Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» кон...

09.08.2025 772

«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» конференциясы өтті 14+

«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным»   конференциясы өтті - adebiportal.kz

Ұлы ақын, ағартушы, гуманист Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған іс-шаралар Семей қаласында 8 тамыз күні жалғасын тапты. 


«Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы 10 сағатта Шәкәрім университетінің Глинка көшесіндегі ғимаратында басталды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Абай облысының әкімдігі, Шәкәрім университеті және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі бірлесе ұйымдастырған бұл конференцияға арысы сонау Голландия мен Түркиядан, берісі – Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғалымдар мен зерттеушілер, әдебиеттанушылар мен тілшілер келген екен. 

Ұлы гуманист, адамзаттың ойшылы Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең зерделеудің, ақынның шығармашылығы мен ой-толғамдарын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдаудың, Абай ілімінің ұлттық сананы қалыптастырудағы, білім мен тәрбиедегі, тұлға дамытудың мәдени-философиялық негізі ретіндегі орнын айқындаудың жолдарын қарастыру, сонымен қатар, абайтану ғылымының өзекті мәселелерін талқылау арқылы жас зерттеушілер мен ғылым жолындағы ізденушілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында өткізіліп отырған ғылыми-тәжірибелік конференцияның модераторы, Шәкәрім университетінің ректоры Орынбеков Думан Рымғалиұлы бүгінгі іс-шараның мақсаты мен қатысуға келген қонақтарды таныстырып өтті: 

«...Абай тойы – бір ақ күндік той емес.Ол тек қазақ халқы ғана емес, күллі түркі халықтары мен жаһан үшін ел өркениетіндегі тарихи белес. Өйткені Абай өзінің терең ойымен, кемел парасатымен адамзаттық құндылықтарды дәріптеген даналығымен әлемдік деңгейдегі кемеңгер, ойшыл. Бүгінгі конференция – Абайдың мұраларын жаңа қырларынан танып, оның ойшыл, философиялық, ағартушылық мұраларын заманауи көзқараспен бағалауға, ұлттық идеалогияны нығайтуға, білім, ғылым және тәрбие жөнінде тиімді ой қосатын ғылыми алаң болмақ. Конференция барысында Абай шығармашылығының өзектілігі, қоғамдағы рөлі, сондай-ақ олардың әлемдік деңгейдегі идеялармен үндестігі кеңінен талқыланады деген сенімдеміз. Құрметті қауым! Бүгінгі ғылыми жиынның мәртебелі қонақтары – Абай облысының әкімі Берік Уәли, Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек, ел ғылымы мен білімінің дамуына зор үлес қосып жүрген ардақты жерлесіміз Ерлан Бәтташұлы, клнференциямызға Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов ұрпақтарының арнайы келіп қатысып отырғаны – біз үшін мақтаныш. Біз үшін бүгінгі жиынға заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің немересі, түркітанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезованың қатысуы зор мәртебе. Қазақ әдебиеті мен Абай шығармашылығын түрік тілінде насихаттауда орасан зор еңбек атқарып келе жатқан ғалым Нергиз Бирай ханымды да ерекше атап өткім келеді. Беделді ғалымдар Арап Сіләмұлы Еспембетов, Тұрсын Құдакелдіұлы Жұртбай, Кенжехан Сіләмжанұлы Матыжан, Кәрімбек Арыстанбекұлы Құрманәлиев, Ербол Ердембекұлы Тілешов, Анар Мұратқызы Фазылжанова, Базарбек Атығай, Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед және жас ғалымдарымыз Әзілхан Исабек, Елдос Тоқтарбай да ортамызда. Университеттің ғылыми алаңында сот жүйесінің ардагерлері, еліміздің іргелі жоғары оқу орындарының ректорлары, көрнекті ғалымдар қатысып отыр. Конференцияда халқымыздың ой алыбы Абай Құнанбайұлының тұлғасы мен мұрасы туралы мазмұнды пікірлер мен жасампаз ұсыныстар айтылады деген сенімдемін!» - Алғашқы құттықтау сөз Абай облысының әкімі Берік Уәлиге берілді: «Ардақты ағайын, құрметті конференцияға жиналған қауым! Баршаңыз ұлт руханиятының астанасы Семей жеріне, Абай еліне қош келдіңіздер! Биыл ұлттық ойдың ең асқар биігі, адамзаттың алыбы, хакім Абайдың дүниеге келгеніне 180 жыл толып отыр. Бұл – еліміздің елеулі мерекесі. Бұл айтулы мереке биыл тұңғыш рет он күн бойы аталып өтіп жатыр. Бүгін – аталған он күндіктің тоғызыншы күні. Және «Адамзаттың Абайы: руханият, парасат, таным» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына айтулы ғалымдар мен білікті мамандар жиналып, Абай ойының тереңіне ден қойып, сипатына, сырына үңілгелі отыр. Конференцияға Түркия елінен, Нидерланды корольдігінен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтулы ғалымдарға облысымыздың жұртшылығы атынан ризашылығымды білдіргім келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы»,- деп ерекше атап өткен болатын.

Құттықтау сөзге шыққан Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы конференция барысында кеңінен толғай сөйлей келе, ұлы ақынның 180 жылдығы аясында жүзеге асқан рухани иігілікті істерге тоқталды:

Абай қазаққа өзі туған, өзі ержеткен ортаға жаңаша сұрақ қойды. Оған дейінгі сұрақтардың дені дидактикалық танымға негізделіп келсе, Абай хакім бұл сұрақты өзгертті. Яғни «адам деген не?», «адам не үшін өмір сүреді?», «билік пен байлықтың мәні қандай?», «адам болып өмір сүру мен адамзат болып тірлік етудің ерекшелігі қандай?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Заманды жаңартылған сұрақ өзгертеді. Сұрағы өзгермеген қоғам жаңармайды. Абай қазақ қоғамына ғана емес, адамзатқа ортақ сұрақтарды көп қойды. Өзіне сұрақ қоя алатын адам – ол жаңашыл адам. Оның кез келген қара сөздері мен жырларынан біз өте өзекті сұрақтарға жолығамыз. Әсіресе, отыз сегізінші қара сөзіндегі сұрақтарға талай оқымыстылардың жауап іздеп, Абаймен сұхбаттасуына себеп болып келді. Абаймен сұхбаттасқан адамның адасқаны жоқ. Ал Абаймен мұңдасқан, сырласқан, ойымен дос, ниеттес болған адам – бақытты адам. «Абай» яки «Абай шығармалары» деген кітаптардың авторы ғана емес, ол – тірі адам, ол сенің жаныңда, рухыңда күнделікті өмір сүрсе, ол сенің ғұмырыңның текке өтпегені, зая кетпегені. Еліне қызмет етемін деген адам Абайдан алыстаса, оның бізге қойған сұрақтарына мән бермесе, одан жалтарса, түптің түбінде опық жеуі бек мүмкін. Абаймен ауыру деген – оны кие тұту, оның өлеңдерінен цитата келтіру ғана емес, онымен өмір сүру деп ойлаймын. Абайды оқымай, оның идеяларымен өмір сүрмей өткен уақытымызды ойласақ – опынуды, өкінуді үйренеміз. Бұл – әрбір қазаққа қаратылған сөз екенін аңғарып отырған боларсыздар. Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын терең зерделеу, ақынның шығармашылығы мен ой толғауларын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдау, Абай ілімінің ұлттық сананы қалыптастырудағы, тұлғаны дамытудағы философиялық негіз ретіндегі орнын айқындау үшін жиналған барлық білімпаздарға да данышпанның сұрағы ортақ деп ойлаймын. Ол – әр заманның тұсында алдымызданшығып отыратын мәңгіліктің сұрағы. Абай тойында ұлттың рухани қазынасына қосылатын көптеген жақсы кітаптар шығарылып отырғанын да айта кетуіміз керек. Біздің Абай облысы әкімдігінің тапсырысымен тарихтағы көркем шығармаға арналған энциклопедия «Абай жолы» танымдық энциклопедиясы жарық көрді. Мұхтар Әуезовтің әлем оқыған эпопеясына арналған бұл еңбекті жазушы Асқар Алтай баспадан шығарды. Сондай-ақ тағы бір танымдық кітапты шығардық. Ол – әдебиеттанушы Бағашар Тұрсынбайдың «Абай Құнанбайұлы кім?» атты балаларға арналған кітабы. Баспагер бауырымыз Рауан Кенжеханұлы 180 жылдыққа арнайы қазақ, ағылшын, орыс, қытай тілдерінде шыққан Абайдың академиялық жинағын төрт кітап етіп шығарып, екі мың данасын біздің облысымызға сыйлап отыр. Сонай-ақ Абайдың биылғы дүбірлі тойына Семей өңірінен шыққан белсенді азаматтар да қалыс қалып жатқан жоқ. Ақын Ақберен Елгезек басқарып отырған «Абай» баспасы ұлы кемеңгердің мерейтойына бұрын-соңды жарық көрмеген бес кітапты өз қаржысына шығарып, той қонақтарына ұсынып отыр. Атап айтсақ бұл – филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Базарбек Атығайдың «Абайдың аударма мектебі» монографиясы және ғалымның құрастыруымен шығып отырған «Шәкәрім туралы естеліктер мен мұрағат деректерінен жасақталған «Шейіт» кітабы, «Даниял Ысқақовтың шығармалары» атты жинағы, сонымен қатар Ахат Шәкәрімұлының тұңғыш жарық көріп отырған «Жалынға малған жүрегім» атты кітабы, Әсет Медеуханұлының ғұмырнамалық «Халиолла» кітабы. Аталып отырған салмақты бұл бес еңбек тұңғыш рет оқырман назарына той үстінде ұсынылмақ. Хакім Абай мұрасына оның айналасындағы шәкірттері мен Абай дәстүрін жалғастырушыларға перзенттік парызын өтеп, игі қызмет қылған Ақберен бауырымызға және оның шығармашылық командасына облыс жұртышылғы атынан ризашылығымды білдіремін! Сөз соңында әйгілі испан ғалымы, кезіндегі ЮНЕСКО-ны басқарған Федерико Майордың «Абай – замана есімін өшіре алмайтын дана» деген байламы ойға оралып отыр. Ия Шыңғыстаудың бауырында туып, даналықтың шыңына шыққан хакім Абайдың есімін ешқандай уақыт дауылы, заман құйыны өшіре алмайды. Абайдың рухы қазақ халқының өркениетінің өзегі, біздің дамуымыздың қоғазушы күші болып қала бермек. Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! Рақмет!»

