Зейнолла Қабдоловтың “Жалын” романында санадағы тартыстың дамуы арқылы қаһарманның рухани шыңдалуы, азаматтық сезімінің тереңдеуі жақсы көрсетілген. Романның басты қаһарманы – жоғары білімді жас маман Қабен Оразов Ембі мұнай өнеркәсібі жөнінде кандидаттық диссертация қорғамақ болады. Зерттеу тақырыбына байланысты жинаған көп сала ғылыми дерегі, мол мағлұматы бар. Еңбегі жазылып біткен.
Қабен оңай даңқ іздеген атаққұмар жігіт емес, диссертация қорғауды жалаң мақсат тұтпаған, ісін есепке құрмаған. Тындырған жұмысым қоғамның кәдесіне асса екен деп қана тілеген жақсы арманы бар. Міне енді сол арманы жүзеге асқалы қалды. Қабеннің диссертациясы оқыған оппоненттері, оның еңбегін мадақтай бастады. Ғылым жолына адал берілген жігіттің жастығына, тәжірибесіздігіне байланысты, әуелгі беттегі жүрексінуі, қобалжуы бәсеңдеп, көңіліне бір сенім ұялай бастаған еді. Өзіне өзінің сенімі арта түскендей болған. Кенет бір күдік кеп килікті де, көңілді нілдей бұзды, ойнап қорғасындай ауырлатып жіберді. Бейтаныс біреу мұның пәтеріне телефон соғып, - өзің Ембіде болып па ең? Мұндай кәсіпшілігінде жұмыс істеп пе ең? – деп оқыс сауал берді де, Қабеннің диссертациясының өзгелер мақтап жатқан жақсылығына шүбәланғандай болды. Бірақ кім екенін, аты-жөнін айтқан жоқ.
Бұл – біреудің қоқан лоқысы ма? Әлде жасаған бопсасы ма? Сырт көзге солай көрінуі мүмкін ғой. Ал, Қабеннің басына мұндай ой жоламады. Телефон соққан адам есер кісі болмауы керек, Қабенді шошытайын деген ниеті де жоқ шығар; қойған сауалы орынды; кім де болса, іске жаны ашыған азамат болар. Қабен, міне, тек осылай ойлады.
Өндіріс саласына байланысты ғылыми еңбек жасау үшін өндірістің өзіне барып, ондағы жұмыстарға тікелей араласып, бүге-шігесін қалдырмай мұқият зерттеу керек. Ғылыми еңбек сонда ғана, шын мәнісінде, сыннан өтіп, суарылып шығады. Бұл – белгілі ақиқат. Қабен мұны біледі. Ол Ембінің мұндай өндірісіне келіп жұмыс істеген жоқ, бірақ, диссертация тақырыбына байланысты Ембіге бір-екі рет командировкаға барып қайтқан. Әрине, мұның аздық ететіні рас. Қабен бұны да біледі. Және оның жинап әкелген материалдарының негізінде диссертациясын жазып бітіргенше біраз уақыт өтті. Ал қазіргі техникалық өрлеу заманында жаңалықтар күнбе-күн туып жатады. Бүгін ғана ұсынған жаңа үлгіңіз ертеңіне-ақ ескіріп қала береді. Қабен өз диссертациясында тың ұсыныстар айтады. Бірақ сол ұсыныстары уақытына кешігіп қалмас па екен? Қабен мұны да ойлап қоятын. Енді мына бейтаныс адамның телефон соғып, тұтқиылдан қойған сұрауы Қабеннің сол ойын көсеп жіберіп, қоздатып кетті.
Қабен дүдәмалданады. Жан дүние әлемінде сезімдер тартысы басталады. Сол тартыс Қабенді біресе оң жағына қарай, біресе сол жағына қарай аудара жаздап, шайқалтады, бірақ, Қабен ілгері қозғала береді. Көңіліне күдік кіргенмен, бұрынғы сенімі мұны қолынан ұстап, алға қарай жетелейді.
Диссертация қорғалатын күні, ғылыми кеңес мәжілісінде Қабенді сол сенім мінбеге жетелеп шығады. Қабен тиісті өзін мүдірмей айтып шықты. Одан соң ғылыми жетекшісі, оппоненттері мұның диссертациясын мақтап сөйлеп жатты. Бірақ Қабеннің ойына кірген күдігі тарқамады, көңілді қобалжытты да тұрды. Бейтаныс адамның телефонмен қойған сұрағы есінен шықпады. Расында да Ембінің мұнай өндірісінде жұмыс істемеген Қабен, сол өндірісті бес саусағындай білемін деп айта ала ма? Жоқ, айта алмайды. Ендеше осы өндіріс жөнінде диссертация жазуы қалай? Қабенді қинай берген ой осы болды.
Бұған телефон соққан бейтаныс адамның кім екені де анықталды. Ол – атақты мұнайшы Сардар Сұлтанов боп шықты, Ембінің еңбек ері, әйгілі кісі. Ғылыми кеңестің мәжілісінде сөз сөйледі. Ол Қабеннің диссертациясын сынаған жоқ, Ембі мұнай өндірісінің бүгінгі жетістігін, еңбек технологиясындағы жаңалықтарды айтты да, өз көкейінде қорытылған пікірлерін алға тартып, ғалымдардың талқысына ұсынды.
Қабеннің күдігі де өзіне дәл осы арада айқындалды. Ол енді толқыған ойын азаматтық сезімнің еркіне бағындырды да, шұғыл шешім жасады. Ғылыми кеңес кешірім өтініп, диссертациясын қорғауды тоқтату жөнінде ұсыныс қылды. Оның бұл қылығына таңырқаған ғылыми жетекшісінің де, жақын достарының да сөзіне көнбеді, диссертациясын мәжілістің күн тәртібінен алдыртып тастады.
Ол мұны қорқып жасады ма? Жоқ, оның диссертация қорғауына жұрттың бәрі де тілектес боп отырған. Диссертациясы бекімейді деп қауіптенді ме? Жоқ, мұның диссертациясын ғылыми кеңес құптаған, қарсы айтылған пікір болмаған. Ол диссертацияны ойдағыдай қорғап та шығатын еді, мәртебесі де зораятын еді, кандидаттық дипломды алған соң, жалақысы да өсетін еді. Қабен осының бәрін де кейін ысырып тастады. Сардар Сұлтановтың сөзінен кейін диссертациясына көңілі толмады, олқылықтарын сезді. Еңбегін толықтырып, қайта жазуға бекінеді. Және бұл істі Ембінің өзіне барып, мұнай өндірісінің қайнаған ортасында жүріп жазуға аңсары ауады. Қабеннің осы шешімінен оның азаматтық сезімінің тереңдігі танылады.