Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.11.2015 6109

“Ескексіз қайық”

Автор: Мағзом Сүндетов
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы

Қазіргі жастар өмірінен бірқатар повесть, әңгімелер жазып, оқушыларымен жақсы табысқан Мағзом Сүндетов “Ескексіз қайық” романын жарыққа шығарды. Ауыл адамдарының соғыс кезіндегі тіршілігі, елдегі еңбегі, ізгілік мүддесі жолында сұғанақ пиғылдарға қарсы біртұтас қимылы, бауырмал қатынасы әсерлі бейнеленген осы бір шығарма – жас жазушының көркемдік талғамының, мәдениетінің жаңа мүмкіндіктерін танытқан кейінгі кездегі сәтті туындылардың бірі.

Біреу жеңіс мүддесі үшін түн қатып, кірпік ілмей, ауыр еңбектің азабын тартып жүргенде, халық игілігіне астыртын қол сұққан сыбайлас екі адам – Исахмет пен Бақан өз құлқынын күйттеп жүр.

Алаяқтық амал-айласымен ебін тауып шаңырағына кіргізіп алған жас келіншегі Ырашты қалай қорлап, қалай талдаңдаймын десе де Исахметтің еркі. Бағы басып, ойлағаны алдынан шығып жатыр.

Мағзом Сүндетовтің Исахметі мен Бақанының тәлкегіне түскен бақытсыз Ырашты көргенде бейнелеу өнерінің классикалық біраз үлгілеріне тақырып болған әйгілі Сусанна мен қарттар сарыны еріксіз есіңе орала береді. Сусанна сияқты Ырашты арашалап алатын құдіретті қол бұл жерде табыла қойған жоқ. Ыраш осы екі қарттың екеуінің де тұзағына түсті.

Тірлігі тамырлас, бірақ іштей аңдысқан қос алаяқ ақыры басына тықыр таянған қысалаң кезде бірін-бірі сатып кетті. Ақылы мен арамдығы тереңірек жатқан Исахмет Бақанды ұстап берді. Бақанның қысқа адым топас пейілі осы ірі мәселелердің төңірегінде қапыда мерт болғанымен, Исахметтің төрінде қонақасы дәмін татып отырып, Исахметтің жас келіншегін көңілімен арбайтын мәймөңке үміті бір мұратына жеткен. “Сен осы не ойлайсың? Мынау сүмелектен гөрі мен тәуір емеспін бе? Е, бала-ай... Шалдың да жөнін тауып тимеген екенсің?” деп іштей күрсінген Бақан Ырашты өз нәпсісінің құлы ететін.

Қасірет табалдырығынан аттап, бірте-бірте ауыл тірлігіне, еңбекке араласқан Ыраш тағдыры мен Жазираның жан сезіміне, Ықсанды есейткен өмір сынына қалтқысыз сенесіз.

Романда негізгі оқиға жүйесіне арқау болған Жазира – Наурыз желісі бізге әрқилы әсер қалдырады. Ауылдағы ауыр еңбектің біраз дәмін татып, ай қарағандай алыс сапардағы жарын күткен жас келіншекті ағыл-тегіл қуанышқа бөлей, майдан шебінен бір хат келді. Әлдебір бейтаныс адамның қолымен жазылған жұмбақ хат күйеуі Наурыздың қол-аяғынан айырылып, біржола мүгедек боп қалған мүшкіл халін баяндапты. Елге келерін де, келмесін де білмей, ақырғы мұңын төккен Наурыздың ендігі тағдыры не болар?

Бұл суық хабарды алған Жазирамен бірге толғанып, К.Тренев, А.Толстой әңгімелерінде бейнеленген қасіретті оқиғалар алуандас жағдай Мағзом шығармасында қалай шешілер екен деп оқушының бір ауыр ойға берілетіні сөзсіз.

Жарын күтіп сарғайып, кеудесінде шыбын жаны қалғаны шүкіршілік еткен сүйген жүрек айлап, апталап ұзын жолға қарай-қарай көз майын тауысқан. Бірақ ойламаған жерден, әлпештеп, алақанымен тосып алуға бүкіл елімен, жұртымен жиналып күйеуінің алдынан шыққан келіншектің төбесіне жай түскендей болды. Машинадан аяқ-қолы балғадай, жұрттың бәрін жерге қаратып, бір тоқпейіл жігіт түсті.

Әлдебіреумен ерегісіп, әйелінің өзіне адалдығын сынап көру үшін әдейі бүкіл ауылды босқа дүрліктіріп, аяғынан тік тұрғызған өзімшіл ақымақ жігіттің ыржақай қалжыңы Жазираны қатты қапаландырады. Өзінің алданған сезімінен қорланып, әрі күйеуінің тағы бір әйелмен тұрмыс құрып, кейін ажырасып кеткен бар кінәсінің бірін де кешпей, ақыры өз шаңырағын тастап, төркініне қайтып бара жатқан Жазираны көреміз.

Жазира Наурызын сүйген, сол “тәңірідей” табынған Наурызының алдамшы, арзан, ұсақ істерін көргеннен кейін оның енді түңілуге де еркі бар. Күйеуін шын сүйе тұрып, күйеуінен шын түңілген адам ғана осылай істей алады. Бұл арзан мінез, жеңілтек қылық емес. Бұндай батыл қадам тек батыл әйелдің ғана қолынан келеді.

Өзін жерге қаратып, енді сүймейтін адамымен тұру – екіжүзділік. Мұның аты – алдау. Ал Жазира мұндай қылмысқа бара алмайды. Біреуден жиреніп отырып, бауырына оны тарта алмайды.

Бұл арада біз жазушының осы Жазира – Наурыз желісіне байланысты қаламгерлік нысанасын негізінен қолдап отырсақ та, шығарманың осы өңіріндегі жеңіл көріністерге, сезім құбылысын әлі де терең ашпайтын, көркемдік бояуы жұпыны, желдірме баяндауларға қол соға қоймаймыз.

Күйеуін күткен Жазираның Наурыз келместен бұрын, алдамшы сыр ашылмас бұрын, “Наурызға сүйіп тигем, Қарып болғанда бас тартуды ар көрдім. Хайуандық деп білдім. “Кел” дегенім де сонан” деп іштей бір алдын-ала толғанатын сәттері махаббаттан гөрі мүсіркеуі басым, жәй аяушылық сезімдей әсер қалдырады.

Тірлікте ішіп-жеп, шайқап өтетін едім, соғыс кесел болды деп, сауда орнынан түсірген шашетек пайдасын Исахмет те іркілмей, ашық айта алады. Өмір сүрудың ебін тапқан адамдар, асылы, мұндай арзан айқайға онша батып бара бермес-ті.

Арыстан күшігін асыраған мысық ертегісінің шығармаға кірігуі Исахмет – Бақан желісінің сырын ашуға біраз жетекші болған.

Исахмет - әрі ақылды, әрі қара жүрек адам. Ықсанның ойымен беріліп, оның тура келген қанжарлы қарақшыдан да қауіпті жаулық мерезін айқындау – Исахметтің бет-пердесін аша түседі.

Бұл – сөз жоқ, шығармада өз табиғатымен көрінген кесек характер.

Автор “негізгі қаһарман, ұнамды образдарды оқырманға кеңірек таныстыру орнына, Исахмет, Бақан сияқты жексұрындардың қулық-сұмдықтарын көбінесе бажайлап баяндай береді” деп, осы бір тартыс таразысының шиыршық атып көрінетін тұстарын тым жеңіл, бұлдыратып жіберген Әбілғазының пікірлерімен бұл арада да келісу қиын. Соғыс кезіндегі бір тұрмыс қиыншылығы Исахмет, Бақан сияқтылардың қулық-сұмдығына қарсы арпалыс үстінде көрінген.

Осы адамдар алалығын қаз қалпында бейнелеуден – Мағзомның өзіндік қалам ізі аңғарылады. Біздің түсінігімізде, романның негізгі салмағы, ең алдымен, Исахмет, Бақан, Ыраш, Ықсан басындағы өмір шындығында жатыр.

Көп оқылғандар