Көкектің аяғына таман жаңбырлы күндер басталды. Наурызда жарған бүрін үсік әкетіп, енді-енді жапырақ жайып келе жатқан қайың мен қадау-қадау мәңгі жасыл қарағай бес қабатты орыс үйдің ауласына молынан егілген, даңғыл жолға шығатын соқпақ солардың арасымен өтетін. Таяғына сүйеніп, екінші қабаттан әзер-әзер түскен Евдокия кейуана мана ғана толастаған жаңбыр бұрқыратқан жұпарды құшырлана жұтты да, бел жазды.
– Қайда барасың, Дуся? – деді жең-жағасы май-май, саталақ-сатпақ қара кірден көрінбейтін күртеше киген Степан шал. Алдыңғы аптада үш-төрт күн қатарынан күн ысып еді, шалың соған тотығып кетіпті.
– Шіркеуге, көршім, – деді жадырай күліп кейуана.
– Пәлі! Не дейді-әй! – Қара қатпа шал кеңк-кеңк күлді.
– Ие-е, не бопты?
– Сен шынымен Құдайды тапқанбысың? Сенбеймін, құдай ұялғанынан сені тапқан шығар? Хе-хе-хе...
– Қақпас!
– Кемпір-ау, осы үйде тұрып жатқанымызға қырық жылдан асты ғой, сені құдайдан артық мен білем ғой... Сен бір стақан арақты бір жұтым көрмей қағып тастап, шишалап сіміретініңді мен көріппін бе, кеше шыққан құдай көріп пе?..
– Құдай не, кеше шығып па?
– Қайдан білейін, шіркеудің салынғанына он жылдан енді аспады ма?
– Отта, шалым, отта, – деді кейуана. Баяғыша сықпырта бір боқтағысы келіп еді, інжілдің «жақыныңды жандай тұт», дейтіні есіне түсті де, қолын бір сілтеді. Көршісіне сөз шығындап жатуды жөн көрмей, тұтасқан қайың, қарағай арасындағы қара жолмен тартып кетті.
Ойдым-ойдым жолдың әр жер-әр жеріне шалшық су жиналып қапты. Аңдамай біреуін кешіп қап еді, қыстан қақырап шыққан етігінен су өтті.
– Ой-бұу, бәтшағар, – деді кемпір өзіне-өзі, – о, құдай, табанымнан су өтпей, аман барып, сау қайтсам жарар еді...
Осы кезде тасада тұрған сайтан кемпірдің ізінен ілесті. Жоқ, сіз қате жорыдыңыз, ол сіз ойлағандай кемпірдің ойына аяғынан су өткенін сылтау қып салып, үйіне қайтарып жіберу үшін ерген жоқ. Сайтан да күллі өмірін ішкілік пен жезөкшелікпен өткерген Евдокия секілді күнәһар еді. Ол құдайға жанын тапсырып, өз еркімен жаһаннамға жүргелі отырған, ешқашан кешірілмейтініне бек сенімді еді. Сөйтіп тұрғанында, Евдокияны көзі шалды. Сайтан бұл кемпірді танитын, тіпті Степаннан артық білуші еді. Оның пенделік күнәсі бұның сайтандық күнәсін де басып кететін, сөйте тұра табанынан сыз өтіп, сауап жиюға кетіп бара жатқан кемпір сайтанның күлкісін келтірді. «Мен бұған жәрдемдесіп кетейін, – деп ойлады ол, – байғұсты өмір бойы азғырып өтіп едім. Кетераяқ еткен жақсылығым болсын»...
Кемпірдің алдында үлкен шалшық жатқан. Кешіп өткеннен басқа лаж жоқ еді. Анадайдан аңдап келе жатқан. Енді міне, алдына келгенде барып жарбиып жатқан қара тасты аңдады, аяғын соған салды. Міне, екінші бір қара тас. Қызық, көлік өтіп жүрген жол еді, әрбірінің салмағы жиырма келі тартар, бұларды кім тастап жүр екен, деді де қойды. Бірінен біріне табан тіреп жүріп, шалшықтан үсті бүлінбей, табанына су кірмей, аман өтті.
– Шүкір, құдай, – деп қойды.
Сайтан мырс етті. «Жақсылық көрсең, Құдайдан көресің-ау, жамандық көргеніңді де неге содан көрмейді екенсің... Жә, көрелік, жеткеніңше табаныңа төселейін».
Кейуананың көңілі жадырап, он минутқа жетпей, Успен соборына келіп жетті. Қақпадағы иконаға қадалып, шоқынды да, тәу етті. Сайтан болса шіркеудің кең ауласын көріп, есі қалмады, су шайып кеткен екен. Қақпадан еніп келе жатқан кейуананың соңынан ілесе берді.
– Әй, құдай ұрған! Тоқта!
Дауыс шіркеу мұнарасынан шықты. Сайтан төбеге қараса, қоңыраудың түбінде бір періште отыр екен.
– Не жоғалттың?
– Мен жолай мына кемпірге қамқор болып келемін. Шіркеудің ішіне кіріп кеткенінше жәрдемдесіп жіберейін.
– Саған құдай да жәрдемдеспес, ал сен біреуге жәрдемдесем дейсің! Сорлы! Кіргізе алмаймын, кет.
Сайтан құлақ асқан жоқ, зып беріп қақпадан өтіп кетті. Қалай өткенін ұғына алмай, періште таң-тамаша қалды. Соңынан қуайын деп, қанатын қомдап еді, аяғына тағылған шынжыр бөгеп қалды. Құдай таққан осы шынжырға ол өмір бойы налып келеді, бірақ бірдеңе деуге жаратқанның қаһарынан қорқып жүретін. Бүгін ол шындап налыды, «бүйтіп шынжырлап, періште етіп қойғаныңша, неге сайтан етпедің!» – деп кейіді. Шынжыр бырт үзілді де, аяғын салбыратып, ой үстінде отырған періште мұнарадан құлап түсті. Ұшпақшы болып еді, қанаты жоқ екен...
Сайтан кейуананың табанына тас боп төселіп, биік баспалдаққа мінерінде қолтығынан демеп шығарды. Есік алдына жеткенде кемпір тағы бір шоқынды. Есікті ашып, кіріп кетті. Сайтан есікті жауып, жайына жөнеп кетпекші еді, қырсыққанда есік жабылмады. «Кірсем ше?», дейді бір азғын ой. Қызық, сайтанды да азғырады екен. Бірақ, сайтанға кіруге болмаушы еді ғой... Кірді. Баяғыда шақырымнан сезіліп, тұқыртып жіберетін ладан жұпары кеудесін кернеп, кемпірдің артына кеп тұрды.
Кемпір көппен бірге шала-пұла құлшылығын атқарып, жаратқаннан кеңдік пен кешірім сұрады. Сайтан тек сонысын ілесе қайталады.
Көп тұрмай, сыртқа шыққанында, манағы періштені таппады. Мұнараға шығып, бос жатқан шынжырды көрді. Нұрдан құйылған ақ шынжыр жорғалап келіп, аяғына оралды. Арқасына ақ қанат бітті.
Сайтан күлді де қойды. Шынжыр оны босата қоймасы анық еді. Дегенмен, дозақ отынан жақсы ғой. Ие, ол періште болып шықты.
Ал құдайды альтардың арғы жағында отыр деп ойлаған Евдокия кейуана үйіне бара жатып тайып құлап, тіл тартпай кетіпті. Періштеге айналған сайтаны оны жоқтай қоймады, тек:
– Тіршіліктің шынжырынан босаған ғой, – деді де қойды.
25.04. 2026.
14:00
