̶ Оу, түн жарымында қайда барасың? ̶ деді әйелі. Жоқ, Кеңескүлдің манадағыдай емес, көзінен күйеуіне деген жанашырлық па, әлде аяушылық... сондай бір жылылықтың лебі ұшқындайды. Емізулі баласын құшағына қысқан күйі Тұрсынбайдың қимыл-әрекетін аңдып, есік жақтауына сүйеніп, тапжылмастан әлі тұр. Әлгі сұрағына жауап ала алмасын білсе де, әлденеден үмітті. Үмітінің үлкені ̶ далада күздің қақаған қара суығы. Кешелі бері теңіз беттен соққан ызғырық жел тіпті қатайып алған. Тұрсынбай соны біле тұра біреу қинағандай, тысқа жеңіл киіммен шыға салмақшы. «Ауызүйдегі тонымды әпер» деуге неғып тілінің келмей қалғанына қайран. Айтса Кеңескүл баланы Тұрсынбайдың қолына ұстата салып, түк болмағандай, қаудырлақ тонды әкеп, күйеуінің иығына жабар еді ғой. Бірақ бұ жолы баяғыша басына бөрікін кигізіп, омырау түймелерін қадап беремін деп айта алмас. Айта алмауына себеп жеткілікті...
Тұрсынбайдың бұрын-соңды мұндай мінезі жоқ-ты. Жүріс-тұрысы жіптіктей демесе де, жұрт қатарлы әйелін бір сыйлауға сыйлайтын. Кәкір-шүкірге дауыс көтеру - оған мүлдем жат. Ертеңгілік жұмысқа барарда шайы дайын болмаса да қабақ шытпастан, қолына ілінгенді ұртына тыққыштап, тым-тырыс үйден шығып жүре беретін. Шығып бара жатып, таңғы ұйқының рақатына берілген Кеңескүл оянып кетпесінші деп, аяғын ұшынан басып, төргі бөлменің есігін де жайлап жабатын-ды. Келіншегіне осынша қамқор көңілді күйеу қайда?! Көкейінде бір-ақ ой: «Бала жылап түнімен мазасын алған шығар, ұйықтасын. Бап тілейтін мен қайбір байдың баласымын...»
Көрші-көлемдегі Кеңескүлмен жасты келіншектер Тұрсынбайдың жүріс-тұрысынан титімдей мін таба алмай, ауыздарының суы құриды: «Сондай жігітке тап келген сенің бағың бес елі» - деп, Кеңескүлді де біраз жерге апарып тастайды. Мұндай сәттілік күнде бола бере ме, соның артынша шай-суы уақытылы дайын болмаса, төбесіне аспан құлап кеткендей, бет-алды даурығып, үйдің берекесін алатын можантопай күйеулерінің де сылқитып сыбағаларын беріп үлгереді-ай! Кеңескүл оларға қандай уәж айтсын: «Тілдерің тасқа, көздеріңе көк шыбын үймелесін!» - дейді де, тағдырына шүкіршілік айтып, бергі жағымен ризашылық рай танытады.
Тұрсынбай осы бетімен сазарып, құрығанда еңбегі қатпаған сәбиінің маңдайынан да бір сипамастан тоңтеріс күйде кете бере ме? Жо-жоқ, әлі де... қирап қалған не бар, тіпті түкке тұрмайтын болмашыға екеуінің шала бүлінгендерін айтам да. Ұрыс-керіс неден шығып еді өзі? Қаратүп ұжымшарының озат механизаторы Тұрсынбай Қаражанов бүйтіп аяқ астынан абыройсыздыққа қаламын деп ойлап па?!.. Кітапты көп оқитындығы рас, бүгінде кітапты көп оқығандардан кітап бетін ашпайтындардың беделі биік. Олар кез келген шаруаға мәттақан және ойындағысын біржайлы қылғанша өлімін салады, ыбылжып, уақыт өткізу дегенді атамаңыз. Кітапты көп оқығаны үшін біреулер Тұрсынбайдың еңбекақысын үстемелесе екен-ау! Ол түгілі қолында азды-көпті билігі барлар да кітапхана маңына жоламайды, кітапханада қандай кітаптар барынан да бейхабар. Әйтеуір, ауылдағы кітапхананың ілініп-салынып жұмыс істеп тұрғаны - әлдекімдердің баяндамасына тұздық. Ал Тұрсынбай бар болғыр содан бірнәрсе түсетіндей, кітапхананың бар кітабын бір өзі оқып тауысты. Жолы түсіп ауданға бара қалса да, бір бума кітап арқалап қайтады. Трактордың кабинасында да мұқабасы май-май боп, бірнеше кітап жүреді. Шөп шабу науқаны кезінде жұрт бірер сағат түс мезгілінде көлеңкені паналап, аз-маз көз шырымын алса, Тұрсынбай апыл-ғұпыл ас ішкен бойда трактордың астында жатып, кітап оқуға кіріседі.
Несін жасырады, көзіне шұқып айтпағанымен Тұрсынбайдың бұл қылығын құптамайтындардың қарасы қалың. «Осыны оқу көтеріп жүрмесін» деп, кінәлайтындардың да дәлелі шашетек. Көптің аты ̶ көп, әріптестерінің үндері бір жерден шығуға тиіс қалайда... Бригадирлер шыжыған күннің астында ақ тер-көк тер боп, бар ниетіңмен барыңды салып жұмыс істесең де, еңбеккүнге тиісті тарифті кемітіп жазады, жағар майды өлшеп береді. Жұмысқа кешігесің деп айып тағатындары тағы бар. Әрине, олардың өз есептері іштерінде, асып-төгілген қаражат қайда? Әрбір тиынды орнымен үнемдесе үлкен басшылар оларды арқадан қағады-мыс; жыл соңындағы қорытынды жиында жылы-жылы сөздер айтады-мыс. Арқаларынан қаға ма, алақандарына салып әлдилей ме, бірақ бүркемелеуге келмейтін ақиқат мынау: Қаратүп ұжымшарының іргесі сөгілмей, елмен бірге етек жапқандары ̶ осындағы бес-алты трактористің арқасы. Қыстың қақаған аязында, жаздың ми қайнатар ыстығында бел жазбай, жұмыс істейтіндердің еңбектері ақталуға тиіс қалайда. Әділдік туы белең алған осы заманда өздеріне тиесілі құқықты пайдаланбай басты салбыратып, тып-тыныш жүре беру ̶ барып тұрған бейшаралық! Бүйтіп тірлік кешуге болмайды, адал тер ақталуғы тиіс!.
Осы тұста кітапты көп оқыған Тұрсынбайдың «алғы шептен» көрінуі ̶ заңдылық. Құрығанда басшылардың құлағына жағатындай арыз-шағымды да жүйеліп айтады ғой. Онысын қағазға түсіру қажет болса, Тұрсынбайдың алдын орайтын кім бар. Айтты-айтпады, көп мәселенің түйіні Тұрсынбайға тіреледі де тұрады. Ал «оңбаған Тұрсынбай» ондайда көпірден өтпейтін қоспақ түйедей төрт тағандап, алға жылжымайды. «Өздерің бара берсеңдерші, о жағын өздерің шешсеңдерші!..» Өтініш жазсаң бір бет қағазды оқымастан, соңына сойдақтатып қолын қоя салады. Төрт құбыласы тең адам секілді, жалақының аз-көптігіне де бас ауыртпайды. Қайта одан гөрі келіншегі Кеңескүл пысық, ара-тұра бұхгалтерияға телефон соғып, Тұрсынбайдың еңбеккүнін есептеуден арланбайды.
Кеңескүл аң-таң. Тонымды әпер деместен бұрын, «мылтығым қайда?» дегеніне - үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей, денесі тікіркенді. Жеті қараңғы түнде мылтықты не істемек? Әйел байғұстың әлсіздігі әп-сәтте-ау, суық қару төңірегіндегі тосын ой бүкіл болмысын билеп алды. «Мылтықты не істемекшісің?!» Бұл сұрағына да жауап ала алмасы белгілі-тін. Көздерін аударып-төңкеріп, есік жақтауына біреу шегелеп қойғандай, сол тұрған орнынан жылжымай, сілейді де қалды. Тұрсынбай Кеңескүлдің мылтыққа қол созбасын сезді де, керзі етігін қайта шешіп, жын соққандай жұлқынып, төргі бөлмедегі қос ауызды алып шықты. Еңбегі қатпаған емізулі сәбиінің де маңдайынан сипамады, Кеңіскүлдің үкі көзденген жанарына да назар жықпады.
ХХХ
... Тұрсынбайдың құм ішіндегі фермаға бір телешкі шөп апарып, ауылға ертірек оралған беті еді. Жолай гаражға соқты: ̶̶ Кім бар-ау?! - Тым-тырыс, өлі тыныштық. Кенет бір бұрыштан сумаң етіп шыға келген бес-алты жігіттің кабинадан түсе берген Тұрсынбайдың аяқ-қолын жерге тигізбей қағып алып, аспанға лақтырғаны. «Мә, безгелдек! Оу, бұл не?.. Алдымен айтып өлтірсеңдерші?!» Бір нәрсе деуге шамасын келтірді ме, әйтеуір жақсылық екенін іші сезеді. Бірақ арғы-бергіде бүйтіп ересен қуанышқа себеп болатындай оқиғаны есіне түсіре алмады. Келіншегі ұл тапқанда да әріптестері осыншалық ашылып-шашылмаған-ды. Керісінше біразы Тұрсынбайды мысқылдауға көшті: «Жасың отыздан асқанша таптырғаның бір бала. Біздікінің алды мектепке барды. Ұялсаңшы. Сенің қатардан қалуың - көп оқып, қиялға берілудің кесірі. Оның үстіне түк таппағандай, бастықтың қызына үйлендің. Бастықтың қызы сыланып-сипанып бала табуға асыға ма?..»
Жә, мұндай «әттеген-айларға» құлақ үйренгелі қаш-шан. Тіфә-тіфә, әлі де қуат-күші бойында. «Құдай қаласа талай шілдехананың түтіні түзу ұшар». Мұнан әрі Кеңескүлдің: «Мектепке барып, сабақ беретін қайран күндер түске кірмесі қайтсін?!» дейтін «жарапазанына» құлақ аспайды. Еркек екені рас болса, әлгілердің табалағандары да бір басына жетіп-артылар...
̶ Тыныштық па?! ̶ Тұрсынбайдың жерге табаны тиген соң, аузынан шыққан алғашқы сұрағы.
̶ Тыныштық. ̶ Трактористердің күнге тотыққан жып-жылтыр жүздерінде шат-шадыман күлкі. Әлгідегі аспанға лақтырғандары аз еді, енді ортаға алып, Тұрсынбайдың шып-шымыр денесін қақпақылдап, допша домалатады: ̶ Не болған сендерге, айтып өлтірсеңдерші?!
̶ Өлме, өлмейтін жаққа шықтың. Сен сұмырайдың үндемей, томаға-тұйық жүрісің жаман еді. Сүйтсек ішіңде талай дүние бұғып жатыр екен ғой...
̶ Тұқым-жұрағатыңда мұндай өнер иесі жоқ-ты, ақындықты кімнен үйреніп жүрсің?..
̶ Ақындық үйренетін трактордың оқуы емес. Ол таңғажайып және екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін құбылыс...
̶ Шабыт келген сәтте адам қандай күйге түседі? Оның сырын да ешбір пенде түсіндіріп бере алмайды. Шабыт келгенде ақындар буырқанған бурадай өзімен-өзі алас ұрады деуші еді. Сенің басыңда ондай пәле жоқ па?.. Біз саған тілекшіміз. Өлеңіңді бұрқыратып жаза бер, бірақ бізге маза бер! Олай-былай жоғарылап кетсең, бізді ұмытпа!..
Тұрсынбай мыналар не айтып тұр деп, біразға дейін түгіне түсінбеді. Ақындық, қаңғырып жүрген қайдағы ақындық?! Ақын атанса мына секілді «жаман трактористердің» әу-жайын тыңдап, май сасыған гаражда ілініп-салынып жүрер ме еді?! Әрине, екі қолын сермеп, үлкен сарайға жиналған жұрттың алдында тебірене өлең оқыған ақындар жайлы армандамадым десе, көрген-білгені өтірік. Армандаған, армандағанда қандай! Және мына жайсаңдардың да кейбір әңгімелері мірдің оғындай «ондыққа» дөп тиеді. Ақындықты сатып, не біреуден тартып ала алмайсың.
̶ Міне, мына өлеңді шығарарда қандай күйге түскеніңді айтшы?! Біз сенің ештеңеңді қызғанбаймыз. Қайта арамыздан арқалы ақын шықты деп мақтанамыз.
̶ Адам-ау, сендерді бір нәрсе қағып кеткеннен саума? Өлең, қайдағы өлең?! ̶ Тұрсынбай ағынан жарылғысы келді.
̶ Түк білмейтін мылқау бола қалғаның! Тұрсынбай Қаражанов деп біреу сенің атыңнан газетке өлең бастырады екен ғой, ә ?!
Алақандай аудандық газет аса ұқыптылықпен қолдан-қолға өтеді. Соңғы бетке басылған екі-үш шумақ өлеңді әлдекім гаражды басына көтергендей, бар дауысымен күшеніп оқиды. Тұрсынбайдың езуіне болар-болмас күлкі үйірілді. Ол оқиғаны ұмытып та кеткен-ді... Ана жолы ескі тракторды біреуге тапсырып, жаңасы келгенше бір жеті сарсылып күтті емес пе. Үйге сыймады. Келіншегінің қуанышы қойнында; «сен үйде жүргенде біраз шаруамды бітіріп алайын» деп, баланы Тұрсынбайға ұстатады да шапқылап дүкенге жүгіреді. Мектебіне де кіріп-шықты. Сонда баласының жанында қалған Тұрсынбайдың көзге сирек түсетін «тосын жаңалық» ашқаны бар. Емізулі бүлдіршін ана құшағын сағына ма, әлде қарны аша ма, Кеңескүл үйден шығысымен құдды біреу бөксесіне біз сұғып алғандай шырқырайды. Ерні кезергенше жылайды. Тұрсынбайдан да маза кетеді, бала жұбатуға қырсыз. Міне, ғажап! Не кереметі барын қайдам, үйдегі ала мысық жанына жақындаса бітті, бала жылағанын сап тияды. Сөйтіп бір кезде қолды-аяққа тұрмайтын сәби мысықтың сыр-сыр көкірек сырылын естіп, манаурап ұйқыға кетеді. Мысықтың мұндай қасиеттері барын бірді-екілі кітаптан оқығаны болмаса, көзбен көрмеген соң аса мән бермейтін. Бірер сағат бала мен мысықтың үнсіз түсіністігіне қарап отырудан да жалықпайтын. Кейде Тұрсынбайдың да жанына келіп қисаяды. Сыр-сыр, патефонның ескі пластинкасы айналып тұрған секілді... Ішін жарып бара жатқан қайдағы ақындық?! Екі-үш шумақ өлеңнің әп-сәтте құйылып келе қағаны. Сосын нем кетіп барады, керек қылмаса көп қағаздың арасында қалар деп, аудандық газетке жөнелте салған. Өлең өзінікіне ұқсамайды. Біраз жері өңделген, өзгерген, өзгермеген өлеңнің астындағы аты-жөні ғана.
̶ Бұл - Қаратүп ұжымшары үшін айтулы оқиға. Мейлі, мысық жайлы-ақ болсын, өлең досымыздың көкірегінен құйылып түсті ғой қағазға. Кейін бізге де кезек келер. Жас ақынның алғашқы қадамына сәттілік тілеп, тілеуқорлығымызды білдірмесек, досқа, жолдасқа деген адалдығымыз қайсы?! Өлең ̶ сынап, аяламасаң өзен секілді ағып кетеді...
Ойпыр-ой, «жаман трактористердің» сондағы ағыл-тегіл шешілгені. Гараждың шеткі бөлмесіндегі жаюлы дастарқан ̶ министрді күтіп алатындай мәнге ие-тін. Бәрі бар, тостқа тоқтау болсайшы! Шала-шарпы сары май жағылған қара нанды қара сумен айдап жіберіп, тойған қозыдай томпиып жүре беретін мына жайсаңдардың сый-құрметіне риза болмасқа амалы нешік. Бір-екі стақаннан соң «ащы судың» одан әрі қамшы салдырмаса бесенеден белгілі. Өзі үшін жайылған көл-көсір дастарқандағы тағамнан шұқып-шұқып дәм татып, қаққан қазықтай сіресіп қашанғы отырады. Тұрсынбайдың да буын-буыны босады. Тасқа басылған әрі көп-көрім өзгеріске ұшыраған екі-үш шумақ өлеңді қайта-қайта оқымаса да, соңындағы аты-жөніне көбірек қарағыштайды. «Айналайын, ала мысық, сенің де, емшектегі баламның да ұйқысы бұзылмасын!..» Тағы бір өлең жолдары миға жазыла бастағаннан сау ма?! Аулақ, аулақ!..
ХХХ
Түннің бір уағында Кеңескүлдің анасы қоңырау шалды: ̶ Кеңескүл, сен көп уәйім жеме. Қате аяқ астынан, оны ешкім сұрап алмайды.
̶ Апа, апатай, жұмбақтамай турасын айтсаңшы! Шамасы Тұрсынбай бір пәлеге ұрынған ғой. Мұнша кешікпеуші еді.
̶ Жігіт адамның басында ондайлар бола береді. Баяғыда сенің әкең те... оның саған қажеті не. Тұрсынбай тракторымен аударылып қалыпты. Сірә, бұралаң жолмен жүрген болар.
̶ Бұралаң жолы қандай жол? Гараж бен үй арасындағы қысқа жолды көзін байлап қойсаң да, тауып келуші еді ғой. Соған қарағанда бірнәрсе ұрттаған шығар.
̶ Онысын білмедім. Трактор ̶ темір, майысқан тұстарын жөндеп алар. Ең бастысы, өзі аман. Сосын әрнені айтып, Тұрсынбайдың басын ауыртпа. Өзі де қайбір жетісіп жүрген дейсің.
̶ Тұрсынбайдың тракторды аударып алғандығын әкем біле ме?
̶ Біледі, білген соң дереу жігіттерін жұмсап, бұзылған тракторды гаражға әкеп тығып тастапты. Әңгіме болмасын деген ғой.
̶ Ал тракторды төңкеріп тастаған батыр қайда?
̶ Үйде шығар.
̶ Келген жоқ.
̶ Күт, қайда барады. Әлгі айтқанымды ұмытпа. Ер жігіттің басынан нелер келіп, не кетпейді.
Тракторы аударылған адамның бет-пішінінен не қалған дейсің? Қолы сынса, жамбасы сынса, жұрт көзіне түспейді. Ал бет... Тұрсынбайдың жан-дүниесіндегі арпалысты көз ғана бүкпесіз айтып тұрады. Одан ешнәрсе жасыра алмайсың. Ауыр соққы алған көз аяқ-жолын көре алмай, қып-қызыл боп қанталап келсе, Кеңескүл қандай жәрдем жасайды. Мұрын қанаса да қайғырмайды. Өмірге өкініші болса да, көзі құрығыр жасырмайды... Иә, ол қандай өкініш?!.. Тұрсынбайдың Тұрсынбай атанып жүргені Кеңескүлдің әкесі Әскербектің арқасы. Турасын айтқанда, Тұрсынбайдың үстіне шыбын қондырмайды. Бір «әттеген-айы» -- күйеу бала деуге тілі икемге келмей-ақ қойды. Әйелі шұбыртып өңшең қыз туған соң, сол олқылықтың орнын Тұрсынбай толтырып жүрген сыңайлы-тын. Ұлым деп еміренбесе де, Әскербек қолдан келгеннің бәрін жасады.
Қаратүп ұжымшары - кешегі Кеңес өкіметінің заң-зәкөніне бағынбаған бірден-бір айтулы шаруашылық. Жекешелендіруге желкесін көрсетті. Қора-қора қойың, табын-табын сиырың, ойсылқараның неше түрі маң-маң басып, осы төңіректе толып жүр. Әлі күнге дейін сиыр фермасынан сауылған сапалы сүтті аудандағылар әке-көкелеп таласып әкетеді. Бұл ауылдан бір отбасы жайлы қоныс іздеп, сырт жерге көшпепті. Тәжірибесі мол озат басшы Әскербек Әбілтаев облысты қойып, республиканы қойып, шетелдермен тығыз қарым-қатынаста. Әсіресе, Беларусь елімен байланысы мықты. Жыл сайын солай қарай делегация аттандырады, келем, шаруашылықпен танысам дегендерді құшақ жайып қарсы алады. Техниканы да сол елден делдалсыз тасымалдайды. Өткенде су жаңа екі-үш трактор алдырып, бірінің рөліне Тұрсынбайды отырғызған...
Тракторы аударылған Тұрсынбайдың бет-жүзінен Кеңескүл еш өзгерісті аңғара алмады. Сол баяғы үйреншікті бет-пішін. Сол қолын сәл ауыртып алғаны болмаса көзі де, мұрны да дін аман. Періштесі қақты дейтін бала емес, десе де Құдайдың қарасқанына дау айту қиын.
̶ Тамақ ішемісің? ̶ деді Кеңескүл. Бергі жағымен немкеттілеу сұрады. Бір жұма болмай жап-жаңа тракторды аударып алған бозымның алдына түсіп, мәймөңкелегісі келмеді. Сырт киімін де шешіндірмеді. Селқос.
̶ Ішпеймін! ̶ Тұрсынбайдікі шолақ жауап.
̶ Тойып келген екенсің ғой. ̶ Кеңескүл арлы-берлі өтіп жүріп, мүңкіген арақ иісін аңғарып қалды. Трактордың аударылу себебін енді біреуден сұраудың қажеті шамалы-тын.
Тұрсынбай керзі етігінің қонышынан аяғын әзер суырды. Жылы жерге келген соң бойын әлсіздік биледі ме, әлде манағы «ащы судың» әсері ме, тамағы құрғап, үсті-үстіне жұтынды. Орнынан созалаңдап тұрды да іргеліктегі бөшкеден бір күрешкі суық суды толтырып алып, онысын төгіп-шашып әзер ішті. Күйеуінің бұл еркелігін қалай қабылдарын білмей, Кеңескүлдің басы қатты. Бір жағынан шешесінің ескертпесі еске түседі де, Тұрсынбайдың бір жолғы «білместігіне» кешіріммен қарап, төсегіне сүйемелдеп апарып жатқызғысы келеді. Бір жолғы білместігі дейтіні ̶ өтірік айтса өзіне, (Тұрсынбай не үшін әйелінің алдында ақталмақ) дегенмен өмірінде екі мәрте ̶ СПТУ-дың дипломын аларда, ұлы туғанда ұртын толтырып бірер мәрте ұрттағаны рас. Осы үшіншісі. Яғни, дүниенің апшысын қуыратындай бүлінген дәнеңе жоқ. Жатса жатсын.
Кенет Кеңескүлдің тұла бойынан тау жығатындай аласапыран дүлей ашу бұлты өре түрегелмесе де, әйелдік таным-түсінік шеңберіндегі көңіл қалғандық сезімі үсті-үстіне «тұр-тұрлады». Ішіп келеді, бұл отбасында не боп жатқанымен ісі шамалы, онысын қойшы, ұлым деп еміренбесе де тек Тұрсынбайдың жолы болсыншы, осының қабағына кірбің түспесінші, осы, осы... деп әкесінің бәйек боп жүргендігін белден басады да, сеніп тапсырған тракторын аударып тастайды. Мейлі, қанша жерден шаруашылық басқарғанымен әкесі Әскербек те барып тұрған әпенді. Бір-екі жылдан соң Тұрсынбайды сырттай институтқа түсірмекші, жоғары білім алса гараж меңгерушілігіне тағайындамақшы. Сөйтіп Тұрсынбайдың табанын жерге тигізбеуге бар. Осы қамқорлықтың арғы астарында Кеңескүлдің абырой-беделінің бұғып жатқандығын түсіне ме мына сабаз?! Түсінбек түгілі бір ауыз сөзін де сатып береді. «Тамағыңды ішпеймін!» Мұнан басқа адами жылы пейілдің арнасы бітеліп қалды ма?! Тұрсынбай күнұзақты сылпыл жүрістен шаршап келеді ғой, ең құрыса ыстық сорпа ішсінші деп, тамақты да бар ниетімен дәмділеп дайындайтын Кеңескүлдің еңбегі де желге ұшты, мінекей! «Кеңес, Кеңескүл, бүгін жігіттермен бас қоса қалып ек, міне, өзіңе айтқанымдай, амалсыз үшінші мәрте ұрттауыма тура келді... Кішкене көз шырымын алайын, тамақты сонан соң ішермін» десе, ішіне қан қатып, әйелінің алдында кішірейіп қала ма?!
Бір нәрсені қиратып келгендей, бір түрлі... Кеңескүлге де суық қарады. Емізулі баласының басынан сипау қайда?! Бір уыс тірлікте жақыны да, жанашыры да Кеңескүл емес пе еді?! Есті еркек керісінше: «Бүлінген істің орнын қалай жабамын? Сенің менен гөрі ақылың зор ғой, Кеңескүл! Әскербек Әбілтаевичтің көзіне қалай көрінемін, көрінгенде не деп ақталамын?» деп Кеңескүлдің алдына іштегі шерін ақтармай ма, бар шындықтың бірін қалдырмай айтып, жеңілденбей ме?! Кеңескүл ондайда Тұрсынбайды еркелетіп, «ер жігіттің басынан нелер келіп, не кетпес» деп бұрынғылардың уәжін қайталар еді. Трактор ̶ темір, сынған дүние орнына келер, аман қалғаның олжа, енді сол итжегірді аузыңа алмай-ақ қойсаңшы!» деп түк болмағандай, түн жарымында тізе түйістіріп, екеуі шай ішіп отырар еді... Тұрсынбайдың ауырған қолына су бүркіп, түйенің қалың шудасын таңар еді... Ал артық-кемі жоқ, Тұрсынбайдың шалжиып мына жатысы не жатыс?! Кеңескүлге қыр көрсеткісі келе ме?!
– Тамақ ішпесең ішпе, бірақ сен болған жайды бастан-аяқ баянда! ̶ деді Кеңескүл баласын арғы бөлмеге апарып ұйықтатқан бойда.
̶ Не, саған есеп беруім керек пе?! Ертең де күн бар, ал бүгін мазамды алма! ̶ Тұрсынбай қалың көрпешемен басын қымтай түсті.
̶ Арақ ішуге де себеп табылған шығар, ең болмаса соны айтшы?!
̶ Жақында Төретамнан Айға ұшатын болдым. Соны жудық.
̶ Жынданба?!
̶ Естігің келсе - сол! Басым сынып барады, Құдай үшін мазамды алмашы!
̶ Мазаңды алған мен емес, тұр, адамша сөйлесейік. Болған жайды түсіндір. Трактор әкеңнен қалған мұра ма, аударып тастап, тымырайып жүре беретін?! Мемлекеттің мүлкі...
̶ Әкеңе айтып соттатып жібер!
̶ Әкемді араға қыстырма!
̶ Ендеше Құдайдың түн тыныштығын бер?!
̶ Бермеймін!
̶ Өй, әкеңнің!.. ̶ Дауысының өктем шыққаны соншалық, қамыс қабырға солқ ете түсті.
ХХХ
Ала мысық мұртын жыбырлатып, асүйде екі көзін бір нүктеге қадап, самсоз отырған Кеңескүлдің жанына жақындады. Бұрын мұндайда мияулап аяғына оралатын, немесе сәбиі жоқта секіріп тізесіне қонақтайтын. Тамақ сұраса бәрі дайын. Қолын ұзартқан ала мысықтан несін аяйды. Ас бөлмесінің күнделікті шаруасы түгесіле ме, бірін бітірсең екіншісі, одан үшіншісі... Бәрін бір жайлы қылғанша түс болады. Анадайдан трактордың гүрілі естілгенде тіпті есі шығады. Тамақтан соң Тұрсынбай жарты сағат ұйықтап салса кәне! Міне, сондайда сәбиінің жанында қара боп қалатын ала мысыққа айтар алғысы шексіз. Тілі жоқ демесең ишараның бәрін түсінеді. Тұрсынбайша айтқанда, көкірегінің сырылы патефонның ескі пластинкасы секілді. Шарананың да соған құлағы үйренген, асты суланса да тып-тыныш жата береді.
Ой-хой, Кеңескүлдің тұла бойын билеген көңілсіздіктің қайдан пайда болғандығын да ішкі түйсікпен сезетін тәрізді. Әйтпесе, басынан құйрығына дейін емірене сипайтын жылы алақан табын жер жұтты ма? Жалғыздық та іш пыстырады. Кеңескүлдің ала мысықпен адамша сөйлесетіндігін былайғы жұрт қайдан білсін. Әр сөйлемнің басында, не аяғында ылғи Тұрсынбайдың есімі қабаттасады да жүреді. Соған қарағанда Кеңескүлдің Тұрсынбайды жақсы көретіні анық. Ал сонша жақсы көретін адамын кәкір-шүкірмен ренжітуге бола ма? Ала мысықтың әрине, адамдар арасындағы бірде түсінікті, бірде түсініксіз қым-қиғаш қарым-қатынастың ара-жігін анықтауға шамасы жетпес. Әйтсе де Кеңескүлге бұл көңілсіздіктің көктен түспегені белгілі. Аздап көзін сулап алған ба қалай? «Эх, Тұрсынбай, Тұрсынбай, Кеңескүлдің сен дегенде шығарға жаны жоқ екендігін қалай түсіндіремін?! «Өй, әкеңді!..» Кеңескүлдің әкесі Әскербек көкем болмағанда жүрер ең көрінгеннің көмірін, тағы біреудің отын-суын тасып, ішер ас, киер киімге жарымай... ит болып! Адамдардың жақсылықты түсінбейтіндігі, не кейін түсініп бармақ тістейтіндігі жаныма батады. Мәселен, маған көп дүниенің қажеті жоқ, ара-тұра арқамнан сипап, Кеңескүл апайым тамағын күліп берсе болды. Оның үстіне Кеңескүл апайдың құндақтаулы бөпесін менен басқа кім жұбатады? «Өй, әкеңді!..» Тұрсынбайдың отыз екі тісінің арасынан атылып шыққан өктем сөз менің де тұла бойымды тітіркентті!..»
Тұрсынбайдың бүгінгі қанталаған көзі ала мысықтың жадында. Сұмдық үрейлі-тін. Гүрзідей жұдырығы нысанаға тимей ауа қармады. Ала мысық атылып барып, Тұрсынбайдың қолына жармасқан. «Өй, әкеңді!.. Енді сен қалып ең!..» Бүйірден тиген ауыр соққыдан ала мысық анадай жерге ұшып түсті... Түк болмағандай Тұрсынбай қазір қаннен-қаперсіз ұйқы құшағында. Ара-тұра жағы жыбырлайды, тістері қышырлайды. Кімге айбат шеккендігін кім білсін. Ала мысық Тұрсынбайдың бас жағында біразға дейін шоқиып отырды. Отырды... сосын Тұрсынбайдың май жаққандай жылтыраған бетін үшкір тырнағымен осып алды.
ХХХ
Абыройдан түп-түгел айырылмағандығына шүкіршілік айтып, шайтан түрткендей орнынан ұшып тұрды. Терезе жапқышты былай ысырып, тыстағы тірліктен хабар алғысы келген-ді. Әдеттегідей айсыз түн төңірекке өз әмірін жүргізіп үлгерген. Қарға адым жер тастүнек. Биыл жылдағыдай емес, түздегі тұяқты мал азайған соң қасқырлар әлденеге қыңырайып, қорадағы қойға шабатынды шығарды. Қас пен көздің арасында біраз қойды тура тамақтан орып кетеді. Қанға құныққан жыртқыш ауыл-аймақтан аттандаған, гүрс-гүрс атылған мылтық дауысынан қаймығып, жуық маңда қара көрсетпес деп үміттенесің; бір-екі күнгі тыныштық аңқау елді алдарқатудың амалы екен, жұрт түнгі күзетті жайбарақат тірлікке ауыстырды-ау деген мезетте азу тістілер үйреншікті әрекеттеріне қайта кіріседі. Бірер мәрте сиыр фермасы тұстан да қоңырау түскені бар. Мүйізді ірі қара бұзау-торпақты ортаға алып, қасқырыңнан қыңбай, қайрат көрсетеді білем, ол тараптан шығын шамалы.
Бәрінен бұрын қой фермасына қиын боп тұр. Айдың-күннің аманында қотандағы қойды қасқырға жегізсе жетісер. Қасқыр шапқан қора ертеңінде барсаң аңғал-саңғал. Әр жерде теңкиіп-теңкиіп қансыраған қойлар жатады. Әскербек басшы жоғарыдан жарлық күтпестен дереу іске кірісті. Оқ-дәрісімен қоса бірнеше қос ауыз мылтықты облыс орталығынан алғызды. Түнгі күзетке сайлы жігіттерден бригада жасақтады. Және адал еңбек ескерусіз қалмасын деп, оның бәсекелі, пайдалы жағын да естен шығармады. Үш қасқыр атып, терісін өткізгенге қомақты қаражат қолма-қол төленді.
Сол бригаданың белді мүшесінің бірі ̶ Тұрсынбай. Қасқыр көзіне түспеді ме, әлде айлалы пәле Тұрсынбайды айналып өтіп, өз ұпайын түгендеп жүр ме, әйтеуір әлі күнге дейін мұның қармағына ешнәрсе ілікпеді. Ойпыр-ай, бүгін Құдай ұрып ұйықтап қалғанда анық масқара сонда болар еді! Тіфә-тіфә, азды-көпті абыройдан айырма! Тракторды аударғаны аздай, енді түнгі кезекшілікке шықпаса...
Апыл-ғұпыл киінді. Беті-қолын мұздай сумен асығыс жуды. Айсыз түннің Тұрсынбайдың кезекшілігіне тап келгенін қарашы! Топтасып жүретін қасқырлар талай қойды жайратып кетпесе сол-ақ..! Айнаға көзі түскенде бетіндегі қанталаған тырнақтың ізін аңғарды. Мұны ала мысықтың «сыбағасы» екенін айтқызбай түсінді. Иненің жасуындай ашу шақырып, жүйке жұқартса, кәні! «Сенімен де есеп айырысар күн туар» деді ішінен. Сосын үйден шығып бара жатып, түк болмағандай құйрығын аспанға шаншып, аяғына оратылған ала мысықты желкеден қысып ұстады да, қойнына тыға салды.
Қора маңында ұйыған тыныштық. Төңіректі ерінбей-жалықпай бір айналып шықты. Қасқырлардың қай тұстан сап ете қалары белгісіз, қос ауыздың ұңғысын қайырып, екі патронды бірден оқтады. Ара-тұра әлденеге риза болғандай, қойлардың маңырағаны естіледі. Бәлкім, Тұрсынбайдың қара көрсеткеніне оң пейіл танытып, енді бізді жау алмайды дегендей, бір-бірінің құлағына сыбырлай ма, кім білсін. Тұрсынбайға солай елестеді... Өзгелер екі-үш қасқырдан атып алғанда, мұның қолына біреуі де ілікпеді. Неге олай? Кімнің аузына қақпақ қояды, қайынатасымен қалжыңдасатындар: «Әсеке, күйеу балаңыз қидың иісіне мас болып, қораға баруын барғанмен, ұйықтап қалып жүрмесін...», - десе, қайтіп жауап бермек? Осы жолы, осы жолы ма?! Демін ішіне жұтып, тың тыңдады. Бір үйір қасқыр кезіксе де түгін қалдырмай жайратып салмақшы. Әлдеқайдан қаңғыбас иттердің түн тыныштығын бұзып, ауық-ауық үргендері құлаққа шалынады. Қасқырлар осы дыбыстан аяқ тартып жүрмесін. Дәл қазір Тұрсынбайға мұндай «көмекшінің» қажеті жоқ-ты. Танауы қышыса да қалтасындағы шылымға қол салмады. Шыдайды. Сонадайдан иіс тартатын әккілердің сақтығынан сауысқан жолда қалар.
Мылтығына сүйеніп, ағаш діңгектің үстінде мығым отыр. Көзі жылтыраған біреу кезіксе, жалма-жан шүріппені баса салмақшы. Тағдырдың бүйтіп мазақ қылғаны жетер! Ең құрыса, түз тағысымен есеп айырыссын... Сыр-сыр, апақ-сапақта орнынан ұшып түрегелді. О, құрыған неме, қойнындағы ала мысықтың көкірек сырылы! Қаннан-қаперсіз әкесінің үйінде жатқандай! «Сенімен жұмысым кейін...» деді баяғыша. Қора сыртын тағы бір айналып шықты. Тым-тырыс. Әріректен әлденеге таласқан қаңғыбас иттердің шәуілдеген үндері ғана аз-кем мазаны алады. Сірә, Тұрсынбайдың бүгінгі күзеті де тыныштықпен өтер. Сонда немене, төсегінен су шыққандай, жеті қараңғы түнде не үшін сандалып жүр бұл мұнда?! Қасқырды қалпақтай ұшыратын үміті де селдіреп барады. Енді шылым шексе де қой дейтін кім бар. Бірер сағаттан соң таң атады.Үйге бармай қайда барады? Кеңескүл қалай қабылдайды? Мәселе сонда! Қасқыры да, басқасы да құрып кетсін!.. Дүние қирап қалғандай, әйеліне сонша дауыс көтергені ұят болды-ау?! Кешірім сұрағанмен Кеңескүл кеңпейілдік таныта ма?.. Бұл не деген таусылмайтын сұрақтар?.. Босқа келмегенімді біреулер байқар, ең құрыса қора жақтан мылтық дауысын естідік дер деп, алма-кезек екі оқты аспанға қаратып атып-атып жіберді.
Сосын бар шаруасы түгелденгендей, қойнындағы ала мысықты желкеден қысып алдына алды: «Ал сөйле, бетімді тырнайтындай саған не жаздым?! Жазығым, саған өлең арнағаным ба?! Және оны аяқсыз қалдырмай атап өттік... Осы тұрғанда жаныңды жаһанамға жіберіп, атып тастасам қайтесің?! Неге үндемейсің, тіл-ауызың байланып қалды ма?! Мұнан былай жылы жерді, Кеңескүлдің жылы-жұмсағын түсіңде көресің! Жылаған баланы сенсіз-ақ жұбатып алармыз...»
«Мен сірә, қасқыр аулап жетістірмеспін!» - Мылтықты қой қораның тақтай есігіне сүйей салды. Ал мысықты айсыз түнгі айдалаға тастады да, жолдағы жыңғыл бұтағына сүріне-қабына үйіне қарай асығыс аяңдады. Есікті өз кілтімен ашты. Кеңескүлді оятпады.
Екі күннен соң жүні үрпиіп, жүдеп-жадаған ала мысық адаспай үйді тауып келді. Мылтық жайлы ешкім ешнәрсе сұрамады.
