Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алаш партиясына арналған өлеңдер...

09.12.2014 20105

Алаш партиясына арналған өлеңдер

Алаш партиясына арналған өлеңдер - adebiportal.kz


Алаш Орда1.jpg



Жеріне, елдігіне әм дініне,

Құрылған талай тұзақ, талай қақпан.

...Сондай-сондай дәуірді кешіргенін,

Қазаққа әдебиеті берді ашып.

(Сұлтанмахмұт Торайғырұлы)

 

            1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен екінші жалпы қазақ сиезі барысында Алашорда үкіметі, Алаш автономиясының жариялануы ұлт тарихындағы ерекше маңызға ие ұлы күн ретінде әдебиетімізде мәңгілікке қатталып қалды. Отаршыл империя қысымындағы қазақ мемлекеттігін қалпына келтірудегі «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің жаңару мен жаңғыру бағытындағы саяси-қоғамдық қызметін жалпы әлеуметке жеткізуде, елдік мұраттағы ұлы мақсатта ұйысуды қазақ санасына сіңіруде қалам қайраткерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелді.

Құрылтай алдындағы жалпы қазақ қоғамының көңіл ауаны, елдік намысты қайрайтын байрақты істегі әлеумет жауапкершілігі Нарманбет Орманбетұлының «Құрылтайға барғанда» өлеңіне арқау болды. Ақын құрылтай сынды ұлттық маңызы ерен істі жұмыла атқарудағы елшіл азаматтардың берен ісіне үн қатып, тарихи сын сағатта отаршыл билік жүйесінің қаныпезер тұзағынан сүрінбей өтудегі саяси сарабдалдықты басты орынға қойды.

«Құрылтайға бара алмай, құр қалмайық,

Ғаламнан ұрпағымыз болар мазақ.

Қамданып бұл жұмысты өткізейік,

Қатарға халқымызды жеткізейік.

Тұлпарға тұмар тағып, бәйге қосып,

Алаштап қарақшыдан өткізейік».

            Екінші жалпықазақ сиезі күндерінің ізін баса туған өлеңдерде барша исі қазақты азаттық пен теңдік жолында ұйыстырар кемел жұмыс еріккенің ерігі, желіккенің желігі еместігіне ерекше екпін жасалды. Тарих толқынындағы ұлттың тұрлаулы тағдырына бейқамдық танытудағы надандыққа күйінген Сәбит Дөнентайұлы «Қаулы» өлеңінде құрылтайда бас қосқан тұтас қауымның өрелі мақсатын жеткізді.

            «Ұят та басқалардан қалғанымыз,

            Далаға кетпес бұған салғанымыз.

            Бай малын, батыр күшін аямасын,

            Ендігі осы болсын арманымыз».

      Жеке бастың қамын күйттеген қаймана жұрттың қоғамдық бейқамдығын уытты тілімен түйреді.

 

            «Сонымен жұрт тарайды асын ішіп,

            Таң атса таз қалыпқа қалған түсіп.

            Қаулыны күнде-күнде жасайтұғын,

            Ет бар ма қазан-қазан тұрған пісіп».

            Қазақтың елдік асыл қасиеттерін, ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілікті  арқау еткен өлеңдердің ортақ арнасын мәңгілігіміздің мәңгілік мәселесі Алаш идеясы құрады. Нұржан Наушабайұлының (1858-1919) «Алашордаға», Ғұмар Қарашұлының (1875-1921) «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», Сұлтанмахмұт Торайғырұлының (1893-1920) «Алаш ұраны», Сәбит Дөнентайұлының (1893-1933) «Қаулы», «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», Бейімбет Майлиннің (1894-1938) «Бұл түрді күн бар екен көретін», Ахмет Мәметовтің (Ахмедғали Мамытұлы) (1895-1938) «Алашқа сәлем», Жүсіпбек Аймауытұлының (1889-1931) «Әскер марсельезасы», «Ұран», Әсет Найманбайұлының (1867-1923) «Алашқа», сонымен қатар «Жас Азамат» газетінің 1918 жылғы 26 желтоқсан күнгі №17 санында «М.Н.» деген бүркеншік атпен жарияланған автордың «Он үшінші декабрь күніне арнаймын» өлеңдерінде азаттық идеялары мен ұлттық бірлік насихатталып, қазақтың саяси теңдігі, рухани кемелділігі, азамат ердің баласы сыналар тарихи кезеңдегі атқарылар келелі міндеттері өзек етіп алынды. «Алаш» партиясының, Алашорданың құрылуына қуанған, қуаттаған бұл әдеби шығармалар асқақ пафосқа, ұлтшыл идеяға негізделді. Бұл шығармалар сол дәуірдің ұраны іспетті болып, халықтың еңсесін көтеруге, елдің ертеңіне сенімін артыруға зор үлес қосты.

Еліміз бен жерімізді қорғаудағы шынайы азаматтың басты ұстанымы отаншылдық қасиеттер болып табылатынын жұрт санасына сіңіріп, ұлт намысын қайрады. Нұржан Наушабайұлы

«Бірлік қылсаң, Алашым,  

Ілгері қарай басасың. 

Қол ұстасып ұмтылсаң,

Қатар жұрттан асасың.

Атағын мәңгі қалдырып,

Жасасын, Алаш, жасасын!» («Алашордаға») деп Алаштың мәңгілік жасампаздығын жырлады. Бейімбет Майлин «Құтты болсын, алаш, ұлы тілегің!

Көп жыл жүріп қолға түскен кеңдігің. 

Атқа мініп, ұраныңды шақырып

Бірлік үшін басты қосқан елдігің...

Алалықты арадағы жойдырып,

Заман келді бірге тұрып, бір жүрер,

Алаш туын желпілдетіп қолға алып,

Мынау жау деп қаймықпай еш қорғанып.

Үрім - бұтақ, нәсіл - нәсіл бәріне,

Кетіңдерші бітпейтін бір жол салып,

Жұртты сүйер ерлер шығып қол басы,

Саф азамат бағылан болып жолдасы,

Жарық сәуле ендіретін қазаққа.

Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы!» деген қуатты өлең жолдарымен қазақты жарық жолға бастаған ерлердің ерен істеріне шексіз сүйіспеншілігін білдірді.

     Ахмет Мәметов «Алашқа сәлем» өлеңінде кешегі бодандық бұғауындағы бейуақ кезеңдердегі кемдіктегі жасқаншақтықтық пен қорқыныштан арылып, азаттықтың шуақты нұрымен еңсені тіктеуге, ұлттық «менді» асқақ ұстауға үндеді.

«...Жасқанып болмағайсың алаң, Алаш,

Келгенше ұмтыла бер шамаң, Алаш.

Осы кез біле-білсең өзіңде ерік,

Кеудеде болса азырақ санаң, Алаш.

Тайсалма анау патша, мынау төре,

Жүре бер жолбарысша артынан ере,

Отанның бір баласы «менмін» десең,

Далада тастай алмас көзі көре».

    Ғұмар Қараш «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерінде халықты әлеуметтік белсенділік пен сергектікке, береке-бірлікке шақырды.

«Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!  

Қарманып ілгері аяқ басар күнің!

Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

Адымдап асқар белден асар күнің.

Теңізім, телегейім-қайран елім,

Кемерлеп толқын атып, тасар күнің!

Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,

Құрбан қып осы жолға шашар күнің!

Терезең теңгеріліп қатар тұрса,

Осы!-деп сонда жүрек басар күнің»  («Алашқа»).

«Ақ жүрек азаматтар асқар күнің

Дұшпанды алдан байқап жасқар күнің;

Дұрыстық ел қосында еткен істі,

Қол соғып, қошеметтеп қостар күнің

Күш қосып, қол ұстасып сөз бекітіп,

Арадан алалықты тастар күнің;

Адасқан қойдай шулап ерген елді,

Бұлтармай оң бағытқа бастар күнің.  

Аңқылдақ Алаш ұлы сеніп отыр. 

Орнынан шығып, соны растар күнің! («Алаш азаматтарына»).

    От жүректі жалынды ақын Сұл анмахмұт Алаш арыстарының азаттық жолындағы ерен істерін арқау етіп «Алаш ұраны» өлеңін жазды.

«Алаш туы астында,                        Жасасын алаш, жасасын!   

Біз-алаштың баласы.                        Куә болсын арымыз.

Күніміз туып көгерді,                      Көркейтуге алашты,           

Сарыарқаның даласы.                     Құрбандық біздің жанымыз!

Құрт аурудай жайлаған                   Былай тұрсын малымыз,

Құртпаққа бізді ойлаған                  Алаш деген ел үшін

Қанымызға тоймаған,                      Сарыарқаның жері үшін,

Қолымызды байлаған,                     Бостандық берген ер үшін,

Ерімізді айдаған,                              Төгілсін біздің қанымыз!

Елімізді лайлаған,                             Аялмасын жанымыз!

Жерімізді шимайлаған,                    Алаш туы астында,

Өшті залым қарасы.                     Жасасын алаш, жасасын!» деп толғаған Сұлтанмахмұт елімізді көркейтуге, туған халқымызға жан-тәнімізбен адал қызмет етуге, ұлттық бірлікке үндеді.

            Жүсіпбек Аймауытұлы «Ғаскер өлеңі», «Ұран» өлеңдеріне ер түріктің ұрпағы өршіл рухты қазақтың елдік мақсаты жолындағы тар жол, тайғақ кешуінде бабалар аруағына сыйынып, Алаштың амандығын, ұлттың жасампаздығын арқау етті.

Алаштың аруағы                  Жасаған жар болып,

Жебесін, қолдасын!             Қазақтың еліне,

Ақсақал тілей көр,               Жасасын, сақтасын,

Сапарды оңдасын!               Алаштың ордасын!

      Сәбит Дөнентайұлы Алаштың азаттық туы асқақтаған тарихи күндері «Сарыарқа анамызға», «Адаспаспыз», «Алаштың алғашқы құрбанына» атты өршіл рухтағы ұлттық сезімге толы өлеңдерін жазды.

Ақын қасиетті де киелі Отан анамызға деген перзенттік сүйіспеншілігін, имани махаббатын жеткізеді.

«Жүрмісің сау-саламат, қайран анам!

Көрсетті құдай көзге қайдан анам!

Өзіңмен ұрпағыңды еткей еді,

Жасаған жылдан есен, айдан аман!

Жүз құлдық, мың шүкірлік жеткізді Алла,

Болам деп мұндай, сірә, ойда бар ма?

Аймалат көкірегіңді, қыс мойнымнан,

Арман жоқ шықса жаным бүгін таңда».

Отаршылдық тепкісінде жаншылып, тарихтың ауыр тезінен өткен арда елінің азаттық күніне жеткен сәттегі қуаныш күйін тебіреніспен жырлап, ұлттың мәңгілік жасампаздығына мемлекетшілдік сана биігінде келеді.

 «Кезінде бойың сыйлы, басың құтты,

Өстірдің тәрбиелеп талай ұлды.

Бақытсыз балаларың туғаннан соң,

Дұшпандар қастық қылды, үзді, жұлды..», – деп егілген ақын алмағайып кезеңде елдікке төнген қауіп-қатерден сақтандырып, қилы дәуірлерде ұлтқа тұтқа болған тарихи тұлғалардың тағылымды өмірін қандастарына үлгі-өнеге етеді. Елге айбын, дұшпанға айбар болған қыр перзенттерінің Алаш елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған рух ерлігін мақтаныш сезіммен айшықтайды.

«Хан болған Бөкей, Жәңгір, Абылайың,

Ер болған Кенесары, Наурызбайың.

Сықылды Төле, Едіге биің өтті,

Көп қозғап ескі дертті не қылайын.

Туғыздың нелер сұлтан, арыстанды,

Өткіздің талай бағылан, серке санды.

Басыңда сол бір дәурен тұрған шақта,

Кім саған көз алартты, беттей алды». 

Тарих тағылымын көркемдік танымда жаңғыртқан ақын кешегі бірлігі мығым, елдігі асқақ Алаштың бүгінгі мүшкіл халіне қайғырады. Жатқа тізгін берген елдің ауыр жағдайына күйінеді, атаға жетпей туған жетесіздің ардан безген тексіздігін шенейді.

«Таусылып о күндегі оңды балаң,

Арами, азғын туды соңғы балаң.

Өз-өзін мас батырдай байлап беріп,

Жат елге қоңсы болып қонды балаң». Ақын қасиетті де киелі Отан анамызға тағзым етіп, барша Алаш баласының ұлттық сана биігінде болуы үшін ана алдындағы перзенттік парызы мен қарызын жете ұғынуына, ақтық демі таусылғанша ата-бабалар аманатына адал болуына ой салады.

«Кез келдің мына күнге анамыз-қарт,

Басалқы айт, түзу жөнге балаңды тарт!

Шағыңда жасың жеткен күте алмаса,

Кінәң жоқ, обалыңды алашқа арт!».

Азаттықтың ақ жолын ұстанған өр халқын елдік заңғарындағы мақсат-мұратына еш адастырмай жеткізетін Алаш қайраткерлерінің қажыр-қайратқа толы кемел істеріне кәміл сеніммен қарап, «Адаспаспыз» өлеңімен қуаттайды. Барша қандастарын Алаш баласын еркіндіктің жарық жолына бастаған ақ жүрек ерлердің тарихи қызметін қолдауға шақырып, жұрт жұмысын жұмыла атқарудағы намыстарын қайрады.

«Біз бәйгеге ат қосамыз «Алаш» деп,

            Аянбай шап, «егей түс» пен «талас» деп.

            Барды аптап, тілеп тұрмыс құдайдан,

            Ия, жасаған, аруақ көтер, бақ аш деп!

            Кежімдедік талай  тарлан шұбарды,

            Сүзіп құйрық, тағып үкі, тұмарды.

            Әулекі жоқ қосып күлкі боларлық,

Ақыншылды «айт» дегенге құмарды.

Бар шолпаның «Алаш» қазақ ортаңда!

Бар шығарың қайнатқанда сорпаға.

Махамбет те кісі боп па дегендей,

Түк көрмейтін соқыр ма едің соншама»  («Адаспаспыз»).

            «Ұлттық идея – талай ұрпақтың еңбегімен, қуаныш, қайғысымен сараланған дүние. Бұл қайталанбас байлық өмірге ұлттық, өзіндік тарихи болмысымен келген, сол себептен де ол ұлттық дүниетанымның айнасы», – деп жазады ұлттанушы Амангелді Айталы. Осы ілкі қасиеттерді шығармашылығына сіңірген ақын «Бірін бастап, бірін тастап, ұлт ісімен ойнама» («Жүрекке»), «Қызмет көрсет халқыңа, Игі ат қалсын артыңа, Діндесіңді бауыр тұт, Қарамай қазақ, сартына Аз нәрсеге мас болып, – «Мен пәлен» деп шалқыма, Пайдалы басқа өнерден, Ұлт керегі дегеннен, Жан қиналып жолында, Бас кетсе де тартынба» («Замандастар») – деп бүгінгі тәуелсіздік талабымен астасып жатқан мәңгілік қағиданы ту етіп көтерді. Сондықтан Сәбит Дөнентайұлының қазақтың азаттығы үшін жанын қиған Алаштың арда азаматы Қази Нұрмұхамедұлы қазасына арнап, «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңін жазуы заңдылық болатын.

«Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №34 санында «Байымбет» бүркеншік есімімен берілген «Тұңғыш құрбан» атты мақала соңында Сәбит Дөнентайұлының «Алаштың алғашқы құрбанына» өлеңі жарияланды. Ақын қызыл әскер оғынан қапыда мерт болған Алаш атты милициясының сардары Қазы Нұрмұхамедұлының мезгілсіз қазасына егіліп, ұлт ұланының қаһармандық ерлігін тебіреніспен жырлайды. Азамат ердің баласы сыналар сәтте елі үшін жанын пида еткен есіл боздақты Алаштың қаһарманы деп бағалайды.

«Тірі жанға қылмыссыз,

Қисыны жоқ оққа ұштың.

Қара өмірден тұрмыссыз,

Періште боп көкке ұштың.

 

Қандай жанға қастық қып,

Кіммен баққа таластың!

Жат жігерін жастық қып,

Қаһарманың алаштың.

 

Ойлатып хал, шағыңды,

Таңба салдың жүрекке.

Бірақ сенің бағыңды,

Таппас ешкім тілеп те.

 

Әрі тұңғыш, әрі тақ,

Күнәсі жоқ меймандос!

Қонағыңды күт ап,

Ұлттың ұлы қош бол, қош!».

            «Алаш» партиясына,  Алашордаға арналған өлеңдер сол кездегі ұлттық поэзияда өрісті арна таба түсті. Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» (1918) өлең жинағы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Таныстыру» (1918) поэмасы, Алаш қайраткерлерінің 1918 жылдың мамырындағы Шәуешек сапарына арналған Әсет Найманбайұлының «Алаш» толғауы соның нақты айғағы.

«Жас азаматтың алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» ұстанымындағы «Жас Азамат» басылымының 1918 жылғы 16 желтоқсандағы саны «Екінші Жалпы қазақ съезінде алты Алаштың баласы түгел бас қосып, қазақ ұлтының келешектегі елдігіне негіз құрған тарихи 13-інші декабрь күн бүтін Алаш ұранды Қазақ өлкесіне құтты болсын!» деген құттықтаумен ашылып, Алаш автономиясының бір жылдығына арналды. Ұлт тарихындағы айрықша маңыз алған оқиға «Автономияға мал-жанды құрбан қыламыз!» деп қойған соң, күңіреніп құран оқығанда, ақжүрек адал ниетпен ақсақалдар, жастар тілек қылғанда, қуанғаннан моллалардың көңілі босап, еңіреген күні. Мінеки, сол ұлт қанын тасытқан, үміт құрағына ат шаптыртқан тарихи 13 декабрьге - тап бір жыл» деп бағаланды. Бұл ретте «М.Н.» бүркеншік есіммен жарияланған автордың «Он үшінші декабрь күніне арнаймын» өлеңінің құндылығы ерекше.

«Қазақ-қырғыз айбынын,

Барлығы мен байлығын,

Дос-дұшпанға көрсетіп,

Белгілеп елінің жер шетін,

Қолына жасыл ту алып,

Ақ Орда құрған күн бүгін!

Тілеген көптен тілектің,

Сезінген көптен жүректің,

Алтын идеал мақсатын,

Тұрмыстың айқын жолында

Іске асыру қамында

Қипаңдамай, тайсалмай

Жарыққа салған күн бүгін!»  («Он үшінші декабрь күніне арнаймын»).

Әсет ақын Қытайдағы қалың қандастарын Алаш ұраны астында ұйыстыруға арнайы келген ұлт зиялыларының тарихи ерең еңбегін «Меллатың көш бастарлық асылдары, Елі үшін бойға біткен тасыр қаны» деп тебірене жырлайды.

«Бірлікте емес, жүректе баянды күш Елдіктің тігем десең бекем туын» деген өлең жолдарымен Алаш идеясын қуаттайды. Жаһан биігіндегі заманауи озық іліммен қаруланған жойқын ел Жапон үлгісі исі қазақты азаттық жолында адастырмайтын темірқазық деп біледі. «Итан, жапон үлгісін үйрете алсаң, Торлаған түнек заман ашылғаны...Отыз жылда оқумен өрге басып, Жапония бала кеп туын тікті. Жиырмасыншы ғасырдың жігерлісі Сыртқа шығар іштегі буған жүкті».

Сұлтанмахмұт поэмасында Алаш қайраткерлерінің саяси тұлғалары мен рухани болмыс-бітімдері сомдалды. Ғұмар Қараштың «Тұрымтай» жинағындағы «Күн туды», «Тіршілік мұраты», «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?», «Көреміз бе?», «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?», «Есеп бер» өлеңдері Алаштың рухани және саяси көсемдері ұстанған тәуелсіз мемлекет құру идеясын жүйелі түрде жырлауымен маңызды.

            «Күн туды» өлеңінде «Екі талай іс болып, Елге қиын күн туды. Аспанда ай тұтылып, Жер - жиһанды қан жуды» деп, сол кезеңнің боямасыз ақиқат шындығын алға тартқанда заман ағымы елдік үшін тез екенін, әсіресе зарыға жеткен азаттықты сақтап қалу сыналар тарихи сәтте барша күшті ел болуғы жұмылдыру, Отанды қорғау сияқты ұлттық маңызы ерекше болып табылатын мәселелерді қоғамдық деңгейде көтереді.

«Қара қазан қамы үшін,                  Күн туды, алаш! Күн туды!

Алаш атты ел болып,                      Төңірекке көз салсаң,

Ер азамат жиналып,                        Адамдықты табарсың!

Қорғалақ мынау жер - суды.          Елдік етіп бас қосып,         

Сынылатын ерлігің,                        Байланған сөзді ұқпасаң,

Сықталатын серлігің,                      Шілдей тозып әр жерде,

Көрінетін елдігің,                            Құлшылдыққа қаларсың».

            Тарихтың өтпелі кезеңіндегі Алаш сыналар қатерлі өткелден өтуде ұлттың ұйысыуымен жүзеге асатын нақты іс қана мұратқа жеткізетінін ескертеді.

«Терезеңді тең етіп,

Теңгеріліп ер жетіп,

«Алаш» деп ұран шақырып,

Шапқан шөптей жапырып,

«Бауырымдап» бас қосып,

Малта жесіп, е десіп,

Дос - жарыңды күлдіріп,

Дұспанды іштен тындырып,

Іс қыла алсаң  қылатын,

Ел бола алсаң болатын

 Күн туды, алаш! күн туды» («Күн туды»). Сондықтан ақын «Тіршілік мұраты» өлеңінде отаншылдық қасиет қазақ баласының тығырықтан шығар жолда адастырмас темірқазығы екенін ту етіп көтерді, қандастарын сол рухта болуға қайрады. Отанды сүюден асқан қасиет болмайтынын және де ол ұлттық мұраттың басты өлшемі деген мәңгілік өлмейтін ұстанымды алға шығарды.

«Әуелі қолдан келсе еліңді сүй,

 Ел үшін еңбек еткен еріңді сүй.   

Қағбаға тауап ету керек болса,

Кір жуып, кіндік кескен жеріңді сүй!».

«Жасында ұлтың үшін етсең жұмыс, Пұлына еш нәрсе оның шағылмайды» деп білген ақын «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» өлеңдерінде ұлттық идеяның жаршысы бола отырып, «Тұрымтай» жинағында үзілмес желідей тартылған Алаш зиялыларының ұлы мақсатын терең ұғындырады.

«Қайғылы қара күндер өтер ме екен,

 Қолайсыз мінді мінез бітер ме екен?

Ит болып ырылдасып өткен күндер,

Жоқ болып ізі, жолы кетер ме екен?

Түсініп айтқан сөзге қазақ ұлы

Іждиһат ел болуға етер ме екен?

Оранған ақ жүрекке иманының,

Қадірін біліп таза күтер ме екен?

Табылып ойға алғаны бәрі болып

Еңіреп ер мұратқа жетер ме екен!» .

Ғұмар ұлт намысы, жұрт жұмысы қасиетті ұғымдар, сондықтан да оларға имандай ұйып, қағбадай тауап ету биік парыздың өтелуі деп ұғындырады.

«Ақ орда алаш көріп келер ме екен,

Жамырап келіп еніп кірер ме екен?

Сарғайып сағындырып қолға түскен

Асылдың қадір бұлын білер ме екен?

Ұғынып  бұлын  біліп  қадір тұтып,

Қағбадай тауап ете жүрер ме екен?

Ұлт намыс, жұрт-жұмысы деген істер

Имандай жүрегіне сіңер ме екен?

Ащы ауыз ашырқанып айтқан сөзді,

 Құрандай құлағына ілер ме екен?».

            Алаш туының асқақ, елдік қасиеттердің баянды болуы үшін әр азамат халқына еңбек етуде имандылық пен құрандай киелі ұғымдарды санасында тоқуы шарт деген талап қояды. Мұның бәрі Ғұмардың ұлтжанды тұлғасының, ақындық қуатының қашан да ұлт мұратымен сабақтасып отырғанын, өмірлік мақсаты болғанын дәлелдей түседі.

        «Көреміз бе?» өлеңі жалпы Алаш партиясының, Алаш автономиясының нысаналы өмірлік мұрат-мақсатын анық танытатын және де осы жолдағы ерен істерді Ғұмардың әрдайым қолдаушы тұлға, қозғаушы ақын  болғанын ұғындырады. Әрі қазақ мемлекеттігін қалпына келтіруді діттеген мұндай сарындағы өлең ХХ ғасыр басындағы ұлт поэзиясында сирек кездесетінін байқау қиын емес.

«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?» деп басталатын осы өлеңіне жатқа тізгін бермейтін еркін ел, азат мемлекет болу сияқты өзекті де өміршең мәселені арқау етеді. Өлеңнің басты ерекшелігі - азат ел болуға мейлінше қажетті шарттардың, тәуелсіз мемлекет құрудың өмірлік талаптарының өткір қойылуында.

«Алдын - артын мейлінше байқап алып,

Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,

Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,

Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Жас буынға жаңа таза білім беріп,

Надандықты  терең қазып жерге көміп,

Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?».

            Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі қашан да үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу-білімнің тереңдігі, береке-бірліктің жоғарылығы, ұлттық сана-сезімнің асқақтығы, саяси бағыт-бағдардың айқындығы, қоғамдық және діни имандылық  ұстанымдарының нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі де зәулім болмақ.

«Оқу жұрты даярланып жеткендігін,

Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,

Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

 

Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,

Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,

Дос-дұспаны кім екенін білгендігін,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

 

Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,

Орынсызға дәулет мүлкін шашпағанын,

Керек жерде бойды балап қашпағанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

 

Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,

Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,

Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?».

            Ұлттық бірлік, мемлекеттігімізді нығайту өткір қойылып отырған қазіргі тұста аталған өлеңде көтерілген саяси-идеологиялық мәселелер қашанда санаға тоқылар ұлағат деп білеміз.

            Тәуелсіздіктің басты сипаты - мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдарына қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.

«Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқұш - ұйқұш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,

Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!».

Қазақ рухын асқақтату, өзіндік ұлттық болмысын сақтау және әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуға шақырған Ғұмар Қараш арманы барша Алаш орда қайраткерлерінің ел алдында өтеу ісіне деген парыз бен қарыз ұғымына адалдығын танытады.

Алаш азаттығы, ел мен жер тұтастығы, саяси теңдігі мен рухани кемелділігі жырланған өлеңдер елдік қасиеттерге бұла күш дарытудағы жасампаздық қасиетімен құнды. Ол Алаш баласына азаттық пен еркіндіктің қаншалықты қиындықтармен келгенін ұғынуына әрі сол жолда ұлы тұлғаларымыздың жаны мен қанын бергенін ар биігінен сезінуіне ой салары хақ.


Е.Е.Тілешов,  С.Б.Жұмағұл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар