Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Әділбек Ыбырайымұлы. Бітімгерлік ойыны...

26.05.2022 2824

Әділбек Ыбырайымұлы. Бітімгерлік ойыны 12+

Әділбек Ыбырайымұлы. Бітімгерлік ойыны - adebiportal.kz

Кенесары хан туралы «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогияның екінші «Серт» кітабынан үзінді.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Соңғы кездері хан ордасына кірмей, ұдайы «ереуіл кеңес-үйінде» отыратын әдетке көшті. Қасына жан адамды шақырмай ұзақ күнге сарылып, оңаша қалады. Жалпы, Кененің тығырыққа тірелгенінде осылай оқшауланып ой кешетінін жанында жақын жүрген адамдар ғана білетін. Әрі, мұндай кезінде тілден айрылғандай сөйлемейді де. Қайбір жақын адамдар, тіпті, екінші ханшайым Жаңылдың өзі «алғаш аузын ашып сүйгені Күнімжан мен қос бірдей ұлын сағынбайды дейсің бе? Солардың нешік халын ойлап, уайымдамайды дейсің бе?» деп, іштей жаны ашитын. Кенесарыны былай қойып, күндесі болса да Жаңыл көрмегелі екі жылға таяп қалған Күнімжанды, Тайшық пен Ахмет ұлдарын сағынды. Өзінің бауырындағы балалары да апаларын іздеп, ара-тұра сұрап қояды. Өйткені құрсағынан шыққан бес ұлы да көбіне кеңпейіл, мейірман үлкен ордадағы Күнімжан шешелерінің маңында болатын.

Әрине, Кенесарының көңілінде бұл да бар. Осы уайымының үстіне жамалған және бірнеше жайт күндіз-түні көкейін теседі. Мына өтіп бара жатқан жылдың еншісіндегі тірлігі, шүкірлік етуге әбден жарарлық. Бірақ алдағы жылдың несібесінде не тұрғанын ойласа, шақшадай басы шарадай болады. Өзінің шылауында жүрген жұрттың күйі қашып, мүшкіл халден әрі тайып, бұрынғы ахуалынан ажыраған. Сойылын соғып, Арқадан көшіп келген ел құнарлы жайылымға, тұрақты өңірге ие бола алмай, көрінгенге көзтүрткіге ұшырады. Таласа-тармаса, жұртқа сүйкімсіз көрініп малын, малымен қоса жанын бағып жүр. Жығылғанға жұдырық дегендей, былтыр қыс қатты ұшынып, сүмесіне қарап отырған алдарындағы азын-аулақ тұяғы жұтады. Малынан айрылып, мүсәпірге айналған соңынан ерген жұрт мұндай жағдайда ат жалына қонып, енді өзіне ілесіп, жауға аттануы неғайбыл. Ауған жұрттың ірге жайлауынан өрісі тарылған қыпшақ, арғын, шекті, шөмекей руларының ел ағалары аузынан кейістік таныта сөйлеген күңкіл шыға бастады. Ел іші болғаннан соң ол да құлағына тиіп жатыр.

Қабырғасына бұдан да қатты бататын бір кесапат бар. Екі жыл қатарынан сайын далада текке сандалып, сағым қуған солдаттары енді ондай дәрменсіздікке ұрынбас үшін, орыс империясы Торғай өзені мен Ұлытауда бекіністер сала бастады. Ұзынқұлақтан естуі бойынша дәл сондай бекіністер Торғай даласына, Ырғыз бойы мен Ембінің жиегіне бой көтермек. Бұл аймақтар соңғы жылдары өзінің қанатын жайып, аяқты кеңге көскен мекені. Енді жаз жайлайтын, қыс қыстайтын өңірден айрылып, барар – жері, басар – тауы қалмайтын түрі бар. Саңырауқұлақтай қаптаған бекіністер көбейсе, онда мойнына қыл арқан байлап жіберген асаудың кебін кешеді. Кез-келген уақытта ұстап алып қылғындырып, айтқанына жүріп, айдағанына көнбесе, пышаққа ілініп кете береді.

Жалғыз отырып өз-өзінен мырс етіп күлді, көптен бері езу тартпаған. Қазақтың «айғыр құтырса – ат болады, ат құтырса – ет болады» деген сөзі, сәт сайын шалғайынан басып, тұқыртып келе жатқан кезеңнің бейнесін дәл елестетеді. Заманы мен уақыттың аужалын алыстан байқағандықтан күзде жаппастарды шауып келгеннен соң, Ағыбай, Наурызбай үшеуі оңаша ақылдасты. Ақыры, қыстың таяу қалғанына қарамай Науанды қасына жүз жігіт қосып, Жетісуға Сүйік сұлтан мен Рүстем төреге аттандырды. Ол енді бұйырса, жазға салым бір-ақ оралады.

Өткенде ақылмандары Таймас пен Әбілғазыны жанына алып, көкейінде аласұрып жатқан жазықты ойларын ақырын сыздықтата білдірген. Жазықты болатыны, бұрынғы ойының бәрі алға жетелейтін асау мінезді, алымды көрінетін. Ал мынау ұнжырғасы түскен, «құдай салды – мен көндімнің» әңгімесіндей кескінсіз жұрын. Мұндайда хатшысы Герберт-Жүсіп көбіне жөн табатын тәрізді еді, ол да мұның маңынан безіп, үшті-күйлі жоғалғалы жарты жылға тақау. Енді қайтып келмейтін тәрізді. Заты кәпір емес пе, аузытүктілерге бірігіп кете ме деп те алаңдап қояды.

Маймене мен майсараны екі жағына алып, зердесіне тоқыған пайымын сұп-суық қара тастай тұнжыра отыра жеткізді.

– Орынбор әскери губернаторынан бітім сұрайық, – деді төтесінен түпкі ойына құрық сілтеп. Қиюы қашқан кескіні ызбарлы, құс мұрыны айбалтаның жүзіндей көрінді. Көзі бұрынғыдай от шашпайды, бөрінің жанарындай қиыстанып, тереңнен жылтырай шегірлене қалған.

Бұған Таймас жалт қарап, өңі нұрланғандай байқалды. Себебі, ханды қисынын тапса, билік өкілдерімен тілдесуге үгіттеп жүретін. Сол ақылына тарпаң мінез төренің тоқтағанына қуанғандай.

Шынтақтайынан орыстың ортасында өскен Әбілғазының өңінен де іштей құптағанын аңдады. Бірақ қос ақылманы «нендей мәселе жөнінде бітім іздейміз?» деген сауалды қоймады. Әйткенмен кескіндерінен сұраулы кептің пошымын аңдады.

– Арғы-бергі жағдайды екшеп, әрі мына Ұлытау мен Торғайда салынып жатқан бекеттерді көргеннен соң, қазақтың даласы қанша кең болса да біз үшін тарының қауызындай тарылатынын бағамдадым. Сойылымды соғып, сөзімді сөйлеп, соңыма ерген халқым да жетімдіктен, өгейліктен жүдеді. «Аттан» деп ұрандасам, үзеңгіге аяқ арта алмас жағдайға жетті. Оларды одан әрі қинаудың реті жоқ. Абылай атамның ұлы жүз бен орта жүзді билеп, «күллі қазақтың басын бір хандықтың дәргейіне қоссам» деп көксеген дүниесі – біздің де көкейімізді тескен арман. Әттең, хандық құрып, ел мұратын қорғау – енді қайтып басымызға қонбас бақ құсы екеніне көзім жетті. Сондықтан ақ патша жайлаған, үстемдігін жүргізіп отырған қазақ жерлерінен күдерімді үздім. Тек әлі орысия құзырына өте қоймаған өңірлерді менің дәргейіме беруді сұрағым келіп отыр. – «Бұған не дейсіңдер?» дегендей сөзін үзіп, маймене мен майсараның өңіндегі әсердің ізін бажайлағысы келгендей болмашы бөгелді.

– Хан ием, мұныңыз ақыл болған екен, – деді Таймас Кенесарының ойын қуаттап. «Жылы жылы сөйлесе, жылан інінен шығады» деген бар емес пе, енді осы бұйымтайыңызға Обыріштің көңіліне жағатын да ұсыныстарды қосып айтқан жөн.

– Маған Ұлытау приказын салдырып беріп, сол аймақ пен ондағы қазақ руларын да патша қол астына алуды сұраймын. – Оң жағына сәл мойнын бұрып, ойын тиянақтай түсті.

– Міне, міне, орыстың көңіліне жағатын жағдайға келе жатырсыз.

– Менің қарауыма Ақтау, Есіл, Нұрадан бастап Ақ Жайыққа дейін қалдыруын, осы күнгі көшіп жүрген жеріміз Торғай, Ырғыз, Сарысу өзендері мен Ұлытау өлкесіне тимеуін өтінемін. Және, «Ұлытауда маған арнап приказ орнатып берсеңіз, бұдан былай қарай мәртебелі патша ағзам мен бүкіл русия императоры әскеріне өмір бақи қол көтермеске ант етемін» деген сөзімді айтып, бітімге келуге шақырамын. – Неше күннен бергі көкейінде әбден пісірген уәжін толығымен алдарына жайып сап, екі иінінен тереңнен дем алды. Мұнысы «ата-баба аманатына алғау түсірдім бе?» деген айыптың жүгін сезінуі еді.

– Хан-көке, әуелден мен сіздің орысияға жақын болуыңызды іштей қалайтын ем, бұл байламыңыз – ұтымды жолдың бастауы тәрізді. Тек, қолдау тауып кетсе, жарады. – Әлімғазы да жаңа ұйғарымға қуана үн қатты.

Үшеуі осындай тоқтамға келіп, Обырішке жазылатын хатты қағазға түсірді.

Зеңбірек сүйретіп сахараны аяусыз кезгенде мандытқандары шамалы әскери губерния бастары қатып, басқа амал қарастырып жатқан үстіне Кенесарының өзі бітімге шақырған хаты қолдарына тиді. Бұған көктен іздегендері жерден табылғандай бір кеңінен тыныс алып қалған Ладыженский генерал-губернаторға қунақы қалпы енді. Бас сүйегі Астраханның қауынындай сопақ біткен, маңдай терісі тарылып тұратын, қурайдай қатқан қара артиллерия генерал-майоры ұрты салбырай қарсы алды.

– Саулығыңызды тілеймін! – деп, оң қолын шекесіне шолтаң еткізіп апарған шекара бастығы сымша тартылып тұра қалды. Оның келгенін жақатпаған адамдай Обручев салқын өңін өзгертпеді. Иегімен «отырыңыз» деп, алдындағы креслоларды нұсқады.

– «Қара құйынның» хатына байланысты маған берген тапсырмаңыз бойынша өзіңізбен кеңесейін деп келдім. – Үстел басына жайғасып, шаруасын баяндауға кірісті. – Сұлтанның түпкілікті көзқарасын өзгерткенін – жақсылықтың басы деп қабылдауға болады. Оның «Абылай атамның қазақ даласын біртұтас ел етсем деген көкейкесті арманынан бас тартамын» деген сөзі, күресті тоқтататынының айғағы.

– Сен соған сенесің бе? – Алдындағы әлдебір қағазға қарап, немқұрайлы отырған губернатор басын қозғамай көзін көтеріп, қабағының астынан қадала шаншылды.

– Сенуге болады деп ойлаймын, генерал мырза. Өйткені ол өзіне қарасты сол арадағы қазақ руларын да патша қол астына алуды сұрап отыр. Яғни, енді, орыс империясының заңды азаматы ретінде қызмет етуге пейіл білдіріп тұр. «Ұлытауда маған арнап приказ орнатып берсеңіз, бұдан былай қарай мәртебелі патша ағзам мен бүкіл ресей императоры әскеріне өмір бақи қол көтермеске ант етемін» дейді. Онымен келісім тапсақ, соғыс біржола тоқтайды деген сөз. Менің пайымдауымша, мұндай қайсар адамдарды ақ патшаның мұраты үшін пайдалану керек.

Губернатор салқын қанды қалпынан айнымаған күйі селқос қарап қойды.

– Әрине, оның сұраған жер аумағын тұтас қолына ұстатуға болмайды. Өзін сұлтан-правитель жасап, Ұлытау мен Торғай даласын құзырына берсек, ар жағындағы Орта Азия елдері – Хорезм мен Бұхарға, Қоқанға жылдам жетеміз. Әрі, тағы мінезді Кенесарыны осылай жөнге салсақ, сізге де үлкен абырой болар еді. Егер менің ұсынысымды хош көрсеңіз, онымен келіссөз жүргізіп, Ұлытау приказын қарауына беретінімізді байқатайық.

– Әлі де болса елдің хандық бейнесін сақтағысы келіп отырған адам, Ұлытау мен Торғай аумағына көңілі тола қояр ма екен?

– Біз оның тамырын басып көрейік, айтқанымызды құп алмаса, өзі білсін. Аса мәртебелі ақ патшамыз Бірінші Николай «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес» деп, қадап тұрып тапсырған. Қанша қиқар болса да сұлтанның хандық құруына ешқандай жол жоқ.

– Ал, сонда, Ресей империясының қас жауының қолына округ тізгінін ұстатқанымыз қалай болады? – Әуелгіде мәселеге тоңторыс қалпы қараған Обручев, енді көкейінің дүдәмалдығын аңдатты. – Бұл, Ресей мен Орта Азия арасында сынадай боп, ақ патшаның билігіне бағынбаған елді одан әрмен әуектеткендік емес пе?

– Жоқ. – Ладженскийдің көзі жыпылықтап кетті. – Дербес Ұлытау округын ашып, оған Кенесарыны аға сұлтан қойсақ, біздің ұтатынымыз – жүген-құрық көрмеген шу асауды патша қызметіне жегеміз, екінші, оқ атпай-ақ аймақта тыныштық орнатамыз. Тыныштық пен тұрақтылық – үлкен істің ұстыны. Содан кейін, алаңсыз, әрмен қарай орыстандыру саясатын жүргізуге мүмкіндік туады – Орта Азияға бет аламыз. Петербордың алдында абырой жинаймыз.

Бағанадан бері құлық таныта қоймаған Обручев Петербордың атын естігенде қозғалақтап қалды.

– Өткендегі «Кенесары қолын жою жөніндегі атқарылатын іс-шаралар жоспарының жұмыс кестесіне» осы сұлтанның бітім сұраған хатына сәйкес жаңа тараулар енгізіп, жаңа міндеттерді белгілеңдер. Сосын, ақпан айынан қалдырмай келіссөз жүргізетін біздің елшілер Қасымовпен жолығатын болсын.

– Құп, генерал-губернатор мырза!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар