтып оралайық:
В.Луговской*:
“Себілген дән үшін!”
Деп оқыс сонау жер құны,
Өлтірді Егенбердіні.
(1932)
Д.Кедрин*:
Сағана сынды шәлкісі,
Тоны да емес шырайлы.
Жалап ап ернін пәк кісі,
Сыбырлап нанды сұрайды.
...Жау екенін оның сездім де,
Жанарымды үнсіз тіктім кең,
Айтары барын көздің де,
Сол кезде барып ұқтым мен.
...Мына қу түлкі есіріп,
Ұстатпай кетсе сой ізі,
Социализмге кешігіп,
Барады бақыт пойызы.
Жарықпен бірге жарысып,
Түседі тұман – мұң-жүгі, Т
иынды қолым қарысып
Қалтама оқыс сүңгіді.
(1933)
(Өлеңді аударған — Аманхан Әлім).
Кедринге Мәскеу көшесінде сары “кулак” емес, айталық, қара шашты “бай” кездесуі әбден мүмкін.
Қазақстан тұрақты өкілдігінің төрағасы Тоқтабаев 1933 жылдың 2 ақпанында:
“Севлес” Қазақстанның бірқатар аудандарынан колхозшылар мен батырақтарды жалдады... Жұмыс орнына келген жұмысшы қазақтар мүлде қиын жағдайда болды, оларға баспана берілмеді, олар басқа жұмысшылармен бірдей азық-түлік ала алмады...
Осыған байланысты Москваға күн сайын ондаған жұмысшы қазақтар, батырақтар мен колхозшылар ағылып келіп жатады... Қаржысы жоқ болғандықтан, олар ашығуда, теміржол бекеттерінде сенделіп жүреді, өздерінің тұрған жерлеріне жете алмай қиналуда”, – деп хабарлады.
Бәлкім, бұл бейшаралар да нанға ақша сұрауға мәжбүр болған шығар. Біреулер оған қайырымдылық көрсетудің орнына, көзілдірігінің үстінен сүзе қарады, енді біреулер олардың жан аярлық жүздеріне сенбестікпен көз тастап өтіп жатты...
* * *
Ал халық аузында қандай өлең жүрді?
Ресейде ұжымшарға қарсы шығарылған көптеген жыр-термелердің (частушка) ішінде мынадайлары да болды:
Колхозда жұмыс істедік,
Бір бастың қамын діттедік.
Жиырма бес жылқының жиырмасы
Қайда кеткенін білмедік.
Украинада:
Отыз үштің жылында
Өлікке толды жер беті.
Шошқа да жоқ, сиыр да,
Тек Сталиннің тұр суреті.
Арнайы қоныс аударушылар (“спецпереселенцы”) Қарағандыда өздері шығарған мына әнді айтты:
Біз шаруа едік еңбекшіл,
Орловтық, мордва, еділдік.
Табысымыз да көл-көсір,
Күні-түн іске жегілдік.
Отыз бірінші жыл болғанда
Ал келіп бізді соттасын.
Масқаралап кулактың
Әйелі, бала, отбасын.
Жерімізді тартып ап,
Еркіндіктен айырды.
Үйімізден қуып шықты да,
Қолымызды артқа қайырды.
Азаптады жолда олар
Алдына салып малша айдап.
Талықсыған балалар:
“Су!..Су!..Су!..” – деп ойбайлап,
Қанды тышқақ дертінен
Көбі олардың көз жұмды.
Сорымызға осындай
Заманды бізге кез қылды.
Апандай ашып аранын,
Аштық келді одан соң.
Құрқұлақ, сүзек – бәрі өлім...
Қайтейік басқа салған соң.
Адал шаруа едік еңбеккер,
Теріміз жерге көп сіңген...
Не үшін, туып-өскен ел,
Бізге қатал жаза кестің сен?
Ойламаймыз тіпті біз
Күнәміз бар деп әлі де...
Ал бірақ біздің зарлы үніміз
Естілер бір күн бәріне...
* * *
Қазақстандық тарихшылар Б.Төлепбаев пен В.Осипов сол кез туралы:
“Әсіресе балалардың жағдайы ауыр болды, – деп жазады. – Жетімдер аштықтан он мыңдап өліп жатты...
Аштық тек Қазақстанның ауылдарын ғана емес, сонымен қатар деревняларын, қыстақтарын, кент-поселкелерін, қалаларын да жайлады. Ақтөбеде, мысалға, аштық пен дизентериядан 1932 жылдың көктемі мен жазында қырылғандар саны: мамырда 175 адам, маусымда 208, шілдеде 320, тамызда 450 болды. Және бұл сол кезде тұрғындар саны 15-20 мыңға әрең жеткен қаладағы жағдай ғана.
Кадр “тұрақсыздығының” төтенше жағдайымен сипатталатын қазақстандық жаңа құрылыстар жұмысшылары да аштықтан аз күйзелген жоқ.
Мысалға, Қарағанды шахталарында 1932 жылы жұмыс істеген 37 772 жұмысшыдан 33 865 адам орын “ауыстырды”. Әсіресе “арнайы қоныс аударушыларға” қиын тиді. 1933 жылы олардың саны мұнда 7545 адам болды”.
Ж.Әбілхожин мен М.Тәтімовтің келтірген деректері бойынша, Қазақстанға 1932 жылы 45 мыңға жуық отбасы жіберілген. Бірақ, бәлкім, бұл да толық цифр болмауы мүмкін: “арнайы қоныстар”, егер жүздеп болмаса, ондап саналды.
Есіл жағалауында 1931 жылдың үш айында ғана мұндай қоныс-кенттерде – стансы маңындағы лагерьлерде үш мыңға жуық адам өлді. Жыл аяғына қарай, “табиғи шығын” отыз мыңнан асып түсті...
Жер астында ондаған жылдар бойы жұмыс істеген, құрмет пен орденге еңбегі сіңген, бірақ өздерінен ресми түрде “кулак” таңбасы алынып тасталынуы үшін еңбектері “сіңбеген” қарағандылық ардагер-шахтерлер, бұрынғы арнайы қоныстанушылар еске алады...
Григорий Кузьмин Герасимов 80 жастан асты. Ол Пенза облысының Инсар қалашығында туған. 1931 жылы тәркіленді. Ал оның шаруашылығында отбасындағы сегіз жанда не болып еді? Бір сиыр, екі жылқы, бір гектарға жуық жері. Оскаровкаға жер аударып, елсіз далаға түсірді. 1932 жылдың қысында әйелі мен бір жарым жастағы ұлы аштықтан өлді. “Ал маған оларды жерлеуге де тура келген жоқ...”
Василий Дмитриевич Зацепин Орынбор облысында туған. Оның да отбасында сегіз жан болды. Шаруашылығы – екі жылқы, екі өгіз және екі сиыр. 1930 жылдың көктемінде бүкіл отбасын туған үйінен қуып шықты. “Қысқы киімдерді, тіпті гармошканы да тартып алды”. Алғашында селодан жүз шақырымнан алыс далаға қуды, келесі жылдың көктемінде Қарағандыға жіберді.
“Ал мұнда, жерден қазылған жаппа үйлерде, иә, тағы шым топырақтан соғылған барақтарда, адам айтқысыз тар қуыстарда, аштық пен суықта бастан не кешуге болады – өздеріңіз ойлап көріңіздер: әкемнен, бауырым мен қарындастарымнан айырылдым. Сегіз жаннан шешем екеуміз ғана қалдық...”
Зацепиннің әйелі Анастасия Платоновна – Саратов облысынан. 1932 жылы Қарағанды жерінде анасынан айырылды, келесі жылы аштықтан сіңлісі өлді. “Біздің анамыз шатырға балшық көтеріп бара жатып құлап түсіп, тілсіз кетті. Мен анамды жерлеуге жәрдем сұрап, комендатураға жүгірдім. Келсем, есік жабық, ал онда тар қуысқа ұқсаған кішкене терезе бар екен. Одан сығалап қарасам, кіндігіне дейін жалаңаштандырған шаруаларды күзетшілер ұзын қамшымен ұрып жатыр, айғайлауға болмайды. Мен комендатурадан тұра қашқандай болып, кері қарай жүгірдім. Зиратқа келсем, онда теміржолшы ағай өзінің өлген әйеліне көр қазып жатыр екен. Мен оған: “Ағатай, менің шешемді де бірге көміңізші...” – дедім. “Неге көмбеске... Тек сен, қызым, маған көмектес”. Сөйтіп, мен тура көр ішінен сыртқа қарай қолыммен топырақ лақтыра бастадым...”
Яков Михайлович Лутовинов – Воронеж облысындағы Быково селосында туған. 1931 жылдың көктемінде, он жасар бала кезінде Оскаровкаға тап болды. Есіл жағасындағы 9-арнайы қоныстану кентін салу орнына жаяу келді. Қыста теміржол құрылысында 16 жасар бауыры қаза тапты. Оны көптеген басқалар секілді тура теміржол астындағы тастабанға жерледі. Кентте сүзек басталды. Күн сайын ертемен орам (квартал) бастықтары барақтарды аралап: “Тірісіңдер ме! Араларыңда өлгендер бар ма?” – деп айғайлап жүреді.
“Тұтас отбасылар өліп жатты. Қыстыгүні мәйіттерді текшелеп жинап, көктемге дейін үстін қармен жауып қояды, өйткені адамдардың қатқан жерді қазуға шамасы келмеді... Ал үстімізге қаптаған бит балағымыздан кіріп, басымызға шықты. Дәрігер Кох болмағанда, сол кезде бірде-бір адам аман қалмас еді...”
* * *
ОГПУ-дің арнаулы құпия мәліметінен (Ақтөбе облысы, 1932 жыл):
“Севастополь ауылдық советі “Путь к коммунизму” колхозының колхозшысы Горкуша Иван: “Міне, Совет өкіметі не істемеді?! Тұқым алуға бара жатсаң, сауысқандар шала өлген жылқыларды шоқып жатады. Тіпті адамдар да аштықтан өлуде. Осы Совет өкіметі мен оның басшылары қашан құриды! Ленинді сайтан алды, Калинин мен Сталинді жер бетінен алып кететін тағы да бір осындай адамдар табылса ғой. Бірақ, оқасы жоқ, шыдай тұрайық, жақында Жапония келеді, сонда біз оларды бірден жер бетінен жоқ етеміз. Халықтың тартқан азабы жетеді, біз оларға көрсетеміз социализмді қалай құруды!” – деді”.
* * *
Осы заманғы ғалымдар, ұжымдастыру туралы зерттеулердің авторлары Н.Михайлов пен Н.Тепцов “Қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны қанша болды?” деген сұраққа жауап іздеді. “Бұл сұрақтың жауабын (ең болмаса, жуықтап)... Сталиннен сұрауға тура келеді”, – деп жазды авторлар. Баршаға белгілі екеніндей, “ұлы көсем” өзінің қылмыстарының куәгерлерін тірі қалдыруды, одан да бетер, қылмыстарын мойындауды ұнатпады. Бірақ бірде ол аңдамай сөйлеп қалды. Ұжымшар мүшелері-екпінділерінің Бірінші Бүкілодақтық съезінде, 1933 жылдың 19 ақпанында сөйлеген сөзінде Сталин ұжымдастыруға дейін деревнядағы әрбір 100 үйге 4-5 кулак, 8 немесе 10 ауқатты, 45-50 орташа, 35 кедей отбасынан келді деп санауға болатынын атап өтті. “Колхоз құрылысын өрістете отырып, – деп мақтанышпен айтты Сталин, – біз бұл ала-құлалық пен әділетсіздікті жойдық, кулактық қанауды талқандадық”.
Енді, кәне, санап көрейік. Сөйтіп, әрбір 100 үйге Сталин 12-ден 16-ға дейін кулак және ауқатты отбасынан келеді деп есептеді. 30-жылдардың бас кезінде елде 25 миллионға жуық шаруа қожалығы болды. Демек, олардың 3 миллионнан астамын Сталин қара бағанға шегеледі. Егер сол жылдар статистикасына сүйеніп, әрбір “кулак” отбасында орта есеппен 7-8 адамнан болғанын ескерсек, онда “тап ретінде аласталғандар” санатына 20 миллионнан аса адам тап болған. Сұмдық цифрлар!”
Зейтін Ақышев “Зауал” кітабында, қазіргі Аққұдық деп аталатын жерде (Павлодар облысы, Май ауданы) 1934 жылы өз басынан өткен жағдайды әңгімелейді.
“Біз 120 пұт тұқымдық астық әкеле жатып, жолшыбай бір елдімекенге кірдік. Ауыл бос қалған: адам да, ит те жоқ. Шет жақтағы бір үйге бұрылдық – тірі жан көрінбейді. Бөлмеге ендік. Оның ішінде құрылған шымылдық тұр, әдетте, қазақтардың үйлерінде жас жұбайлардың төсегін осылайша кездеме матамен қалқалап бөледі. Шымылдықтың шетінен ұстап аша бергенімде, шаң бұрқ ете түсті. Кереуетте екі қаңқа жатты: шаштарына қарағанда, біреуінікі ұзын қара шаш та, екіншісінікі әлдеқайда қысқа: біз бұлардың жас жігіт пен келіншек екенін шамаладық. Сірә, жас жұбайлар болса керек. Аштық ажалы жеткенде бірге өлуге бел байласа керек. Солай – құшақтасып жатып көз жұмған.
Әлі күнге дейін менің көз алдымнан осы сурет кетер емес...”
* * *
“Саған, жолдас Сталиннің таңдаулы майдандас серігіне, большевиктік сәлем жолдаймыз” деп мәлім етті, 1933 жылдың шілдесінде Қазақ өлкелік комитеті Алтыншы пленумының делегаттары жолдас Кагановичке.
Ұжымдастырудың бұрынғы үйлестірушісі жүз жасқа сәл-пәл ғана жетпей қалды... Қанша еңбектенді, сонша адамды ажалынан бұрын о дүниеге аттандырды, ал өзі шыдап бақты, зорықпады. Ұзақ өмір сүруші.
Менің ол туралы қызықты әңгіме естуіме тура келгеніне де аса көп болған жоқ. Лазарь Моисеевич қартайғанында, бейне бір, әпенді болған ба дерсіз. Көшеге шығып, орындыққа жайғасып отырады да, әрлі-берлі өткен балаларға қолындағы қағаз қапшықтан алып кәмпит үлестіреді.
Бәрін таратып болғанша отырады. Масайрап күледі.
“Қартайды, қартайды Лазарь Моисеевич!..” – деп, көңілсіз үн қатады әңгімеші.
“Ауыл шаруашылығын дамытудағы табыстары үшін Л.М.Каганович Ленин орденімен марапатталды”, деп хабарлайды Үлкен Кеңес Энцикло педиясы. Ұжымдастыру үшін марапатталған. Несі бар, Ильич те мақұлдаған болар еді...
Тағы бір әңгімені таяуда естідім.
1937 жылы Қарқаралы округінің басшыларын соттаған. Айыпталғандардың ішінде Мансұр Ғатауллин болды (басқалармен бірге ол 1932 жылы өлкелік комитетке жаппай аштыққа душар еткен ұжымдастырудағы бұрмалаулар туралы “аты шулы” “бесеудің хатын” жазды).
Ғатауллинге соңғы сөз берілді. Ол сотталушылар орындығында отырған өзінің жолдастарын қолымен нұсқап көрсетіп:
– Бұлар “халық жаулары” емес. Жау – менмін. Мені соттаңыздар. Жалғыз өзімді ғана. Бірақ мен де “халық жауы” емеспін, мен халық жауларының жауымын. Ал мен мұндай жауға 1932 жылы, іссапармен Кентке келген кезімде айналдым.
...Машинадан шықтым – маңайда ешкім де, ештеме де көрінбейді, тек малға арналған ұзын қоражай ғана тұр. Есікті аштым, ал онда мәйіттер. Алаңқайдай кең қоражайдың іші тола текшелеп жиылған мәйіттер. Кейбір адамдардың көздері әлі ашық, бірақ әне-міне жұмылатыны, өлетіні көрініп тұр.
Мен сыртқа шықтым. Ал онда айғай-сүрен. Ақыл-естен айырылған, ұйпа-тұйпасы шыққан әйелдер қолдарындағы пышақпен шопырға қарай ұмтылады, оны соймақшы. Мен ауаға оқ аттым, олар жан-жаққа қаша жөнелді.
Көз салып қарасам, жақын жерде отта қазан тұр. Бір нәрсе қайнап жатыр. Қақпағын аштым – ал онда, бұрқылдап қайнап жатқан судың ішінде, адамның аяғы ма, қолы ма, баланың табаны ма қараңдайды...
Міне, сонда мен “халық жауларының” жауы болдым...
Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.