16.11.2015 5376
"Төзім шеңбері"
Автор: Сара Мыңжасарова
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы
Сара Рахманқызы Мыңжасарова 1924 жылы 29 қазанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Қара - Шоқат деген жерде туған. Ақтөбедегі мұғалімдер институтында оқыған. Одан кейін оқу – ағарту саласында жауапты қызметтер атқарған. 1954 жылдан бастап Талдықорған, Алматы облыстық газеттерінің редакцияларында қызмет істейді. 1971 – 1983 жылдары Байланыс министрлігінің мерзімді баспасөзді тарату басқармасының баспасөзге жазылу бөлімін басқарған. 1970 жылы «Қыр қыздары» романы, 1981 жылы «Әйел бақыты», 1984 жылы «Төзім шеңбері» романдары жарық көрген белгілі жазушы – публицист.
Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романы «Осылай ма едің, махаббат», «Ұждан», «Ой үстінде», «Кездесу», «Қанаттану», «Дүние кезек» деген алты бөлімнен тұрады. «Осылай ма едің, махаббат» бөлімінде Ауыл кеңсесіне Сәлкен мен Күнсұлудың ажырасуына қыздары Іңкәрді шақырып, ауыл кеңесі төрағасы Жарқын Рақымов әке -шешесінің ажырасатыны туралы айтады. Мектеп директоры Аржан баланы құшақтап арқасынан қағып, жұбатады.
Әкесі оқуын бітіргеннен кейін, үшеуіміз қалаға көшпейміз бе деп бала әлі де үміттенеді. Бірақ, әке – шешесі бала кімді қаласа сонымен қалады деп шешеді. Әкесі қалаға кетіп, Күнсұлу ауылда қалады.
Бұл бөлімде Сәлкенді Күнсұлудың өзі Мәскеуге оқуға жіберіп, өзі малын бағып, шөбін шауып, отын жинау, мектепті сыпырып, тазалау, колхоз жұмысына көмектесумен жүргенде, бара – бара Сәлкен өз дәрежесіндегі адамды іздер деген қауіпті ойламағаны туралы айтылады.
Күнсұлу нағашысының ауылына қыдырып барғанда Сәлкенді кездестіреді. Күнсұлуды он алты жасында алып, екі жылдан кейін Мәскеуге оқуға кетеді. Он жыл Мәскеуде оқып келген Сәлкен ажырасуды ұйғарған. Сәлкен ағасы Мықтығұлдан көлік сұрап алып, стансаға жеткізіп салуын өтінеді.
Он жыл бөлек тұрып, өскен орта, алған тәрбиедегі айырмашылықтар Сәлкенді ажырасуға бел буғызады. Ауыл адамдарының ой - өрісі, мәдениеті тұрғысынан Күнсұлу жақсы болғанымен, оған Сәлкеннің көңілі толмайды. Москвадағы ғылыми- зерттеу мекемесінде зерттеу жұмысымен айналысып, аяқтағаннан кейін Алматыға келетінін Мықтығұл ағасына айтады.
Сәлкен Инна сияқты білімді, көргені көп, әке – шешесінің көзі ашық адамды өзіне тең деп санайды.
Екінші курстан бастап Иннамен араласып, көңілі ауған Сәлкен соңғы курста әйелі бар екендігін айтып, Күнсұлудан айырылысып, Иннаға үйленетінін айтады. Осы кезде Сәлкенге Күнсұлудан Москваға келемін деген хат келеді. Осы жаңалықты Леван досынан естіген Инна шыдай алмай Валя құрбысын Сәлкеннің әйелін көріп кел деп жібереді.
«Ұждан» бөлімінде Іңкәр үйден қашып барып, интернатқа орналасады. Күнсұлу ауылда туып - өсіп, ауыл психологиясымен бойжеткен, өскен ортасы ауыл болғандықтан оза шабар, адаспай шығар ұрымтал объектісі де ауыл өмірі болады. С.Мыңжасарованың қаһарманы Күнсұлу үшін ашыну да, басылу да, тасыну да, тосылу да таңсық болмай қалды. Күйеуімен ажырасу Күнсұлудың рухани әлемінде бұрын болып көрмеген алай – дүлей боран әкеледі. Өзінің басынан кешкен күйреуге Күнсұлу жайбарақат қарап қала алмайды. Күнсұлу айғайлап ұрысып, жылап ашуын тарқатпайды, керісінше барлық ауыртпалықты еңбекпен үнсіз жеңеді. Құрбылары Ақлима мен Бәтима Күнсұлуға оқу керегін ұқтырады. Күнсұлу аудан орталығында ашылған агрономдық курсқа оқуға жіберіледі. Аудандағы шешесінің үйінде жатып оқып жүргенде, курстың оқытушысы Андрей Күнсұлуды ұнатып, көңіл білдіреді. Екеуі ауылға бірге барып та қайтады. Романда Андрей өз әкесі орыс болғанымен, орысша аз білетін, таза қазақша сөйлейтін, мәдениетті, кейіпкер ретінде суреттеледі.
Күнсұлу бес – алты ай оқып, курсты бітірді. Қазақстанға екі айға командировкаға келген Леван Күнсұлуды іздеп келіп, Сәлкеннің сәлемін жеткізеді. Іңкәрді демалыста Мәскеуге жіберуін сұрайды. Бірақ бала үйде жоқ болып шығады. Күнсұлу ауылына қайтатын уақыт жеткенде Андрейден маза кетіп, бір рет тілдесіп қалады. Бірақ Күнсұлу бір рет өмірлік жолдас болып көргенін, енді ондай қателікті қайталағысы келмейтінін айтады.
«Ой үстінде» бөлімінде Инна мен Сәлкен арасындағы арақатынас әңгіме болады. Сәлкеннің қайнағасы Абрам Моисеевич қазақтардың әдет – ғұрып, салт – сана, әдебиет, мәдениетінің жәйін білуге бағдар қояды. Үш – төрт айға өндіріске барып келгеннен кейін, Сәлкен мен Инна үйленеді. Екеуі жатақханада тұрып, балалы болады. Өмірінде бала қарамаған Сәлкен үй шаруасына араласып, қаншалықты қиын екеніне көзі жетеді. Балаларына Ким деп ат қояды. Бұл – коммунистический интернационал молодежи деген сөз екен. Балаға ұйымның атын қойған жастарға Абрам Моисеевич ренішін білдіреді.
Әкесі үйінен кеткен соң Инна өзіне - өзі қарап, сырт бейнесін қалпына келтіруді ойлайды. Осы күндері Қазақстанның әдебиеті мен өнерінің он күндігіне Күнсұлу Москваға ән айтуға келіп жатады. Инна мен Сәлкен «Кездесу» бөлімінде Күнсұлудың домбыраға қосып ән салғанын, залда Сәлкенді құшақтап тұрған жас әйелді көргендегі Күнсұлудың ішкі сезімі шебер берілген. «Жас әйел құшақтап тұрған Сәлкенді көргенде денесі тітіркеніп, бойында жүрген көмескі сезім сейіле бастады. Алғаш рет Сәлкенге деген жиреніш сезімі пайда болды. Бұрын оның үйленгенін білсе де, көзі көрмегенсіп біржола жирену, үзілді – кесілді жек көру ойын да, сезімін ойламаған да болатын. Оқта – текте өткенде есіне алып, аңсайтын да. Ал, қазір пір тұтқаны перідей аңсағаны албастыдай көрінеді» 1,171. деген шешім Күнсұлудың болашақ әрекеттерін тұспалдауға мүмкіндік жасайды. Бұл өткір драматизмге құрылған эпизод. Күнсұлудың бойында өзіне бейтаныс бір реніш сезімі түңілумен астасып, қайрылмастай күйге түсуі ашық суреттелген.
«Қанағаттану» бөлімінде аудандық партия комитеті хатшысы Асыл Дидаров, жаңадан келген екінші хатшы Шатқалбай Асаубаевтардың іс-әрекеттері әңгіме болады. Күнсұлу аудан жастары арасында Мәскеу сапары туралы есеп береді. Шатқалбайдың орнына Андрей екінші хатшы болып сайланады. Осы бөлімде Күнсұлудың інісі Ақан әскерге кетіп, шешесі Айбарша жалғыз қалады.
«Дүние кезек» бөлімінде Инна мен Сәлкен ауылына келгенде Күнсұлу аудан орталығына көшкелі жатады. Соңғы рет Сәлкен клуб алдында Күнсұлуды Андреймен кетіп бара жатқанын көріп, іші удай ашиды. Осы тұста Инна өзінің ақылдылығын көрсетіп, Андрейге өмірлік сапарының сәтті болуын тілеп, Сәлкенді ырқына көндіріп алып кетеді. Сәлкен басына қонған бақытын өзі аялай білмегенін түсінеді.
Романның соңғы бөлімінде Күнсұлу мен Андрейдің бір – біріне деген іңкәр, ыстық, мөлдір махаббатты шығармаға романтикалық рух берген тұсы деуге болды. Өз бақыты үшін күрескен қазақ әйелінің аз өмір кезеңі алынса да, романда айналаны қоршаған ортаны, табиғат суреттерін кейіпкерлердің бітім – болмысымен, әрқилы жан толқынысымен қоса қабат суреттеген.
«Түн. Ашық аспан. Шарасына толған ай, жеке дара жарық көрінетін жұлдыздар, қоңыр самал жел жазық даланы маужырата тербетеді. Жадыраған табиғат баланың ойын бірте – бірте сергіте бастады», әке – шешесінің ажырасатынын естіген Іңкәрдің алай – дүлей көңіл күйін табиғат ана өз бауырына басып алғанына куә боламыз.
Бас қаһарман Күнсұлудың «Күнсұлу екі ұдай сезімде жігітке қарап біраз тұрды. Қараған сайын жүрегі шымырлайды, құшақтай алып, құшырлана сүйгісі, тіпті осы жігіттің махаббатына тұншыққысы келеді деген жолдардан Андрейге деген сезімі, тірліктің мәнінің қазығы өз бақытын табуда деген нақты қорытынды шығарады.
Жазушы Сара Мыңжасарованың бұл романында ауыл тіршілігі және ауыл адамдарының бір – біріне деген шынайы қарым – қатынасы, туыстық сезімі біршама тәуір сипатталған. Күнсұлудың басына іс түсіп, қиыншылық көргенде құрбыларының көмекке келуі де нанымды берілген. «Күн батып кетті. Қырманда күзетшіден басқа ешкім жоқ. Күнсұлу әлі бидай суарып тұр. Бұл күндері Күнсұлу қорасында бір – екі ұсақ жандығына, жалғыз сиырына да қарауды қойған. Оларды іздемейді, сиырды саумайды. Көршілес, ағайындас әйелдер ертелі – кеш үнсіз келіп, малын жайғастырып, сүтін пісіріп кетеді»- деп автор сол шақтағы Күнсұлу қайғы – қасіретіне ортақтасқан ауыл адамдарын мәні бар штрихтар беру арқылы көрсетеді.
Қиын қыстау шатқалаңда шыныға түскен Күнсұлу жарық күндерден үмітін үзбей, жігер мен күрес үстінде көрінеді.
«Төзім шеңбері» романының қаһарманының алдағы тағдыры, кейінгі халін топшылауды автор оқырманның үлесіне қалдырады.
Қорыта айтқанда, автор бұл романда қазақ әйелінің еңбекке араласып, өз бақытын тауып, қызғылықты өмір кешетініне оқырманның көзін жеткізе суреттеген.