Аружан Нұрманқызы – 2001 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. «Махаббат ол - …» атты кітабы жарық көрген.
***
Дінің қандай деп сұрады бір кісі,
Дайын сынды миығында күлкісі.
Неге жұртқа қызық екен соншалық
Мендік діннің үлгісі ?
Тарылмаса деп тілеймін пейілім,
Тұншығамын жетпей жатса кей үнім.
Адамдарды алаламай сыйлайтын
Менің дінім - мейірім.
Сезім десе қайдан келер жасықтық?
Сіз де, мен де сүйген жанға асықтық.
Бар ғаламды ұнататын жатсынбай
Менің дінім - ғашықтық
Жүрегіме ту еткенім - адалдық,
Шошитыным: ойы соқыр - надандық.
Тілге, дінге, жынысына бөлмейтін
Менің дінім - адамдық
Естеліктен өзге ештеңе жимас түк,
Менің сәтке сағынышым - қимастық.
Иілгенге жастық болар арланбай
Менің дінім - сыйластық
Түрлі сында жалғыз таңдау- түңілмеу,
Адамдардың кінәсіне үңілмеу.
Пенделердің дидарына нұр сыйлап
Менің дінім - күлімдеу
Бізге құрмет, ғаламдағы сұлулық,
Сұлулықтың мәнін зерттеу - ұлылық.
Кісі көрсе жатырқамай, дос көрер
Менің дінім - жылылық.
Жібермейік сезімдерді құнсыз ғып,
Арамызға килікпесін күншілдік.
Өтіріктен бойды аулақ ұстайтын
Менің дінім - шыншылдық
Таң боп қаққан кең жаһанның есігін,
Содан менің “Таңғы шық” қой есімім.
Жан адамға өшікпейтін өкпелеп
Менің дінім - кешірім
Тілге, ділге, қанға сіңген қазақтық,
Елімдемін, бұйырыпты ғажап құт!
Еркін өскен есті қызбын, сондықтан
Менің дінім - азаттық!
Дін - әр жанның жүрегі мен қанында,
Оны сұлу мейірім деп қабылда.
Менің үйім - Әлемнің әр нүктесі
Менің дінім - кеудемнің сол жағында!
Жүрек !
Жақсылық көрмейтін көздерге,
Ермеші, жүрек.
Ойланбай сөйлейтін сөздерге
Сенбеші, жүрек.
Тұйыққа тірейтін кесімге,
Сынбашы, жүрек.
Қайыры болатын шешімді
Тыңдашы, жүрек!
Қайтара алмайтын сәтіңде
Жылама, жүрек.
Қадірің жоғалған сәтіңде
Шыдама, жүрек
Сан сынақ алдыңнан шықса да
Берілме, жүрек.
Сенгенің қанжарын сұқса да,
Жеңілме, жүрек
Өзге үшін өзіңді өктем,
Алдама, жүрек
Кісінің кінәсын көппен,
Талдама, жүрек!
Арамдық ойлаумен мүлде
Соқпашы жүрек
ниетің сол болса күнде
Тоқташы жүрек!
***
Көрінер маған күліп тұрғандай,
Күлкіге құлақ түріп тұрғандай.
Ешқандай гүлге еліктемейтін
Өзінің өмірін сүріп тұрғандай.
Түймедақ менің сүйікті гүлім,
Емдейтін жанды күйік түгілі.
Кішкентай заттар көмектеседі
Сезіндіруге биікті “ұлы”!
Жас қосар бәлкім гүл де жасына.
Тағдыр жазылған гүлдің басына,
Бір раушан той мен туған күндерге
Бір раушан көктас қасына.
Әсемделетін бұл бір кермек күн,
Мен оны кімге бермекпін?
Мен түймедақтың көктас басында
Солып тұрғанын көрмеппін.
Түймедақ іздеп дала кезуім,
Ұнайды маған желді сезуім.
Түймедақ сыйлап құшақты толтыр
Жиылмай қалсын езуім.
Ешкім білмейтін қиялға жүзем,
Ешкім сезбейтін сезімді сезем.
Әлемде барлық түймедақтардың
“Сүйеді” деген күлтесін үзем!.
***
Жаныңды өртеп барады ма қаяу мұң,
Қаяу мұңға мен де сенсіз таяумын.
Мөлт-мөлт еткен жапрағында бұл күздің
Бүлк-бүлк еткен жүректерміз, аяулым.
Жанарыңның жасы қалай құрғайды,
Құрғамаса менікі де ұлғайды.
Күздің өзін жеккөргізіп кете ме
Қыздың өзін құлазытқан бұл қайғы?
Құр қиял да қанаттарды қайырған,
Жалықтырды тыңдай-тыңдай байырғы ән.
Мәселені менсінбеуің керек ед(і)
Мені сенен айырған.
Күрсініске айырбастап күлкіні,
Біз шарасыз күйге енгенбіз бұл күні.
Еншімізді бермей бізге Әз уақыт
Қанбай кетті-ау құлқыны…
Құшақташы демек болғам жай бір шақ,
Бізді бірге туған екен қай құрсақ?
Осы бізге болмайды ма жай ғана
Ең мөп-мөлдір махаббатқа сай тұрсақ?
Сенім биік болатұғын сезімнен,
Ал сезімді сезетінмін көзіңнен.
Сенің маған құштарлығың әуелі
Биік болу керек мендік төзімнен.
Бақ дегенің тереңінде теңіздің,
Екеуміздің кешкеніміз егіз мұң.
Тырс-тырс еткен тамшылардан аялап
Мені қатты құшақташы, ең ізгім!
***
Сол түнгі Ай біз үшін қиылғандай,
Сезімді ішке бұғу қиын қандай.
Қап-қара көздеріңнің шарасына
Сезіміңнің шарабы құйылғандай.
Жолымызға жауқазын жиылғандай,
Ұнай ма,
Ақ көйлегім,
Биім қандай ?
Біз бір сағат бақытты болу үшін
Әлемнің бар діндары сыйынғандай.
Күздің де жанарынан жас тамардай,
Бірақ күлді ол жанарын жасқа малмай.
Меніңше, “әдемілік” деген Менен
Ал, бақыт тек өзіңнен басталардай!
***
Уәдені бола мекен құбылтуға?
Жетпей жүрсің жырымды жылытуға.
Мені ұмыта бастасаң дәрі ішіп ал
Саған мені болмайды ұмытуға!
Қандай көркем күйде екем түстеріңде?
Қызыл-жасыл шығар-ау түстерім де.
Суретіме үңіліп шай ішіп жүр
Саған менсіз болмайды түстенуге!
Болар ма бізге өзгенің сезімі үлгі?
Болмасыншы жүректің көзі мұңды.
Менің жаным тым нәзік, тым тынымсыз
Жан жарама таңып бер төзіміңді.
Басыңда бағың бар ғой, қиын саған,
Саналы кеңесіңе ұйи салам.
Бәрін-бәрін қойғанда селқостық пен
Мені сағынбауыңа тыйым салам!
***
Көкейімде өздігінен шертілді ән,
Сол әуенге елтіп ұйып мен тұрғам.
Мені саған ғашык дей ме табиғат?
Көктің басы қимылдаса - жел тұрған.
Көңілімде күй ойнап тұр күмбірлеп,
Әр сазынан жұпар иіс гүл бүрлеп.
Бала көмей сайрап жатыр былдырлап
Қарт акылым сақтанады шүлдірлеп.
Жүрегімде симфониялар шеруі,
Оркестрдің ғажап қой қош келуі!
Қос жүректің үйлесе ме дүрсілі
Әуен болып шырқала ма жер үйі!
Кірпігімде тізіліп тұр моншақ жыр
Моншақ жырға жылынайын тоңсам бір.
Сенің сөзің әуезді боп әр әрпі
Жүрегімнің түкпіріне жол сап жүр.
Міне, солай жанға орнады махаббат
Махаббаттың ызғары да шапағат!
Жан гүлдеген жауһар жырға қошемет
Жанға орнаған сезімдерге мархабат!
***
Сезімге бөлендім бүгін бір
Сөздермен жеткізу - шырғалаң.
Бақыттан жүрекпен сөйлейтін
Сәттермен сұлу ғой бұл ғалам!
Бұл ғалам - жаныңның дауысын
Еститін адаммен ең ыстық
Әйтпесе көп адам таппай жүр:
«Жүрекпен сөйлесер кеңістік».
Бақыт қой, сізбенен емделем
Жаһаннан жүдесе жұмыр ет.
Біздегі көңіл мен жүректі
Иіткен о, неткен құдірет?!
Құдірет - сенгенім риясыз
Мазмұнға толғандай бес күнім.
Құдірет - жанымды емдемей
Көз іле алмауың кешқұрым.
Өзгеше күй кештім бүгін мен
Жай сөзбен жеткізу - қиын-ақ.
Жаратқан кеудеме салғандай
Ғаламдық сырларды жиып ап.
Сыр ашты осылай жүрегім
Ең таза, ең биік, шынайы
Жүрекпен сөйлесер жандарға
Жар болсын Махаббат Құдайы!
***
Сәтті күндердің сәттілігі - Сен
Ішкен шайымның тәттілігі - Сен
Бақыттан балқып лүпілдеп тұрған
Аппақ жүректің шаттық үні - Сен!
Күлген көзімнің себепшісі - сен
Ерке күндердің демеушісі - сен
жүрегіңдегі дұғаңа қосқан
қырсық жанымның жебеушісі - сен
“Сен, сен” дей берем,“Сіз” деуші ем ғой мен
Көзіммен сізді іздеуші ем ғой мен.
Қара көзіңнің от-жарқылынан
Қаталдығыңды сезбеуші ем ғой мен.
Бәрі де бүгін құбылды сан мың,
Құбарып атқан өңіндей таңның.
Басым ауатын басқа бағытқа
Ойым жүз ауды
Соныма таңмын.
Өткінші бәрі өткінші сен де
Өткінші сәттер, өткінші мен де
Үздіккен көздер үзіліп барып
Жанға айналмалық сезімге кенде!.
***
Бүгін аспан бұлтты күн, жаңбыры бар,
Қайғы етеміз ендеше жан мұңын әр.
Саған енді күн райын мүлде айтпаймын
Енді әркімнің өзінің тағдыры бар.
Енді «біз» деп айтпаймыз сен де, мен де,
Туламасын жүрегің мен дегенде.
Сиреп бәрі ұмтылар, өмір ғой бұл
Түсімізге кірерміз кем дегенде…
Сұлу болып Күн қалай батқандығын,
Өріктер нәзік бүршік атқандығын.
Енді саған айта алман, тіпті ешкімге
Айта алмаймын жанымның батпан мұңын.
Өмір ақ көрінуші ед(і) екеумізге,
«Екеуміз» деп қоямын «екеуміз» бе?!
«Бақытты болайық» деп қоштасқанбыз
Уәдемізде тұрайық екеуміз де!
Жаралғаннан жан едің сертке берік,
Қайтеміз тонымызды өртке беріп?
«Тағдыр жазған жан емес» дейік дағы
«Өмірім» деген жанды жеккөрмелік!…
***
Мені бүгін біраз адам ренжітті,
Ренжімеуге талпындым.
Мама, сенің жүрегіңдей кеңдікті
Табамын деп алқындым.
Таппағаным мәлім шығар таппасым
Қателік қой іздесем
Сен мен үшін бар әлемнің қақпасын
Бұзар едің бұз десе
Бүлкілінен жаңылысқан жүрегім
Сені ойлаумен тыншыды.
Мама, сенің әрбір айтқан тілегің -
Көктемнің гүл бүршігі!
Бүр атады ол, сәті келіп жайқалар,
Мама, мен де дәл солай!
Бірақ, мама, мен қазір де айта алам
«Мен-гүлмін» деп оп-оңай!
Осыдан соң сағынасың ішіңнен
Жанарыңа шық тұнып.
Мені сендей ешкім де жоқ түсінген
Жіберші өзің ұқтырып!
Мама, мені бүкіл адам ренжітті
Ұрсып берші соларға
Құдай неге саған берген кеңдікті
Бермеді екен оларға?!
Жә, жә, жетер, бұл өмірден шаршаман,
Өкпелемен, ренжімен.
Бала кезде бойжетуді аңсаған
Үлкен қызбын енді мен!…
Мені бүгін біраз адам ренжітті,
Ренжімеуге тырыстым.
Мама, сенің жүрегіңдей кеңдікті
Таппайды екем, соны ұқтым.
***
Бейнең түсіп есіме таң алдында,
Тамшысына айналдың жанардың да.
Сен кеткелі ертегі аяқталды
Сен кеткелі дүние сараң мұнда.
Көңіл жықпас мінезің жадымда бар.
Ізіңмен жүрдім сенің адымдап әр,
“Таудан ас” деп тілеші Алла естісін
Сен тілеген тілектер қабыл болар.
Өмірге жылда сәби, жас келеді,
Ұлдарың Құран оқып, ас береді.
Ана жайлы ән болса ең алдымен
Анашымның көзіне жас келеді.
Адамның көзі оңай жұмыла ма?
Сізді ойлаймын қарасам құбылаға.
Натюрморттан бес алдым көрдіңіз бе?
Қарап салғам сіз берген құмыраға!......
Қазақтың жерінен де кең жүрегің,
Немереңе сәт сайын елжіредің
Апа сенің мейірім екінші атың
Пейіліңмен бұлақтан мөлдір едің.
Түсімде бір қарашы күйік пешті
Жаулыққа ақ құртыңды түйіп кетші,
“Құлыным” деген сөзді бір екі атап
Тым құрыса маңдайдан сүйіп кетші.
Өмір алда ертеңге ертеді ме?
Өмір деген бұрыннан келте еді ме?
Сен кеткелі бәрі де қатал маған
Сен кеткелі сенбеймін ертегіге...
***
Мені сүйсең, мойындар едің ғой ,
Өмірде ғажаптың барын
Ұмытар ең ғой азаптың барын.
Ертеңіңнен де
Ертегіңнен де
Татар едің ғой ләззаттың дәмін.
Мені сүйсең
Жек көрер едің ғашық еместерді,
Гүл сыйлауға асық еместерді,
Мен шығар деп жоритын едің,
Көзіңе түскен тосын елестерді.
Мені сүйсең
Армандар едің жауын жауғанда,
Арман қаладан бұлттар ауғанда.
Ернің күбірлеп шүкір айтар ең
Менің барыма ғазиз жалғанда!
Мені сүйсең
Сүйе алғаныңа мәз болар ең ғой,
Қыста да жаз болар ең ғой
Ер мінезіңді қасыңа сақтап
Ерке сәтімде назданар ең ғой.
Мені сүйсең
Нағыз сезімді сезінер едің
Базына, мұңнан безінер едің.
Бәрін де қойшы
Сен мені сүйсең
Өз жүрегіңмен кезігер едің!
Әттең!. саған мұндай бақ бұйырмаған.
***
Қарбаласта қадамнан сүрінердей,
Тіршіліктің ыңғайы түгі келмей.
Шаршағанда көңілдің күйі келмей
Мен сенің есіңе бір түспеймін бе?
Көздеріңе қуаныш келген сәтте
Өміріңе береке енген сәтте
Алла бар тілегіңді берген сәтте
Мен сенің есіңе бір түспеймін бе
Сағыныштан гүлдерің солғанында
Әлдекімге бақ болып қонғаныңда
Қуарып азғаныңда, тозғаныңда
Мен сенің есіңе бір түспеймін бе?
Көрінгенде бұлты бар аспан алда
Тау, тас, теңіз, түймедақ, тас қамалда
Мелодия шырқала бастағанда
Мен сенің есіңе бір түспеймін бе?
Сыйлану үшін қанша гүл қырқылды,
Сен тегін ақ сыйлайсың нұр күлкіңді.
Мені есіңе 1 минут алмасыңа
Мен ренжи де алмаймын
Сол біртүрлі.
***
Бүгін менің көңіл-күйім болмады,
Аздап мұңлы бал шырыннан бір таттым.
Сені ұмыту маған қиын болмады,
Сен мені ше, қымбаттым?!
Дүрсіліне бағына алмай отырмын,
Жүрек менің ең алғаусыз адалым.
Сені мүлде сағына алмай отырмын
Сен мені ше, бағалым?!
Еш қайтара алмай жүрмін күзімді,
Ай-жұлдызсыз бүгінгі түн тым қалың.
Түсімде де көрмей жүрмін жүзіңді
Сен мені ше, жұмбағым?!
Жағымсыздау жаратылыс теңдігі,
Сол -
Әзірге жетер емес ақылым.
Сені өлең ете алмаймын ендігі
Сен мені ше, ақыным?!
