Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әділ Әуезхан. Келем, Алмаш, күт мені...

30.07.2024 1021

Әділ Әуезхан. Келем, Алмаш, күт мені 16+

Әділ Әуезхан. Келем, Алмаш, күт мені - adebiportal.kz

Әңгіме

Есік ашылғанда, табалдырықтан сүріне-қабына кірген Бейбітті Болатбек ұстап қалды.

- О, security, қалай жағдай? – деді Бейбіт оны құшақтап. – Күзетіп тұрмыз ба?

- Тү-у, тағы да былғалақтап тойып ап келе жатырсың ба, - деді Болатбек зілсіз, Бейбіттің құшағынан босап. – Жақсы. Тұрмыз, міне.

- Алмаш қайда? Жұмыста ма?

- Иә. – Болатбек рациясын аузына тақады. – Алмара, Бейбіт келіп тұр.

Рациядан «қазір» деген дауыс естілді.

- Сағынып кеттім Алмашты. Жаным сол...

- Өзің қалайсың?

- Шынымен еркін адам өзін мен сияқты сезінеді, Бока, - деді Бейбіт масайрап. – Мас, көңілді, көрікті.

- Көркіңді ұрайын…

- Қызғанба! Сен құсап аптаның төрт күні мұздай қатып тұрғаннан әлдеқайда жақсы. 

- Тұрғызса, тұрасың. Кеше төбелес болды. Өңкей маңқабас студенттер келіп ап, ал іш. Көтере алмайды, жоқ, үстемелеп ішеді. Шотты төлемей қашты ақыры. Біреуі маған пышақ ала жүгірді. Қолын қайырып тартып алмасам, қарнымды жарқыратып жарып тастайды екен.

Бейбіттің масаң, ойнақы жүзінде алаң пайда болды.

- Басқа жұмыс іздесеңші.

- Уайымдама, қолдан кеп тұр. Абайлаймыз ғой.

- Әй, оқыс аяқ астынан. Қазіргі жастар мүлдем сөз ұқпайды, - деді Бейбіт кейіп. – Мен де ана жолы біреуімен тіресіп қап...

Осы кезде есіктің ар жағынан күлімдеп Алмаш көрінді. Қара шашын төбесіне түйген, үстінде жібектен тігілген, көздің жауын алар қара көйлек, аяғында биік өкшелі қара туфли. Бейбіт Болатбекті ұмытып, Алмашқа қарсы жүрді. 

- Алмаш, күнім! - Жақындай бере белінен құшып, ернінен сүйейін деп еді, Алмаш Болатбектен қымсына басын алып қашып, сүйгізбей қойды.

- Тағы ішіп келіпсің ғой!

- Сені сау кезімде көрсем, батылдығым ұшты-күйлі жоқ болып кететінін білесің ғой, Алмаш. Сенің бал ерніңді сүймек түгілі, ай жүзіңе қарауға шамам жете ме! 

Алмаш жорта сықылықтап күліп жіберді.

- Өтірік соқпашы, Бейбіт.

- Имандай шыным, - деді Бейбіт. – Сен менің аққуымсың ғой, шалқыған айдындағы.

- Болды, жетер енді, - деді Алмаш. – Жүр, орныңа апарайын.

Қараңғылық тұмшалаған ресто-бар ішіне ағылшын тіліндегі мұңды ән ақырын ғана төгіліп тұр. Бейбіт Алмашты белінен қапсыра құшақтап жүріп келе жатты да, кенет сол жақ шеттегі түкпірге жетелеп, қабырғаға арқасын тіреп, ернінен қадала сүйді. Алмаш құшырлана жауап қатты. Бейбіт сүйісіп болған соң, қыздың тамағынан иіскеді. Алмаш басын шалқайта, көзін жұмды. 

- Сағындың ба мені, - деді Бейбіт.

- Сағынғам жоқ, - деді Алмаш. – Бірде барсың, бірде жоқсың. Өстіп ішіп жүргенде ғана келесің.

- Қолым тимеді, - деді Бейбіт. – Жазып жатырмын. Романымды бітірейін. Содан соң мен сендік. Қалаған уақытыңда келемін.

- Келмейсің, - деді Алмаш. – Бұл романыңды бітіргеннен кейін келесісіне кірісесің. Содан соң арғысы...

- Дәл бүгін миымды ашытпашы, - деді Бейбіт нәумез кейіппен. – Келемін, дедім бе, келемін. Орным қайда, көрсет.

Екеуі ресто-бардың ішімен келе жатып, шашыраңқы орналасқан кішкене үстелдердің біріне отырды. Бар сөресі жақтан қара шашын әсемдеп өріп, тоқпақтай жуан бұрымын сол иығына сұлатқан, үстіне ақ көйлек киіп, алдына алжапқыш таққан даяшы көрінді. Жылдам адымдап жеткен ол үстелге жете бере, төс қалтасынан кішкене блокноты мен қаламын шығарды.

- «Jameson», 100, мұзын бөлек әкеле салыңыз, - деді Бейбіт. Алмаш та қосыла бірдеңе айтпақ болып еді, рациядан Болатбектің дауысы естілді. 

- Қазір келемін, - деді Алмаш орнынан тұрып.

- Жарайды.

Даяшы алып келген вискиді ашырқанып ішкен Бейбіт айналасына қарады. Күн сәрсенбі болғанымен, адам қарасы көп. Көрші үстелге жастар жайғасыпты. Үш қыз, екі жігіт жайбарақат әңгіме шертісіп, ара-тұра бірдеңеге дауласып қояды. 

Есік жақтан Алмаш пен бір топ қыз-келіншек көрінді. Алмаш біреуіне бос тұрған ұзын үстелді нұсқады. Әлгі бас изеп, қалғандарына иек қақты. Барлығы ошарылып келіп сол үстелге жайғасты.

Алмаш Бейбітке қарай жүрді. Жақындай бере даяшыны шақырды.

- Алмаш, Қанатқа айтшы, менің әндерімді қойсын.

- Қазір. – Алмаш бар сөресінің шетінде тұрған диджейге кетті. Құлағына добалдай құлаққап таққан Қанат Алмаш жақындағанда бір жағын босатып, құлағын тосты да, тапсырысты естіп, басын изеді.

Ресто-бар іші бір сәтке тынышталды. Содан соң пианиноның көңіл елжіреткен дауысы шығып, Медеу Арынбаевтың орындауындағы «Ақ бантик» әні сызылып естілді. 

Алмаш келе жатыр. Бейбіт алдынан шықты да, оң қолын ұсынды.

- Сізбен билеуге рұқсат етіңіз, ханым.

Алмаштың әдемі жүзіне қызыл арай жүгіріп, күліп жіберді. Екеуі ресто-бар ішін айнала тербеліп вальс билеп жүр. Басқалар да шыға бастаған соң, екеуі құшақтасып бір орында айнала ырғалып тұрды.

- Может завтра поужинаем? – деді Алмаш.

- Не үшін, - деді Бейбіт немқұрайды.

- Жай... – деді Алмаш Бейбіттің үнінен наразылық сезіп. – КШТ-да жақсы ресторан ашылыпты. Диля кеше күйеуімен барыпты, іші керемет екен, бір сағат мақтады.

- Мақтаса мақтай берсін, - деді Бейбіт ширыға бастап. – Оны немеге айтып тұрсың?

- Жай... – деді Алмаш басылып. – Барайық па дегенім ғой...

Ән бітті. Екеуі орындарына отырғанда, Бейбіт вискиді оң қолына ұстап, түбіне дейін сарқып ішіп қойды.

- Тағы да тапсырыс берші.

- Жақсы.

Даяшының бірі келіп, Алмашты шақырып алып кетті. Бейбіт ұялы телефонын алып, әлеуметтік желілерді ақтарды. Facebook-тен Маралдының жағдайын бақылап отыратын, «Азаттықтың» соңғы материалдарынан қазіргі ахуалдың мүлдем ушыққанын көрді. Полиция қызметкерлерінің ісінен түңіліп кетті. «Несі ел, - Несі жұрт, - Өңшең қырт, - Бас қаңғырт!..» Құдай-ау, деді сосын, бұларға ем, дауа жоқ екен... Қайтіп ел боламыз...

Даяшы әкелген вискиді тағы да түбіне дейін төңкерді. Кенет көз алды бұлдырап, ештеңе көрінбей кетті. Құлағына Шәмшінің әндері алыстан күңгірлеп естілген. Хәлінің мүшкіл тартқанын бірден аңдады.

- Алмаш!..

Жаудан келгендей түнеріп отырғанын көрген Алмаш жүгіре басып жанына жетіп келді.

- Не болды, Бейбіт?

- Менің жатуым керек. VIP-залың бос па...

- Бос, бос. Тұр, апарып жатқызайын.

Қолтығынан демеп, тұрғызбақ еді, Бейбіт қолын сілкіп жіберді.

- Тиіспе, өзім тұрам...

Диванға жатқан соң, Бейбіттің көз алдындағы әлем асты-үстіне төңкеріліп кетті...

...Сәлден соң Алмаш оятты.

- Бейбіт, тұр, барды жабамыз. 

Көзін ашса, таң атып қалған екен. Күн жап-жарық. Бейбіт орнынан тұрып, әжетханаға барып, беті-қолын жуды. Шықса, Алмаш күтіп тұр.

- Бейбіт...

- Мен кеттім, Алмаш. Үйге барып, ұйықтауым керек. Кешкісін романға отырам.

- Қашан жазып бітіресің?

- Үш-төрт тарау ғана қалды.

- Сосын келесің бе?

- Иә.

- Маған келесің бе?

- Иә.

- Келмейсің ғой. Келсең өстіп ішіп келесің де, қайта кетесің.

- Келем, Алмаш, күт мені.

- Рас па?

- Иә.

- Жақсы, күтем.

Бейбіт жақындап келіп, Алмаштың бетінен сүйді. Алмаш үндемей, көңілсіз қалпы сұлқ тұра берді. Оған Бейбіт мән берген жоқ.

Есік жақтан Болатбек жақындады.

- Көріскенше, Бока. - Екеуі қол алысты.

- Көріскенше, Беке.

Болатбек Алмаштың жанына келді. Алмаш үнсіз жылап тұр.

- Не, тағы келем деп кетті ме? – Алмаш басын изеді. Жеңіл күрсінген Болатбек иығынан құшақтаған кезде, Алмаш егіле жылап қоя берді.

2024


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар