Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жүрсінге жүгінетін шығармыз......

25.05.2023 1504

Жүрсінге жүгінетін шығармыз... 14+

Жүрсінге жүгінетін шығармыз... - adebiportal.kz

Мен бүгін тұтас бір  өнер тарихының бөлшегіне  айналған айтыс туралы айтпақпын. Оның халқымызға қалаулы болғаны да баяғыдан баршамызға аян. Әрине, осы өнер туралы сөз қозғағанда айтыстағы Жүрсін Ерманның еңбегін бастан аяқ баяндап отырудың да жөні жоқ сияқты. Тақырыптың өзі де оның өз сөзі. Жүрсіннің халықтан алған бағасы да, мемлекеттік мадақтаулары да аз еместігін көріп жүрміз. Себебі, баршаның ықылас – тілегіне молынан ие болған айтыс өнері ол арқылы кең тарағаны ақиқат. Сөйтіп, айтыс десе Жүрсінге жүгінетініміз шындыққа айналады. Демек, өнер керегесін көтерды,ал ақын шаңырағына уықтарын қадады. Демек, Жүрсін туралы әңгіме еткенде айтыс туралы айтпай кетсек үлкен білместік болар еді.  Замандасымның адал еңбегіне  алғысым шексіз, айтарым – осы сөз.

Байқағаным: салмақсыз сыйластық пен  алды арты жоқ ақжүректікке кім алғыс айта қояр дейсің. Жалпы Жүрсін арзанқол алғысқа зәру емес жан. Оған кез – келген жерден өз биігіне сай баға айтыларына иланып келеміз. Иландырған  поэзиядағы өз еңбегі.                         

        Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,

        Жеткізем деп елге айтыстың дүбірін.

        Бар ғұмырды осы айтысқа арнадым,

        Бар секілді менің артық ғұмырым.

        Шүберекке түйдім талай жанымды,

        Сонда менің кім сұрады халімді.

        Шатқаяқтап ішіп келген ақындар,

        Шарап емес, ішті менің қанымды, - дегенінен көп жайды аңғарар едік...

Осы жылдың  қазан айында Ақжайық ауданында елімізге кең танымал ақын, ғалым, сыншы, аудармашы, жерлесіміз Сағынғали Сейітовтың 105 жасқа толған шағында аудан орталығы  Чапаевтағы кітапханаға оның есімі берілді. Себебі, 100 жасқа толған мерекесі кезінде (2017 жылы)осы кешен алдына оның қола мүсіні қойылған болатын. Содан бері осы ұсынысты халық қолдап, тиісті орындарға жеткізе білді. Сөйтіп халық тілегі орындалды, алғысымыз шексіз. Лирик ақынның: 

    Маған жастан бұйырмаған жол өңге,

    Өзім дәйім айналамын өлеңге.

    Ырғақ болам, ұйқас болам үйірлі,

    Жүрегімнің жарлығына көнем де.

    Жаратқан -ау, өзің айтшы осы мен

    Өлгенде де өлең болып өлем бе?! -

деген жыр шумағы әлі есімізден шыққан жоқ. Шықпас та. Дәл осындай жырды Жүрсіннің:

    Бір кіріп, кірмей мүлде есім бір күн,

    Өлеңнің дариясын кешіп жүрмін.

    Қазақтың кең даласын шолып қайт деп,

    Ұшырдым балақ бауын шешіп жырдың.

    Біліп қайт кісі бар ма сөз ұғатын,

    Бейнетке жүрме бекер төзіп ақын.

    Түбінен құлағымның сөз зуылдап,

    Бәйгеден күнде келем озып атым, -

деп жырлағанында не жалғандық бар. Екі ақынның өмір – жасында едәуір айырмашылық болғанмен жыр жолында  жүйріктер қатар келе жатқандай. Осы бір тұста өлеңнің өткірлігін өкпесі өшіп жүріп дәлелдеген  Мұқағалидың:

     Түзу – түзу жыртылған аңыздайын,

     Аңызыма неге нәр тамызбайын.

     Қараөлеңі қазақтың қаза болса,

     Қаракөзден неге қан ағызбайын, - дегені таңнан есігімізді қағып тұрғандай. 

Қандай ұқсастық: сұлу теңеу, сұңғыла сөзжасам! Көз қарықтырар өлеңнің оты әріден шалынады. Аяғыңды аттаған сайын алдыңнан шығып, адымыңды аштырмайтын әдеби - теориялық терминдердің сөз қолданысымыздағы орны биік екені белгілі. Сирек кездесетін тапқырлық, талғампаздық табиғи қалпын сақтап, үш ақынның да қаламынан пайда болып поэзияның іргесін бүтіндейді. Өлеңнің құдіретті күші бір арнаға құйылып, жүрер жолын кеңітіп - ақ алған. Әдеби – көркемдегіш құралдар қатар түзеп, әр кез қолтығынан демейді. «Адамның өлеңге айналуы», «үйірлі ұйқас болуы», «өлгенде де өлең болып өлуі» сияқты тірі тіркестерді көруге көз керек. «Өлеңнің дариясын кешу», «жырдың балақ бауын шешу» сияқты тапқыр тұжырымдар таңданысыңды ашады. «Аңызға нәр тамызу», «өлеңнің қаза болуы», «қара көзден қан ағу» сияқты ұтқыр поэтикалық бағамдаулар өлеңді өсірмесе, өшірмейді. Ұйқастардың ұғымды, ұтымды келуі оқырманды өзіне еріксіз  тартады. Үш ақын да қарымды қабілетінің қайталанбас сабақтарын көкірегіңе қондырады. Өлеңдегі өшпес өткірліктің жүзіне жүрегіңнің жүзін жанығандай. Бірде табиғат, философиялық, азаматтық, көңіл – күй лирикалары көлденең тұрса, бірде (мотив) сарын деңгейі өткен мен бүгінді жалғастырып, дәстүрдің кенжелеп қалмауына қам жасайды. Немесе, өлеңдегі буын, бунақ және ырғақ үйлесімдігі үкіленіп, көз алдыңда жырдың келбетін көріктендіре түседі. Сөйтіп, өлеңге қойылар  өлшемдер қаз – қалпында, өз орнында. Әдетте көп кездесе беретін «шалып жатыр», «қалып жатыр», «талып жатырмен» аяқталатын ұйқастардың ешқандай оты жоқ, сүреңсіз аты да, заты да кімге болсын опа әкелмейді. Осыдан кейін, өлең оқылмайды деп, өзеурейміз келіп. Бүгінгі жазба болмаса айтыс ақындарының бойында тоғыз емес тоқсан қайталанатын, жаттанды ұйқастардың жүруі түбі жақсылыққа соқтырмайды. Ол өлеңнің түп қазығына соққы, берер нәріне у. Ол өлең емес ,өлі дүние. Міне, осындай алтын мен қоланы айыра алмауымыз: мүмкіншілігімізді ашпайды, мешеулікке бастайды. Әйтеуір, өлең жазса сол адамды ақын деп қабылдайтын қамсыздығымыз қасқамызды қайнатып болды. Ертеректе «Өлермендік жеңбейді, өлең жеңеді» деген мақаламда өлең туралы біршама ой айтқанмын. Сол пікір күні бүгінге дейін мазалап жүр. Өлеңнің құпиясын талдай алмаған жерде алаңғасыр ақындар қатары көбейеді.  Сөйтіп, ақын деген аяулы есімді малданып, оны мансапқа айналдырып, аяғын алшаң басатындар қатары молаймаса, азайған жоқ. Ал бұл өнерге - қиянат, қарадүрсінге -  қазына, ұялмайтындарға -  ұя. Міне осындай жалпақшешейлігіміздің жеткізген жері осы. 

    Көкіректі тұрғанмен өлең кернеп,

    Миғұлаға болдым ба мен енді ермек?

    Бір шұлғысаң басыңды

    Сол ақымақ 

    Ойлайды екен өзін бір  кемеңгер деп, - 

жазған Жүрсіннің бір шумақ өлеңі менің өмір бойы ода етіп келе жатқан мақсатымның соңғы нүктесін қойғандай. Сөйтіп, талап пен талғамның жоқтығы ақындардың менмендігіне жол ашады. Бұл – өнер жолындағы қасірет.

Ақынның «Абайға мұң шағу» атты өлеңі Абай тұсындағы халқымыздың кешкен ғұмыры, жақсысы мен жаманы, салты мен дәстүрі, саяси жұмысы, мәдениеті мен әдебиеті, т.б. елдің келбетін құрайтын  өзекті жайлардың өзегіне, сосын бүгінгі болмысына тоқталады.  Жүрсін Абайға мұң шақса, шаққандай – ақ. Себебі, ақынның қиямет – қайым тірліктің терезесінен қарап тұрып, бүгінгі ХХІ ғасыр мен өткен ХІХ ғасырды   салыстыра отырып, салмақтау әр ақынның өз шаруасы. Десе де, қолдан келер іс бар, келмеске бару -  өжеттілік , Жүрсіннің жанкештілігі. Ақынның:

    Күн өтпейді тіл тістеп, тіс қажалмай,

    Аяр заман алқымнан қысты ажалдай.

   «Ұстарасыз аузына мұрты түскен»

    Еліңді ойлап, қайнайды іш қазандай!

    Шортанбай шал болжаған заманақыр,

    Жетті ме екен : әйел- би, бала -  батыр.

    Ақылымның азабын тартып жүрсем,

    Үйретеді үйде олар маған ақыл.

    Ағайын да қатыбас – сол қалпында,

    Азамат жоқ алашқа болған тұлға.

    Ешкіемердей еліңді теспей сорған, 

    Алаяқтың қалтасы толды алтынға, - 

дегеніне нанбай көр. Бұл өлеңнің жазылғанына да жылдардың жүзі өтсе де, бүгінгі күні де осы бір жебірліктің бұлты қалыңдамаса сейілген жоқ. Қалай сейілтеміз? Мұны кейінге қалдырудың ешқандай қисыны келмейді. Жемқорлар жездесінің сыйындай көретін осы бір жалмауыз жолды жаппаса еліміздің ертеңіне  деген сенімнің бетіне селкеу түсеріне сене бер. Сондықтан, дәл бүгін жан – жақты бірлескен жұмыс қажет.   Бізде де, әлемнің азулы елдері де осы бір халық байлығын тонаушылардан арыла алмай – ақ қойды. Арылар кезі алыста сияқты. Қаншама ел байлығы солардың қолында. Жантүршігерлік қылмыстар көбеймесе азаяр түрі көрінбейді. Жоғарыдағы өлеңде «тілдің өтпеу », «тістің қажалуы», «заманақырдың алқымынан алуы»,   «әйелдің – би, баланың – батыр болуына»  өтпейтін тісіңді қайрап, алақан жаюдан әріге бара алмайсың. Осындағы қарапайым ғана сөз қолданыстар, көркемдегіш- бейнелеуіш құрылымдар,  өлең бояуын солғындатпай, ақынның тапқырлығын таныта түседі.

    Шыққандай - ақ шалдықпай еркін қыстан,

   Шекесіне киеді бөркін дұшпан.

   «Қой» дейтұғын қожасы болмаған соң

   Шал көбейді шалдуар, кемпір мыстан. 

   Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң,

   Өксігімді көмейде құмықтырдым.

   Қайран Мұха, қадірің жеткен күні

   Басыңа кеп бөрідей ұлып тұрмын, -

дейді Жүрсін. Бұл жерде Мұхтар Әуезовтің Кеңсайдағы зиратының басында тұрған жалғыз Жүрсін емес, баршамыз бармыз. Әлемдік деңгейдегі  академик жазушыға мұң шақпағанда кімге шағамыз.  Сөйтіп, сүйенеріміз  бар, жұбатар Жұбанымыз бар, сағынар Сағынғалиымыз бар, жастай жанып кеткен Сағат  Әбдуғалиев бар, әйтеуір, әдебиетте кемдік көрер жеріміз жоқ. 

2020 жылы күзде әйгіл Жұбан Молдағалиевтың 100 жасқа толу салтанатында,  Орал қаласында ақынның ескерткіші ашылды. Табиғаты әсем,  қаланың көрікті жеріне орналасқан осы шараға қазақтың біртуар ұлы Асанәлі Әшімов бастаған біраз зиялы қауым жиналды. Облыс басшысы Ғали Есқалиев,  Асанәлі Әшімов,  Ақұштап Бақтыгереева, т.б.сөз сөйледі. Осыған келген ақын Жүрсін Ерманға амандастым. Оны сырттай көптен білетіндігімді және өзімді таныстырдым. Тіпті есінде қалмауым да мүмкін. Айтайын дегенім, ақынның адамгершілік деңгейі бір көргеннен - ақ танылып тұрды. Жатырқамайды , жатсынбайды. Адамға тік қарағанмен сығыр көзінен мейірім төгіліп, түп - төркіні жақынсырап тұрғаны анық. Өзіне амандасқанның бәрін танымағанмен таныған ыңғай танытып қауқылдап тұрғаны  қызық. Өзінен үлкенге де, кішіге де жөн – жосықты амандасулары  сөздің жүйесіне терең бойлай білетін жан екенін сездіреді. Сөйтіп,  адамға  көздерінің сұғы өтердей сұқтана қарағанмен, жанарындағы жылылық бәрін жуып – шәйіп кетеді.  Еңсесін салып елжіреп жүруі де есімнен шықпайды.  Міне, осы ақынның талай айтыстарды ұйымдастырып, жүргізгені де баршаның көңіл төрінен кетпестей орын алды. Мен де сол көптің бірімін.

     Ақыл апшып қалғанын, сезім бұғып,

     Отырамын ішімнен өзім біліп.

     Базар баққан бәдіктер ортасында

     Кісі де жоқ тұшынар сөзіңді ұғып. 

     Бір күніңнен аумайды бір күніңіз,

     Жамалатын түрі жоқ жыртығымыз.

     Саңырауға беретін сәлемдей – ақ

     Кімге дәрі осы өлең шіркініңіз?, - 

деуінен біршама ой өрбиді.Өлеңнің өсиетін тыңдау бар да, тыңдағаныңды тарату бар. Кейінгіге үлгі ету бар. Сөйтіп, үкілі сөздің ұмытылмауына қам жаса.

Осы күні сөз тыңдайтын құлақ жоқ, құлық төмен. Ертегі, батырлар жыры, мақал – мәтелдер, көркем сөздер, т.б. оқылмайды. Үлкен де, кіші де бір - бір  қалта телефонына ие. Содан бәрін табады.  Ал, бұл жақсы  жағдай емес. 

Жүрсіннің жолын  әріден білемін. Жазғандары жатқа оқылып, айтқандары ауыздан – ауызға көшіп, ақылмандығы айдай әлемге әйгіленіп - ақ жүр. Өлең құдіретін, өткірлігін танығыштығы тасада қалып көрген жоқ.  Талап пен талғамды тең ұстап өнер додасы  - айтысты жүргізуінің өзі бір мектеп. Жүрсіннің шекпенінен шыққан талай ақындар қазір еліміздің түкпір – түкпірінде қазақтың ұлттық өнегесін атақтап, жалауын желбіретуде. Сөйтіп, қазақ тарихында айтыс өнерінің кемеңгерлік орны көзге түсіп, шама – шарқы шартарапты алып барады. Бұл артық бағалау емес, барды бар деп баяндау.            

   Ширек ғасыр болды  «Айтыс» алданышым,

   Рақмет - алданыш  болғаны үшін.

   Талай төрде ту етіп желбіретті,

   Тоз - тоз болған қазақтың ол намысын.

   Қымыздай боп ашыған сабасында,

   Шырақ жақтың ұлтыңның санасында.

   Алпауытпен алысып жүргеніңде

   Қолың кетті биліктің жағасында, -

деп айтысқа өшпенділікпен қарайтын жандар болғанын жасыра алмайсың. Кейін  оған түсіністікпен  жол беру де өз нәтижесін көрсетті.  Жалпы, өнер атаулының ішінде осы айтыстың өткірлігі бағзы заманнан дәлелденсе де әлі оған  әпербақандық  қылық көрсету қалмай келеді.  Сөйтіп;

Арқаңа сап бейнетін сан алыптың

Даланы ұққан көңілмен қаланы ұқтың.

Жұрт не десе, о десін!

Сен жүре бер

Жырын жазып мәңгі өлмес даналықтың! - деп  Жүрсіннің өз сөзімен  өзіне жауап берсем,  тап жаңылысқандығым болмас.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

 Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі,   

 Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар