Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ақберен Елгезек поэзиясындағы теңеулердің сипаты...

26.10.2017 19931

Ақберен Елгезек поэзиясындағы теңеулердің сипаты

Ақберен Елгезек поэзиясындағы теңеулердің сипаты - adebiportal.kz

«Тамшылаған жаңбырмен,
Өлең жолын нөсер қылып селдетем...»

Қазақ поэзиясы әлеміне ерекше өрнек, бөлек ой алып келген ақынның бірі - Ақберен Елгезек. Ақбереннің поэзиясын жаңашылдығымен, өзіндік дүниетанымымен, стилімен өзгеше деп айтуға әбден болады. Ақынның өлеңдерін көп оқимын. Шыны керек, бірнеше қайтара оқып барып қана тереңіне бойлағандай боламын. Ақын шығармашылығын саралай келе, мен Ақберен өлеңдеріндегі теңеулердің қолданысы туралы айтқанды жөн көріп отырмын.

Теңеу, эпитет - затты, нәрсені, құбылысты немесе заттың, нәрсенің, құбылыстың белгісін, қасиетін, сапасын көрсететін көркемдік ұғым.

"Қазақ теңеулері" атты монографиясында ғалым Т.Қоңыров теңеуге мынадай анықтама береді: «Теңеу дегеніміз – ұқсас, ортақ белгілердің негізінде бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипатталушы нәрсенің бейнелілік, көркемдік, эмоционалды–экспрессивтік сапасын күшейтетін, сол нәрсені жаңа қырынан, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік тәсіл, әрі таным құралы». Демек поэзиядағы теңеулердің көркемдік жағынан алатын орны ерекше болмақ.

Теңеулердің бірсыпыра жаңа үлгілері және дәстүрлі түрлері Ақберен Елгезек өлеңдерінде құбылысты, сезімді бейнелеу ,жеткізу мақсатында кәдеге асқан. Сөзіміздің дәлелі ретінде ақынның мына бір жыр жолдарына кезек берейік.

«Түнгі эллегия» өлеңінде:

Күңгірт бөлме ішінде қауырсындай,

Нәзік күйге елітіп қалықтадық, - деген тамаша жолдар бар. Өлең кейіпкерлері қауырсындай қалықтайды. Бұл жолды келесі жолдағы «нәзік күйге елітіп» деген сөз дамыта түседі. Қауырсын - жеңіл. Мұны бәріміз білеміз. Ақын қолданысында сезім құшағындағы кейіпкерлердің сол сәттегі көңіл-күйлері дәл берілген. Сондай-ақ теңеулердің бұдан да басқа тамаша үлгілерін кездестіруге болады.

Сен жайлы сезімдер қураған,

Күздегі гүлдердей жұпарсыз.

(«Сен жайлы»)

Ал біздің арада мұхиттай дала бар,

Кемеге ұқсайды көк таулар кейде осы.

(«Вокзалдық мұң» )

Түйсігімде боздайды қобыздар – мың,

Абыздардың тарта алмас күйлеріндей...

( «Риторикалық сұрақтар»)

Тамшы қонған тастың өзі –

Талып қалған жарықтай!

(«Тамшы мен тас»)

Ақберен өлеңдеріндегі бұл сияқты теңеулер ойды бейнелеп беруде, зат пен құбылысты суреттеп беруде басты орынды иемденеді.

Сен қасымда болғанда жұмақтаймын,
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!

( «Сені ешкімге бермеймін сұрамасын »)

Нәзік гүлдей еліктірмес би кімді?
Қызық үшін қидым тәтті ұйқымды.

( «Түнгі қонақ »)

Күрсіністен арқамдағы қанаттарым сілкініп,

Арманым жоқ, ұшып кеттім періштедей бір күні.

(«Эйфория »)

Бұл өлең шумақтарынан келтірілген теңеулердің басым көпшілігі күрделі, әр қилы күрделі ойларды білдіріп, бейнелі суреттер жасау құралы ретінде қызмет атқарады. Бұларды Ақберен қолданысындағы үздік теңеулер ретінде тануымызға болады. «Абыздардың тарта алмас күйлеріндей», « ...ұшып кеттім періштедей бір күні», « Күздегі гүлдердей жұпарсыз» теңеулері өз алдына бір көркемдік танытып, белгілі бір стильдік мақсат үшін жұмсалып, дүниедегі заттар мен құбылыстарды көркемдік тұрғыдан танып білуде едәуір қызмет атқарады.

Ақын теңеулерді бейненің ғана емес, ой-сезім, көңіл-күйдің сипаты ретінде де өрнектейді.

О, сұмдық-ай, көрініс ауыр қандай!

Көзі ақшия тұншыққан дауылдардай

(«Тұман »)

Маған ұқсас, өзі асаулау шапқылайды бір құлын.
Осқырына жақындайды, соза түсіп тұмсығын,

(«Түс жору»)

Ақын өлеңдерінен ұшырасатын тың мағыналы, жаңаша өрнекті күрделі теңеулерге мысал ретінде мыналарды айта аламыз:

Жапырағындай еменнің, әріптеріндей Өлеңнің...
Ұлы Нұрдың сұп-сұлу
ұшқынымын!
Өренмін!
Жаратқан үшін маңызды
өрнектеп салу әр ізді.
Гүл-­Ғалам Ұлы Тәңірдің
портреті тәрізді...

Теңіздей халық іші,
Кекілімді сипайды жарық ұшы...

Бұтақтарда сырғадай тербетілген,

Жапырақтар бір күні сирей ме деп?

Бұл күндер өтпей ме деп,

Бұлттай көшіп жыраққа кетпей ме деп...

«Поэзияда теңеудің үлкен суреткерлік шеберлікті танытатын, ақынның ойлау, сөйлеу мәнеріне, стиліне сәйкес туатын келісті үлгілері аз кездеспейтінін» (З.Ахметов)[1] ескерсек, оның Ақберен өлеңдеріндегі түрлері де толымды, бай, шоғырлы көрінеді.

Оған бір өлеңінің өн бойындағы теңеулерден құрылған мына шумақтары дәлел бола алады:

Бейдауаның ісеріндей мына аяз,
Тұтқын жанның кісеніндей мына аяз,
Соңғы ақша шытырындай мына аяз,
Қатқан нанның қытырындай мына аяз,
Өлер жанның күпіріндей мына аяз,
Сұлу қыздың бүкіріндей мына аяз,
Өшкен оттың түтініндей мына аяз,
Соңғы өлеңнің үтіріндей мына аяз,
Өлген айдың келбетіндей мына аяз,
Қатып қалған жер бетіндей мына аяз,
Ақ өлімнің құшағындай мына аяз,
Қарақшының пышағындай мына аяз,
Жауларыңның жеңісіндей мына аяз,
Жын-сайтанның терісіндей мына аяз,
Өлі арудың анарындай мына аяз,
Айдаһардың жанарындай мына аяз,
Жарлықтардың нүктесіндей мына аяз,
Жақыныңның өкпесіндей мына аяз,
Нашақордың инесіндей мына аяз,
Қолбасшының түймесіндей мына аяз,
Патшалардың күймейсіндей мына аяз,
Тергеушінің бөлмесіндей мына аяз,
Қанышердің тәубесіндей мына аяз,
Сөнген жұлдыз сәулесіндей мына аяз,
Сүйіктіңнің қарғысындай мына аяз,
«Тоғыз грамм қорғасындай» мына аяз,..

«Аяз» деп аталатын бұл өлеңі теңеулерден тұрады. Ендеше бұл да Ақбереннің ерекшелігі емес пе!

Ұлттық колорит ұлт өмірінен алынған теңеулер жүйесі арқылы жақсы берілетіндігі туралы әдебиет теориясының білікті мамандарының бірі Н.А.Гуляевтің пікірі бар. Бұның өзі теңеудің қай халықтың әдебиеті болмасын, бірдей қызмет атқаратынына көз жеткізумен қатар, әрбір ұлттық әдебиеттің өзіне ғана тән ерекшелігін жоққа шығармайтын дәстүрлі тәсіл екендігін де көрсетеді. Теңеу категориясы - бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі. Бейнелеу сөздердің барлығы да өз бастауын осы теңеуден алады. Сондықтан болса керек, белгілі бір ұлттық әдебиеттің бейнелеу, көркемдеу жүйесі оның ойлауының ұлттық ерекшелігі бүкіл бедерімен, күллі болмысымен теңеу категориясынан анық, айқын көрініп тұрады. Бұл құбылыс Ақберен поэзиясында жақсы көрініс тапқан.

Ақберен көркемдеудің ең бір көп тараған түрі – теңеуді көріктеу құралы ретінде молынан қолданған. Ақын бұл тәсілді өмір шындығына сәйкес келетіндей етіп қолданудың үлгісін көрсетті. Өмірдегі не нәрсе болмасын, мейлі ол адам болсын, мейлі ол құбылыс не зат болсын тек салыстыру, теңеу арқылы айқындалады, анықталады, ол үшін суреткердің поэтикалық шеберлігі, тапқырлығы, ой ұшқырлығы, дәлдігі ауадай қажет. Ақын поэзиясында осы тәсілдердің бәрін ұлғайған түрін де қиыннан қиыстырып қолданған. Ендеше ақын поэзиясының тілі тереңірек зерттеуді қажет етеді.

Сөз соңында, Ақберен – қазақ поэзиясының ақбоз тұлпарын мінген ақын. Пырағыңның шабысы үдей түссін, қалқам! Тіл –көзден аман бол! – деген тілегімді айтамын.

Айгүл Омарова,

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Маңғыстау облысы

Түпқараған ауданы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар