Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Ғ
Ғабиден Мұстафин

Ғабиден Мұстафин

Ғабиден Мұстафин (1902–1985) 29 қарашада қазіргі Қарағанды облысы, Тельман ауданында дүниеге келген. 14 жасында Спасск зауытының табельшісінен бір жыл орысша оқып, сондағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің 4-сыныбына түседі. Бұдан әрі оқуға мүмкіндігі болмай, туған ауылына қайтып оралады. Ауылда әр түрлі қызметте болып, 1925 жылы білімін көтеру мақсатымен Қызылордаға келеді. Мұнда оқуға түсе алмай, өлкелік сотқа іс қағаздарын тіркеуші қызметіне орналасады. Жазушылық өнерге құмарлығы осы кезден басталады. 

Алғашқы әңгімесі «Сәрсен мен Боқаш» (1927) «Жыл құсы» журналында жарияланады. Тұңғыш әңгімелер жинағы «Ер Шойын» (1929) деген атпен басылып шықты. 1930 жылы көктемде Қарағандыға ауысып, үш жыл қара жұмыс істейді: слесарь, токарь мамандығын меңгереді. 

1938 жылы «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады. Көп кешікпей, Новосибирск қаласында қазақ тілінде «Қызыл ту» атты газеттің шығуына байланысты, сонда жіберіледі. Газет жабылғаннан кейін (1938) Алматыға келеді. 7–8 жыл көркем әдебиеттен қол үзіп кеткенімен, журналистік жұмыста қаламы төселіп, өмір тәжірибесі молайып қалған оның Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазған тұңғыш романы «Өмір не өлім» 1940 жылы жеке кітап болып басылды. Бұрын өндіріс тақырыбына «Алыптың кереметтері» (1936) очеркі мен «Керуен» (1938) атты әңгімесі жарияланған автордың аталған романы қазақ әдебиетінде бұл саладағы алғашқы күрделі туындылардың бірі болды. Он шақты жылдан кейін осы тақырыпқа қайта оралып, «Қарағанды» (1952) романын жазды. Алғашқыда «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының қатардағы қызметкері (1938–1940), кейіннен редакторы (1940–1948) бола жүріп, жемісті шығармашылық еңбек етті. Колхоз-совхоз сахналарына арналған бірнеше шағын пьесалар («Айғақ», 1942), көптеген әңгімелер жазды. «Шығанақ», «Дауылдан кейін» романдары мен «Миллионер» повесі ауыл өміріндегі елеулі өзгерістерді суреттеуге арналды. Соңғы күрделі шығармасы – «Көз көрген». 

1953–1956 және 1962–1964 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып қызмет атқарды. Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1958), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Алтыншы сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ленин орденімен (2 рет), ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту (2 рет), Халықтар Достығы ордендерімен, медальдармен марапатталған. Шығармалары: Таңдамалы шығ., 1–2-т., А., 1954–1955; Шығармаларының бес томдығы. 1–5-т., «Жазушы», 1980–1983.

Көп оқылғандар