Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айдын Байыс: Тарқатамын білектей Түн бұрымын...

02.04.2019 4887

Айдын Байыс: Тарқатамын білектей Түн бұрымын

Айдын Байыс: Тарқатамын білектей Түн бұрымын - adebiportal.kz

Жас ақын өз буына піскен палаудай ісіп-кеппей, шығармашылық денсаулығы мен тазалығын бұзып алмай, дәл осы бағыт-бағдардағы көркемдік пен суреткерліктің бастауы тіл мен образ, музыканы игерген қазіргі қадыр-қасиетін жоғалтып алмаса, ұзаққа барады. Сосын, маған оның шашыраңқылықтың бастауы – көпсөзділік пен боссөзділіктен ада, жыр жолындағы логикаға негізделген жинақылығы да ұнайды. Меніңше, Айдын Байыс нағыз ақында артық өлең болмауы керектігін сезініп, білетін секілді. Мына өлеңдерінен білімділік пен біліктілікке ден қойған ізденсі де сезіледі. Үлкен жолға түскен ақын, енді, өлеңге үстірт әрі атүсті қарамас деп ойлаймын. Жортқанда жолың болып, жолдасың Қыдыр болсын, жас досым!

Аманхан Әлімұлы

ақын, М.Мақатаев атындағы

сыйлықтың лауреаты

ТҮН

Қызықтыра қояды кімді мұңым?..

Тарқатамын білектей Түн бұрымын.

Паранжалы бикеш ол!

Қылығы ерке...

Балбыраймын қызықтап былдыр үнін.

Мөлдір шықтай музаның бұл мекені,

Нәзіктігін жанымның нұрлы етеді.

Өлең саулап аспаннан өзегіме,

Түн бикенің толады гүлге етегі.

Сара жолға сезімім бастай ма анық?

Сол бикешке бейне бір бас байланып.

Жібек мұңы жамалын жастағанда,

Жалпақ әлем бір тамшы жасқа айналып.

Қара түннің көзінде тұнған мұңдай,

Сүт сәулелі кеудемді нұрландырды Ай.

Паранжалы, әй, бикеш!

Қылығыңнан

өртеніп кетсем бе әлде, күл қалдырмай!..

АҚ ЖАУЫН

Уа, зеңгір көк, зеңгір көк!

Табиғаттың бұл дағы заңы қандай?!

ҚазГидроМет болжамын қабыл алмай,

Құтыруын қарашы мына күннің,

Жілігіне май толған жануардай!

Қан-тамырда Қара Ертіс - күй тасынды,

Еске салдың сағыныш, қимасымды!

(Өзімді алдағаным ғой)

Доғар деймін!

Ешкім өлген жоқ бүгін, тый жасыңды!

Ей, ақ жауын, мөлдір мұң сырғытты үміт,

Ақтарғым-ақ келеді сыр ғып тұнық.

...Кірпіктерін ақшулан бұлтқа малған,

Қарындасым-ай менің, жұртта қалған,

Бұрымымен көз жасын сүртіп тұрып.

СӘТ

Ақ саумал жұпар, тамшылағандай көктен сүт,

Ән сұрағандай жауыннан кейін шөккен шық.

Басуға және жасқанып тұрмын мөлдірді,

Күмілже сөйлеп, қысылған жандай көп тершіп.

Сайрауық құсым көтеріледі көкке нау,

Маржанды өлкеге сүйсіне қарап шетте тау.

...Жазамын деген өлеңнің өзі жан бітіп,

Ақырын басып, ақ жауын кешіп кеткен-ау.

БЕЙІТ БАСЫНДА

Қалың қорым ішінде,

(Кім жатқанын кім білсін?)

Пәк періште пішінде,

Ойнап жүрді бүлдіршін.

Көк жусанның түбіне,

Көздің жасы тамады, ә...

Ағайынның бірі де,

Ұрыспады балаға.

Шошытпады жуық көр,

Былдырлайды тәтті тіл.

«Ажал деген суық қол»

Құлыншаққа жат пікір.

Қуыршағын жұптап ап,

Елемейді ол өзгені.

Қасіретке тік қарап,

Күлімдейді көздері.

АДРЕНАЛИН

Құлыншақ ем, ұрыншақ ем, соны ұқтым.

(Сан сұрақты терең ойға тоғыттым)

...Он үшімде тоққа түсіп бір күні,

Сорым Құдай, сонда сұмдық қорықтым!

Тоқ қасында қабыл алып «жазғанын»,

Боқ басында кетіп қала жаздадым.

Құбылысты өне-бойдан өткізіп,

Аман қалдым, айналамда мәз қауым.

Бұрынғыдан бетер сайрап құстарым,

Гүлдей болып жайнай берді құшқаным!

Сол күннен соң, алда күтіп ауыр сын,

Қауырсыннан қолға қалам ұстадым.

Содан алғаш ақын деген атақ ап,

Қайнар суға кезіккендей қаталап -

Жырға айналып кете берді табиғат,

Мұңға айналып кете берді махаббат.

Кеуде кернеп сан-алуан сүгірет,

Көкше көлге тұңғыш өлең туды кеп.

Туған жердің жайлап түртіп қояры,

Осы ма екен, Құдірет?!

Түсіндіріп бере алады толық кім?

Бір анығы, қасиетке жолықтым.

Он үшімде тоққа түсіп солайша,

Сорым Құдай, неге сұмдық қорықтым?

Даңғазадан қашып, өстіп, керең боп,

Өткеніме барып-қайтып келем көп.

Тоққа түсу түк емес-ау, көз жетті,

Отқа түсу қиын екен, өлең деп!

А-ға

Кешір мені, ренжітсем, өкпелесең,

Қайтейін, махаббатта кеткен есем.

Жан біткеннің жұмсағы, жаны сұлу,

Жанымда жүр екен ғой, көкте десем!

Қанша жерден десем де сұңғыламын,

Қалқа қызға осылай шын құладым.

Құлпырып шыға келді, өзім таң боп,

Көмейімде құмыққан бұлбұл әнім!

Қыдырасың қиялда бір ғана сен,

Бақыт болып қонсаң ғой, бұлдамас ем!

Сарайыма сән беріп салтанатың,

Жанарыма жан беріп тұлғаң әсем!

Суырып ап ішінен мола-мұңның,

Ойнап-күлсек барында оралымның!

Аппақ гүлдер аспаннан жауып тұрса,

Ақ тілегі секілді сол арудың...

***

Көсегеміз көгеріп бір, көктер ме ем,

Жұпар аңқып самал жетсе көктемнен!

Неге менің жүрегіме жетпейді ол,

Өкпе менен өңешімнен өткенмен?

Безген дұрыс, қоңыр салқын төске алып,

Кезген дұрыс боз даланы, бесті арып.

Терезеге телміргенше, Құдай-ай,

Қайдағыны еске алып.

Айдыныма күн еңкейіп, ай құлап,

Құшақ жайса тау мен дала, сай, қырат,

Бошалаған бұлтпен маңып кетер ем,

...Ертең жұмыс, әй, бірақ.

***

Ақтоғайдың арғы жағында,

Қызыларайдың бергі жағында.

Қара жусан жұпарымен жетіліп,

Қара өлең деп қақсап, көзде от-үміт.

Қазақстанға алаңдайды жас ақын,

Қойшылардың қыстағында отырып.

Қыр соңынан қалмаса да небір ой,

Еті үйреніп кетпесе екен, тегі бой.

Отаным деп опынады біртүрлі,

Кеше ғана бәрі жақсы еді ғой.

Қорасында қой-қошқары тойып тұр.

Неге мұңлы, қайда әкетті ой ұтқыр?

Бабаларын есіне алып найқалды,

Жер үстелді жұдырықпен қойып бір.

Тобылғының бұтағындай бекініп,

Осыған да шүкір десе, шетін ұқ.

Күллі әлемге алаңдайды ол енді,

Қойшылардың қыстағында отырып.

***

(Расул Гамзатовтан)

Үндіде аңыз бар:

Әуелі,

Жыландар келді деп өмірге!

Қырандар дейді ғой Тау елі,

Саңқ еткен ғаламзат көгінде!

Меніңше, алғашқы бөбегің –

Адам ғой!

(Бес күннің бар мәні!)

Кейін ғой, қыран боп көбі оның,

Жыланға айналды қалғаны!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар