Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.11.2015 6475

"Егес"

Автор: Ахат Жақсыбаев
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы

- Ол жақтан неге кеттің? Жазушы Ахат Жақсыбаевтың “Егес” романы осындай сұраулы сөйлеммен басталады. Сонымен, әлгі сөйлемдегі “ол жағы” – Қарағанды. Алдымен “кеткені” емес, келгені туралы айтайық. “Қайда?” дерсіз. Қаратасқа. “Неге” автордың өзі жауап береді: “Қаратас – оның алғаш еңбекке араласып, жұмыс істеген жері. Онынышы бітірген соң осы қалаға келіп, екі жыл шахтада істеп, сосын барып Алматының тау-кен институтына түскен. Сол себепті оның көңілінде Қаратас жайлы жақсы әсер қалған. Осында жүргенде ол жұмысшы ортасының тәрбиесін көрді”.

Енді Қарағндыдан Қаратасқа келген кім екенін білуімізге болады. Ол – Батырбек. Оны біз автордың бұдан бұрынғы “Бозарал” повесінен бас кейіпкері ретінде жақсы білетінбіз. Повесте есейген, тоқтаған азаматтың естелігі ретінде баяндалатын бала, жеткіншек Батырбекті, соғыстың зардабынан әкесінен айрылған, шешесінен тірідей жетім қалған, жалғыз әжесінің бауырында тәрбиеленіп жатқан, кейін ол панасынан да айрылып қалып, қилы-қилы тағдыр тәлкегін басынан өткерген Батырбекті танып-білген едік. Повестегі Батырбек өзімен кластас Торғынды адал қастерлеп, шынайы сезімнің иесі ретінде көрінетін. Ал романда од – ілгеріде айтылғандай, инженер және семья басы: Салтанаттың ері, екі баланың әкесі.

Батырбек бейнесінен өзіміз күнде көріп, сұхбаттасып, сөйлесіп жүрген замандастарымыздың үлгі боларлық талай нышандарын байқаймыз. Ең алдымен, ол - өзіндік мақсаты бар, өзіндік шешімі бар, соған жетуді, байсалды ойын орындауды жүзеге асырмай қоймайтын жан. Қарағандыдан кетіп қалуы тегіннен-тегін емес. Оның себебі ілгеріде келтірілген авторлық баяндауда там-тұмдап айтылғанмен, негізгісі тереңде жатыр. Дәлірек айтқанда, оның ойға алған басты нысанасы – Қаратас болар, немесе басқа жер болар, әйтеуір, бар мүмкіндігінше алған теориялық білімін іс жүзіне асырып, өзінің қажетті жеріне жұмсауға күш салу. Бұл жолда енді-енді ғана қолы жетіп келе жатқан тұрмыстың рахатын да, семьядағы жарасымды тіршілікті де екінші кезектегі мәселе деп қарайды. Демек, өз басының мүддесінен қоғамдық мүддені ілгері қоюы – Батырбек бойындағы өнегелі қасиет.

Батырбектің жан дүниесін, психологиялық иірімдерін беруде де автор бірталай ысылып қалғандығын көрсетеді. Басты қаһарман қандай жан күйзелісінде жүрсе де, құрғақ қиял қуып, сары уайымға салынбайды, сондай-ақ пікірі өзгелерден қолдау тапқанда да орынсыз кеуде қақпайды. Әрқашан салмақты, сабырлы. Байтаспен Қаратаста жаңа танысқан Алтайдың көңілін түңілтер қылықтарын көргенде де ақыл айтып, кісілік танытып жатпайды. Қайсыбір оқырман осы тұста жазушыны кінәлауы да ықтимал. Айталық, айналасындағы кемшіліктерді, адамдардың арасындағы қарым-қатынастарда бой көрсетіп қалатын ұнамсыз жайларды көре тұрып, Батырбек неге соларға қарсы шықпайды, сынға алмайды деуі мүмкін. Біздіңше, авторға мұндай міндет арту артықшылық болар еді. Өйткені, жазушы ниеті өзінің жақсы көріп отырған кейіпкерін ешбір мінсіз, кемшіліксіз “судан таза, сүттен ақ” етіп бейнелеу емес. Оның да қателесер жері, сүрініп кетуі мүмкін ғой...

Жазушы өз кейіпкерлерін әртүрлі адамдармен қызмет бабында болсын, тұрмыста болсын сұхбаттастыра отырып, әр қырынан ашқан. Бұл арада айтпағымыз – Батырбектің ары таза адам екеніне де оқырманның көзі жетеді. Оның Зағирашпен алғаш танысуы, жеке кездесуінен жігіт пен қыздың арасындағы таза сыйластықты аңғарамыз.

Батырбектің бойындағы ең ұнамды ерекшелік – оның барынша әділ болуға тырысатындығы, сол жолда (әрине, өз ойының дұрыстығына сенгендіктен) айтқанынан таймауы. Азамат көркін, адамгершілігін ажарландыра түсетін мұндай қасиет, романның атымен айтқанда, шын егесте, тартыста, қақтығыста анық байқалады. Инженер Батырбек екі үлкен егесті басынан кешірді: бірі Қарағандыда болса, екіншісі Қаратаста белең берді. Алғашқыдан, өндірісте әзірге көп ширыға қоймағандығының әсері ме екен, оншалықты айқасқа түспей, үнсіз құтылып еді; екінші жағдайда басқаша қырынан танылды. Былайша айтқанда, Батырбек бар тұлғасымен Қаратаста қалыптасты. Ендеше, алғашқы айқастың шегініс ретінде баяндалып, автордың алға тартар ойы Қаратастағы Батырбек маңына топтастырылғанын құптауымыз керек. Сондықтан да Батырбек – Есентай арасындағы тартыс иланымды көрінеді.

Сөйтіп, Батырбек бейнесі өскелең өндіріс командирінің, техника мен адам тағдырын байланыстыра ойлайтын ақылды азаматтың бейнесі болып шыққан.

Жазушы төтеннен ұңғыл-шұңғылы көп, түсінікке қиын детальдарды орынды-орынсыз кірістіре беруден аулақ. Солай болғандықтан, негізгі оқиға қосалқы штрихтармен сабақтаса дамып, әр кейіпкердің ішкі сезімі, сөйлеген сөздері айқындалып, дараланып отырады. Мәселен, ардагер шахтер Тұрсынбай қарттың сөзі мен мінезінде ақ көңілділік пен қонақжайлылық та, жұмысшы өкіліне тән қатаңдық пен турашылдық та бар. Байтастың әйелі Гүлжаһан бейнесінен тұрмысындағы мол жиһаздан гөрі, кедей де болса шынайы сырласып, жарасты өмір кешетін, адал жарға серік болуға лайық келіншекті көреміз. Зағираштың да романда өзіндік орны бар. Керек десеңіз, сол келіншектің ойлы сөздері, байсалды пікірі Батырбектің сырттай жүріп, өз семьясының тағдырын, өзі сүйіп қосылған жары мен сүйкімді балаларына деген ыстық сезімін арттыруға біршама себепкер болды деп те айта аламыз.

Оқып болып ойланғанда, осы секілді талай адамдар тағдырын көз алдымызға анық елестеткен жақсы шығармаға қатысты ескертпемізді де жасыра алмаймыз. Автор романды тартымды бастап, еліктіріп кетеді де, Батырбектің жаңа ортамен танысып білісу мезгілін ұзартып, созыңқырап жібереді. Батырбек көпке дейін сылбыр адамдай әсер қалдырады. Тек бұрын қадірлі шахтерлер болған, қазіргі пенсионерлер Гаркушин мен Тұрсынбайдың ақыл-кеңестерінен соң ширай түседі. Жазушы кейіпкерінің өсу эвоюциясын айқынырақ көрсетуге тырысқан шығар. Дегенмен, алғаш Қаратасқа келіп, шын тартыстың туғанына дейінгі аралықта созалаңдық сезіледі.

Романның кейінгі беттерінде коммунистердің белсенділігінен хабардар боламыз. Бірақ, адам тағдыры, өнім сапасы жайлы мәселе күн тәртібінде тұрғанда, ондай белсенділік бұдан да гөрі батылырақ болса керек еді деген ой келеді.

“Егестің” сюжет желісіне қарағанда, әлі толық аяқталмаған дүниедей де көрініп тұр. Әрине, автордың алдағы уақыттағы жұмысына долбар жасап, пәлен ет дей алмаймыз.

Тоқ етерін айтқанда, қазіргі қазақ әдебиетінің жұмысшы өмірін өрнектеуге арналған көркем проза кітапханасына тағы бір татымды үлес қосылғаны анық.

Көп оқылғандар