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз құттықтау сөзінде Семей жерінде атқарылып жатқан білім, ғылым жолындағы игілікті істерге тоқталып өтті. Атап айтқанда Шәкәрім университетінде, еліміз бойынша тұңғыш рет алты мыңнан астам контингент жасанды интеллект бойынша оқып, сертификатқа ие болыпты. Дегенмен инновация, жасанды интеллект деп жүріп, адамдықты, ізгілікті ұмытып кетпеу қажеттігіне тоқталған министр бұған Абай туындылары көмекке келетінін, ғұламаның «толық адам» концепциясына негізделу қажеттігін, бұл бағытта осы білім ордасында жұмыс істеліп жатқандығын атап өтті. Гуманитарлық, мәдени, білім көпірін құруды негіздеу үшін батыс пен шығыстың қырыққа жуық шетелдік оқы орындары филиалдары ашылып жатқанын, шәкәрім университеті де осы үрдістің бел ортасында екеніне тоқталды.

Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова Абай шығармашылығын, оның ішінде музыкалық туындыларын шет тілге аудару мәселесі жөнінде кеңінен тоқталып өтті.

Белгілі абайтанушы ғалым Ербол Тілешов Абайға қазіргі дәуірде жаңаша қарау керектігін, советтік дәуірде қалыптасқан кейбір көзқарастардың ескірген атап өтті. 

Конференцияда сөз сөйлеген баяндамашылардың құнды ой-пікірлері алдағы кезеңде толықтырылып ұсынылатын болады.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар