Туған елдің топырағынан қанша алыстағаныңмен көңілің алабұртып, кіндік қаның тамған мекеніңе қарай қайта-қайта аңсарыңның ауып тұратынының себебі неде осы? Қаңтардағы қара суығы сүйегімізден өтіп, шілдедегі қапырық ыстығы кенеземізді кептіріп жібере жаздаса да, төбесінен сан алуан саңлақтарды ұшырған сол киелі өлкеде барлығымызды да сағындырып тұратын, қанша тырыссақ та сыры ашылмайтын – бір ұлы құдірет бар. Бізге дейін де талай жазушылар сол құдіреттің құпиясын танымақ болып қалам тербеген. Бізге дейін де талай ақындардың сол құдіреттен басы айналып, домбырасының шанағын қағып, жыр толғаған.
Солай бола тұрса да әдебиетке келген әр талантты жазушының кіндігі кесілген қасиетті өлкенің жайлауын басқаша түрлендіріп, ылғи бір жаңалық ашып жататынына қайран қалмасқа амалың кем.
Жазушы Қуаныш Жиенбайдың да қолына қалам ұстаған уақыттан бері іңкәр сезімі мен бойындағы бар махаббатын төгіп, тебірене толғанып жазып келе жатқан ең үлкен тақырыбы – туған елдің топырағы. Қойнында терең сыр жасырынып жатқан Арал өңірінің кескін-келбеті мен сол жерде тіршілік етіп жүрген адамдардың тағдыры.
Алайда, Арал өңірінде өмір сүріп жатқан ауыл адамдарының тағдырынан сыр шертетін жазушының әңгіме-хикаяттары мен романдарын оқысаңыз, осы тақырыпты бұрын-соңды да сан мәрте қаузаған қабырғалы қаламгерлеріміздің жазғандарына мүлдем ұқсамайтын, басқа бір әлемнің есігін ашқандай көңіл күйге бөленесің. Жазушының кітаптарындағы суреттелетін ауылды көруге ынтығып, Арал жаққа тартып кеткің келеді. Сол аймақта тіршілік кешіп жатқан жазушының кейіпкерлерімен сырласуға ынтыға түсесің.
Дегенмен, қаламгердің шығармасына әлі де көңіл назарын салып үлгермеген оқырманның Жер шарының картасында бір кішкентай ғана нүкте болып мұнарланатын жазушы өскен өлкеде не құдірет, не сиқыр бар деуі де әбден мүмкін. Сөз өнерінің қадір-қасиетін білсеңіз, дәл осындай жаңсақ пікірдің шылауына шырмала көрмеңіз. Өйткені мына жалған дүниеге келген адамның жалғыз ғана жұмағы – кіндік қаны тамған қасиетті мекені. Сол киелі мекенді емірене сүйіп, топырағына тамырын терең жіберген жазушы ғана азаматтық парызын адал атқарып, суреткерліктің биігіне көтеріне алады. Топырағы жоқ қаламгер тілдің құнарын сезбегендіктен бақытсыздыққа ұшырап, сол ұлы шыңға шыға алмай, қанаты қырқылып, асқар таудың етегінде қалып қояды. Қайда жүрсе де жазушы шығармашылығының жанары кіндігі кесілген жұрттағы өмірден қас-қағым сәтке де ажырамауға тиіс. Сөзіміз дәлелсіз шықпас үшін әлем әдебиетінің тарихынан бір мысал келтіре кетейік.
1925 жылы, әлі ешкімге белгісіз қаламгер Уильям Фолькнер Жаңа Орлеанда жүрген атақты жазушы Шервут Андерсенмен танысады. Фолькнердің поэзиядан гөрі прозаға икемінің бар екенін байқаған ол жас жазушының жақсы білетін тақырыбы, Американың Оңтүстігіндегі бір кішкентай ауыл туралы жазуға ақыл-кеңес береді. Осылайша әдебиетте қаламгердің құйттай мекені, ойдан шығарылған Йокнапатофа елінің тұрғындары туралы әлем жұртшылығын таңғалдырған ғажайып туындылар дүниеге келе бастайды. Әлем мойындаған Фолькнерді сол жазушылықтың шырқау шыңына көтерген қандай құдірет еді дейсіз ғой, баяғы. Сол сұрақтың жауабы қарапайым ғана – туған елге деген махаббат. Қай елде жүрсе де Фолькнер шығармашылығының жанары үнемі туған жерінің топырағына тігулі болды.
Әрине, жазушы Қуаныш Жиенбай өз Йокнапатофасын ойдан шығарған жоқ. Және оған бір тақырыпты ғана індетіп, туған өлкесі туралы ғана жазуға ешкім ақыл-кеңес бермегенде болуы мүмкін. Біздің ойымызша жарық дүниеге келгенде бауырына басып, тұлымынан сүйіп, тұсауын кескен өлкенің тағдырын суреттей отырып, оқырманды толғандыратын үлкен тақырыпты әдебиет айдынына алып шығуға болатынын ол ішкі түйсікпен, жазушылық интуициямен сезген сыңайлы. Қаламгердің сонау 1984 жылғы тырнақ алды туындысы «Жалғыз желкен» кітабынан бері жарық көрген «Теңіздегі бір тамшы», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Жер сілкінісінен бір жұма бұрын», «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Қателесесің, қымбаттым», «Елде жоқ ережелер», «Жиделі тоғайдағы жеті күн», «Ән салуға әлі ерте», «Күн түспейтін терезе» атты әңгіме, повесть, романдардан тұратын прозалық жинақтарын оқыған болсаңыз, осы айтқан сөзіміздің растығына көзіңіз жете түскендей болады.
Жазушы Қ. Жиенбайды оқырманға танымал еткен шығармасы – «Құлан жанарындағы ғұмыр» повесі еді десек, ақиқаттың ауылынан тым алыстап кете қоймайтын шығармыз.
Бұл туындыда Арал аймағындағы оқиғалар суреттеледі. Бірақ жазушы осы өңірге ғана төне бастаған экологиялық апатты публицистикалық сипаттағы сарында айқайлатып жазбай, жасандылықтан бойын аулақ ұстайды. Түрлі ситуациялар мен нанымды суреттелетін шығарманың желісінен табиғат апатының адам баласына тартқызып жатқан тауқыметі мен тақсіретін көзіңмен көргендей әсер аласың. Шебер өрілген әр эпизод, повестің бас кейіпкері Әбдімомын мен оның отбасының, Арал тұрғындарының образын ашуға қызмет етіп тұр. Повесті оқып шыққан соң жазушы шығармашылығының жанарындағы өмірді көріп, қаламгердің жанайқайының себебін түсінгендей боласың. Дәл осы шығармадан жазушының басқа ешкімге ұқсамайтын стиль даралығы да менмұндалайды. Повестің басты кейіпкері Әбдімомынның толыққанды образы да шытырман оқиғалы шырғалаң мен шымыр тартысқа салынбай-ақ шынайы ашылған.
Әділіне жүгінсек, қазақ әдебиетінде Арал тақырыбын жазушы Қуаныш Жиенбайдан көп қаузаған қаламгер жоқ шығар, сірә. Міне, сондықтан Арал өлкесі жазушы Қуаныш Жиенбайдың қайта-қайта аңсары ауған Йокнапатофиясы болды десек те жарасады.
Шығармадан гөрі қаламгердің жанайқайына көбірек ұқсайтын туындыларды оқып шыққанымда Қуаныш Жиенбайдың жазушылық пешенесіне тағдыр Аралдың мұны мен зарын жырлауды жазған секілді болып көрінді маған. Дәл осындай азаматтық парызды атқарудың жазушыға қандай үлкен жауапкершілік пен міндет жүктейтінін пайымдап, ой елегінен өткізіп көрсек, айтар сөзіміздің салмағы одан бетер ауырлай түседі екен.
Дегенмен, қаламгер қаламына ілігіп, жілігін шаққан тақырыптан тек экология мәселесіне қатысты дүниені ғана іздейтін болсаңыз, оңбай қателесіп, шығарманы түсіну мен талдаудың кілтін таба алмай, адасушылыққа ұрынатыныңыз айдай ақиқат. Шынтуайтында автордың айтпақ ой мен философиялық толғамдарының тамыры тым тереңде, экологиядан да күрделі кеңістікте жатыр.
Айталық, осыдан біраз уақыт бұрын жазылған «Даңқ түрмесінің тұтқыны» романында табиғат экологиясымен қатар, оның арғы жағындағы рухани экологияның қалай күйзеліске ұшырап бара жатқанының реалистік картинасы бояуы қанық, айшығы анық етіп сипатталады.
Бұл шығармадағы Баймырза аса күрделі де қайшылықты тұлға. Өз басына жетерлік мәдениеті де бар азамат. Бірақ соған қарамастан сол Баймырзалар үшін де Ар тазалығы мен Ақиқат секілді биік ұғымдар кешегі күннің еншісінде қалған дүниеге айналып барады. Неліктен? Автор осы ұстара сауалды өзі ғана ойланып қоймай, оқырманын да терең толғамның теңізіне батырады.
Әсіресе, адам жанының қарама-қайшылығы мен күрделілігі жазушының шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Ән салуға әлі ерте» романында тереңірек қаузалып, әдебиетіміздегі бұрын-соңды болмаған жаңа өріске шығады. Тым артық мақтап кетті деп айта көрмеңіз. Бізге дейін дәл осы пікіріміздің шындығын, ағынан жарылып роман туралы салмақты пікір айтқан, әдебиетіміздегі талантты жазушымыз Әкім Тарази да мойындаған:
«...Осының бәрі бұрын қазақ әдебиетінде болмаған жаңа тыныс. Бұрын әдебиетке келмеген, жазылмаған тақырып. Қазақ жазушысы бүйтіп үңіліп жазбаған тақырып. Маған тағы бір ұнағаны, ауыл адамдарының ауызеке әңгімесі, интонациясы мен автор интонациясының жымдасып, қосылып, бірігіп кетуі еді. Біз кейіпкерлерімізге жоғарыдан менсінбей қараймыз ғой, ал қай кейіпкерді алмаңыз, Қуаныш солардың ішіне кіріп кетеді. Кейін ойладым, бұл бұрын кездеспеген тақырып қана емес, бұрын кездеспеген стиль де («Қазақ әдебиеті» газеті, 11 сәуір, 2008 жыл).
Әрине, жазушының романы туралы әңгіменің тиегін ағытып, талдай түсуге болар еді. Дегенмен кезінде романның «Қазақ әдебиеті» газетінде талқыланып, өз ойларын ортаға салған белгілі қаламгерлеріміздің оны жоғары бағалағанын оқырман қауым жақсы біледі. Біздің айтпақ ойымыз да айтулы қаламгерлеріміздің пікірімен үндесіп жатқандықтан, романның ерекшелігін тәптіштеп түсіндірмегенді жөн санадық. Міне, содан бері төрт жылдың ішінде ғана жазушы бір роман, бірнеше повесть пен әңгімелерін оқырманға ұсынып үлгеріпті. Көлемді туындысы «Жер үстінде де жұмақ бар» атты жаңа романы да үстіміздегі жылдан бастап, «Жұлдыз» журналында жарық көріп, кейін кітап болып шықты.
Жазушы Қуаныш Жиенбай өз оқырманы мен өнердегі орнын тапқан -- бақытты жазушы. Қаламгердің қаламынан туған шығармаларында, мейлі ол әңгіме, повесть немесе роман болсын, адамды толғандыратын үлкен идея мен сәулелі шындық жатады. Оның шығармаларында біздің сұлулық пен бақыт жайлы армандарымызға ой тастайтын өмір бар. Жазушы жанарындағы жұмбақ өмір…
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.